41 таяу бұл ауылдың жерін өткен ғасырдың
аяқ шенінде «Дубровная» аталатын қазақ-орыс станицасы тартып алып,
тұрғындарын беталды құла дүзге қуып жіберген. Жақын жерде бос қоныс
жоқ.
Енді қайда барады олар?
Бұл Абылай ханмен тұтас, онымен бірге талай жорықта болып, «батыр»
атағын алған Нашанның тірі кезі екен. Россияға қарсы ол, «орыс
қалаларынан іргемді аулақ салам» деп, Есілді өрлей қоныс іздегенде, «жан-
жағы төрт түлік малдың жайылымына да, жусауына да қолайлы екен» деп
қалың қарағайлы дөңестің ығына құрық шанышқан екен де, сол араға
қыстау салған екен.
Бұл қалың Уақ пен Атығай, Қарауыл руларының қамауындағы жер.
Олардың Нашанды араларына қоныстатқысы келмей, сан рет малдарын
қуып, ұрыс-жанжал жасайды. Батыр ауыл бұл қысымға болмай, сойылға
сойылмен, қамшыға қамшымен жауап беріп, ірге тепкен жерінде тырп
етпей отырып алады.
Ұзаққа созылған дау, Нашаннан баласы Тегіске жетіп ақыры екі жағы да
орыс заңына жүгінеді. Сонда, Тегіс орныққан тұсын «ата жерім» деп
даулайды, сондағы дəлелі, нақ сол тұстағы бір дөңесте Керей Тоқсан бидің
қабірі дейтін биік оба бар екен.
Даудың шешімі Көкшетау дуанының аға сұлтаны Шыңғысқа түсіп,
«атам ардақтаған Нашан батырдың əулеті еді» деп, Тегіске көңіл еткен
өлкесінің бəрін заңмен бекітіп берген.
Бірақ, онымен де ұрыс-жанжал бітпей, аз руды көп ру жерін өртеп,
малын ұрлап... дегендей мазалай берген. Содан ерғашты болған Нашан
ауылы, кей жазда жайлауға да шықпай, жер-суын қорғап отырып қалатын
болған.
Биыл да сөйткен еді бұл ауыл: жақын тұстағы бір биікке қонған еді де,
маса-сонасы, шыбын-шіркейі көп жерде малдарын багымен ұстайтын еді.
«Мал» дейтін мал да аз.
Тегістің, үш баласы: Бабақ, Қозыбай, Жантеліде не бəрі жүзден аз-ақ
асатын жылқы бар, оның да тең жарасы үлкен шаңырақтағы Жантеліде.
Қойлары сойыстыққа жетерлік қана. Жүктік түйелері жырақтағы сортаңға
айдалған...
Шоқанның беттеп келе жатуын алдын ала, күн бұрын жеткізетін «ұзын
құлақ» бұл хабарды Нашан аулына да əкелді. Тегіс бұл кезде үйінде отырып
қалған қарт еді. Шоқанның келе жатуын ол да естігеннен балаларын,
ағайындарын жинап алды да, неге келе жатқаның қайда барарын
білмегенмен, «арғысы – Абылайдан, бергісі – Шыңғыстан жақсылық көріп
едік» деп, «солардың бір балапанын» əлдері жеткенше күтіп жіберуді
тапсырды.
Бұл Қозыбайдың отауы жуықта ғана түскен кезі еді. Киізі ақ, сүйегі
жаңа, іші жасаулы отау. Енші алған оның Шоқанға айта қалғандай қонағасы
берер жайы жоқ. «Қонағасы» дегені, бұндай əрі хан тұқымының, əрі ақ
патша əкімінің сыбағасы тоқты-торым емес, құлын, тай жəне «анау-
мынаулары» емес, құрлары, семіздері. Ондайлар Бабақ пен Жантеліден
ғана табылады. Бабақтың алақаны ашық болғанмен, қолында бары аз жəне
байланып жүргендіктен, еттері қоң-тораз. Жантеліде құр жүрген құлын,
тайлар бар, семіздері де жоқ емес, бірақ, ол қолындағысын қысып ұстайтын
қара қазан.
Шоқанға Қозабайдың отауы босатылып, Қарағайлының соны, сəнді
тұсына тігілетін болды. Жантелі тай құлындарын қимай жалтақтағанмен,
əке тегеуіріні оны да икемдеді. Атақты Дайрабай қобызшы, Тегістің туған
апасынан туған жиені еді. Осы ауылда біраз күн нағашылап жатқан оны,
Шоқанды əн-күйге құмар деп естіген Тегіс, «соған қызмет көрсет, содан
кейін аттанарсың» деп босатпады. Дайрабайдың өзі де Шоқанды көруге
құмар. Ана жылы Атбасарда əдейілеп барып, орнын сипап қалған.
Енді «қазақтың əн-күйін патша да ұнатыпты, оған жеткізген Шоқан
дейді» деген «ұзынқұлақты» естігеннен кейін, Дайрабай Шоқанды іздеп
Омбыға бармақ еді. Оның жинала бастауын естіген біреу:
– Біраздан кейін Бурабайдың бауырында, ақ патшаның таққа отыруына
арналған ұлан-асыр той болады дейді, соны Шоқан басқарады дейді. Сен
оған Омбыға барып емес, ұлы думанда көрін, алты дуанның игі жақсысы
бас қосады дейді сонда. Олар да көрсін, атағын, сонда мұқым қазаққа тегіс
жайылады, – деген.
Дайрабай сол сөзде тоқыраған.
Енді, міне көктен тілегені жерден беріліп, ол жатқан ауылға Шоқан келе
жатыр.
Бірақ, оның күдігі: Қожық үйінің апатқа ұшырауына себеп болған хан
тұқымы, Нарғызға шығарған күйлерін ұнатар ма екен? Ол күйлерді атамай-
ақ, ойнамай-ақ қойса қайтеді? Өзге керемет күйлер де жетіп жатыр...
Дайрабай несі болса да Шоқан келе көретін болды.
Нашан ауылы асыға күткен Шоқан келіп те қалды. Ауыл оны əзірленген
қалпында қарсы алды.
Бұл ауылдан Дайрабайдың кездесуі Шоқанға зор қуаныш болды. Оның
ендігі ынтасы,– кезін келтіріп, күші осынша жыраққа жетектеп əкелген
күйді есіту... Бірақ, қалай ойнату керек соны?
Шоқанның тапқан тəсілі: күні бұрын Жайнақтың аузынан есіне
салдырып қою.
Оңаша кездескен бір сəтте Жайнақ:
– Сөйтерсің, Дайреке! – деп еді:
– Жарайды, шырағым, – деді Дайрабай.
Күй тартардан бұрын Шоқан Дайрабайдың түр-тұлғасын, кескін-кейпін
біраз барлап алды. Ол өңкиген үлкен денелі, қалың бетті, қара сұр енді,
қаба сақалды кісі екен.
Кімнен естіп, қалай тез жиналғанын кім білсін, «жас төрені» көргісі
келгендер Нашан ауылына қаптап кетті. Олар əуелі ауылға тоқырап,
Шоқанға ауылдан аулағырақ тігілген үйге ұлықсатпен, бір ғана ізбен жаяу
шұбырып барды. Ұлықсат беруші, отау иесі – Қозыбай. Жас жағынан
Шоқанмен тұрғылас ол, оңаша күтпек болған төреге алғаш көп кісіні
жолатқысы келмей, көңілі қалағандарын ғана келтірмек болған еді, ауылға
келушілерге сол ойын естіртіп:
– Төре жолдан қажып келе жатыр екен, бірер күн тынықсын, содан
кейін, кезекпен барып есендесерсіңдер, – дегенмен, қарағай ішімен
ұрланып барғандар, оңаша тігілген отаудың айналасындағы сайға бұғып
жатып алды.
Ол күнгі түн айлы, жұлдызды əдемі еді.
«Кісі аз келеді» дегенмен, батып кіруге жарайтындардың өздері отауға
сыймайтын болған соң, соны көрген, күндіз біраз қалғып, тамақтанып
жайланған Шоқанның өзі мəжілісті тысқа құруды ұсынды. Отау сыртында
оған лайықты орын барын күндіз көрген: арғы дөңеске қалыңдай біткен
қарағай жынысының бергі етегі театрдың бель-этажы сияқты дөңгелене
жарқабақтанып, одан төменгі тұсы кең жазыққа айналып кетеді. Кеші
желкемдеу болатын ол арада жарқабақ асты ықтасын.
Мəжіліске Шоқанның сол тұсты таңдауын мақұлдаған Қозыбайдың
жалғыз ғана қаупі, əннің немесе күйдің жел қаққан даусын кең дала көріп
əкетіп естіртпей қоя ма дегендік еді. Сол жайды Дайрабайға ақылдасқанда:
– Əніңді білмеймін, – деген ол, – қобыздың даусы жер өмірге жетеді.
Жел қағу оның үнін үдете түседі...
Біреулер қобызды Шоқанға оңашада ойнап көрсетуін өтінгенмен,
Дайрабай:
– Күй көптің мүлкі. Жұрт жиналсын, түгел естісін, – деген. Олай дейтіні:
«Қобызшы» атанғаннан бері, қалаулы бір жерлерде болмаса, кім көрінгенге
ойнай бермейтін. Бүгін оның қалаулы күні болып отыр. Шоқанның Атбасар
жəрмеңкесінде маңайына əнші-күйшіні көп үйіргенін естімеген ел жоқ. Ол
сонша қадірлейтін күйдің үнін патша сарайына жеткізіп, ақ патшадан
мақтау алғызғанын да дүйім жұрт, олардың ішінде Дайрабай да естіген еді.
Ендеше, күйді Шоқанға ойнап тыңдатпағанда кімге тыңдатады! Қазақ,
күйлерінде білмейтінім жоқ деп санайтын Дайрабай, кез келген күйді
күңіренте бермейді. Ел тарихын күйдің қалай көрсетуін білдіргісі
келгендей, əуелі «арғы заманнан қалды» дейтін, жан-жағын жау қамаған,
қайда қашарын білмей сасқан көшпелі елдің зарын баяндайтын «Қорқыт
күйін», одан кейін монғол Шыңғыс ханның шапқыншылығына ұшыраған
кездің күйігін сарнайтын – «Ақсақ құлан, Жошы ханды», одан кейін,
«Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» ауыртпалығын басынан кешірген
қазақтар Абылайдың ала туының астына жиналып, тағы да көрші елдермен
теңдесіп дəурен сүргенін сипаттайтын «Абылайдың ала байрығын», тағы
сондай тарихтық мəні зор музыкалық поэмаларды, оқиғаларын ауызша
баяндай отырып, біріне бірін жалғастыра орындап беретін. Өзге күйлерді
əркімдердің қалауынша тартатын.
Бүгін де сөйтті Дайрабай. Ол күй тартарда, жеміне шабардағы
жолбарыстай бүкшие жүресінен отырып алады да, қобызды саусақтарымен
ғана емес, бар денесімен ойнағандай, қимылдамайтын мүшесі қалмайды
екен.; Ал, саусақтары...
Сол қолының салалы жуан саусақтары, толқынды көлдің бетінде
қалықтаған қаршығаның қанаттарындай елбелеңдеп, шекке жанасу-
жанаспауы көзге байқалмай, қандай пернелерді басуын құлақ қана аңғара
алады екен; шектерді бойлай, дірілдей қимылдаған салалы саусақтардың
үсігі бас перне жақта жүргенде, шынашағы алқым жағына жетіп, ұзын
кежегенің тұла бойын түгел қамти, жорғалайды.
Қылдан құралатын қобыз шегінің үні өзге шектердің бəрінен де бөлек
сияқты. Өзге шектер бір-ақ үн шығарса қобыз шегінде басын құрған
жүзден астам қыздың əрқайсысы өз үнін шығарып, барлық үн тұтасқанда,
көп аспаптың дауысынан естілетін оркестрдің үніне ұқсап кетеді...
Солай ойналған күйлерге Шоқан жан-тəнімен елтіп отырған шақта,
əлдекімнің:
– «Қапыда өткен қарындасты!» деген үн саңқ ете қалды. Кенет дауыстан
Шоқан селк ете түсті. Оны «шошындыра түсейін» дегендей тағы біреу:
– «Суға кетті-ау еркетайды!» деп қалды. Былайғы жұрт: – «Екеуін де!» –
деп шуласып кетті.
Сондай ұсынысты күтіп отырған Дайрабай, қомданыңқырап отырып
алды да:
– Ал, жақсы! – деп «Қапыда өткен қарындасты» бастай жөнелді.
Бұл, біздің заманның тілімен айтқанда, эпикалық жобада шығарылған
күй еді.
Негізгі Қожық үйінің, əсіресе Нарғыздың қайғысына арналғанмен, бұл
күйдің мазмұны, қазақ елінің сол тұста басына түскен ауыртпалықты
баяндайды. Күйдің басы алыстағы жайлауға бейғам көшіп бара жатқан
елдің баяу жүрісін елестеткендей, жұмсақ, жəйлі басталады, содан кейін,
жайбарақат жөнде жау тигендей, күйдің даусы азан-қазан, у-шу болады да
кетеді, сол шудың ішінен жекпе-жек те, жапа-тармағай да арпалысқан
қимылдардың қарқыны естілгендей болады, сол кезде ерекше қайрат
көрсеткен бір батыр қыздың үні естіліп, біраздан кейін, қалың жаудың
қамауында қалады да, найзаға ұшады...
«Қапыда өткен қарындас» күйін осы жəйді айтып ап орындаған
Дайрабай «соның жалғасы» деп, «Суға кетті-ау еркетай!» күйін тартарда,
«ол былай болған екен» деп, əуелі оқиғасын айтып береді:
– Жұмық (онысы Қожық) дейтін батырдың қартайған шағы екен дейді.
Оның əлекедей жаланған тоғыз ұлы бар екен дейді, бəрі де найзагер батыр
екен. Солардың Нарбота (онысы – Нарғыз) дейтін өзі ерке, өзі жау жүрек
қарындасы болыпты. Ол да еркекше киініп, шашын желкесіне түйіп жауға
шабады екен дейді...
Шоқан елеңдей, Дайрабай кеңесін жалғастыра түсті:
– Сонымен, көш жөнінде кездескен жауға Нарбота қарт əкесіне жəне
ағаларына еріп бірге шабады да, əкесі де, ағалары да арпалыста қаза
тапқаннан кейін, қалың жаумен жападан жалғыз алысады. Сол қимылы
былай екен, – деп Дайрабай күйін тарта жөнеледі.
Бұл бастапқы күйдей сабырлы үнмен өркендемей, сабырсыз үнмен,
жылан арбаған бозторғайдай шырылдап кетеді екен. Солайша тартылған
күй, мөлшерден артық ширатылып шырт үзілген қыл арқандай кілт тоқтай
қалады екен де, ең ақырғы үні тас құлаған судай шалп ете түседі екен...
– Міне, сонымен, – деді Дайрабай, күй ойнауын доғарып, қобызды
қасына сүйей сап, – жау қоршаған Нарбота, қашқалақтай арпалысып, бір
өзеннің биік жарқабағына тіреледі де, құтылар орын жоқтығына көзі
жеткен соң ат-матымен суға қарғиды да батып жүре береді...
Бұл оқиғаны күйден ғана естімей, көздері көрген жұрт кеуделерін жара
күрсінісіп алды. Шоқан ше?
Бастапқы күй бастала ұнжырғасы түсуге айналған ол, екі күйдің де кімге
арналғанын жан жүйесімен ұғып отырды. Тұла бойы шымырлап, өз-өзінен
қалай көзіне жас алғанын ол сезбеді.
Қасына тақала отырған Жайнақ:
– Қанаш, не болды саған?! – деп қалды ол.
Шоқан жауап орнына бетін басты.
Маңайдағылар, сонда ғана сезіп, неге жылауын жобалаған біреулер, «ə,
бəлем, сол керек саған!» деп табалады. Енді біреулер, «жұқа жанды» деген
сөз рас екен; «хан тұқымынан да бұндай көңілшек кісі шығады екен-ау!»
ден сүйсінді де, таңданды да.
Осы топтың қара-көлеңке бір шетінде Есқара да отыр еді. Біраз уақытқа
дейін Нарғызды нағашысына кетті деп ойлайтын ол, соңғы кездерде суға
кетті деген аңызға тоқырап, соған кінəлі деп санайтын Шоқаннан кек алу
ниетінде еді.
Дайрабайдың күйлеріне Шоқанның жүйесі босауын оның да қырағы көзі
шала қалды. Ол да бұл қылығына таң қалып, жұрт аузында жүрген бір сезді
«рас болар ма» деген ойға кетті. Оның естуінше, жұрт Шоқанды Нарғызға
құмарттырып та, қосып та қойған. Соған нанбайын десе, жылқыда бірге
болған күндерінде, Нарғыз бір түні ұйықтап жатып, түсіндегі сандырағы
Шоқанды жақсы көретінін білдіріп алған... Енді, міне соны растағандай,
Шоқанның Нарғызға шығарылған күйлерге елтуін қарашы!..
Ойы «рас екен-ауға» тоқыраған Есқара, Шоқанды өлтіру ниетінен табан
аузында қайтты да, көзіне жас алған қалпымен топтан сырғи жөнелді.
Бірақ, бетімен кете бармады ол. Кеше Шоқан осы ауылға келе, Қарағай
бауырындағы «Айдаһар» аталатын түпсіз терең дейтін қара суға шомылған,
оны Есқара жағадағы қалың талдың арасынан көріп тұрған, жетіп баруға
қасындағылардан батпаған. Ол судың «Айдаһар» аталуы, түрі де айдаһарға
ұқсас, талай адамды да жұтқан. «Шоқан бүгін де шомылмас па екен?» деп
ойлаған Есқара, топтан ажырай, тал арасына тағы да тығылды. Ондағы ойы
жамандық емес, жақсылық.
Есқара болжағандай, Шоқан Нашан аулынан аттанар алдында Айдаһарға
шомылмақ болып тағы келді, бұл жолы нөкермен емес, жалғыз.
Ол шешініп болып, жардан тік басталатын тереңге құлауға ыңғайлана
бергенде, əлде не сыбдыр естіле қалғанға жалт қараса, тал арасынан
түрінен де, киімінен де адам шошырлық бір еркек шығып келеді. Шошына
қалған Шоқан суға секіруге ыңғайланғанда.
– Қорықпа, төрем! – деді еркек. – Қашпа! Суға түскеніңмен
құтқармаймын. Мен осы көлдің балығындай жүзетін адаммын.
– Сен кім едің? – деді еркектің сөзін шын көрген Шоқан.
– Қожық дегенді естуің бар ма?
– Иə? – деді Шоқан үрейлене түсіп.
– Мен соның баласымын.
Шоқанның бойы дірілдеп кетті.
– Қорықпа! – деді онысын абайлаған Есқара, қойнынан қынаптағы
көздігін суырып – міне, сенің ажалың! Қорықпа, бірақ. Мен сені
өлтірмеймін, өлтіргім келсе, құтқармаймын.
Шоқанның қорыққанынан тілі күрмеліп қалды.
Нарғызды ұмытқан жоқсың ба?
– Жо-жоқ...
– Ол менің қарындасым. Соған шығарылған күй тартылғанда, сен көзіңе
жас алдың ғой. Оны қамаудан құтқарған сенсің. Сені жақсы көретін ол. Сол
үшін ғана жаныңды қалдырам сенің. Əйтпесе, Сібірде жетпеген қолымды
құдай бұл арада жеткізіп тұр.
– Сібір?.. Қайдағы Сібір?
– Сондағы бір қалада қонып жатып ұйықтай алмағаның есіңде ме?
– Иə, иə...
– Мен едім, сонда ұйықтатпаған...
– Апырау, не дейді?!..
– Рас!..
– Ал енді, өлімнен құтылдың, – деді де, – мынаны сыйладым саған,
осыны көргенде Нарғызды есіңе түсірерсің! – деп кездікті жерге шанша
ұрып қалды. Өзі жылаған бейнемен теріс қарап жүре берді.
Мына қылыққа қатты əсерленген Шоқан:
– Ендігі қамқоршың мен болайын, қысылсаң, маған кел! – деді.
Есқараның жауабы:
– Оны көрерміз.
МАХАББАТ МАГНИТІ
Дайрабайдың Нарғызға арнаған күйлерінен халық пен Шоқан жасаған
қорытындылардың қабысатын да, қиғаштасатын да пікірлері болды.
Қабысатыны, бұл күйлер бір адамның, я бір семьяның, қайғы-қасіретін
ғана баяндамайды, күштілердің өктемдігі, көзін ашырмайтын момын
көпшіліктің ғасырлар бойына созылған мұң-зарын да баяндайды.
Сондықтан да, күйлер ойналған шақта, Шоқанның ғана жүрегі елжіреп,
ол ғана көзіне жас алған жоқ, күй көкейіне қонғандардың көздері
шыланбағаны кемде-кем еді.
Қиғашы, ақар-шақар ауыл болып отырған Қожық тұқымының ұлпа-
отанымен құрып кетуіне нақтылы себепкер Шыңғыс екенің оған
Шоқанның қолғабыс тигізгенін білетін жұрт, күйге елтіген Шоқан
жылағанша оған өшігіп, кегін қалай алуды білмей ызалануда еді. Ал, көзіне
жас алуын көргеннен кейін, оны жұқа жанды адамға санап, іштей
мүсіркеді. «Шоқан Нарғызға қызығыпты дейді» деген қауесетті құлақтары
шалған жұрт, оның күйге əсерленуін көргеннен кейін:
«Сонысы рас болмағай да?!» деп өзара күңкілдесіп қалды. Бірақ, «оның
несіне күйзеледі?!» деген сұрауға, бұл жиыннан жауап қайыра алған жан
табылмады. Олардың ішінде ғашықтыққа, əсіресе қатынды үйірлеп алатын
хан тұқымының ғашықтығына сенетін кісі жоққа жақынды; көпшілігінің
ұғымында қазақтың «бала – белде, қатын – жолда» деген мақалы. Бірен-
сараны ертегіден естіген ғашықтарды күңкілдей бастаса, өзгелері «тəйт əрі,
ертегіні шындыққа санамай!» деп ақырып тастайды.
– Ендеше неге келді осы араға, – деген сұрауға тағы да ешкім жауап бере
алмайды.
Көпшіліктің көңілі екі ойға сарқылады: бірі – «өзі салған өрттің күйігін
жаба жүрмесін!» Екіншісі – «Қожықтың шаңырағын құлатқан қылмыстың
себебін аша жүрмесін!»
«Ол не үшін?» дегенге тағы да жауап табылмайды.
Біреулер «Қожық үйіне жаны ашитын кім барын бақылауға жүрмесін»
деп те сескенеді.
Жұрттың ойы осылайша əлденеше саққа жүгіреді де, тиянақ таба
алмайды...
Жұрт Шоқан туралы осылай ойласа, Шоқанның жұрт туралы ойы
басқаша.
Ең алдымен, күй тыңдаған жұрт тан, сарғая тарағанда, толқыған ойын
баса алмаған Шоқан, ол сабасына түскенше қонақтаған үйіне барып
жатпай, реті келсе атпен, əйтпесе жаяу серуендеп біраз жүріп қайтуды ниет
етті.
Үй иесі Қозыбай елгезек адам еді. «Қажет болып қалса» деген оймен,
бірер тəуір атты кеше кешке жайылымға беттеген жылқыдан алып қап,
кейін тұсап, кейін арқандап дегендей, ұстап отырған. Оларға қосымша,
Шоқан құсқа шыға қалса, ере жүргісі келетін бірнеше жігіт бар. «Кəне» дей
қалғанда, бəріне де бапты ер-тоқымдары даяр. Қозыбайдың жəне бір
дағдысы, жаз – қаршыға, қыс – бүркіт... дегендей босағасынан бір қыраны
арылмайтын еді. Биылғы жазда, оның үйінде, тұғырда отырған «Тақыс
тарғыл» атанған қаршығасы барын, алғыр құсқа көзі жасынан қаныққан
Шоқан, кеше осы үйге бас сұққаннан-ақ байқап қалған; «қандай өнері
бар?» деп сұрастыруына қарағанда, Қозыбайға осы құсты салғызғысы
келетін ықласы барын аңғартқан. Құсы бабындағы Қозыбай, қонағының
зауқы соғар сəтін күткен.
Шоқан құсқа шығу ниетін білдіргенде:
– Бəрі де даяр, – деген Қозыбайдың аттары ілезде ерттеліп қалған.
Ергісі келетіндер бірталай екен. Шоқан, тек Қозыбайдың еруін ғана
тіледі. Жайнақ болса-болмаса да оның қасынан қалмайтын көлеңке.
Құс салу ісіне Шоқан мейлінше қызба адам еді. Бүркіт түлкіге, қаршыға
мен лашын қаз бен үйрекке түсерде ол есінен айрыла шауып, даурығып
болатын.
Бұл жолы өйтпеді ол. Жақын жердегі баттауықты жағалаған, онда осы
мезгілде отқа шыққан үйрек қаптап отыруын білетін Қозыбай, бір тұста
атын тебіне шоқыта беріп, дабылын дүрсілдете қағып қалғанда, шошынған
үйректер дабырлай ұшып көтеріле берді. Томағасын сыпырған Тақыс
тарғылды сілтеп қалғанда, зымырай ұшқан үйректерді қуа жөнелді ол.
– Қанды басың бері тарт! – деп шапқылай жөнелді Қозыбай қаршыға
соңынан.
Əдейі ме, əлде аяушылығы ма, құстың құстарды қууына қызына
қоймаған Шоқан:
– Əрі тарт! – деп қалды да, желіге қоймады.
Оның ықпалына қарайтын Жайнақтың, Қозыбайды қуа жөнелгісі
келгенмен, елірген атының басын тежеуіне қарап, ол да бөгеле берді.
Тақыс тарлан ұшқыр екен. Үйректердің соңынан сүйреңдей ұмтылған
ол, əп-сəтте біреуіне жетті, оны арқасынан бүрген қалпымен төңкеріле
төмендей берді.
– Ілді! – деді Жайнақ бар даусымен, – Ал, шабайық!
– Сен шаба бер! – деді Шоқан оған.
– Сен ше?
– Мен аяңдап та жетем.
Шоқанның бұндай жағдайда бұрынғы қызба мінезін білетін Жайнақ,
мына қылығына таң қала тұра, желіккен көңілдің желпуімен, үйректі іліп
жерге түскен қаршығасының қасына тоқырай қалған Қозыбайға қарай шаба
жөнелді.
Жайнақ жетсе, қомағай қаршыға, сұлық жатқан добалдай қоңыр
үйректің кеудесіне қонып ап, төсін шұқи бастаған екен.
– Неге тұрсың? – деді, атынан əбігерлене түсе берген Жайнақ,– обал ғой,
тірідей төсін шұқытқан.
– Ілдіргеннен жегені обал деймісің? – деді Қозыбай, əлі де абыржымай,
қалжыңды дауыспен.
– Өй, өзін, қызық екенсің ғой. Жаны шықпай бауыздайық, – деп Жайнақ
қамзолының қалтасындағы бəкісін суыра бергенде, сылбыр шоқытқан
Шоқан да жетті.
– Тарт əрі, пышағыңды жылтылдатпай! – деді Қозыбай үйректі
бауыздауға айналған Жайнаққа, өзі де атынан түсіп, қаршығаны үйректен
айырып.
«Неге?» деп қарай қалған Жайнаққа:
– Төре бауыздасын! – деді Қозыбай.
Үйрек сұлық жатыр.
– Тірі ме? – деді Шоқан, үйректен үріккен атын тебіне жақындап:
– Тірі, – деді Қозыбай. Атынан түскен Шоқан:
– Кəне? – деп үңілсе, үйректің кіп-кішкене, қап-қара көзі қыпылықтап
жаутаңдайды.
– Неге қозғалмайды бұл?! – деді Шоқан.
– Бұру батып кеткен болар...
Шоқанның үйректі жіберткісі келіп еді, дəрмені бітіп қалған екен,
қозғаса шала-жансарланып былқ-сылқ етеді. Сол қалпын көрген Жайнақ,
«қарап тұрамыз ба осыған?» деп өткір бəкісімен қыл тамағынан орып
жіберді. Бауыздаудың жанына батқанын білдіргісі келгендей, үйректің
аяқтары мен қанаттары ғана серпіліп, өзге денесі дірілдей қалды.
Тамағынан тамшылаған қаны ап-азғантай екен, соны ішуге несіне
құмартады жыртқыштар!..
Өлген үйректі «міне, мырза!» деп Қозыбай ұсына беріп еді, Шоқан ұстай
қоймады.
– Мен байлайын қанжығама! – деп Жайнақ қолын созды.
Қозыбай Шоқанның бұл қылығын паңдығына жорыды, ал Жайнақ бұған
мүлдем түсінбеді.
Шоқанның өзіне түсінікті. Бұған дейін ол басқа біреуден осындай қылық
көрсе, оны меланхоликке санар еді. Өзін емес, ол Жайнақ қанжығасына
байлап жатқан анау өлі үйректі Айжанға меңзеп тұр. Қаршыға өзі сияқты.
Неге қуды үйректі қанқұмар қаршыға?.. Неге өлтірді жазықсыз жанды?..
Айжан да осындай жазықсыз жан. Оның да өмірі осындай қазаға
ұшыраумен бітпеуіне кім кепіл?..
Шоқанның есіне тағы да Нарғыз тағдыры түсіп кетті. Оған арналған
күйлерді Дайрабайдың ойнауын тыңдағанға дейін, туған халқының
алдында сана-сезімін, ар-ұятын кіршіксіз көретін Шоқан, күйлерді
тыңдағаннан кейін, байқаса, əкесі бастаған қиянат дүниесінің жетегіне
ерем деп, сол дүниенің жолағысы келмейтін батпағына малтыққанын
білмей ғапты. Енді қараса, тереңіне тартып бара жатқан сияқты. Одан шығу
керек. Əсіресе, қобыздың, қылына күй болып оралған оқиғадан!..
Ел тұрмысының қуанышты, қайғылы кезеңдерін жүздеген, мүмкін
мыңдаған жылдарға жеткізіп келе жатқан күйлер, Нарғызға арналған
күйлерді де алысқа алып кетпеуіне кім кепіл?..
Ендеше, Шоқанның жоруынша, Нарғыз күйлерін бүгінгі жұрт қана емес,
болашақ та күңірене тыңдап, ел-жұртты осындай азынатқан адамға үздіксіз
қарғыс жаудырса қайтпек?..
Сондай ойлар жанын азаптаған Шоқан, өткенге өкіне тұра, ауыр
қылмысқа санаған ісін енді қайталамауға бекінді. Ол үшін не істеу керек!
Əрбір мақсаттың алысы да жақыны да бар. Алысы – адам қоғамының,
оның ішінде қазақтың арасындағы қиянат дүниесінің тамырына балта
шауып, енді қайтып өспейтін халға келтіру; жақыны – зұлымдықтың күнбе
күнгі тұрмыста кездесіп жататын кейбір əл келетін тамырын қолма-қол
қырқу. Сондай бір тамырлар Айжан төңірегінде тығылып жатқандай.
Айжанның тағдыры туралы толғанудан Шоқанның ойы ешуақытта
толастаған емес. «Өзім үйленем» деуден көңілі айни бастаған сияқты.
Қалай үйленеді? Əке-шешесі, туған-туысқаны түгелімен қарсы. Олардың
ырқына көнбейін десе, елдің игі жақсы аталатындары да, тығыз байланыса
бастаған орыстың оқымысты қоғамы да, бұл қылығына қиғаш қарайтын
түрі бар. Солардың бəрінің де көңіліне қарамау оңай болып па?!..
Осындай ауыр ойлар Шоқанның басына Дайрабайдың күйлерін
естігеннен кейін туа бастаған еді, қаршыға салуға аттанғанда, маңайдың
аспанында тан, ата қалыңдай қалатын бұлттай қоюланып кетті.
Нарғыздың тағдырына күйзелген Шоқан, Айжанға қалай күйзелмес. Тек,
адамгершілік көзбен қарағаны болмаса, Нарғыз бен оның арасында «алты
аласы, бес бересі» болған жоқ; тек Қожық тұқымының құруына
себепкердің бірі ғана болмаса, Нарғыздың қара басына жасаған ешбір
қастандығы жоқ; қастандық орнына, оны абақтыда шіруден құтқарды,
содан кейін неге өлгені түсінікті де, түсініксіз де. Түсініктісі – барар жері,
басар тауы жоқ адам, өлім құшағына кірмегенде қайда барады?.. Түсініксізі
– жəбірлікке ұшыраған жалғыз сол ма? Бəрі бірдей еле бере ме солардың?
«Мың күнгі ұшпақтан, бір күнгі тіршілік» дегендей, жанын сүйретіп жүре
бермей ме, көбі...
Қайткенмен де өлді Нарғыз. Оның өліміне жалпы болмаса, жалқы
қатынасы жоқ Шоқанның.
Ал, Айжанға ше?
Егер Шоқан соқтықпаса, ол да тағдырдың маңдайына жазғанын көріп,
біреуден артық, біреуден кем... дегендей, із ба, көп пе күн кешер еді.
Шоқанмен шырмалғанша оның босқа санайтын басы Сырымбет саласында
өткізген тəтті түннен бастап байланды да қалды. Одан кейін, Атбасар
сапарынан оралған Шоқанның соқпай кетуіне Айжан өкпелеген жоқ.
Мұсылманша бірталай білімді Айжанның еркек пен əйелдің қарым-
қатынасы туралы өзінше философиясы бар. Ол білетін құран-кітаптардың
баяндауынша, алғаш жаралған – еркек, яғни Адам ғалайһүссəлəм. Əйелді,
яғни Хауа ананы тəңірі сол еркектің бір қабырғасынан ғана жаратқан.
Олардың дұшпаны ғып ғалайһү əл-лағнаны (шайтанды) ібіліс жаратқан.
Тəңірі оларды жеті қат көктің үстіндегі жұмаққа орналастырған екен
дейді. Жұмақ іші толған жеміс. Бірақ, оларды адамның да Хауаның да
татуына болмайды. Татса, іштері нəжістенеді де, жұмақты былғайды.
Осындай жайды аңғарған ібіліс, адам мен Хауаның қайсысы азғыруға
бұрын түсетінін бақылайды да, Хауаның қызыққыш қалпын көріп, оны
əлдене жеміске құмарттырады да, аузына салдырады. Содан кейін Хауа əлгі
- жеміске ерін де қызықтырып, ол да біреуін жұта бергенде жақсылық
періштесі – Жəбрəил жұтқыншағына жармасып жартысы өңешінен өтеді
де, жартысы өтпейді... Бұйрығын бұзған Адам мен Хауаға ызаланған тəңірі,
оларды жұмақтан қуады да шығады...
Осы «оқиғаны» құраннан да, кітаптан да көрген Айжан, Хауаны айыпты
санап, жынысым еді демей, оған іштей өшігетін, кінəсіз санаған адамды
аяйтын.
Содан бергі тіршілікке қараса, қашан да еркекті аздыратын əйел сияқты.
Сол күнəсі үшін, тəңірі əйелді үнемі қорлықта ұстап келе жатқан сияқты.
Бұған Айжан оқыған кітаптар мен ол көріп келе жатқан тұрмыс куə сияқты.
Оның білетіні «мынау – байдікі», «мынау – кедейдікі» демей, еркекпен
салыстырғанда, əйел атаулының бəрі кемшілік пен қоршылықта.
Кітаптың «ең əулиесі» дейтін құранға, оның өкшесін баса жүретін
шариғатқа бақса, ең алдымен əйелді солар қорлайды. Өйтуі емей немене?
Дін кітаптарының бəрінде де бір еркектің бірнеше əйелді қатар иемденуіне
болады, ал бір əйелдің бірнеше ері болуына ұлықсат жоқ. Еркектің де,
əйелдің де некеден бұрыла басуын «зина» дейді, шариғатта ол – күнə.
Айжанның ойынша, «бірнеше əйелі бар еркек бұрыла басып қайтеді? Ал,
көптің бірі болатын əйел, бұрыла баспағанда қайтеді?..» Ендеше, шариғат
оны неге қылмыс санайды?!.. Шариғаттың бұл əйелге деген бірінші
əділетсіздігі.
Екінші шариғаттың айтуынша, «зина» жасаған күндерде, қиямет
қайым Достарыңызбен бөлісу: |