45 бар.
Сайып келгенде, құранның да, хадистің де тоқырары: тағдырды яғни
тəңірінің «тəухү-əл махфузда»46 жазғанын өзгертер күш жоқ; онда
жазылғаны, – «бұл дүниенің рахаты» шайтандікі, адамдық рахат ана
дүниеде, яғни ахиретте ғана; бұл дүниенің рахаты тəндікі емес, жандікі
ғана, ол тек тəңіріні сүю ғана...
Өзінің де мұсылманша аздаған сауаты бар Жайнақ, исламның ғашықтық
туралы терең талдауын əйелі арқылы қарындасынан естіген. Сондықтан ол
да бұл дүниенің ғашықтығына тек қол жетпес мағынасында ғана сенеді;
əсіресе қарындасының Шоқанға ғашықтығын: Шоқан қайда? Қарындасы
қайда? Бірі – аспанда, бірі – жерде, қарындасының аспанға созған қолы
қалай жетеді?..
«Осылардың қайсысына ұқсар екен, бұлар?» деген сұрауға да ерлі-
зайыптылар жауап таппайды... Оларша қайсысына ұқсаудың тетігі Айжанда
емес Шоқанда.
Ол қайтер екен?..
Айжанның артынан қарап қалған Шоқан, денесі дірілдей тоңазығанмен,
түннің əлдеқайдағы түпсіз тұңғиығына көзін қадап тұрып алды.
Мұнысының не екеніне түсіне алмаған Жайнақ. «Апыр-ау, осы Айжанды
шын сүймегей де!» деген ойға көмілді. Сол ойдың салдарынан ба, əлде тан,
қараңғысының салқын самалы үрлеуден бе,– Жайнақтың да тоңазыған
денесі қалтырап кетті. Сол қалпын сезгендей:
– Жайнақ! – деді Шоқан дірілдеңкіреген дауыспен.
– Əу, Қанаш! – деді Жайнақ, тісі-тісіне тимей сақылдай ғап.
– Үйге барсайшы!...
– Неге?
– Тоңдың ғой.
– Өзің ше?
– Мен тоңған жоқпын.
– Неге дірілдейсің ендеше?
– Жəй, əншейін...
– Менікі де «жəй əншейін».
– Барсайшы, «бар» деген соң!..
– Жоқ, Қанаш, қайда тұрсаң да сенімен бірге болам... Сол қалыптарында
тан, сіберлегенше тұрған Шоқан Жайнаққа еріксіз ақтарылып бүгінгі түнде
басынан кешірген оқиғаны түгелімен айтып берді. Жайнақ та бар білгенін
жасырған жоқ. Қорытынды сөзінде Жайнақтың, мақалдата айтқаны:
– «Тыңдамасқа айтылған қайран сөзім, жыламасқа ағылған қайран
көзім!» дегендей, сол қарындасымды ақылды ма деп санасам барып тұрған
ақымақ сияқты...
– Неге олай дейсің, Жайнақ?
– Демегенде ше? «Келместі қайтарма, жетпесті қума!» демей ме?..
Жетпеске неге жүгіреді, ақымақ болмаса?
– Қайдан білесін, жетпесін?
– Қайдан жетеді? Сен – аспандағы жұлдызсың, ол – жерде шырылдаған
торғай...
– Қоя тұр оны! – деді Шоқан бұйрықты дауыспен, сөздерін Жайнақтың
санасына дін ұғымы арқылы сіңіру үшін тəңіріні атай сөйлеп, –
«қашқанның да, қуғанның да сыйынатыны – тəңірі» дей ме қазақ?
– Дейді...
– «Иттің иесі болса түлкінің тəңірісі бар» дей ме?
– Дейді...
– Ендеше, таңдағыны тəңіріге тапсырайық та, үйге кіріп, тыныс
алайық...
– Болсын!..
Айжан сол қызына ауырғаннан айықпай, жүрегі лоблып лоқси берді,
бірақ, асты аз ішуден бе, əлде ғашықтық бұған жүректің қысыла беруінен
бе, қанша лоқсыса да құспады.
Осылайша қиналған қалпын көрген, «не болды бұған?!» деп тан, қалған,
«қиналды-ау, бейшара» деп аяған Зейнеп, Айжанды жатқан төсегінен
қозғамас па еді, қайтер еді, егер таң намазын оқыған Шыңғыстың бұл үйге
күн шығар кезде бас сұғатын əдеті болмаса. Сол əдетті білетін Айжан,
Зейнепті бабына келтіргеннен кейін Шыңғыстың ас үйін мекендейтін
Жұпарға кетіп, бəйбішенің жəне сұлтанның сəскелік асын даярласатын.
Егер бөгде біреуге бөгелмесе, Шыңғыс таңғы тамағын Зейнептің қасында
ішетін, тағамды ас үйден көбінесе Жайнақ таситын, ол үйде болмай қалса,
басқа жылпос жігіттердің біреуі таситын.
Шыңғысты бүгін де сөйтер деп ойлаған Айжан, дəретке шығуын
қақырына-түкіріне дыбыс беруінен білдіретін хан иесінің үніне құлақ түріп
жатты да, үн естіле, сүлдерін сүйрете түрегелді.
– Иə, Айжан? – деді Зейнеп, «неге тұрдың» деп сұрағандай дауыспен.
– Жұпарға барам, Əя-апа.
– Неге?
– Хан иемнің дыбысы естілді.
«Естілсе ше...» – дей алмады Зейнеп. Қалай дейді. Шыңғыс келгенде,
сұлап жатуға қалай шыдайды, бейшара күң?.. Соны ойлаған Зейнеп:
– Қызуың қалай? – деді.
– Үдеп бара жатқан сияқты...
– Жүрегің?
– Лоблиды...
Айжан дағдылы қалпымен желеңін басына бүркенді де, есікке
тəлтіректей əрең жетіп, шұбатыла шығып кетті.
«Не болды екен, бейшараға?! – деген ойда қалды Зейнеп, – əлде тысқа
мезгілсіз шыққан бейбақты бірдеме соғып кетті ме екен?!..»
Шырт ұйқыдағы Жұпар, сықырлауық есігінің ашылған дыбысынан
шошып оянды. Сəуле түсе бастаған үйден Айжанның кіре бергенін оның
өткір көзі айқын барлады... Бұған дейін бүйтіп көрмеген сүйікті қайын
сіңлісінің, мезгілсіз уақта бұлай жүруіне қайран қалған Жұпар, Айжанның
аяқтарын тəлтіректей, ыңқылдай басуына үрейленіп, төсегінен атып турды
да:
– Не болды, еркем?! – деп құшақтай сүйемелдеді. Айжанның:
– Əя-апама!..– деген даусы дірілдеп естілді.– Тамағын даярлас.
Ендігі қайымдасудың жолы жоғын аңғарған Жұпар, ыңғайсыз қисайған
Айжанды дұрыстап жатқызып, «не болды бейбаққа?!» деген үрейлі оймен
шығып кетті.
Мезгілінде иелеріне беретін сəскелік тамақты даярлап та үлгерген
Жұпар, таситын жігіт шақыруға ыңғайланғанда, Жайнақ жетіп келді. Бұған
дейін бұндайда ақкөңілси аңғалақтай кіретін оның қазіргі жүрісі сылбыр,
жүзі жабырқаңқы, қабағы қатыңқы...
Əңгіме астан кейін басталды. Жайнақ Жұпардан көрген-білгенінің
біреуін де жасырған жоқ... Не істерге білмей сасқалақтаған əйеліне
Жайнақтың оңашалап айтқаны:
– Сырын сұрашы өзінің! Ақылды бала сияқты еді. Мынау істеп жүргені
– ақылсыздық. Не еткісі келеді екен өзінің?!..
Сырласқан жеңгесіне Айжан шынын айтты:
– Мені жұртқа жариялаған некемен алмасына жұғысқан күннен-ақ көзім
жеткен, – деді ол.
– Ендеше неге əуре болып жүрсің?
– Болмайын десем де, жүрегімді жеңе алмай жүрмін.
– Сонда?
– Бұдан былай некесіз жолығудан тыйылам.
– «Неке?!..» Қалай қидырасың оны?.. Шоқан көне ме оған?..
– Көнсін, көнбесін тағы бір жолықсам!..
– Қалай?
– Оның ретін Жайнақ ағам табады да.
– Көнбесе ше?– деп қалды Жұпар.
– Онда, – деді Айжан салмақты дауыспен, – маған елімнен басқа жол
жоқ.
– Өлім?! – деді Жұпар шошынып.
– Иə! – деді Айжан салмақты даусын өзгертпей.
Сөз осымен доғарылды да, Айжанның сөздерін Жұпар еріне түгел
жеткізді.
Бұл сөздерді Жайнақтан естіген Шоқан, Нарғыз барған батылдыққа
Айжанның да баруына күдіктенген жоқ. Ғашығын өлімге қимаған ол, не
істеуді Айжанның өзімен ақылдаспақ болды да, ретін тауып оңаша
жолықтыруын өтінді.
Өйту қиын ба Жайнаққа. Құдайдың адамы сирек мынау жаратылысында
тасаланатын нелер түкпір жоқ. Солардың бəріне сыймайтындай, Шоқан
Айжанмен Жайнақтың лашығында кездесуді тіледі. Жайнақ қара-құрым
лашықты қомсынған ойын білдіріп еді:
– Оқасы жоқ, – деді Шоқан.
Шын ғашық бірін бірі алдамайды.
Қайғысыз шіркін жүрек зарламайды.
Қара тас ұйқың келсе болар төсек,
Ғашықтықтың сұлулықты таңдамайды. –
деген елеңді естімеп пе ең?
– Естімек түгіл айтам да.
– Ендеше сандалып тұрғаның, не?
– Жеңілдім.
Шоқан мен Айжан жолығатын түннің пердесі сəулесі сүттей жарық,
кемеліне келген айдын, тууымен ашылды. Айжанның Шоқанға келіп
кетуінен хабарсыз Жақып, алғашқы кезде екеуін де күндіз-түні аңдыды.
Бірақ, ешбір сыбдырлары сезілмеген соң, əрі Айжанның ауырып қалғанын
естіген соң, күзет те сирей бастады. Айжанмен жолығуға ниет еткен күні
Шоқан Жақыптың сондай бір бейғамсыздығына тап болды.
Имантауға келгелі Шоқанның бір ермегі, егер күн райы тəуір болса,
қасына Жайнақты ғана ертіп, ұзаққа серуендеу еді. Бүгінгі айлы түнде де
сөйтті ол. Бірақ, бұған дейін бұндай түнді жаны сүйетін ол, бұл жолы
көктің биігіне көтеріліп, толықси жарқыраған айды ұнатпай, беті бүркелуді
тіледі.
Тілегі қабыл болғандай, Жайнақ алысырақ тасаға тұсап қойған аттарға
жеткенше, аспанды ала-шабыр бұлт бүркеп, жарық сəуле көлеңкелене
бастады. Соған қуанған Жайнақ, ақырын дауыспен:
Баянауыл басынан бұлт айналсын.
Жаның шығып бара ма, көз байлансын,
Екі жастың тілегін беріп алла.
Айдың жүзін бұлт басып қараулансын!.. –
деп əндетіп жіберді. Өзін дінсізбін деп санайтын Шоқан, түн өзгерісінің
мына түрін, əлде не күштің көрсетіп тұрған көмегі сияқты көрді...
Қазақ, ғұрпында ағасы апа, я қарындасымен сырласуды ұят көреді де, өзі
айта алмайтын сөзін оларға əйелі, яғни қыздың жеңгесі арқылы ғана
жеткізеді.
Жайнақ та сөйткен. Шоқанның бүгінгі түнде келуін Жұпардан
естігеннен кейін, Айжанның денесінде жалындаған қызу да басыла
бастады, жүрегінің жиіленген дүрсілі де бəсеңдеп табан аузында сауығуға
айналды. Ауыл жата оңаша үйде жалғыз қалған оның ендігі қаупі, –
«Қанашты біреу көріп қалмағай еді!» Оған ешкімнің қол да қата алмауына,
тіл де тигізе алмауына Айжанның иманы кəміл. Сонда да, егер өсек-аяң
тарап кетсе, жұрт алдында ұятқа қалар деп сескенеді...
Осы ойдың үстінде оның есіне құранның – «Əнниса-ө хаббатө аш-
Шайтан» – «қатын шайтанның тұзағы» деген сөздері түсіп кетті. «Қанашқа
шайтан тұзағы мен болмасам не қылсын!» деп қорықты ол.
Сол ойда жатқанда есік сықыр ете қалды. Айжанның денесі дір ете түсті.
Əлдекімнің үйге кіре берген сыбдыры естілді. Айжан басын төсектен
көтергенше «Айым!» деген ақырын дыбыс естілді. «Қанаш!» деген даусы
қаттырақ шығып кеткен Айжан аузын алақанымен баса қойды.
Құшақтарының қалай айқасқанын олар білмей де қалды.
Сол кезде табиғаттың тағы бір қызық көрінісі бастала қалды: Шоқанды
жан адамға көрсеткісі келмегендей өз үйінен орда ауылға бүркеп жеткізген
бұлт, Шоқан Жайнақтың лашығына кіре ыдырай бастады да, аспанды
кеуделеп барған толық ай тағы да жарқырай ғап, лашықтың жыртық-
тесіктерінен енген сəуле, ішін бозамық сəулеге толтырып жіберді.
Құшақтасқан қалыптарымен төрдегі төсенішке жамбастай қисайған екі
жас, бір-бірінің бет бейнелерін көріп отырып кеңесті.
Екеуінің де ол түнгі сезім тізгіні саналы ақылдың қолында болды. Аз
уақыт аймаласқаннан кейін, сөзді Шоқан бастап, əуелі Айжанның көңілін
көншітіп алғысы келгендей:
– Ал, Айым, мен не істе десең де орындауға бейіл боп келдім, – деді.
Айжан бұл жолы тайсалған жоқ, ойы тоқыраған ниетінің бəрін де айтып
берді.
Бұлардың бəріне Шоқан Жайнақтан қанған еді. «Неке» дегенге
осқырына қарайтын ол, Айжанның көңілін шошытпау ниетімен, айта
келген басқаша бір тиянағына алыстан орағытып жетпек боп:
– Айым! – деді, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Шоқанның осы
жолы неке қидырып кетуіне тірелген Айжанның барлық ойын ұғып
болғаннан кейін.
– Əу, Қанаш!
– «Қанашқа», «жанды» қосшы!
– Қанашжан!..
– «Кісілік» деген сөзге сенемісің?
– Қандай кісінің?
– Мəселен, менің?.
– Сенем!..
– Неліктен?
– Сізді мен...
– «Сіз» дегенді қойып, осыдан былай сен де маған «сен» десең қайтеді,
Айым!
– Олай деу маған ерсі ғой, аға...
– «Аға» деуді қойсаң қайтеді енді!..
– Неге?
– Мен «ағамын» ба, саған, «жар» емеспін бе?
– Егер ондай жағдайға жетсек!..
– Жетеміз!.. Кейін емес, қазір! Осыған сенсең тек, «Қанашжан!» деп
қана аташы жəне «сен» деп қана сөйлесші!..
– Болсын, Қанашжан!
– Сонымен, менің кісілігіме сенесің ғой?
– Əрине...
– Дəлелін,?
– Ұмытып кете бармай, оралып келуің...
– Құлағыңа жат естілсе де айтайын, мен өзімнің кісілік арымды, ешбір
діннің ең жоғарғы заңына айырбастамас емі Сенемісің осыған?
– Сенем!..
– Ендеше көлденең куəлардың керегі не?..
– Қандай «куə?» – деді Айжан, əлгінде «неке қидыруға ең кемі екі куə
керек» деген сөзі есінен шыға ғап. Соны ескерткенде «ə-ə...» дей берген
Айжанды əрі қарай сөйлетпей:
– Астамшылық деме, Айым! – деді Шоқан, – мен өз арымды «екі» түгіл,
мың куəнің, олар түгіл, бүкіл адамзаттың кепілдігіне айырбастамас ем!
Сенемісің, осыған?..
– Сенем!..
– Ендеше не қажеті бар неке қидырудың?
Айжан жеңіліп қалғанын сезінді...
– Ендеше қояйық арзан куəлікті! – деді Шоқан бастырмалатып, – мен
сені некелі əйелім көрейін, сен мені некелі ерін, көр! Тоқтасамыз ба
осыған...
Айжан алақанымен бетін басып жылаған келбет көрсетті.
– Неге жылайсың?
– Бұл дүниенікі осымен қанағат болар, – деді Айжан өксіп, – ахиретті
қайтеміз?..
– Тəңірі жүрек сырын бізден кем түсінбейтін болар!.. Тек адал
көңілімізге арамдық араластырмасақ болғаны да!.. Тоқтаймыз ба, осы
уəдеге?
– Тоқтамағанда амал қанша! – деді жылауын доғарған Айжан ауыр
күрсініп.
Айжанның ойы осыған тиянақталды деп санаған Шоқан, Жайнақтан
жəне Жақыптан естіген бір сөзін Айжан да білетін шығар деп, ол жайда да
көңілін көншіктіріп кетпек.
– Айым! – деді Шоқан Айжанның кісілікке тоқырауына риза болғанын
айтып, тағы біраз аймалап ап,–«қызға кім қызықпайды» дегендей, сен
сияқты қызға қызығушылар көп болуы сөзсіз. Ондайлар аз емес сияқты.
Сондайлар кіжіңдей бермеу үшін жəне туыстарым да саған деген адымын
аңдап басу үшін, мен əкемнен басталатын жұртқа сенімен некем қиылды
деп жариялаймын!..
– Неге ойбай?! – деп қалды шошып кеткен Айжан.
– Жын-шайтан маңыңа жоламау үшін!
– Өйте көрме, Қанашжан! – деді Айжан Шоқанның, мойнынан құшақтай
ап.
– Неге олай дейсің?
– Қашқан орыңа қайта құлау болмай ма ол? Сақтаймын деген
абыройыңды төгу болмай ма? Аңдып жүрген жауларың айнала қоршап
алмай ма?.. Мен десең бұны істеме, Қанаш!..
– Қамалаған жаудан сені де құтқару үшін бұдан басқа қандай жол бар,
Айым?
– Бір ғана жол бар, – деді Айжан ойланып, – хан - иемнен ұлықсатсыз
маған ешкім тие алмайды. Оның тетігі Əя-апамда. Не десең де, соған ғана
ескертсең болады.
– Ол да мақұл екен, – деді Шоқан аз ойланып.
Сөз осымен біткендей боп, таңның тақалуын бозторғайдың шырылдаған
даусы хабарлап, ерте тұратындардың көзіне түспеу үшін Шоқанның кетуі
қажет болды. Айжан мен оның арасында болған сөздерді Жайнақ пен
Жұпар сыртқы іргеден түгел тыңдаған еді. Сөз аяқталуын сезген олар да
ғашықтарға ажырасу жайын ескерткен қимыл байқата бастады.
Кетуге ыңғайланған Шоқанның, құшағынан босатқан Айжанға айтқаны:
– Мен ұзақ сапарларға шыққалы жүрмін, Айым!..
– Естідім...
– Біздің басымыз көпке дейін қосылмауы мүмкін.
– Мүмкін... тіпті, өмір бойы.
– Олай болмауына тырысармыз...
– Əрине. Неге қозғадың бұл сөзді?
– «Нəпсі» деген бар дейді ғой адамда?.
– Бар. Көп.
– Не нəрсе сол, шариғат ұғымында?
– Тіршіліктің тілектері...
– Ə-ə...
– «Еркіне ерсең шек болмайды дейді шариғат, оларда...»
– Жібермеу үшін не істеу керек?
Бұл сұрауларды өзінің нəпсісін қалай ұстауына арналды деп жорыған
Айжан:
– Жалғыз ғана кедергі бар, ол – қанағат, – деп жауап берді. – Талай
пайғамбарлар, талай əулиелер мен əнбиялар, – деп жалғастырды Айжан
сөзін, – тек сол кедергіге ғана тоқырап тəубаға келген. Бір ғана мысал:
Дəуіт пайғамбардың тоқсан тоғыз жұфыты болған екен дейді...
– «Жұфыт» не?
– «Қосағы», анығырақ айтқанда – «қатыны» деген сөз.
– Айта бер, аржағын!..
– Дəуіт ғалайһе – əссəлəм тоқсан тоғыз қатынды қанағат көрмей, тағы да
қосым деп жүргенде, Жəбірəил періште адам түрінде көріне қалады да,
«бір қой сұрай келдім» дейді. Дəуіт «оны қайтесің?»десе, Жəбірəил «қойым
тоқсан тоғыз еді, біреу қосып, жүзге жеткізейін деп едім» дейді. Сонда
Дəуіт оған «тоқсан тоғыз қойды қанағат көрмеген неткен жансың» деп
ұрысады. Жəбірəил «ендеше, сен неге тоқсан тоғыз жұфытты қанағат
көрмейсің?» дейді де, көзден ғайып болады. Дəуіт қанағатсыздығын сонда
ғана түсініп, тəубаға келеді...
– Қызық екен. Бұл əңгімені неге еске алдың?
– Мен сенің некеленуіңе құштар едім.
– Ол жайда уəделестік қой.
– Аллаһұ тəбарака уа тағаланың «бір мың жəне бір аты бар» дейді,
«Хадис мұтауатрда»
– Ол не?
– «Хадис» деген Мұхаммадүн Мұстафа, Саллал алла-һү ғалайһө
уассəлəмнің аузынан шыққан сөз.
– Ə-ə...
– Хадис үш жүйеге бөлінеді: «Мəшһүр» – көп жұрт естіген сөздер,
«мұтауатр» – бірнеше кісі естіген сөздер, «уахид» – жеке кісілер оңаша
естіген сөздер, осылардың ең тоқтаулысы – алғашқы екеуі.
– Солай екені – деді Айжанның шариғатқа жетіктігіне іштей қайран
қалған Шоқан.
– «Хадис мұтауатр» – «Алланың көп есімінің бірі уағада» дейді...
– Ендеше, мен сенем, ол есімге! – деді Шоқан.
Сол уəде беріктігіне қол алысып, ақтық рет құшырлана сүйісті...
Екеуінің де көңілдері қалтқысыз көншіді...
Құшақтарын жазғанда Айжан амалсыздан үйде қалды да, Шоқан
амалсыздан тысқа шықты. Сонда басына ала шыққан ойы – христиан
дінінің мұндай сенімдегі қыздары, дүниенің бəрінен безеді де, қалған
өмірін монастырде құдайға құлшылықпен өткізер еді. (Шоқан ондай
қыздардың талайының тарихын біледі). Ал, Айжан – мұсылман. Мұсылман
дінінде ерлерден сан сопылар шыққанынан хабардар; əйелден соны
шыққанын естіген де, көрген де жоқ. Айжанмен сыр түйіскеннен кейін
«Исламнан да шығады екен-ау сопы əйел!..» деп таңданды Шоқан.
Айжанның ойында қалған сөз: «Уəдесіне сенем. Менің тірегім – қанағат.
Ал, оның тірегі?..
Ар жағын Айжанның ойлағысы келмеді...
Егер Айжанның айрыларда қойған шарты – бұл жолы бұдан кейін
көріспеу болмаса, Шоқанның Имантау төңірегінде біраз күн жата тұрарлық
уақыты да бар еді. Ол жаны сүйер жарына қосылудан басқа, осы сапарында
əке-шешесімен де, ағайын-туғандарымен де тіл табысып, ашына-жай
болып алған. Олардың Айжанмен арасындағы махаббат «ұрлығын»
сезбеуіне де қайран қалуда...
Көңіл көтергісі келсе, осы маңнан нелер əнші, күйшілер де, аңшылар да,
басқа қызық нелері де табылатын. Соларға бөгелейін десе, не өзі, не Айжан
ықтиярларынан тысқары білдіріп алармыз деп қорқады, оның арты шатақ.
Ауылында аз күн жатқан Шоқан, өзі кеткеннен бергі өзгерісін байқаумен
болды...
Ең алдымен, əкесі Шыңғыс туралы байқағаны – соңғы он шақты жылда
ол құлдырай егделеніп бара жатқан сияқты. Шоқанды оқуға апарған жылы
қара қоңыр түсті сақал-шашына біртіндеп кіре бастаған ақ қылтан, енді
қалыңдап, түсі ақбуырылға айналған. Бұл түс əнеугі көргеннен де
ағараңдап қалған сияқты. Жақ жағының бұрын ағаруын көрсеткісі
келмегендей, қара көзінде тұтасымен еркіне жіберетін сақалын қазір
ықшамдап, иек тұсына ғана шошайтқан. Мұрты қосыла қалың көрінетін ол
сақалдың нақ ортасы ақ қасқаланып, қара бұлттың арасынан көрінген күн
сəулесі сияқтанып екі жағындағы қара қылшықтардың ажарын көркейте
шешіп тұр. Егер сол қасқаны қырып тастаса, мұртқа тұтасқан ұрт
қылтандары ғажайып əдемі бакенбард47 бола кететін. Қала əкімдерінен
көріп, өйтуге де ойы кететін Шыңғыс, қазақ арасына əзірге кірмеген, əрі
шариғатқа хилаф48 келетін бұл түрге барғысы келмейді.
Оның қоңыр сұрғылт өңі Шоқан кеткенде жып-жылтыр, теп-тегіс
болушы еді. Кейінгі жылдарда əжімдене бастаған бұл ажардың. қазір
қатпары қалыңдап, шақат топырақтың бетіндей тілімденіп кеткен. Содан
сұсты кескіні қазір жігерсізденіп, ешкімді ығыстыра алмайтындай халге
жеткен тəрізді...
Жас жағына келгенде бұлай бола қаларлық реті жоқ сияқты. Өзімен
түйдей құрдас төлеңгіт – Тақырбастың мөлдіреген қап-қара сақал-
мұртында əлі ақ қылаңнан нысана жоқ. Бет-аузы опайке49 былғары сияқты
жып-жылтыр. Құрдастық жөнінен Шыңғыспен қазыса қатты ойнайтын ол,
атын «Көк серке» қойған. Көзінше айтуға бата алмағыңмен, сыртынан
былайғы жұрттың біразы, əсіресе – дұшпандары солайша атайды. Ал,
Шыңғыс қаруын қайтармақ болып, Тақырбасты «қара есек» дейді, оған
қорқар кісі болмағандықтан біреулер, əсіресе, қалжыңдасатын қатындар
бетіне айтудан қымсынбайды.
Шыңғыстың ертерек егде тартуына толып жатқан себеп бар, солардың
ең бастыларынан біріншісі «ақтағаны – алғыс, қаралағаны – қарғыс»
болатын хандық дəуірін аңсау; арғы аталарын адамнан емес, күншуақтан
жаралыпты дегенге сенетін, өзін ақсүйекке, қазақтарды қарасүйекке санап,
олардан кеудесін жоғары ұстайтын Шыңғыс, хандық жойылып, дуан
шыққаннан бері ақ сүйегі біртіндеп қарайып боркеміктеніп бара жатқанын
қатты сезінеді.
Өйтпегенде ше?..
«Сібірлік қазақтар» аталатын алты дуан елде, қазір өзінен басқа, хан
тұқымынан бір де аға сұлтан жоқ. Өзгелерінің бəрі де қарасүйектер. Сонда
аталықты қазақтардан болса бір сəрі-ау! Бірталайы тексіздер. Мысалы,
алты дуанның үстінен генерал-губернатордың қасында советник болып,
былтыр ғана ажалы жеткен Көшеннің Тұрлыбегі, Омбы тұрғындарының
сиырын бағатын жатақтың баласы: алты дуан Омбы əкімдерінің алдында
ішіндегі қазіргі ең беделдісі Көкпекті дуанының аға сұлтаны – Тілеубердин
Əлжан, оның атасы Мəмбет соқыр, жалғыз атты, жалаңқая, əрі баукеспе
ұры екен дейді. Оның баласы Тілеуберді орыс қаласының малын бағатын
жатақ болып, үлкен ұлы Əлжанды орыс сабағына берген. Содан заң-
законды біліп, Əлжан Батыс сібірдің генерал-губернаторы, князь
Горчаковтың көзіне түскен де, ол Көкпекті дуанына аға сұлтан болып
кеткен хан тұқымы Əбілез Əділовті қызметінен босатып, орнына Əлжанды
отырғызған. Аға сұлтан бола ауқаттанып жүре берген Əлжан, қазір сібірлік
қазақтардың ең байының бірі жəне малдың ғана емес, саудасы күсет болып
тұрған ақшаның да байы.
Ақмола дуанының аға султаны – Жайықтың Ыбырайы. Оның əкесі
Жайық, Жайық өзенінің жағасында туып-өскен башқұрт екен. Жігіт бола
солдаттан қашып, Көкшетау еліндегі Қарауыл Қошқарбай батырға келіп
паналайды да, дуан ашылған Омбыдағы жиналысқа шақырылған
Қошқарбай, «тіл білесің» деп Жайықты жұмсайды. Сол жиналыста ол да
Омбы əкімдерінің көзіне түсіп, есінде қалады да, Ақмоланың бірінші аға
сұлтаны – Қоңырқұлжа Құдаймендин үкіметке қылмысты болып
қызметінен алынғанда, орнына Жайықтың мұсылманша жəне орысша хат
білетін баласы Ыбырай тағайындалады. Ол да қазір ең беделді аға
сұлтандардың бірі.
Орыстың тілін жəне жазуын білу жағына Шыңғыс та ешкімге
беріспейді. Ақ патшаға атқаратын қызметі де адал сияқты. Сонда да Омбы
əкімдерінің кейіндеу ұстауын, ол хан ұрпағы болуынан ғана көреді.
Шыңғыс «бақыт» дегеннің барына сенетін кісі. Бақытты қазақтар
«маңдай» деп те атайды. «Бақыты қайтқан» дегенді «маңдайы қайтқан»
немесе «маңдайы тайқыған» деп те айта береді. Шыңғыстың ойынша «күн
шуақ тұқымыңның маңдайы алдақашан тайқыған». Түркіше кітаптарды
жақсы түсінетін оның қолына, бір мезетте атақты тарихшы Əбілғазы
Баһадүр ханның «Хандар шежіресі» деген кітабы түскен. Соған қарағанда,
дүние жүзіндегі ең зор мемлекетті құрған монғол Шыңғыс ханның арты
сарқылып, Мұхиттай мол хандықтың кішкене шалшығы Абылай ханның
төңірегіне іркілген де, оның арты «дуан» сияқты саздаққа айналып кеткен.
Сондай малтығып отырғандардың біреуі – Шыңғыс. Оның халі бұрнағы
жылдағыдан да ауырлаған. Қарамағындағы қалық елді тұтас алғанда, Керей
мен Уақ бір жүйе болып, Атығай мен Қарауыл бір жүйе болын, қазір екі
жүйелі «түйе айдайды». Алғашқы жүйесін Шыңғыстың екі заседателінің
бірі, – негізі Көшебе Керей Табайдың Тəштиті, екінші жүйесін, Тоқтамыс
ханның ұрпағы Сəбдінің Əбдіғафары басқарады. Тəштит бізге бұрынғы
тараулардан аты белгілі Есенейдің – жиені. Есенейдің жас тоқалы –
Ұлпанмен Шыңғыстың жақындығын білетін Тəштит, бір сəтте сол күйіктен
нағашысының селкілдек сырқатқа ұшырағанын айтып, енді аяғын тарта
басуды өтінген. Шыңғыс оған қарамай «үйреншікті отына» баруын
доғармаған соң, араларына «сайтан кіріп», Тəштитпен кейінгі жылдарда
араздасып алған, содан бері Керей мен Уақтың бес болысы, аты «Көкшетау
дуанына қарайды» демесе, Шыңғыстың құрығынан шыққан. Керейдің бір
жүйесі Ақсары, Көксары аталып, Көкшетау мен Ақмола дуандарының
Ертіске дейінгі шығыс жағында жатады. Барлық Керей – Уақтың үстінен
қарайтын советник Көшеннің Тұрлыбегі. Ол Шыңғысқа қыңыр тартып
жүретін. Одан өліп құтылдым ба деп жүргенде, атақ-орнын баласы
Нөгербек басты да, «осбайлап» Достарыңызбен бөлісу: |