«бағуыңа шошқадан басқа табылмады ма?» деп дүреге жығады. Сапақ сол
соққыдан өледі. Оның пысық туған, жігіт болған баласы – Тілеміс осы
жайда, Құсмұрында аға сұлтандық құрып жүрген Шыңғысқа барып шағым
айтады. Ол Шыңғыстың Есенейден қатты сескенген кезі екен, сондықтан
«менің тісім батпайтын іс» деп жоламайды.
Қазіргі сапарында Шыңғыстың сол Тілемісті көргісі кеп келе жатыр,
ондағы ойы – Есенейге қарсы жұмсаудың қарызын байқау. Өз ойында үлкен
бір жоспары бар: əнеугүні, Құсмұрын дуанының барлық қазақтары болып,
қызметінен түскен Шыңғыстың орнына Есенейді ұсынуы, документтері
Омбыға жөнелтілуі, бізге өткен тараулардан мəлім. Егер Есеней аға сұлтан
боп бекіле қалса, оған орыс тілін білетін жəрдемші керек, бұл маңайда
Тілемістен басқа ондай адам жоқ. Ол Есенейге дұшпан кісі. Есеней
Тілемістің ондайын білмеуге тиісті. Егер ол Есенейге тілмəш бола қалса, ар
жағында ор қазуы оңай. Шыңғыстың тағы бір арамдық ойы – «Есенейдің
жас тоқалы қылшылдаған жігіт Тілеміспен неғып əулікпес екен?»
Ыстаптың шығыс жағы бұрын қарағайы, қайыңы, терегі аралас қалың
орман болатын. Станица орнай, тұрғындар ол орманды құрылыс ісіне отап,
кейік түбірлерден өрбіген бұталар ғана қалған. Түбі сиреп, төбесі күнге
таласпай өскендіктен, тырбиған теректер мен қайыңдардың бойлары
болмаса атты кісі жүре алмайтын. Сондықтан да ішіне ақ дар толып, түн
жамылған түлкілері станицаның тауықтарын ұрлап, қояндары огородтарды
қырқып дамыл бермейтін. Станицаның сарықтары мен мəстектерін
қымқыратын ұрыларға да бұл орман таптырмайтын баспана. Іші қан сасып
жататын бұл орманды, орыстар «Красная роща» деп, қазақтар «Қызыл
қырман» деп, немесе «Қызыл» деп атаған. Ыстаптың диірмендері сол
«Қызылдың» жиегінде. Сапақ өлгеннен кейін оның бақташылық кəсібін,
баласы – Күлеміс атқарған. Станицаның сауын сиырын баққан ол, əкесінен
мұраға қалған қара-құрым кигіз үйі, жаз айларында, қызылдың диірменге
жақын қойнауына тігеді екен.
Сапақтан: Күлеміс, Тілеміс дейтін екі ұлы болған. Күлемісі – үлкені,
Тілемісі – кішісі. Араларының алшақтығы бес-алты жас. Күлемісі мал –
түлігі болғалы бақташы, əкесінің күші бар ол да əкесіндей – ерінбес, иіс –
алмас адам. Түр-тұлғасы, кескін-кейіп жағынан да əкесіне тартқан: өңі
қоңыр, тұмсығы кейкілеу, безеу бет, кескінсіздеу кісі еді деседі. «Мінез
жағынан да əкесіндей қой аузынан шөп алмайтын жуас еді, ашуланса
томырақ еді» дейді.
Тілемістің түр-тұлғасы, кескін-кейпі, мінез-қылығы шешесіне тартқан:
сарғылт өңді, сымбатты денелі, көркем кескінді, пысық, шапшаң адам екен.
Енеден қағына асып, он үш жасынан ұрлыққа араласады. Сол қылмыспен,
бала жігіт кезінде тұтқынға алынып, біраз жыл Сібірге жер ауып кетеді.
Сол жақта орыстың тілін жəне хатын біліп алады. Айдаудан қайтқан
Тілеміс «адал» кəсіпке кірісіп, қорған қаласына жақын жердегі Светлов
есімді помещикте біраз жыл піркəшік болады. Қазақтар əспеттеу деп атаған
бұл помещик қиянатшыл адам екен. Содан ба, əлде ақшасына қызықты ма,
– жолаушылап жүргенде, əлдекім оны өлтіріп кетіп, «соның жаласы ауа ма»
деген қауіппен Тілеміс Ұлытау жақтағы нағашысына қашып кетіп, Ыстапқа
Əспеттеу оқиғасының ыстық-суығы басылған соң оралады. Содан кейінгі
кəсібі, – Ыстапта тұратын əскери бөлімшенің көлік, азық-түлік, ер-тұрман
сияқты қажетін тауып беру ғана.
Станицамен жыл сайын көктемде отыратын шартқа Тілеміс қол қоюшы
еді де, бақташылық қызметін Күлеміс атқарушы еді. Олардың мекен
жайлары да бөлек: бала-шағасымен жаз айларында диірмен түбіне тігілетін
қара-құрым үйде тұратын Күлеміс қыс кедейлеу қазақ-орыстық біреуіне
қоңсы бола кетеді. Тілеміс үйленгеннен бері, Ыстаптағы ауқатты адамның
бірі – Свинаркиннің флигелінде тегін тұрып келеді. Оның ажарлы əйелі –
Қырмызы, – он саусағынан өнері тамған шебер, киімдерді де əдемі пішіп,
сəнді тігеді, тоқыма істеріне де мейлінше сыралғы, ас-суға да қылап...
Сондай істерімен жаққан Қырмызының ері де, балалары да, өзі де
Свинаркин үйінің сыйлы адамдары.
Ал, Күлемістікі – «өлмешінің күні». Ол жас күнінен «ағаштан түйін
түйеді» дейтін балташы адам еді. Балалары мал түлігі бола, жалданған
табынын ол соларға жайдырады да, өзі шеберлік кəсібіне отырды. Сонда,
қысы-жазы дамылсыз жасайтыны – екі доңғалақты қазақ арба. Ертерек
ұзап көшетін бұл маңайдың ауылдары, кейін қазақ-орыс станицаларымен
іргелес бола, солардан күн көрістік кəсіп тауып, жаз айларында ғана
көшетін де, қыс айларында соларды сағалап қыстайтын. Жазда тым
жыраққа көшпейтін. Бұрын ұзап көшкенде жүктерін түйелерге тиейтін
олар, орыспен араласа, «қазақ арба» аталатын екі доңғалақты арба
жасатып, жүктерін соларға артатын. Осындай арба жасаудың бұл
маңайдағы бірден бір шебері – Күлеміс. Ол араның қазақ арбаға берік
ағашы – қайың. Оның «қызыл» жəне «сау» аталатын екі түрі бар: қызылы
бұйра қайың, ол тез сынбайды да, жарылмайды да, ал, «сауы» – сыңғақ та,
жарылғақ та. Күлеміс арбаларын қызыл қайыңнан жасайды. Сондықтан ол
көп жылға шыдайды. Жұмысын адал атқаратын ол орман ішін кезіп, арбаға
қолайлыларын таңдайды да, оларды асықпай бабына келтіреді. Солайша
қимылдағанда, жылына ол екі-үш арбадан артық жасай алмайды, сонда,
арба басына алатын ақысы екі-үш қозылы қой. Мал бағудан, арба жасаудан
алатын ақылары, күн көрісіне жетпейді.
Неге екенін кім білсін, Сібірдің қазақтары орыстың мейрамдық –
жексенбі күнін «азына» дейді. Орыс селоларында мал бағатын
жатақтардың бəріне ортақ бір салт, – азына күні қап арқалап малы
бағылатын үйлердің бəрінен азық жылуын жинайды. Біреулер – нан,
біреулер – жұмыртқа, біреулер – картоп, біреулер – ірімшік, біреулер –
қаймақ, кейбіреулер – ет сияқты тағамдар беріп, бақташы азына күні қарық
болып қалады, бұл қазынада жинағаны келер қазынаға дейін мол жетеді,
кейде артылып та қалып, қысқы азықтарына үнемдейді. Күлеміс үйінің, де
күн көретіні, осы азына күндерінің жылуы. Осындай халдегі Күлемістің
семьясы, жыл тəулігінде «тоқ-жарау» боп қана күн кешеді. Мол тұратын
Тілеміс оған жөнді қараспайды.
Сапақ балаларының бұл жайынан Шыңғыстың хабары жоқ еді жəне
бұған дейін білем деп тырыспаған да. Өзін «ақ сүйек», былайғы қазақтарды
«қара сүйек» деп есептейтін ол, дəрежелі немесе дəулетті қара сүйектерді
сырттай теңсінгенмен, іштей менсінбейтін. Тілемісті Құсмұрында көргенде
де сөйткен ол. Үлкен қара көзді, қоңқай əдемі мұрынды, қияғы ұзын мұрты
мен иегіне шоқтала өскен сақалының түсі де шымқай қап-қара, сұр өңді
Тілеміске Шыңғыс мұнша əдемі көрікті қимаған, оның үстіне, тықылдаған
пысықтығын да ұнатпаған, егер елей қалса, үйреніп алғаннан кейін
басынып кетер деген қауіппен, бойын сырғақ ұстаған. Оған еркек
атаулының сұлуы сияқтанған. Оның үстіне, денесі де, жаратқан аттай жұп-
жұмыр, мінезі де көкпарының атындай ойнақы, сөздері де сайдың
тасындай түйдек. Осындай көрік пен қылықты Шыңғыс Тілеміске қимай,
оны төмендету үшін, əдейі менсінбей қараған мінез көрсеткен.
Ол кезде Есенеймен араздасам деп ойлап па Шыңғыс? Тілеміске күнім
түсер деп ойлап па? Енді, міне, Есенеймен де араздасты, Тілеміске де күні
түскендей болып келеді Осыны ойлағанда демін ауыр алған Шыңғыс,
ішінен «аумалы-төкпелі дүние-ай!»деп күрсініп қояды.
Тілемісті де «жатақ» деп, «бақташы» деп ойлайтын Шыңғыстың Абаға
«үйіне жүр» деуі, «елеп барсам, іске жарар ма екен?» деген үмітте болуы
еді. Сондықтан жəй - жапсары келісе қалса, ойы – қона кету, əйтпесе,
елегендік көңілін білдіргеннен кейін, орыстардың жақын маңайдағы бір
үйіне сырғи салу. Драгомировтің берік бекініп келе жатқаны, Шыңғыс
орныққаннан кейін, шомылып жататын моншасы бар үй тауып алып, сонда
түнеу.
Бұлар диірмен түбіндегі қара құрым киіз үйге, күн кештікке қарай
еңкейгенде жетті. Ол үйден жолаушылардың өздері түгіл аттары үріккендей
боп, жақындай бере жалтара бастады. Өйтпеуге болмайтын да еді. Малшы
елдің кезімен қарағанда, үйдің сырт нұсқасы: қыстан көтерем болып
шығып, аяғын əрең басқан, тұла бойы шидей қотыр, елі жүні жалба-жұлба
тайлаққа ұқсайтын. Былайша жүрістен қажып, денелері босаңсып келе
жатқан аттар, сыйқсыз қара құрым үйді əлдене жыртқыш аңға меңзегендей
қапелімде үркіп жамбастарынан жалт берді, күйме аударылып қала
жаздады.
Сол үйде үлкендігі тайша-бұқадай, қарала түсті, шолақ құйрық төбет
болушы еді, даусының аса жуандығына қарап, Күлеміс оның атын
«Күрілдек» қойған. Орыстар «Курка» дейтін. Ол көбінесе, үй қасындағы
қисық ағашта шынжырмен байлаулы жататын. Бос жүрсе, жаяу түгіл атты
адамды да алып тастайтын. Сонда, жыққанын талап тастамай үй
жандарынан біреу кеп айырып алғанша басып жататын. Өзінің салмағы
зілдей, – астында жатқан адам бура тізерлегендей халде болады. Оның
үстіне түсі сұмдық суық: ағы қанталаған қып-қызыл үлкен көздерін
қадағанда, өңменнен өтіп кете жаздайды, басып жатқаны қимылдайын
десе, ұрттары иегінен төмен салбырап тұратын, жырасы құлақтарына
жететін үлкен аузын ыржита ашып, зілдене қарайды, сонда көрінген азу
тістерінің сомдығы балғадай. Сонымен қапса не оңдырар!..
Күрілдектен адам түгіл аңда қорқып, сол үйдің маңында түнейтін, саны
азаймайтын да, көбеймейтін де жалғыз сиырдың не өзіне, не қасында
байланған бұзауына, «Қызыл қырманның» ішінде шұбырып жүретін
қасқырлар, ешуақытта жолаған емес. Күлемістің өзі үйде болған шақта,
«Күрілдек» көбіне бос жүреді, ол «жат!» десе, кімді көрсе де, нені көрсе де
ит тырп етпейді... Құлағы аздап мүкістеу болған, жақындағы дыбыс
болмаса алысырақтағыны ести қоймайтын, «Күрілдек» қиядағы сыбысты
сезетін.
Шыңғыстар мінген күйме осы жаққа беттеп келе жатқанын, жолаушылар
қаладан бері беттей бергенде-ақ сезіп, жат-жара барын иесіне білдіру үшін
«оф!» деп үн салды. Итінің босқа өйтпейтінін білетін Күлеміс «қала
халқынан біреулер болар» деген оймен, «жат!» дей салды. Иесін тыңдағыш
ит, дыбысын доғарды да, түрі дағдыдан тысқары көрінген пар аттың қайда
барарын білгісі келгендей, қырағы көздерін тесірейте қарады да жатты.
Арбалы аттың жүрісін Күлеміс үйіне жолаушылар жақындаған шақта
ғана естіді. Ыстапта арбаға ат жегетіндер аз болмайды. Осы маңайды
жанып ететін жолдармен ерсілі-қарсылы ағылып жататын жолаушыларды
былай қойғанда, қызылға арбамен келіп отын əкететіндер де жиі
ұшырасады. «Сондайлардың бірі шығар» деген оймен, сабырлы
балташылық жұмысын атқара беріп еді, «Күрілдек» əуелі ырылын көбейте
түсті де, аздан кейін «аф» деп атып тұрып, тоңқаңдай жүгіре жөнелді. «Бұ
несі?!» дегендей Күлеміс алдынан жаңқаны сілкіне түрегеп, үйдің иті
кеткен жағына шықты. Аттары өз үйіне қарай бұрылған жолаушыларды
сонда көрді.
«Күрілдектің» бір əдеті, - «көзіне көрінгенге ұмтыла бермейтін еді, егер
ұмтыла қалса, шошытпай тынбайтын еді. Сонда оның адамнан өші -
жаяулар емес, аттылар. Жаяуларды ол үріп қорқытқаны болмаса, тарпа
бассалып талай қоймайтын. Ал, салт аттыны көрсе, атының не танауынан,
не тірсегінен түстеп үркітетін, тулататын, сондай жағдайда, иесінің кейбірі
құлап та қалатын, құлағанда «Күрілдек» тимейтін, арбалы адамның да
атының тұмсығынан қауып, ат жалтарғанда, арба аударылып қалатын...
Шыңғыстар мінген пар ат қараша үйден үркіп жалт бергенде, алдын
ораған «Күрілдек» машық дағдысымен қарғып қап, жалтарған аттардың оң
жақтағысын танауынан қапсыра кеп қапты. Иттің тісі батқан ат, арбаның
қиқайған жағына қарай қатты бұрылғанда, күйме төңкеріліп түсті.
Үстіндегілер ұшып кетті. Мақсатына жетуіне масаттанғандай, «Күрілдек»
құлағандарға ұмтылмай, аңырып қарай қалды.
Арбадағылардың кім екенін білмеген Күлеміс, ит біреуін қауып тастар
деген қауіппен, жүгіре басып жақындады да, қарғы бауынан ұстай алды.
Арба аударылғанмен, жүрістен қажыған аттар ала қашпай, делбесінен
тартқан Абаның ырқына көніп, «құр, жануар, құр!» дегенде, тоқтай қалды.
Сол кезде станица жақтан шауып келген бір салт, құлаған жолаушылардың
қасына таяна беріп, атынан қарғып түсті.
Ол, Тілеміс еді. «Ел құлағы елу» дегендей, Шыңғыстың аға
сұлтандықтан түскенін, бір баласын ертіп Омбыға жүргелі жатқанын
естіген. Бірақ, Бағланнан Қорғанға тартып кетуін, я линиямен жүруін біле
алмаған. «Егер линиямен жүріп, маған соға қалса қамсыз отырмайын» деп
бір орыстан семіз сарық сатып ап, ақ ұннан бауырсақ пісіртіп, тұрған
пəтерін жинастырып қойған.
Солайша күткен Шыңғыстың Ыстаптың көшесінен ағып өте шығуы,
пəтерінің қақпасынан көріп тұрған Тілемісті қайран қалдырды. Оған келген
ойлар: «əлі күн ерте болғанмен, аттарының жобасы босаңсыған, ендеше
Ыстаптан өтіп қайда барып қонады?! Кіркөйлекке ме? Онда кімі бар
қонатын? Естуінше орыс қалаларына кезіксе, егер онда қазақ үйі болса,
Шыңғыс үнемі соларға түседі. Кіркөйлектегі қазақтар-шоқындылар.
Олардың ішінде, бұған қонағасы бере алатыны жоқ. Оның ар жағында –
Қабан. Оған мына аттарымен бүгін жете алмайды. Ендеше, Ыстаптан бұл
өтіп кетуі қай етіп кету?! Ыстапта ағайынды екеумізден басқа қазақ жоғын
білуі ме, бұл?!. Бізді менсінбеуі ме?..»
Соңғы ойынан намысы қоза қалғанмен, Шыңғыстың қай жолмен кетерін
бақылағысы келген Тілеміс, ерттеулі тұрған атына мінді де, «Қызыл
қырманның» бір қабат жиегін ала шоқытты. Шыңғыстың күймесі Ыстаптан
шыға, Кіркөйлекке қарай ойысатын жолға түспей, диірмендерге беттегенде:
– «Бұ несі?! Əлде, мені де мал бағып отыр деп ойлағаны ма?» деді де,
шоқытқан атынын, екпінін бəсеңдетіп, күймеге жегілген аттардың басы
қайда тірелеріне көз тікті. Қараша үйге таяна беріп аттар жалт бергенде.
Тілеміс жақын тұста еді. Содан кейінгі халдерді көзінен өткерген ол,
атынан қарғып түсті де, құлаған орнынан тұруға тырмысқан Шыңғысты
қолтығынан сүйемелдей берді. Шыңғыс оны тани кетті.
– Апырай, Сұлтан-ай, денең аман ба? – деді Тілеміс.
Сүйектері сау сияқтанғанмен, етінің қатты ауырып қалғанын сезе
бастаған Шыңғыс сыр бермегенсіп:
– Жəй... былай... əншейін... – дей салды.
Тілемістің сүйемелдеуімен, орнынан созыла тік тұрған Шыңғыс
аяқтарын
кібіртіктей
басып,
оң
жағына
ақсаңдаңқырап
қалды.
Драгомировтің бір жақ шекесін құлаған жері жыртып кетіп, жарасын
орамалымен басып тұр. Етбетінен жығылған Шоқан, мұрнының қанағанын
танауына жылымшы бірдеме жорғалағанда ғана сипалап білді. Отқа
күймейтін, суға батпайтын Аба, бұл құлаудан да еш жеріне жарақат
түсірмей, өзгелері оңалып болғанша, аттары мен күймесін ретіне келтіріп
те үлгерді. Құлағандардың кімдер екенін əлі де білмеген Күлеміс, итінің
қарғыбауынан ұстаған қалпымен қалшиып тұр. Онысын ерсі көргендей:
– Неғып тұрсын сілейіп? – деді Тілеміс, қаттырақ дауыспен. Ондай үнді
ұнатпайтын Күлеміс:
– Тұрмағанда не істейін? – деді.
– Біліп тұрсың ба, бұл кісілердің кім екенін?
– Мейлі кім болса да.
– Сенің итің ғой, бұл кісілерді осындай халге келтірген.
– Мен итіме «сөйт!» деп ақыл үйреткен жоқпын жəне «келе ғой» деп
үйіме ешкімді шақырған жоқпын.
Шəлкес сөйлеген ағасының, ерегісе қалса, одан да тұрпайы сөздер айтып
кету мүмкіндігі барын білетін Тілеміс:
– Ұят болды, – деді ол Шыңғысқа жампаңдап, – біздің үйге барайық,
төрем, мініңдер күймелеріңе!
Тілеміске не жауап айтарын білмей аңырған қалпын байқаған
Драгомиров;
– Күн кешкіріп барады, – деді оған. – Өзіміз аздап ауырсынып та
қалдық. Бүгін, тегі, осы станицада дем алғанымыз мақұл болар.
– Оқасы жоқ, – деді Шыңғыс ризалық білдірген дауыспен.
– Мініңіз, төрем! – деп Тілеміс Шыңғысқа күймесін нұсқады. Ол
күймеге беттей бергенде, бұның не «төре» екенін білмей тұрған
Күлеміс,інісіне «бұл кім?» деп сыбырлап еді:
– Шыңғыс!.. Кəдімгі – аға сұлтан Шыңғыс... Абылай ханның немересі! –
деп жауап айырды Тілеміс.
Күлеміс елеңдей қалды. «Мал бағудан басқада жұмысы жоқ» дегенмен,
Абылай ханды да, Уəлі ханды да, Айғанымды да, Шыңғысты да, оның
Құсмұрынға аға сұлтан болуын да, əкесінің жəй-жапсарын айтуға барған
Тілемісті елемеуін де Күлеміс естіген. Содан Шыңғысқа сырттай өшігіп
жүретін. «Шыңғыс аға сұлтандықтан түсіпті» деген хабарға ол қуанған.
Солай көретін Шыңғыс, міне, енді өзінің қара құрым үйінің қасына келіп
тұр!..
Қазақ «үйге келгенде үйдей өкпеңді айтпа» дейді, «қуыс үйден құр
шықпа» дейді, «таспен ұрғанды аспен ұр» дейді.
Осы мақалдарды қатты қуаттайтын Күлеміс қонақтың кім екенін інісінен
білгеннен кейін:
– Атының басын біздің үйге тіреп еді ғой, мұнда неге қонбайды, – деді
Тілеміске.
– Ойбай, қалай қонады? – деді Тілеміс сыбырлаған дауыспен.
– Несі бар қонса?
– Қай жеріне отырады, үйіңнің? Бұл – жұмсақ бөстек, мамық жастық
үстінде өскен адам.
– Өсе берсін. Мен үйіме келген адамға дəм татырмай жібере алмаймын.
– Не дəміңді бересің сонда?
– Не оттап тұрсың өзің? – деді Күлеміс кейіп – таба алмайды деп тұрсың
ба мені, орыстың сен соятын салпаң құйрық сарығын?
Ағасының намысына тиіп алуын көрген Тілеміс, бұл кеңесті əрі қарай
үдетпей:
– Дəм татырсаң жетеді, көке. Айран-шалап болса да, Ондай бар ма еді?
Күлеміс бөгеліп қалды. Жалғыз сиырдың ағы айран ұйытуға келмейтін
бұл үй, сүтті тары көжеге қатып сусын ететін еді. Сондықтан «айран-
шалап» бар дей қоймай.
– Малға қарамаса, тататын дəм табармыз, – деді.
– Ендеше өзің шақыр, – деді Тілеміс.
Күлемістің кім екенін сұрамаған Шыңғыс «не ағасы, не туысы болар»
деген жобамен жорамалдап еді, сондықтан Тілеміспен екеуі күбірлесе
қалған соң, өзі жайлы кеңесіп тұрған болар деп жобалап, күймеге
жеткенмен, сыпайылық қып мінбей тұрған. Драгомиров пен Шоқан мініп
алған.
Шыңғысқа ағалы-інілі Сапақ ұлдары қатар жетті.
– Бұл кісі біздің ағамыз еді, аты Күлеміс, – деп таныстырды Тілеміс.
Қарапайым адамды керсе қақия қалатын Шыңғыс:
– Ə-ə, – дей салды.
Арғы сөзді Күлеміс іліп əкетті. Ол сөзге ұтқыр адам болушы еді.
Қонақтың көңілін табу ниетімен, білетін əдемі сөздерінің бəрін қолданып,
ақыр аяғын үйінен дəм татуға шақырумен бітірді. Сыртқы түрінен
шошынған Шыңғыстың, бұл қара құрым үйдің ішіне кіргісі келмей-ақ тұр.
Оған керегі Күлеміс емес, Тілеміс. Оның күні соған ғана түсулі. Ендеше,
«иесін сыйлағанның итіне сүйек сал» дегендей, Тілемістің туған ағасы
болғасын, «сыйламасқа» амал жоқ. Оған қосымша «ерді кебенек ішінде
таны» деген де сөз бар. Кебенек - адамның үстіне ілетін шоқпыт киімі. Сөз
түріне қарағанда, жамаулы жұмыс киіміндегі Күлемістің адамдық жобасы
бүтін сияқты. Қазақта «қыдыр қараша үйде қонақтайды» деген сөз бар.
«Қыдыр» дегені, – «орыстың əулиесі». Сол жақтарын ойлай кеп, үйіне дəм
татуға шақырған Күлеміске:
– Жақсы, татсақ татайық, – деді.
Драгомиров шақырғанға бармады. Қарақұрым үйдің, ішін Шоқанның
көргісі келді. Сыртқы жобасынан ол да шошып тұр. Ауыл арасында қандай
қараша үйлерді көре жүре, дəл мынадай сорлы үйді ол кездестірген емес.
Олар үйге беттеді.
Жол маңайдағы елдердің айтуынша, кейінгі кезде үй саны мыңнан асқан
Шəйгөз руының қара шаңырағы тұқым қуалай кеп - Сапақта, одан кейін -
Күлемісте қалған. Пəлен ғасыр бұрын көтерген бұл үйдің кигіздері де,
қаңқасы да сан рет жаңарғанмен, шаңырағы ешуақытта ауыспаған. «Үлкен
шаңырақ» деп қастерлеп, үнемі күтіп ұстағандықтан, «еменнен иіпті-міс»
дейтін шаңырақ, ағаштан темірге айналғандай қатайып алған. Оны ұстаған
кейінгі ұрпақтардың көбі кедей болғанмен, жамылтқышы да, қаңқасы да
тозып, үйліктен қара құрым күркелікке айналғанмен, бүкіл «Шəйгөз»
атаулы болып, қара шаңырағын қадыр тұтатын, ішін «құттыхана» көріп,
ауру-сырқаулар, бала тілейтіндер босағасына түнеп жүретін. Ал,
«құттыхананың» сырты түгіл, іші тозуында да қисап жоқ, сырты жалба-
жұлба, қара құрым бұл үйдің кереге-уықтарының да тозығы жетіп, алқам-
салқам болған, үй содан жыл сайын кішірейе келіп, ақырында күркеге
айналған. «Сілкіп салар сырмағы жоқ» дегендей, бұл күркеде жасау - жиһаз
деген жоқ. Күлемістің өзі ағаштан жасаған ыдыс-аяқтары да сиықсыз «ас»
дегені, - қазынадан жиналатын кəкір-шүкірлер, өзіндік бар тағамы -
тарының «қатықты қара» аталатын жалғыз сиырының сүтін қататын
көжесі, қайдан табары мəлімсіз, Күлемістің сірі талысынан, түйген
тарының қоры еш уақытта үзілмейді, ашытатын ыдысы – еменнен ұңғып
жасаған күбі, ол біреу емес, екеу. Күлемістің əйелі – Ұлту, жаманын
жақсартып ұстайтын, тұрмысқа мейлінше қылап кісі. Ол күбілерді кезекпен
ұстап, босағанын тазалап, жуып, ысталып тұруы үшін үнемі аузын төмен
қаратып шаңыраққа іліп қояды, сондай ыдысқа құйған көже өте дəмді
болып ішкендердің тілін үйіреді.
Шыңғыстар келгенде Ұлту үйде жоқ еді, ол бүгін азына болғандықтан,
қабын арқалап, балаларын ертіп, қаладан жылу жинауға кеткен. Есік ішкі
жағынан тиектеулі тұрған. Түндік жабулы да.
Қонақтар кірерден бұрын, Күлеміс жабық түндіктің бір бұрышын
бауымен қайырды да, керегенің көгінен қол тығып, тиегін көтеріп, есігін Достарыңызбен бөлісу: |