– Бұйрық сол,– деді ішкі ашуы əлі де басылып болмаған Бералы салқын
түспен,– ерттеулі атыңды жетектей келдім, аралда күткен жұртқа қазақша
киімдеріңмен көрінсін деп өңгере келдім. Соларды қазір киесін, де атыңа
мініп, бізбен бірге Көкқасқаға қайтасың.
– Оқжетпес осы тұстан жақын деп ең ғой, соны көре кетсек қайтеді?
– Ол болмайды,– деді Бералы қабағын түйген қалпымен.
– Неге?
– Біріншіден, қорқынышпен күтіп тұрған жанды көпшілік жансыз
тастардан гөрі керегірек, екіншіден, қалың орманға бөленген Оқжетпес,
жақын болғанмен жету оңай емес. Оған жететін сүрлеу тіпті тар, кей жерде
жоғалып кетеді; орман арасында қаптаған жыртқыш аңдар. Сол жақтағы
қопалы қамыстың іші толған қыр шошқалары. Олардың торайларын жаңа
ғана өргізген кезі, сондықтан қабандары тұра шауып, қашып құтыла
алмағанды жарып тастайды...
Бералының бұл сөзін қорқыту деп түсінген Шоқан:
– Сонда да тəуекел деп көрсек қайтеді? – деп еді.
– Бір ажалдан əрең құтылып тұрғанда екінші ажалға жібере алмаймын
жəне басы Бапан, боп күтіп тұрған көпшілікті зарықтырудың керегі жоқ.
Соларға кездескеннен кейін, амандығыңды көрсеткеннен кейін Бурабайдың
қай жерін қашан аралауды ақылдасармыз...
Бұл сөздерге көнген Шоқан іздеп келушілермен кейін оралды.
Есімі ел санасына сонша терең сіңген Шоқанды көру, реті келсе тілдесу,
мұң-мұқтажын айту əрбір ауыл адамының арманы болатын. Сондықтан да
Көкқасқа аралына оны көруге жиналған көптің ұшы-қиыры жоқ та.
Олардың еркіне салса сол қаптаған қалпымен «келе жатыр» деген
Шоқанның алдынан шұбырып, жеткен жерлерінде қарсы алу еді, ондай
қимылға басқарушы боп жүрген адамдар «онымыз əдепсіздік болар» деп,
шашау шығармай жұртты қайырып тұрды.
Бұл қыбырлаған жұртты Шоқанның қырағы көзі Көкқасқаның
алқымынан кіре бере-ақ шалды. Бералының айтуынша бұл Шоқанды
көргісі келуге ынтығып тұрған жиын.
– Ендеше тезірек жетейік! – деп Шоқан шоқытпақ болып еді, Бералы
ондай жүрістің көп алдында ерсілігін ескертті. Олар аттарын шерте
аяңдатып топқа таяна берген кезде:
– Енді аттан түскеніміз жөн болар, Бер-аға! – деді Шоқан.
– Неге, Қанаш?
– Көптің аты «көп» қой, Бер-аға. Біз «бірен-саранбыз» ғой, көпке құрмет
көрсеткеніміз жөн болар.
– Өзің біл, – деді Шоқанның бұл кішіпейілдігін іштей ұнатқан Бералы.
– Мен білсем, – деп Шоқан атынан түсе қалды да, ат шылбырының
ұшын қосарлана түскен Жайнаққа ұстатты.
Бералы да аттан түсті. Ол да атының шылбырын Жайнаққа берді. Шоқан
мен Бералы қатарласа, үш атты арттарында Жайнақ жетектей, топқа
таянған шақта Аппас бастаған азғана адам қарсы жүрді. Өзге топ бастарын
төмен иіп, қолдарын кеуделеріне басып қимылсыз тұрып қалды.
Аппас барылдауық дауысты адам еді. Көптен көрмей сағынып жүрген,
бүгін жоғалтып алу қаупі туған Шоқанды көргенде ол құшағын жая,
сөйлене, барқырай жылаған қалпында бассалып көрісті...
Аппастың құшағынан əрең босанған Шоқан былайғы бас иген
көпшілікке жақындап, бар даусымен:
– Ассалаумағалейкум, халайық! – деп сəлем берді де, бəріне құрмет
есебінде оң қолын төсіне басып, басын иді.
Құлақтарына жағымды естілген бұл үн, көптің көңіліндегі төреге деген
көлеңкені жарқырай шыққан күннің сəулесіндей айықтырып жіберді де,
барлық жұрт күнін көргісі келгендей, бастарын бір демде көтеріп алысты.
Шоқан да еңсесін көтеріп, төңірегін айнала қоршаған қалың топқа тағзым
етті. Сол кезде: «Аманбысың, Шоқанжан!.. Жолың оңғарылсын,
шырағым!.. Өркенің өсе берсін!.. Бағын, арта берсін!.. Көп жаса!..» – деген
сияқты амандасулар тұс-тұстан қаптап кетті...
– Бер-аға, мен осы елдің жақынымын ба, жатымын ба? – деген сұрау
қойды.
– О не деген сөзің? – деді Бералы, таңданғандай, – сен де Абылайдың бір
ұрпағы емеспісің? Ендеше, қалайша жат боласың?! Əрине, жақынысың.
– Олай болса, – деді Шоқан, – мен неге бұл елдің қонағы болам?!
– Сен алыстан аңсап келген туыссың ғой, – деді Шоқанның сөзінен
Бералы жалтарыс тапқандай, – сондықтан сені де қонақ есебінде күтудің
ешбір ерсілігі жоқ.
– Жоқ, Бер-аға, мен бұл елге қонақ емес, қонақтарды күтуші болайын.
– Оны ел білсін,– деді Бералы.
– Бералы жеткізген сөзді сырттағы керкілдескендер мақұл көрді.
Олардың Шоқанға деген сүйіспеншілігі арта түсті.
«Жұрттың
көңілін
көншіттім»
деп
ойлаған
Шоқан
олардың
ризашылығын естігеннен кейін енді Бурабай бойын тойға дейін түгел
аралап шығуды мақсат етті. Осы жайды Бералыға ақылдасқанда, ол:
– Ата-мекен біздікі болғанмен, оның қазіргі иесі қазақ-орыстар,– деді
Бералы. Бурабайдың кең көлемді бойында қазаққа қарайтын тоқымдай да
жер жоқ. Осы кең өлкені түгел иемденіп алған қазақ-орыстар, қазақтың бір
малы ішіне өтсе бассалып ұстайды да, «по трава» дейтін шығынын
төлетпей қайтармайды. Кейде табындаған көп мал түсіп кетсе «по травасы»
да ауырлайды. Бір жылы бір байдың қалың жылқысы Бурабайдың ішіне
кіріп, соның «по травасына» Шортанның қазақ-орыстары шығынына деп
елу жылқысын бермей кетті. Жер жайындағы озбырлығы сондай болса,
Бурабай бойындағы «меңіреу» аталатын қалың орманнан бір бұраулық, не
бір сырғауылдық ағаш кестімейді. Кесіле қалса бір ағашқа бір қой айып
тарттырады. Орманның əр тұсында «лесник» деген атпен қойылған
күзетшілер бар. Олар маңайына жолаған қазақтарды «ағаш ұрлай жүрсін»
деп бері салғанда айып тарттырады да, əрі салғанда сабайды. Сондай
соққыдан өліп кеткен қазақтар да жоқ емес.
– Ендеше, – деді Бералы сөзін қорытып, – бұл таудың ішін саған
аралатар қазақ жоқ жəне көптен көрмеген тау ішінің соқпақтарын да таба
алмайды қазақтар. Оның үстіне: аю дей ме, сілеусін дей ме орман ішінде
өріп жүреді. Ырқын таппаған адамдарды олар жазым қылады. Батылдық
көрсетем деген кейбір орман аралаған қазақтарды аюлардың жеп қойғаны
да бар. Сондықтан қазақ атаулы «меңіреуге» бас сұғуға қорқады.
– Қазақ-орыстар ше? – деді Шоқан.
– Олар қарусыз жүрмейді ғой жəне топтанып аңшылайды. ...Сонымен –
деді Бералы сөзін аяқтап. – Орыстарға да ықпалын, жүретін көрінеді ғой,
тауды аралағың келсе басшыны солардан ал.
– Мақұл, – деді Шоқан.
Көкшетаудағы Аргуновтың ұйғаруынша, Шортандағы қазақ-орыс
жүздігі оның атаманы Карабашев Шоқанның қарамағында болуға тиісті еді.
Шоқан Көкқасқаға екі түнеп үшінші күні таңертең тұрып жатқанында,
қасына бір взвод салтты əскер ерткен Карабашев жетіп келді. Ол
Шоқанның Бурабай ішін қазақ-орыстарға бастатып аралау ойын мақұлдай
кетті.
– Осы солдаттармен өзім бастап аралатам, – деді ол.
Біреулердің айтуынша Карабашевтың да арғы атасы Қарабас дейтін
шоқынды қазақ. Сондықтан Шоқанға қаны тарта ма, əлде өзінен дəрежесі
жоғары Аргуновтың «қызметіңді жақсылап атқар» деуінен бе, жылпос
мінезді Карбашев Шоқанның алдында құрақ ұшады.
Карабашевтың бастауымен, он шақты солдаттың қостауымен Шоқан
Бурабайдың іші-сыртын түгелге жақын аралады. Қазақтардан қасына ергені
жалғыз Жайнақ. Бералының да ергісі келіп еді, басқа жабдықтардан қолы
босамады. Жабдығы,– негізгі салынған Шортан станицасына салған
Шоқанға күн сайын ауылдан керек қылатын азықтарын жеткізіп тұру.
Оның үстіне, тауды аралаушылар ретіне қарай атты да, жаяу да, су
бетінде қайықпен де жүретін болғандықтан, Бералы ондай жүрістерге
төзетін емес.
Шоқанның тау аралағанда байқауынша Абылай заманында келіп осы
төңіректі сипаттаған офицер таудың бойындағы əдеміліктерді мейлінше-ақ
дəл көрсеткен екен, Шоқанның оның қолжазбасынан танысқаны мен
көзбен көргендегі айырмасы, көзіне ұшырағандардың бəрі тірі тұрғандай
елестейді, ал, сипаттауда бұлардың бəрі өлік, бейнесінде. Олай көруіне
Шоқан таңданбайды, өйткені қашан да тірі табиғаттың елі суреттен
əлдеқайда қызғылықты екенін жақсы біледі...
Бурабайдың сұлулығына сүйсіне жүре Шоқан оның бойынан офицердің
қаламымен бояуына түспеген бірталай тамашасын байқады. Бірінші
тамашасы, бұл таудың өн бойында бықып жатқан алтыны.
Жергілікті жұрттың ертегі ғып айтуынша осы таудың орнында, бір
заманда алтыннан жаралған көл бар екен дейді. Жаратушы жер бетіне
тауларды үлестіргенде аспаннан осы көлдің үстіне Бурабай тауы құлаған
екен дейді. Сонда, Алтын көлді тау басып қалып, шашырандылары
төңіректегі құмға сіңіп кеткен екен дейді. Алтын ұнтағын жинаудан қазақта
да байығандар бар дейді. Мысалы Бурабай төңірегіндегі Қарауыл руынан
шыққан Жантайдың Дүйсембісі. Ол бастапқы кезде «қасқыр көз» атанған
жалғыз күйрік атынан басқа малы болмаған кедей екен. Қазақ-орыстардан
көріп алтын ұнтағын жинауға кіріскен оның кішірек бір сандық алтыны
болған деседі. Сонысына күпсіген ол, Айдостың Махамбеті дейтін мың
жылқылы байға:
– Сенің бар байлығыңды мен бір қалтаммен ғана сатып алам, – деп
мақтанады екен.
«Қармай берсе қар да таусылады» дейді қазақ. Сонысы расқа шыққандай
Бурабай маңының құмына сіңген алтын ұнтақтары, жабылған жұрт елей
берген соң таусылады да, орындарында тек шұқанақтары ғана қалады.
Шоқан бұлардың көбін аралап көрді. Сонда көрген жерлерінің беті араның
ұясындай шұрық-шұрық тесік.
Құмдағы ұнтақты солайша екшеп тауысқан жұрт, енді «тау басып
қалған» алтын көлдің өзін іздеуге кіріседі.
– Сонда, – деп ертегілейді тұрғындар, – бір таудың астын қазған жұрт,
аржағындағы кең үңгірге кез келеді. Оның іші илеуінде құжынаған
құмырсқадай қалың жылан екен. Қазушылар содан қашып қырға шығып
кетер деген қауіппен қазған құдықты бекітіп тастайды.
– Содан бері, – деді бұл əңгімені Шоқанға айтушы жұрт,– жер астына
ұмтылуды қойып жүр еді, енді соңғы төрт-бес жылдың ішінде неміс дей ме,
ағылшын дей ме, орыс сияқты əлдекімдер шұқылап жүр.
Қазақ болып кеткен, атақты Науан хазіреттің əйелі Хұснөл-Банаттың
əкесі Фахридднн дейтін татар шығарған деп, бір жыршы Шоқанға
«Шаһмаран» атты қиссаны жатқа айтып берді. Бұнда жер астындағы
жыландардың патшасы – Маран сипатталады екен. Фахруддин бұл қиссаны
Бурабай төңірегінің ертегілеріне құрған.
Бурабай тауының астындағы байлықты жұрт осылай ертегі қылса,
үстіндегі байлығы одан да артық сияқты. Мысалы, өсіретін егін. Тау
төңірегінің топырағы мейлінше құнарлы екен. Оның қара қыртысының
қалыңдығы көзден артық. Осы топыраққа, бұл маңайға жаяулап келген
сияқты болған қазақ-орыстар аз жылдың ішінде егіннен де бұрқырай байып
кеткен.
Сонда балық аулаудан, жер қорудан басқаға шорқақ қазақ-орыстар егінді
жалдамалы қазақтардың күшімен өсіреді екен. Жерді соқалайтын,
майдалайтын солар, қазақ-орыстар тек тұқымын ғана сеуіп береді, одан
кейін күтетін де, оратын да, соғатын да, сарайларға таситын да жалданған
қазақтар. Соншалық еңбегіне алатыны «тоқты-торымның құны» дегендей
дəннің бірер қап елендісі ғана.
Қазақта «алтын, күміс тас екен, арпа бидай ас екен» деген мақал бар.
Соның растығына қазақтардың көзі қазақ-орыстармен араласа жетті. Баяғы
«атам заманда арпа мен тары егіпті-міс» дейтін қазақтар, одан бері егінмен
шұғылданбай, тек мал өсірумен ғана кеткен. Енді, қазақ-орыстардан
нанның дəмін татып көргеннен кейін «бар жиғанын соған сап» бір қап
астыққа бірнеше қой, немесе ту сиыр, құр ат беретін болған.
«Сынықтан өзгенің бəрі жұғады» дегендей қазақ-орыстарға еліктеп
қазақтан бірер десятина егін себе бастағандар да көрінген. Мысалы,
Бурабай тауының ық жағын мекендеген Ақсары Керейде Маңқаның,
Шағырайы деген кісі болған екен. Сол адам бастапқы жылы ауыл
қотанындай аумаққа бидай өсіріп жақсы өнім алған да, сол араның -болысы
жəне байы Қарпықтың Жанботасы бір қап астық сұраған. Шағырай ол
өтінішін орындай қоймаған соң, келесі Жылғы егінін өсіп тұрған шағында
Жанбота малына таптатып, қала болуға ыңғайланған Шағырайдың ауылын
өртетіп жіберген. Содан қорқып қазақтан ешкім де егін салмайтын болған.
Қазақ-орыстардың тез баюына бір себеп,– балық. Бурабайдың бойында
сексен көл бар деседі. Солардың көбінің іші бықыған балық. Қанша ауласа
да таусылмайтын бұл балықты, аушылардың судан шелекпен іліп алғанын
Шоқанның өз көзі көрді. Неткен көп балық!.. Бірақ, қазақтар осы байлықты
да пайдаланбайды. Олар балықты жеуді жақсы көреді де, аулауды жек
көреді.
Қазақ байғұстың ағам заманнан бері есіріп күн көріп келе жатқаны
жалғыз – мал. Бірақ бұның тұрақты шаруа емес екені ғасырлар бойында
əлденеше рет дəлелденген. Содан «батыр – бір оқтық, бай – бір жұттық»
деген мақал шыққан. Ол мақалдың растығын жас Шоқанның өзі де көрді.
«Мыңқырған» аталатын талай байлардың, кейбір жұт жылдарда құрық
ұстап қалғанына өзі куə.
Сондай шығынға ұшырай жүре бұрынғы қазақтар мал шаруасының
олқылығын тез толтырып алған. Оған жағдай жерінің кеңдігі, мысалы,
қыстауын жылы жақ Сыр мен Шудың бойында өткізіп, жайлауын Арқа мен
Сібірдің жазықтарында алуы.
Осы жайылым кейінгі кездерде тарылып, қазақ даласына Ақтөбе,
Торғай, Атбасар, Көкшетау, Ақмола, Қарқаралы, Баян қалалары орнап,
олардың арасына қазақ,- орыс станицалары тартылғаннан кейін көштің кең
жолы əр тұстан кесілген. Қазақ-орыстар қазақтардан «біркот алып,
тамақтарын тойғызбай көштерін өткізбеген. Шоқан сұрастырып көрсе
қазақтардың «біркот» деп жүргені, орыстың «проход» деген сөзі екен.
Шоқанның ойынша, көш жолы бұлай тарыла берсе мал шаруашылығының
алды да тұйықталатын...
Бурабай бойына біткен осынша көп байлықты іске асыруда Шоқанның
өз пікірлері бар. Егер қызметі жағып, сəті түсіп қазіргі патша екінші
Александрға жолыға қалса, Шоқан оған жалпы Сібірдің, оның ішінде қазақ,
дуандарының байлықтарын бұғаудан қалай босатып, қалай өркендету
жайын түгел айтқысы келеді. Сол сөздеріне реформатор атанып жүрген
жаңа патшаның құлақ асуына күдіктенбейді.
ЖҰМБАҚ ЖҮРІСТЕР
Шоқан Бурабай бойын армансыз аралап, асық ойынының тілімен
айтқанда, бүгесі мен шігесін, алшысы мен тəйкесін, омпысы мен
шомпысын түгел көрді. Карабашевтың «ең соңында шығамыз» деп
қалдырған жалғыз биігі – Көкшенің қырқа жотасы. Оның айтуынша ол
биікке көтерілетін жалғыз тұс – Оқжетпестің Абылай алаңы жақ желкесі.
Бірақ, аттың аты ғана жəне бұрын көтеріліп кəнігі болған ат қана шыға
алады. Сондайын шамаламай көтерілем деушілердің талайы апатқа
ұшыраған. Жасы егде тарта бастаған Никонор Карабашевтың өзі де бұл
желкеге өмірінде бір-ақ рет көтеріліп, қайтарында тастақты тік сүрлеуден
аты тайып, аз-ақ өлмей қалған.
Карабашевтің айтуынша Көкшенің, қырқасынан Бурабай тауының іші-
сырты, ұңғыл-шұңғылы алақанның аясындай айқын көрінеді. Сырт
жағында алпыс шақырым дейтін Көкшетау қаласы аяқтың астында
тұрғандай болады, Көкшетау дуанындағы таулардың бұл жотадан
көрінбейтіні жоқ.
Осы сөздерді естіген Шоқан Көкшенің жотасына шығуға құштарлана
түсті. Ол Оқжетпестің, желкесіне, реті келсе, шыңның төбесіне шығуға да
ынтық. Етегінен басына қарағанда адамның бөркі түсетін бұл биік шыңның
төменгі жағын қалың орман қоршап тұрады да, жырақтан болмаса жақын
жерден бойын көрсетпейді.
Абылай заманындағы офицер Оқжетпестің шыңын көне Мысырдағы
ферғауындардың əсіресе, ең биігі – Хеопстың пирамидасына ұқсатқан.
– Бірақ,– деген ол,– жалпы ұқсастығы болмаса, Оқжетпес Хеопстан
əлдеқайда мол, əлдеқайда биік. Пирамидаға қаланған тастардың ең ауыры
екі-үш тонна ғана болса, Оқжетпеске қаланған кейбір тастың салмағы
пəлен мың тоннаға жетер еді.
Офицер Бурабай тауының қойнауын, əлдене алыстағы заманда, əлдене
патшалықтың астанасы боп, кейін əлдене себеппен қираған зор қаланың
орнына əр жерінде өскен шоқырларын патшалардың пирамидаларына
ұқсатады. Сондай белгілі жəне естен кетпестік орындардың ішінде
Шоқанның көзіне Оқжетпестен соңғы ең қызықты көрінген орын,
Көкшенің шоқтығы сияқты тұсынан көрінетін, қираған əлдене сарайдың
сақталған қабырғалары мен сəкісі сияқтанған бір ойық тас.
Карабашев оны «сайтан сырғанақ» деп атады да, ол туралы тұрғын елдің
төмендегі ертегісін айтты.
– Тіпті армандағы заманда,– деді ол,– осы Бурабай əлдене құдіретті
патшаның астанасы болған екен дейді. Оның тұрағы сонау «Сайтан
сырғанақтың үстіне орнаған сарайдай екен дейді. Патша əйелқұмар адам
болса керек кең сарайды толтыра əйелдерін жинап ап, елді басқарудың
орнына əйелдермен сауық құрады екен дейді. Бүйтуіне тəңірі қаһарын тігіп,
тауды сілкіндіреді де, сарайды қиратады. Құлаған тастары төмен домалаған
сарайдың табаны сияқтанған кең орны жын-сайтанның ойнағына
айналады. Таудың жотасынан төмен қарай құлдырап тік түскен «Сайтан
сырғанақтың» Шоқан Карабашевтан ұзын жəне көлденең ендерін сұрады.
– Шамалаушылардың жобасынша,– деді Карабашев,– бұл подвалдың
ұзын тұрқы жүз құлаштай, көлденеңі елу құлаштай деседі.
Көкшенің жотасына шығуға, аттарды тағалатып, ерге құйысқан жəне
өмілдіріктер байлатып, Карабашев əзірліктер жасады. Сол бір күндерде
Көкшетаудан шапқын келіп Шоқанға екі пакет тапсырды: біреуін ашса,
патшаның таңда отыруына байланысты. Бурабай бойында жасалуға тиісті
тойдың болмауы хабарланған, екіншісі,– генерал-губернатордың кеңсесінен
Шоқанның Омбыға тез оралуы туралы бұйрық.
Той туралы бұйрыққа Батыс Сібірдің соғыс губернаторы Карл
Казимирович Гутковский қол қойған. Бұл бұйрыққа Шоқан іштей қуанды, –
«Тəттімбеттің қолынан жолданған шағым хат патшаға жеткен болар, мынау
соның салдары болар» – деп жорыды ол.
Өзі жайындағы бұйрықта, оның Орта Азияға жұмсалуы туралы Гасфорт
жасаған ұсынысты патшаның қабылдағаны, бұл сапарға жиналудың
қажеттігі ескертілген. Бұл да Шоқан үшін үлкен қуаныш.
Тойдың болмауы туралы бұйрық қазақ, дуандарының аға сұлтандарына
тығыз шапқын жіберілді. Неге бұлай болуын, олардың ішінде, Шорманның
Мұсасынан басқасы болжай алған жоқ. Мұсаның болжауы,– ол
Тəттімбеттің ағасы Құттымбетпен жан аяспас дос та жəне құда да болатын.
Тəттімбеттің ағасынан жасырар сыры болмайтын. Петербургтан қайтқан
ол, «Аға, жан адамға тісіңнен шығармассың» деген өтінішпен, патшаның
атына шағым хат жолдағаның өйтуіне Шоқанның ақылшы болғанын
бастан-аяқ, түп-түгел айтып берген. Бұл кеңесті Құттымбет Мұсаға айтып,
Шоқаннан сөз шықпауын өзіне ескерт жəне бақыла, егер сөз шықса менің
ініме де, сенің жиеніңе де, басқа сұлтандарға да, Омбы əкімдеріне де
жаманат келтіруі мүмкін деген сақтандыруын айтқан.
– Олай бола қалғанда,– деген Құттымбет Мұсаға,– талайлардың өліп
кетуі мүмкін.
Бұл сөзден зəресі кеткен Мұсаның Омбыдағы əкімдер бұндай хабарды
сезген-сезбегенін білу үшін Омбыға барғысы келді.
Ол қазақ сұлтандарының ішінде Омбыға көп барғыштардың біреуі
болушы еді. Жерінің жақындығынан ба, жұмыстары бола беруден бе, оның
үйіндегісінен Омбыда жүретін уақыттары көп. Сондағы бар мақсаты ретін
тауып, «ісім түсер-ау» дейтін Омбы əкімдеріне, əсіресе Гасфортқа кездесе,
реті келсе сөйлесе, жақындаса беру. Қазақтың «Құрғақ қасық ауыз
жыртады» дейтін мақалын есінен тастамайтын ол жолыққан əкімдерінің
дəрежелеріне лайықты сый-сыяпатын ала баратын. Өткен бір жылдарда
Қытай мен Россия арасындағы бір дауды бітіріп қайтатын комиссияның
бастығы боп Мұса Шорманов барған. Сол сапарында ол қытайлардан жəне
Монғолдардан:
«Қойтұяқ»,
«Тайтұяқ»,
«Аттұяқ»
аталатын
алтын
жентектеріне (слиток) қоржынының бір басын толтырып қайтқан. Сол
олжасынан Омбының кейбір əкімдеріне, əсіресе генерал-губернаторға
ептеген үлес беріп қоятын. Сондықтан генерал-губернатордан бастап бергі
бірнеше əкімдермен əкей-үкей болып, ара-тұра олармен жасырын түрде
«кіршіме» аталатын бал сыра да жұтып қоятын. Сымбатты биік денелі,
көркем кескінді, сыпайы сөзді, тапқыр ақылды, табанды қылықты, тұрақты
мінезді Мұса Омбы əкімдеріне түгелімен сүйкімді де болатың көбімен
жақын да жүретін. Кейбірінің үйіне, əсіресе Гасфорттың сарайына қонып
қалатын кездері де аз болмайтын.
Сондай қадірлі Мұса Омбыға келіп əрқайсыларының тамырын басып
байқаса, шағым хаттың патшаға жетуіне олар түршігеді де, бірақ бұл иістің
кімнен шыққанын шамалай алмайды. Шоқанның қатынасы бар деген ой
Гасфортқа үш ұйықтаса келер емес. Ол күдіктенудің орнына Шоқанды
көтермелей сөйлеп, «оны ұлы дəрежелі император Орта Азияға менің
ұсынуыммен
жұмсайтын
болды.
Егер
тапсырылған
жұмыстарды
абыроймен атқарып келсе, мен оны сібірлік қазақтар басқармасының
председателі етіп тағайындауды Ұлы патшамыздан өтінем»,– деді.
Гасфорттың бұл сөзіне қуанған Мұсаның есіне Құттымбеттің сөзі түсіп,
«бұл хат тексерілсе, Шоқанның да қатынасы бары анықталса, Гасфорттың
басындағы оған деген жылылық суып, дос орнына қас болып кетуі мүмкін
ғой. Сонда генерал-губернатормен ұстасуға Шоқанның əлі келе ме?» –
деген ойға батты Мұса.
Бұл ойдың тереңінен малтып шыға алмаған Мұса Шоқанның өзінен
анығына жетіп, соған қарап не шара қолданудың ретін қарастырмақ болды.
Оның сандық түбінде бір аттың төрт «тұяғы» түгел жатқан. «Алтын көрсе
періште жолдан таяды» дегендей, жақсы көретін жиенін аман сақтап қалу
үшін Гасфортқа солардың бəрін де өткізуге Мұса бейіл. Бірақ, бірден өзі
барып қалса мінезі тігін жиенімен жанжалдасып қалуы мүмкін, сондықтан
алдын ала Шыңғысқа кісі жіберіп, Шоқанмен екі жақты сөйлесуді мақұл
көрді. Ондай кісілер үшеу: бірі – өзінің көмекшісі санайтын, Баянауылдың
кіші сұлтаны, сенімді досы болғандықтан Петербургқа екі рет ертіп барған
адамы Малкелдінің Сенербайы, екіншісі – тағы бір сенімді серігі
Боштайдың Құсайыны. Үшіншісі – əрі шабарманы, əрі əншісі ғып ұстап
жүретін пысық жігіт Сатылғанның Жарылғабы.
Мұса бұларды Шыңғысқа жұмсаудың сылтауын да тапты: соңғы
қоштасарда, Шыңғысқа ол:
– Жезде, апам болса қартайып келеді енді сүйек жаңғыртпаймыз ба, –
дегенді айтқан.
– Жаңғыртайық,– деген Шыңғыс көне кетіп, – сонда, қайсымызда қыз,
қайсымызда ұл бар?
– Астамшылық болмасын, жезде, – деген Мұса,– менде қыз бала əзірге
жоғырақ. Садуақас дейтін үш-төрт жасқа келген ұлым бар.
– Ендеше менде сол шамадағы қыз бар.
Екеуі осы екі баланы атастырмақ боп, еліне қайта Мұса құдалыққа кісі
жібермек боп ажырасқан. Əлгі үш адамды Мұса Көкшетауға осы
сылтаумен аттандырмақ. Аттанарда оларға айтқаны: «Шоқан бұл күндерде
Бурабай маңында болу керек ол жолдарың. Бірақ сендер оны білмеген боп
етіп кетерсіңдер де, Имантаудағы Шыңғыстың ордасына тік тартарсыңдар.
Шыңғыстың Бурабай бауырына үй тігетін уақыты да жақындады. Онымен
сол арада түйісерміз.
Осындай тапсырма берген Мұса шағым хат жайындағы құпиясын
Көкшетауға жұмсаған адамдарынан жасырды. Шоқанның Шыңғыспен
екеулеп отырып анықтағысы келді.
Баянауылдықтар барса Бурабайға үй тіктіруге əзірленген Шыңғыс
тойдың болмауы туралы бұйрық хатты алып, не себепті екенін біле алмай
сасқалақтап отыр екен. Ол Мұсаның құда түсу ниетін қарсы алды. Бірақ
оларға келмей, неге Бурабайда түйісуді бұл түсінбеді. Сонда да дəрежесін
өзімен тең көретін, туысын жəне кісілігін өзінен артық көретін жандай
досы Мұсаны Бурабайда қарсы алмақ боп жергілікті кіші сұлтан
Қарпықтың Жанботасына, «Күміс» аталатын көлдің жағасына өзіне, ере
барғысы келетін бəйбішесіне арнаған үйді «Жайнақ» көлінің жағасына, екі
арадағы «Ақ» аталатын көлге Мұсаға арнаған үйді тіктіруге шапқын
жіберді. Ертеңіне, «үй тігіліп болған шығар» деген шамада пəуескеге
жеккен пар атпен делбесін Абаға ұстатып Шыңғыс жүріп кетті. Сол күні
кешке қарай бір пəуескеге жалғыз өзі сиятын Зейнеп те жолға шықты.
Баянауылдықтар апасына ерді. Олардың арасында жалғыз атқа жеккен
тарантасқа, Зейнептің күтушісі саналатын Бөкен мен Айжан отырды.
Олар солай тарта берсін, біз Шоқан жағына оралайық.
Баяндауылдықтардың соқпай етіп кеткенін Шоқан біліп отырды.
Олардың Имантауға жым жолмен кетіп бара жату себебін ол жоралмалдады
да. Оның ойынша тойдың болуы туралы бұйрық сұлтандардың бəріне де,
олардың ішінде əкесі Шыңғыс пен нағашысы Мұсаға да жетуге тиісті.
«Бірақ олар бұндай бұйрыққа не себеп болғанын білмей əуре-сарсаң болып
жүруге тиісті. Сондықтан бастарын қосып қалай білу жайын ойластырып
жүрген шығар» – деп жорамалдайды Шоқан.
– Бастарын қосқан олар, «сен білетін боларсың деп мені қыстаса қайтем
деген де ойға келеді Шоқан. Шынын айтпауды екіжүзділікке санайды,
ондай қылыққа барғысы келмейді. Ал, айтқанда ше?
Бұл сұраудың алдында Шоқанның жүрегі дірілдей қалады. Өйту –
əкемен де, нағашымен де ат кекілін біржола кесісу. Əкемен айрылу, көптен
бері «дүрдараз, бірде тату, бірде араз» болып келе жатқан Шоқанға
оншалық ауыр сияқты емес. Оны қатты ойландыратын нəрсе Мұсамен
араздасу. Алғашқы көріскен күндерінен бастап Шоқан одан жылылық
туысқандықтан басқа ешбір сырын аңғарған емес. Мұса оны жанындай
жақсы көретін адам сияқты. Оның да шен мен шекпенге құмарлығы
əкесінен кем емесін Шоқан жақсы біледі. Бұнысын күн көрістің тілегінен
туатын жəйтке санайды. Сондықтан оны бұл қылығы үшін кіналамайды да.
Сонша жақын көретін адамы, ертең шағым арызы тексеріліп сөзге іліксе,
ел ішінің өңге əкімдері сияқты бұның да былықтары ашылса, жаулар
жағына шықпағанда қайтеді Мұса?!..
Өзге жаулармен сойылдасуға Шоқан бейіл жəне əзір сияқты. Мұсамен
өйтуге батылы да жетпейтін сияқты...
«Жүз ойланып, мың толғанып...» дегендей осылардың бəрін салмақтап
келгенде егер əкесі мен нағашысы сыр сұраса Шоқан ағынан ақтарылуға,
содан кейін не салмактары болса да шыдауға бекінді.
Бірақ, бұл ниетіне жете алмады ол.
Көкшенің жотасына көтерілмей кетпеу ниетінен қайтпаған ол, осы арада
түйіседі деп жорамалдаған əкесі мен нағашысы келгенше мақсатына жетіп
үлгірмек болды да, Карабашевқа «бүгін кешке дейін аттарын əкелсін» деген
хабар айтты. Оның əкелген аттары ығай мен сығайлар екен. Соңына ерткен
төрт-бес солдаттары бар. «Жыртқыш аңдар кездессе» – деп бəрі де
қаруланып алған.
Қазақтардан Шоқан жалғыз Жайнақты ғана ертті.
Аттар тауға өрлеуге кəнігі екен. Қандай тастақты, тікшіл соқпақтарға
мысықтай өрлейді. Бұндай жерлермен жүріп дағдыланбаған Шоқан, аты
еңіске төмендегенде басынан лықып түсіп қала жаздап, өрге тырмысқанда
жаясынан сыпырылып қала жаздап, кейде аттың жалына, кейде
құйысқанына жармасып, Оқжетпеске əрең дегенде көтерілді.
Төменнен қарағанда желкенің аржағындағы қия тас ап-аласа сияқты еді,
желкеге барғаннан кейін ол тас сорайып ұзарып кеткендей болды. Қалаған
кірпіштей тіп-тік боп өрілген шоқы, үстіңгі етегінен, шамасы елу құлаштай
биік сияқты. Ол аяқ жері азғантай жалаңаш тас екен. Оған көтерілуге
Жайнақтан басқаларының жүрегі тұрмады. Ол өзгелерінің «өлесің» дегенін
тыңдамай, «ажалым осы арада жетсе амал қанша» деді де, тастан тасқа
арқардай ырғып лезде төбесіне шықты да кетті. Бұдыры аз тастан оның
түсуі шығуынан да жеңіл сияқтанды.
«Оқжетпес» пен Көкше шоқтығының арасында «Үш қыз» атанатын
біріне бірі жалғаса біткен үш шоқы тас бар. Ертегінің айтуынша,
«Оқжетпес бір кезде жаны бар батыр екен. Оның бір-біріне тетелес өскен,
бəрі де бойжеткен үш қарындасы болады екен. Бір мезетте, қапыда қаптап
жау келіп қалғанда, ұйқысынан шошып оянған Оқжетпес атып
түрегелгенде үш қарындасы артына тығыла қояды. Содан кейінгі бір
заманда ағасы да, қарындастары да тас шыңға айналып кетеді...» Етектен
қарағанда Оқжетпес пен Үш қыздың жəне Көкше шоқтығының аралары
жап-жақын сияқты көрінеді. Бірақ, ерлеген кезде ол аралар недəуір қашық
екен. Соларды бойлаған аттар Көкшенің шоқтығына ақ көбіктеніп əрең
көтерілді.
Карабашевтың «сол шоқтықтан бұл өңірдегі таулардың бəрі түгел
көрінеді» дегені рас екен. Шоқан күдістеу біткен шоқтықтың үстіне шыға
келгенде жан-жақтағы таулардың бəрі де сайрап қоя бергендей əр тұс та
сүйірлене көгеріп жарқырай кетті.
Шоқанға олардың бəрі де таныс сияқты.
– Анау,– дейді ол шетінен санап,– əрине «Жаман Жалғызтау»!.. Əне,
ботадай «Сырымбет»!.. Əне, інгендей өркештенген «Айыртау»!.. Сонау,
семіз нардай теңкиген «Қошқарбай»!.. Сонау, қосақталған тайлақтай қатар
тұрған «Екі жыланды»!.. Əне, бір үйген жүктей көрінген «Сандықтау»!..
Əне бір түсінің жасыл я көктігі белгісіз бұлдыраған «Зеренді»!.. Анау
үйірінен адасқан аттай жеке жайылып жүрген «Ақаң»!.. тағы да толып
жатқан таусымақ адырлар мен шоқылар... Абылай заманының офицері
айтқандай бұл таулардың бəрі үлкен бір бай ауылдың жеке үйлері
сияқтанады. Не деген тамаша ауыл!.. Не деген көркем таулар!.. Осынша
көркем жерде туғанына Шоқан шалқи мақтанады!..
Соның бəрін көзімен мейірлене шолған Шоқан, бəрінің ордасы немесе
үлкен ауылы сияқтанған Бурабайдың да өн бойына тамашалай қарады.
Үлкен бір таудың бейнесі аумаған шөккен бура тəрізді. Оның аржағында
«Бас батыр» аталатын жота да, шалқасынан қимылсыз жатқан алып адамға
ұқсайды, əне, ұзындығы шақырымдай болатын қоңқиған мұрыны!.. Əне,
жартастана біткен қалың қабағының үстіне қасындай боп түксие ескен
қалың қарағай!.. Əне, тақыр тастардан жалпая біткен кеудесі!.. Қысқасы,
бұл да тас боп қатқан адамның бейнесіне дəл келеді...
Бұл көркемдіктерге, қанша қадала қарағанмен көздің сусыны қанар емес,
сондықтан Шоқан Карабашевқа «Сайтан сырғанақтың» тұсын көрсек
қайтеді деген тілегін айтты.
Ол сырғанақтың жоғарғы жағында су агар сай сымақ болушы еді, соның
арғы жағындағы дөңесіне шығу ниетімен Шоқан саяңнан атын қарғытып
етпек болды. Ат қарғуға жүрексінгендей таянып кеп тұра қалды да, кейін
басқысы келгендей шегіншектеді. Оны аттың босқа қорқуына санаған
Шоқан қарғыту ниетінен қайтпай, бүгежектеген атты таңынан ала өткір
жуан қамшысымен тартып-тартып қалды. Қамшы батқан жануар амалсыз
ырғымақ болғанда, алдыңғы аяқтары саяңның арғы құрғақ ернеуіне емес,
сазданған тұсына ілікті. Сазға сырғанады ма, əлде оның асты босаң ба,
аттың тіреу таба алмаған алдыңғы тұяқтары «Сайтан сырғанаққа» қарай
жылжи бастады.
Жайнақ Шоқанмен қатар тұр еді. Шоқан атының төмен сырғуынан
қорыққан ол, төменге қарай кетіп қала ма деген қауіппен, өз атынан қарғып
түсе, Шоқан атының жуан қыл құйрығына жармаса кетті. Бірақ, жылжыған
атты тоқтатуға күші келмейтін сияқты...
Сасқалақтап жан-жағына қараған Жайнақтың көзіне сол арада тасты
жарып өскен жуантық қарағайдың қисық түбірі шалына кетті. Шоқан атын
тоқыратуға өз күші келмеуіне көзі жеткен Жайнақ, қыл құйрықты əлгі
түбірге орап үлгерді. Сол кезде, сазға тайғанаудан ба, əлде саз астының
күтірлей төмен құлаған тастарынан тіреу таба алмағаннан ба,– құйрығы
түбірге оралған ат, қалталақтап барып мінер жақ қабырғасынан жығылды...
Карабашев та, солдаттары да бұл кезде аттарынан түсіп, Жайнақтың
қасына жүгіре басып келіп қалған. Сол арада бірімен-бірі жіптен ұстасып,
ат құлаған тұстан үңілсе, аржағы тасы мап-майда құлдыраған құз. Соның
ернеуіне аттың тұмсығы тақалып тұр. Егер құйрығы босаса-ақ ат та,
«аяғым!» – деп зар қаққан Шоқан да əрі қарай домалап кете баратын. Онда,
екеуінің де күлпəрасы шығуында сөз жоқ. Не істеуге білмей сасқалақтаған
Карабашевтың басына келген ой,– Шоқанға ұшын тұзақтаған жіп тастау
керек те, соған жармастырып, аттың құйрығын босату керек сəті түссе
Шоқан сонда сыпырылып қала береді. Жанын сақтаудың одан басқа
шарасы жоқ.
Шоқанға ол осыны дауыстап ұшын тұзақтаған шылбырды түсіріп еді:
– Ұстадым! – деген даусы естілді оның.
– Берік бол!..
– Шамам жеткенше.
Сол кезде, кейін сүйреп алуға шамалары келмейтін аттың құйрығын
Карабашев босаттырды. Қирап өлуіне көзі жеткендей болған жануар
шұрқырай кісінеп, төменге тастай домалап кете барды. Шоқанның
«Тартыңдар!» деген аянышты даусы естілді.
Оны үстегілер жоғары көтеріп алса, сол жақ аяғының сүйектері сынғаны
я еті езілгені мəлімсіз, бұл аяғын баса алмайды.
Көкмойнақтың кезеңінде, маңайдағы станицалардың қазақ-орыстары
жаз айларында əскерлік ойынмен шұғылданатын алаңы болушы еді. Сол
арада «басы ауырып, балтыры сыздағандарға» жедел жəрдем көрсететін
фельдшерлік пункт болатың. Карабашевтың ұсынысы мертіккен Шоқанды
соған тезірек жеткізу керек. Фельдшері орнында болуға тиісті. Бірақ оған
атпен апаруға мүмкін емес сияқты. Шоқанның атқа отырар жайы жоқ.
– Енді не істеу керек? – деген Карабашевқа:
– Мен арқалап алам! – деді Жайнақ.
Аяғынан ауырсынған Шоқанды солдаттар Жайнаққа арқалатты. Қарулы
Жайнақ оны шопақ құрлы көрген жоқ, емпеңдеп ала жөнелді...
ЖАН ЖОЛДАСТАР
Орыстар «Госпиталь» деп атайтын дəрігерлік орынды, қазақтар
«Қосбайтал» дейтін еді. Олай дейтіні, ілгерірек бір кезде осы арада
қосақтаулы жүрген екі байталды қасқыр жеп кеткен. Сол орын
«Қосбайтал» атанған да, соған салынған «Госпитальға» қазақтардың тілі
келмей, «Қосбайтал» атап, сол атымен кете барған.
«Врач» дегенді қарапайым орыстар «лекарь» дейді, оның қазақшасы,–
«емші» ғой. Қазақтар «Қосбайталдық» дəрігерін «емші» демей, «лекер»
дейді. Олай дейтіні, осы емханаға жігіт кезінде келіп қазір шал болған
фельдшердің шешек егуден басқа қолынан келері жоқ. Сондықтан басқа
ауруға жəрдемі жоқ фельдшерді қазақтар «ə, оны қоя тұршы!.. Ол емші
емес, жай лекер ғана ғой» дейтін.
Сонымен қазақ арасына «лекер» аты жайылған фельдшер, алдына келер
науқастар аз болғандықтан «жергілікті жағдайға үйлесіп, көбінесе бос
болатын уақытын мал өсіруге пайдаланатын. Жыл тəулігінің барлық
уақытында жақын бос тұратын «Қосбайталдың» үйін ол шаруашылығына
пайдаланып, ішіне тауық, үйрек, қаз сияқты құстарын; сыртына қой, ешкі,
шошқа сияқты малдарын өсіретін. Сондықтан «Қосбайталдың» іші-сырты
үнемі лас болып жататын. «Сестра» деп ұстайтын əйелі мейлінше салақ
адамды...
Мертіккен Шоқанды жолдастары жеткізген шақта, «Қосбайталдың»
былыққан үйі сол қалпында екен. Одан арғы жерге жетуге шамасы жоқ
Шоқан, «Қосбайталдың» лас ішін тез сыпырттырды да, ішіне қалың шөп
төсеп сонда жатты. Лекердің шамалауынша мертіккен аяқтың сүйектері
түгел қираған, оны енді ұршығынан кесіп тастамаса болмайды. Сөйте
қалған күнде бұл операцияға, бұл өлкеде, Омбыдан басқа жасар жер жоқ.
Оған жөнелту үшін, біріншіден – Аргунов хабарланбай болмайды, өйткені,
Шоқанның тағдырына бас жауапты – сол. Екіншіден – бұл маңайда
Шоқанды Омбыға жеткізерлік арба жоқ. Ондай арба тек Көкшетауда ғана
бар. Ол да өліктерді таситын катафалог қана.
Осы хабармен Көкшетауға қос атты шапқын кетті.
Шоқанның
мертігуі
жан-жаққа
жайдың
оғындай
тез
тарады.
Дұшпандары «сол керек!»–деп табалады да, достары не істеуге білмей
састы. Олардың аты жеткені қаптай шауып «Қосбайталға» келіп еді,
төңірегін қоршаған əскер маңайына жолатпады. Шоқанның қасында
қазақтан тек Жайнақ қана болды. Шоқанның хал-жайын сыртқы жұрт
содан ғана естіді. Оның айтуынша мертіккен аяқ күп болып ісіп кеткен, қол
тигізбейді.
Лекердің жорамалын да Жайнақ Шоқанның жанашырларынан жасырған
жоқ. Зəресі ұшқан олар, сынықшыға көрсетуге ойлады. Бұл маңайда жақын
жерде, Ақсары Керейден шыққан «Сырбай сынықшы» деген болушы еді,
жұрттың ұғымында, ол «сынықтың əулиесі», қолы сипаған жердің сынығы,
өзінен-өзі орнына түсе береді. Біреулердің айтуынша күлпəрасы шыққан
талай сүйектерді Сырбай орнына түсіріп артынан елеусіз болып кеткен.
Сол сынықшыны жұрт Жайнақ арқылы Шоқанға естіртіп еді, бақсы-
балгерге сенбейтін ол жаны қатты қиналып жатқандықтан алдыруға рұқсат
берді. Қос атты шапқыншы Сырбайды лезде алып келді. Ол мертіккен
аяқты сипап көрді де:
– Бұнда сынық жоқ, бұл, тек, сіңірінің созылып, етінің езілуі ғана
сияқты.
– Аузыңа май, – деп қуанған жұрт, емінің не екенін сұрады.
– Семіз жылқының ұлпа қазысы болар еді, бірақ оның қазір сүрі
болмаса, жасы табылмайды ғой!..
– Одан басқа не ем? – деп сұрасты əркімдер.
– Семіз аюдың шелді терісі. Оны да табу қиын ғой.
– Табылады, – деді сол кеңеске қатынасқан Карабашев.
Бес-алты солдатпен Жайнақты ертіп Карабашев аю атып əкелге тауға
кетті.
– Таң құланиектене Жайнаққа арқалатып дəу бір аюды алып Карабашев
те жетті. Əлгіні сойып қараса, теріге жабысқан майлы шелдің қалыңдығы
екі елідей бар дерлік. Соның шап жағын ойып алған сынықшы, Шоқанның
мертіккен аяғын тұтас бөлеп орады. Бұған дейін жанын қайда қоярын
білмей азаптана дөңбекшіп жатқан Шоқан, таң сіберлей маужырай бастады
да қалың ұйқыға кетті.
– Иə, сəт!..– десті мұны біліп қуанған жұрт.
Ертеңіне Шоқан күн түске тармаса оянды, Сонда қараса, мертіккен аяғы
қозғаса ғана ауырады да, қозғамаса мазаламайды. Кеше, сырқат үдеген
кезде от жалын боп алаулаған денесінің қызуы бүгін бəсеңдеген. Өзі түні
бойы ағыл-тегіл терлеп төсегі су құйғандай малшынып қапты. Кеше
лыпылдап тұрған тамыры бүгін жайымен соғады.
Бүйтудің бəрін өз жəрдемінен деп санаған Сырбай сынықшы, масаттана
сөйлеп:
– Айттым ғой кеше «сынық жоқ» деп. Сол сөзім бүгін тірілді. Енді
Омбы-сомбыңның керегі жоқ. Шоқанды осы төсектен өз қолымнан
тұрғызбай, баратын жеріне апаратын атына мінгізбей тырп етпеймін, – деді.
– Оны жоғары мəртебелі генерал-губернатор біледі,– деді, катафалкін
күйретіп түс ауа келген Аргунов. Ол Омбыға курьер мен шапқын
жібергенін айтты.
Шоқан жайланып оянған кезде, жүрістерін өлшеп қойғандай, Күміс
көлдің жағасында Шыңғыс пен Мұса да түйісті. Олардың екеуі де
Шоқанның мертігуін жол үстінде естіген еді.
Осындай хабарды естіп түйіскен жезде мен балдыздың ауызынан
шыққан сөз: – Лəйім да шипасы болсын!
Ақкөлге тіктірген үйге сол күні кештете жеткен Зейнеп те ете ауыр халде
еді. Мана Шыңғысқа кездескен тілеуі құрғыр Зейнепке де ұшырасып, оған
да жамандық жағын баса айтқан еді. Бұл сөзді естіген Зейнептің жүрегі
алқымына тығылып, талып қалды. Ат қосшысы оның есін əрең жиғызып
болған, кезде арт жағынан баянауылдықтар мен Зейнептің күтушілері
мінген тарантастар да жетті. Атқосшы оларға не хал болғанын айтқан жоқ.
Зейнептің айтуға халі болған жоқ. «Не болды?» – деген сұрауға Зейнептің
қайтарған жауабы «Жүрегімнің қыспасы ұстап қалды» деді де қойды.
Генерал-губернатордың Аргуновқа жауабы үш-төрт күннің ішінде келіп
қалды. Ол Шоқанға бұйрық хат есебінде жазылған. Хатта Гасфорт
Шоқанның мертігуіне қайғырғанын айта кеп, Аргуновқа Шоқанды
Омбыдағы əскери госпитальға тез жеткізуін бұйырыпты. Сол бұйрықты
естіген Аргунов Шоқанды табан аузында аттандырмақ болды.
Катафалктың не екенін білетін Шыңғыс Шоқанды оған мінгізуді жаман
ырымға жорып, өзінің үсті тиышты пəуескесін ұсынды, Аргунов оны
қабылдады. Ендігі мəселе. Шоқанды кімдердің жөнелтіп салуында.
Əрине, бірінші адам Жайнақ. Оның жəрдемінсіз Шоқанда қимылдар хал
жоқ.
Жайнақтың Шоқанға деген достық қызметі, оның мертіккен көзінде
тіпті өтіп кетті. Қазақтың «жан қияр дос» дейтіні осы бір тұста Шоқанға да
айқын сезілді, жұрт көзіне де ерекше түсті.
Жайнақтың өткен өмірін жақсы білетін Шоқан оның болашағы туралы
қатты ойланды. Қоғамдық тұрмыстағы орны жағынан, Жайнақ көп
төлеңгіттің, яғни құл дəрежесіндегі адамның бірі. Ал, кісілік жағынан «бір
сырлы, сегіз қырлы» дейтіннің нақ өзі. Табиғат оған сұлу сымбат та, балуан
дене де əдемі кескін де берген. Соның үстіне тіл біткеннің шешені, ақыл
біткеннің ойшысы, ағып тұрған жыршы, балбырап тұрған əнші, басқан
жерінен бұлтармайтын табанды, жүзіктің көзінен өтетін епті, сертінде
тастай қататын берік, айнымас дос.
Бір адамның бойына осынша қасиет бітуіне Шоқан қайран қалады.
Сондай адамды қорлық қалпында жүргізе беру керек пе, болмаса өзінің
бойы өнері жететін жеріне қою керек пе?
«Қайткенде сөйтуге болады?» – деп толғанған Шоқанның бар тапқан
амалы,– өзімен Омбыға ерте кетіп сонда бойын баспайтын, намысын
қорламайтын бір жерге орналастыру.
Сондай мақсаттағы Шоқанға Жайнақты Омбыға ерте кетудің сəті түсе
қалды. Өйтуіне қарсы боларлық ешкімде де дəлел жоқ.
Екінші ерте кететін адамы – Айжан. Ол мертіккен Шоқанды көргеннен
кейін ұят-аяттың бəрін сыпырып тастады да, «некелі əйелімін» деп,
білектерін түріне күтісу жабдығына араласып кетті. Оған да ешкім қарсы
болған жоқ, өйткені бұл арада ол атқаратын қызметті етерлік жан жоқ. Осы
қызметін ол Шоқан Омбының госпиталына орналасқанша орындай беруге
тиісті.
«Қанашжаннан тірі айрылып қалмаймын. Оның құрмалдығы боп өлуге
қай жерде болса да бейілмін» – деп құлшынған үшінші адам – Зейнеп. Кім
қалай ұғындырмақ болса да Зейнеп «барамын да, барамын» деген сөзінен
танбады. Оны байлап тастамаса, тоқтатар күш жоқ сияқты. Амал қанша!..
Жұрт Зейнептің тілегін орындайтын болды.
Шоқанды қолынан жазып аламын деп ниет еткен, оны жақсы көретін
Сырбай сынықшы:
– Мен де Омбыға ере барып, атқа мінгенін көрмей қайтпаймын деді. –
Оның сөзі де жұртқа жөн көрінді.
Ендігі еремін деген Мұса ғана. Сол жөнге қайтатын ол, Шоқанды
Омбыға жеткізіп сап, хал-жайына біраз қарайлап, егер оңалуға бет алса
Баянына қайтпақ болды.
Өзін тəсілқой адамның біреуіне санайтын Шыңғыс, «той болмаудың түбі
неге соғар екен» деген қауіпте болды да, «əліптің артын баққысы» кеп,
«тиыштық бола қалса, ат ізін содан кейін салармын» деген ойға бекінді.
Шоқан аттанарда «Қосбайтал» төңірегіне жиналған жұртта есеп болған
жоқ. Ешбір қорғаштау бөгет бола алмады. Шоқанды көтерген Жайнақ
пəуеске үстіне құшақтай отырғанда, көзіне жас алмаған жан болған жоқ.
Осы топтың ішінде сақалдарынан жастары шұбыра еңіреген адамдардан
Аңғал мен Аппас көзге ерекше түсті. Ол екеуі де мойындарына қойдың
көгенінен бұршақ салып алған. Баяғы көне заманның əдетінше, тілегі
болмағандар сол бұршаққа қылғынып өлуге тиісті. Біздің екі қарт өйтуге де
бейіл. Бірақ, олар да, жұрт та «сырқаты бері қарады» деп санаған
Шоқанның, сауығуына сенеді...
Шоқан да, оған ерушілер де «Қосбайталдан» Омбыға беттеп қозғалғанда
барлық жұрттың бір үнмен шу етіп айтқан сөзі:
– Сау бол!.. Амандықпен көрісейік!..
Екінші кітаптың соңы
20 август, 1969 жыл. Алматы.
Оглавление
Бірінші кітап
Екінші кітап
Document Outline - Бірінші кітап
- Екінші кітап
Достарыңызбен бөлісу: |