Білім алу бүгінде әрбір адам баласы үшін міндетті түрде алдынан ашылатын есік болса, оның мектеп атты қасиетті табалдырығын аттау барша жас өскіндер мен өрендердің басынан өтетін жағдай. Білімге деген көңіл бөлу қазірде тәуелсіз елімізде мемлекеттік деңгейге көтерілген басты әрі негізгі мәселе екендігінде ешкімнің күмәні жоқ. Яғни, білім алуға жан-жақты алғышарт жасалынған. Қазірде елімізде интеллектуальдық дүмпу қажет екендігін өмірдің өзі алға тартып отыр. Абай атамыздың 32- қара сөзінде ғылымды үйретудің алты түрлі шартын түсіндіреді. Ғылымды үйренбекке талап қылушылар, ең әуелі, ғылымды шын көңілімен сүюі керек. Оның көңілінің ғылымға деген бұл мейірімі- шешенің балаға деген мейірімі секілді болсын . Бұл - бірінші шарт. Екінші шарт: «Ғылымды құрғақ дау үшін емес, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек». Үшінші шарт: «Ақиқат тануға тырысу керек, көзің жеткен ақиқаттан айрылмай, оны берік тұтуың міндет». Төртінші шарт: адамның ішкі дүниесінде екі қуат көзі бар: біреуі – ойлау, екіншісі – білгеніңді сақтау, қорғау. Осы екі қуатты зорайта беру қажет. Олай болмаса, ғылым өспейді, дамымайды. Бесінші шарт: ой кеселдерінен қашық болуы керек. Абай ой кеселдері деп: уайымсыз салғырттықты, ойыншы – күлкішілдікті, я бір қайғыға салынуды, я бір нәрсеге құмарлық пайда болуды айтады. Алтыншы шарт: ғылымды сақтау үшін мінездің біріктігі керек. Көрсе қызарлықтың, я жеңілтектіктің, я біреудің орынсыз сөзіне күйінудің салдарынан мінездің беріктігі бұзылады, осыдан сақтану керек, «мінезде азғырылмайтын беріктік бар болсын» дейді Абай.
Достарыңызбен бөлісу: |