I Күн түске жетпей-ақ Бақанас бойы қайнап, шыжып кеттi. Аспанда теңгедей бұлт жоқ. Бұл атрапта бұлт көрiнбегелi және бiр тамшы жауын жаумағалы талай күн болды. Шыңғыс сыртының өзге жайлауы қоңыр салқын, жауынды келсе, дәл осы Бақанас суынан оңтүстiкке қараған жақ өзгеше бiр бүк, ыстық болушы едi. Суы молдығына және көк шалғынымен қатар қарағанды, көкпектi, ақ от, қара отына қарап қоныс етедi. Әйтпесе мынау терiскейдегi қалың қара биiктiң арғы сыртынан артық жер жоқ.
Абай үй iшiнен қатты пысынап тысқа шыққанда, бұл маңдағы жан иесiнiң бәрi де ыстықтан мезi боп. Күйзелiп жүр екен.
Үлкен ақ үйдiң жанында жүндес сары ала төбет тiлiн салақтатып, аузын арандай ашып, қатты солықтайды.
Бойдақ жылқының бәрi жайылысты тастап, сонау биiк адырдың басына шығып ап үйездеп тұр.
Өрiстен қайтқан қоралы қой да су маңына шұбырып, бауырын сызға төсеп, бүйiрiн соғып жатыр. Жайылысты ойлар емес. Қумаса су қасынан тұрар емес.
Сиыр атаулы Бақанас суынан бөлiнген қара су, шалшық суларға кiрiп, көлбей-көлбей жатып апты. Бiрен-саран оқшау шыққан тайынша, құнажын болса, сәйгелдiң қуғынына ұшырап, құтырғандай жосып жүр. Құйрығын шаншып алып, қос танауы делдиiп, екi көзi дәл бiр сойғалы жатқандай аларып, ежiрейiп ап, жынданғандай жүйткидi.
Барлық жұрт түңлiктерiн жауып, iргенiң көбiн белдеуге шейiн шалқита көтерiп, түрiп тастапты.
Абай қайда барарын бiлмей, бiртүрлi мең-зең боп, есiнеп, iшi пысып тұрды да, өзенге қарай тартты. Мұрнының ұшы тершiп, басынан күн өтiп, Бақанастың ыстығына наразы боп, асығып келедi. Өзен жағасына келсе Оспан, Смағұл бастаған көп кiшiлеу балалар салқын, мөлдiр суда асыр салып, шулап, ойнап, мәре-сәре боп жатыр екен. Абай бұлардың қасынан оқшауырақ кетiп, жалғыз шомыла бастады. Осы жазда малтып үйренген. Бақанастың кең қара суын әрлi-берлi екi жүзiп өттi. Бойы қатты сергiп, көңiлденiп ап, ендi сүңги бастады.
Өзге балалардың шуында Абайдың жұмысы жоқ-ты. Бiрақ анадайдан Абайдың сүңгiгенiне қызығып тұрған Оспан, бар баланы ертiп келдi. Өзiн-өзi жалаңаш санына шапалақтап Абайға айқайлап:
– Сүңгi, сүңгi! Тағы сүңгi! Солай!– деп бұйырып келе жатып, бiр сәтте жолындағы Смағұлдың арқасына секiрiп мiнiп алды. Смағұл мұны лақтырып, түсiрiп тастаймын деп бұлқынып едi.
– Иә, жығарсың? Сен түгiл қысырдың асау тайы – ақ тай да жыға алмаған Оспанды. Қанша мөңкiсең де түспеймiн!– деп, Смағұлдың мойнын құшақтап қысып ап, екi аяғымен тепеңдеп тебiнiп қояды.
Смағұл Оспанның зорлығына ерiксiз көнiп, жүгiрiп жортып, Абай қасына келдi де, суға Оспанмен бiрге шолп етiп құлай кеттi.
Абай Оспанның тентектiгiнен мезi болатын. Осыдан бiрер жыл бұрын бұл iнiсiмен өзi де ойнап, асыр сап кететiн болса, биылдар беймаза көрiп, шеттей беретiн. Тiптi ыза қыла берсе, зекiп ұрсып, қуып жiберетiн.
Қазiрде де Оспандар шулап келгенде, Абай жақтырмай, тайқып шықты. Киiне бастады.
Оспан Абайдың тұнжырлығын елеген жоқ.
– Абайша сүңгимiн!- деп, саяз жерге етпетiнен жата қалады да, артын тоңқитып, мөңкiген тайдай, екi аяғын шапшыта бередi.
Абай асықпай киiнiп боп, ендi үйге қайтпаққа артына бұрылып едi. Жар жағасына Тәкежан кеп тұр екен. Сұлу киiнген әдемi бозбала Тәкежан ат үстiнде, қолында қаршығасы бар. Астындағы жирен жал құла дөненi қатты терлептi. Күмiс жүгеннiң ауыздығын тiстеп, әрлi-берлi көлбектеп, ет қызуын баса алмай тұр.
Тәкежанның қанжығасында бiр сары ала қаз, екi үйрек бар екен. Барлық бала соны көре сала:
– Ей, аға!
– Әй, ағатай, маған!
– Маған! Маған бершi!- деп, судан ырши-ырши жүгiрiстi.
Тәкежан құс салып қайтқанда, осындай алдынан шығып жүгiрген балаларға, кейде аң олжасын беретiн. Бiрақ балаларды шетiнен зар қақтырып, жалындырып, көп-көп сұратып барып қана бередi.
Тез бермейтiнiн бiлiп, балалар да талмай сұраушы едi.
Тәкежан Абайға қарап мақтана күлдi. Өзiнiң жiгiт болып қаршығаға құс iлдiретiнiн Абайға әрқашан бұлдаушы едi. Оны әлi өзiнiң шерiгiне де татымайтын. Бос, болбыр бала көретiн. Өйткенi Тәкежан осы жазда қайнына да барып келдi. Өзiнiң жiгiт-желең жолдастары да бар. Қазiрде түн сайын қыз аңдып, ауыл-ауылды шулатып та жүредi. Абай ондайдың бiрiне жараған жоқ.
Оспан мен Смағұл Тәкежан қасына қатар жалынып, жүгiрiп барып едi.
Тәкежан ол екеуiне үлкен кiсiше зiл тастап, әуелi боқтап алды. Абайдан бөлек, бiр үлкендiк белгiсi тағы осындайында. Ол аса боқтампаз. Құнанбайдың алдында мысықтай үндемей отырып, былай шыға бере, бала-шаға, малшы-жалшыны сықпыртып боқтап жүру оның дағдысы болған.
Оспан мен Смағұлды жалындырып алды да, екi үйректi қанжығасынан шешiп берiп жатып:
– Жаман енеңдi... Қос қара! Ертеңдi-кеш суды лайлағанша, тым құрыса бүлдiрген терсеңдершi!– дедi.
– Бүлдiрген?
– Қай бүлдiрген?
– Бүлдiрген қайда?
– Ей, ағатай, айтшы!– деп Оспан мен Смағұл тағы жалынды.
Бала атаулының, жаз болады десе, ерекше сағынатыны – бүлдiрген. Бiрақ Бақанастың өз өңiрiнде ол өспейдi. Өзге қай жерде бар? Пiстi ме, жоқ па? Онысынан да әлi хабар алысқан жоқты.
Бүлдiрген дегенде Абай да елең етiп, сұрастыра бастады, Тәкежан жаңа ат үстiнде жүрiп естiптi. Бақанаспен қатар ағатын Жәнiбек суы бар. Соның анау қара адырының ар жағында, Шыңғысқа қараған бас жағында бүлдiрген тұнып тұр деп естiптi.
Бүгiн-ертең ол араға Жiгiтек, Бөкеншi көшiп келедi. Ел келсе, мыналар тере алмай қалады. Ендеше асығыс барып, терiп қайту керек.
Тәкежан осыны айтқанда, жаңағы көп бала алағызып:
– Жүр ендеше барайық!
– Барып терiп қайтайық!
– Жүрiңдер!
– Ал, ат ұстаңдар!
– Иә, сәт, бүлдiрген, бүлдiрген!– десiп, бар бала ойнақ салды.
Бүлдiргенге баруға Тәкежанның өзi де әзiр екен. Ол Абайға да: "жүр!"– дедi. Абай ойланып, баяулап тұрды да, ақырында тым құрыса атқа мiнiп сергiп келмек боп қоса көндi.
Сонымен, бiр шай қайнатым арасында. Абай, Тәкежан бастаған барлық ұсақ бала тай-құнандарына мiнiп-мiнiп ап, желе шауып, шыға келiстi.
Араларындағы үлкендерi – Абай мен Тәкежан.
Ұсақ балалардың көпшiлiгi жеке-жеке тайға мiнiп, бiрен-сарандары екi-екiден мiнгесiп алып, Абайларға iлесе шыққанда, жұрттың бәрiнiң артында қалған Оспан болды.
Ол биешiлердiң "жуас тай мiн" дегенiне көнбестен, бүгiн ғана үйретiлген қысырдың асау тайы – ақ тайды таңдаған.
Ақ тай соңғы үш-төрт күннен берi Оспанның есiнен кетпейтiн құмары.
Дередей үлкен, өзi жұп-жұмыр ақ тай – қысырдың тайы. Енесi – асау көк бие. Ақ тай енесiнiң асаулығынан былтыр байланбаған. Биыл арда емедi. Шу асаудың өзi. Соған жақында көзi түскен Оспан жас биешi Масақбайға жабысып жүрiп, бүгiн таңертең биенiң бас сауымының тұсында бұғалықтатып, шыңғыртып ұстатып алған.
Масақбай – осы жылқыдағы асау атаулының албастысы. Оспанның жалынғаны ерiксiз көндiрiп, Масақбай таңертеңнен берi сол тайды үйреткен-дi.
Тайдың асаулық қияңқылығы сондай екен, бiресе шапшып мөңкiп, бiресе шыңғыра тулап кетiп, Масақбайды да екi рет жыққан. Бiрақ өзге асаудан көрмеген ызаны көрiп, екi жығылып алған Масақбай, ақ тайға қатты ызаланып алған.
Құлақтан басып, бұғалықпен буындырып, екi езуiн шұрайлап, тайды өлердей жазалаған. Үстiне үлкен жабу салып, оны басқұрмен шандып-шандып, қарғып мiнiп алған. Басқа-көзге төпелеп, шапқылатып, қан сорпа қып кеп, бағана желi басына байлап тастамақ болған.
Бiрақ Масақбайдың өнерiне қызығып, өзi де қызып алған Оспан, тай әлсiреп келген кезде, жұрттың:"тоқта!" дегенiне болмастан қарғып мiнiп алған-ды. Екi езуi қан боп жыртылып қалған тай әлi де өлердей қияңқы екен. Оспан мiнген жерде тағы да қайтадан шапшып секiрiп, көп қияңқылық еттi.
Өзi жеңiл балаға оңай көнгiсi келмей, қанша қырсық жасаса да Оспан жығылмай қойған. Оның бағана Смағұлға мақтанғаны да сол. Қазiр желi басында қалғанда, Оспанды бөгеген сол ақ тай болатын.
Тай ежелгi асаулыққа салып, тағы мөңкiдi. Бiрақ Оспан жығылып, қорқудың орнына, құшырланып сабай бередi де, езу тартып күлiп қояды.
Баланы жыға алмаған тай, ақыр аяғы ала қашып, шаба жөнелген. Оспанның тiлегенi сол. Ол өзi ағызып келе жатқан тайды онан сайын борбайлап, басқа-көзге төпеп:
– Аруақ! Аруақ!– деп ұран салып, жосытып отырып Абайларды қуып жеттi.
Ақ тай Оспанның ырқына әлi көнiп болған жоқ екен. Ағызған күйiнде сыңар езулеп, мойнын бұрып, қырындай шауып кеп, бар денесiмен Тәкежанның құла бестiсiн қойып кеттi.
Жұрттың бәрi ды ығысып, бөгелеңдеп қалды. Оспан тайын бұрып, көптен сытыла бергенде, ақ тай тұра қалып, мойнын iшiне алып, шыңғырып жiберiп жаман мөңкiдi.
Абай Оспанды аяп: "мерт бола ма?" деп қорықты. Жалғыз-ақ Оспанның пiшiнiне көзi түскенде қайран болды. Баланың үлкен көздерi от шашып, өрттей жанып алыпты. Асаумен алысқан арпалысты жаны сүйгендей. Қорқыныштан биттей елес жоқ. Қайта: "тулай түс" деп, қызыққан сияқты. Тай бұдан құтылмақ боп, нелер қиястық жасаса, соның бәрiне де сол секундта Оспан қолма-қол тәсiл жасайды.
Бұл кезде Оспанның балалық жындылығы, ұрдажықтығы бiржолата жоғалғандай. Ол Абай көзiнде – алыс-жұлыстың бiр балуаны сияқтанды.
Жұрттың бәрi амалсыз иiрiлiп тұра қалып, ақ таймен Оспанның арпалыс майданына қарады.
Тәкежан да таңдайын қағып, Оспанды боқтай түсiп сүйсiнiп тұр.
Тайдың мөңкiгенiнен сескенiп, Оспанға болысайық деген ересек балалар болып едi.
Оспан асығып айғайлап, щолақ бұйрық етiп:
– Тиме! Аулақ!– дедi.
Осы кезде ақ тай мойнын iшiне алып, басынан асырмақ боп ортқып мөңкидi. Оспан екi аяғын тайдың қос қолтығына тығып ап, шалқалап жатып алды.
Түсiре алмаған тай лезде екi артқы аяғын аспанға сермеп тепкiлендi. Онда Оспан тағы да тақымын жазбастан еңкейiп ап, тайдың мойнын құшақтап жатып алды.
Тағы бiр сәтте ақ тай оқыс шапшып қап, таласқан иттей қос аяқтап шаншылып едi. Оспан мынау қимылға тiптi сүйсiнiп кеттi бiлем. Екi бетi қып-қызыл боп қайратты шаштары үдiрейiп, жалт етiп Абайларға қарап сақ-сақ күлiп жiбердi.
Жағалай үнсiз тұрған жұрт та тегiс сүйсiне күлдi. Тәкежан, өз басы өмiрiнде мұндай қимыл жасап көрген емес едi.
Оспанның ерлiгiне қайран қап:
– Түу, сарамас. Мынау неткен көз жоқ бетпақ едi?– деп, құла бестiнi қамшымен бiр салды да, желiп кеттi. Барлық балалар қоса қозғалған. Ақ тай да қайтадан көндiгiп, шаба жөнелдi. Оспан тағы да қамшылап борбайлап:
– Аруақ! Аруақ Масақбай!– деп, асаудың албастысы – Масақбай биешiнi аруақтай сыйлайтынын көрсеттi. Бағанадан берi Оспанның шын сыйынғаны сол Масақбайдың айла-тәсiлдерi болатын.
Бүлдiрген иiсi аңқыған көк майса шалғыны бар, жасыл беткейде балалар жемiс терiп жатқалы көп боп едi. Күн екiндiге қарай жақындап, адыр-адырдың көлеңкесi молайып, сай-сайларда қоңыр салқын самал соға бастаған.
Аттарын тұсап-тұсап тастаған балалар бүлдiргеннiң қызығына әлi қанған жоқ. Алғаш кеп түскен бiр беттен жылжымаса да, сол алаңның өзiнiң жемiсiн де мойыта алған жоқ. Жегеннен асқанды тақия, тымақ, дорба қалталарға да сықап жатыр.
Бiр мезгiлде бар баланың құлағына ап-айқын боп дүрiлдеген қалың үн келдi. Қаулаған өрт, қаптаған қолдың шабысы сияқты.
Балалар елең-елең етiстi. Араларындағы үлкенi Тәкежан мен Абайға қарасты.
Абай бұл дүбiрдiң мәнiн ұққандай, саспай ғана Шыңғыс жақтағы бiр белеске қарап отыр екен. Сол белестiң ар жақ деңгейiн жалбылап келе жатқан қалың жылқының жоны көрiндi. Кең сайға қарай түсiп келе жатыр. Қылаңы көп, шұбыртқан жылқы жиi-жиi пысқыра түсiп, жiтi басып келедi.
Араларында тай, құлындар кiсiнейдi. Өзге жылқыдан озғындап шығып, ойнақ салып шапқылаған құнан-дөнендер де көрiндi. Балалардың тайлары бұл дүбiрдi байқап, тегiс алағыза бастаған екен. Тұсауларымен қарғып, сол жылқыға қарай тартқысы келгендер бар.
Тай-құнандар бастарын тегiс көтерiп, қос құлақтарын қалың жылқы келе жатқан жаққа қарай қайшыландыра шаншып ап, үйiрсек үнмен шұрқырай кiсiнедi.
Бала атаулы тегiс аттарына жүгiрдi. Елсiз өңiрде көрiнген қалың жылқы - көшкен елдiң жылқысы екен.
Балалар аттарына мiнiсiп, беттерiн ауыл жаққа бұрғанда, жаңағы жылқы асқан белден асып, ойға таман түсiп келе жатқан қалың көш көрiндi. Он бес түйенi тiзген бiр көш өзге нөпiрдiң алдын ала оқшау шықты. Соған тiркес он түйелi, тағы он бес түйелi, сегiз-тоғыз түйелi салқар-салқар көштер бiрi артынан бiрi шығып, шұбарыта, шұбатылып келедi.
Алғаш өткен жылқының артын ала көп аттылар келедi екен. Қолдарына сойыл, шоқпар, баулы құрық ұстаған еркектер бар. Әредiкте томағалы бүркiттерiн балдағына қондырып алған ықшам жiгiттер де көрiнедi.
Бұл топ Абайлар жақындағанша қиыс өте бердi. Соның артынан келе жатқан ең алдыңғы үлкен көш Абайдың да, барлық балалардың да көздерiн ерiксiз тартты. Бұл көштiң айналасын қоршаған аттылар көп, барлығы да әйелдер. Өңшең сәндi киiнген қыз-келiншек пен егде тартқан бәйбiшелер. Мiнген аттары ылғи семiз жорғалар мен келiстi бедеулер.
Әйелдердiң ер-тұрманы, тоқым, құйысқан, өмiлдiрiк, жүгендерi тегiс жалпақ күмiске малынған. Жарық күнге шағылысып, жарқ-жұрқ етiседi.
Үлкен көштiң алдында есiк пен төрдей жерде аттарын қатар бастырып бiр топ қыз келедi. Тап орталарында ерттеулi күйде бос жетектелген, кекiлi күзелген, қара көк ат бар. Сол топтан әнтек кейiн үлкен көштiң алдын бастап келе жатқан сұп-сұр жүдеу бәйбiше екен. Басына жұқа қара желек жамылыпты. Бұл бастаған он бес түйелi көштiң сәнi өзгеше көрiндi. Бар түйенiң үстiне артылған жүктердi жапқан өңшең қара кiлем, қоңыр алаша, қара ала текемет көрiнедi. Жүктi түйелердiң екi жағы сол үлкен қара жамылшыларымен баяу ғана желпiне түсiп, өзгеше бiр ауыр тыныс алып келе жатқан тәрiздi.
Көштiң түрiне таңданып, үнсiз тоқтап қалған балалар тобы мынадай салтанатты көрiнiстiң алдын кесiп өте алмады. Ендi амалсыз көш өткенше қарап тұратын болды.
Басында бұларға көш адамдарынан көз салған кiсi жоқ едi.
Бiрақ алдыңғы қыздар тобы ендi жақындап, қастарына кеп қалған екен. Солар ғана өзiнше, бiр түрлi түйсiнгендей болды бiлем. Аралары азырақ ауысып, азғана бөгелiстi де, бiр кезде бiр топ қыздар ортасынан екi қызды iлгерiрек бөлiп шығарды.
Бағанағы кекiлi кесiлген қара көк ат сол екi қыздың орталығында жетекте екен.
Оспан аңырып таңданып, Абайдың қасына кеп:
– Бұлар кiм? Бұл қандай көш?- деп тақат таба алмай, ағасын қамшымен түрткiлеп, мазасызданып тұр едi.
Қазiр екi қыз бөлiнiп алға шыққанда, олардың көрiнiсiндегi елден ерекше бiр жайды байқап, Оспан қатты күлiп жiбердi.
– Ойбай, Абай, ананы қара! Тымақты қара!– Абай бұған ашулы түрмен жалт қарап, қатты түртiп қап:
– Тоқта, құтырма!– дедi. Оспан Абайдан сескенiп қап, аузын басып, тайының жалын құшақтап, үнсiз күлiп жатты.
Бұған ерсi көрiнген сурет Абайдың өзiнiң де өмiрде ең алғаш көрген көрiнiсi.
Бұл көш қаралы көш екенiн – Бөжей көшi екенiн – Абай мен Тәкежан бағана-ақ таныған болатын. Өзге көштен бөлек болатыны мәлiм. Бiрақ, қазiр мына екi қыз iстеген iс сол бөлектiң iшiнде де бiр өзгеше болды.
Олары өзге қыздан бөлiнгенде байқалды. Бастарына еркектiң бас киiмiн киiптi. Қара мақпалмен тыстаған жұқа қара елтiрi тымақтары бар. Қыз кимейтiн бас киiмнiң артын алдына келтiрiп, терiс киiптi. Ендi ғана анық көрiндi, орталарына жетекке алған тұлдаған қара көк аттың үстiне Бөжейдiң ер-тоқымы ерттелiптi. Ер үстiне сол Бөжейдiң осы өткен қыста Қарқаралыға киiп барған қызыл күрең iшiгi жабылыпты. Ердiң қасына қамшысын шаншып, соған да терiс қаратып, Бөжейдiң қысқы түлкi тымағын кигiзiптi.
Екi қыз бөлiне салысымен мына көлденеңнен қарап тұрған аттыларды көрiп, шырқай созып, қаралы мұңды дауыс айта жөнелген. Көш бойында, ауыл үстiнен өтсе, немесе бөгде жүргiншiлер жанынан өтсе, қаралы көштiң қара жамылған осындай қыздары дауыс айтатын салты. Қыздар соны бастаған екен.
Бiр күлiп, жыны қозып алған Оспан бұндай жайдың бәрiн қайдан ұқсын. Өзi ес бiлгелi, дәл өз үйлерiнен өлiм шықпаған. Өлiмдi бұлайша күтудi көрмеген бала бұл жерде ұқтырам десе де, ұқпас едi. Оған жаңағы көз алдынан өткен көрiнiстiң бәрi ерсi көрiндi де, соған күлдi. Абайдан қорыққанынан басын көтере алмады. Бiрақ тайының шоқтығына жабысып жатып көзiнiң қиығымен сығалап қарап қояды да, екi иiнi дiрiлдеп, iшек-сiлесi қатады. Алғашқы екi қыз қиыс өтiп, дауыс бастасымен, кейiндеп келе жатқан бес қыз да аттарының басын қатарластырып ап, баяу бастырып отырып, анау екеуiнiң даусына қаралы дауыс қосты.
Абай бұларға көз сала берiп, елең етiп, аласұрып қалды. Қамшысының бүлдiргесiн саусағына iлген күйде, оң қолын шұғыл көтерiп қап: "тоқтасаң неттi?" дегендей, өтiнiш айтқандай. Бiрақ, үн қата алмады. Жүрегi лүпiлдеп соғып, өңi сұрланып, әлсiз қолын шарасыз халде құла бестiнiң жалына сылқ түсiрдi.
Өтiп бара жатқан бес қыздың тап ортасында, жiбек жал ақ жорға атқа мiнген Тоғжан екен. Көктемнен соң көргенi осы.
Судыраған қара жiбек биқасаптан әдемi жеңiл шапан киген. Басында жап-жаңа қара кәмшат бөрiк. Мойнында әсемдеп, кең ораған құбылма түстi торғын шәлi. Құлағында үлкен алтын сырғасы ырғалып келе жатқан Тоғжан, мынау ат үстiнде, мынадай топ қыздың тап ортасында, дәл көп жұлдыз арасындағы шолпандай.
Ат үстi жүрiс, шырқап айтқан дауыс және құрбы қыздары - Бөжей қыздарына жаны ашуы бар, баршасы Тоғжанның қазiргi жүзiн бiр түрлi мағыналы нұрға малғандай. Ақ маңдай, аппақ жұмыр мойнына, қолаң жiбек шашына бетiнiң үлбiреген қызылы соншалық жарасып тұр.
Қара шапан сыртынан белiн шымқай буған сарғыш жiбек белбеуғе оң қолын сүйеп, мықынын таянған. Маңайға бұрылып қарамастан, шырқап жылап, жоқтау айтып келедi. Абай кiрпiк қақпай қадалып, тыныстары да тыйылып, Тоғжан үнiн тыңдаумен тұр. Топ өтiп кете бергенде, өзге төрт қыз үнiнiң iшiнен Тоғжанның өзгеше жiбек талды, бөлекше үнiн анық естiп аңғарғандай болды. Шын Тоғжан үнi ме? Жоқ, басқа қыздiкi ме? Бiлу қиын болса да, Абайға мынандай топтан жарылған бөлекше сұлу ырғақ Тоғжан көмейiнен ғана шығатындай.
Сырттап бара жатқан Тоғжанның арттан көрiнген мүсiнi де өзгеше екен. Атқа отырысының өзiнде де бiр нәзiк - еркелiк пен соншалық биязылық, мықтылық та бар сияқты. Жылтырап өрiлген жуан бұрымдарының ұшында үлкен шолпы ырғала түсiп, шылдырап барады. Сонау сағынышты көктемде көңiл өртеген., одан берi де көзiн жұмса әрдайым құлағына шылдырлай түсiп, былдыр етiп:" есiңде бармын ба!" деп кететiн осы шолпының осы үнi.
Өзгеше көрiнiс, лезде бұлт сөгiлiп, сұлу айды жарқ еткiзгендей болды. Абайды естен тандыра биледi де, өзгеше бiр нұр шұғласына бас идiргендей боп кеттi. Бiрақ бұл сезiм бiр ғана сәт едi. Осымен қабат жас жiгiт көңiлiне тағы талай алай-түлей ұйтқып кеп, бiр өзгеше жүрек құйынын соқтырғандай болды.
Жылаған Тоғжан, жылаған Бөжей қыздары, барлық қаралы көш, иесiз, тұл кетiп бара жатқан анау қаралы киiм, тұл ат - баршасы осы барлық қауымның қайғысын да Абайға өзгеше терең түсiндiрдi. Жаназаға шақырмай, Құнанбай қылмысын кешпей, жылау зарына араластырмай келе жатқан осыншалық мол қауым.
Ортасында Тоғжандай гауhары бар қауым Абайларға
– "Былай тұр!
– Көрме!
– Саған рұхсат жоқ!" дегендей суық, қатал. Бiрақ, әдiл үкiм айтып бара жатқан сияқты. Абай жүрегiне бұл серпу өзгеше өкiнiш, өксiк әкелгендей.
Жылаған ғашығы, жылаған жақын бауыр, қауым ел, өлiп кеткен кешегi Бөжей – баршасы да Абайдың өз басын да жазалағандай. "Мен жазықты ма едiм!" дегендей болса да, налытып тұрып кiнәлағандай. Бұл әсiресе ауыр толқын. Абай үнсiз мүлгiп, зарлы жоқтауды бар жанымен тыңдап тұрып, өзiн-өзi де, бар дүниенi де ұмытып кетiптi.
Бiр сәтте қасында тұрған бiреу түртiп қап: "жүрейiк" дегендей болды. Абай жаңа оянғандай, алаң етiп жалт қарады. Тәкежан екен. Ол Абайдың түсiн көрдi де, тыжырынып, кекете күлiп:
– Өй, неменеге сораңды ағызып тұрсың, - деп, тiптi зекiгендей.
Абай қабағын қатты түйiп, селт етiп, бетiн сипады. Жыладым деп ойлаған жоқ-ты. Көзiнен үнсiз ауыр, ыстық тамшылар ағып кеткенiн байқамаған екен.
Үлкен көш өтiп кетiптi, артқы көштермен екi арасында ұзақтау алаң пайда болған екен. Тәкежанмен бiрге барлық топ қозғала бердi.
Бағанадан берi тайының жалын құшып тұрған Оспан ыржақтап күлуден әлi басылмаған. Ендi басын көтерiп ала сала, қасындағы бiр баланың тымағын жұлып алып, терiс киiп жiберiп, сақылдап күлiп, ақ тайды тебiнiп кеп қалды.
Қалжақ пен тентектiкке есi-дертi кетiп қалған Оспан ақ тайдың асау екенiн ұмытып кетсе керек. Жайбарақат еркiн отырып, тақымын да қыспастан тебiнiп қалғанда, ақ тай секiрiп мөңкiп кеп кеттi. Оспан тiзгiнiн де қымти алмай қалып едi. Байқаусызда тулаған тай тентек баланы оп-оңай ытқытып, топ ете түсiрдi. Бiрақ Оспан жығылса да, есiнен жаңылған жоқ. Тайының шылбыр-тiзгiнiнен айырылмай, жабыса түрегелдi. Түк көрмегендей ыржақтап күлiп, екi бетi нарттай жанып тұр. Ақ тайға ес жиғызбастан қайта қарғып мiнiп алды да, борбайлай қамшылап, құйғыта жөнелдi.
Өзге балалар да шаба жөнелiстi. Тәкежан мен Абай жай аяңдап қозғалды. Тәкежан iнiсiне жаңағының үстiне тағы да бiр үлкендiк көрсетпек болды.
– Баламысың, жоқ қатынбысың? Сен ненiң ақысы деп жыладың осы?- дедi.
Абай Тәкежанға ендi ыза болды. Кiнәлай сөйлеп, қарсы ұрысты.
– Сенiң үлкен боп, ес бiлгенiң со ма? Бауыр емес пе едi? Бөжекеңе өзiң неге жыламайсың?
– Е, жыласатын не қалып едi? Жаназасына да шақырмай қойған жоқ па? Соны да ұқпаймысың?
– Ұққан екенсiң, қарқ қыпсың! Шақырмаған тiрiлер! Сол үшiн өлi Бөжей жазықты ма?
– Бөжей әкеңмен араз болғандықтан шақыртпады!
– Бәсе араздық... Сол араздыққа кiм кiнәлы? Кiм жаулықты көп еттi? Соның бәрiнiң ақ-қарасын сен айырып, танып болған шығарсың?
– Болайын, болмайын, мен әкемнiң жағындамын!
– Бәсе, одан да соныңды айтсаңшы! "Үлкенмiн, ақылым бар, кiсiге де ақыл айтам" дейсiң! Бөрiнiң артынан бөлтiрiк ақылды болғандықтан ередi дейсiң ғой.
– Өй, сен не сандалып келесiң осы? Үйдегi алжыған әжеңнiң ақылынан басқа ақыл жоқ деп алғансың ғой өзiң тiптi.
– Ал, сен болсаң, сол өзiң қостаған әкеден де түк ұғып, түк ақыл алмайсың!
– Е, менi бiр жайын өскен. Жабайы деп пе ең өзiң? Енеңдi.
– Бар "өстiм" дегенде, тапқаның осы боқтығың ғой. Малшы-жалшыны жазықсыз боқтап, мардамсығаннан басқа түк үлкендiгiңдi көрсемшi!
– Бәлем, тұра тұр, осыныңның бәрiн де әкеме айтам!
– Айтсаң айта ғой! Мен де сенiң жаңағы "алжыған" деген сөзiңдi әжеме айтайын!-деп, Абай Тәкежанға қайсарлана қарады.
Тәкежан бұл жерге келгенде ерегiстен амалсыз тайқып кеттi. Тегiнде, үлкен жанжалға тауаны жоқ, бұдырсыз болатын. Әкеге шағым жеткiзу алыс та қиын. Айтқанын мақұл көре қоя ма, жоқ па? Онысы тағы екiталай. Ал, мынау Абай сүйенген "әже" деген -әлдеқайда қатер жер.
Тегiнде, Зере көп ашуланбайды. Ал, бiрақ оқта-текте қатуланып түйiлсе, әлi күнге аса зәрлi осы биылғы көктемнiң өзiнде Тәкежан көршi үйлердiң бiр кексе қатынын байқаусыз боқтап алып, жаман бәлеге қалған. Жазықсыз қатын қатты ренжiп, жылап отырып, Зере мен Ұлжанға барғанда, кәрi әже ашу шақырып, күйiп кеп, Тәкежанды алдына дереу шақыртып алып тергеу салған.
Тәкежан әкесiнiң аяздай суық ашуынан, қатты түйiлген көзiнен қорқып, өтiрiк айтпақ, танбақ боп жалтарып көрген. Ақыры тiптi ант iшуге. Де барып қап едi. Сол арада Ұлжан мен Зере өзгеше ашуланып кетiп, кәрi әже қолындағы ақ таяқпен мұны басқа салып-салып кеткен болатын.
Сол уақиға осы жаңада ғана, Тәкежан:" жiгiт болдым, қайныма барам" деп, әзiрленiп жүрген күннiң өзiнде болған. Осының бәрi жаңағы ерегiс аяғында Тәкежанның есiне түстi де, ендi осы бәленiң бәрiн жуып-шаймақшы болды.
– Өй, кетшi әрi енеңдi...- деп шiренiп тұрып бiр боқтады да, құла бестiнi борбайлап шаба жөнелдi.
Абай бұдан құтылғанына ырза боп, кейiн қалды. Ақырын аяңдап келе жатыр. Жаңағы сезiмдерiн, жаңағы Тәкежанмен дау үстiндегi ойларын қайта есiне келтiрiп, соған тереңдедi.
Дау үстiнде, ойда жоқтан тiлiне оралса да, "бөрiнiң артынан бөлтiрiк ақылды болғандықтан ермейдi" деген сөз мұның өзiне қазiр бiр өзгеше мәнi бар, өрiстi ойдай, көрiндi. Жынысының шиырымен шұбыру, жымын басу кiмнiң қолынан келмейдi? Жыртқыш қайуан екеш, о да бiледi. Бола алсаң – ол болма, адам бол! Жалғыз келе жатқан Абайды ендiгi бағындырған ойы осы. Дәл осы бетте бүгiн Абай өз тұқымының бiр жанымен дауға түстi. Осынысы өзiне бiр ажарлы, басқаша беттiң басы тәрiздi боп сезiлдi. Сондайлық салқын сыншы ойлар арасына осы жолда қайта-қайта Тоғжан келбетi келедi. Сәт сайын оралып, гүл жiбектей бұралып кеп, мұны жақсы болуға үндейдi. Мiнсiз таза махаббатқа шақырғандай, жан ашыр рақымға шақырғандай болады. Бар дүние, бар адамзатты қоса сүйгiзiп, қоса қымбат санататын аса бiр қадiрлi игiлiкке ымдап жетектегендей. Бұл қиялға мүлгiгенде Абай Бақанасқа қалай жеткенiн байқамай да қалды.
Бөжей ауылдары Жәнiбекке көшiп келгенiн Абайдан естiсiмен, сол күнi түнде Зере мен Ұлжан Байқошқардағы Құнанбайға кiсi шаптырды.
– Дәл қасымызға келiп қонып отыр. Ендi аялдасақ ағайынның бетiн қайтiп көремiз? Бата оқырын қалай жасасын дейдi? Және Байқошқар, Бақанастағы екi ауыл қосыла бара ма? Соны тез шешiп, жөн айтсын!– дептi.
Құнанбайдың өзiнiң күткенi де осы кез сияқты екен. Ол дәл осы түннiң өзiнде қасына Күнкенi алып, тағы он шақты қарт-қария, жiгiт-желең алып Бақанасқа келдi. Сонымен Бақанастағы барлық жиырма шақты ауыл ерте қамданып саба жиып, сойыс әзiрледi. Әр ауылдың апаратын шамасына лайық – қой, қозы сойыстары сол таңертеңде сойылып, асылып та қалған.
Құнанбайдың үлкен үйi үш саба, бiр ту бие, бiр тай сойыс апарады. Және азаға салғаным. Деп Зере мен Ұлжан түйе апаратын болды.
Осындай қамның бәрi биенiң бас сауымына шейiн түгел бiттi. Қалың топ - бата оқыршы шаңқай түс кезiнде сансыз көп салтты боп күнбатыстағы Жәнiбекке қарай тартты. Барлық жиын – елу қаралы еркек, отыз-қырықтай қатын. Араларында Абай, Тәкежан сияқты жастар, Оспан сияқты балалардан да бiр топ бар.
Жұрттың бәрi ат үстiнде. Тек Зере мен Ұлжан және сол екеуiнiң қасына мiнген Сарыапаң деген әйел мен екi жас келiншек қана арбада. Құнанбай бұл арбаны өзге жұрттан ерте қамдатып, бұрын жүргiзiп жiберген.
Сол арба жарым жолға барды-ау деген кезде өздерi аттанған-ды. Бақанас өзенi мен Жәнiбек өзенiнiң екi арасы тай шаптырымдай-ақ жер.
Құнанбай қасындағы көп қошеметшiнiң iшiнде Ырғызбайдан: Майбасар, Жақып, Ызғұтты сияқты туысқандары. Және Құнанбай жағында жүрген әлденеше рулардың ақсақал, қарасақалы бар.
Ат үстiндегi әйелдер бөлек топ боп кейiнiрек келе жатыр. Олардың ортасында Құнанбайдың үлкен әйелi Күнке, сонан соң Айғыз және Қалиқа сияқты абысын-ажын. Кәрiден – Таңшолпан сияқты шешелер де бар едi.
Аттылардың қалың тобы осындай лек-лек боп, Құнанбай шоғырын алдына салып келе жатқан. Бiр сәтте осы жұрт екi қоныстың арасындағы сар жазықты айғай-шуға батырып, оң жақтағы биiк қара адырды бөктерлеп Жәнiбекке қарай ат қойды.
Бұл елдiң ежелгi ырымы бойынша өлiмге бата оқи барудың ең үлкен шарты осылай алыстан айғайлап: "ойбай, бауырым!" деп, жылай шабу болатын.
Сол шабысты ең әуелi үлкендер бастамақ керек. Бағанадан қалың топтар Құнанбай шоғырына қарап келе жатыр едi. Қазiр сол Құнанбайлар өздерi де үн салып, аттарын борбайлап, еңкейе шауып жөнелiп бердi. Арттағы еркек, әйел, бала-шаға топтары да сол сәтте дүрк жөнелiстi.
Абай орта бiр топтың iшiнде келе жатқан. Қасында Күнкеден туған ағасы Құдайбердi, атшабар Жұмағұл, жорға Жұмабай және Тәкежан, Оспан сияқты аға-iнiлерi болатын.
– Ойбай бауыре-е-м!
– Аға екем!
– Асқар белiм!
– Құт берекем!- деп, Абай қасындағы кекселеу кiсiлер шырқап жылап, үн салып келедi.
Атшабар Жұмағұл мен Тәкежен болса, аттарының екi жағына кезек қисайып, құлап кететiн кiсi тәрiзденiп, ауытқып жосытады.
Сырт ажарлары шынымен егiлген, есiнен танып, бауыры езiлген кiсiлер тәрiздi. Абай жай ғана, тұра шауып келе жатып, ана екеуiнiң соншалық сырт құбылысына сенген жоқ.
Тартымды, бiр қалыпты шапқан, бiрақ шынымен "ой бауырымдап" шапқан Абай қасындағы Құдайбердi сияқты. Абай тегiнде аз ойласып жүрсе де, осы ағасының мiнезiн ұнатушы едi. Қазiрде өзiн соның шамасында ұстап, "сол iстегендi iстесе мақұл болар" деп бiлдi. Дүркiрей ағылып, шулап шапқан топ Жәнiбектiң көк майса кең саласында жыпырлай қонып отырған сансыз көп ауылдардың үстiнен шыға келдi.
Зерелердiң арбасы да дәл осы кезде қалың ауылдардың тап ортасындағы үлкен ақ күмбез үйлi – Бөжей аулына жеткен екен. Жапыр-жұпыр көрiсiп жатқан сияқты. Ақ үйдiң өзi өзге үйлерден оқшауырақ, белдеуiнде қара тiгулi тұр. Қаралы ауылды мына кейiн шыққан аттылардың тануы оңай болған.
Көп ауылдың сыртындағы саржотаға шығып, барар беттi тез аңғарып алған шапқыншылар ендi ыра төмен жосылды. Қою шұбар селдей боп шулап, аңырап ақты. Абай орта тұста келе жатып, ақ үйдiң сыртында оқшауырақ жерде ұзын-ұзын ақ таяқтарға төстерi мен қос қолдарын тiреп, бүгiлiп тұрған отыз шамалы еркектi көрдi. Бата оқыршыларды тосып, жылап тұрған жанкүйер жақындар. Шауып кеп түсе бере таныды. Тап ортада Байдалы, Байсал, Қараша, Түсiп бар екен. Шеттеу тұста Балағаз, Базаралы сияқты жас жiгiттер де ақ таяқтарға таянып егiлiп тұр.
Шауып келген үлкендердiң аттарын анадайдан жүгiре-жүгiре шығып, ұстап-ұстап алып, иелерiн қолтықтап түсiрiп, еркектерге көрiстiргелi жетектеп әкетiп жатқан көп-көп ықшам жiгiттер бар.
Барлық бата оқыршыға сондай бiр-бiр күтушi тап келгендей, мол жеткендей болды.
Жылаған Байдалы, Байсалдарды көргенде Абайдың сай-сүйегi босап кеттi. Аттан түсе бере, шын аяныш жас төгiп, еңiреп жiбердi.
Тыстағы еркектермен бiр-бiр құшақтасып, көрiсiп болған үлкендердi сол арада қолма-қол ақ үйге қарай айғайлатып, жылатып әкетiп жатыр. Жылаудың үлкенi сол үйдiң iшiнде, қатындар ортасында. Көп еркектiң арасына Абай да кiрдi.
Үлкен күмбез ақ үйдiң iшi оң жақ босағадан дәл төрдiң ортасына дейiн қатар тiзiлiп, мықындарын қос қолдарымен таянып, аңырап жылап отырған қатындарға толы екен.
Тап орта тұста басына қара желек жамылған Бөжейдiң бәйбiшесi аңырап отыр. Көзiнен шын жас, зар жасы бiрсiн-бiрсiн ағып жатыр. Одан жоғары төрт-бес қыз дауыс айтып отыр. Үйдiң iшi бұл кезде тұтас аңырап зарлаған мол жылау едi.
Отырған әйелдердiң алдына жылап келген еркектер тiзе бүгiп отыра кетiп, құшақтасып көрiсiп жылайды.
Абай Құдайбердiнiң артында. Бағанадан берi соның iзiмен кезек алып келе жатқан.
Жағалай отырған бар қатынды адақтау тым ұзақ болар едi. Және босағадан төрге шейiн бос отырған бiр қатын жоқ. Соны аңғарған Құдайбердi тура Бөжейдiң өз бәйбiшесiне қарай жылап барды. Сол кiсi алдыңғы көрiсушiден босаған соң, құшақтап, аңырап:
– Аға-екем, бауырым!– деп бас салды.
Абай да сол жерден бастап көрiсiп, жоғары отырған қыздар жаққа қарай ауысты.
Үй iшi осындай жаппай көрiс үстiнде бiрқатар жыласып ап, ендi тегiс ажырасып, жағалай отырысты. Еркектер бұл кезде ақырын жыласып отыр да, әйелдiң де көбi басылып қалды. Тек Бөжейдiң қатыны мен бес қыз ғана зарлап отыр. Арманын, жесiр қалғанын, ерте айрылғанын айтып бәйбiше жылап, жұртты егiлдiре түстi де, ақыры саябырлап барып тоқтады.
Сонан соң үлкен ұзақ жоқтаудың сарынына түскен қыздар. Олардың өзгеше бiр суық зарлы жоқтау ырғағы бар. Дауыстары құйып қойғандай дәл бiрдей шығады. Жалғыз-ақ бес қыз тұтас ұзақ айтқан жоқ. Бәйбiше тоқтаған соң, өзге қыздар да басылып, екi-ақ қыз адақтап шықты. Ол Бөжейдiң екi бой жеткен қызы.
Бұлар бар сөзiн анық қып, анда-санда "аh" деп, жалын атып қойып, сұңқылдап зарлап отыр.
" Әкекем... Жеткiзбей кеттiң... Арманда кеттiң... Зармен кеттiң, жетiм бейбақ бiз болдық... Пана кiм? Неге аңыраттың?" деген сияқты жерлерге келгенде, барлық үйдiң iшi қайта егiлiп, тыйыла алмай, тұншыға жыласады. Абайға да шын жылаудың ең ауыр кезi осы болды. Ол көз жасын тiптi iрке алмай қойды. Буына жаздап, булыға жылап отыр.
Осымен бiраз барды да, екi қыз әкелерiнiң өмiрiне, өмiрiндегi ерлiк, жақсылық iстерiне түсiп кеп, бiр сәтте дауыстың мәнiн аса бiр тосын жайға салды.
Бөжейдiң өзiн қойып, тұстастарын айтып келiп, әркiмдi атай отырып үйдiң iшi тегiс жым-жырт тына қалған уақытта, бiр кезде Құнанбай атын сап еткiздi.
Төрде төмен қарап, тымағын көзiне киiп, тұнжырап отырған Құнанбайды мынау екi қыздың қатал даусы басқа соққандай болды.
Бiрақ бұл – дауыс. Намаз сияқты бұзылмайтын жол-жора. Айтар сөз, тыяр тыйым, iстер шара жоқ.
Екi қыз сөздерiн барған сайын қатайтып, қадалып кеп:
Жау боп шықты Ырғызбай
Айыпқа бердiң бiр қызды-ай, –
деп бiр кетiп және бiр сәтте:
– Оның аты Құнанбай,
Жүйрiктiгi құландай
Шұбарлығы жыландай...–
деп, жарып өттi. Жалғыз көзге дәлдеп тұрып қамшы ұрғандай қатал жаза.
Құнанбай қасындағы үлкендер бәле шығып кете ме дегендей қыбылжи бастады. Жөткiрiп, қақырынып, қозғалақ қақты. Бiрақ Құнанбай тiстенiп ап, сыр бермей шыдап бердi. Абай дәл бұл кезде ұялып қысылғаннан өлердей боп отыр. Ол үй iшiмен көрiсiп кеп отырған соң байқады. Анау бiр топ қыздың iшiнде Тоғжан да отыр екен. Бiрақ ол бетiне салы жамылып, сырт берiңкiреп, қырын отыр. Абайдың ары, әсiресе, сол Тоғжаннан ұялғандай, ендi iшiнен:" ойпырмай, мынаны көргенше жер жарылып, жұтып кетсешi бiздi!"- деген бiр ой ойлады.
Сөйткенше, төрде отырған бiреудiң қатты тамсанған үнiн есiттi. Қараса - Сарыапаң екен. Ол ашулы түспен түйiлiп, қара шапанды басына жамыла берiп, жүрелей отырып ап, айғайлай жөнелдi.
Сөзiнiң басы Бөжейдi мақтау мен сол жақсыны жоқтау едi. Соның аяғын шұбыртып кеп:
Мына да қарлар не дейдi?
Жақсыдан жаман көбейдi.
Ескiнiң асыл көзi едi,
Ұрлап та көмдiң Бөжейдi, -
деп, қатты айғайлап, қалт тоқтады.
Екi жақта: "айтамыз, жеткiземiз" деген орайлы сөздерiн осы әйелдердiң ауыздарымен айтысты. Осыдан әрi қайталаған да, өршiген де сөз болған жоқ. Қос қыздың дауысы тағы бiраз созылып барып тоқтап едi. Сол кезде Зеренiң дәл қасында отырған Ғабитхан молда жүгiнiп жөткiрiп алды да, бұхар мақамымен тәбәрәктi соза жөнелдi. Үй iшi тегiс жым-жырт. Сiлейiп, қатып мүлгiп қалды.
Құнанбайдың Бөжейге жасаған бата оқырының түрi осы боп едi.
Әйелдердi осы үйге қалдырып, еркектердi бөлек оңаша үйге апарып, қаралы ауыл қонақ еттi. Ауыл иесi, күтушi болған Байдалы, Түсiптер. Бiрақ шай, қымыз iстiнде де, ет үстiнде де, бата оқыршылар мен ауыл иелерiнiң арасында шүйiркелескен сөздер болған жоқ. Анда-санда Байдалы мен Құнанбай жауаптасқан уақытта, бiрiне бiрi сыпайы ғана сөйлейдi. Байдалы Құнанбайдың шынысын өзi әперiп, шайына сары майды өзi салып, бейiл көрсетiп отыр. Бiрақ барлары сол ғана. Сөйлесейiн десе, сырттары сыпайы болысқан болмаса, айтысар жай жоқ сияқты.
Тек бiрер кез, мал тойыны туралы, шөптiң бұл өңiрдегi биылғы шығымы туралы ғана сөздерi болды. Тағы бiр рет, көршiлес Кереймен Найманның осы жаздағы аттаныстарын, бiр-бiрiнен барымта алысып, шабысып қалғанын айтысты.
Құнанбайлар екiндi мен ақшам арасында аттанар кезге шейiн дәнекер болған осы әңгiме ғана. Бата оқыршылар сол кеште үнсiз, қоңыр тартып, жайлау-жайлауына қайтысты.
Бiр қарыздан құтылғанына "уh" дегендей боп, Күнкенi ертiп, Байқошқарға қайтты. Жол бойында бәйбiшесiне оның айтқан жалғыз сөзi:
– Күтсең Сарыапаңды күтсеңдершi!- деген ғана байлау едi.
2 Күз келдi. Үш күннен берi сiлбiлеген ақ жауын айықпай тұр. Жайлаудан қайтып, Шыңғыс асып, қыстау-қыстау үстiнде аз ғана аял етiп, пiшен шапқызып болған ел ендi күзекке беттеп келе жатқан. Жидебай, Мұсақұл, Қарауыл, Шүйгiнсу сияқты пiшенi шабылып алған қорықтарда жиi қонып отырған ауылдар көп. Шыңғыстың ұлан-ұзақ, мол қыстаулы бөктерiмен Қыдыр, Қызылшоқы, Борлы сияқты балақ таулары да, адыр-қатпарлары да ауыл-ауылға толы едi.
Жұрт жазғы үлкен үйлердi қоймаларға тастап, ендi кiшiлеу-кiшiлеу қоңырқай үйлер көтерiскен. Жазғы күндей емес, қазiр жылы киiмдер киюмен бiрге, баспананы да от жағып, iшiне киiз тұтып, ықшамды қып отыратын болу керек. Соған ыстан қорықпайтын, киiзi бүтiн, бiрақ кiшiлеу үйлер қажет. Әлi келгеннiң бәрiнiң iстеген шаралары осы.
Қазiрде күзеуге қарай ауысқан ауылдардың жаздан бөлек тағы бiр өзгешелiгi, ендi қой сауылмайды. Ересек тартқан қозылар қоралы қоймен бiрге жайылады.
Ат үстi мал қарайтын, сөз бағатын еркектер де бiр жаңалық табысты. Суық түн, лайсаң күнге арнап, саптама, қалың шекпен, елтiрi iшiктер киюмен бiрге, меншiктi, мiнгiш аттарын да ауыстырып келе жатқан. Жаз жайлайтын аттардың бұл кезде еттерi ояздап болған. Ендi қыс суығына шейiн қоң жиып алсын деп, оларды бiржола қоя берiп, осы Шыңғыс асысымен күз мiнетiн, қыс мiнетiн құр аттарды ұстасқан едi.
Шаруаның шағын үйiнен бастап, нелер малды, әлдi дегендердiң бәр-бәрi осы күндерде қалың майлы құр аттарын салқын-салқын кездерде мiне бастады. Аяңмен жүрiп, қызыл май қылмай, жиi-жиi суытып, оқта-текте таң асырып жүрген.
Бұл уақытта бiреуден бiреу қызыққан аттарының майын сұрап мiну, сатып алу, айырбас жасау сияқты iстер де көп болатын.
"Күз алды-салдысы көп мазасыз болар-ау!"десе, не" тосын жүрiс, жолаушылар күзi болар" десе, сенiмдi аттарға қызығу, қолқа салу, әсiресе көп болатын.
Қазiр екiндi – ақшам арасында, Қызылшоқыдағы Құлыншақ аулына қарай жауыннан ықтай түсiп, жедел бастырып келе жатқан Майбасар мен Құдайбердi осындай бiр ат жайынан туған сырт шаруамен келедi. Қастарында жорға Жұмабай мен атшабар Жұмағұл бар.
Күздiң бұлыңғыр күндегi кешi мезгiлдi анық болжатпайды. Сондықтан жарықта барайық деп қатты жүрiскен едi.
Құлыншақ аулы он шақты үй. Бүгiн осындай Құнанбай жағынан келетiн бiр келiстi ерекше аңдып күткендей. Ауыл желкесiндегi тақыр қызыл кезеңге төрт атты қатты желiп шыққанда Құлыншақ төбе басында, " бес қасқа " деген балаларының ортасында отыр едi. Елең етiп көрдi де:
– Әне келе жатыр! Құнанбай кiсiсiнiң алды осы!- дедi.
– Жүрiсi суық екен!- деп, бес қасқаның үлкенi Тұрсынбай да көз тiктi.
– Жә, ендi не отырыс бар? Бiреуiң тез бар да, Пұшарбайға хабар айт! Алысқа хабар етер жайым жоқ. Пұшарбай барлық Көтiбаққа бiлдiрсiн!- деп, Құлыншақ бастағанда:
– Е, Жiгiтек, Бөкеншiге де солар жеткiзедi.
– Көшiрiп алуға жарайтын болса, жетсiн тегiс!
– Уәделерi шын болса, осы iңiрде табылсын!- десiп, Құлыншақтың айналасын қоршап отырған Тұрсынбай Садырбай, Мұңсызбай, Наданбай сияқты төрт ұлы қостай қоя бердi. Бес қасқаның бiрiне Манас қосылатын. Ол бәрiнен жас. Тегiнде Құлыншақтың өз баласы емес, ерте ер жеткен немере, анау Тұрсынбайдың баласы едi. Манас үлкендердiң әмiрiн күткенi болмаса, өзi үн қатқан жоқ. .
Жаңағы бәрiнiң айтқан бұйрығы соған қарай айтылып едi. Пұшарбай аулына хабаршыға тез кететiн болып, Манас тек қана мына келе жатқан төрт аттының келiсiн күттi.
Майбасарлар Құлыншақ үйiнiң сыртына кеп тоқтағанда төбе басындағылар да жетiп едi.
Екi топ ақырын ғана салқын амандасты.
Бiрақ келгендердi тыста бөгемей, Тұрсынбай бастап:
– Үйге жүрiңдер!– дедi. Тегiс ертiп, үлкен үйге кiргiздi.
Сол кезде Манас тыста жалғыз қап шеткi отаудың тасасында тұрған бөрте атқа мiнiп алып, Қарауыл жаққа қарай дүсiрлете жөнелдi. "Келе жатқан кiм екен?" деп тосып едi, iшiнде Майбасардың өзi барын көрген соң, ендi аялдайтын дәнеңе жоқ.
Майбасар бұл үйге ашулы пiшiнмен кiрдi. Белiн шешпей, көк елтiрi тымақтың бiр құлағын жымырайта киiп ап, қамшысын қос бүктеп, мықынына таянып отырып, Құлыншақтарға ызғарлана қарады. Түсi сұрланып, екi танауы желбiрей түсiп, тентек көздерi жиренiш отын шашып отыр.
Отыра бере, Құлыншаққа қадалып:
– Жә, ағайын, бұл қайткенiң, атшабарымды неге сабайсың? Терiс болса арыз айтар жер таппадың ба? Тым құрыса мырзаның алдынан бiр өтсең неттi? Оған да сенбей, оған да жоныңды көрсетейiн дедiң бе? Жуандығыңды көрсетейiн дегенiң бе? Кеше ғана қатарда қолтықта жүрген туысқан емес пе ең? Жөнiңдi айт, бетiме айтшы кәне! "Сонысын өз аузынан естiп кел" деп жiбердi мырза. Мына баласы Құдайбердiнi әдейi қосып отыр қасыма, – дедi. Үй ортасында бықси жанып тұрған сары қидың отына шырт түкiрдi де, Майбасар Құлыншаққа бұрылып алды.
Бес қасқаның төртеуi төмен қарап томсарып, түк естiмегендей жым-жырт отыр. Мұңсызбай мен Наданбай тiптi басылып отырған да жоқ. Анадай жерде, арқаларын керегеге сүйеп, жүресiнен отыр. Жондарын сыртқары қаратып, тұмсықатарын шекпен күпiнiң жағасына тығып апты.
Құлыншақ өзiнiң жер төсегiнiң үстiнде отыр едi. Соның дәл қасында, төменiрек отырған Садырбай ғана Майбасардан көз алмай, суық қарайды.
Құлыншақ азырақ көзiн жұмып отырды да:
– Атшабарыңның сабалғанын айтасын. Жарықтығым Майбасар, басыма сырық, малыма құрық сiлтеген өз қылығыңды, осы Майбасар қылығын сен неге айтпайсың? Мырза көрсе, әуелi соны неге көрмейдi. Сенi неге тергемейдi?– дедi.
– Терiс жайылма! Терiс көшпе, оңға көш, ақсақал! Мен кiнәласқалы, арылғалы келдiм!
– Терiс көшпе деймiсiң? Жоқ, мен көшкелi отырмын. Сенен ажырап, ана жаны ашитын ағайынның ортасына көшкелi отырмын.
– Оныңа ырзалығым, рұқсатым жоқ! Көшпесiн, кетпесiн, ұғысамын Торғаймен деп, сәлем айтты мырза.
– Сәлемет болсын! Бiрақ, ендi бақыл болсын, мен көшем!
– Неге, не көрiндi, ақсақал?!– деп, осы арада Құдайбердi сөзге кiрiп: – "Бұл көшу, исi Торғайды маған жат қылам деген көшу ғой. Кiнәлассын, айтысатынын айтсын, тiптi алмағын алсын, олқысын атасын. Бiрақ көшуден тыйылсын, бармасын жауыма!" дедi менiң әкем, – деп едi.
Майбасар Құлыншақты тоспай киiп кеттi:
– Кiнәңды айтшы осы! Атшабарымды сабап отырған өзiң емеспiсiң?
– Мына бес баламның ортасында аяғының желi бар жалғыз-ақ, Бөрте ат едi. Сұрадың, бере алмайтынымды айттым. Ұқсаң не етушi едi? "Ұстап әпкел!" деп, атшабарыңды, итiңдi бөрiдей қып, ақ, адал малыма. Шаптыратын не жөнiң бар, Майбасар?
– Атты сұратқан мен емес! Мырза болатын. Мына бала Құдайбердi қызығып көңiл қылған соң: "Ат жалын тартып мiнгенi осы едi Құдайбердiнiң, Құлыншақ бiр еркелiкке ренжiмес, көтерер" деп, мен жiбергенiм рас.
– Еркелiк! Не еткен еркелiк?!
– Кiрме, құл-құтанға iстейтiн зорлықтың атын алдарманға келгенде – "еркелiк " қойыпты!– деп, Тұрсынбай, Садырбай екеуi кекетiп қойды.
Бөрте ат жөнiндегi дауда екi жақ ұғыспады. Тартыс сөз үзiлiп, бiраз тоқырасып қалып едi. Аздан соң Майбасар Құлыншақтың бар Торғай руын бастап, Жiгiтек жағына көшемiн дегенiн мiнедi. Соған шабуыл жасай бастады.
Құдайбердi екеуiн Құнанбай бүгiн жiбергенде, тапсырған анық сәлемi осы болатын. Осыдан бес күн бұрын туған Бөрте ат жайын, атшабар сабалуын Майбасар әдейi жолдан қосып отыр. Сол қылмыстарын еске салып, ықтырып алам дегенi едi. Құлыншақтар ол турада өздерiн кiнәлы деп санар емес. Тiптi сол жөнде ызалы болғандықтан атшабарды сабап алып, "ендi бiздi көшiрiп алсын" деген сәлемдi Жiгiтекке шындап салып отыр. Осы өкпенiң сыбысы бүгiн ертемен Құнанбайға жеткен соң, ол өз қолтығынан Торғайдай жақын руды жiберудi қорлық деп бiлiп едi.
Бөжей өлген соң жаздан берi екi жақ сыртпен қақтығыспаса да iштен барды салып, ел тартысып, сiлкiсiп келе жатқан. Екi жағын бiрдей қабындырып, кернеп алған араздық, ендi болымсыз бiр iлiкке жете бере, астаң-кестең жарылатын сияқты.
Бөжей барда Тоқпамбеттегi төбелестен iрi жанжал болған емес. Бiрақ содан берi мықтап әзiрленiп, Құнанбайға қарсы майдан берудi Жiгiтек, Көтiбақ, Бөкеншi боп қатты ойлаушы едi. Бөжей өлдi де, тартыс сырттан қарағанда азырақ iркiлгендей болды. Бiрақ ол сырттан ғана солай. Шындап iшке келгенде, Бөжейдiң өлiмi қайта дерт-жараны тiптi қатты дамытып жiбердi. Өлiмнiң өзiмен де Бөжей Құнанбайға жауығатын жұрттың шебiн тұтастырып, бұрауын қатайтып, шеңберiн ширатқан сияқты.
Әсiресе, Бөжейдiң үзеңгi жолдастары Байдалы, Байсал, Қаратай, Түсiп, Сүйiндiктер ерекше сызданып алған.
Сол кезде Құнанбайдың Құлыншақ аулынан атақты "Бөрте атты" сұратқаны тап болды. Құлыншақ атты бермедi. Байсал мен Пұшарбайлар Құлыншақты оңашада, құпияда көптен шырғалап тартып, жiгiн босастырып жүрген. Торғай руына Ырғызбай қандай болса, Көтiбақ Байсалдар да сондай жақын.
Бөрте атты басқа уақыт болса Құнанбайға Құлыншақ берер едi. Бермеске шарасы да болмас едi. Ел таразысын жақсы аңғармайтын Майбасар:
– Бермейдi деген не сұмдық? Торғайдан алмасақ, қайратымыз қайсы? Өкпелеп қайда кетушi едi? Кете алатын күшi қайсы?– деп, өз-өзiнен шабынып кеп жақында бiр содырлық iстедi. Жаңағы әңгiме соның арты.
Ендi, мiне, өкпенiң бетiн бiржолата ашып ап, айқын түзеп алған Торғай, бұлардан кетпегiн де айтып отыр.
Майбасар көшуден тоқтатам деп әр түрлi сөз айтты. Құлыншақ көбiнше жауап бермей, құр үндемей тартынуға түсiп едi. Жарытымды жауап алмағанына ыза болған Майбасар, ендi, Құлыншақтарды бұрынғы кеудеге салып қорқытып, ығырып жiбермек болды.
– Уа, Құлыншақ ақсақал, көшпесiн деген мырзаңның сәлемiн айттым.
Көшпе деп өзiм айтып отырмын. Жете айттым, арыла айттым. Ендi көшпейiм деген сертiңдi бер, қысқасы! Соныңды естимiн де, жүремiн!– дегенде Құлыншақ қатуланып, жалт қарап:
– Ендеше, менiң де сөзiм қысқа, Майбасар. Тойдым, болдым! Көшемiн!- деп, бiр-ақ кестi.
Үй iшi бұл сөздiң тұсында тегiс ажырайысып, аңтарыла қарасып қап едi.
Майбасар қатты ажарға мiнiп, қамшысының сабымен сырмақты соққылап отырып:
– Құтыртып отыр ғой! Барарың кiм, бiлемiн! "пана болуға жараймын, жасқанба" деп отыр ғой! Бiрақ, алып көрсiн iргемнен кеп! Қойны-қолтығы кең неме екен ғой Байдалы, Байсал. Ендеше көк тұқылды, мұздай сүңгiнi сол мырзалардың өз етiне қадармын!– деп, қалшылдап кеттi. Көздерiнен от шашып, ойнақшыта қарап: – Кешегi Тоқпамбеттегiдей қоңдарын түрiп қойып, жалаңаштап тұрып, сазайын беремiн!– дедi.
Бес қасқаның ең ызақор, оттысы Садырбай едi. Ол ырғала түсiп, қатты демiктi де:
– Қой, шырақ, қой мырза сол бәледен абырой тапқаны аз едi ғой, атамай-ақ қойсаңшы!– дедi.
Дәл осы кезде қасында екi жiгiтi бар Пұшарбай кеп кiрдi.
Бұл Пұшарбай былтыр Тоқпамбетте Бөжейге ара түсем деп, Құнанбайдан таяқ жеген. Бiрақ Байсал мен бар Көтiбақтың Жiгiтек жағына шығуына себеп болған Пұшарбай. Қалың қоңыр сақалды, мол денелi Пұшарбай ол ызасын ұмытпаған болатын.
Осы Пұшарбайлар үйге кеп кiрiсiмен, бес қасқаның бәрi де тегiс қозғалақтап, әлденеге әзiрленгендей, қомданып қалысты. Тыста да бөгде кiсiлердiң тықыры бiлiнген сияқты. Жорға Жұмабай iшiнен: "Бұ не қылған жүрiс? Әлпеттерi қалай едi?"– деп, Майбасарға қарай берiп едi.
Сырттан бiр қатты зiлдi дауыс:
– Уа, үйде кiм бар!– дедi.
Пұшарбай соған елең етiп, саңқ етiп дауыстап:
– Уа, мен бар!– дедi.
Сүйткенде, есiктен Манас бастаған он шақты жiгiт асыға-асыға кiрiп келдi де, төрге қарай тап бердi. Бағанадан осы сәттi күткен Садырбай, Мұңсызбайлар және Пұшарбай да Майбасарға тап бердi.
Майбасар:
– Тарт!- деп, ақырып қап, отырған бойда қамшы сiлтей берiп едi, Садырбай бас салып, шалқасынан түсiрдi де, тiзерлеп алды.
Қалған үшеуiн өзгелер де бүктей түстi. Атшабар емес сұмдық үлкенi ендi келдi.
Пұшарбай, Садырбай, Мұңсызбайлар боп, Майбасарға мықтап дүре соқты. Өзге жолдастары да соны көре бастап едi. Жалғыз Құдайбердiнi ғана Құлыншақ қорғап қап, өз қасына сүйреп ап, басын етегiмен жауып, ұрғызбады. Майбасарды үнсiз сабап жүрген Садырбайлар бiр уақытта:
– Тысқа алып шық! Жүр, алып шық!– деп, тысқа сүйреп шығарды.
Сол уақытта Садырбай айғайлап:
– Бұл жаңа "қоңдарыңды түрiп қойып сорлатам", деп серт берген. Байдалы, Байсалға соны iстемек болған. Ал мұнiкi сөз едi. Кел, бiздiкi iс болсын! Шеш, сыпыр киiмiн!– деп, тап бердi де. Майбасардың етiк шалбарын түгел сыпырып, тырдай жалаңаштап алды. Содан соң сыртынан қойып жiберiп, етпетiнен түсiрiп, басып жатып:
– Сен не қылмадың осы? Неден астың әлi осы?– дедi түйгiлеп отырып. Масқара қып, қор еткенде, былай етейiн мен сенi!– деп, Майбасарды етпетiнен тiзерлеп салды да, – көк сүңгi деп ең ғой! Мә, көк сүңгi!– деп Майбасардың жалаңаштанып тұрған құйрығының арасына түйенiң қатқан құмалағын батырып-батырып жiбердi.
– Намысың болса, өл осы қорлықтан, өл осы мазақтан!- деп теуiп қалды.
Құнанбайдың iнiсi мен баласын осылайша қорлап, сабаған Құлыншақ ауылы, дәл осы түнде үйлерiн жығып, көше жөнелдi. Бағана кештен берлi Манас арқылы хабарланған қалың Жiгiтек, Көтiбақ, бұл ауылдың көшi жөнелер кезде, лек-лек болып кеп, қаумалап, қошеметтеп алып кеттi. Сол түнде Қарауыл суының ар жағына шығарып, өздерiнiң тобына Торғайдың талай аулын қосып ап едi.
Майбасарларды тек көш жөнелiп, ұзап кеткен соң ғана босатқан. Олар аттарын күн шыға тауып, Құнанбай алдына – Жидебайға түске жақын ғана жеттi. Құнанбайдың бар ауылдары Жидебайда болатын. Айналасы он шақырымдай Шиқорықта Ырғызбай, Топай, Жуантаяқ, Қарабатырдың да қалың ауылдары иiн тiресе отырған.
"Майбасар мен Құдайбердiнi Жiгiтек сабапты. Құлыншақ аулын зорлықпен тартып, көшiрiп әкетiптi" деген хабар бұл елдерге лезде тарады. Құнанбайдың тығыз берген бұйрығы бойынша, бiр шай қайнатым арасында., жүз елудей жiгiт атқа мiндi. Қол басы – Ызғұтты, Жақып және Құнанбайдың өзi. Жiгiтектiң көш-қоңынан хабар алып отырған Құнанбай дәл түс кезiнде мынау әзiр тұрған қолға бұйрық еттi. Тегiс атқа қондырып:
– Шапқан жақсы болса, тартып алған жол болса, көзi көрсiн! Шап! Шауып, тиiп алып келiңдер анау кетiп бара жатқан Жiгiтек көшiн!– дедi. Қалың қолын Мұсақұл жаққа қиыс өтiп бара жатқан бiр үлкен көшке қарай қаптатып жiбердi.
Тұтқиылдан тиiскен қол бұл көш кiмнiң көшi екенiн аңғармаған. Құнанбай да ашумен алды-артын ескермептi. "Әйтеуiр Жiгiтек көшi болса, болды!" деген.
Көш Жiгiтектiкi екенi рас болды. Бiрақ соның iшiндегi қаралы көш Бөжей көшi боп шықты.
Құнанбай қолды қаптатып жiберiп, өзi артта қалған. Жасанып шапқан қол көштегi еркектердi сойылдап, бықпырт тигендей қып, қашырып тоздырды да, жылқы, сиыр атаулыны тиiп алды. Бiрақ дәл көштiң өзiн ұстап, бұрып әкетпек боп келгенде, абөжей көшi екенiн танып, қолдың алдыңғы жағында келе жатқан Ызғұтты мен Жақып тайқып кеттi. Өзге жiгiттерiн де тигiзбедi. Тұл атты жетектеген қос қыз мiз бақпай дауыс айтып тарта бердi. Бөжейдiң бәйбiшесi ғана атының басын iркiп, түйелерiн тоқтатып тұрып:
– Уай, қара бет! Көрiңде өкiр шетiңнен, қаралы көшке шапқан қара бет!– дедi.
Бөжей көшi екенiн Құнанбай бiлiсiмен:
– Ендеше көштi шаппаңдар! Бiрақ сол тұрған жерге қонсын, iлгерi баспасын!– дедi.
Бөжей көшi iркiлiп иiрiлдi де, Мұсақұлға қонып қалды. Құнанбай қолы қайта серпiлдi.
"Бөжейдiң қаралы көшiне шауыпты! Өлi аруақты да қорлапты!" деген хабар осы күнi ана жақтың барлық ауылдарына тарады. Көштен бастап, түн бойы барлық еркек кiндiктi аспап сайлап, атқа қонды. Жасақтың жиылатын ортасы Мұсақұл, дәл сол Бөжей аулының үстi, Құнанбайға қарсы белдесуге шыдап, қол жиғызып отырған Байдалы, Байсал болды. Осы түнде Құнанбай қолы да дамылсыз ағылып кеп, Жидебайға жиылып жатты. Мұсақұл, Жидебай арасы үш-ақ шақырым. Осы екi қорық үлкен майданның орны болуға айналды. Құнанбай жақын маңдағы рулардан басқа, Қыдыр мен Шұнай, Доғалаң сияқты тауларды мекен еткен Тоғалақ, Әнет, Бәкендi де шақыртып, қос-қос атпен шапқыншылар ұшыртқан.
Байдалы, Байсал болса: Жiгiтек, Көтiбақ, Бөкеншiнi түгел атқа мiнгiзумен қабат, Қаратайдың елi Көкшеге де, одан арғы бiр қалың ру – Мырза, Мамайға кiсi шаптырған. Жасағына бұл шақырғаны Тобықты iшiнде алыстап барып туысатын ағайын, Тобықтыдан бiрер ата берi "Қоңыр" деген шеше ұранын шақырғанда барып, мыналармен туысушы едi.
Байдалының бiр қамы осы болса, екiншi үлкен iсi дәл осы түнде Түсiптi Қарқаралыға жөнелту болды. Қасына бес жiгiт қосып, қалталарына қалыңдап ақша салды. Қос-қосардан сәйгүлiктер жетектеп, әсiресе өз руларының мөр иесi адамдарына мөрлерiн бастырып, отыздан аса "пiрғауар" жасатып, Құнанбай үстiнен мықты шағым сайлатып бердi.
Осының бәрiн тығыз әзiрлетiп, Құнанбайды: "Ел бүлдiрдi, қаралы көштi шапты. Тобықтыны қалың соғыс қырғынға салып отыр!" дегiзiп көзеп бердi де, Түсiптi жедел жөнелттi.
Байдалы мiндетi ендi не де болса, қайыспай қасарысу, қайтпай соғысу. Таң атысымен Құнанбайдың Жидебайға жиылған қалың қолы атой берiп, жүйткiп жосып, шаңдата шапты. Бұл қолдың молдығы ерсi екен. Байдалы, Байсал, Сүйiндiктер де аттарына лезде мiнiп, өз қолдарына ұран салды. Бұл жақ та қамсыз емес. Ат белдеуде, сойыл, шоқпар әзiр болатын. Құнанбай қолына қарсы бұлар да жасқанбай, таймай шапты.
Екi жақ шаңдатып шулап, сойыл, найзаларын зор айдынмен көтерiсiп, бетпе-бет шабысып келдi де, жапыр-жұпыр бiр-бiр араласып, шарт-шұрт ұрысып өттi.
"Мұсақұл соғысы" деп ат алып, кейiн Тобықтының талай заман есiнен кетпейтiн осы соғыс екi жақтан ең кемiнде мың-мыңнан әскер шығарды. Кiсiге ден болмаған Құнанбай жағы талай рет қаптаса да, тойтарылып қайта қайтып тұр. Әрбiр шабуылдаған қақтығыста оннан, бестен құлап түскен жаралыларды екi жақ жиып әкетiседi.
Алғашқы күн көп қаржасса да, жеңiсе алмаған қолдар кешке жақын кейiн-кейiн шегiнiстi.
Келесi күнi, тағы осындай, бiрiн-бiрi қашыра алмаған, жеңiсе алмаған шарпысумен өттi.
Көптен бүйтiп насырға шауып көрмеген үлкен жойқын соғыс, үшiншi күнге қарай кетiп едi. Дәл осы күннiң түс кезiнде Құнанбай жүз елудей атпал азаматқа ең жүйрiк аттарды мiнгiзiп, қолдарына, тегiс сойылдарын тастатып, айбалта, найза бергiздi. Екi күндей жеңгiзбеген Жiгiтекке қаны қайнап, өшiгiп өршеленiп алған. Ендi қан шығара соқтықпақ болды. Қолы қатты, кегi күштi Құнанбай жеңгенде осымен жеңбек.
Әуелi сойыл, шоқпарлы кiсiлерiн күндегiдей жiберiп, әдейi қаша ұрыс салдырып тұрды. Ана жақтың өлермендерiн екiлендiрiп, қоздырып алмақ.
Айтқандай, Жiгiтек, Көтiбақпен екшелiп шығып, екпiндей қуатын айнымас топтар айқынданып қалды. Оның басы Балағаз, Құлыншақтың "бес қасқасы". Көтiбақтан Пұшарбай, Қареке дегендер. Осылар бiр рет Құнанбай тұрған төбеге таман аса басымдап етпеттеп келген кезде бағанадан тасада ұстап тұрған iрiктi тобын Құнанбай қаптатып кеп қосып жiбердi. Өзi де шауып едi.
Айбалталы, найзалы топтың басы ер Ызғұтты болатын. Бұлар араласты да, Жiгiтек жағын ерiксiз қашырып, бастыра жөнелдi. Қуа соғысқанда он шақты жiгiттi шаншып түсiрдi. Ызғұтты өз қолындағы айбалтамен Пұшарбайды кезей қуып едi. Арадан қорғамақ болған Қареке кеп килiккенде, Ызғұтты соны құлаштап кеп, бастан шапты. Жасқанып қалған Қарекенiң дәл басына айбалта тимедi, бiрақ мұрнын шауып түстi. Омырауының бәрiн ағыл-тегiл қан жапқан Қареке Пұшарбайдың көз алдында шауып келе жатып, жұмарлана құлады. Жiгiтектер құтқара да алмады. Жасқанып қаша бердi. Жау қаштының алды осы. Құнанбай ендi бастырып омыраулап, "Бар Жiгiтек қолын қашырамын" деп, екпiндеп келе жатыр.
Бiрақ дәл осы кезде Жiгiтек қолының арт жағындағы Ақадыр жақтан қалың будақ шаң шықты. Шаң ғана емес, адырдың құлай берiсiнен селдей қаптап, жосытып келе жатқан қалың қол екен.
Алдында" Жiгiтек Қоңырға кiсi шаптырыпты. Мамай көп жасағымен келедi деп дәмеленiп тұр!" деген сыбысты Құнанбай жағы бiр жансыздан есiткен-дi. Мамай келсе, Жiгiтек жағы басымдап кеткелi тұр. Бүгiнгi күннiң үлкен қаупi сол. Жаңа ғана Құнанбай айласы iске асып, жауды жыпыра бергенде, мына Мамайдың қолы көрiнiп қалғаны қуғыншылардың жүрегiн қатты шайлықтырды, Ызғұттылар ерiксiз iркiлiп тартына бердi. Өйткенi анау таудан ағылған нөпiрдiң сан мөлшерi де бiр бес жүзден кем емес.
Құнанбай қолы тоқтап қалды. Тоқтасымен кейiн сырғи бердi. Бiрақ бұған орай, Жiгiтек те өршеленiп қайта қумады.
Қызып соғысатын кезде екi жақ жай ғана айрылысты. Құнанбай бұл күнi қатты алданғанын бiлген жоқ. Бiлсе, ол жаңағы қаптаған бетiнде Жiгiтектi жеңетiн едi.
Үшiншi күнгi соғыста, Құнанбай тәсiл ойлаған кезде, Байдалы да бiр есеп тапқан. Осы үшiншi күндi ол да жеңiс күнiне айналдырам деп ойлаған. Сонымен, бiр жақтан "Қоңыр келедi!" деген дақпыртты таратып жатып, екiншiден, өздерiнiң жақын ауылдарының барлық түйесiн жиғызып ап, қырғын соғыс үстiнде, Ақадырдан қатты қудырып, құлата айдатқан болатын. Жаңағы Құнанбай жағын тайсалдырған қалың сел, қол емес, сол түйелер екен.
Оны бiлген Құнанбай жоқ. Қатты шабуылдан Құнанбайлардың өздерi iркiлiп қайтқан соң, оларды қайта қууға Жiгiтек қолында найза, айбалта аз болған соң, Байдалы өз кiсiлерiн арандатпады.
Сонымен, үшiншi күннiң кешiнде "Мұсақұлсоғысы" аяқталды. Аяқтағанда, Құнанбай жеңе алмай, Жiгiтек болса қарсыласуға, белдесуге әбден жарайтынын көрсетiп аяқтады. Қол қимылы үнемi ем болмайтыны көрiндi. Қарсысына шыққан елдiң мықты шебiнен Құнанбайдың жүрегi шайлығып қалды.
Жұлысқан майдан тарқады. Бiрақ, екi жақтың да гуiлдеген сөздер, дақпырт-лақабы, қызу кеңес, ұзақ әңгiмелерi "лау-лау" етiп, атраптың баршасына тарап жатты.
Дәл соғыстың басшылары – Жiгiтек пен Құнанбай жағын алғанда Байдалылар басымдай сөйлеп, шоқтықтанып қалғандай. Құнанбай айналасы көбiнше үнсiз. Суық ашумен томсарып, томырылған тәрiздi. Осының өзi де бұл жақтың ойдағысы болмағанына айғақ.
Ендiгi iстiң айласы не? Тулап шығып, шаншып алысқан елдi қалай бағындырмақ керек? Құнанбай осы ойлардың соңында.
Арада он күн өттi. Қимылсыз, қарекетсiз жым-жырт он күн. Ана жақ: "Құнанбайдың тауы шағылды, тауаны қайтты" деп, масайрап, жамырасып жатыр. Бiр-бiрiне қонаққа барысу, "ақсарбас, көкқасқа" айтысып баталасу, тамырласып достасу көп. Тiптi осы қосылысқан қуаныш үстiнде, бiреумен бiреу құда болысу да көбейе бастаған.
Жiгiтек жағының бұл қуанышы текке кетпедi. Түсiптiң кеткенiне оныншы күн болды дегенде, Тобықты iшiне, дәл Құнанбай аулына Қарқаралыдан он бес қазақ-орыс кеп түстi. Солар Құнанбай аулына келгенде, Түсiп те Жiгiтек iшiне жеттi. Ап-анық, соның арызымен Құнанбайды тергеуге шыққан ұлық, жаңағыдай қарулы қолмен кептi.
Келген әскердiң баса Чернов деген шенеунiк. Қарқаралыдағы Майырдың тапсыруы бойынша, көрпiстен келген осы шенеунiк өзi шығыпты.
Ұлыққа арнап Жидебай, Мұсақұлдың екi арасына он шақты үй тiгiлдi.
Сол ұлық үш күн жатып тергеу жүргiздi. Келген беттен-ақ сұғын қадағаны Құнанбай. Ашып айтпаса да, бұның ажары Құнанбайды аға сұлтан деп қарамайды. Ендi тергелушi айыпкер деп бағалағандай. Ыңғай солай екенiн ұққан соң, Жiгiтек, Бөкеншi, Борсақ, Көтiбақ баршасы да Құнанбай үстiнен шағым айта бастады.
"Ерулiге қарулы" етiп, Құнанбай жағы да, анау елдердiң басты адамдарын кiнәлап: "кiсi өлтiрдi! Ауыл шапты, жер өртедi, буаз қатынның баласын түсiрдi!" деп, неше алуан ойдан шығарған сұмдық жалаларды жауып жатты. "Сол тентектермен алысқан Құнанбай ондайлық бүлiк елдер кезiнде қылмысты атанды, жау атанды" деп, Құнанбайды қиялап кеп ақтап жатты.
Ұлық бұл арада байлау жасаған жоқ. Екi жақтың арыздарын тыңдап, тiзiп алды да, үшiншi күн кешке Құнанбайға:
– Қарқаралыға бiзбен бiрге ертең ерте жүресiң, қамдан, – дедi.
Бұл анық жаман белгi. Құнанбай ұлықтан қайтысымен, осы түнде өзiне тән жақыннан он кiсi шақырып, кеңес құрды.
Бұл жиында Ызғұтты, Жақып, Майбасар сияқты үлкендер және баладан Құдайбердi, Абай бар.
Кеңестi Құнанбай өзi жетелеп, алда тұрған үлкен қауiптi айтты. Бiрен-саран, Ырсай сияқты босаң қарттар жылайын деп едi, Құнанбай зекiп:
– Көрсетпе, түге, көз жасыңды! Қолыңнан келер болса, ақыл қос! Көмек айт – дедi.
Бұл жиында шешендiк сап, келелi сөз сөйлейтiн орын жоқ. Тек байлау айтып, iс қамын ойлау қажет.
Соның өзiнде де мынау өңшең тоғышар, боркемiк ағайын жол нұсқап, жөн көрсете алмай iркiлiп отыр. Көбiнiң осындай аңғарын таныған Құнанбай ендiгi ақылды өзi айтып:
– Іс ұлықтың тергеуiне кетедi. Ендiгi бәле қағазда. Қағаз деген абырой, атақ, бақ, беделге қарай ма? Шамаларың келсе, ана жақтың арызын тый. Барды салып соны тоқтатып көрiңдер. Артымнан арыз бармасын! – дедi.
Мұның айласы не болатынын да мынау бұйығы көп бала ағайын таба алатын емес. Шешiлген кiсi шыға алмады.
Абай әке қасындағы бұл топтың қысталаңда соншалық татымсыз екенiн дәл осы кеште анық көрдi.
Ақыл айтып, мәслихат беруден бұрын тартынып келсе де, қазiр Абай ойындағысын айтпақ болды.
– Арыз бармас үшiн, жауығып отырған ағайынның көңiлiн табу керек қой!
Құнанбай бұған суық қарады, жақтырмады.
– Аяғына жығыл деймiсiң?
– Жоқ. Бiрақ алғанды қайта орайлап, есесiн түгендеу керек. Сонымен көңiлiн тауып тоқтатпаса, арызды тоқтатар басқа шара жоқ!.
Құнанбай мұның сөзiнiң төркiнiн ұқты да, өзгелер не дер екен дегендей, үндемей тосып қалды.
Абай ақылы басқаларға да қонғандай болды. Бәрi де күмiлжiп, жағалатып сөйлеп отырып, осыған соға бердi.
Анықтап айтқан Ызғұтты ғана:
– Жiгiтектiң де, Бөкеншi, Көтiбақтың да өксiгi жер ғой. Қыстау ғой. Сол жөнде еселесi тоқтау тауып көремiз де, қайтемiз!
Таратып, көп айтуға келетiн сөз емес, бастан-аяқ мәнiн ойласа, бұл өзi Жiгiтектен кешiрiм сұраған сөз. Қысқасы, соған барды берiп, жалыну деген сөз. Құнанбай қорланып, күйiп отырса да, осыған көнетiн болды.
– Жермен, малмен тынатын көңiлi болса, жесiн де тынсын! Қор қылып, итшiлеген өмiр ғой!– деп, тоқырап қалды.
Осымен көптi таратып жiбердi де, Жақып пен Майбасар, Ызғұттыны ғана оңаша алып қалып, ендiгi, дәнекер болатын кiсiлердi айтты.
Жауға жалынбақ оңай емес, Байдалының өздерiне тура бара ма? Ол кiшiрейген үстiне, ерекше бататын қорлық. Бiрақ мынау ақыл таппас ағайын соған да барып қалуға болады.
Сол жағын ескерген Құнанбай араға түсетiн кiсiлердi атап бердi. Бұның бiрi – Тоғалақ iшiндегi мықты жас Байғұлақ. Екiншiсi – Құнанбайға араз болса да, кеше Жiгiтектiң жасағына келмей қалған Көкше – Қаратай. Ара ағайын деп осы екеуiн алу керек. Байдалыға соларды салу қажет. Байлау осы болды.
Тегiнде бұл екеуiнiң қиыны Қаратай едi. Оның Құнанбайға дос боп жүрiп, қатты өкпелеп кеткенi бар. Сол Қаратайға айт деп, Құнанбай бiр сәлем жолдады. Сәлемi:
– Өлмесек әлi талай көрiсермiз. Тiрiге тiрiнiң iсi түсетiн күндер болар. Көрiсуге күн жақсы болсын! Айтарым сол-ақ, – деген.
Келесi күн Құнанбай ауыл, ауданымен, бала-шағаларымен үндемей көрiстi де, ұлықтарға ерiп, атқа мiндi. Қасына ерткен бес жiгiтi бар. Соның iшiндегi ең сенiмдiсi Мырзахан. Бұл бала күннен Құнанбайдың жiгiтi боп, қабысып кеткен адам. Аянар жаны жоқ. Тұқымы Ескене деген алыс ру болса да, қысталаңда Құнанбайдың анық сенетiн жiгiтi осы.
Құнанбай ел iшiнен жүрiп кеттi. Ұлықтар да тегiс кеттi. Бiрақ, кешегi осы елдiң ұлығы болған аға сұлтанға ендi не iстейтiнiн айтпай кеттi. Түсiре ме, тiптi орнында қалдыра ма? Онысын да сездiрген жоқ, Байдалылар барын салып, тым құрса осы жағын бiлмек едi.
Бiрақ, әйтеуiр, кеше ел шауып ығыр қып отырған Құнанбай өз ықтиярынсыз дуанға шақыртылып кетiп отыр. Соғысқан, белдескен күнiнде жеңе алмай қалғаны тағы бар.
Осының өзi де Жiгiтек, Бөкеншiнi қатты қуантқан. Қазiргi күндер – ол рулардың үстi наурыз күнiндей мәре-сәре. Айтшыласқан елдей ойнақ салу, бала-шаға емес, үлкендердiң өздерiне де пайда болды.
Бiрлесiп қарсылық көрсеткен үш ру ел бiржолата қойындасып, құшақтаса араласып жатыр.
Осымен қатар:" Құнанбайды елге қайтартпаймыз, айдатамыз үстiнен арызды айдап, су түбiне бiржолата кетiремiз, Бөжей кегiн аламыз! Өлi аруақ қарғысын мұның басына жеткiземiз!" деген ызғар, қайрат та күштi. Арыз, пiргауарларын қамдатып, тағы сол Түсiптi жөнелтпек болысып та жатқан.
Бiрақ осы кезде Қаратай, Байғұлақ кеп килiктi. Арлы-берлi көп ырғап, көп қажап кеп, арыз дегендi тоқтаттыратын болды. Жiгiтек сөзiнiң иесi Байдалы едi.
Қаратай соған ауыр салмақ салып, асылып кеп:
– Тынбаймын дегендi мақұлдамаймыз. Ара ағайын бiз келiп отырмыз. Бұл тынымсыздық Құнанбайды өкiндiрiп отыр, әнекей! Одан жер ал! Есесi кетiп ойсырап қалған елдерiңнiң қызылын толтыр!– деген.
Осы сөздер екi-үш күнге созылып, көп ырғаққа түсiп жүрдi де, ақыры сол Қаратайдың дегенi болды.
Байдалы, бiрақ жер жағынан ойдағысын бұйырды. Құнанбайдың он жыл бойында, тiрнектеп жүрiп тартып алған жерлерiнен дәл он бес қыстау қайтып алды. Жiгiтек, Көтiбақ, Бөкеншi, Торғай – бәрi де, әлденеше қоныс, қыстаулардан алысты. Алғанмен, сол төрт рудың ру басылары және малды, жуан ауылдары алатын қыстаулар боп шықты. "Көптiң дертi, көптiң жоғы" деген "мұңның" бәрi, тоқырау жерде сол Байдалы, Байсал, Сүйiндiктердiң өздерiнiң қыстау басуымен аяқталған. Оған орай көптi малмен, сойыспен, ат майы және тайынша-торпақ, соғыммен ырзалаған болысты. Бұл ретте берiлетiн мал-мүлiктi Ырғызбай түгел бөлiсiп көтерген.
Құнанбай кеткен соң он шақты күн өткенде, бұндағы елдiң арасы осылай боп, өзiнше тыныштана бастады да, арттан қуа кеткен арыз болмады. Қыстау алып, мал алған ру басылар ендi елдерiне осы жеңiстерiнiң өзiн де қуаныш деп қайта таратты, мол таратты. Арада тағы да әлденеше көкқасқа айтып, күндiз-түн көл-көсiр қып мал сойып, қалжыңға, күлкi, айғайға, ән, жырға бөленiп, ұзақ қызық көрiп жатты.
3 Ұрыс-қағыс басылып, тiршiлiк сабасына келгелi жұрт Жидебай, Мұсақұл сияқты қыстаулардан кетiп, ойға қарай iлгерiлеп, көшiп келе жатқан.
Әр ру, әр ауыл өздi-өз күзектерiне қонып жатыр. Жайлаудай, қыстаудай емес, ендi тарап қонысатын болған. Бұл кезде, оқта-текте болмаса, қалың ауылдар азырақ кездеседi.
Құнанбай ауылдары да бiр-бiрiнен шанжау-шанжау болатын. Тобықтының кең өрiс, мол дала, көп адырлары осы "бауыр" деген күзекте. Күзектiң ақ от, қара отын қыс түспей малға жақсылап жегiзiп, тойынта түсу үшiн, ауыл-ауылдар шашырай қонғанды тiлейдi.
Зеренiң аулы биылғы күзекке жылдағыдай ұзап кетпедi. Жидебайдан үш көшiп Есембайға жеттi де, "күземдi осында алып, қыстауға ерте қайтамыз" деп, жұрттың бәрiнен кейiндеп қалған.
Биылғы күз аса салқын. Қара суық желi де, бұлыңғыр жауыны да ерте иектеп, мезгiлсiз бүрсеңдеп тұр. Қыс ызғары ерте бiлiнетiн болса, қыстауға жақын отырған артық. Ұлжан кәрi енесi мен балаларының жайын ойлап, әдейi осылай тартынып қалған. Қастарында көршi елден үш қана шағын ауыл бар.
Абай әкесi кеткелi үйден шыққан жоқ. Бiрақ Жiгiтек жағының желiгiн, асыр-сауығын, мәз-мерекесiн естiп жүрген. Ырғызбай жағынан тиген он бес қыстауды азулы мықтылар басқанын бiр есiттi. Артынан тағы да сол жуандардың өздерi, iшiн-ара әлi ұғыса алмай, ендi бiрiнен бiрi қызғанысып, қырбайласып, қалып жүр дегендi де есiткен. Бұндай хабарларға Абай бiр түрлi сыншы үлкен жанша қарап, наразы боп күлушi едi. Бөжей намысын қуғандары шын болса, ол намыс, ол ар деген нәрселер оңай ма едi?
Сондай кiрсiз, шетiн, ақ нәрсенi жермен, қыстаумен емдеуге бола ма екен? "Ел жылады. Елдiң белi талды. Көп қысылды" дегендерi кәнi? Абай осыны да көп ойлап, аса бiр қиналып, қысылушы едi. Ақыры ол шерудiң барлығы осы адамдардың өз жемсауын тойдырса, тыпа-тыныш басыла қалады екен.
Осындайларды қазып ойлап, Абай осы күзде бар үлкеннiң шама-шарқын танып алды. Таныған сайын басын шайқап, қыжалданып қояды. Көбiнесе, тани тыңдап, мысқыл ете күледi. Сол себептi:" Жiгiтек масайрап, шат-шадыман боп жатыр. Бiз мырзаның артында жабырқап, уайым ойлап, отырғанда олар сүйсiнiп, ойнақ сап жатыр!"- деп Ырғызбай кiсiлерi қорланған уақытта, кiжiнiп, күйген уақытта да Абай оншалық шiмiркенбейтiн. Әсiресе, күйiк шегiп., қызғанбайды.
Көбiнше үндемей, езу тарта бердi. Осындай, бiр оқ өтпес сауыт тауып кигендей. Көптен бөлек, өзiнше оқшау, қатаң өсiп келе жатқан тәрiздi.
Соңғы күндер көбiнше домбыра алып, мөлдiр күйлер, сұлу әндер тарта берушi едi. Бүгiн кеште де ат үстiнде бiраз жүрiп кеп, шешелерiнiң үйiне кiрiп, Ғабитхан, Тәкежан, Оспан және бiрнеше малшылар отырған уақытта домбыраны қолға алды. Ширақ тартып отырып, бiр кезде аса бiр өткiр мысқылы бар, қызық өлең айтып шықты.
Сөзi ұнап қалды бiлем. Ұлжан: "бұл кiмнiң өлеңi екен өзi?" деп едi. Абай жай, шындап қана:
– Байкөкшенiкi! Сол айтыпты!- дедi.
Өлең Байкөкшенiкi емес, өзiнiкi болатын.
Осы күз бойы, әсiресе, қыс түсiп, Жидебайға тамға орныққан соң, Абай домбыраға қатты зер салды. Бiткенбай домбырашы, Тәттiмбет домбырашы деген атақты күйшiлердiң тартысына салып, бұған домбыра үйрететiн кәрi күйшiлер табылды.
Бiр жағынан домбыра үйрене жүрiп, Абай осы кездерде Байкөкше айтты деген әлденеше мысқыл, әзiл өлеңдер естiртiп қойып жүрдi. Қыстауға келiсiмен Ғабитхан молда Оспан мен Смағұлды қайта жиып оқу бастаған.
Абай солар қасында ұзақ отырып, кiтап оқиды. Кейде Бабыр, Науаи, Аллаяр сияқтыларды оқып-оқып кеп, өзi де қағаз, қарындаш алып, соларша бiрдемелер жазып кетедi.
"Ғашық оты, мағшуқа " деген сарындар жетектей бередi. Өзi әлi өмiрiнде сол көп естiген мағшуқамен жүздесiп, тiл қатысып, ләззат алысып көрмесе де көңiлiмен аса нәзiк сезiнiп, дем тартады. Ұмыттырмай, айықпай, лебi тартып, жатқан бiр ыстық жан бар. Ол – араздық, жаулық ар жағында. Кешегi төбелес, алыс-жұлыс атаулының ор, жырасының ар жағында қалып қойған, алыстап тұрған – Тоғжан. Соны көп-көп еске алады. Биылғы қыс бойында қағазға жазған азды-көптi өлеңiнiң бәрiн, қорғаншақ, батылсыз жүрекпен соған арнайды. Осы қыста: "әлиф деп ай юзiңе ғибрат еттiм" деген бiр кiтапша сыпайы жыр жазды. " ақ етiң аппақ екен атқан таңдай " деген өлеңiн ендi түгел аяқтады. Кейде Тәкежан, Ғабитхандарға домбыраға қосылып, әндетiп айтып беретiн де болды.
Оқта-текте үйден шықса, Абай қара-ауыз сары тазыны ертiп, қоян қуатын.
Бiрер рет Шыңғысқа, Қарашоқыға барып, Күнкенiң аулында жатып, Құдайбердi деген ағасының қасында болды. Құдайбердi ерте үйленген. Осы қыста оның үшiншi ұлы туыпты.
Күнкенiң аулы Құнанбай турасынан ертерек хабарланып тұрады. Бұрын аға сұлтанның кеңесi орнаған жер осы бәйбiшенiң аулы болатын.
Шыңғыстың бөктерiмен, бiр қабат iшiнде қыстап отыратын Ырғызбай да, өзге қалың ел де молырақ. Хабар-ошар көп болатын себебi де сол.
Әке хабарын үй iшi сұрастыра бергенде, Абай әдейi осында келiп, әр нәрсенi естiп қайтатын. Бiрақ сол хабар үшiн келумен бiрге, Абай Күнкенiң әр алуан, жайсыз мiнезiн де көрушi едi.
Құнанбай кеткелi Күнке Ұлжанға кiнә таққыштап, Абайдың көзiнше де әртүрлi сөздер айтады. Соның үлкенi:
– Мырзаның жайы не? Не күйде жүр? Оны ойлап Ұлжан қысылмайды ғой. Қысылса, ағайынды, елдi жиып үлкен үйдi мырза бардағыдай қан базар қып отырмас па едi? Көшсе, жұрттан оқшау көшедi. Қалса, Жидебайда жалғыз ауыл қалады. Арттағы елге ұйтқы боп, асын берiп, ерiнiң тiлеуiн тiлетiп отырғанның орнына, өз тыныштығын сүйедi. Бар елдiң күтiмi де, шығыны да бiзде. Тауқымет бiздiң мойында!- деп жазғыратын.
Ұлжанның атқамiнер атаулыны өз аулына жия бермейтiнi рас. Шыңғыста, қалың ел ортасында болғандықтан Күнкенiң қазан асысы, қонақ шоғыры мол екенi де рас.
Қазiр бұл үйдiң сойысы Ұлжан үйiнен көп болғанға Күнке, әсiресе күйiнедi. Ол да күндестiктiң, бәсекенiң бiр қиын, шытырман жерi болатын.
Мал амалсыз сойылып, жиi шығындап жатыр. Сол шығын өскен сайын iшi ауырып, ең ақыры осы кездерде Ұлжанды абысын-ажынға да, ағайын-жақын үлкенге де, тiптi бала-шағаға да жамандай бергiш боп едi.
Абай бұл шешесiмен дауласпайды. Айтқанын үндемей, салқын ғана тыңдайды да, сол арада ұмытуға тырысады. Өйткенi, шешесi, Күнке айтқанды оның баласы Құдайбердi айтпайды. Ол әрқашан Абай келгенде қуанып қарсы алып, аса қатты бауыр тартады.
Күнкенiң сөздерiн Абай өз шешесiне де жеткiзген емес. Бiрақ Қарашоқыға барып қайтқан сайын, үйдiң оңашасын тауып, әжесiне айтып, сонымен ақылдасатын: әжесi Күнке сөздерiн тыңдап-тыңдап кеп:
– Елеме ол сөздi! Қай үйдiң қай жөнмен жүретiнiн сол бiлетiн шығар. Күндестiк деген сұм мiнездiң ызғары ғой! Күнке мен Айғыздан сондай бықсық шықпай жүре ме? Шешеңе айтпай-ақ қой, өзiм тыямын!- деген.
Айтқанындай Зере бiр күнi Ызғұттыны шақырып ап, Күнкеге әдейi жұмсап, жаңағыдай сөздерден тыйылсын деген. "Одан да үндемей шыдап, байының елi-жұртын, қонақ-қопсысын сыр бермей, сыпсыңдамай күтсiн" дедi.
Құнанбайдың ауылдары мен ағайынының жолаушыны күтуi ұзаққа созылды. Бұл жақтан алған он бес қыстауға Байдалы, Байсалдар таласа, қырбайласа жүрiп, әлдеқашан қонып алған. Күз белгiсiз өттi. Қыстың да тең жартысы ауып барады. Құнанбай қайтпай жатыр. Тек ай сайын ғана қасындағы жiгiттерiн кезек-кезек жiберiп мал алғызады. Үйлерiне әр шаруаның жөнiнен сәлем айтады. Амандығын бiлдiредi.
Өз iсiнен анық берген хабары барысымен, аға сұлтандық орнынан түсiптi. Ендi соның арты оңай айыға ма? Тексеруден дуан жiбермей жатыр деп, қысқа ғана белгi бередi.
Анығында Қарқаралыға жаңа аға сұлтан сайланған. Ол бұрын бiр болып түсiп қалған Бөкей төренiң нәсiлi Құсбек. Бұл қайта болысымен, Құнанбайға жақсы қараған жоқ. Өткен сайлаудан қалған кегi бар. Және тегiнде Баймұрын арқылы Бөжей жағын ұстанып келген кiсi.
Аға сұлтандар ауысса да, Майыр ауыспаған. Ол да Құнанбайға оң қарамаған кiсiнiң бiрi болатын. Осы екеуi Құнанбай iсiн күзден берi созып, астыртын шолақ қағаздармен бiрге Омбыға, көрпiске беттетiп жатқан. Тергеудi Құнанбайдың өзiне бiлдiрмей, солай ауыстырмақ. Олай әкетсе, Құнанбайдың айдалуы да ғажап емес.
Осы жайын бiрер айда анық сезген Құнанбай Қарқаралыдағы жанашыры Алшынбай сияқты кiсiлердi iске қосты.
Араға Алшынбай кiрiскен соң, iстiң бетiн Құсбек жеңiлге саймақ боп, босаңси бастады. Бiрақ кетiп қалған азын-аулақ қағаз бар. Омбыдан келген шенеунiк пен көмейi кең Майыр бар. Осылардың бабын табуды Алшынбайдың өзiне тапсырған. Бұның арты ақша, пара, үлкен-үлкен жем деген сөз. Қыс түсiп, мал арзандады. Семiзiн елден алғызуға жер мойны қашық. Құнанбай да, Алшынбай да ақшадан қысылды. Сол кезде, қыстың орта тұсына жақындағанда, Семейдiң үлкен саудагерi Тiнiбек бай Қарқаралыға келдi. Көп жәшiкке тең-тең қып бұл тиеп келген. Қарқаралы халқының барлық соғым терiсiн бiр өзi баурап, жиып алғызбаққа келiптi.
Тiнiбек Құнанбай мен Алшынбайды ел-елдiң iшiндегi өз саудасына керек, мықты тiрек деп санайтын. Несиеге бұл берiп, қойын – торпақ, торпағын – өгiз ғып, қызыл елтiрiсiн құнан қой қып елден жиып алу үшiн, бұл саудагер сол елдiң жуандарына сүйенбекке керек. Тартып та, қорқытып та алып беретiн солар. Құнанбайға осы ретпен бейiмделуден басқа, былтыр Семейде Тiнiбек құда болайық, жақындасайық деп те бiр қолқа салған.
Ол кезде Құнанбай қаланың саудагерiне қыз берудi намыс көрдi. Жұрттың: "аталы жерге бермедi, бұлға бердi" деген өсегi болар деп те қорықты. Жарытып жауап бермей, құр дәмелендiрiп қана кеткен.
Қазiр ақшадан қысылған Құнанбайға Тiнiбек сол сөзiн қайта салды. Алшынбай араға жүрiп, екi жағын құда қылды. Құнанбай Мәкiш деген қызын Тiнiбектiң баласына атастыратын болды.
Осыдан соң ақша сандығының аузы ашылып, Майырдың топсасы да босай бастаған.
"Омбыдан келген Чернов деген шенеунiк қиын бола ма, сол алмай жүре ме?" деп, Құнанбай күдiк қып едi.
Алшынбай мен Қасқатiлмаш екi кеш оңаша айналдырып, қонақ қылды да, жақсы хабар әкелдi. Алшынбай күлiп келiп:
– Күзден берi осыны бiр қанды қақпан көрiп. Жүр ем. Тiлеуiң бергiр, құлқын осынiкi екен ғой. Көздi жұмып қылғи беретiннiң өзi осы боп шықты. Тiптi талғар да, таңдар да емес. Ылғи қызыл бер деп, тағы керiлмейдi, қыл-қыбырды қоса жұтқызсаң да, е-е дер емес! деген.
Сонымен Құнанбай iсi пара арқылы ұшталып болды да, ем-дем iстелiп жетiп, ендi қағаз атаулының тоқталып жойылуы ғана қалып едi. Дәл осы кезде Омбыдан бұйрық сап еткен-дi. Бұрын жiберiлген болымсыз қағаздар жөнiнен көрпiс Құнанбайды және оның барлық "жұмысын" Омбыға әкел деп Майырға бұйырыпты.
Қарқаралының пара жеп қойған бұл ұлығы ендi қатты қысылды. Құнанбайдың Омбыға жүруi даусыз болды. Осы ортада Құнанбай өз аулына тағы да кiсi шаптырған. Ел iшi Құнанбай Омбыға кетедi екен дегендi естiгенде айдалды, жазаланды деп түсiндi. Жiгiтек, Бөкеншiлер: "Құнанбай кесiлiп кетiптi. Итжеккенге барады" деп бiр сөйлеп:" жоқ, Тескентауға, Темiрқаншораға кетедi" деп бiр лаулап, неше саққа мiнгiзiп. Жатты.
Құнанбай дәл өзiнiң үйлерiне және әсiресе, шешесiне сәлем айтып:"Қорықпасын! Бiр сапар барып қайтсам да, түбi қайыр болар!" деген.
Жалғыз-ақ, Құнанбай не десе де, осы хабардан соң Зеренiң күрсiнi күшейдi. Үндемес уайымы, ұзақ намазы көбейдi. "Жалғыз... Жалғыз-ақ едi сорлы..." деп, кейде намаз арасында байқамай, "күбiр" етiп дауыстап сөйлеп те қояды.
Алшынбай Майыр, Чернов және Тiнiбек төртеуi Омбы бұйрығы келген соң, ең әуелi Құнанбайды сол Омбыға жөнелту қажет деп тапты.
"Жiбердiк" деп, Омбыға "үкiлi почта" жөнелтiп, Майыр өзi де қағаздарды алып iлесе шықпақ. Содан арғысының есебi жолда табылмақ. Жолдан қалса Омбының өзiнде бiтпек. Қалай да осы Майыр өзi барып құтқарып қайтпаққа серт еттi.
Сонымен Құнанбай жүрiп кеттi. Көлiгiн, жылы шанасын, жол азығын, қос аттарын шетiнен ортан қолдай қып сайлап алды. Қойын-қонышқа ақшаны да сықап алды. Құнанбай қасына үш жiгiт ертiп, тартып кеттi.
Бiрақ не дегенмен Омбыға қарай беттегелi Құнанбай көңiлiнде күдiк көп. Әсiресе, дiнi бөлек, сыры бөлек Майыр ғой деп, параны көп алса да, көп уәде берсе де, сол Майырдың өзiне сенбейтiн. Дәл кетерiнде Алшынбай мен Тiнiбекке:
– Соған, сол жағына ұқып болыңдар. Әбден барды айтысып, ашық айтысып арылыңдар да, менiң артымнан шапқыншы жiберiп, хабар етiңдер!– деген.
Бұл уәде бойынша Алшынбайдың пысық жiгiтi Көккөз дәл үшiншi күнi Құнанбайды қуып жеттi. Күн аяз болғанмен, ашық, жалтыр едi. Шапқыншы қос атпен салт қуып келiптi. Екi құла айғырдың қалың жалдары төгiлiп, ұзын кекiл мен күлте құйрық бәрi де қырауытып, шаңыта түсiп, көпсiп тұр. Бауыр мен жондарынан бу бұрқырайды. Қап-қара тер басыпты. Қатты шабылған екен.
Көккөз Құнанбайды шанадан өзi түсiрiп, қолтықтап оқшау шығарып алды да, көп күбiрлесiп, бар сәлемдi айтып бердi. Аздан соң бұл жiгiт оң сапарды көп-көп тiлеп қала берiп, Құнанбайдың жүрдек тройкасы тағы да тарта жөнелдi.
Қасындағы Мырзаханға Құнанбайдың жалғыз айтқаны:
– Майырды Керекуде тосыңдар! Тосып алып, содан әрi бiрге тартыңдар!- дедi.
– Өзi әйтеуiр, азбай ма екен?– деп, Мырзахан қадалып едi.
– Азбас! Азып сонша не бопты!– деп, бiраз отыра түсiп, – Бiрақ әлi өзiмiз көрсететiн бiр қайрат та бар. Дер кезiнде айтармын. Белiңдi әрдайым бекем буғайсың!– дедi.
Майырдың ниетi дұрыс болғанда, осы Омбыға жүргiзгенi қалай екенiн Мырзахан түсiнбеушi едi.
Оған Құнанбай:
– Солай iстелу керек! Көрпiс алдында әмiрiн орындап, менi жүргiзгенiн, өзi де шыққанын, айтқанды екi қылмағанын таныту керек. Ақталып қайтатын болса, кiсiге Омбы деген осы тұрған жер емес пе? Оны күдiк көрме!– деген.
Керекуде Құнанбай үш-төрт күн аял қылғанда, шапраш Майыр қуып жеттi. Келген күнi кешке ол Құнанбайды өзi түскен пәтерiне шақырыпты. Құнанбай қасына жалғыз Мырзаханды ертiп барған.
Майыр Керекудегi өзiнiң жақын ашнасы Сергей деген қазағуар көпестiкiне түскен.
Үй иелерiнен бөлек, оңаша сәндi бөлмеде Майыр Құнанбай мен Мырзаханды қабыл алды. Өзi Қарқаралыда тiлмаш ұстағанмен, қазақшаға ысылып қалған болатын.
– Ал, Өскенбайыш мырза, ендi сенi айыптайтын қағаздарды көрмексiң ғой, солай емес пе– дедi.
– Көрсет ендi! Тек бiрiн қалдырмай, бәрiн көрсетшi!
– О-о, мен көрсетем! Мен сенi алдамаймын, Алшынбайға уәде бергем, көрсетем!-деп есiктi бекiтiп, жол сумкесiн ашып қойып, будақ-будақ қағаздар шығарды. Қат-қат қып, кiтапша етiп тiгiп, тiзiп тастапты. Бiр құшақтай болды.
Осы қағаздарды шығара берген кезде Құнанбай тоңған кiсi тәрiзденiп, қалтырай түсiп екi алақанын уқалап:
– Майыр, осы үйiң суық па, тоңып отырмын. От жаққызшы!- дедi.
Майыр азырақ ойлана қарап тұрды да, күтушi малайды шақырып, бұйрық бердi.
Қызметшi үйге отын кiргiзiп, пештiң қақпағын ашып, маздатып жағып жiбердi. Бұл кезде Майыр екi бөтелке коньяк алып, закускасын шығарып, Құнанбайға ұсына түсiп iше бастады.
Құнанбай Мырзаханға iшкiзiп, өзi Майырға:" iш-iш " деп, ұсына түсiп, әңгiменi созып отырды. Аздан соң пештiң iшi лаулай жанып қызыл шоққа айналып келе жатыр екен. Бұл уақытта Майыр коньякты көбiрек қарбытып жiберiп, масая бастап едi.
Құнанбай үстел үстiндегi қағаздарды бiр түртiп қойып:
– Майыр, екеумiз бiрге де талай iстестiк. Дәм-тұзымыз араласты ғой. Ендi менi айыптайтын басқа қағаздарың болса, бәрiн түгел шығар! Түгел көрсет! Тамырлығым сол болсын!– дедi. Майыр:
– Жоқ ендi Өскенбайыш, құдай бар ғой... Бәрi осы! Бiр де қағаз қалған жоқ!– дедi.
Құнанбай сол уақытта орнынан тұрып кеп, Майырды ту сыртынан құшақтап, қос қолын сыртына топшыдан қайырып тұра қалды да, Мырзаханға қатты бұйрық етiп, пештi басымен нұсқап:
– Тұр, Мырзахан! Сал, өрте ана қағаздардың бәрiн!- дедi.
Майыр масайып қалып, өз мiндетiн ұмытқаннан ба. Болмаса, Құнанбай бiр өзгеше жамандық еткелi жүр деп сескенгеннен бе, әйтеуiр, бұлқынып, алыспақ тәрiздендi. Бiрақ Құнанбай жасында үлкен жауынгер, найзагер болған. Әлi де қатты, қайратты болатын. Майырды тыпыр еткiзбедi.
Мырзахан бұл уақытта бар қағазды құшақтап апарып, отқа тоғытып жатқан. Майыр құтыла алмасын бiлдi де:
– Е, Өскенбайыш, қойсаңшы! Законды қайтесiн. Өскенбайыш, қойсаңшы!– деп, жалынған тәрiздендi. Мастық па, көлгiрлiк пе, айыру қиын. Оқта-текте жұлқынған боп:
– Осылай ма едi? Өртемейiк, жоқ қылмайық та бәрiн! Мен қайтемiн?– деп қояды.
Бiрақ осының бәрi оның шыны емес. Құнанбайға ең жақсы септiк әрекетiн әлi де бұлдай түсiп, әлi де қымбатқа сатпақ. Бұл ажарды көптен сезген Құнанбай түбiнде орайы келгенде ендiгi соңғы қимылды өз қолымен iстеп көрмек боп, әлдеқашан байлаған.
Аздан соң қағаздың бәрi лапылдап жанып, тегiс өртенiп, қап-қара қалың күл боп кеттi. Мырзахан мен Құнанбай осы уақытта пештi жапты да, бiр-бiрiне қарасып, үндеспей күлiсiп қойды.
Майыр орындық үстiнде ұйықтап қалған кiсiнiң қалпында, шалжиып, көзiн жұмып қапты.
Құнанбайлар бұған: "қош, қош" дестi де, шығып кеттi. Өзгеше қонақтары кетiсiмен Майыр атқып тұрды. Өзi де, қозғалысы да шып-ширақ екен. Басын сiлкiп, "дiр" етiп, тағы бiраз коньякты төңкерiп ап, iске кiрiстi.
Ендiгi серiгi осы үйдiң иесi Сергей, сол екеуi ертеден байлап қойған уәде бойынша қораға шығып, Сергейдiң бiр кiшiлеу сарайын өртедi. Сарай iшiнде Майыр мiнiп келген үлкен шана, азын-аулақ қамыт-сайман және сол шана iшiне тасталған киiз, азын-аулақ жәшiк және аса көп ескi қоқсық қағаз жанды.
Бұл iстi бiлген, көмектескен Сергейдiң пысық "дабернайы" Мишка болатын.
Сергей өз қорасында осындай өрт шығарумен Майырдың жеген парасын және заңға қарсы iстеген қылмысын жапты. Бұл iс "ерулiге қарулы". Былтыр Қарқаралыда қазнаның пұлын Сергей мықтап жеп барып, сынған уақытта, Майыр осындай жалған өрт салып, өзi акт жасап, қол қойып, Сергейдi құтқарып кеткен. Мынау – топас арам айланың бәрi соның орайы болып шықты.
Осы түнiнiң ертеңiнде Сергей, өз қаласының белгiлi жемқор дуан басына, өздерiне мәлiм жолмен куәлiк жасатып, "қағаз өртенгенiн " Майырға акт қып, нықтап бекiтiп бердi.
Сонымен арада бес күн өткенде, Құнанбай бiр бөлек, Майыр бiр бөлек боп, Омбыдағы көрпiске келдi.
Көрпiс кеңсесi Құнанбайды осы келгеннен он шақты күн шолақ-шолақ тергедi де, ақырында айыпсыз тауып босатып шығарды. Майыр бар iсiн жым-жылас аяқтап алып, дуанына қайтты.
Сондай жолдармен ақталған Құнанбай Қарқаралыға қайта келгенде, "сүйiншi" тiлеген шапқыншы Тобықтыға қарай ұйтқи шапқан, Құнанбай өзi ауылға қайтуға асықпай, Қарқаралыда тағы да бiраз жатты.
Мырзахан Омбы сапарын Алшынбай аулына және басқа сыр шашпайтын тiлеулестерге үлкен ертегi қып айтып жүрдi.
Оның әңгiмесiнше, Майыр барынша қас едi. Қағазды, заңды көрсетiп, Құнанбайға: "мына мен құртам, мынамен жоқ қылам, мынамен қайтiп құтыласың?" деп табалап, мақтанып, жайып салған боп шықты. Майыр сондай қастығының үстiне ақымақ, аңғал болып та әңгiмелескен. Онысына сенбейтiн тыңдаушы болған жоқ.
"Тап солай" десiп, бастарын шұлғи-шұлғи иланып едi. Осымен қатар Құнанбайдың "жүрек жұтқан ерлiгi, айла-тәсiлi" өзiнен-өзi атамай-ақ әйгiленiп жатты.
Бұл ертегi алғашқы шапқыншымен Құнанбай ауылдарына неше қабат ұлғайып, өрекпiп жеттi.
Майырмен және бар Қарқаралы ұлығымен қайта табысқан Құнанбай көктемге шейiн қайтпай жатып, ендi ұлықтығын қайта қуды. Бiрақ, бұдан былайғысы аға сұлтандық емес.
Қар кетiп, көк алғаш тебiндеп шығып, жер дегди бастағанда Құнанбай Қарқаралыдан шығып, Тобықтыға қайтты. Ендiгi қайтысында р- тобықтының старшыны Майбасарды орнынан түсiрiп, соның орнына өзi сайланып қайтып келе жатыр.
Бұл хабары да Құнанбай дуаннан шықпай-ақ ауыл-аймағына жеткен болатын.
4 Осы көктемде Абай көңiлi бар дүниенiң дырдуынан, бар адамның ренiш, қуанышынан оқшау кеткен, оңашаланып кеткен бiр өзгеше құпия сырдың соңында едi. Сол сырына Абай бар жүрегiмен, бар қиял сезiмiмен шомған болатын. Домбырамен, хатпен де талай шыншыл жыр айтты. Жыр емес, жас жүректiң тебiренiп толқыған сырын айтты. Бiрақ, ол ғана емес, айтылған жыр азғана. Айтқанының бәрi, көңiлiнiң бары емес. Әлдеқайда берi жатыр. Егер көкiрегiн ақтарып, iште барын көрер, тыңдар, iлтипат етер жар болса, айтылып болмас, тiлмен жетпес әсем саз, шерлi наз сонда жатушы едi. Ойда барын жеткiзе алмай, кеуде де тыныс бiткендей құста болған шағында, Абай қатты сенделiп қиналып кетiп:
– Япырмау, қайтем ендi? Қол шорқақ, тiл мақау!- дейтiн. Көңiл сезгенiн, тым құрса өзгенiң көзiн иландырардай қып айта алмағанына күйедi.
Сол айтылған, жазылған жырлар әлi күнге Абайдың өзiнде, өз бойында. Аталған, арналған жерiне бiрде-бiрi жеткен жоқ. Үмiт бар ма? О да жоқ! Тек жалғыз шерленiп, тебiренедi. Тек жалғыз қиял медеуi құлаққа кеп ап-айқын соғып, бiр жақындап, бiр алыстап кететiн шолпы сылдыры. Атқан таңның ақ қызыл шапағындай, үлбiреген ал қызыл шұғыласы. Көз алдынан сол жүз кетпейдi. Ұмыттырмайды, тастамайды.
Күн жылынып, қар кетуге айналып, мейрiмдi анадай жарқыраған жақсы күн келгенде, Абай тақат қыла алмай, атын ерттеп мiне сап, бет қараған жаққа таман жортып кететiн. Болымсыз сылтауы сары тазы. Ауылдан шығып ап, кейде ағызып, шауып жөнеледi. Қоянға тазының өзi iздеп жүрiп кездеседi. Абай оның әрекетiн әрберден соң ұмытып та кетедi.
Кейде сары тазыны жоғалтып алып, анда-санда есiне бiр-ақ түсiрiп, айғайлап шақырған болады. Тазысы қалың қорық iшiнен кей уақыт қоянды айдап шығып жазыққа шығарып, көсiлте қуғанға да, Абай аңырып, түсiнбегендей боп, сiлейiп қарап тұрып қалады.
Тағы бiр кезде, көз алдында қоянды ұйпалақтап, жетiп соғып, тосып тұрған тазыға қарамастан, қасынан салғырт өте бередi.
Әдетте иесi түсе қап айырып алатын едi, жегiзбейтiн едi. Сары тазы ендi таң қалып тұрып, ақырында Абай ұзап кете бастаса, тынышсызданып, үре бастайды. Оның да әсерi болмайды. Тазы бұл мiнездi тiптi түсiнбей, аласұрып, мазасызданып иесiне бiр ұмтылып, қоянға қарай бiр шауып, өз еңбегiнiң соншалық қадiрсiз болғанына қатты қиналғандай болады. Абай бұл уақытта да шiмiркенбейдi. Сонан соң сары тазы тақуалықты қойып, иесiнен бөлiнiп қалып, жаңағы алған қоянын талқан қып жеп, сылқия тойып алатын, аузы-мұрны қан-қан боп иесiн қуып жеткен жерде ғана Абай өзiнiң салғырттығын байқайды.
Бiрақ көңiлiндегi күйiнiң желiсiн үзбейдi. Ұзақ сұлу әндi елти сүйiп жырлағандай боп, ұсына бередi.
Қарсылай соққан қоңыр жел былтырдан қалған сар көденiң басын изетiп, бұрылып ессе, Абай тымағын алып, маңдайын төсеп, ұзақ тұрады. Шыңғыстан, Түйеөркеш, Қарауыл жақтан соққан жел де бiр жақындық леп әкелгендей бола ма? Бейiс үстiнен соғып өткен райыс, шафқат желiндей емiренте ме? Рас, сүйткендей болады.
Бiр күнi тағы да барлық пен бұлдыр арасындай, тiрлiк пен қиял арасындай бiр түс толқынының құшағында жапа-жалғыз тұрғанда қасына бiр салт атты желiп келдi.
Жапан түзде оқшау келген жолаушы Абайды селт еткiзiп, оятқандай болды.
Байқаса, бiр бөгде адам. Жас жiгiт. Абай өзi қорықтың шетiнде бiр қыратқа таман шығып тұр едi. Жат жолаушыға суық қарады. Бiрақ анау жiгiт жымиып, танығандай боп жылы ұшырап келедi. Жете бере, Абай атын атап амандасты. Абай ендi ғана таныды. Тани сала, екi бетi ду етiп, қып-қызыл боп қуанып кеттi.
Бұл былтырғы Тоғжан аулынан қайтарда Абай танысқан Ербол екен. Өзiнiң кенет өзгергенiнен Абай қысылып қалды.
Бiрақ Ербол мұның өзгерiсiн байқамаған екен.
– Аң аулап жүрмiсiң? Итiң қайда?
– Ит осында. Жаңа осы шиде жүр едi...- деп Абай итiн ендi ғана есiне алып, артына қарады.
Сары тазы бұл уақытта шиден шығып, жортып келедi екен. Ербол тазының түсiне қарай сала күлiп жiбердi.
– Жарайды, аңшы-ақ екенсiң! Осындай тоқ итпен аңға шыға ма екен?
– Қой, тоқ емес-тi!
– Бәле, мынау не? Бүйiрiн қарашы! Жаным-ау, өзi не жеген? Жаңа ғана жептi?– деп, айнала қарап тұрып, төсiндегi қанды көрдi де: – Өзiң итiңнiң аң алғанын да бiлмепсiң ғой. Мынау қоян жептi ғой!– дедi.
Абай аздан соң тазыны сөз қылғанды қойып, Ерболды басқа әңгiмеге әкеттi. Қасынан жiбермей көп жүрiп, ұзақ сөйлесiп, жылы сөйлесiп кеп, аулына шақырды.
Ерболдың қолы бос, жай ауыл қыдырып жүр екен. Абайға мейлiнше көңiлденiп ердi.
Осы кездескеннен бастап, Абай Ерболды бес күндей жiбермей, өз аулында қонақ еттi. Неше алуан ойындар ойнады. Әңгiмелер айтысты. Кеш сайын ән салып, ұзақ сауық құрысты. Сол күндер iшiнде Абай өз өлеңдерiн де айтты. Ербол ендiгi сырласы боп алды. Өмiрiнде алғаш рет осы жiгiтке Абай өз жүрегiнiң сырын ашты. "Тоғжанға бiлдiр" деп ашты.
Ербол осыдан соң, барлық Абай айтқан өлеңдердi жаттап ап, жас жiгiттiң жан сәлемiн Тоғжанға жеткiзбек боп жүрiп кеттi.
Арада айдай созылған үш күн өткенде, Ербол Жидебайға қайта кеп, Абайды ертiп алып Шыңғысқа, Түйеөркешке қарай тартты.
Абайдың жалғыз тiлегi бiр ғана оңашада жүз көрiсiп сөйлесу болатын. Сол арманын Ербол апарып, әуелi Тоғжанның жеңгесiне, Асылбектiң келiншегiне айтыпты. Сәлемге айтқан өлеңдерiн айтып берiптi. Ол жеңге Тоғжанмен барынша сырлас, тату болатын. Өмiрiнде әлi күнге қайын сiңлiсi мен өзге жiгiттiң арасына делдал боп көрмеген-дi. Бiрақ мынау жол оған да өзгеше көрiнiптi. Ербол да сөзге жүйрiк, қолқасын өткiзе бiлетiн, отты, жұғымды жiгiт.
Әйтеуiр сол жеңге мен Ербол екеулеп отырып, Тоғжанға Абайдың бар өлеңiн естiртiптi де, ақырында, бiр жол жүз көрiсуге көндiрiптi.
Тақат, сабырдан айрылған Абай Түйеөркешке қалай жеткенiн аңғарған да жоқ. Ымырт жабыла бере екi жiгiт тау iшiндегi Ербол аулына келдi.
Кiшкене кедей қорада Ерболдың өз үйiнен басқа үй жоқ екен. Бұл қыстау Қарауыл суының бер жағында, Сүйiндiк қорасы өзеннiң ар жағында бiр шақырымдай жерде.
Маң төбеттерi үрiп, мұржаларынан түтiндерi будақтап, қарауытып, мол дүниедей боп тұрған бай ауыл. Иелерi Абайға араз, бөтен ауыл. Онда Құнанбайдың баласы баруға жол жоқ.
Әсiресе мынау келген сапарынан, қастық пен қаттылығын аямайды. Әдiлбек, Асылбектер - бұл өңiрдiң намыскер, мықты жiгiттерi. Олар жау ұлының ниетiн бiлсе, өлердей өртенедi.
Соның бәрiн есептеген екi жiгiт, түн болғанша өзеннiң осы жағында қалды.
Түн келiп, уәделi уақыт өткен соң, Ербол мен Абай жаяулап қана арғы жағаға өттi. Ауыл ұйқыда, иттер де тыныш.
Мал қораның есiгiн Ербол ептеп ашты да, Абайды түйе қораның iшiне енгiзiп, өзi қараңғыны сипалап жүрiп кеттi.
Абай сол қараңғыда тапжылмай, тынысын тартып тұрған шақта, өз жүрегiнiң тоқтаусыз дүрсiлiн естiдi.
Аз уақытта Ербол қайта кеп, мұны қолынан алып, сыбырлап:
– Құдай бердi! Асылбек бүгiн үйде жоқ екен! Қазiр соның отауына кiремiз!– дедi.
Абай ақырын сәлем берiп, жасаулы отауға кiргенде, аққұба жеңге төсек жанында тұр екен де, Тоғжан жерде көрпе үстiнде отыр екен. Табалдырықтан төрге шейiн жайылған әдемi алаша. Тамның бар қабырғасы тұскиiз, жiбек кiлеммен қапталыпты. Ақ жiбек шымылдық биiк сүйек төсектi жартылай қоршап апты.
Абай амандасып тоқтағанда, сыпайы жеңге бұған жақындап кеп, тымағын алып, белiн шештi.
Тоғжан алғашқы минуттарда қатты қысылып, өте ақырын амандасып, өзгеше қызарды. Бiр кезде оның жүзi ағара бастап, сұрланып кетедi. Жүрек толқыны мен ұялу аралас. Барлығы да лүпiл қаққан шыншыл қанмен бетiне шығып, сыр айтып қайтады. Ербол жастар қысылмасын дегендей болып:
– Ал, мен арғы жағаға қайтып, атты әзiрлеп тұрамын!– дедi.
Абай үндемей басын изеп, рұқсат еттi.
Жеңге де шай әзiрлемек боп тысқа шықты. Сол кеткеннен қайтқан жоқ.
Абай оңаша қалғанда, әуелде қатты қысылды. Бiрақ байқап қараса, Тоғжан тiптi ұялшақ. Тiптi нәзiк, жазықсыз бала тәрiздi. Өзi де басында не дерiн бiлмей, сөз таба алмай, аса қиналған. Ендi ойласа, бұл қалыпта екеуi рақат кештi зая қып өткiзетiн тәрiздi.
Аз уақыт Тоғжанға иiле қарап отырып:
– Тоғжан, менiң сәлемдерiмдi есiттiңiз бе? Бар сөзiм сiзге арналған, сiздi сағынудан туған сөз едi, iлтипат қып еледiңiз бе? дедi.
Тоғжан iшiнен: "iлтiпат қылмасам мұным не?" дегендей. Бiрақ ақырын жымиып күлдi де:
– Есiттiм, Абай! Өлеңiңiз жақсы екен!– дедi.
– Мен ақын емес ем! Жалғыз-ақ сiз менi былтыр бiр көргеннен-ақ қатты толқынға салдыңыз. Содан берi бiр уақыт ұмытқан емеспiн.
– Ұмытпадым дейсiз, бiрақ содан берi бiр келмедiңiз ғой!
– Қайтiп келем? Ел жайын бiлмейсiз бе?
– Бiр көрудiң өзi зар болмады ма?
– Рас!– деп, Тоғжан қызара түсiп, көзiн төмендеттi де, – сiздi мен бiр көрдiм. Көш жөнекей көрдiм... Байқадыңыз ба, бiлмеймiн!
Абай iшiнен соншалық ырза боп, қуана түсiп:
– Тоғжан! Япырмау, жақсы айттыңыз-ау! Мен сонда: " тоқташы, бiр сәтке тоқташы!" дей жаздап, зорға шыдап қалып ем. Көрмей, көрсе де елемей кеттi ме деп ем. Тоғжан, сiздi қайтiп ұмытайын?– деп кеп, Абай Тоғжанның әдемi аппақ қолын ұстады.
Тоғжан қолын тартыңқырап, ұялды да, ығысып қалды.
Осы кеш екi жасты бiр-бiрiне соншалық сүйiктi, ынтық еттi. Екеуi тек жүз көрiсуден, сөйлесуден басқа ешбiр бөтен тiлек ойламастай. Алғаш көрiскендерi осы болса да, көп жайларды айтысты. Шын сағынышты, ынтық жандар боп ұғысты.
Таң жақындаған кезде ғана жеңге қайта оралды. Сол шай жасай бастап, тысқа тағы бiр шығып кеткенде, Абай Тоғжанға жақындап кеп, үндемей ғана бетiнен сүйдi. Тоғжан оттай жанып, қып-қызыл боп кетiп, әлсiз ғана қорғанып, Абайдың жүзiн екi алақанымен қысып, кейiн шегiндiре бердi. Қарсылық емес, ұялу едi. Абай қайта ұмтылып, қатты құшақтап кеп, Тоғжанды оң көзiнен ұзақ сүйiп тұрды. Бұл сәтте Тоғжанның әлсiз қарсылығы да сезiлген жоқ.
Жiгiт сүйiп тұрғанда, Тоғжан ақырын ғана қымсынып, ыстық бетiн Абайдың бетiне басты, сүйттi де тез босап кеттi.
Абай:
– Сәулем!– деп барып, құшағын жазды.
Осы кезде жеңге тыстан келiп:
– Ойпырмай, қалқам Абай-ай, қиын болмаса игi едi! Су түсiп кетiптi! Қарауыл суы түсiп кетiптi! Атың қайда едi? дедi.
Жеңгенiң үркiп келген хабары мынау күйдiң үстiне Абайды шошыта алған жоқ. Бiрақ Тоғжан қысылып, қиналып кеттi.
– Не дейдi? Судан қалай өтесiз, Абай, атыңыз қайда? Бұл жақта қайтiп қаласыз?– деп, сүйген досының басына түскен қиыншылықты жас қыз соншалық тiксiнiп қарсы алды.
Абай ендi аңғарды. Аты ар жақта, өзi жалғыз. Қарауыл суы тентек. Бұл ауылда қалуы тiптi мүмкiн емес. Ендi бөгелсе қолға түседi. Қолға түспесе де, өзен бойында таң атысымен көзге түседi. Ол да оңай емес, өйткенi бұл өңiрде, әсiресе өзеннiң бұл жағында, Абайды дос көрер, жақын тартар бiр жан жоқ.
Осы жайды аңғарып, әсiресе, мынадай жақсы қабыл алған жас әйелдердi қауiпке ұшыратпайын деп, Абай тез киiнiп, қоштасты да, шыға бердi.
Дәл кетер кезде, жеңге шапан жамылып, есiк ашып, алдынан шыға берiп едi. Абай үйде қалған Тоғжанның қолын қысып тұрып:
– Қорықпа, Тоғжан! Бiрдеме ғып өтермiн!Ал, өзiң ендiгi бар хабарды Ерболдан тос!– дедi. Тоғжан Абайдың омырауына ақ саусақтарын салып, жабысыңқырап тұрып:
– Қош, ұмытпа!– дедi.
Сыпайы, майда мiнездi жақсы жеңге Абайды қараңғы қораның iшiнде жетектеп ап, қақпаға әкелдi де:
– Ал, қалқам, жер тар, уақыт тығыз болды. Бiрақ тiлеулес достарың бар екенiн көрдiң ғой. Еске ала жүр! Тек мына судан байқап өт! Қош!– дедi.
Абай жеңгенiң екi қолын қапсыра ұстап тұрып:
– Жеңешетай, ұмытпаспын! Өлсем де ұмытпаспын осы жақсылығыңды!– деп қоштасты да, кiшкене есiктi ақырын ашып, жай салмақпен басып жүрiп кеттi.
Абай ойы жаңағы өзiмен қоштасқан ғазиз жандармен бiрге болды. Солардың жүздерi көз алдында. Көкiрегi толған нұр сәуледей, шексiз бiр қуаныш, анық бақыт тынысы бар.
Алдынан қатты гүрiлдеп соққан өзгеше тасқын естiлiп жатса да, оны елемеген.
Ендi мiне сол тасқынның қасына келдi. Тау өзенi бұзылып, тентек құла су шарасынан шығыпты. Кейде тас сатырлап, кейде мұз күтiрлеп, сусылдай түсiп, жөңкiлiп кетiп жатыр.
Жағада бiраз тұрып, халдi аңғарды. Жаяу өтем деуге болатын емес. Байқаса, таң қылаңдап атып қапты. Өзендi құлдап селдiр тоғай iшiне кiрiп, арлы-берлi жүрiп көрдi. Табар айла жоқ. Бөгелген сайын таң шапақтап атып, айнала айқын көрiнiп келедi. Ел тұрып, тысқа шығысымен, мынау өзеннiң ағысын көргелi келе бастайды. Әсiресе, мал қорада аз ұйықтайтын үлкендер, еркектер алдымен келедi. Сүйiндiк аулының маңынан жаяу жүрген Құнанбай баласын тапса, сезiгi бiреу-ақ болады.
Абай сонда да қорыққан жоқ. Жүрегiн кернеген қуаныш бiр сәтке де мұны тастап, қауiп астына батқан жоқ. Жас басына әлi күнге мұндай қысылшаң хал түсiп көрмеген болса да, Абай өз-өзiне ғажап болды. Тiптi көп жүрiс алып, ысылған кiсiдей саспайды, қымсынбайды.
Сирек талдың арасына шала жасырынып, далдалап тұрып, Ербол қыстауы жаққа көз тастады. Байқаса, бiреу арғы жағадан ербеңдеп, асығып келедi екен. Бетi қисықтау, жоғары таман. Абай дауыстап:
– Ербол! Е-ей, Ербол!– деп үн қатты.
Келе жатқан Ербол екен. Абайға қарай қолын сiлкiп: "бұқ" дегендей белгi жасады. Абай бұққан жоқ, тосып қалды.
Қарауыл суы қатты тасып жатқанмен, енсiз болатын. Ербол арғы жағаға құп-қу боп, қорқып жүгiрiп келдi. Өзi ұшыратқандай жаман қысылған екен. Абай шошыды ма деп те қиналған.
Бiрақ Абай мұның тұсына таман кеп тұрып, ақсия күлдi де:
– Ал, құтқар ендi! Мына Қарауыл қолға түсiрейiн деп тұр!– дедi.
Ербол жардың биiк жерiнен бiр-ақ секiрiп, өзен жағасына жеттi де, Абайға айғайлап:
– Сен осы талдың iшiнде тапжылмай тұра тұр. Қазiр келем, қорықпа!– деп қайта жөнелдi.
Аздан соң Ербол өз үйiнiң бiр дәу қызыл өгiзiн мiнiп келдi. Абай оның ат әкелмегенiне таң қалды. Ербол келдi де, өгiздi қамшылап кеп суға түстi. Өгiз мұзды суға басқысы келмей көп тартысып едi, Ербол ырыққа көнбедi. Бiр түсiп алған соң, өгiз iлгерi баса бердi. Су терең емес. Бiрақ мұзы бар, ағыны қатты. Сол мұз бен суға өгiз мықты екен. Ықтамай, бет бұрмай жай басса да, iлгерi тура басып келедi. Жағаға жақындай бергенде Ербол өгiздiң бас жiбiн лақтырды. Абай жабыса түсiп, тарта бердi де, Ербол қамшылап отырып жиекке шықты. Жанын ортаға салып., қатерге басып, Абайға шын достық көрсетiп шықты. Екi етiгiн қонышына шейiн су басып кеткен екен. Абай Ерболды құшақтай алып:
– Өй, ат қайда? Өгiзiң не? Атпен неге келмедiң!– деп едi.
– Ат болғанда, сенiң атыңды әкелмедiм. Анау ауыл қазiр тұрады. Бiз өткенше көрiп қойса, қаптап кетедi. Ал өзiмiздiкi әлсiз байтал. Және сол құрып қалғыр түнде қорадан шығып, тауға жайылып кетiптi. Бағанадан бөгелгенiм сол емес пе?– дедi.
Екеуi мiнгесiп ап, қызыл өгiздi қайта бұрып едi. Ендi кесел қыңыр өгiз баспай қойды. Қатты әуремен жарым сағаттай өттi. Барынша қапа болған Ербол қызыл өгiздiң тұқым-тұғиянын, жетпiс жетi ата-бабасын санап, боқтап-боқтап дiңкесi құрыды да, бiр кезде өгiздi тастап, тал iшiнен бойлап байқап атрапқа қарады. Бұл уақытта күншығыс қызарып ап, бар дүние күндiзгiдей көрiнетiн болған.
Бiр тәуiрi, ауыл тұрмаған екен. Ербол маңайды болжап ап, жүгiре жөнелдi.
Абай азғантай тосқан едi, бiр сәтте Ербол әлдеқандай семiз қара көк биеге мiнiп жетiп келдi. Абай таң қалды.
– Ой, бұны қайдан алдың?
– Үндеме, Сүйiндiктiң қойшысының биесi. Мына жерде жайылып жүр екен.
– Е – қойшысы қайтедi?
– Қайткенiнде не жұмысың бар?
– Қойын қайтедi?
– Қойшысы жаяу қалады ғой!
– Өй, тәйiр, қойшысы түгiл, құтпаны жаяу қалсын! Сенi жау қолына қалдырушы ма ем? Не айтып тұрсың? Кел, мiн!– деп, бiр-ақ байлады да, Абайды аяғынан алып көтерiп, жайдақ биеге мiнгiздi. Досының мына мiнез, мына сөзiне Абай аса қуанып кетiп, қатты риза боп:
– Шiркiн, Ербол! Неткен жақсы едiң? Дос жақсысы сен екенсiң ғой. Естен кетпес iс еттiң-ау!– дедi.
Сүйткенше Ербол өзi қызыл өгiзге мiнiп ап, бас жiбiн Абайға ұстата берiп:
– Абай, сөздi қой, тарт!– дедi.
Көк бие мұз iшiнде пысқырып, толқып, тайғанақтап отырса да, жығылмады. Қызыл өгiз де қара тартып ерiп отырып, аман шықты.
Екi жас жiгiт арғы жағаға шығысымен, өгiз бен биенi қоя бердi де, жарды жағалап бұғып отырып, төмендеп кетiп, бiрталай жер ұзап барып, қыратқа шықты. Содан Ерболдың үйiне келдi.
Қораның алдына жете бере, Ербол Сүйiндiк қыстауының жанында, төбе басына шығып, биесiн көздеп жүрген қойшыны көрдi.
– Өй, көк биенiң бүгiнгi еңбегi жетедi. Ол қойға бүгiн бармайды. Бүгiнше қойыңды жаяу бақ!– деп, қылжақтай күлдi.
Абай үйге кiрген жоқ. Далада тұрып, атын ерттетiп алды. Ерболмен соншалық ырзалықпен, шын досша қоштасты да, өзендi құлдап, желiп жүрiп кеттi.
5 Құнанбай келген уақытта елдiң алды қыстаудан киiз үйге шығып қалған. Әр қыстаудың жанындағы тақыр көгалдарда аздаған ақ үйлер, қоңыр үйлер көрiнетiн. Кемпiр-шалы бар үйлер тамнан түгел арылып шықпай, жастар жағы ғана тынысы кең киiз үйлерiн көтерген тәрiздi. Жас қозы, бота, бұзаулар да әлi қораны жағалайды.
Жазғытұрғы ауыл қолдан түлеткендей бiр түрлi бiр жас иiске, жас өмiрге толы. Әдемi реңдi, әлденеше түстi балапан қозылар, лақтар күн шуақта секiрiп, дамылсыз маңырайды. Үлпiлдек жүн, үлкен қара көздi боталар көрiнедi. Жылқы iшiнде ұзын құлақ, бұйра жүн, сүйкiмдi құлындар көбейген. Ересек тартқан, тез шираған бұзаулар да құйрығын шапшып ап, тынымсыз безiп, ортқып ойнайды. Осындай өрбiп өскен бар жанды, дүние тiршiлiктi даттайды.
"Өнген, өскен жарастығы бiз". "Жоқтықтың барлыққа жiберген келгiнi бiз" дегендей шаттана жайнайды.
Құнанбайдың екi аулы да Жидебайға жиылған. Әр үйде қысыр сауылып, жылтыр қара сабалар ертеңдi-кеш күрпiлдеп, пiсiлiп жататын.
Жалғыз Құнанбайдың өз ауылдары емес, исi Ырғызбайдың, Топай, Жуантаяқтың да көп ауылдары Құнанбайды зор қошеметпен қарсы алды.
Әлденеше күн сүйiншi тiлесiп шапқыласқан жақындар топ-топ болып, Құнанбайға келедi. Сәлем берiп, қонақ болып, қалың-қалың жиындарды өз ауылдарына ертiп барып, ертеңдi-кеш қонақ қылып жатты. Биылғы қыс жайлы боп, жақсы өткен. Сүр мол. Пiшенге байлаған, Құнанбайға сыбаға деп арнаған семiз қойлар, жұнттай жабағылар, арда емген тайлар да болатын.
Малды ағайынның бiрталайы сондайлардан сойып, Құнанбайды барлық шеше, бәйбiшелерiмен, бала-шаға, туысқандарымен шақырады.
Баласына айтқан көкқасқасын Зере сойған. Күнкенiң аулына апарып, Құнанбай өзi айтқан көкқасқасын да сойды. Бұл екi күнгi сойыс Құнанбайдың ел жиып, ру-руды жақынға, жатқа бөлiп, екшеп алуына қажет едi. Бейнет кешiп келгенде, алдынан шыққан кiм, шықпай қуанбай қалған кiм? Соны айыру үшiн керек.
Осындай жиында үлкендi-кiшiлi рулардың атқамiнер, ақсақал, қарасақалы араласып жатты.
Анау күздегi екi ұдай боп қалған Көкше сияқты ру-рудың басшысы Қаратай ендi Құнанбайдың алдынан шығып бауырына кiрiп алған. Күндiз-түнi тiзесi айрылмайды.
Кешелер айдалды, жеңiлдi, ұлықтық, бектiктен айрылды деген Құнанбай, ендi осы аман келiсiнiң өзiмен, старшын боп келумен бұрынғы лақапты жалғанға шығарған.
Сол жаймен қатар Мырзахандар айтып келген ерлiк ертегiсi де бұл өңiрдiң жас баласына дейiн түгел жеттi. Соның бәрiнiң үстiне мынадай көл-көсiр қонақасы, ұзақ жиын, жағалай сойылып жатқан ақсарбас, көкқасқалар құр ғана келiс қуанышы емес. Бұның iшiнде шеп жию, батамен табысу, ыдырағанды қайта құрау, құрсауын бүтiндеу – қысқасы, мерейiн тағы аспандатып асыру бар.
Осындай сыртқа айбын, iшке медеу болған тойлар жарты айдай айықпады. Бұл кезде ел-елдiң бәрi де қыстауларынан көшiп көктемге, ойға қарай жөңкiлген. Ендi-ендi ғана ауыл-ауылдар арасы күзектегi сияқты қашықтаңқырап, бытырай қона бастаған.
Күнде үйiлiп баса беретiн сәлемшi, қонақтар да саябырлады. Сол кезде Құнанбай үй iшiне, бала-шағасына еркiн тиетiн болды.
Өртеңнiң бауырына қонып отырған Ұлжан аулына Құнанбай екi-үш күндей қонақтады. Күнкенiң аулы да осы арада жақын едi. Абай осы күндерде байқады: әкесiнiң сақал, шашындағы ақ көбейiп, бетiнiң ажымдары да молая түскен екен.
Ұлжан үйiнiң түстiгiне Күнке, Құдайбердi, Айғыздар да жиылып отыр едi. Құнанбай Зереге қарап отырып, осы барлық туысына арнап аз сөз айтты. Онысы - ұзақ жолда көңiлiне көп келген мұң-уайымның үлкенi едi.
Құнанбай өз басының жалғыздығын осы жолы қатты аңғарыпты. Аға, iнiде серiкке жарар медеу жоқ. Баланы ойласа, бәрi де жас. Және бiр өкiнгенi – көп баланы үйлендiрiп, немере сүйетiн шағына жетсе де, сол қызықты өзiне-өзi iркiп, кешеңдетiп кептi. Ендi сүйтiп, балаларының қызығын көрмек.
Бұған Зере бастаған бар шеше қуаныш айтқаннан басқа түк қарсылық бiлдiрген жоқ. Қызық көру дегеннiң белгiсi не, арты не? Ол ер жеткен балаларды үйлендiру, содан әрi немере сүю. Толып жатқан, шексiз бақыт сияқты елестейдi.
Әңгiме арасында Құнанбай: "Осы жолы құдайдан соңғы қуатым құдаларым болды. Адал достықты, шын бейiлдi солардан көрдiм" – деген. Атап айтқандары: Алшынбай, Тiнiбек. Онан соң Тобықты iшiнде тергеуге кетiп бара жатқан жолында Тасболат руының iшiнде Байтас басынан қатты тiлеулестiк көрiптi.
Бұрын үй iшiне мәлiм емес едi. Өзi сол сапарда жалғыз байлаған байлауын бiлдiрдi. Байтастың жас қызы бар екен. Соны Оспанға айттырмақ бопты. Сүйтiп тентек Оспанға Байтастың Еркежан деген қызы қалыңдық боп аталыпты. Үй iшi, әсiресе, шешелер күлiп, мәз боп, Оспанның аяғына тұсау түскенiн өзiне естiрту, түсiндiру жайын ойлап күлiскен-дi.
Осы байлаумен қатар, Құнанбай ендi Ұлжанның басқа екi баласы туралы да жаңалық айтты. Оның бiреуi – Тәкежан туралы. Былтыр ұрын барып келген Тәкежан ендi осы жақында үйленбек. Қайны болса, бар малын алған. Ендi несiне созады? Соның отауы түссiн. . Екiншi, әсiресе, осы отырған барлық үй iшiне шынымен үлкен қам болатын нәрсе - Абайды қайындату.
Құнанбай осы жолы Алшынбаймен уәделесiп келiптi. Осы көктемге байласыпты.
Рас, өзге құданың бәрiнен жолы бөлек Алшынбай. Оның үлкен достығынан басқа, өзi Арғынға белгiлi Қазыбек Тiленшiнiң Алшынбайы. Бұл атраптағы қазақтың одан үлкен аруағы жоқ. Сондай ауылға бала қайындату, әсiресе, ұрын жiберу осал қам емес. Мал-дүниенiң барлығынан да көп үлес, мол шығын шығару керек деген сөз.
Бiрақ Құнанбайдың бұл байлауын да шешелер ақ тiлеумен қабыл алды. Тек Зере ғана:
– Ел жайлауға шығып, арқа-басы кеңiген соң барған лайық болмаушы ма едi?– деп едi.
Оған Құнанбай:
– Оның рас-ау, бiрақ Алшынбайдың жазғы жайлауы ары шалқып, ұзап кетедi. Бару, келудiң жолы алыстап, мойны қашықтаған соң, жүрiс ауыр болады. Айдаған мал да күйзелiп жетедi. Қайындата баратын үлкендер бар, оған да ауыр. Және қыс жақсы бопты, мал тойынтам дейтiн емес, ажарлы мал осы күнде де бар. Ендеше, құдай бұйырса, осы бiр бестi-алтылы күн iшiнде қамданыңдар да, сапар шегiңдер. Өзiң барасың ғой. Төркiнiңе өзiң бастап бар балаңды!– деп, Ұлжанға бұйырды.
Ұлжан бұны да жақсы қабыл алды.
Осы әңгiме шыққан соң, үй iшiнiң барлық кеңесi, ақыл, мәслихаты сол Алшынбай аулына ұялмай, орнына сай қып бару турасында болды.
Байлаған байлауын көп ырғап, көп көпсiте бермейтiн Құнанбай сол жерде баратын кiсiлер жайын, апаратын аяқты мал, жыртыс жайын, ақша, пұл, күмiс қазына жайын кесiп-кесiп, өзi айта бастады.
Үй iшiнiң бұл жөнiндегi сөздерi қалай да болса, аз болған жоқ, ұзақ болған. Өйткенi, жыртыс болсын, толып жатқан ырым, iлу болсын, барлығын да осы арада бiр сөйлескен соң, екшеп алысу керек. Ұлжан соның бәрiн атап айтып, анықтай бастаған.
Баратын қара малды айтқанда: жетпiс жылқы, отыз түйе аталды. Құнанбайдың құласы мен жиренi деп, жұрт аңыз қыла бередi. Алшынбай аулынан аяры жоқ. Сол себептi жылқының iшiне бiр құла айғыр, бiр жирен айғырдың үйiрi кiрсiн. Басы сол болсын дескен. Осыдан арғы үлкен әзiрлiктi тiлейтiн – жыртыстың бұл матасы.
Оған дәл осы түнде Семей қаласына Ызғұтты мен Құдайбердi жүретiн болды. Қалада Тiнiбекпен ақылдасып отырып, төрт күннен қалмай барды алып, қайта жетуге бұйрық болды.
Үлкендердiң осындай кеңестерiнде бала атаулыдан жалғыз Құдайбердi ғана бар-ды. Өзге балалар кейiн есiттi.
Әрқайсысы өз басына арналған байлауды әр түрлi қарсы алған. Оспанға Айғыз бен Ызғұтты екеуi келiп отырып:
– Саған қалыңдық айттырдық!– дегенде, ол басында ұқпай қалып, қайта сұрап:
– Қалындық деген не? Қатын ба?– дедi.
Ызғұтты бұған ұғындырып кеп, қалай көретiнiн сұрағанда, Оспан бөгелместен:
– Е, алам... әкел! Маған қатын керек!– дедi.
Абай өзiне арналған хабарды үнсiз ғана аңырып тұрып тыңдады. Iшi аса бiр суық нәрсеге қақтыққандай тiксiнiп қалды. Сол сәтте Тоғжан есiне түсiп, оның алдында қылмыс жасағалы тұрғандай сезiнiп едi. Абайға жаңа хабарды айтқан шешесi болатын. Ұлжан баласының мына пiшiнiн жақтырмады. Бiрақ iшiнен:
– Ұялғаны шығар, – деп байлаған.
Абай бiрнеше күн қатты толғанып, жапа-жалғыз ойланып жүрдi. Қалыңдық деген мұнда бар. Сол сияқты айттырған күйеу Тоғжанда да бар. Қайындамай, үйленбей қалу мүмкiн емес. Ата мен ананың әмiрiнде. Бармаймын деп айтарлық сылтауы жоқ. Бар жүрек, бар қиялы Тоғжанмен туысып тұрса да, мынау тұсауға көнбеске шара жоқ. Осындай iшi бiр жақта, сырты бiр күйде болған, аса бiр қиын, енжар күйде Абай қайнына аттанды.
ӨРДЕ