Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропамәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.
Абай Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» - тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.
Балалық шағы
Абай Құнанбаев 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыс тауында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты Ибраһим екен.
Абай ислам дінінің қағидаларын барынша құрметтейтін діни отбасында өсіп, тәрбие алды. Оның әкесі Құнанбай қажы тобықты руының өте ықпалды, орыс тілін жақсы білген биі болды. Орыстың алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдерімен қарым-қатынас жасап тұрды. Ол шыққан тегі сұлтан әулетінен болмаса да Қарқаралы округында алғашқы аға сұлтандардың бірі болып сайланды. Ғұмырының аяқ кезінде Меккеге қажылыққа барып қайтты. Меккеде Құнанбай қажы салдырған Тәбия қонақүйі әлі бар. Қажылықтан қайтып оралған Кұнанбай Бұл дүниелік істерден біржола қол үзеді. Ақынның бабасы Өскенбай Қазақстанның Солтүстік-шығыс аймағындағы әділетті де ықпалды қазақ билерінің бірі болатын. Оның қалдырған данышпандық сөздері мен ғибаратты өсиеттері аз емес. Биге қазақтардың алыс жатқан руларының адамдары да шағым айта келіп, жүгінетін. Абайдың арғы атасы Ырғызбай да атақты би әрі батыр болған.
Абай әуелі ауыл молдасынан сауат ашып, сосын Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқып білім алады. Ол бала жасынан кітапқа құмар болды, араб-парсы және көне түркі әдебиетінің үлгілерімен танысты. Абай қазақтардың дәстүрлі әдет-ғұрып заңы мен ислам дінінің қағидаларын терең меңгерді. Онымен білім жарыстырудан молдалардың өздері қауіптенетін. Абай халық ауыз әдебиетінің үлгілерін өте жақсы білді. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде-ақ өзінің алғашқы өлеңдерін жаза бастады.