Мұқағали өлеңдері – ұлттық поэзияның жаңа бір белеске көтерілгендігін, жаппай евроцентристік ағымға ойысқан заманда қазақтың қара өлеңінің шынайы қасиеттерінің қадірі артып, бұрынғыдан да толысып, кемелдене түскендігінің куәсі. Ол қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын ұстанды, оны түрлендіре байытты, сөйтіп қалың қазақ оқырмандарының жүрегіне жол ашты. Мұқағали сыршыл ыстық лирикасымен өз оқушыларының жүрегіне жол тапты, оларды жақсы жырдың ләззатына қандырып, өзінің менімен адамзатқа ортақ ақиқатты жырлап, қалың оқырманның жан жүрегін баурады.
Өр тұлға, өжет мінез, оптимист қазақ қана осылай тартынбай сөйлейді, өзекті жанға дес бермейді. Бұл аңыздардағы Жиренше шешеннің төсегінде жатып көсілгенде сирағы шығып жататын құрым жаппасын: “Ақ ордадай — ақ үйім, хан сарайдай қара үйім“ деп бай-бағланның ақ боз үйіне өз тұрағын теңгермейтінін еске түсіреді. Өлеңнің шешендік шиырлармен сабақтастығын сезінесің. Арыс ақынның майталман шешендермен хал-ахуал қарайластығына, жағдай жанастығына, ой орамдары ортақтастығына таң қаласың әрі сүйсінесің.
Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем,
Ақ кимешек астынан сені көрем.
Өңі — түсі өзіңнен бір аумайды,
Немересін ертпесе жүре алмайды.
Таныс дауыс, таныс сөз, таныс мәсі,
Көзіме оттай басылып, алаулайды.
Аппақтығы ұқсайды әрінің де,
Әжімің де, аумайды тәлімің де.
… Әлемдегі әженің бәрі бір ме?!
Әже, сен тірі екенсің әлі күнге.
Қия өтпейді…
Ұқсайды ізеті де,
(Ізетсізді бұлар да түзетуде.)
Бұлар да бабасынан алып қалған, Өз жұртының дәстүрін күзетуде.
Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
… Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса…
Нені көрем???
немесе:
Қонақпен күнді батырып,
Қонақ боп атып таң нұры.
Тұратын еді шақырып,
Әжемнің аппақ жаулығы.
Қазақтың тағы да бір дара қасиеті, дана сипаты – зерттеушілер зерделеген, әлем халықтары мойындағаны — мол дастарқандық, қонақжайлылық. Қонақсыз жаны жай таппайтын, ішкен асы бойына сіңбейтін ел-жұртымыздың бар болмысы айшықтанып тұр. Әже — ыстық ықылас, кең пейілімен, шайы қайнаулы, шәйнегі оттан түспеуімен ырыс-береке ұйытқысы. Ақ жаулығы – үлкен–кішінің магнит өрісі, балды дәміне шақыртқы. Бүгінде сол көненің көзі де, өзі де кетіп, жаңа төлдің орын басқандығын жеткізеді. Ауылына аңсап-сағынып барғанда алдынан шығар анасы, қарсы алар қара шаңырағы жоқтығына мұңлы, бауыр басқан босағасынан бір ұрттам су ішуге шөліркеулі. Қара шаңырақ — бүтіндіктің белгісі. Ол құрыса азамат азады. Осыны түйсінтеді. “Ат ерттеп жатқан жас жігіт, жарамады үйге кір деугесі” салт-дәстүрдің жұтағандығы, сәлемнің сатулығы, үлкенге — ізет, кішіге – құрметтің тапшылығы. Бұл уақыттың өзгерісі, заманның тарту-таралғысы. Алайда белгісіз жігітті жазғыруға жоқ. Дегенмен ақын ата-дәстүрін жоғалтуды ар санайды, тектілік ұстанымдарын тоздыруға қарсы. Бұл ретте ақынның жалғыз бөлмелі лашығы – Аяз бидің есік маңдайшасына іліп қойған малақайындай қадірлісі, көңіл төріндегі көнесі. Ақ жолдан адастырмас, желпіндіріп желіктірмес, өткенін ұмыттырмас елеп-екшер қалбыры, ақыл мизан өлшемі. “Ақ кимешек көрінсе” осы ойды екшейді. Ақ жаулық пен ақ кимешек аналардың ажар көркі, белгісі ғана емес, жаныңа шуақ құяр, бауырына басар жылылық көзі, қарттықтың, этикеткасы боп елестейді. Ғалым Қ. Алпысбаев: “Ақын жырларының ешқандай алабөтен насихатсыз жүректерге жол тартуы сондықтан. Ұлттық рух мәңгілік. Ақын рухының онымен ұштасуы шығармашылық бақыт” деуі соның дәлелі.
Жалпы, Әже жайлы өлең жазып, прозаға қосу – тек осы ХХ ғасырда қолға алынды. Өйткені әженің қоғамдағы орны ерекше болғанмен, оған көңіл бөлушілер аз болған. Бірінен соң бірі жалғасқан тарихи өзгерістер әдебиет өкілдерін тарихи әлеуметтік жағдайдан өзгеге бет қаратпады. Халық басындағы ауыр жағдай, отарлау үдерісі, жер мәселесі, әйел теңсіздігі, жаңа заман жаңалығы секілді мәселелер осы кезге дейінгі әдебиетшілердің тақырыбына айналды. Мысалы:
Абайдың әжесі Зеренің азан шақырып қойған аты – Тоқбала екенін біле жүргеніміз жөн. Зерені Ырғызбай тұқымдары, барша ауыл адамдары «кәрі әже» деп атаған. Қартайған шағында құлағы естімей қалған Зере немерелеріне дұға оқытып, үшкіртеді екен. Ақылды, зейінді, мейірімді Зере немерелерінің ішінде Ибраhимді ерекше жақсы көріп, оны Абай деп еркелеткен. Ізгі жүректі, үлкенге қамқор, кішіге пана бола білген Зере әже Абай өміріне, ақындығына игі әсерін тигізген. « – Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыдан кім өткен?» деп басталатын Абайдың әжесі – Зеренің ұлағатты әңгімелерінің өзі неге тұрады десеңізші?!
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының «Қайтқанда» дейтін тарауында: «Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесі бір түрлі шебер әңгімеші екен. Қызық сөйлейді. Әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып, қызықтырып айтады. …Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ – Жайық», «Жұпар қорығы», «Құла мерген» – бәрі де айтылды. Оның әңгімелерін түсте де, кешке де, тіпті көш бойы да Абай айтқыза беретін болды. Бертін келе, тәуір болып алған соң, әжесінен тағы бір әңгімелер тапты. Ол осы ел ішінде Зеренің жасынан бергі көргені, естігені жайындағы әңгімелер. Ел мен елдің шабысы, таласы жайында бірталай күндер айтты. Абай қажымай, жалықпай ылғи ғана ынтыға
тыңдайтын.
Зере ел шабысын әңгіме еткенде, сол істердің бәрін ел басына әлек салған, ұлардай шулатқан кесел күндей айтатын. Кішкентай күнінен ертек-әңгімені көп сүйетін бала осы жазда, тіпті көп есітіп, көп біліп алған сияқты» деп келетін жолдар бар ғой. Бұл бала Абайдың дана Абайға айналуына әсер еткен мысалдың бірегейі десек те болады..
Осы мысалдың өзі-ақ, «Әже» тұлғасының қоғамдағы рөлін айшықтап, жеріне жеткізе бейнелеп Шоқанның әжесі Айғаным Сарғалдаққызы үш жүзге бірдей аты тараған, көркіне ақылы сай, білімді, парасатты әйел болған. Әрі жасөспірім Шоқанның өз құралпыластарына қарағанда сана-сезімінің ерте оянып, рухани әлемінің асқақ болып қалыптасуына айтулы ықпал еткендердің бірі – Айғаным. Ә.Марғұланның «Айғаным Шоқан үшін халық даналығының сарқылмас бұлағы болған» деуі сондықтан. Яки, болашақ ғалымның сан-салалы ілім мен ғылымның қайталанбас қайраткері болып қалыптасуына жасынан бойына сіңірген жан-жақты тәлім-тәрбие мен туып-өскен ортасының да игі әсері тиген.
Шоқанды, яғни болашақ ұлы ғалымды тәрбиелеуде ең алдымен әжесі мен оның әкесі Шыңғыстың қамқорлығы ерекше.
Оның үстіне, Айғаным мен Шыңғыс шаңырағында ешқашан дастархан жиылмаған, ойын-той көп болып халық таңдаулылары жиі бас қосты. Ақын-жыраулар, билер, сөзуар шешендер, көсемсөз майталмандары, күміс көмей, жез таңдай әншілер, ғалымдар, алдыңғы қатарлы орыс зиялыларының көрнекті өкілдері жас Шоқанға ерекше әсер етті.
Қазақ халқының маңдайына біткен асыл ұлдарының бірі Шоқан Уәлихановтың азаматтық болмысының өз тұстастарының арасынан дараланып шығуына, ішкі күш-қуаты мен асқақ рухының ерте жетілуіне, көкірек көзінің ашық болуына оның әжесі – Айғанымның берген тәрбиесі айрықша ықпалын тигізді. Айғаным әженің өнегесін моншақтай етіп тізіп беретін небір мысалдар жетерлік.
Айғаным тоғыз бала тапқан, соның жетеуі тірі қалған. Үлкені – Шыңғыс, Шыңғыстан туған Шоқан. Айғанымның мекен-жайының жұрты қазіргі Көкшетау облысы, Володарский ауданы Сырымбет ауылына таяқ тастам жерде.
Көнеден жаңаға бет алған әжелер образы қазақ халқының салт-дәстүрімен, тәлім-тәрбиесімен тығыз байланысты. Болашақ ұрпақты тәрбиелеуде әженің рөлі айтарлықтай. Бесікке салу, бесік жырын айту, шілдехана секілді салт-дәстүрге әже тікелей қатысты. ХVІ-ХVІІІ ғасырда батыр бабаларымызбен бірге батыр әжелеріміз өзінің жерін қорғаған. Сол заманның өзінде-ақ қоғамдағы әжелер орны айқындалғанын байқатады.
Қазақ қоғамында әулетті тура жолдан тайдырмай, дұрыс тезге салуда, жеткіншіктерді жастайынан адами келбет ауанынан алыстатпай тәрбиелеу үрдісінде ақ жаулықты «әжелер мектебінің» алар орны қашан да бір төбе болған ғой. Әжелер – барлық тәрбиенің, барлық құндылықтың бастауында тұрады. Әрине, ежелден қазақ халқының нәзік жандылары таққа отырып, ел басқармаған, ерінен бұрын сөз бастамаған. Осылайша әжелер өнегесі – ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, ғасырдан-ғасырға жалғасатын тәрбиенің таусылмас қайнар көзі болып саналады.
Обал, сауап, ынсап, парыз, аманат, борыш, қанағат секілді ұғымдар маңызының айқындалып, бала санасына тереңнен сіңуіне де әже ықпалының айрықша болғаны да айдан анық. Яғни әрбір отбасындағы әже тұлғасы – ұлы өнеге бұлағы.
XVI-XVIII ғасырларда-ақ айқындалып қойған емес пе еді?! Дана әжелердің қоғамдағы орны – XX ғасырдағы қазақ прозасында анық көрініс табуына да елеулі әсер еткен. Бұл мысалдардың барлығы – ақ жаулықты жандардың ұлағатын айна-қатесіз көрсетеді. Демек, ұрпағын жаза басудан сақтандырып, қайта өнегесімен өрісін кеңейткен әжелер болған, келешекте бола да береді.
Әжелер туралы жазылған өлеңдер көп. Әнге айналғандары қаншама?! Мәдениет пен әдет-ғұрыпты жастардың бойына сіңіріп, оларға тарихымызды танытып, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды үйретіп, үлкен үлгі, өнеге көрсететін де – әжелеріміз. Дана халқымыз үлкендерге құрмет көрсетіп, қарттарын төріне отырғызып, олардың айтқан ақылына, өсиетіне құлақ асып, үлгі тұтқан. Қазақ отбасында әжелердің орны ерекше әрі қадірлі болған. Әлі де солай. Әже – отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы болып, ағайын-туыстың ауызбірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі атанған. Өз балаларын бағып-қағып азамат етіп тәрбиелеген соң, немере-шөберенің тәрбиесімен айналысып, оларды қызғыштай қорып, бар мейірімін төгеді. Ел тарихында бір рулы елге ана болып, ел бірлігін сақтап келген Домалақ ана, Абайдың әжесі Зере секілді әжелердің бейнесі аңыз-әңгімелерде, әдеби шығармаларда сомдалған.
Әже – отбасының ғана емес, әулеттің ұйытқысы, ағайын-туыстың бірлігін, абысынның татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жас келіндердің тәрбиешісі әрі ақылшысы. Сондықтан да қазақ қоғамында тұңғыш немерені әженің бауырына салады. Бұл тек біздің халыққа ғана тән қасиет. Сөйтіп, бала ата-әженің кенжесі саналады.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді Мұхтар Әуезов. Ал бұл сөздің өз мәнінде жүзеге асуының түп негізін әжелер өнегесінен алып қарауымыз да заңды секілді. Бұл ұлағатты сөз кез келген адамды, ең алдымен, өз елінің салт-дәстүріне деген жанашырлыққа, ұлттың ұлы мұратына деген адалдыққа, Отанға деген шынайы тазалыққа үйретері һәм имани нұрға жетелері хақ. Осыдан-ақ, әжелер мектебі – бұл ұғымды бойға тереңнен сіңіретін бірден-бір жол десек, еш қателеспеспіз.