14.Абайдың ғылыми өмірбаянын жазудағы Әуезовтың әдеби қызметі Жазушы ұлы Абаймен рухани жақындығы қазақ әдебиетінің биік шыңға көтерілуіне игілікті әсерін тигізді. Абай арқылы қазақ елі тарихының эпопеясын сомдады. Ал Абайдың өмірі мен әдеби мұрасына келсек, М.Әуезов оған ерте кезден-ақ зер салған. 1918 жылы ол «Абай», 1925 жылы «Таң» журналдарына ұлы ақынның шығармаларын «Абайдың Әбдірахман деген баласы өлгенде жоқтап айтқан өлеңдері», «Абайдың кейбір өсиет сөздері» деген атпен бастырған. Арада жылдар өткен сайын Абай мұрасына жазушы тереңірек үңіле бастады. Сол замандағы өмір салтын, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана-сезімді, ұлттық менталитетті түп-тамырымен жойып жіберу мүмкін емес еді.
Абайтану – әдебиеттану ғылымының арнаулы салаларының бірі. Абай әлемі – мәңгілік мұра, қымбат қазыналар қатарына жататындықтан, ғасырдан астам уақыт бойы сөз етіліп, әр алуан бағытта зерттеулер жүйесіне айналып келеді.
Абайтанудың алғашқы негізін де М.Әуезов жазған Абайдың ғылыми өмірбаянында жатқаны мәлім, Абай өмірбаянын ғылыми негізде жаза отырып М.Әуезов абайтану саласындағы бірнеше күрделі мәселелерді тұтастай қарастыруды бірден қолға алды. Себебі Абайдың жаңа типтегі ақын, қоғам қайраткері боп қалыптасқанын көрсету үшін, сол дәуірдің тарихи шындығын яғни жасаған әлеуметтік ортасы мен араласқан адамдарын, руларын, билік атаулары мен жер аттарын, ақын шығармалары нәр алған бұлақтарын, Абай мұрасындағы жаңа бағытты, Абай өлеңдерінің жазылу себептерін т.б. көптеген қосалқы мәселелерді қамту қажет еді. Бұларды тұтас қамту, дұрыс шешімін, бағыт-бағдарын табу - жазушыға зор даярлықты, қуатты шығармашылық ізденісті талап етті.
Абай өмірбаянын қалпына келтірудің басты әдісі – ауызша сұрау, тірі архив иелерінің естеліктерін жинау, жариялау. Ең бастысы Абай өлеңдеріндегі негізгі әлеуметтік сарындарға сүйену арқылы М.Әуезов көп шындықтың бетін ашады. Осы арқылы жазушы Абай мұрасының зерттелу жолына зор үлес қосты.
Абайдың ғылыми өмірбаяныны ойдағыдай жазып шығуы арқылы М.Әуезов келешекте абайтану саласында зор көлемде жүгізер зерттеу жұмыстары үшін табан тірер ғылыми негіздегі ірге тасын жасап алды. 1924 жылдың өзінде-ақ М.Әуезов Абай шығармаларының тұңғыш толық жинағын құрастырып, Абайдың қазақ әдебиеті тарихындағы алар орнын анықтап алуға ұмтылды. «Абай», Шолпан» журналындағы ақын жайлы пікірлері мен орыс Географиялық қоғамы Семей бөлімінің Абайға арналған салтанатты кешендегі «Қазақ әдебиетіндегі Абайдың орыны» деген баяндамасы – осы әрекеттің айғағы.
М.Әуезов 30-жылдары Абай мұрасына әрқилы баға беріліп, қым-қиғаш пікірлер айтылып жүргенде, ақынның ұлылығын, қалдырған мұрасының аса құндылығын тани білді.
Ұлы Абайдың көзі тірісінде жарық көрмей қалған қымбат қазынасын жинастырып, баспаға әзірлеген, сонан соң оны ғылыми ыждағаттылықпен зерттеген М.Әуезовтің еңбегі оның Абай тақырыбына арналған көркем шығармашылық мұрасымен пара-пар еді.
Бұл бағыттағы М.Әуезовтің ең бірінші еңбегі – ақынның танымдық, мағлұматқа бай ғылыми және шығармашылық өмірбаянын жасап бергендігі. Сонау 1933 жылғы Абай жинағында жариялаған «Абайдың туысы мен өмірі» атты көлемді мақала мен сол томда ақын өлеңдеріне қосымша ретінде берілген түсінік кейін көлемді монографиялық зерттеуге ұласты.
Абайдың жалпы шығармашылық мұрасына арналған ғылыми еңбектердің ішіндегі ірісі – М.Әуезовтің осы монографиясы. Он тараудан тұратын бұл жұмыстың бастапқы үш тарауында абайтанудың ең алғашқы қадамдарынан бастап, елуінші жылдарға дейінгі бұл игілікті іске қосылған ірілі-ұсақты зерттеулер, сын мақалалар.
Жазушы кейінгі тарауларда Абайдың жастық шағындағы шығармалары бір жүйе, ал қаламгер ретінде қалыптасқан кезеңдегі туындылары жанр-жанр бойынша қарастырылады. Сол тараулардың ішіндегі маңыздысы - «Абай лирикасы» деп аталатын бесінші тарау.
Бұл тарауда М.Әуезов ақынның шығармашылық ғұмырының соңғы жиырма жылдан астам кезеңдегі өлеңдерін хронологиялық тәртіппен алып, оларға жан-жақты талдау жасайды. Тарауда өлеңнің шын мәніндегі лирикалық шағын түрлерін алғаш рет енгізген Абайдың жаңашылдық үрдістері сипатталады. Жазушы ақынның әр шығармада әр қырынан көрінген шыншыл реалистігін, суреткерлігін, қоғам өмірі мен адам мінезін бейнелеудегі сыншылдық бағдарын әрдайым ерекше мән бере атап көрсетеді,
Сонымен қатар талғампаз да талапшыл ғалым Абайдың жекелеген туындыларына сын пікірлер айтып, жеке бір өлеңнің мазмұнында, көркемдік шешімінде ақынның кемшін түсіп жатқан жерлерін көрсетіп отыруының да тағылымдық мәні зор еді.