18.Абайдың ақындық дәстүрі А.Нұрқатов зерттеуінде Қазақ әдебиеттану ғылымының алғаш қанат қаққан кезеңінен бастап, бүгінге дейін өзінің өзектілігін жоймай келе жатқан және келешекте де маңызы кемімейтін мәселелердің бірі Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты екендігі анық.
Абайға байланысты мәселелер жан-жақты қамтылып жатқандай көрінгенімен, зерделей үңілген жан шын мәнінде әлі де ойсырап тұрған осал тұстардың бар екенін аңғарған хақ. Сондай кемшіл тұстардың бірі – Абай мектебі, оның ақындық дәстүрі мәселесіне қатысты. Бұл мәселенің зерттеушілер назарынан қаға беріс қалуының сырын өз мақаласында академик С.Қирабаев: «Абай творчествосы және одан қалған ақындық дәстүр 50-жылдардың бас кезінде қандай сынға ұшырағаны әркімнің-ақ есінде болар. Содан кейін бұл тақырып жеткілікті сөз болған жоқ. Бола қалса, бір жақты орыстың прогресшіл әдебиетімен байланысты ғана қаралып, ал ақын дәстүрі өз маңындағы бір-екі адамның ғана еңбегіне сүйенумен шектелді. Соның нәтижесінде Абай мектебі кең көлемде зерттелмеді» [3,7] – деп көрсетеді. Осы кезеңде дәл осы олқылықтың орнын толтырған еңбек А.Нұрқатовтың «Абайдың ақындық дәстүрі» [2,6] аталатын монографиялық зерттеуі болғаны анық.
Әлбетте, сыншы-ғалымның Абай жайындағы монографиялық күрделі зерттеуге кенеттен келмегені сөзсіз.
Бұл пікірімізге оның Абай шығармашылығына қатысты әр жылдар көлемінде баспасөз беттерінде жарық көрген "Ұлы тұлға", "Кекті жыр", "Абайды қайта-қайта оқығанда", "Лермонтов және Абай", "Сонда ақын белін буынып", "Абай-лирик", "Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы", "Ұлы ақын", т.б. мақалалары дәлел болса керек. Зерттеушінің өз сөзіне жүгінер болсақ, ол "Абайдың ақындық айналасы мен әдеби мектебі туралы мәселе зерттеушілер назарын әрдайым аударып отырды. Өйткені бұл – Абайдың творчестволық мұрасын игеру және оның дәстүрлерін дамыту жолдындағы ең түбегейлі мәселелердің бірі [2,4] – деп біледі.
Шындығында да А.Нұрқатовтың зерттеуі әдебиетіміздегі Абай дәстүрін кең ауқымды алып, дәлелді де дәйекті ой-пікірлерге негіздей отырып, жан-жақты ашып көрсеткен тұңғыш еңбек болған хақ. «Абай мұрасын игеру, оның творчествосын терең зерттеу – өткендегі мәдени қазынамызды пайдаланудағы ең түбегейлі мәселелердің бірі болғаны сияқты, біздің әдебиетіміз, әсіресе поэзиямыз өзінің қалыптасып дамуының қай кезеңінде де ұлы ақынның жемісті, құнарлы дәстүрлерінен сырт қалған емес. Бұл – даусыз шындық» [1,3] – деп Абай дәстүріне байланысты өз позициясын айқын ұсынатын зерттеуші аталмыш мәселеге арналған монографиясының "Абай творчествосының дәстүрлік және жаңашылдық сипаттамалары", «Абай тұсындағы ақындар", "Абай дәстүрлерінің арнасында", «Орыс реализмінің дәстүрлері және қазақ әдебиеті", "Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы" аталатын негізгі тарауларында жоғарыдағы пікірін жан-жақты дәлелдей, талдай таратады.
А.Нұрқатов Абайдың ақындық дәстүрі мәселесінің қазақ әдебиеттану ғылымында әріден қозғалып келе жатқанын айта келе, қалай болғанда да аталмыш мәселе төңірегіндегі сан алуан ой-пікірлердің әлі де болса ғылыми жүйеленіп бір арнаға тоғысып үлгермегенін М.Әуезовтың осы мәселені арқау ететін еңбектерінен [4,12] бастау алып, одан кейінгі үлкенді-кішілі зерттеулерде [3,84] жалғасып, келе жатқанын түрлі пікірлерге негіздей отырып көрсетеді де, бұл тұрғыдағы өз көзқарасын: «Абай мектебін, оның дәстүрлерін Абай кезіндегі және одан кейінгі дәуірдегі реалистік қазақ әдебиетінің даму жолдарымен тұтас алып қарау шарт. Абай творчествосының, оның ақындық дәстүрлерінің ұлылығы мен нәрлілігін сонда ғана толық ұғына алмақпыз" [2,121] – деп айқын танытады.
Қандай да бір әдеби мектептер мен бағыттардың, жекелеген ақындардың Абай поэзиясының дәстүрлеріне деген қатынасын айқындауда олардың өздерін Абай шәкіртіміз деп атауы және ақынға жадағай еліктеушілігі өлшем бола алмайтынын кесіп айтқан А.Нұрқатов пікірінше, Абай дәстүрін жалғастырушыларға қойылатын басты өлшем – "Ақынның шығармашылық әдісі мен көркемдік жүйесінің ең басты, шешуші негіздерін игеру және одан әрі дамыту" [3,151] болып табылады. Абай дәстүрінің мәнін айқындап алу А.Нұрқатовқа әдебиетіміздің даму процесінде сан тарау шығармашылық бағдар ұстанған үлкенді кішілі қаламгерлер арасынан Абай қалыптастырған реализм дәстүрінде халықтық және демократтық сипаттары айқын туындылар ұсынып, әдебиетке көркемдік жаңалықтар әкеле білген ақындар тобын даралай қарастыруға, сол арқылы әдебиеттің кейінгі даму жолында Абай дәстүрін жалғастырушылар ретінде шығармаларын да Абай поэзиясына тән халықтық сипат пен өмірлік шындық айқын танылатын ақындарды ғана тану керектігін ұсынуы орынды танып болғаны анық.
Нұрқатов А. Абайдың ақындық дәстүрі. Монография. – Алматы: Жазушы, 1966. -348 б