Қазіргі заманның ұстазға қояр басты талабы – ақпараттандырылған жан – жақты, дүниетанымы кең, тәрбиелі әрі саналы шәкірт сомдауы. Сапалы білімге жету жолында ұстаздың аянбай еңбек етуі керек. Оқытудың тиімді әдіс–тәсілдерін, қазіргі заманауи инновациялық технологияларды меңгеруі шарт.
CLIL технологиясы – пән мазмұны мен тілді бірлесе оқыту технологиясы. «CLIL» терминінің қолданыста жүргеніне айтарлықтай уақыт болмағанымен (1994 жылы), ол жаңа құбылыс болып табылмайды. Адам баласы көп тілді қоғамда өмір сүріп келеді. Көп тілді меңгеру қоғамда өмір сүру құралы болып табылады. «CLIL» терминін 1994 жылы ғылыми айналысқа Девид Марш оқыту жағдайларын белгілеу үшін пәндер немесе жеке бөлімдері «қосымша» тілде жүргізілуі үшін енгізген болатын. Мұндай оқытудың мақсаты бір уақытта оқытылатын пән мен тілді оқыту болып табылады, яғни мұнда тіл оқу объектісі ретінде емес, басқа пәндерді білу құралы ретінде қарастырылады. CLIL әдісі тілге бағытталмаған пәндер мен осы пәнді оқытудағы тілдің даму шеберлігіне бағытталған. CLIL әдісі оқушылардың мәдени біліктілігін, тілдік және коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыруға септігін тигізеді, ал бұл қазіргі қоғамда жұмыс берушілердің ең қажет ететін дағдыларының бірі болып табылады.
CLIL әдісін еліміздің көптеген білім ордалары оқыту үрдісінде қолданып жатыр. №56 жалпы орта білім беретін мектебінде де бұл әдісті кеңінен қолданылуда. Өйткені, кейбір пәндер оқушылардың ана тілінде жүргізілмейді. Сондықтан пәнді оқытудағы тіл – екінші тіл болып табылады.
Оқушы осы тілде пәнді түсіне отырып, өз ойын екінші тілде жеткізе білуі қажет.
Жалпы CLIL әдісінің негізгі принциптерін анықтауда бес аспект белгіленді. Оның әрқайсысы оқушының жас ерекшелігіне, әлеуметтік – тілдік ортасына және CLIL әдісіне тереңдеу деңгейіне байланысты жүзеге асады.
Мәдени аспект
Осы әдісті тәжірибеде қолдану оның оң тұстарын айқындауға мүмкіндік берді. CLIL әдісінің ең негізгі оң тұстарының бірі екінші тілді меңгеруге оқушының талпынысы болып табылады. Бұдан басқа оқушы екінші тілде оқи отырып, оның мәдениетін тереңірек білуіне мүмкіндік алады. Пәнді оқи отырып, оқылып жатқан тақырыптарға сай терминдерді қайталау барысында, оларды өз ой пайымдауларында қолдана отырып, оқушының белгілі пән бойынша сөздік қорының толығатындығына көзім жетті. Тілдік дағдыны қалыптастырумен қатар CLIL әдісі мұғалімнен сабақтың өтілуіне байланысты жаңа тәсілді талап етеді.
Мұғалім оқу материалын берерде, жұмысты ұйымдастырғанда түрлі формаларды қолдануы, оқушының шығармашылық және жеке іс-әрекетіне назар аударуы қажет. Бұл оқушының пәнді оқуына деген қызығушылығы мен ынтасын оятары сөзсіз.
Ұстаз барлығын идеалды түрде білуге, басқа тілдің қыр – сырын ана тілімен тең деңгейде білуге міндетті болып есептелмейді. Өз тәжірибемде көргендей, оқушыға түсінікті қиын емес сөйлемдер мен сөз тіркестерін ұтымды пайдаланып пәнді оқыту маңызды. CLIL әдісін сабақта пайдалануда ұстаз үшін де, оқушылар үшін де бірқатар кедергілер кездеседі:
Ағылшын тілінде сөйлеу кезінде қиындық тудыруы;
Ағылшын тілін тыңдаудағы қиындығы;
Оқушылардың ағылшын тілін білу деңгейлерінің әр түрлілігі;
Жоғарыдағы кедергілерді жеңу үшін сыныпта қолайлы атмосфера жасай білу қажет, конфликтті немесе өте қатал жағдайда тілдік қиындықтар тереңдей береді.
Мұғалім кәсіби даму мақсатын оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру негізінде ала отырып, топтық, жұптық жұмыстарды ұйымдастыру барысында әртүрлі формадағы тапсырмаларды дайындауды дағдыға айналдырады.
Әсіресе, карточкаға жазылған түрлі терминдерді сипаттау арқылы оқушылардың сөйлеу дағдысының қалыптасуы байқалады. Қандай да болмасын оқылып жатқан тақырыпқа байланысты тапсырма құрастыру кезінде әрдайым көмекші терминдер үлестіріліп немесе мұғалім қадағалап айтып отырса, оқушы жадында терминдердің жатталуы сөзсіз, әрі оқушы осы пән бойынша өз ойын академиялық тілмен жеткізетін болады.
CLIL - әдісін қолданып сабақ өткізу кезінде аударма сөздік, «translator», сөздіктер қолдануға рұқсат етіледі. Оқушының мәтінді аударуына электронды нұсқадағы сөздіктерді қолдануына болады. Мысалы, Алғашқы сабақтарда 5-7 минут тақырыпқа сай ағылшын тіліндегі видео материалдарды тыңдатудан бастаған тиімді, өйткені оқушы тыңдап және көру арқылы өтетін сабақтардан кейін стреске түсу мүмкіндігі азаяды. Үй тапсырмасына тақырыпқа сай жаңа сөздер жазып келуге тапсырылса келесі сабақта жаңа сөздерді пайдалануға тапсырмалар беріледі. Сонымен қатар 9-сынып оқушылары бағдарлама құру кезінде қиын сөздері көп мәтіндерді көргенде тез шаршап оқуға қызығушылығы жоғалады. CLIL- әдісін пайдалануда оң нәтижеге жету үшін ағылшын тілін аз мөлшерде пайдаланудан бастау оқушылардың психологиялық дайындығын арттырады.
Жалпы орта білім беретін мектептерінде информатика пәні қазақ сыныптарында орыс тілінде жүретіндіктен, CLIL әдісін қолдану үшін кәсіби мақсатыма жетудегі бірден бір жол болып табылады. Жаңа материалды игеру барысында да оқушыларға түрлі органайзерлерді көрсетіп, оларды сипаттау арқылы сөйлеу дағдыларын қалыптастыру тиімді әдістің бірі. Үш тілділікті енгізе отырып, оқушыларға органайзерлерді сипаттау арқылы орыс және ағылшын тілдерін жетілдіруге қолдау жасап отырамын. Мұндай жұмыстарды орындау оқушылардың қызығушылығын тудырады. Сонымен қатар сөйлеу дағдысын жетілдіре отырып оқушы тіл мен пәнді түсіну үшін ойлау қабілетін де жетілдіргені дұрыс. Осы орайда бейне материал көрсетіп, кейін тоқтатып, әр оқушыға бос орындары көрсетілген бейне материалға сәйкес мәтін беріледі. Мұндай жұмыс оқушының есте сақтау дағдысын, пән бойынша ақпарат алуымен қатар сол тілді меңгеруге мүмкіндік береді. Бейне материал көрсету арқылы мәтінді толықтыру жұмысын «Глобальная сеть Интернет» тақырыбын меңгеру барысында сабақ жоспарына енгізген болатынмын. Оқушыларға бұл әдіс түрі ұнады. Одан кейінгі қайталауға бағытталған сабағымды жоспарлаған кезде дайын диаграмма арқылы оқушыларды сөйлетуге тырыстым. Алдымен оқушылар диаграммамен 1 минуттай танысып алып, кейін орыс және ағылшын тілдерінде сипаттап берді. Тапсырманы орындауға тілек білдірген оқушылар саны көп болды. CLIL әдісінің негізгі мақсаты – мұғалімнің сөйлеуін азайтып, керісінше оқушылардың бір бірімен сөйлеу дағдысын қалыптастыру. Әр сабақтың басында немесе соңында «миға шабуыл» әдісін ұйымдастырып тұрған тиімді. Берілген ұғымға байланысты оқушылар өз ойларын, идеялары мен сабақ тақырыбының сан алуан аспектілерін қозғайтын болады. Осылайша олардың сөйлеу – ойлау дағдылары қалыптасып, сөйлеу тәжірибесі артатынына көз жеткіздім. Талқылауға қатысу оқушылардың қызығушылығын тудыруына, әртүрлі проблемаларды талқылауда сөйлеу дағдысы мен ойлау дағдысын қалыптастыруына әсер етеді. Дайындалатын тапсырмалар түрі пән мазмұнына бағытталған, оқушы түсінетіндей күрделілік деңгейі бойынша құрастырылуы тиіс. Әр тапсырма оқушының өздік жұмысына бағытталуы қажет. Жалпы сабақтарымды ұйымдастыра отырып, тақырыпқа байланысты келесідей тапсырмалар құрастыруды негізге алып жүрмін: диаграмманы құрастыру немесе толықтыру, командалардың орналасу тәртібін дұрыс анықтау, бос орындарды толықтыру, нақты ақпаратты іздеу, термин - анықтама, сөздерді табуға бағытталған ойындар. Тағы бір сабақтарымда жақсы көрініс тауып жүрген әдістің бірі оқушыларға қолдарына тақырыпқа байланысты сөздерді таратып, оның түсіндірмесін әрқайсысы қозғалыста жүріп отырып, бір біріне түсіндіру. Бұл тапсырманың мақсаты – оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыра отырып, оқушының белгілі тақырып бойынша қаншалықты дайын екендігін анықтау.
Бұл әдісті өзім меңгере отырып, оқушыларға да мұғалімге де тигізер пайдасының мол екендігіне көз жеткіздім. CLIL әдісінің негізі тілді білу пән мазмұнын оқу құралы болып табылатындығында.
CLIL әдісін қолдану оқушыға сабақ барысында тілдік дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік берсе, мұғалімге оқушыларды үш тілділік бойынша қолдауға мүмкіндік береді. Информатика пәнін ағылшын тілінде оқытуда тақырыпқа сай терминдерді видеолар мен мультфильмдер, оңай кинолар арқылы есте сақтауға үйретуге, мәтіндік тапсырмалар, түртіп алу әдістерін пайдалану арқылы оқытуға болады. Ағылшын тілі - әлемдік бизнес тілі, оны меңгеру - жастарға әлем танудың кілті болмақ. Ағылшын тілін білу — біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі. Ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Сондықтан тиімді әдіс тәсілдерді қолдану арқылы оқыту нәтижеге жеткізеді.