Ботбай баба кесенесі
Ботбай батыр (1451-1540) кесенесі Меркі ауданы, Меркі ауылының оңтүстігіне қарай 5 шақырым жерде орналасқан. Құрылыстың көлемі 6х6 м, жалпы биіктігі 12,5 м. Ескерткіш күйдірілген кесектен өріліп, іргетасы мәрмәр таспен қапталған. Ескерткіш кесене 2014 ж. батырдың құрметіне арнап, орнатылған.
Еңселі ескерткіштің көк тіреген үшбұрышты белгісі - ұлт болып ұйысқан үш рулы елдің бірлігі мен өрлігін білдіреді. Биік тұрған шаңырағы мен қос қапталындағы арыстан бейнелері де батырдың ерлік рухын бейнейді.
Бүгінде зәулім кесене осы өңірдегі жергілікті халық зиярат жасайтын қасиетті мекен және саяхатшылар жиі тоқтайтын тарихи орынға айналған.
Туған ел мен жердің тағдыры үшін арпалысып, өмірі ат үстінде өткен Ботбай Дулатұлы өз заманында ержүрек батыр, ақыл парасаты мол, өжет, ірі тұлғалы кісі болған .
Тарихи деректерде әкесі Дулат төрт баласының мінезі мен білімін, алғырлығын бағамдап, Ботбайды жауды жасқантып, ерлігі сыналатын жерлерге арнайы жібереді екен. Ел ішіндегі аңыздарға қарағанда, Дулат баласы Ботбайдың ерлігіне: «Ботбайым, жайнайсың-ау оттайын. Батырлығың дұрыс-ау, қажетті жеріңде ақылға келсең, ұрыс-керіске бой бермейсің», – деп сүйсінген.
Ботбай батырлығымен қатар Іле, Шу, Аспара, Меркі, Құлан, Тараз, Сайрам, Сауран өлкелерінің ұлысбегі болып, ел басқару ісіне де араласқан. Ел билеген тұсында қарамағындағы халқына қамқорлығымен, дау-дамайда тең төрелік айта білген әділдігімен, сөзге шешендігімен көпшіліктің құрметіне бөленген. Заманында Бұқарадан құрал-сайман әкеліп халықты жер өңдеп, егін егуге бастаған.
Бөлтірік шешен мемориалы
Бөлтірік Әлменұлы (1771 – 1854) қазақ халқының көрнекті шешені, атақты биі мен батыры. Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Шоқпар темір жол станциясы маңында дүниеге келген. 1997 ж. Бөлтірік шешенге тұрғызылған мемориал Талас өзенінің төменгі сағасында, Сейілбек ауылынан 1 шақырым жердегі Қарақожа мешітінің қасындағы аласа төбенің үстінде.
Батыр, шешеннің құрметіне арнап орнатылған мемориал жобасы төртбұрышты, бір күмбезді құрылыс кірпішпен қаланып, ақ мәрмәр тақталармен қапталған. Ескерткіштің сәулет үлгісі батыс Қазақстанның дәстүрлі мемориалды ескерткіш құрылысына үйлестірілген. Сегіз қырлы күмбезі тот баспайтын метал қаңылтырмен жабылған. Бөлме ішінде Бөлтірік шешен моласынан алынған топырақ көмілген, жерге сағана қойылған.
Бөлтірік сонымен бірге мерген, саяткер, ат үстінен алдырмайтын шабандоз, батыр болған. Есейген шағында ел арасындағы талас-тартыстарға араласып, әділ де шешен төрелік айтқан. Сондықтан да халқы оны қалап, би сайлап алған.
Бөлтіріктің нағашысы – әйгілі Қарменде би. Ақындық, шешендік өнерімен әділдік - тапқырлығымен ерте танылған әрі өз ортасының сыйлы, құрметті данагөйі болған. Оның абырой беделі ауыл арасымен шектелмей, ел қамы мен халық тағдырына қатысты істерде де еленіп - ескеріліп отырған.
Бөлтірік шешен өз тұсында игі жақсылармен тізе түйістіріп, ел ісіне белсенді араласқан әрі оның даналық нақыл сөздері тек қазақ халқының ғана емес көршілес қырғыз, өзбек халықтарының арасына да кең тараған.
Бөлтірік шешеннің өнері мен даналық сөздері жайында А.Байтұрсынов, М.Ж.Көпеев, С.Сейфуллин, З.Қабдолов т.б. өз еңбектерінде жазып кеткен. Халық ақыны К.Әзірбаевтың «Аңыздар сыры», Б.Бигельдиновтың «Балқаш» атты жинақтарында Бөлтіріктің батырлығы бейнеленген дастандары бар.
Әдебиеттер.
1. Әзірбаев К. Аңыздар сыры. Алматы, 1969, 144б.
2. Рысбай К., Кисамедин Г.М. Мемориал Больтирик шешена// Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан, Жамбылская область. Алматы, 2002.274б.
3. Жамбыл облысының Тарих және Мәдениет ескерткіштерінің жинағы. Талас ауданы. /Алматы 2010ж./ 175 б.
Достарыңызбен бөлісу: |