Көшек батыр кесенесі
Көшек Қарасайұлы (шамамен 1620 - 1652) – жоңғар шапқыншылығына қарсы қол бастаған батырдың кесенесі 1999 ж. Талас ауданы, Бөлтірік шешен ауылынан 7,6 шақырым оңтүстікте, биік төбенің үстінде тұрғызылған.
Кесененің қабырғасы сегіз қырлы етіп, силикат кірпіштен өріліп, төбесі күмбезделіп жабылған. Кесененің жанына әскери қару-жарақ нышандары: үш найза, қалқан, қылыш, жебелер салынған қорамсақтың біріктірілген композициясы ретінде қойылған.
Көшек Қарасайұлы Есім мен Жәңгір ханның сенімді серіктерінің бірі. Талас өзені бойында туып өскен. Қазіргі Тектұрмас түбіндегі биік шоқы Көшек батырдың жазғы жайлауы болған. Бұл жерді халық батырдың көзі тірісінде – ақ «Көшек шоқысы» деп атаған. Ел арасында тараған аңыздарда Көшекке Есім ханның өзі хан атағын бергендігі айтылады. Көшек батырдың даңқы Батыр қонтайшының басқыншылығына қарсы соғыста барынша асқақтайды. Көшек батыр Тектұрмас қамалын нығайта отырып, көршілес қырғыздармен қосылып, жау әскерлеріне тойтарыс берген. 1643 ж. Андасай бойындағы Кеңгір деген жерде Жәңгір ханның Батыр қонтайшысының елу мыңдық әскеріне ойсырата соққы берген шайқасында Көшек батыр ерлігімен көзге түсті. Тектұрмас түбінде болған шайқаста Қарадөң атты жоңғар батырмен жекпе – жекке шығып оны жер жастандырады. Көшек батыр жоңғар қонтайшысы Оншанмен де жекпе – жекке шыққан. Жекпе – жекте жараланған Оншаннан қазақтармен соғыспау туралы ант алып, еліне қайтарған. Салқам Жәңгір дүниеден қайтқан соң болған сұрапыл шайқастың бірінде Көшек батыр ерлікпен қаза табады.
Батырдың басына орнатылған кесене бүгінгі күні ауыл-аймақтың көркін келтіріп тұрған тарихи ескерткіш жене жегілікті тұрғындардың жиі келетін қасиетті орындарының бірі.
Әдебиеттер:
Жамбыл облысы энциклопедиясы. – Алматы, 2003. – 311 б.
Жамбыл облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы. Талас ауданы. – Алматы 2010. – 223 б.
«Қазақ хандығы» монументі
Тараз қаласының батыс қақпасынан кірер жолдың бойында алыстан мұнартып көз түсетін еңселі ескерткіштің бірі - «Қазақ хандығы» монументі. Ескерткіш Тәуке хан көшесінің бойындағы қаланың ең көрікті алаңдарының біріне, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналып салынған монумент.
Мүсіндік композиция ақ мәрмәрден жасалған 27 м. стелла және оның жағында екі хан - Керей мен Жәнібек тақта отыр. Керейдің қолында қағаз бен қалам бар. Ол хандықты алғаш осы өңірде құрылғандығы туралы Жарлық етіп жатқанын білдіреді. Ал, Жәнібектің қолындағы найзасы мен тізесіне қойған қылышы әрі жас, өзі хас батырдың қайрат - қажырын, ерік-жігердің бейнесін сомдайды.
Қазақ хандығының қашан, қай жерде құрылғандығы жөнінде нақты дерек беретін, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде, Дешті Қыпшақты билеген Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан Жәнібек пен Керей сұлтандар бастаған қазақ халқы Моғолстанның батыс бөлігіндегі Шу бойы мен Қозыбасы өңірі аралығына келіп қоныс тепкендігі баяндалады.
XV ғ. алпысыншы жылдары Қазақ хандары қарсыластарын тықсыра отырып, батыс Жетісуға табан тіреді. XVI-XVIІI ғғ. Қазақ хандығы нығайып, этникалық аумағының негізгі бөлігін қамтитын шекаралары кеңейе түсті. Бір шеті Орта Азиямен, енді бір шеті Астрахан, Қазан, Сібір хандықтарымен байланыстар орнатты. Осы тұста ел билеген Қасым, Хақназар, Тәуекел, Тәуке, Абылай, Кенесары хандардың есімдері Қазақ мемлекеттілігі деген атаумен қоса жүреді. Өйткені олардың барлық арман-тілектері мен амал-әрекеттері қазақ жұртының бірлігін нығайту, халқының бейбіт өмірі мен тыныштығын баянды етуге бағытталды.
Керей мен Жәнібектен бергі иісі қазақ хандарының бәрі тарих сахнасынан ойып тұрып орын алатын қуатты мемлекет құруды армандады.. Қазақтың кеудесіндегі үміт оты бірде лаулап, бірде өшудің аз алдында тұрса да сөнбеді. Әр қазақ қасық қаны қалғанша арпалысты, тәуелсіздіктің туын құлатпауға тырысты. Ақыры Алаш жұрты азат ел болып, өркениет көшінен өз орнын алды.
Достарыңызбен бөлісу: |