Әдебиеттер:
Елеуов М. Шу мен Талас өңірлерінің ортағасырлық қалалары (6-13 ғ. басы). Бірінші бөлім. – Алматы: Қазақ университеті, 1998. – 210.
Ақмола мазары
Ақмола мазары ХІХ ғ. жататын, Байзақ ауданы, Байзақ ауылынан 20-25 шақырым жерде орналасқан ескерткіш.
Күйдірілмеген кірпіштен соғылған күмбездері жұмсақ, жертөле мен кіре берісінде біршама бұзылулар бар, ішкі қабырғалар шұңқырланып, саз сылақтар түскен.
Іргетасы жоқ, бір жолды, тікбұрышты жұқа иілгіш кірпішті саз қабатпен қаланған. Жертөле негізіндегі қабырғаның ені 1 м шамасында, мавзолейдің сақталған бөлігінің биіктігі 5,7 м, диаметрі 8,5 м.
Аңызға сүйенсек, бұрыңғы замандағы атақты бір байдың бой жеткен қызының мазары екен деген болжам айтылады. Кеңестер Одағы кезінде қазақ даласында оқу-білім болмағандықтан, ол бай адамның аты-жөні, руы туралы кейігі ұрпақтарға ешқандай мәліметтер жетпеген. Атақты бай малының жағдайын ойлап, қыста құмды қыстап, жазда қазіргі Талас ауданы малшыларының жаз жайлауы болған, «Шатура» атты кең жайлауды жайлаған екен. Сәуір айы туа құмнан көшкен бай ауылы «Жиек» құмының шетіне шығып қонады. Осы түні байдың жалғыз бойжеткен қызын улы жылан шағып қайтыс болады. Тағдырдың тауқыметіне назаланған бай «Көз-қуанышым, жалғыз қызым еді, ең болмағанда ары-бері өткенде көріп, көңілімді жұбатып жүрейін»-деп, Талас өзенінің батыс бетіне қызының мәйітін қойдырған екен.
Ақмола бекетіндегі көпір үстімен кезінде Байзақ (Сверлов), Жамбыл, Жуалы аудандарының қаптаған малы күзде құмға қарай, көктемде ойға, жазыққа қарай көшетін.
Кейіннен, дәстүрлі көші-қон кезінде, түрлі себептермен шетінеген сәбилер осы Ақмола қыз мазарының жанына жерленіп келген.
Ақтөбе мазары (Құлан-бұлан, Ақ күмбез)
Ақтөбе мазары Байзақ ауданы, Абай ауылының солтүстік-батысында 6 шақырым және Мәдімәр ауылынан 15 шақырым қашықтықтағы жазықта орналасқан, ХVІІІ ғ. соңы - ХІХ ғ. басына жататын ескерткіш.
Кесененің шаршы тәрізді аумағы 6,2х6,2 м келетін бір бөлмелі құрылыстан тұрады. Құрылыстың негізгі қабырғасы күйдірілген кесектен қаланған. Төбесі көлемді келген биік барабанды күмбезбен жабылған.
Күмбездің қабырғалары мен төбесінде арабша жазулар, әртүрлі суреттер: байлаудағы жылқылар, ұзатылған қыздың көріністері бар бейнелер болған. 1970 ж. қабырғалары мен күмбезі айтарлықтай бұзылып, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенде суреттер мен жазулар жойылып кеткен.
Ақкүмбез (Құлан-Бұлан) халық арасында әулиелі жер ретінде танылған. Аңыз-әңгімелерде Ақтөбе мазарында Құлан деген өзі төре, өзі би болған адам жерленген (кейбір әңгімелерде мазарда екі ағайынды Құлан және Бұлан деген төрелер жерленген) делінеді.
Бір деректерде, Құлан ХІХ ғ. 30 ж. ұлы жүздің руларын басқарған сұлтан, Қытай билеушілерімен тығыз байланысты болған және жауларының атының үзеңгісіне у жағып жіберуінің салдарынан, Ақтөбе деген жерге келіп қайтыс болғандығы айтылады.
Аспандияр ханның ұрпағы Құлан, халық арасында өзінің әулиелік, діндарлық қасиетімен ел басқарып үлкен беделге ие болған адам. Кейін басына тұрғызылған күмбезге де халық көптеп келіп, мінәжәт ететін орынға, әулиелі, киелі жерге айналады. Бір кездері хан тұқымының ордасы ретінде күмбезді талқандауға барғандар мерт болған. Осыдан кейін оны бұзуға ешкімнің дәті бармай, күмбез аман қалған.
Достарыңызбен бөлісу: |