9.5. Еркек және әйел жыныс мүшелерінің жас ерекшеліктері, дамуы. Еркек жыныс мүшелерінің жас ерекшелігі. Нәрестенің ені ұма ішіне түседі, ұзындығы – 10 мм, салмағы – 0,2 грамм. Ен 13-15 жасқа дейін, яғни жыныстық жетілу кезеңі басталғанша өте баяу дамиды. 14 жаста еннің ұзындығы 20-25 мм-ге, салмағы 2 граммға, 18 жаста ұзындығы 38-40 мм-ге, салмағы 20 граммға жетеді де 60 жастан кейін кішірейе бастайды.
Нәресте еннің сағасы 8-10 жасқа дейін ғана үлкейіп өседі.
Нәрестенің ұрық бауы өте нәзік, бұлшық ет қабаты нашар жетіледі, енді көтеріп тұратын бұлшық ет 5 жастан бастап қалыптаса бастайды. Ұрық бауы 14-15 жастан кейін тезірек дамиды.
Нәрестенің шәует қуығы да нашар болады, ол 13-16 жастан кейін ғана жетіле бастайды. 10 жастан бастап қуықалды безі жетіле түседі. Қуық жоғар орналасқандықтан, нәрестеде үрпі жолының ұзындығы 5-6 см болады. Нәресте ұмасы кішірек болғанмен де терісі қатпарланып тұрады. Жыныстық жетілу кезінде ұма да тез өседі.
Әйел жыныс мүшелерінің жас ерекшелігі. Нәрестенің жыныс безі (жұмыртқалық) – жұмыр пішінді, ал 8-12 жаста жұмыртқа тәрізді болады. Бездің көлемі де біртіндеп өседі; нәрестеде оның ұзындығы – 1,9 см, салмағы – 0,16 г, 7 жаста – 2,5 см, салмағы 3,3 г; жас өспірімде – ұзындығы 5 см, салмағы – 6 г мөлшеріне дейін жетеді. Бездің көлемі 40-50 жастан бастап кішірейеді де 60-70 жастан кейін жойыла бастайды.
Жатыр пішіні нәресте кезінен бастап 3 жасқа дейін – жұмыр, 10-12 жаста сопақша болады да түбі кеңейе бастайды. Жас өспірімдердің жатыры алмұрт пішінді болып, ересектерге ұқсайды.
Нәрестенің жатыр жолдары иректеліп, аналық безге жанасады. Жыныстық жағынан жетілуіне байланысты жолдардың ирегі түзеліп, безге жанасады.
Нәрестенің қынабы – келте, доға тәрізді, тесігі тар. Қынап 10 жасқа дейін өзгермейді де жыныстық жағынан жетілу кезінде тез өсе бастайды.
Жыныс мүшелерінің дамуы Мюллер түтігі мен жыныс бездерінің пайда болуынан басталады.
Дәріс № 10. Ішкі секреция бездері туралы ілім
Жоспары:
10.1. Ішкі секреция бездері туралы ілім
10.2. Ішкі секреция бездері түрлері, құрылысы, қызметі. Маңызы
10.2.1. Гипофиз, эпифиз
10.2.2. Қалқанша без, қалқанша маңы, айырша без
10.2.3. Бүйрекүсті безі, параганглия
10.2.4. Ұйқы және жыныс бездері