Экспортты дамыту мүмкіндіктері Тиімді географиялық орналасу Қазақстанның әлемдік мұхит су жолына шығуға мүмкіндігі болмағанын кейбір ғалымдар экспортты дамытуда өзіндік кедергілері бар десе, ал кейбір ғалымдар Қазақстанның географиялық орналасуы экспортты ілгерілетуге өте тиімді деген пікірді алға тартады. Себебі, Қытай, Ресей, Орталық Азия елдерімен көршілес ретінде және сол елдер арқылы алыс үшінші елге тауар жеткізуге мүмкіндігі жоғары. Сонымен қатар жолға қойылған логистикалық инфрақұрылымның болуы, Қытай мен Еуропаны құрлық жолы арқылы байланыстыратын дәліз ретінде қарастыруға болады.
«Бір белдеу – бір жол» жобасын іске асыру және оның инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасымен ұштасуы көлік-логистикалық орталықтар құруға және Қазақстан аумағын ірі көлік желісіне қосуға мүмкіндік береді, ол Оңтүстік-Шығыс Азия – Еуропа бағыттарындағы бүкіл транзиттік ағынды 20%-ға дейін тасымалдауға мүмкіндік беретін транзиттік әлеуетті арттыруға ықпал етеді.
Орталық Азия елдерімен көршілес болу және Қазақстанның ОА елдері арасында көшбасшы болуы экономикалық даму тұрғысынан Иран, Ауғанстан, Тәжікстанға өңдеу өнеркәсібі тауарлары экспортының өсуіне ықпал ететін болады.
Еуроазиялық экономикалық одақ мүшесі Қазақстан ең алдымен экспортты дамытуда ЕАЭО нарығын пайдалануы маңызды. Бұл елдердің көршілес орналасуы транспорттық шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді және тауарды жеткізу узақтығы жағынан қолайлы. Ортақ келісім бойынша одаққа кіретін барлық елдің нарығына кіруде әкімшілік, кедендік т.б. кедергілерді алып тастаудың мүмкіндігі бар. Бұл одақ экономикалық тұрғыдан қарағанда саяси одаққа ұқсас, бір ғана мемлекеттің ықпалы басым. Дегенмен, Қазақстан бар мүмкіндігін пайдалана отырып өзіне тиімді тұстарып қолданғаны жөн.
Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі Қазақстан ДСҰ-на мүше бола отырып халықаралық стандарттарға сай отандық тауарлардың үлесін арттыруға, ішкі нарыққа инвестицияны ұлғайтуға, отандық өндірушілердің әлемдік нарыққа шығуына, сонымен қатар ұйымға мүше елдер арасында кедендік, салықтық, әкімшілік т.б. кедергілерді төмендету арқылы өз өнімдерін шетелдік нарықта ілгерілете алады. Дегенмен мұндай алып сауда-экономикалық ұйымдар өндірісі мықты елдер үшін мықты платформа. Өз елінде өндірілген тауарларды кедергісіз сыртқы нарыққа шығару құралы. Қазақстан бұл платформада тұтынушы рөлінде емес ұсынушы рөлінде болуы маңызды.