Аға оқытушысы Белғозиева Ұлбосын Бекқұлқызы



Дата20.06.2018
өлшемі71 Kb.
#43958
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің

аға оқытушысы Белғозиева Ұлбосын Бекқұлқызы
Халық композиторларының мұралары арқылы оқушыларға эстетикалық тәрбие берудің теориялық негіздері
Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасында «эстетикалық тәрбие рухани – адамгершілік құндылықтарды әсемдік арқылы, көркем мәдениет арқылы, халықтар мен дәуірдің әлемдік көркем құндылықтары арқылы, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарын зерделеу арқылы қалыптастыруды көздейді. Адам бойында қазіргі кезең дамуының маңызды міндеттері болып саналатын өнер құралдары арқылы анағұрлым жоғары сана-сезім, тұжырымдамалы ойлауға қабілет, әлемді тұтас бағамдай білетін, өзінің дербес шығармашылық қызметімен әлемдік құндылықтар туралы танымын толық іске асыратын, ұжымда жұмыс істеуге бейімді, мәдениет әлемінде және адамдармен қарым-қатынаста қалыптастыру» – деп атап көрсетеді[1].

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық дүниежүзілік құндылықтарды қабылдауға қабілетті, рухани адамгершілігі, биік талғам мүмкіндігі мол тұлғаны қалыптастыру болып табылады» – деп және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практиканың жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру және дамыту үшін қажетті жағдайлар жасау, жаңа жағдайларға сай қоғамдық өмірдің барлық саласында ұлттық және атап көрсетілген [1].

Сондықтан жеке тұлғаның рухани жан-жақты дамуының қайнар көзі білім мен ғылымды қоғам талабына сай дамыта отырып, жас ұрпақ бойында имандылық, адамгершілік қасиеттерді, көркемдікті, әсемдікті, эстетикалық талғампаздықты қалыптастыру басты міндет болып есептелінеді.

«Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту» тұжырымдамасы білім берудің мақсат-міндеттері мен мазмұны ізгіліктік, рухани-адамгершілік пен демократиялық идеяларға негізделген мемлекетіміздің білім беру саясатын айқындайды [3].

Қазақстан Республикасында бекітілген тәрбие жұмысының кешенді бағдарламасы (ҚР БжҒМ, 2000ж, 7-ші шілде) осы заманғы тәрбиенің басым бағыттарын, атап айтқанда, Қазақстандық патриотизм мен азаматтық, зерде-таным мәдениеті, саяси-құқықтық мәдениет, рухани-адамгершілік мәдениет, салауатты өмір салты, экономикалық мәдениет және кәсіптік бағдар беру, экологиялық мәдениет, талғам мәдениеті, отбасылық өмір мәдениеті және гендер мәселесі нақты көрсетеді [4].

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің тәлім-тәрбие беру туралы тұжырымдамасында оқушыларды ұлттық өнердің ішкі мазмұнымен, жетістіктерімен таныстыру, оқушылардың шығармашылық жұмыстарынан көрме ұйымдастыруды дәстүрге айналдыру мәселелері көзделген. Аталған идеяларды жүзеге асыру жалпы білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие үрдісіне жаңа талаптар қою, оған құрылымдық, мазмұндық тұрғыдан өзгерістер енгізу арқылы мүмкін болатыны белгілі.

Бүгінгі таңда жас ұрпақтың рухани-эстетикалық дамуын қамтамасыз ету негізінен, көркем өнер түрлері, яғни әдебиет, музыка, бейнелеу, еңбекке баулу, т.б. арқылы білім мен тәрбие беру жүйесінде жүзеге асырылады.

Әр халықтың ұлттық мәдениеті ертеден келе жатқан өзіне тән өнері, әдеп-ғұрпы, салт-дәстүрлері негізінде жетілетіні белгілі. Олай болса, ғасырлар сынынан еленіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан халықтың дәстүрлі көркем мәдениетінің түрлерін жинақтап зерделеудің, оның тәлім-тәрбиелік мол тәжірибесі негізінде жастарды тәрбиелеудің қажеттілігі мол.

Осындай қажетіліктің бірі – қазақтың дәстүрлі көркем мәдениетінің тәрбиелік мүмкіндіктерін жас ұрпақтың эстетикалық тәрбиесінде еңбекке баулу сабақтарында тиімді пайдалана білу болып табылады. Бұл мәселенің нәтижелі жүзеге асырылуы болашақ бастауыш мұғалімдерінен қазақтың дәстүрлі көркем мәдениеті бойынша білім сапасын және оны оқушыларға эстетикалық тәрбие беру процесінде пайдалана білу іскерілігі мен дағдыларын талап етіледі.

Халықтың көркем шығармашылықта және қазақтардың эстетикалық құнды материалдарында үлкен тарихи шындық бар. Халықтың бай тарихын, мәдени құбылыстарының сан қилы ерекшеліктерін білмей, бүгінгі тәрбие жүйесін қалыптастыру мүмкін емес. Бүгінгі білім жүйесіндегі өнердің басты мақсаты – ол адам баласының барлық іс-әрекетіндегі сергек сезімталдықты, әдемілік пен әсемдікті, мәдениетке тәрбиелеу.

Бастауыш мектепте оқушыларға эстетикалық тәрбие берудің педагогикалық негіздерін айқындау «эстетика», «эстетикалық сана», «эстетикалық сезім», «эстетикалық тәрбие», «эстетикалық мәдениет», «эстетикалық ләззат», «эстетикалық мұрат», «сұлулық», «әсемдік, әдемілік», «көркемдік», т.б. ұғымдарын қарастырумен тығыз байланысты. Бұл ұғымдардың мәні мен мазмұнын логикалық тұрғыдан талдау арқылы мәнін ашуда алдымен ғылыми әдебиеттерде, сөздіктерде берілген анықтамаларға назар аудардық.

Эстетикалық тәрбиенің негізін қалаған неміс ғалымы Гегель «Эстетика» атты еңбегінде дарындылық пен эстетикалық мәдениет жайлы құнды пікірлер айтты. Шындық пен өнер, табиғат туралы теориялық ұғымдарды жинақтау мен қорытындылау, оның адам дамуына әсерін анықтау XVIII ғасырда эстетиканың жеке ғылым саласы ретінде бөлініп шығуына әкелді. Еуропадағы бұл өзгеріс өнердің табиғатын терең ашуға, адамның эстетикалық мәдениетінің ерекшеліктерін ашып көрсетуге ықпал етті.

Гегельдің болмыс пен ойлаудың тепе-теңдігі жөніндегі негіздемесіне қарсы шыққан неміс философы Артур Шопенгауер адам екі сатыдан өтетіндігін дәлелдеген. Алғашқысы эстетикалық аңлау, соңғысы моральдық жолмен жетілу. [8,12б]. Осы пікірдің біздің зерттеу жұмысымызға байланысты маңызы зор. Ғұламаның нақыл сөздері тәрбие үрдісінде баланы жақсылыққа баулу, әсемдік ұғымының пайдақорлықтан жат екендігін айқындай түседі. Ол өнерде ешқандай өзімшілдік сезім, пайдақорлық ойлар, мүдделер болмау керек, оның негізгі мақсаты адамды өзімшілдіктен шығатын зардаптан құтқарып, тыныштыққа бөлеу екендігін тұжырымдаған.

Батыстың белгілі философы И.Кант «Прекрасное есть символ нравственного, бодрого и только принимая это во внимание, оно нравится» деген [9, 135 б]. Философ бұл жерде адамгершілік тәрбие адамның әсем, сұлу тыныс-тіршілігімен байланыстылығын айтады. Демек, этика мен эстетика бір-бірінсіз өмір сүре алмайтынын көрсетеді.

Тұңғыш рет «эстетика» ұғымын ғылыми термин ретінде неміс философы А.Баумгартен 1750 жылы осы аттас кітабында қолданған болатын. «Эстетика» гректің «эстезис» сөзінен алынған, ол «сезімдік, сезіммен қабылдайтын дарындылық» деген ұғымды білдіреді. Жалпы эстетика жайлы неміс, ағылшын, француз, орыс тілдерінде жазылған көптеген еңбектер бар.

Әсемдікті тану табиғатта, қоғамда адамның іс-әрекетінің қай түрінде болсын, оның қарым-қатынасында, әсіресе, өнерде заттардың және құбылыстардың даму заңдылықтары жөніндегі философиялық ғылым болып табылады.

Педагогикадан қазақша түсіндірме терминологиялық сөздікте «эстетика» (aisthetikos – сезгіштік, сезімдік) – өнердің және көркем шығарманың даму заңдарын, идеялық мазмұны мен көркемдік пішіндерін, әлеуметтік рөлін зерттейтін ілім; сондай-ақ өнерге көзқарас жүйесі; адам мен әлемнің арасындағы құндылық қарым-қатынастың ерекше көрінуі ретінде эстетикалық, салалық зерттейтін фәлсафалық ғылым және адамдардың көркем іс-әрекеті [5].

Ерекше тәртіп ретінде Э. терминін логиканы толықтыратын, танымның төменгі теориясын «сезімдік білім ғылымын» белгілеу үшін қолданған А.Баумгартен болды. И.Кант Э. «жалпы сезімдік ереже» жөніндегі ғылым деді. Сонымен қатар XIX ғ. басында Э. неміс классикалық эстетикасында Г.В.Гегельде бекітілген өнер фәлсафасы ретіндегі түсінігін дамытты. Ежелгі дүниенің, ортағасырлық және айтарлықтай деңгейде жаңа уақыттың фәлсафалық-эстетикалық сана мәселесі әдемілік мәселесі болып табылады» анықталған.



Эстетикалық тәрбиенің әдіснамалық негізі – диалектикалық-материалистік көзқарас. Ол өмір мен өнердегі эстетиканың мәнін ашады, адамның ортаны эстетикалық тұрғыдан меңгеруіне қажетті деген негізгі принциптерін зерттейді, көркем шығармашылық заңдарын тексереді. Эстетика тек заттардың өзіне және шындық құбылыстарына тән, ол біздің түсінігімізге де, қоршаған ортаға деген қатынасымызға да байланысты емес. Ортаны эстетикалық тұрғыда меңгерудің субъективті жағы болып эстетикалық сенім, талғам, баға, әсерленушілік ой-сана алға шығады. Ол эстетикалық мұратқа жетелейді.

Эстетикалық мәдениет – адамның өнер мен өнердің барлық саласындағы эстетикалық құндылықтарды анықтау қабілеті, ең алдымен сұлулықты жамандықтан ажырату. Эстетикалық мәдениет адамдардың тумысынан пайда болатын емес, эстетикалық тәрбиемен қалыптасатын қабілет.



Эстетикалық ләззат – табиғат, қоғам өмірі мен өнер сұлулығын қабылдау нәтижесінде немесе іс-әрекет үстінде адамның рухани дүниесінің тебіреніп, жан рахатына батуы. Эстетикалық ләззат алу үшін әрбір адам сұлулықты ажырата білуі шарт, оларды көруге, естуге құштар болып, оны өз қолынан жасауға тырысуы қажет. Мұндай қабілет еңбек пен қоғамдық қайраткерлікке, әдемілікке талпыну салдарынан қалыптасады. Эстетикалық ләззат алу өмірлік жағдайға сәйкес іске асады, адамның жан-жақты үйлесімді дамуына байланысты. Арнайы эстетикалық ләззат тудыратын құбылысқа өнер жатады.

Эстетикалық мұрат (идеал) – эстетикалық кемелдіктің (өмірдегі, өнердегі) биік деңгейі туралы және оған жету жолы туралы нақты сенімді түсінік. Эстетикалық мұраты жүзеге асыру үшін алдын ала қажет нәрсе - өмірдің барлық саласында қоғамдағы адамның ерікті болуы. Адамның айнала дүниеге эмоциялық нақты сезімдік қатынасымен тығыз байланысты болғандықтан, эстетикалық мұрат сенім формасына бөленеді.

Эстетикалық сезім – объективтік шындықты бейнелегенде оның сұлулығын, әдемілігін, сәнділігін қабылдауда туатын көңіл күйі. Эстетикалық сезім табиғаттың көрінісін, күнделікті өмірдегі оқиғаларды, өнердің алуан салаларын адам өзі бейнелегенде пайда болады. Адамның эстетикалық сезімі жетілген адам еңбектің алуан саласындағы нәзіктік пен әдемілікті, айналадағы табиғат сұлулығын қабылдап сүйсінеді, оны қабылдаудан ләззат алады.

Осы орайда ғылыми еңбектерін эстетикалық тәрбие, жалпы эстетикалық мәдениет саласына арнаған ғалымдар Н.Кипященко мен Н.Лейзеров «Эстетикалық тәрбие – сұлулық пен эстетикалық даму заңдылықтарына сай сұлулық пен әсемдікті бағалай білу қабілетін жетілдіруге бағытталған мақсатты жүйе» деп анықтама береді [6].

Қазақ зиялыларының бірі М.Жұмабаев өзінің «Педагогика» еңбегінде «Әр адамның сұлулық сезімдері әр түрлі нәрседен оянымпаз болады. Біреудікі – музыкадан, біреудікі – сұлу суреттен, ал біреудікі – поэзиядан. Искусствоның әйтеуір бір түрінен ләззат алмайтын, біреуіне құмар болмайтын адам болмайды, ал тәрбиенің міндеті – балада искусствоның қандай түріне ынта бар екенін тауып, сол ынтасын, қызығушылығын, сол түр туғызатын сұлулық сезімдерін оятып, өркендету» деп эстетикалық тәрбиенің бала дамуындағы маңызына ерекше тоқталған [7].

Эстетикалық қызығушылық – адамның әдебиет, өнер, кино, музыка салаларында қоршаған орта, табиғатқа көңіл аударуы, оны сезім арқылы бағалап, қанаттанып, толғанысқа ұшырауы. «Қызығушылық» латын тілінен аударғанда «маңызды мәні бар» деген мағынаны білдіреді. Ол ұғым педагогика мен психология саласында алғаш рет XVII ғасырдан бастап ене бастады да, кейіннен XIX ғасырдың ғалымдары оны «психологиялық ерекше құбылыс» ретінде қарап зерттеуге кірісті.

Дүниенің әсемдігін сезіну, әдемілікті, сұлулықты сезіне білу оқушылардың бойында өнерге және шындыққа деген әсемдік көзқарас тұрғысында қарауды қалыптастыру болып табылады, мұндағы мақсат – оқушы тұлғасының әсемдікті тануы мен білім алуын дамыту, рухани құндылықтарға, көркем шығармалық іс-әрекеттерге қатыстыру. Бұл бастауыш мектептердегі ана тілі, көркемсурет, музыка, театрланған өнер, еңбекке баулу сабақтар жүйесінде алуан әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы жүзеге асырылады. Бүгінде әрбір пәннің, соның ішінде әрбір сабақтың мақсаты оқушыларға тек белгілі бір білімдердің жүйесін меңгертуді көздемей, олардың сезімдерін, эмоцияларын оятып, сабақтар барысында жүйелі әсер етуді міндеттейді. Себебі, оқушылардың оқуға, білімге қызығуы, тұрақты қарым-қатынасы алғашқы кезеңде сезімді оятудан басталса керек.

Сезім адамның моральдық және адамгершілік бейнесіне асыл қасиет беріп тұрады, сондықтан да бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық сұлу сезімдерін, мәдениетін, талғамы мен қызығуын қалыптастыруды еңбекке баулу сабақтары арқылы әрдайым дамытып отырудың қажеттілігі осында.

Мектептердегі оқу пәндерін бір-бірімен байланыстыра отырып оқыту шәкірттің тиянақты білім алуына жол ашады және олардың білім алу жолындағы жан-жақтылығы мен саналығы артып, дүниетанымы кеңейе түседі.

Сонымен қатар эстетикалық-рухани тәрбиенің ішінде өнерге үлкен зейін аударып, оны қоғам дамуымен тығыз байланыста қарастырады. Баланың сана-сезімінің қалыптасуындағы негізгі құралдардың бірі - өнер. Өнерге түрлі ұлттық бұйымдар, әсем заттар, ән-күй, сымбатты киімдер, т.б. жатады. Ән мен күй, өлең мен музыка, сурет пен бейнелеу – қазақ халқының өмірі мен тұрмысында ерте заманнан келе жатқан берік орын алып, олардың сенімді де айнымас серігіне айналған дүниелер. Өнердің мақсаты – адамдардың көңіл-күйіне әсер етіп, оларға рухани қорек беру, эстетикалық ғажайып рахат шәрбатынан сусындатып, жағымды, этикалық қасиеттердің қалыптасуына жағдай жасау. Әсіресе, ұлттық өнердің қасиетін бастауыш сынып оқушыларына, керек болса балабақшадағы балалардың бойына қалыптастырғанымыз жөн. Себебі, ұлттық белгі осы ұлттық эстетика арқылы айқындалады.

Қазақ халқы өнердің қай түрі болсын жоғары бағалап, оларды қадірлей білуге балаларды жастайынан баулып, қызықтырып отырғандығын тарих бүгінгі ұрпаққа жеткізіп отыр. Осының дәлелі іспеттес сол өнерге байланысты көптеген мақал-мәтелдер де баршылық: «Өнерді үйрен де жирен», «Жігітке жеті өнер де аз», «Өнерлі өрге жүзер», «Шебердің қолы ортақ», т.б. Фольклордың, ұлттық өнеріміздің, мәдениетіміз бен дәстүріміздің алдыңғы қатарлы тамаша үлгілерін сан ғасырлық тарихы бар бабаларымыздың бізге мұра етіп қалдырған рухани мол дүниелерін, тіліміздің зор байлығын оқушыларымыздың жан дүниесіне сіңіру, сол арқылы әсемдік руханиятқа, өркениеттің өріне шығып, одан нәр алу – бүгінгі күн талаптарының ең маңыздысының бірі.

Қазақстанның XXI ғасырдағы басты даму жолын белгілеп берген Елбасының «Қазақстан-2030» стратегиялық жоспарында халықтың рухани жаңаруына ерекше маңыз берілген. Сондықтан жан-жақты жетілген, дүниесі бай, белгілі дәрежеде ғылыми білім жүйесін игерген және оны бағалай, талдай алатын, өзге халықтардың тарихын, мәдениетін, тілін меңгерген, өздігінен денсаулығын нығайтуға, адамгершілік қасиеттерін, эстетикалық мәдениетін дамытуға ынтызар, өмірдің әрқилы кезеңдерінде дербес еңбек етуге даяр ұрпақты тәрбиелеу –ең басты өзекті мәселе. Ол біріншіден, білім мазмұны арқылы іске асса, екіншіден, тәлім-тәрбие мазмұны арқылы бойға сіңеді.



Пайдаланған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы. ҚР Білім және ғылым Министрінің 2009 жылғы 16 қарашадағы № 521 бұйрығымен бекітіген.

2. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2030» стратегиясы. –Алматы, 1997.

3. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы //Қазақстан мұғалімі, 20 қаңтар, 2004, -3-4 беттер.

4. Тәрбие жұмысының кешенді бағдарламасы // ҚР БжҒМ, 2000ж, 7 шілде.

5. Педагогика. Қазақша түсіндірме терминологиялық сөздік // Ғыл. жетекшілік жасаған және жалпы ред. Басқарған проф. Ш.Қ.Беркімбаева, проф. А.Қ.Құсайынов. – Алматы, 2007. – 248бет.

6. Смирнов С.А. Технология как средств обучения второго поколения. – Москва, 2005.

7. Жұмабаев М. Педагогика. А.: Ана тілі, 1992. -256б.


Резюме.

В статье рассматриваются теоретические аспекты эстетического воспитания учащихся школ.


Summary.

The article considers the theoretical aspects of schoolchilds' aesthetic educations.



Тақырыбы: Халық композиторларының мұралары арқылы оқушыларға эстетикалық тәрбие берудің теориялық негіздері.

Тема: Теоретические основы эстетического воспитания учащихся с помощью наследия народных композиторов.

Theme: Theoretical foundations of aesthetic education of the students via the heritage of folk composers.
Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университеті

Казахский Национальный Женский Педагогический Университет



Kazakh State Women’s Teacher Training University
Түйін. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тәлім-тәрбие беру туралы тұжырымдамасында оқушыларды ұлттық өнердің ішкі мазмұнымен, жетістіктерімен таныстыру, оқушылардың шығармашылық жұмыстарымен көрме ұйымдастыруда дәстүрге айналдыру көзделген. Аталған идеяларды жүзеге асыруда Халық композиторларының шығармашылығы да үлкен орын алады. Қазақ халқы өнердің қай түрі болсын жоғары бағалап, оларды қадірлей білуге балаларды жастайынан баулып, қызықтырып отырғандығы тарихи шындық. Мақалада халық композиторларының мұралары арқылы оқушыларға эстетикалық тәрбие берудің теориялық негіздерін жан-жақты қарастырады.

Тірек сөздер: эстетика, композитор, оқушы, шығармашылық, мұра.
Аннотация. В концепции о воспитании Министерства науки и образования Республики Казахстан ознакомление учащихся с внутренним содержанием национального искусства, ее достижениями нацелен войти в обычаи организации выставки творческих работ учащихся. В осуществлении данной идеи творчество Народных композиторов играет огромную роль. Высокое оценивание любого вида искусства казахов, прививать навыки их почтения и интерес детям с ранних лет является исторической правдой. В данной статье подробно рассматривается теоретические основы эстетического воспитания учеников с помощью наследия народных композиторов.

Ключевые слова: эстетика, композитор, учащиеся, творчество, наследие.
Abstract. In the concept of education of the Ministry of Education and Science of the Republic of Kazakhstan familiarization of students with the inner contents of the national art, its achievements aims to enter the customs in organization of the exhibition of creative works of students. In the implementation of this idea the works of composers play a huge role. High evaluation of any kind of art of the Kazakhs, teaching to respect them and interest children from an early age is the historical truth. This article studies the theoretical foundations of aesthetic education of students via the heritage of folk composers.

Keywords: aesthetics, composer, student, creation, heritage.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет