Байланысты: Білім беру жүйесіндегі кеңестік үкімет реформаларының қарама-қайшылықтары қазақ тілінің араб таңбасынан кириллицаға ауысуы және А. Байтұрсынов бастаған топ реформаларына қарсылық көрсетуі2
Енді, екі харіптің оқу процесін жеңілдетуге ықпалын салыстырып көрейік. Сауатты адам әр әріпті жеке-жеке емес, сөздерді бірден оқиды. Латын жүйесінің негізгі элементтері – әр түрлі үйлесімдегі тік таяқша мен доға. Латын жүйесі бойынша баспа жолы екі параллельді сызықтардың ортасында орналасады. Неміс профессоры Мейман тәжірибелік педагогика зерттеулерін жүргізу барысында ерекше белгілері бар немесе қосымша таңбалары бар әріптері тез оқылатындығын және сөзге үлкен сипаттылық беретінін дәлелдеді. Араб әріптерінде параллельді сызық жоқ. Нүктелер мен қисық сызықтар жеке сөзге үлкен сипат беріп оның оқылуын тездетеді. Араб жүйесі латын алфавитіне қарағанда тез оқылады. Араб жүйесіндегі баспа және қолжазба әріптер бірдей. Латын әрпінде бас әріптердің болуы шрифт реестрінің көлемін үлкейту секілді баспа ісінде қиындықтар туғызады. Латын әріптерін жазғанда сағат бағытына қарсы қимыл жасалады. Блонский адамның қолы немесе саусағын сағат бағытында қозғауға әсер ететін ұсақ бұлшықеттердің жақсы дамығандығын айтады. Сонымен қатар, арб әрпін жазғанда латындыкіндей үлкен шеңберлер емес, ұсақ қимылдар жасалады. Нәтижесінде араб әріптері әлдеқайда тез жазылады. Араб алфавиті барлық нүктелерін қосқанның өзінде латын әрпімен салыстырғанда 25-30 % аз қозғалыс импульсін береді [8; 34 б.]. Жоғарыдағыдай ғылыми нақты дәлелдерді келтіре отырып, А. Байтұрсынұлы бастаған зиялылар араб әліпбиінің маңыздылығын, және латыншылардың келтірген барлық аргументтеріне дәйекті жауаптар айта білді. Әрине тіл білімінің маманы Ахмет Байтұрсынұлының баяндамасының құнды болатыны сөзсіз еді.
Құжат соңында, баяндаманың қорытындысы да берілген:
Араб жазуы оқу және жазу үрдісіне тиімді.
Латын әрпіне қарағанда объективті сапасына байланысты сауат ашу ісінде қоғамдық маңызы зор.
Типографиялық техника және баспа өнімінің құны жағынан араб шрифінің венециялық формасы латын шрифінен тиімсіз болғанымен, реформаланған түрі әлдеқайда тиімді.
Жазба және терме машиналарына бейімді.
Алфавиттің әріп құрамы қазақ тілінің тәжірибелік орфографиясының қажеттіліктерін толық қанағаттандырады [8; 36 б.].
Сонымен, А. Байтұрсынұлы бастаған алаш зиялыларының араб жазуын жақтаудағы негізгі дәлелдері – бұл алфавиттің 12-13 жыл бойы қолданылып, орнығып қалғандығы, қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып, өзгертіліп, қазақ мәдениеті мұқтаждығын толық өтеп отырғандығы және оның дыбыс әдісімен оқыту ісіне айтарлықтай қолайлы болып шыққандығы. Сондай-ақ, А. Байтұрсынұлы бұл алфавиттің полиграфиялық мүмкіндіктері мен экономикалық тиімділік жақтарын да баса көрсетеді, жаңажаңа сауаттанып келе жатқан халқымыздың қайтадан сауатсыз болып қалатындығына, араб графикасымен жазылған дүниелерімізден қағажу қалып, тарихи санамыздың күңгірттенетініне де көңіл аудартады.