КӨЗДІҢ ЖӘНЕ КӨЗ ҚОСЫМШАЛАРЫНЫҢ ФИЗИОЛОГИЯСЫ Көздің көруі оның физиологиялық қасиеті. Көру актісі жарықтың көздің торлы қабығына өтіп, родопсин мен иодопсинді ыдыратуынан басталады. Осыдан пайда болған тітіркенулер жүйке торшалары арқылы көздің көру жүйкесіне беріледі. Одан әрі көру жүйкесі тітіркенуді мидың көру орталықтарына жеткізеді де мида көру сезімі пайда болады. Көз жарықтың тітіркендіруіне қалыптасып, оның шамасына қарай қозуы жоғарылап немесе төмендеп отырады. Осыған байланысты көз өте жарықтада, әлсіз жарықта да көре алады. Мұны көздің жарыққа бейімделуі – адаптациясы дейді. Зерттеулерге қарағанда өте жарықта (күндіз) торлы қабықтың сауытша тәрізді жүйке торшалары жұмыс істесе, әлсіз жарықта (кешкілік уақытта) таяқша тәрізді жүйке торшалары жұмыс істейді. Олар өзара байланыста бола отырып, бірінің қызметін бірі толықтырады. Олардың бұл жұмысын мидың көру орталығы реттеп отырады. Жануарлардың түсті ажыратуы әлі толық зерттеліп болмаған. К.Р. Викторова жүргізген зерттеулерінде құстардың күлгін жарықта қараңғыдағыдай көрмейтінін анықтаған. С. М. Павленко жылқы қызыл, сары, жасыл және күлгін түстерді ажырататынын дәлелдеген.
Көздің анатомиялық құрлымы фотокамера тәрізді. Көздің жарықты сындыру орталары – оның обьективі. Оған көздің қасаң қабығы, көз камералары, бұршақ дене, шыны тәрізді дене жатады. Олар жарық сәулелерін сындырып, бір нүктеге – фокусқа жинайды. Ол бұзылса көз қоршаған ортаны дұрыс көрмейді. Көздің оптикалық жүйесінің тыныштықта паралелл жарық сәулелерін сындырып, бір нүктеге жинайтын анатомиялық мүмкіндігін рефракция дейді. Ол жарық сәулесінің тығыздығы әртүрлі орталардан өтуінің нәтижесі болып табылады. Рефракция қалыпты болса оны эмметропиялық, ал қалыптан ауытқыса – аметропиялық рефракция дейді.