Эффектілі оқыту стратегиялары 1.1 Тіл үйрену және әдістеме ғылымына экскурс Тіл – қоғамдық құбылыстың бір формасы. Тіл – ең алдымен қоғам мүшелерінің өзара пікір алмасуына, қарым-қатынас жасауына қажетті құрал. Осыған орай, ол негізінен өзінің коммуникативтік қызметін атқарады. Бірақ тілдің қоғамдық қызметі тек мұнымен шектелмейді. Тіл - құрамдық жағынан үнемі жаңарып, толысып отырады да халықпен, оның өмірімен бірге өзгеріске ұшырайды.
Тіл қоғамдағы маңызды қатынас құралы болғандықтан, ол, ең алдымен, ойлаумен және санамен қоғамдық өмірде нақтылы бір қызметтер (коммуникативтік қызмет) атқару арқылы тиянақты мәнге ие болады. Сондықтан тіл ойды жарыққа шығарып, қажеттілікке жұмсау арқылы оймен тікелей байланысты. Сол арқылы тіл – обьективті шындық туралы адамның санасын жүйеге келтіріп, ұйымдастырады. Осы тұрғыдан тіл табиғи шындықты үйренудің, бейнелеудің және абстракт түрде ойлаудың негізгі тетігі болып табылады. Ойды білудің ең кіші тілдік бірлігі - сөйлем, одан кішісі – сөз тіркестері, одан кейінгі - сөз тиянақты ойды білдіре алмайды.
Тіл – қауымның әрбір мүшесіне тікелей байланысты обьективті құбылыс, обьективті шындық. Әрбір қауым мүшесі оны қарым-қатынас жасау, бір-біріне әсер ету құралы деп есептейді. Тіл - өмірдің сәулесі, қоғамдық құбылыстардың айнасы сияқты. Қоғамда болып жатқан өзгеріс, жаңалықтардың бәрі әуелі тілден орын тебеді де, содан соң халық мұрасына айналады. Тіл – ұлт ерекшеліктерінің бірі, ұлт мәдениетінің бір формасы. Сондықтан онда әрбір халықтың, ұлттың ұлттық сана-сезімінің, ойлау тәсілінің, мінез-құлқының нысаналары сақталады. Тіл жүйелілікті сүйеді, жүйесіз тіл болмайды. Сөйлеу тілі мен жазба тіл – жалпы тілдің өмір сүру формалары. Сөйлеу тілі мен жазбаша тіл өте тығыз байланысты. Сөйлеу тілі адамның естуі арқылы қабылдануына бағытталады. Сөйлеу тілі екі не бірнеше адам арасындағы қарым-қатынасты қамтамасыз етеді. Ол сабақта монолог айту, диалог құру, келіссөз жүргізу түрінде жүзеге асады. Жазбаша тілде басты орын алатын сөздік диктант, мазмұндама, шығарма, шарт жасауда басты роль атқарады. Сабақ – оқу әдісін ұйымдастырудың негізгі түрі. Қазіргі өмір талабы – оқу және тәрбие процесін түбегейлі өзгерту. Еліміздің тарихында болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, білім беру саласындағы жаңа бағыттар ағылшын тілін оқытуды үнемі жетілдіруді, оқытудың ғылыми және әдістемелік деңгейін көтеру міндеттерін жүзеге асыруды талап етуде. Осыған орай, ағылшын тілін тілдің үш тұғырының бірі ретінде қызмет етуінің алғышарты – оның қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қолданылуы болып табылады. Жер шарын мекендеген мыңдаған ұлттар мен ұлыстардың бір-бірін түсінуіне – халықаралық сипат алған ағылшын тілінің ролі зор.
Ағылшын тiлi сабақтарының басты мақсаты - шәкiрттерге өз елiнде басқа пәндерден, күнделiктi өзiн қоршаған ортада, қоғамнан алған бiлiм, бiлiк дағдыларына қоса басқа елдердiң тыныс-тiршiлiгiнен хабардар болып, мағлұматтар алып, жеке бас тәжірибесiн жетiлдiре түсуге көмектесу. Ағылшын тiлiн үйрену арқылы оқушылар бiлiм дегейiн көтерiп, өз халқы мен басқа халықтар арасындағы ұқсастықтар мен ерекшелiктердi ажыратуға дағдыланады. Сөйтіп, өз пiкiрi қалыптасады, түрлi елдер мәдениетiн үйренедi. Ағылшын тiлiн үйрену баланың өз бетiнше бiлiм алуына, интермәдениет коммуникациясын бойына сiңiруіне септiгiн тигiзедi.
Осы шет тілдерін оқыту әдістемесінің зерттеулеріне сүйенсек, өткен ғасырдың соңғы 30 жылында жеткен жетістіктері мынадай:
Шетел тілдерін оқу процесін сипаттайтын әдістемлік білімнің категориялары анықталып, әдістемелік түсініктердің жүйелік құрылымы пайда болды.
Даму заңдылықтары бұрынғыдай пәлсапаның жаңа зерттеулерімен, лингвистикамен, психологиямен, психолингвистика және жалпы дидактикамен байланысып жатқан шет тілін оқытудың теориялық және практикалық әдістемелер негіздерін түзу жобасы ұсынылды.
Көптеген әдістемелік зерттеулердің арқасында оқу жүйесінде әр түрлі жас ерекшеліктеріне қарай шет тілін үйренуде бір-бірімен тығыз байланысты сөйлесім әрекеттерінің негізгі түрлерін: тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым әрекеттерін сабақ барысында комплексті түрде пайдаланудың тиімді жолдары анықталды.
Шет тілін оқуда үйренуші тіл және сол тіл елінің мәдениетін зерттеуде айтулы нәтижелерге қол жеткізді. Дегенмен, тіл және мәдениет арасынағы қарым-қатынас мәселесі шет тілін үйренудегі белгілі ережелер ретінде әлі күнге дейін толыққанды ашылмай отыр.
Шет тілін үйрену процесінде коммуникативті бағыттағы негіз ұсынылды. Ол дегеніміз - шет тілін үйренуші тұлғаның тілге деген құштарлығы, белсенділік әрекеті, өз бетінше жұмыс істей алу еркі. Осы әрекеттердің барлығы үйренушінің бойынан табылып жатса, онда ол шет тілін үйрену үрдісін жеңілдетер еді.
Шет тілін оқыту процесінде аудио-видео және электронды техникалық аппараттарды пайдаланудың тиімді жақтары көрсетілді.
Шет тілін оқытуда, оқытылып жатқан тілде сөйлеу проблемалары көтеріліп, сабақ барысында сөйлеу ортасын туғызу арқылы коммукативтік жаттығулар орындау, коммукативтік компетенцияларды дамыту енгізілді.
Шет тілін оқытуда білімді стандарттау, реттеу әдістемесі ғылымның актуалды проблемасы ретінде қарастырылып, сараптау, яғни, тестілеу арқылы шет тілін үйренушінің нәтижелері қадағаланып, олардың оқу сатылары анықталып отыратын болды.
Шешімін тапқан осы проблемаларға тереңірек үңілсек, олар әлі де болса зерттеулер мен толықтыруларды қажет ететіні байқалады.