1.3 Ағылшын тілін оқытудың қазіргі замандық әдістемесі
Оқыту процесі, әсіресе, тіл үйрету өте күрделі де қиын жұмыс. Ол ақпараттарды жүйелеу мен қабылдаудан, таным мен түсініктен, бақылау мен анықтаудан, өңдеу мен салыстырудан, есте сақтау мен ізденуден тағы басқалардан тұрады.
Оқыту процесі жыл сайын толығып, жаңарып отыратындықтан, қазіргі тіл үйренушіге қойылатын талап та, жауапкершілік те арта түседі. Соңғы кездері оқушылардың мүмкіндіктерін ашып, белсенділігін арттырып, қызығушылығын оятуға арналған жаңа әдіс-тәсілдер қалыптаса бастады. Ол тәсілдер тіл үйренушінің дербес танымдық белсенділігін арттыратын жаңаша оқыту әдістемесі.
Жаңаша оқыту әдістемесі дегеніміз – тілді жаңа озық технологиялармен оқыту деген сөз. Ал бұл озық технология бұрыннан келе жатқан әдістерді өңдеу, жөндеу, талдау арқылы жетілдіру, жаңа жолдарды іздестіру, сол бағытпен жұмыс істеу дегенді білдіреді. Жаңаша оқытудың көздейтін мақсаты – оқыту процесін үйрету емес, тіл үйренушіге ерік беру, таңдау жасату, оған бағыт-бағдар беру, бақылау арқылы оның қабілеті мен мүмкіндігін ашу. Сондай әдістеменің бірі - белсенділікті арттырып оқыту. Бұл әдістемеге рольдік ойындар, өрнектеу (моделирование), диаграмма арқылы тіл үйрету, іскерлік ойындар т.б. жатады. Бұл әдістемені пайдалану кезінде жаңа техника құралдары: аудио-бейне құралдар, әр түрлі көрнекі құралдар, компьютер, лайдпро, кодоскоптар қолданылып, үйренушінің тіл үйренуге қызығушылығын арттырады. Ақпараттар жиынтығын жақсы қабылдайды, белсенділігі жоғарылайды, өз бетінше естігенін, көргенін, байқағанын, бойға сіңіргенін ойда қорытады.
Рольдік ойындарды ойнаған кезде үйренушінің барлық қабілеті оның іс-әрекеті негізінде беріледі. Оның ойлауы мен іс-әрекеті қатар жүреді. Тіл үйренуші өткен материалдарды қайталау арқылы лексикалық та, грамматикалық та дағды қалыптастырады.
Жаңаша оқыту әдістемелерін оқытушы өз мүмкіндігінше бұрыннан бар дағды, әдістерді басшылыққа ала отырып, оны түрлендіріп, жандандырып тәжірибеде қолданады. Бұдан ұтатынымыз – тіл үйренушінің танымдық қабілетін дамытуға, әрбір тілдік материалға, қиындықтарға даяр болу мен оны жеңе білу, қарым-қатынас жасай білуіне ықпал етеміз.
Компьютерлік технология – оқытудың арнайы жиынтығы мен әдістемесін, әдісін және тәрбие құралдарын анықтайтын технологиялық-педагогикалық процессті ұйымдастырудың ең тиімді жолы.
Соңғы жылдары ағылшын тілін оқыту мен білім беруді компьютерлендіруде ақпараттық технологияларды пайдалануға баса назар аударылуда. Қазіргі ақпараттық құралдар – бұл тек спутниктік және кабельдік телевидение, бейне және дыбыстық жүйелер, электронды ойындар емес, сонымен бірге тілді оқытудың жаңа жүйесі, ерекшелігі және тәсілін атқаратын негізгі бағыт болып табылады. Ал қызығушылық дегеніміз – тіл үйренушінің шығармашылық және ойлау қабілетін арттыруға септігін тигізетін ынталылық.
Жаңа ақпараттық технологияларды пайдаланатын әдістер мен Интернет секілді қазіргі тәсілдер – жеке бағдарламалық бағытта көмегін тигізеді, оқушының қабілетіне қарай оқытудың дифференциациясын қаматамасыз етеді.
Бүгінгі таңда адамзат өмірінде компьютердің қолданылмаған жері жоқ. Әр салада компьютерлік технология белсенді қолданылуда, ал интерактивті бағытта оқытушы мен оқушыға көмекші құрал.
Психологиялық тұрғысынан қарағанда компьютермен оқытудың тиімділігі мол. Оқу-әдістемелік жұмысының тиімділігін, практикалық сабақтың қызығушылығын қамтиды. Егер компьютерлік бағдарлама сауатты құрылса, онда ол оқытушыға уақыт үнемдеуге және үйретудің кейбір тиімді сәттеріне назар аудартуға көмегін тигізеді. Сондай-ақ нұсқаушы – компьютердің арқасында оқушы бойында түйсіну пайда болады. Компьютерлік технологияның тиімділігін арттыру үшін бағдарламада әр түрлі жаттығуларды, ойын элементтерін және ән-музыканы қолдануға болады.
Аталмыш технология – практикалық сабақты жүйелі ұйымдастыруда маңызды. Компьютерлік технологияларға әр түрлі ғылым мен практикадағы арнайы ақпараттық әдістер, тақырып бойынша лексика-грамматикалық жаттығулар жатады.
Соның ішінде, үйрету технологиясында қарастырылған үйрену мен дағдылану әрекеттерінің қалыптасуы әр сабақта қолданылады:
Ойлау қызметін жинақтап қорыту;
Практикалық іс-әрекет пен ойлаудың жылдамдығы;
Ойлау мен еңбектің икемділігі және дербестігі.
Лексикалық және грамматикалық материалдарды сұрыптау ұстанымдары анықталып, оны компьютерлік технология бойынша практикалық сабақта тиімді түрде беру жолдары белгіленеді әрі бақылау жұмыстарын жүргізуге болады. Мысалы:
а) сөздің жеңіл-қиындығы мәнін ескеру;
ә) сөздің тіркесу қабілеті;
б) сөздің синонимдік қасиеті;
в) сөз мағынасын түсіндіру және оны сөйлемде дұрыс қолдану,
г) сөздің мағынасын дұрыс аудару.
Компьютерлік технология арқылы сөздерді таңдау, іріктеу мәселесімен айналысуға болады. Оқушы түсінігін кеңейтіп, сөздерді дұрыс қолдануға дағыдаланады және тақырып бойынша ойларын жеткізуде осындай компьютерлік технология пайдалы.
Бұл технологияның ерекшелігі – сөздерді есте сақтап, тез меңгеруге және байланысты лексика-грамматикалық материалды арнайы компьютерде дайындау қажет.
Компьютермен жұмыс істеу өте қызықты. Үлгерімі нашар оқушының да компьютермен жұмыс істеуге ынтасы зор болуы ғажап емес. Өйткені, кейбір жағдайда компьютер оның білмегенін көрсетіп, көмекке келеді. Ол оқушының білім сапасын жоғарылатуға, жекелей ерекшеліктерін ескертуге ықпал етеді. Жаттығу жұмыстарын орындау барысында оның жауаптарына машина тура және үздіксіз серпілісті қамтамасыз етеді. Оқушы жұмыс қарқынын өзі ажырата білсе, компьютер оқытудың даралығын жақсартады. Оқушы қанша қате жіберсе де, қатені талдау мен түзетуге уақыты иол болады.
Ең алдымен, компьютер оқытушыға оқушының өз бетінше жұмысын ұйымдастыруға жәрдем береді. Ол үшін мынадай жаттығулар мен әдістемелік тәсілдерді қолдану дұрыс.
Сұрақ-жауап диалогы.
Оқушы сұраққа құрылған лексика-грамматикалық материалдар негізінде сұрақтарға жауап беруі керек.
Таңдамалы жауаптармен жүргізілетін тапсырма. Компьютерге жауап беру үшін оқушы ұсынылатын нұсқалардың бірін таңдауы қажет.
Еркін құрылған сөйлемдерді стильдік түзету.
Толықтыруды керек ететін жаттығулар.
Компьютер толықтыруды керек ететін сөйлем жиынтықтары мен мәтіндерді ұсынады. Сөздерді аудару үшін көмекші құрал ретінде беріледі немесе компьютер ұсынған жауаптардың нұсқалары ішінен қажетті сөздер мен сөз тіркестерін толықтырады.
Сөздікті меңгерудегі өзін-өзі бағалауға арналған жаттығулар.
Асықпай компьютермен еркін жұмыс істей отырып, оқушының өз бетімен ойлануға дағдалануы, оқу қабілеті артып, білім нәтижесіне көз жеткізеді. Тілді меңгеруге деген ынтасы мен белсенділігі күшейе түседі. Демек, бұл бастаманың біраз ізденістерді қажет ететіні сөзсіз.
Ал тіл үйретудегі басты мақсат – тіл үйренушінің коммуникативтік компетенциясын функциональдық негізде қалыптастыру. Сабақтың құрылымындағы жүйелілік, когнитивті компоненттерімен қоса коммуникативтік-әрекеттік әдістеме басым болса, тіл үйренуші екінші тілді нәтижелі меңгереді. Ана тілін қандай мақсатқа, қандай тәсіл арқылы пайдаланса, ағылшын тілін де солай қолдана алады.
Компьютерлік бағдарламалар күн сайын жетілдіріліп, қарқынды даму үстінде. Компьютер кеңселік құжаттарды әзірлеу үшін ғана емес, сонымен қатар бірнеше күрделі әрекеттерді орындайтын тиімді құрал болып саналады. Компьютердің адам өміріне енуіне байланысты жаңа мәдениет қалыптасуда. Бүгінде әлемдік Интернет жүйесі арқылы ақпарат алып қана қоймай, білім алудың жаңа түрі аралықтан оқыту әдісі пайда болды. Бұл бір қарағанда білім алушы үшін тиімді. Білім алушының өзі тұратын жерден ешқайда шықпай-ақ өз үйінде отырып, дәріс алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ өзіне ыңғайлы уақытта өз бетінше оқуына болады. Аралықтан (қашықтықтан) оқытуға арналған жобалардың көпшілігінде білім берудің қалыптасқан түрі, мысалы, өз бетінше орындауға арналған дәрістік және оқу материалдары, оларды меңгеруге бағытталған тексеруші жаттығулар мен бақылау түрлері берілген. Дәрістер оқушыға компакт-дискілерге, мультимедиалық материалдарға және аудиовизуальдық құралдардағы семинарларда беріледі. Бейне дәрістер мен семинарлар күндізгі оқу түріндегі атмосфераны қамтамасыз етіп қана қоймай, оқушының тақырыпқа бірнеше рет қайтып оралуына мүмкіндік береді. Ол дұрыс түсінбеген тақырыбын өзіне ыңғайлы уақытта игеруіне болады. Оқу үрдісін басқару, ағымдық материалдар бойынша ақпарат алмасу және бақылау жұмыстарының орындалуын тексеру электронды пошта арқылы жүзеге асырылады. Электронды пошта арқылы әр оқушы жеке немесе бүкіл топ болып оқытушымен ақпарат алмаса алады.
Оқу материалы ретінде оқушыға дәстүрлі оқулықтар мен оқу құралдары және интерактивті қасиеті шектеулі бейне және мультимедиалық материалдар ұсынылады. Басқаша айтқанда, мультимедия технологиясының көмегімен бейне, мәтін және графика арқылы оқу курсының материалдары жасалады. Аталған бағыттың жаңадан пайда болуына қарамастан аралықтан оқытудың жақсы дамып келе жатқаны байқалады.
Аралықтан оқыту екінші жағынан алғанда тілдік пән үшін тиімсіз. Мұнда жазба тілді меңгеруге арналған бағдарламалар бар. Осыған дейін тілді сырттай оқып үйренуге болатындығы жайында әдіскер ғалымдар арасында пікірталас туған емес. Себебі – тілді үйренуші оны қарым-қатынас құралы ретінде үйренгісі келетіндігінде. Тілді коммуникативті тұрғыда қолдану мақсаты мен талабы адамдардың сөйлеу әрекетімен белгіленеді. Сондықтан білім алудың осы саласы оқу үрдісінде оқытушының үнемі болуын қажет етеді.
Кейбір дәстүрлі, әдістемелік жағынан жетілдірілген телекурс, видеофильмдер өз бетінше тіл үйренушіге аралықтан оқуда қосымша материал ретінде ұсынылады. Өз бетінше тіл үйренуші үшін бұл тиімсіз және тәжірибе көрсеткендей оң нәтиже бермеді. Өйткені тілді ойдағыдай меңгеру үшін интерактивті орта, қарым-қатынастық механизм керек.
Тілді сырттай оқу бөлімінде үйрену тиімді нәтиже бермейді. Тіл үйренудегі коммуникативтік әдіс басым тұрған бүгінгі әдістеме ілімі қатысымдық бағыт ұстанған әдістеме оқулықтарды дүниеге әкелді. Ол оқулықтардың мақсаты - тіл үйренушінің тілді қарым-қатынас құралы ретінде пайдалануға үйрету болғандықтан, ол оқытушының қатысынсыз жүзеге асырылмайды әрі тілдік материалдарды толық қамти алмайды. Оның үстіне тіл үйренуші бастауыш топта оқитын болса, мәселе күрделеніп кетеді.
Алайда, аралықтан оқытудың тілдік пәндер үшін болашағы жоқ деп айтуға болмайды. Тіл үйренгісі келетіндер баршылық. Ол әр түрлі жастағы адамдар мен мамандық иелері. Сонымен қатар түрлі мақсат көздеушілердің тіл үйренуді қалауына қарай жүзеге асады.
Бүгінде шетелдік ғалымдар тіл білімінің фонетика саласы бойынша мультимедиалық оқулықтарды сараптай келе, арнайы жасалған компьютерлік бағдарламалар арқылы оқушыға тек тілді үйретіп, оқытып қана қоймай, сонымен қатар дыбыстар мен сөздерді дұрыс айтуға жаттықтыратын электронды оқулықтар жасауға мүмкіндік барлығын айтады.
Қазіргі ақпараттық технология мен телекоммуникациялардың қарқынды дамуы болашақта компьютер мен модемді көпшіліктің пайдалануына болатындығын көрсетеді. Сонықтан ағылшын тілін аралықтан оқытудың жүйелілік бағдарламасын дайындау қажеттігі айқындалады.
Мультимедия технологиясының көмегі арқылы тек өз бетінше тіл үйренумен қатар, аралық оқытуды ұйымдастыруда мынадай қажеттіліктер туындайды:
Кез келген оқушының компьютерді пайдалануға мүмкіндігі болуы;
Электронды оқулық тестік жүйемен және тренажермен тілдік деңгейді меңгеруге байланысты құрылуы;
Электронды оқулықтар оқушыны қызықтыратын тілдік материалды меңгеруге негізделген видеосабақтар мен қысқа метражды көркемфильмдер, кесте, сызбалардан тұруы. Яғни, анимациялық, мультимедиалық элементтері бар виртуальді оқулық болуы керек;
Оқушылардың тілдік материалды тексеруге негізделген сөйлеу әрекетінің барлық түрін қамтыған жаттығулардың өз бетінше және жеке үйренуіне болатын режімде, пайдаланушының талабын қанағаттандыратын болуы тиіс;
Тілдік бірліктердің қолданылуын жаттап алуға мүмкіндік беретін, грамматикалық материалдардың бірнеше лексикалық материалмен қолданылуына жаттықтыратын қосымша оқу құралдарымен (кітап, радио, кино, видео) қамтамасыз етілуі;
Тіл үйрену үрдісінің бастапқы кезеңінен бастап шығармашылық, қарым-қатынастық, проблемалық мақсаттарды қойып, онда көрнекі құралдардың (графика, анимация, видео, т.б.) пайдаланылуын қамтамасыз етілуі керек.
Аралықтан оқыту жүйесінде оқытушымен үнемі байланыста бола отырып, мультимедиалық оқулықты жетілдіруге болады. Мысалы, гипероқулыққа айналдыруға мүмкіндік туады. Өйткені, онда тілдік әрекеттердің шығармашылық түрі жазу мен сөйлеуді бақылауға мүмкіндік туады.
Бүгінде авторлық мультимедиалық оқулық жасауға арналған компьютерлік бағдарламалар бар. Онда кез келген оқытушы өзінің қалауынша, мемлекеттік стандарт пен типтік бағдарламаға сәйкес мультимедиалық оқулық дайындай алады. Ол үшін тіл үйренудегі компьютердің әдістемелік қызметін айқындайық:
Көмекші қызметі;
Қатысымдық – чат арқылы тілдесуге болады.
Ұйымдастырушылық-қызықтырушылық – қазіргі уақытта компьютер адамдарды қатты қызытырады, осының өзі жағымды фактор болып саналады.
Негізгі қызметі;
Ақпарат берушілік – компьютердің ең тиімді жағы ақпарттты сақтауға және оны өңдеуге мүмкіндік беруі. Сондықтан компьютер тіл үйренуде ақпараттық жүйе ретінде пайдаланылады.
Жаттықтырушы – компьютер арқылы тіл үйренуде оқушының тілдік материалды жаттап алуы үшін бірнеше рет қайталауына мүмкіндік болады.
Бақылаушылық-түзету – ағымдық және қорытынды бақылау жұмыстарын тексеруге, тексерудің обьективті, яғни шынайы болуына, оқытушының бақылау жұмысын тексеруге уақытын бөлмеуге, бақылау жұмысының қорытындысын жасауға тиімді.
Өзге тілді компьютерлік технология арқылы оқытуды енгізу – тіл үйренушінің тілді меңгеруін белгілі бір дәрежеге көтереді деген пікірде сарапшылар. Компьютерлік технология арқылы оқытылған тілдік материалдар көп уақытқа дейін адамның жадында сақталады. Дәстүрлі оқу-әдістемелік әдебиеттерге қарағанда (оқулықтар, аудио, видео, плакат, таблица, кестелерге) компьютерлік оқулықтардың жүйелілігі мен бірнеше оқыту түрлерінің тоғысуына байланысты, яғни, оқытудың интерактивті түрінің қолданылуына орай тіл үйренушінің компьютер мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануына жол ашық.
Білім беру үрдісіне жаңа технологияның енуі көптеген педагогикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Ол дидактикалық және психологиялық ұстанымдарды жүзеге асыруға да жағдай жасайды.
Тілді оқытуда, үйретуде лексикалық бірліктерді түгел меңгерту мүмкін емес екені белгілі. Көптеген оқу құралдары мен оқулықтарда тілдік материалдар әр алуан жүйемен беріледі. Негізінен, тілдік материалдар тіл үйренушінің мақсатына қарай, оқу уақытына қарай таңдалуы тиіс. Ең алдымен, тілдік материалдарды сұрыптауда олардың кім үшін, не мақсатқа арналғанын анықтап алу дұрыс. Оқыту кезеңі де тілдік материалды меңгеруге әсер ететіні белгілі. Оқыту кезеңінің ұзақтығы таңдалатын бірліктердің саны мен сапасын айқындайды. Айлап оқығандар мен жылдап оқығандарды салыстыруға да келмейді.
Әлемде белгілі бір тілді өзге тіл ретінде 9 және 5 өлшемді деңгейлік оқыту жүйесі қалыптасқан. Ол 0-дік деңгей яғни бастауыш деңгей /сөйлеу дағдысының тұтастай меңгерілмеуі/ және 5-ші /ең жоғары дәрежеде тілді меңгерген/ деңгейлер. Осы ретте ғалымдар тілді меңгертуде үш деңгейлік әдістеме тиімді деп санайды. Олар бастапқы, негізгі (базалық) және жоғары (жалғастырушы) деңгей.
Кейінгі әдістемелік зерттеулер тілді қатысым құралы ретінде меңгертудің негізін қалады. Тілді қатысымдық тұрғыдан оқытуда басты көңіл бөлетін нәрсе – тілдік тұлғалардың жеке қолданылуы емес, олардың бір-бірімен өзара байланысқа түсуі арқылы ойды жеткізуге себепші болатын заңдылықтары. Қатысымдық мақсат – адамның бір-бірімен тілдік қарым-қатынасын қамтамасыз етіп, олардың арасындағы тілдік қатынастың нәтижесін жүзеге асыруды қажет етеді. Тіл – қатысым мақсатына қол жеткізу үшін қолданылады және адамның әлем туралы білімі мен ұғым-түсініктерінің жиынтығын көрсете алады. Тіл шындық өмірге сөйлеу жағдайына құрылуы керек. Тілді үйренудегі басты мақсат – үйренуші өз ойын еркін айта білуі.
Тілді үйрету барысында ескеретін жайттар:
Ағылшын тілін оқытуды жүйелі түрде жүргізу;
Үйрету күнделікті өмірде жиі қолданылатын контекстерден басталуы;
Тапсырманы оқушының қабілетіне қарай беру;
Оқу материалдарын шындыққа сай етіп алу;
«Үйрену – қарапайымнан күрделіге дейін» ұстанымы арқылы жүзеге асады.
Ағылшын тілінің базалық деңгейін білу үшін 3000 сөз қажет делінеді. Осы 3000 сөздің 500-і етістік, 500-і сын есім, 1500-і зат есім, қалған сөз табы 500 бірлікті құрайды екен.
Күнделікті қарым-қатынас жасау үшін алдымен сөздер, сөз тіркестері қажет. Сол сөздердің ішіндегі дұрыс таңдалған 400 сөз арқылы қалған 90 пайыз сөздің орны толтырылып тұрады. Егер кітап оқу қажет болса, оқушының сөздік қоры мол болуға тиіс. Бірақ оның көп бөлігі пассив сөздер болып келеді. Сондықтан 1500 жуық сөз білетін оқушы мәтіннің мазмұнын жеткілікті деңгейде талқылай алады.
Ең жақсысы, үнемі жаңа сөз оқуды бастап және оны тастап жүргеннен, аса маңызды да қажетті сөздерді меңгерген ұтымды.
Ауызекі сөйлеудегі сөздік қор
Шамамен, дұрыс таңдалған 40 доминант сөз кез келген тілдің күнделікті сөз қолданысындағы 50 пайыздай сөздің орнына жүреді;
200 сөз шамамен 80 %;
300 сөз 85 %;
400 сөз 90 %;
Ал 800-1000 сөз 95 % сөздің орнын толтыра алады.
Осылайша, дұрыс таңдалған сөздік қордың арқасында халықтар бір-бірін түсінісіп жатады.
Мәселен; күнделікті әңгіме барысында бір күнде 1000 сөз айтылса, соның 500-і, яғни, 50 % ең жиі қолданыстағы 40 сөздің жоғын білдірмейді.
Оқу кезіндегі сөздік қор
Оқу кезіндегі дұрыс таңдалған әрі есте сақталған 80 аса сөз арқылы жеңіл-желпі мәтіннің 50 % жуығын түсінуге болады;
- 200 сөз 60%;
- 300 сөз 65%;
- 400 сөз - 70%;
- 800 сөз - шамамен 80%;
- 1500 - 2000 сөз - 90% жуық;
- 3000 - 4000 - 95%;
- ал 8000 сөз жазбаша мәтіндегі 99 пайыз сөздің орнына жүре алады.
Мәселен, алдымызда 10 мың сөзден тұратын мәтін жатыр, оның ең қажетті деген 400 сөзін алдын ала жаттау арқылы біз мәтінде кездесетін тағы да 7000 жақын сөздің ұғымын білетін боламыз.
Сөздік қор: 400-ден 100 000 сөзге дейін
1. 400-500 сөз – тілді базалық деңгейде меңгеру үшін актив сөздік қор болып саналады.
2. 800-1000 сөз - бұл бір нәрсені түсіндіруші үшін автив сөздік қор немесе базалық деңгейдегі оқуға арналған пассив сөздік қор.
3. 1500 – 2000 сөз – бір күн бойы қарым-қатынас жасау үшін толығымен жететін актив сөздік қор.
4. 3000 – 4000 сөз – белгілі бір мамандық бойынша әдебиетті не газетті еркін оқу үшін жеткілікті сөздік қор.
5. 8000 сөз – ауызша, жазбаша еркін қарым-қатынас жасауға жететін қор.
6. 10 000 – 20 000 сөз – білікті еуропалық үшін актив сөздік қор (ана тіліндегі).
Бір ескеретініміз, сөз қоры еркін қарым-қатынас жасауды толық қамти алмайды. Бұл ретте, жиі қолданысқа түсетін доминант сөздердің орны бөлек.
Негізгі сөздік қор
Педагогикалық әдебиеттерде «негізгі сөздік қор» дейтін терминологиялық тіркес жиі кездеседі. Кейбір ғалымдардың көзқарасына сүйенсек, максимальді сөздік қор 8 000 сөзді құрайды екен. Осы сегіз мыңдай сөз кез келген жағдайдағы қарым-қатынас үшін жеткілікті.
Тілдің бастапқы үйренушілері үшін төмендегі үш деңгей аса маңызды:
- А деңгейі («базалық сөздік қор»): 400 - 500 сөз. Бұл күнделікті байланыс кезіндегі 90 %-дай, ал жазбаша мәтіннің 70 % жуық сөзін жоқтатпайды.
- Б деңгейі («минимальді сөздік қор», «мини-деңгей»): 800 - 1000 сөз. Бұл шамамен 95 %-дай ауызша, 80-85 %-дай жазбаша мәтіндегі сөздің орнына жүреді.
- В деңгейі («орташа сөздік қор», «меди-деңгей»): 1500 – 2000 сөз.
Бұл 95 – 100 %-дай ауызша, 90 %-дай жазбаша мәтіндегі сөздің орнын жабуға жететін көрсетікш.
Ағылшын тілін оқыту сатылары
- «Мини-деңгей» (оқуға бастау деңгейі): 800-1000 сөз. Сөздіктің көмегімен кәдімгі мәтінді оңай өзгертуге болады.
- «Меди-деңгей» (оқудың негізгі деңгейі): 1500-2000 сөз. Оқуды бастаймыз, сөйтіп басылым бетінде жарияланған мәтіннің басым бөлігін түсінуге талпынамыз.
- «Салалық әдебиет оқу деңгейі»: 3000-4000 сөз. Бұл деңгейге қарай әдебиеттер оқу, оны ұғу қиынға түспейді.
- «Көркем әдебиеттер оқу деңгейі»: 8000 сөз. Осы сөздер арқылы ағылшын тіліндегі көркем әдебиеттерді оқуға болады.
Әрдайым, әр кезде оқу керек. Бірде бір ағылшын сөзі оқушы үшін таныс емес болып қалмау керек. Егер таныс емес сөздер кездессе, оның мағынасын жылдам білуге ұмтылу керек.
Осыдан 200 жыл бұрын француз тілі, 300 жыл бұрын латын тілі, 1000 жыл бұрын араб тілі жер жаһанды билесе, қазіргі кезде ағылшын тілі дүниежүзілік маңызы бар тілге айналып отыр. Неліктен? Өйткені, біріншіден, ғылымның дамуына байланысты. Қазіргі ағылшын тілді елдердің экономикасының дүние жүзіне ықпалы артуда. Екіншіден, ағылшын тілі – өнердің, әдебиет пен саясаттың, сауда-саттық пен әр түрлі ресми қарым-қатынас тілі. Осы ретте ағылшын тілі мамандарының алдында проблемалар да бар. Олар: Алдымен, ағылшын тілін оқытуда жаңа технологияларды енгізуге байланысты материалдық-техникалық базаның талапқа сай келмеуі. Екіншіден, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруда базалық ортаның аз қамтылуы. Осы проблемаларды шешудің бірден-бір жолы оқу бағдарламасын өзгерту, әдістерді жетілдіру.
Оқытудың негізі ретінде шет тілінде сөйлеу әрекеті үшін оқытудың сөйлеу, тыңдап түсіну, көру, жазу және аударма әдістері алынады. Үйренушілердің жас ерекшелігі мен қабылдау қабілеті, білім деңгейіне қарай олардың оқып үйренетін белсенді сөздік қоры анықталады. Мысалы; тақырыпқа байланысты сөздік қор көлемі алынса, онымен қоса берілген мәтінде кездесетін жаңа сөздер, жаңа сөз тудырушы жұрнақтар арқылы жасалған зат есім, сын есім немесе етістіктер түсіндіріледі. Сондай-ақ «Грамматика» тарауы бойынша етістіктердің Present, Past, Future Indefinite, Perfect, Continuous топтарындағы сөйлеу тілінің үлгілері, инфинитивті, герундиалды және есімше айналымдары сияқты грамматикалық құбылыстар қажетті жағдайларда сабақта қарастырылып отыру керек. Жақсы нәтижеге жету үшін әр сабақта сөйлеу мәнері, грамматика, сөйлеу тілі және ауызекі тілді естіп қабылдау жұмыстары жүргізілгені құп.
Ал грамматикалық материалдарды сөйлеу тілінде қолдану немесе оны есту арқылы түсінуге арналған үйретуші жаттығулардың маңызы ерекше. Мұндай жаттығулар оқушының есте сақтау қабілетін дамыта түседі. Мәселен, ағылшын тілінде берілген қысқа диалогта Future Indefinite шағының қолданылуына көңіл бөлу керек.
M: Shall I take the table out into the garden?
W: Yes, please. And the chairs, too.
M: Right, Where shall I put them?
W: Oh, anywhere. I ll bring the tha.
Мұнда Future Indefinite шағының жасалу жолы және қай жағдайда қолдану керектігі ұсынылған. Түсіндірме жаттығуы естуге арналған және жазба түрінде де берілуі мүмкін. Жазба түрінде берілген тапсырмаларды кестелер арқылы ауыстырып отыруға да болады.
Бұл жаттығулар мақалдар, афоризмдер оқушының қысқа пікірлері арқылы да беріледі. Ендеше, бұл жаттығулардан кейін оны түрлендіріп түсіндіретін, грамматиканы талдайтын жұмыстар жалғасып отыруы керек.
Рольдік тапсырмалар, алғашқы пікірді келесі оқушының жалғастыруы, сұрақ қою сияқты тапсырма берген дұрыс. Мысалы; The Present Indefinite шағының 3-ші жақ жекеше түрін алып қарастырайық.
We are different.
I have a brother. His name is Murat. We like each other, but we are different. I like to read, and he likes to listen to music. I like music to. I like Pugacheva, but he likes «Modern Talking». I play chess with pleasure, and he plays draughts with pleasure. I like to watch TV in the afternoon, but he likes to watch TV in the morning. I eat soup, but he eats porridge.
Бұл жұмысты орындауда алдымен оқытушы өз інісі мен сіңлісі туралы әңгімелейді, екінші рет тек өзі туралы айтады. Ал оқушылар інісі туралы айтып әңгімелерін толықтырады. Осылайша оқушылар өз пікірлерін ағылшын тілінде айтуға жаттығады. Бұдан әрі сөйлеу тілін дамытуға күрделілеу тапсырмалар беріледі.
Ағылшын тілін үйретуде кезекті сабаққа дейін өтілген деректер жүйеленіп, яғни, грамматикалық тұрғыдан да, лексикалық тұрғыдан да топтастырылып алынып отыруы керек. Сонымен қатар тілді оқып үйренуде айтарлықтай қиындық тудыратын ағылшын тіліне тән тіл дыбыстарын дұрыс айту дағдыларын қалыптастыруды әрдайым жалғастыру тиімді.
Оқытушының оқушылармен Қазақстанның және ағылшын тілінде сөйлейтін мемлекеттердің қазіргі өмірінің өзекті мәселелері жөнінде әңгіме жүргізуі тілді үйретудің маңызды әдісі болып табылады. Себебі, шет тіл тек қарым-қатынас тілі ретінде ғана емес, басқа мәдениетпен араласу, оның ұлттық дәстүрлерімен танысу ол мемлекеттердегі халықтардың өмір салттарын білу үшін оқытылады.
Әдетте оқушыны ағылшын тілінде сауатты сөйлеуге, жазуға, оқуға үйрету үшін әрбір оқытушы өз бетінше ізденеді. Осыған байланысты кейбір кеңестер:
Үйренуші оқытушының қойған мақсатын білуі керек. Әрбір сабақта жауапкершілікті сезіну керек.
Ана тілі мен ағылшын тілін араластырып сөйлемеу керек. Қажет болса, грамматикалық деректерді түсіндіруде ана тілін қолдануға болады.
Оқушы жауап беріп тұрғанда оның қатесін бірден жөндеп, оның сөзін бөлудің қажеті жоқ. Қатені жөндеудің ең дұрыс тәсілі – жауаптарды бағалау кезінде қате айтылған қолданыстарды талдау.
Сабақ табысты өтуі үшін оқушылар ұжымын дұрыс ұйымдастыра білу керек:
Оқушылардың өзіне деген сенімділігін қалыптастырып, оларға берілген тапсырманы соңына дейін толық орындату.
Көрнекілік, техникалық құралдарды қолдану дағдыларын қалыптастыру.
Сабақты асықпай жүргізіп, не істеу керектігін және қалай орындау керектігін түсіндіруге жеткілікті уақыт бөлу.
Оқушыны сөйлеу, оқу, жазу әрекеттеріне арналған өзіндік жұмыстарға көбірек тарту.
Белсенді талдау кезінде қалыптасқан шуды тоқтатпау.
Қолдау көрсету.
Оқушының есте сақтау қабілетін жетілдіретін теориялық білімді өмірмен ұштастыруға мүмкіндіктер туғызу.
Достарыңызбен бөлісу: |