2.2 Ағылшын тілін оқытудың осы замандық әдістемесіне сипаттама
Ағылшын тілі - болашақтың тірегі. Ағылшын тілін үйрету үшін оқушылардың сол тілде сөйлесем деген талпынысын тудырып, сол мақсатта сан алуан әдістерді қолданудың маңызы зор. Әр ұстаз шәкіртінің сабаққа деген ынтасын арттыру мақсатында технологиялық құрал-жабдықтар мен түрлі көрнекіліктер әзірлеп, ойын элементтерін пайдалана, сабақ мазмұнын түрлендіріп отырады.
Ағылшын тілін меңгеруде сол тілдің (граматикалық, фонетикалық ережелерін) теориясын білу жеткіліксіз. Осы ретте оқушыға сол елдің халқын, салт-дәстүрін таныстыру орынды.
Модуль – іріленген дидактикалық бірлік. Модуль латынның – «өлшем», «шама», «мөлшер» деген сөзінен шыққан.
Модуль дегеніміз – үлкен бір жүйе, мұнда оқушы білімді жеке-жеке тараулар бойынша емес, біртұтас тақырып түрінде жүйелі түрде алады. Оқытуды модільдік технология арқылы жүзеге асырған кезде тарауға оқу бағдарламасының берілген сағат саны өзгермейді.
Ал модульдік оқыту технологиясы деп оқулықтың әр компонентті түрінде (мәтіндер, сұрақтар, жаттығулар) бір жүйенің компоненттері қарастырылады әрі ол оқулық қызметін іске асыруы тиіс. Модульдік оқыту 1960 жылдардың аяғына қарай шет елдерде (АҚШ) дәстүрлі оқытудың бір варианты, бағыты ретінде пайда болды. Американ ғалымдары оқу материалының мазмұнын аз порциямен (бірлікпен), дербес тақырыптармен беруді ұсынды. Модуль – ірі блок, бөлшек, дидактикалық бірлік, шама. Яғни, оқу материалын бөлшекке, блокқа бөліп оқыту.
Оқу процесінде модульді жүйені пайдалану қазіргі таңда оқушыларға ұсынылып жатқан көлемді материалды қысқартуға және жеделдетуге жол ашады.
Оқу процесін гуманизациялауды, жаңа технологиямен және озық тәжірибемен сабақтастыра зерттеу – бүгінгі күн талабынан туындап отырған білім беру жүйелерінің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Қазіргі қоғам сұранысына сай білімді, шығармашылықпен жұмыс жасайтын, өзін-өзі дамытып жетілдіре алатын жеке тұлға тәрбиелеуге аса назар аударылады.
Модульдік оқыту технологиясының тиімділігі мынада:
- оқушы тұлғасының танымдық қабілеттерін дамыту;
- танымдық процесстерді (жады, ойлау, зейін, елестеу қабілеті) дамыту;
- оқуға жағымды қызығушылық қалыптастыру;
- белсенді сөздік қорын, ауызша және жазбаша тілін дамыту;
- тұлғаның қиындықтарға даяр болуы және оны жеңе білуі, ойын, қауіпсіздік, сыйлау, өзін-өзі бекіту қажеттіліктерін қанағаттандыруға ықпал ету.
Оқушылар өзара сөйлесудің, оқыта үйретудің негізгі артықшылықтарын көреді. Оқу материалына бірнеше мәрте қайта оралу, бір күрделілік деңгейінен екіншісіне қиындықсыз өту оқу модулінің соңында біршама жоғары баға алуға мүмкіндік береді. Бұл оқушылардың өз күшіне сенуіне және оларда оқуға қызығушылық қалыптастыруына, интеллектуальдық қуатын жүзеге асыруына ықпал етеді.
Тілді ойдағыдай меңгертудің тағы бір тиімді әдісі – тандем әдісі.
Тандем әдісі – оқытудың жаңа халықаралық бағдарламасы, ол екі елдегі ана тілдері әр түрлі екі адамның бір-біріне шетел тілдерін оқытуының ашық формасы. Бұл әдістің көмегімен екі елде отырған адам электронды пошта арқылы қысқа уақыт ішінде тікелей байланысқа шыға алады. Бұл жаңа бағдарлама – шетел тілін тез арада үйретуде көптеген мүмкіндіктер туғызады. Сонымен бірге осы әдістің көмегімен оқушы басқа елдің мәдениетімен, салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен таныса алады.
Тандем әдісінің екі маңызды принципі бар:
Екі жақты принцип – байланыста отырған екі елдегі адам тілдік қарым-қатынас жасау арқылы бірдей пайда көруі тиіс. Оқу барысында екі адам бір-біріне теңдей көмек көрсетуі және де екі тілде де бірдей уақыт жіберуі керек.
Автономиялы принцип – екі елде отырған адам өз оқуына жауапты және оқудың мақсаты мен әдістерін өздері шешеді.
«Тандем-метод» Германияда 1960 жылдардың екінші жартысында неміс-француз жастарының жиі кездесулер ұйымдастыруының нәтижесінде қалыптасты. Соның негізінен бертін келе бір-біріне ұштасып отыратын, бірін-бірі толықтыратын әдістің екі түрлі жеке және ұжымдық формасы пайда болды.
1992-1994 жылдары Интернетте халықаралық тандем әдісінің желісін құру туралы жұмыс басталды. Оның басты мақсаты – виртуальді қарым-қатынас орнату арқылы Интернет көмегімен білімді жалғастыру, тереңдету.
Ұжымдық тандем әдісінің кең тараған түрі – жоба жүргізу әдісі. Оның негізгі мақсаты – белгілі бір тақырыпта топтық жұмыс жүргізу және оны Интернет сайттарына енгізу.
Тандем әдісі бойынша білім алуды, білімді тереңдетуді былайша қорытындылауға болады:
Осы жаңа әдісті қолдана отырып, білім алушылар Интернет көмегімен көптеегн тілдік материалдарды үйренеді.
Сонымен бірге тілге қатысты түрлі грамматикалық материалдармен қатар тіл арқылы көптеген қызықты да өзекті мәліметтерден хабардар болады.
Келесі әдіс – ілгеріден бар аударма әдісі.
Аударма жасау әдісі арқылы тілімізде сөз құраудың, ойды бейнелеудің неше алуан жаңа тәсілдері туды, жазу шеберлігі артты. Әсіресе, күрделі ойды күрделі сөйлеммен беру жағынан аударманың әкелген жаңалықтары өте көп. Демек, аударма арқылы тіліміздің синтаксистік құрылысына да көптеген жаңалықтар енді. Сонымен қатар, аударма оқушыны ылғи жаңа дүниеге, жаңа өмірге, жаңа ортаға енгізіп отырады. Аударма әдісі арқылы оқырмандар патша сарайларына, хан ордаларына, әлемнің таңғажайып храмдарына кіреді, небір көсемдерді, небір шешендерді, неше алуан суаттарды, сорлыларды көреді. Аудармашы осылардың бәріне, ең алдымен, ойын жеткізуі керек те, сонан соң сөзін жеткізуі керек. Ол аударылатын кітаптағы соны дүниені, соны өмірді, соны ортаны ең әуелі көзімен көріп тұрғандай ойша қабылдап, оның әрбір ұсақ деталіне дейін бойына сіңіріп алуы керек. Сонан соң ғана қажетті сөйлеу тілінің бар мүмкіншілігімен жеткізу керек. Мұнда халқымыздың ғасырлар бойғы тырнақтап жинаған сөз байлығы мен сөйлеу шеберлігі сарқа жұмсалады.
Негізінде, аударма - өте қажет дүние. Десек те кейбіреулер «қазір аударманың керегі жоқ» деп те жүр. Бұл – теріс пікір. Аударма – халықтар арасындағы алтын көпір. Онсыз сонау Ұлы Жібек бойында жатқан елдер бір-бірімен байланыса алар ма еді?! Онсыз сонау мұхиттың арғы бетінде жатқан елдерді тани алар ма едік?! Аударма - қажет әрі өте құнды сала. Аударма арқылы әркім өз ана тілін көркейту жағын қарастыру керек. Сондықтан да аударма әдісі ағылшын тілін оқытудың қазіргі тәсілдерінің аса қажеттісі.
Достарыңызбен бөлісу: |