Ай қанатты арғымақ



бет15/19
Дата25.12.2016
өлшемі4,1 Mb.
#4410
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

Содан кейін көп уақыт өткен жоқ. Аяқ астынан Жұмат өмірінде ұйтқы-тұйқы оқиғалар басталды. Бір күні түскі ас кезінде сатыр-сұтыр етіп милиционерлер кіріп келді.

- Жолдарың болсын, мырзалар, не шаруаларың бар? – деп Жұмат қалжыңдай бастаған еді.

- Сіздің үйді, дұрысы кілеттеріңізді тінтуге келдік.

- Иә, кімнің жарлығымен?

- ГПУ-дің.

- Ой, інішек, сен не деп тантып тұрсың?

- Аға, кешіріңіз. Тоқ етерін айтқанда, ініңіз Әкіш қасында жігіттері бар, солдаттың атын ұрлап, сойып, бөліп алған, анау жеп отырған қуырдағыңыз сол ұрланған малдың еті.

Жұматтың қолындағы қасығы түсіп кетті. Тапа-тал түсте Семейдің қаласына жаман сөз тарады: Жұмат Шаниннің інісі Әкіш ұрлап жылқы сойыпты, істері сотқа беріліпті.

Сәлімрахман келіп тағы қолайсыз әңгімені қозғады: Зайсан жақта, шекарада баяғы Дәрібай ақынның Қытайға өтіп кеткен ұлы ұсталыпты, қалтасынан Жұматтың адресі, суреті табылыпты.

Баянауыл жағына барғанда, жолай Қарқаралыда қайын жұртына соққан кезінде, осында Москвадан келіп, демалыста жүрген Әлихан Бөкейхановпен бірнеше күн дәмдес, табақтас болды. Атышулы, көне көз зиялының білімі, оқыған-тоқығаны, өмір жолы таңқалдырған, одан естіген кейбір әңгімені Семейде дастарқан басында айтып жүрді.

Сол, жиырма бесінші жылы, партияда тазарту жүргізу керек, сенімсіздерді шығару керек деген опалаң-топалаң оқиғалар аяқ астынан басталып, қармаққа Жұмат та ілінді. Сыныққа сылтау табылды. Бір-бірімен байланысы жоқ нәрселер жалғасылды. Неше түрлі өсек-аяң, қыл-қыбыр жиналды. Ақыры келіп:

- Үй ішінде моральдық азғындық бар, інісі ұрлық жасағаны үшін сотқа тартылған. Пьеса жазам деген сылтаумен Қытайға қашқан бандиттермен сыбайлас болған. Тарихты зерттеймін, қазақ оқығандарының өмірінен шығарма тудырам деген өтірікті желеу етіп, “Алаш” партиясының көсемі Әлихан Бөкейхановпен астыртын жалғасқан. Ойын-сауық үйірмелерімен әуестеніп негізгі жұмыс орны Кожсиндакат мекемесіндегі міндеттеріне селқос қараған. Осындай адам партия қатарында болуға лайық па? Меніңше, лайық емес. Саясат, оның ісінде большевиктік саясат өнер, ал өнерде өтірік айтуға болмайды. Ендеше Шанинді партиядан шығару керек, - деп Ежов сөзді бітірді.

Қанша қуынғанмен, күрескенмен әр түрлі орындарға сан алуан шағым жазғанмен Жұмат ештеңе өндіре алмады, партиялық билетін қайтарып бермеді. Сөйтіп, жазықсыз жапа шегіп, іштей өзін-өзі жеп, қиналып, көп уақыт Семейде жүріп алды да, ақыры белін бекем буып, ендігі тағдырын қазақтың ұлттық театрымен сабақтастырып, жиырма алтыншы жылдың күзінде Қызылордаға бір-ақ тартқан.


11
Қала басшылары салған жерден жылы қабақ, жұмсақ шырай білдірмеген. Бір-біріне тапсырып, ақыры су аяғы құрдымға айналғандай болып барып, ендігі шаруа шаһар бағының қожасына келіп тірелген беті. Тапалтақ, жайын ауыз қара:

“Сіздермен шұбалатын уақытым жоқ, демалысқа кетіп барам. Міне, билетім, документтерім, бүгін түнде жүрем. Ашық алаңды пайдаланып көрем десеңіздер, қарсы емеспін. Орынбасарға тапсырып кетемін. Онда да...” деп мыңқылдап еді. Жұматтың үндемей ғана сабырмен тыңдағанын ұнатпаған Серке дауыстап айқайлап жіберді.

- Ой, жігітім, біз ерігіп, ел ақтап, босқа қаңғырып жүр ғой деймісіз? Үкімет пен партияның мойынға салған жүгі бар. Қазақтың ұлт театры деген не, соны халыққа көрсету. Жаңа сананы тәрбиелеу мақсаты...

Күлімдеп тұрған Жұмат жайын ауыз қараға тіктей қарап: - Азамат, бізден жасың кіші болар, сірә. Ағалықпен қаттырақ айтсақ, ренжіме. Мынау Серәлі, біз еркелетіп Серке дейміз, Қожамқұлов қазақ театрының белді артисі. Жөн-жосықты айтып тұр. Сенің көмегің керек бізге. Ашық алаңды бергеніңе рахмет. Басқа да жәрдем қажет. Ойын қою үшін, декорацияға жарарлық сендерде не бар? Мәселен, ел тұрмысына қатысты дүниелер кебеже, сандық, сырмақ, шапан дегендер жоқ па?

Жайын ауыз қара қабағын түйіп, шытынғандай болды.

- Біздің қазақ қызы осы. Ылғи бір нағашысының ауылына барғандай болып жүреді. Үнемі тімтіну, алақанын жаю, сұрамсақтану. Театрды жаңа көріп отырғанымыз жоқ. Былтыр орыс театры келді. Қабы да, сабы да, бәрі өздерінікі. Татарлар да болған. Екеуінен де орын бергеніміз үшін ақша алдық. Сахна жасауға көмектескен жұмысшыларымызға және төледі. Маған орысы не, тараты не, қазағы не, ояқ, бұяғы – бәрібір.

- Әй, жігітім! – деп Серке шап ете түсті. – Сен бізді Бұхар шауып, Хиуа тонап келе жатқан көпес көремісің? Әлде Америкадан поезға тиеп ақша әкеле жатқан алпауыт деймісің? Маңдай термен тапқан еңбекақының өзін алмағанымызға екі-үш айдан асып кетті. Сенің көмейің не деп бүлкілдеп тұр?

- Жаңа ғана үкімет, партия дедіңіз. Сонда үкімет, партия тұрған жерде қазақшылық тұра ма екен? Тұрмайды. Заңның аты заң. Алаңды неше күн пайдаланасыздар, сонша күн үшін санап тұрып ақы төлейсіздер. Қалалық бақ менің жеке меншігім емес, үкіметтікі. Ал үкімет дүниесін пайдаланғанда ақы төлемесін деген заң жоқ. Төлейсіздер.

- Білдің бе, соқыр тиын ба бермейміз. Жолға театр жаңа ғана шықты деп пе едің? Ташкент, Жетісу, Қазақстанды түгел аралағанда мұндай құқайды көрген жоқпыз. – Серке ашулана бастады.

Оңтүстікте қазақшылық жүрсе жүрер, Ақтөбеде жүре алмайды. Қайтесіз, бекерге таласып. Ендігі сөз орынбасармен болады. Ал осы. Бітті, - деп шаһар бағының қожасы әңгімені доғарды да, кетуге ыңғайланды.

- Рахмет, жарығым, - деп Жұмат қоштасты.

- Туу, сіз дағы Мәтаға, бақа-шаян, құрт-құмырсқаны басқа шығара бересіз. Әлгінің сөзі сөз бе? Құдай сақтағанда Елубай мен Қалыбек болмады, тәртіпке шақырып кететін еді.

- Қайтіп?

- Айтсам, ұрсасыз ғой. Және ана екеуі сезсе, менің жанымды шығарады.

- Уәде. Айтпаймын.

- Қыста Ташкентке барып ойын қойдық қой. Сондағы кинотеатрдың бастығы өзбек жігітінің күтімі, қас-қабағы есіңізде ме? – Ия, “Ләббай, тақсыр” деп жылпылдап тұрды ғой. Өрік, мейіз, қант, кәмпитті де шашып тастаған. Әсіресе Елубайдың алдында жаңа түскен келінше иіліп қалған. Соның себебін сіз білмейсіз. Алғашқыда суық қарсы алды. Толып жатқан сылтау айтып, кинотеатр залын бергісі келмеді ғой. Сіз Елубай екеумізді шолғыншылыққа жіберген едіңіз. Мен өзбекпен сөйлесе бастағам, Елубай есік алдында көше сыпырушымен сөйлесіп қалған. Бір уақытта Елекеңіз езуінен көбік ағызып, екі көзі қып-қызыл боп жанып, қалшылдап, дірілдеп, “ау, халла-хау-хақ! Деп айқайлап кіріп келді. Қайдан алғанын білмеймін, үстінде жырым-жырым ала шапан, аяғында мәсі, қолында аса таяқ. Тура өзбектің қасына жетіп келіп, құмалақты шашып жіберді де, алақ-жұлақ етіп, біресе құмалаққа, біресе өзбекке қарап, қылқынып, шашалып сөйлей жөнелді. “Сен маңғыт Мамадали. Махмұд қышлағынан, қатының намы Хадиша, балаң жоқ”. Өзбектің көзі шарасынан шыққандай боп қорқып кетті. “Алла, алла!” – дей береді. Елубай бір сәтте маған бөлмеден шық деп ымдап көзін қысты да: “Ал Мамадали, қатының көтерген құрсағын тастай бермес үшін, Түркістанға апар, Әзірет Сұлтан басына түнет, Сарыағаштың суына түсір”, деп барып, тағы да “ау, халла-хау, хақ!” деген әуеніне басты. Әр қарай не істегенін, неге келіскенін білмеймін, әйтеуір, бір ай бойы сол Мамадали труппаның барлық мүшесін сыйлаумен болды ғой, сізден несін жасырайын, әсіресе Елубай, Қалыбек, Иса, Әміренің аузы сырадан, қарындары қазы-қартадан кенде болған жоқ қой. Соның бәрін жасатқан Елубайдың диуана, бақсылық өнері. Айтпақшы, Мамадали екеуі ағалы-інілі адамдай туыстасып кетті. Құдай аузына салған болу керек, таяуда Ташкенттен хат келіпті, Мамадали Хадиша жүкті деп қуаныш хабар айтыпты, - деп Серке тоқтаған кезде Жұмат сылқ-сылқ күліп:

- Еллекидің ондай жатып атар қулығы барын білем. Алдын-ала Мамадали жағдайын сұрап естіп алған ғой. Дегенмен, табиғатынан жаны жылы, жүрегі дархан, қолы ашық азамат екен, аңқаулығы да бар. Кетерімізде қимай қоштасты емес пе? Несін айтасың, Ташкент сапары естен қалмас-ау, сірә. Ал енді мына Ақтөбедегі күніміз не болады?

Серке екі көзі бірдей жұмылып, масайрап барып:

- Мәтаға, былқ етпе. Әлгі жайын ауыздың да жайын таптық, - деді. Себебін кейін айтам.

Селдір өскен ағаштары көз тойдырмайтын қалалық бақтың бір жақ пұшпағындағы жазғы алаң кісі қуантарлық күйде емес екен, қиқы-жиқы, қиюы қашқан орындықтардың бояулары шытынап, түсіп жатыр, қотыр ешкінің мүйізі секілді айбақ-сайбақ. Таға секілді иіліп келген сахнаның аты дегені болмаса, он екі де бір нұсқасы жоқ, едені шиқылдап, солқылдап тұр, салмағы ауыр кісі қатты тебініп қалса, түсіп те кетуі мүмкін. Бұған ренжіп, қиналған труппа артистері байқалмады. Қарқ-қарқ күліп Қалыбек отыр: “Маған да обал жоқ. Сары ауыз болмаса кеттім құрдымға. Балықтар бір тоятын еді. Олардың да тілі бар. Сөйлесе бастайды. “Қазы-қартаға кеңірдегінен келген екен. Қымызға тойып, сыраға суарылған-ау, шамасы”, - деп біреуі тістеп кетеді. “Мынауыңның сүбесі сыраға бітеу екен”, - деп екіншісі шұқып жей бастайды. Анасы кеп бір тартады, мынасы кеп екі тартады. Ақырында қу сүйегімді ғана қалдырады ғой. Жағада сендер шулайсыңдар “Байғұс-ай, сорлы-ай, арманда кетті-ау”, - деп. Газеттер де құр қалмас. Азанама берер. Қазақ труппасының бірінші қатарлы артисі Қалыбек қапыда суға кетіп өлді, Қазына жылар дауыс салып. Уақыт өтер. Бәрің де ұмытасыңдар”, - деп барып Қалыбек бір күрсінді. – Ойбай-ау, деймін, тіпті аңғармай қалдым, емшектен келгеннен кейін бір аттамайтын басым, қалай шұңқырға лық ете түскенімді сезбей қалыппын, екі-үш рет суды жұтып-жұтып жібергенімді білем. Тұншығып кетіп барам. Мың болғыр Сарыауыз қайдан көріп қалдың мені, бүйірден жұдырықпен бір салдың, төрт-бес сілкіп, итеріп, қозғап жағаға шығардың. Сол құсқаннан әлі ішегім ауырады. Басымның зеңгені енді басылайын деді. Санаңда өлгенің осы болғаны ма деген ой жарқ ете қалады екен. Суға тұншыққанда дүниенің барлық қорғасын салмағы үстіңнен басып, жұлыныңды үзіп, тамырыңды кесіп жібергендей халге келіп, езіліп-жаншылып бара жатқаныңда, жан ұшырып шырылдамақ, айқайламақ болғаныңнан да еш нәрсе шықпайды. Бастырып, тұншығып өліп бара жатасың. Кеудеңнен бір дыбыс шығара алмай, сыбырлай қалады екенсің”.

Бұл әңгімені күліп тыңдап отырған Елубайдың өзі де онша малту білмейтін, қырда ер жеткен, өзен-көл кездессе беті-қолын жуып, аяқ-тізесін ғана шылайтын кісінің бірі болатын, бейнебір өз басынан кешкен, яки кешуі мүмкін халді көзіне елестетіп қояды. Серке жүре сөйлеп келді.

- Немене, намазға ұйыған молдадай қып, мыналарды елітіп қойғансың. Кәне, тұрыңдар, сахна жабдығын жасамасақ болмайды. Кәне, балта, балға, шегелерің қайда?

Жігіттер орнынан тез тұра қоймады. Жол соқты болған сыңайлары анық көрініп тұр. Биылғы жаз маусымында Қызылордадан шығып Қазалы – Арал – Ақтөбелетіп, одан Ақмола – Омбы – Семейді басып бір қайту мақсаты алға қойылған. Алғашқыда, жиырма алтыншы жылдың жазында Қазақстанның шығыс облыстарын аралағаннан кейін, ендігі беталыс батыс-солтүстік аймаққа бұрылуы заңды еді. Театрда қызмет етеміз, өнер қуамыз деген тілекшілердің көбі аз уақыттан кейін-ақ теріс айналып шыға келеді. Еңбек ақысы аз, жағдайы жоқ, ең бастысы ет пен терінің арасындағы болар-болмыс желік, әу деп ән саларлық, жә деп әңгіме айтарлық, хе деп біреуді мазақтарлық тыз етпе қабілет қаншаға жетсін, аз күннен соң сарқылады, артист өмірі үнемі мереке-мейрам, рахат-қызық еместігіне көз жеткізген күні тайып тұрады. Содан қыста басы қосылған жиырма сегіз адамның труппада қазір қалғаны он сегіз-ақ кісі, үш әйел, он бес еркек.

Шағыл-шағыл құм арасындағы Қазалының қарсы алуы алғашқыда көңілдегідей болған жоқ. Кинотеатрдың ескі үйі өртеніп кетіпті. Күн айналып жерге түскендей аптап, қамыстан салынған басқа үйлер неге жанып кетпейтініне таң қаласың. Артистер келіпті деген хабар тұрғын халық құлағына жетуі мұң екен, труппа орналасқан жатақ үйге келушілер қаптап кеткен. Жаңадан салына бастаған клубқа орындықтарын апарып, кіре беріс, шыға берісті сыпырып, ішін тазартып өздері дайындыққа кіріскен де кеткен. Сүйтіп дал-дал болып жатқан, он екіде бір нұсқасы жоқ үйдің ішін ойын қоюға лайықтап, түнгі сағат онның кезінде көрермен ел қолшапалақтап отырып алған. Аса көп асай-үсей, қызыл-жасыл жабдықты керек қылмайтын қысқа күлдіргі пьесадан кейін жұрт: “Ән салыңдар, күй тартып беріңдер, терме айтыңдар”, - деп отырып алған. Ертеңіне “Еңлік-Кебек”, “Шернияз” секілді күрделі дүниелер көрсетілген. “Жасасын қазақ театры, жасасын қазақ театрының қызметкерлері!” – деген ұран салып, орындарынан айқайлағандар да бар. “Біз де мәдениетке жетіппіз ғой”, - деп біреулер масаттанған. Әсіресе көзі ашық, оқыған адам Әлішер Сөйсенұлы деген азаматтың, шегедей қағып: “Мен енді жергілікті шаруалар атынан, жұмыскер, қызметкерлер атынан көптің ұсынуы бойынша қазақ театр труппасының біріншіден – саяси жағынан, екіншіден тарихи жағынан біздің туған жеріміз, Қазалы жұрты үшін жасаған тамаша еңбегі, көрсеткен өнері ұмытылмай есте қалады деп айта алам. Қазақ театры заман тілегінен, халық арманынан туған, уақытында дұрыс құрылған, оның болашағына тілектеспіз”, - деген сөздері көңілден шыққан.

Бұдан кейін труппа Арал теңізі жағасындағы балықшы ауылға тоқтаған. Поездарда бос орын болмай, екі-үш күн сонда аялдаған, күн ыстық, айнала қызыл құм. Ақтөбеге шаршап-шалдығып жетудің осындай себебі бар еді.

- Әй, болсаңдаршы, қайын жұрттарыңа келгендей шалжиып жата бересіңдер ме?

- Мәтағаң келіп қалса, бұлай отырғанымыз ұят болады.

- Тұралық!

Үлкен қанардың аузы ашылып, шұбатылған ақ кенепті тартып, суырып шығара бастады. Сүйретілген арқандары, бау-шулары бар. Кебеже көтергендер сахнаға беттеді. Алаша, сырмақ, түскиіз шығарылды. Шоқпар, қамшы, сауыт әкетіп барады. Көрпе, жастықтар бар екен.

- Шеге әкелші, мына еденнің астына біреуің түсіп кетерсіңдер, шеге әкелші, қағып тастайын.

- Арқанды қаттырақ тарт, шорт байлама, күрмесеңші, соңыра шешуге оңай.

- Шымылдықты жыртып жіберіпті, төменгі жағын тепшіп қойшы. – Тұскиізді оңға қарай тарт. Тағы да. Қатты тартып жібердік. Сәл төмен түсір. Е, жақсы, енді дұрыс келді.

- Домбыраны жастыққа сүйе.

Кешкі баққа жиналған жұрттың көз алдында сахнаға жан біте бастады. Қанардан шыққан шұбатылған ақ кенепті тартып-тартып арқан-бауларын байлағанда, қазақ үйі бой көтерді. Ың-шыңсыз, дау-дамайсыз түсініскен қимыл бар екен, әр түрлі заттар, жасау-жабдық өз-өзінің орнын тапты. Қарлығаштың ұясындай жып-жылы отау үй тігіле қалғандай.

- Шамын жағып көрейікші, кәне, электрші қайда? Түсініспеген болуы керек, әуелде ақырын сөйлесіп тұрған Серке мен электрші жігіт айқайласа бастады.

- Мен он бірде кетем. Электр де он бірде сөнеді.

- Ойын бітпейді ғой ол кезде.

- Бітпесе қайтей ін, бітпесін.

- Сенің есің дұрыс па өзі, дүйім жұрт қараңғыда сайтанның сапалағын көре ме?

- Маған десе атасының басын көрсін, менің онда шаруам жоқ, сағат он бірде электрді сөндірем де кетем. Менің жұмыс уақытым он бірде аяқталады. Болды!

- Әй, жолдас, атың кім өзіңнің. Былай түсінсеңші.

- Атымды қайтесің, жылқыға мінесің бе? Нені түсіну керек? Он бірде жарық сөнеді. Артық істегенге ешкім маған ақша төлемейді.



  • Туу, саған керегі ақша ма?

  • Иә, ақша.

  • Ендеше біз төлейміз.

  • Бізің кім?

  • Қазақ театры.

  • Төлесең болды, электр жанады. Әкел ақша.

  • Мә, қалтамда бары осы, жете ме?

  • Енді үш сом бересің. Алдап көр.

  • Алдағаның не, зәнталақ, берем дедім берем.

  • Есіңде болсын, дәл уақытында ақшаны қолға тигізбесең, сымды қиып тастау мен үшін оп-оңай, білдің бе? Мені артистерге алдатқызып, жер сипап қалатын ашық ауыз деп ойлама, бір тиынды басқаға жегізіп көрген емеспін, - деп электрші бұрқ-бұрқ етіп жүр.

Спектакльдің нағыз қызған кезі болатын. Найман билері сау ете түсті. Еспембет-Серке жаналғыш секілді. Тобықты билерін қуырып бір бұрышқа тығып, буындырып әкетіп барады. Қазір, дәл қазір қан төгілетін секілді. Кесіп алса қан шықпас, безбүйрек, кісі етін жердей болып төніп түсіп, төніп түсіп, шүйіле бүріп барады. Көрермен қауымның да өңі бұзылып, зәресі ұшып, құты кетіп қорқа бастаған. Ішегін тартып, көзі бақырайып, аузын ашып, аңырап қалғандар қанша. Осы кезде жалп етіп жарық сөнді де қалды.

- Қап!


- Ойбай, мынаған не болды?

- Жақсаңдаршы!

Бағана басына электрші шығып алған.

- Он бірден жиырма минут кетті, өтірік айттың, әй, артис, өшірем дедім өшірем! Ала көлеңке сахнадан Серкенің зілді айқайы естілді.

- Ой, антұрған, лағнет жауғыр. Үш сомда әкеңнің басы қалып па еді? Сахнаға дайындалып жүріп ұмытып кетіппін ғой. Жақ шамыңды. Бітсін ойын, үш сом емес, отыз сом берейін.

- Қазір бер.

Көрермен шулап жатыр.

Алдыңғы қатардан біреу түрегелді, бағана қасына барды:

- Түс, кәне. Жақ жарықты. Тәртіпсіз! Ертең шығасың жұмыстан. Бұл бақшаның бастығы болатын.

Шам жағылып, ойын түгел ойналып, түннің бір уағында жатаққа қайтып келе жатқанда Жұмат:

- Бақша бастығының демалысқа кететіні қайда? – деген ақырын ғана Серке қарқ-қарқ күліп.

- Таңертеңгі мінезі үшін мен оның стол үстінде жатқан әмиянын, документтерін кілемінің астына тастап кеткем. Ақшасыз, куәліксіз қайда барсын, келген ғой еріксіз ойын көрем деп. Біріне-бірі жалғасқан дүние. Ол келмесе, анау ақшадан өлген есерсоқ қараңғыда қалдыратын еді.

- Еллекидің Ташкенттегі тәсілін сен Ақтөбеде қолдандым десеңші.

- Қайтейін енді, Мәтаға-ау, қашан театрға көктөбел үй салып, қолымызды жылы суға малғанша, “ер азығы мен бөрі азығы жолда” деп жүре береміз ғой. Ал бүгін Қаллеки ерледі. Аяқ астынан жаңа ойын шығарды емес пе? – деген Серкенің қуанышы қойнына сыймай тұрды.

Спектакль аяқталғаннан кейін де жұрт тарқамай қойды, қол соғып отырып алды. Сол кезде сахнаға жүгіріп шыққан Қалыбек:

- Ал, ағайын, енді сендерге естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба? Өткеннің жалаулы батыр, қобызды жырау, домбыралы шешенінен қалған толқынды терме, тебіреністі толғау, дауылды жыр керек пе, әлде қасыңда жүрген жарлы-жақыбайдың мұңы керек қыз бен жігіттің ғашықтық хикаясын шертсем қайтер еді? Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба?

- Көргеніңді айт, көргеніңді айт, - деп жұрт шулап қоя берді.

- Қай көргенімді айтам?

Шетте отырған сұлу мұрт, қызыл күрең кісі әдейі ерегістіргендей болып:

- Әй, әртісім, мықты екеніңді көрейін, осы кеше көргеніңді, Ақтөбеге қайдан келдіңдер, соның жосығын айтып, бізді бір күлдірші, кәні. Ер екен дейін, соны айтып, дәл жаңағы кемпір шал болғандағыдай күлдірсең, құдай алдында қарызы жоқ, мына он екі таспа бұзау тіс қамшымды берейін. Тіктім, бәске. Ал күлдірші.

Қалыбек алдымен қарқылдап тұрып күліп алды. Содан кейін басындағы бөркін лақтырып тастады, шапанды жерге бір ұрды, шешті. Жұрт әр жерден мырс-мырс күле бастаған. Енді кебісті лақтырды. Белбеуді шешіп, шалбарды ыңғайлай бастағанда:

- Ойбай, мына дінсіз бүлдірмесе жарар еді, - деген дауыс шығып қалды.

Дамбалдың бауына қолын апара беріп Қалыбек отырғандарға сүзіле қарап, дауысын күмбірлете созып: - О, жарықтық Арал деген теңіз сен екенсің ғой, - деді. Бұтында бауы салбыраған ақ дамбал, кеудесі жалаңаш, бұлшық еттері білем-білем. Көзі тұнжырап, ерні жыбыр-жыбыр етіп, тылсым дүниемен сырласқандай ым қағып, ұмсынып тұрып қалған. Отырған көпшілік те ішін тартып, бір сәт тып-тыныш бола қалған. Қалыбек тағы дауысы дірілдеп үн қатты.

- Айнала аппақ құм. Елеуішпен елеп түсіргендей, аппақ тары құм. Табаннан шым-шымдап ыстық өтіп барады! Шеке қызды. Бой маужырады. Сарыауыз бен Тазша рахатқа батып жүзіп жүр. Мәтағаң көз ұшына кеткен. Еллеки мен Серке де суда. Тып-тыныш рахат теңіз. Бүлк еткен, жыбыр етіп қозғалған бір толқын жоқ. Бір сәтте селеулі дала секілді әсер қалдырады. Жайылған ұлы дастарқан іспеттес жарықтық теңіз-ай. Малту білмеймін деп тұрам ба, сүңгідім мен де.

Бір жерін жарақаттап алмады ма екен деп жұрт шу ете қалып, орындарынан атып-атып тұрды. Түк болмағандай, ұшып түрегелген Қаллеки көзі алақтап, қол-аяғын тырбаңдатып малту білмейтін адамның қимылдарын салып, сахнада әрлі-берлі ербеңдеп жүре бастады. Біресе – алға, біресе – артқа кетеді, аяғын жаңа басқан бота секілді ме, жүрістен қалған шал секілді ме, есінен айрылған мас секілді ме, - әйтеуір, ербең-сербең қимыл. Бір мезгілде буыны кілт ете түскендей болды да, көзі алайып, суға шашалған кісінің кейпімен қиқылдап, шиқылдап қалды. “Ех, ех” деп барып серейіп, суға түскен балта секілденіп, мелшие құлап бара жатты.

- Ойбай, ана байғұс өлді ғой, ұстамасы бар екен ғой сорлының, - деп бағанағы сұлу мұрт орнынан атып тұрғанда, Қаллеки:

- Сайтаны да жоқ, дін аман, отағасы, - деп саңқ етіп ұшып түрегелді. Анау да сөзінде тұрғыш ер екен:

- Күлдірмесең де шошыттың. Жарайсың, жігітім! Сөзім – сөз. Мына қамшы енді сенікі, - деп сахнаға он екі таспа, бұзау тіс дойырды лақтырып жібергенде, Қаллеки “Әппай” деп қағып алды.

Түн ортасына дейін созылған спектакль концертке ұласып, таңға жақын шаршап құлаған Жұмат шырт ұйқтап кеткен екен, аяқ астынан қағылған тасыр-тұсыр сыр дауыстан шошып оянса, Жанбике жалма-жан көрпесін кеудесіне тартып, басын жастықтан жұлып алды:

- Құдайым-ау, бұл қайсысы?

Дабыр-дұбыр дауыс, тарс-тұрс қозғалыс көбейіп кетті.

- Не керек? Неге шулайсыңдар? – деп есік ашқан Жұматты еңгезердей біреу құшақтап, бет-аузынан түк қалдырмай сүйе бастады.

- Бар екенсің ғой, боздағым. Аман екенсің ғой, азаматым. Ә, мынау, дәу де болса, келін шығар, сірә... Кел, сені де сүйдім. Қысылатын түк те жоқ. Ойбай-ау, өзің, келін шырақ, ешкінің лағындай ғанасың ғой, бір шөкім. Пәй деген, қабырғаңды санап алғандай.

Әп-сәтте у-шу болды да кетті. Жанбике келген кісіні танымаса да бір жағынан қысылып, бір жағынан таңырқап төсек-орынды, көрпе-жастықты жалма-жан жинастырып, көйлек-көпшікті шкафқа тығып, тарқатылған шашын түйіп, ұйқылы-ояу берекесі қаша жүріп, ес жиып, ояна бастады. Енді ғана көз тоқтатып қарап еді: екі иығына екі кісі мінгендей, қалың мұртты өңкиген қара кісі бөлме ортасында Жұматтың төбесінен қарап, ыржиып күліп тұр.

- Түк өзгермегенсің. Сол күнге қақтағандай арық қара, сол арық қара. Өй, азаматым-ай! Ой, боздағым-ай! Келінді де өзіңе лайық таңдаған екенсің, ә. Кішкене етжендісін таппадың ба? Әлгі әнде айтылатын бір мысқал ғой мынау, салмағы білінбейтін. Балалардың алды ер жетіп қалған шығар. Бізде де шүкіршілік, бас жағы бар.

Келген кісі мен Жұмат бір-бірінің бетіне қарап, бірін-бірі арқаға қағып, о жер, бұ жерлерін сипап, ұстап, бірдеңе деп сыбырласып, түсініксіз нәрселерді айтып, әлденеге күлісіп отырған қызық қалыптарын Жанбикенің саңқ ете түскен дауысы бұзды:

- Келін, келін деуіңізге қарағанда: Мәт ағаңнан жасыңыз үлкен секілді. Сірә, қайнаға боларсыз. Ал енді қарасақал қайнаға, тәтті ұйқыда жатқан елді дүрліктіріп, жеті түнде шулатып ояттыңыз. Алдымен кімсіз, қайдан келдіңіз, не шаруамен жүрсіз дейміз. Одан кейін белбеуді тастап, шапанды шешіп, төрге шығыңыз демекпін. Бір-біріңізді жоғалтып тапқандай, қиямет қайымнан өтіп, жұмақта кездескендей отырыстарыңыз қай отырыс?

Келген кісі тас құлатқандай зор дауыспен қарқылдап күлді:

- Тергеуге алайын дедің бе? Айтайық жөнімізді, айтайық. Айтпағанда қайда барамыз. Менің атым – Тастан, - дегенде Жанбике көзінен бір сәулелі ұшқын жарқ ете түскендей болды да, ол құшағын жая ұмтылды.

- Ағатай-ай, Тастан деген аяулы ағамыз сіз екенсіз ғой. Мәтағаң үнемі аузынан тастамай айтып жүреді: “Егер сол Тастан деген азамат болмаса мен Рига түбінде бір шұңқырда шіріп қалатын едім. Әсіресе түрмеден шыққаннан кейін туған ағамдай күтіп, бақты, емдеді. Өкпеге тиген суық, көк жөтел дегендерді неше түрлі шөп қайнатып беріп емдеді”, - деп. “Қол үзіп, хабарсыз кеттік, есіл ер қайда екен” – дейтін. Сіз аман-есен бармын деңіз.

- Болмағанда. Құдайдың айтып келген ажалы болмаса, маған кім тисін. Қырық жыл қырғыннан оралатын кебенек киген ерің мен шығармын, - деп Тастан масаттанып қояды.

Мұңға батқандай күйде қайғылы жымиыспен көз тастаған Жұмат:

- Өткеннің көбі ұмыт қой. Әйтпесе Тастан сенің қыршын ғұмырыңды бір тарыдай қорғасын кесіп кете жаздады емес пе? Есіңде шығар, байғұс, сорлы Ғазиз үшін шайқасқан күндерді айтам. Орнымыздан тұрмай, жұмысқа шықпай сіресіп жатып алдық қой. Қарсылық, забастовкамыздың түрі. Сөзбен көндірмек, қойдырмақ болды. Төсек-төсектің арасымен жүріп, таяқтап та көрді. Бәрібір тұрмай қойдық. Содан аштан бұралып бір жұма жаттық. Ақыры офицерлер қаһарына мініп, тіпті түнге қарай дәретке шығаруды қойды. Ақыры өзекті жанға бір өлім деп, жаттық та қойдық. Есіңде шығар, бір күні таңға жақын шаң-шұң дауыс естілді, үрген, ырылдаған, абалаған иттер. Бір мезгілде тайыншадай-тайыншадай иттерді қоя бергені бар емес пе? Аш қасқырдай жалаңдаған овчаркалар есік жақта жатқан жігіттердің көрпесін дал-дұл қылып, бірден тиген жерден алып талай бастады. Ойбайлаған, аттандаған, жанұшырған дауыстар: “Өлдім! Алла! Құтқар!” Опыр-топыр, айқай-шу. Ит пен адам алысы. Әркім қолына түскен нәрсемен овчаркаларды ұрып жүр. Қайдан алғаныңды білмеймін, сенің қолыңда – сүймен. Тістері қанжардай жарқыраған, арандай ауыздарын ашқан, арс-арс еткен овчаркаларды сүйменмен бір-бір ұрып құлатып жүрсің. Қыңсылап барып, сүйретіліп құлайды. Ит талаған жігіт те құлап жатыр. Судай аққан қызыл қан, біреудің құлағын жұлып әкеткен, біреудің бет-аузынан түк жоқ, біреудің ұлы денесі, біреудің қолы, біреудің аяғы – тістегеннің тісінде кеткен. Адам мен аңның арпалысы. Бір аяғы бір иттің аузында, ал өзі жандәрмен бар күшімен екінші итті кеңірдектен сыққан жігітке, Сәлімрахманға сен жетпесең, бейшара өлетін еді ғой. Екі соғып екі овчарканы да сылқиттың. Қып-қызыл майданды беті бүлк етпей бағып, адамды итке талатқаннан рахат тауып тұрған жауыз офицер “бұралқы, бұратана, өңкей, Ресей армиясы үшін окоп қазу сендерге бақыт емес пе? Соны түсінбедіңдер. Ал итке таланып көріңдер, сілімтіктер. Сол керек, сол керек сендерге!” – деп аузы жыбырлайды. Кенет айқай салды: “Сүмелек! Текті овчаркадан садаға кеткір. Мә, саған, мә, саған!” Мылтық дауысы гүрс-гүрс ете қалды. Түгел шошып құладық. Шойралаңдаған, қыңсылаған иттердің дауысы, ыңырсыған, ойбайлаған адамдар дауысы. Тастан сен “Қап!” деп барып құладың ғой. Өлдіге санадық. Бұрылып қараған офицер де жоқ. Жан ұшырып жүріп, есіме Балташас түсті емес пе? Ригаға кетіпті, екі күн келмеді. Сенің ыстығың көтерілді. Ернің шыт-шыт болып, ыңырсыдың да жаттың. Бар білгеніміз бұрын ауылдан көрген нәрсе, жараның аузына киіз күйдіріп басу ғой. Киіз табыла ма ол жақта, ақыры бірнеше ұлтарақты күйдіріп бастық. Сонда қыңқ етпедің-ау, сабаз. Балташас келгенде жараның аузын көріп, “мына халық емі қандай дуалы” деп таңқалды ғой. Сонда деймін, сол екі оқ аяғың мен қолыңа жанап өтпесе, жанды жеріңе тисе, бітті емес пе шипаң. Сорлы бала Ғазиздың жанында бір елеусіз төмпешік болып, сен де қалатын едің. Жылай-жылай қош айтысамыз, не істейміз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет