- Рахмет, шырағым. Ендігісін өзіме беріңдер. Тегінде еркек турап берген қуырдақ тәтті болады. Әйтпесе Алтайжан екеуміз де бірдеңе етер едік. Әрі қарындарың ашып келген сыңайларың бар. Сол үшін әуре еттім. Балам, құман әкел, ағаларың қолын жусын, - деген апасының сөзін Алтай екі еткен жоқ. Иығында орамал, бір қолында кішкентай ғана шылапшын, бір қолында құман:
- Кәне, жуыңыздар, - деп сыздықтатып су құя бастады.
- Таудай бол, азамат бол, - деді Жұмат.
- Молда бол, - деді Сәлімрахман.
Алтай бетінің ұшы шұқырайып, күлімсіреп тұрып:
- Мен азамат та емес, молда да емес, батыр болғым келеді, - деді. – Атам секілді тауда жүріп арқар атам. Сонда сен, аға, маған мына шолақ мылтығыңды бересің бе? Сен бәрібір ол кезде қартаясың, жүре алмай, жатып қаласың ғой, - деп Сәлімрахманға қарады.
- Ой, күшік, кім айтты саған оны. Сенің жетпістегі Дәрібай атаң әлі қақшаңдап шауып жүргенде, мен неге қартаям? Қартаймаймын.
Алтай тіксініп қалды:
- Жас болсаң да, атам сенен күшті. Күрессе сені алып ұрады. Ол мерген, атса, сені жалпаңнан түсіреді. Оның мылтығы сенікі секілді шолақ емес, ұзын мылтық, сирағы бар, ұқтың ба?
- Сен не білесің мылтықтан, жаман неме? Менің мылтығым бір атқанда жеті рет атады. Ал атаң сирақты шиті мылтығымен бір рет ату үшін қанша азапқа түседі?
- Иә, саған. Өтірік айтасың.
- Жүр ендеше, көрсетейін. Далаға шығайық.
Жантайып демалған Жұмат мызғып кетіп еді, бұлардың сөзін естіген жоқ. Есік алдына шыққан бойда Сәлімрахман бір керілді, бір есінеді. Жан-жағына қарады.
- Кәне, шолақ мылтығыңды атып көрсетші, - деді Алтай дегбірсізденіп.
- Өтірік айтасың, жеті рет түгіл, бір рет те атылмайды. Мынадан атамның шиті мылтығы артық.
- Тұра тұр, балақай. Тұра тұр, асықпа. Қазір қарауылға бірдеңе іліксін.
Сәлімрахманның көзі қарсы бетте, ін аузына шығып, селтиген суырды шалды. Артқы екі аяғымен шоқайып тұр. Алдыңғы екі аяғын көтеріп алған. Май басып, көзі бітиіп, әукесі салбырап, мойны мен басы тұтасып кеткен кебеже қарын семіз кісі секілді. Шақ-шақ етіп, жағымсыз дыбыс шығарды. Ініне сып етіп, қайта кіріп кетті.
- Ой, аға, өтірікші екенсіз ғой, - Алтай Сәлімрахманды өзімсіне бастады. – Сенің бұл шолақ мылтығыңнан менің атам талдан иіп берген садағы артық. Мұның оған не дейтінін сен білесің бе?
- Садақтың оғы дейді.
- Ұят-ай, білмедің. Атам айтқан. Қара, ана қурайға тигізем. – Алтай талдың көкбұтағынан иіп, жіптен адырна жасап қойған кішкентай садағына ши оқ салып, аяқтарын алшақ қойып, сол көзін қысып, өзінше әбден баппен көздеп тұрып-тұрып атып қалды. Расында, оғы қурайға тиді. Мәз боп күліп қоя берді.
- Айттым ғой саған. Мен атам секілді мерген болам. Қазір көзмергенмін. Кейін үлкен болғанда, сілтегенде қалт жібермес қолмерген болам. Ал сенің шолақ мылтығың атылмайды. Өтірік айтасың. Одан менің садағым артық. Атылмайды шолақ мылтығың. Атылмайды.
Осы кезде суыр інінің үстіндегі үйінді топыраққа қайтадан шыққан. Қаннен-қаперсіз былшиып тұр еді. Сәлімрахман:
- Ал, бала, олай емес, атқан деген былай болады, - деп әуелі суырды, одан кейін төмендеп ұшып бара жатқан торғайларды қас қағымда атып-атып жіберді. Бірінің артынан бірі жеті рет шаңқ-шаңқ еткен оқ ауаны қауып-қауып алды. Жүгіріп жеткен Алтай тіксініп қалды. Қай жеріне тигені белгісіз, ін үстіндегі үйіндіде суыр жатыр. Аузы ашылып, тісі ақсиып, көзі бақырайып қалған. Жүні екі елі, үлкен суыр екен. Етігінің ұшымен суырды аударып түсірген Сәлімрахман:
- Бала, қалай екен жаман ағаң? Ит жеп қояды, үйге апар, апаңа бөрік тіккізіп аласың, - деді. Шегіншектеп, қорқыңқырап тұрған Алтай:
- Мынаны қараңыз, торғайға да тиіпті, - деді басының мылжа-мылжасы шыққан, бір уыс болып қалған торғайды көрсетіп. Баланың дауысы қалтырап, жыламсырап шықты. Әлгінде ғана кең аспанда заулап ұшып, сорғалатып, төгілтіп ән салған еркін құс жоқ енді. Осы кезде шеткі қараша үйдің қасында, жер ошаққа қуырдақ пісіріп жүрген Алтайдың апасы да, қонақүйде ұйқтап қалған Жұмат та асығыс беткейге жеткен еді. Баласының қуқыл тартқан өңін көрген апасы:
- Құлыным-ау, аманбысың өзің, - деп шырылдап қоя берді.
- Өй, тапа тал түсте, ел аман, жұрт тынышта мылтық атып, жынданып кеттің бе, ей, Сәлімрахман. Денің сау ма сенің? – Жұмат түтігіп, айқайлап жіберді.
Қаперіне ештеңе келмеген Сәлімрахман миығынан күліп тұр.
- Мына күшік әбден намысыма тиді емес пе! Әуелі атасының шиті мылтығын мақтасын, одан кейін талдан иген садағын көрсетсін. Наганның не екенін білсін деп, басып-басып жібердім. Ендігі заман наганда қалды ғой, ертереу даусын естіп, ертерек күшін білгені дұрыс.
- Өй, сен не тантып тұрсың?- Жұмат қабағын түйіп алыпты. Жүрегі шошып кетсе, қайтесің? Бес жасар баламен салғыласып, мылтықпен ойнағаның қай жынданғаның, ей, сенің.
Бағанадан бұлар аңғармапты, қыңсылап шойнаңдап Алтайдың қасына Көктөбет келді.
- Ойбай, апа, Көктөбетімнің аяғына да оқ тиіпті, - деп Алтай жылап жіберді. Қыстығып, булығып тұр екен, көзінен моншақ-моншақ жас ақты.
- Енді ақсақ боп қалады ғой, - деп еңіреді.
Сәлімрахман сасып қалды.
- Бұған қалай тиген? Сандалған оқтың шатасуын қарашы. Кәне, көрейінші, - деп еңкейіп, алдыңғы сол аяғына қолын апара бергенде Көктөбет тісін ақситып, көзі от шашып, ырылдап қоя берді. Сәл сақтанбаса, Сәлімрахманды қауып алатын еді.
Бұдан кейін бірталайға дейін үнсіздік басталды. Қаймаққа піскен, қара қуырдақ үнсіз желінді. Айдалада, бейбіт жатқан үйге келіп, асын ішіп, аяғына тепкендей болып, бейбастақтық жасап, мылтық атып, итін жаралаған Сәлімрахман қылығына Жұмат күйініп, түтігіп, мысы құрып отыр. Тіпті айтарға сөз табылмады. Шәй ішіліп бола бергенде, ат тұяғының дүбірі естілді. Томсарып отырған Алтай орнынан ұшып тұрып:
- Алақай, атам келді, - деп тысқа жүгіре жөнелді.
Еңгезердей адам:
- Ассалаумағалейкум, жігіттер, - деп үйге өзі сәлем бере кірді.
Сырт киімдерін адалбақанға іліп болып:
- Бәйбіше, құр шәй тартып отырсыңдар ғой, бұларың қалай? Қонақтар қашан келіп еді? Бағана бір әзірде наганның жайсыз, асығыс атылған даусы естіліп еді. Біздің үйде маңынан шықты-ау деп шамалап едім, шамасы дұрыс болжаған екенмін, - деп бірден сөйлей жөнелгеніне қарағанда, ашық, ақ көңіл адам секілденді.
Малдасын құрып, ыңғайланып отырып, шәйді сораптай ішіп:
- Иә, Сәлімрахман шырақ, мал-жан, үй-ішің аман ба? Шешең тың ба? Зайсаныңдағы, шаһарыңдағы ел іргесі тыныш па? Мына азаматты танымадым ғой, - деп сөзді өзі сабақтап берді.
Бағанадан тұнжырап қалған Сәлімрахман жөн-жосықты айтып, кішкенеден кейін көсіле бастады. Әрлі-берлі жүргіншінің, қашқын-босқынның сергелдеңін арғы бетке кетушілер жайын көбірек тоқталып айтты. Ел тонаған, мал айдап қашқандарды аямайтындарын ерекше ескерте келіп, Дәрібай жақсы білетін кейбір адамдардың есімін аузына алды.
Кең, биік маңдайлы Дәрібайдың дөңес мұрыны, үлкен, шаралы көздері, қалың қастары Жұматқа салған жерден ұнады. Мол пішілген сом тұлғалы адамның жетпіске жасы кіріп кетсе де, еңкеймей, бүгілмей, қаққан қазықтай асқақ отыруында тектілік бар деп ұқты. Әсіресе тұтас ағарған, күмістей жылтырап тұрған қаба сақал бұл адамды еріксіз сыйлауға мәжбүр ететін секілді.
- Жөн, - деді Дәрібай екі жігітке кезек көз тастап. – Тәңірдің бұйрығы, тағдырдың жазмышы деген осы. Жаһан соғысына, әскерге алынып, одан тірі келіп, төңкеріс кезінде опат боп кетпей, қайта мансапқа ие болып, бірің бір шетте, екіншің екінші шетте қалмай бұл қайта табысуларың табысу-ақ. Жолдарың болсын!
Зайсанға баратыны жиырма екінші жылдың мартында шешілгенде Жұмат белгілі адамдарын, жер жағдайын ептеп сұрай бастаған. Сонда көп сөздің аяғы, көп түйін мұны енді бір білсе Дәрібай ақсақал біледіге саятын. Тығыз-таяң жұмыстар кесе-көлденең тұрып алып, арнайы іздеп шығуға мұрша келтірмеді. Дәл осылай кездейсоқ жағдайда аңсап жүрген адамының үйіне тап болам деп Жұмат әсте ойламаған.
Бұл кезде Алтай атасына наган жайып, өлген суыр, өлген торғай, жараланған Көктөбет әңгімесін айтып үлгіріп болып, енді шиті мылтықтың оғы алысқа жете ме, жоқ, наганның оғы алысқа жете ме деген сөздерді қозғай бастаған. Дәрібай жымиып:
- Е, таң қалатын не бар? Бұл Сәлімрахман жалпақ дүниені түгел көріп келіп, зауытта істеп, соғысқа барып, арыстанның аузынан, түрікпеннің түбінен аман келіп, қазір әскер бастық болып тұрған шағында суыр атып, торғай жайпап, ит жараласа, оған несіне таң қаласыңдар? Мұның бір атасы не істегенін білесіңдер ме? – деді. - Өзі біледі ғой, әрине. Сен біздің елдің әңгімесіне әзір қанық емес шығарсың, Жұмат. Мұның бір ағасы, сірә, батыр кісі болса керек, жолға шықса, тақымынан шоқпарын, иығынан мылтығын тастамайды екен. Батыр ғой, қашанда серік ертпей, жалғыз жортады. Хош, сол батыр ағасы жаздыкүні жолаушылап келе жатады. Күн ыстық. Ел жайлауға, өзен, көл, бұлақ сағалап көшіп қонған. Әр жерде көктеу кезінде қалған сары жұрттың орны көрінеді. Батыр ағасы келе жатыр. Көкжиекте сағым көтерген таулар қалқиды. Ертегі әлеміндегі сұлулар, хор қыздары шығады. Күмбездер, ғимараттар шалынады. Оты жұқа, сортаңды жермен келе жатса керек. Кенет әлгі суреттердің бәрі жойылып кетеді. Айдала. Анадай жерде аузын арандай ашып арыстан тұр. Айдаһар ма? Арыстан? Айдаһар? Сәлімрахманның батыр ағасы саса ма, саспайды. Жан берген оңай ма? Жалма-жан үнемі тастамайтын мылтығын ала сап, көздеп тұрып, дәл жүректің тұсы осы-ау деп арыстанды атып кеп жіберсін. Арыстан екі-үш рет ақырып, домалап-домалап кетті дейді. Батыр ағасы жалғыз баруға сескеніп, кім білсін, тіріліп кетуі мүмкін ғой! “Мен арыстан атып алдым, жүріңдер, жігіттер, терісін союға көмектесіңдер” деп ауылға аттандап, шауып жетіп барады. Ауыл үрпиісіп қалған. “Астапыралла, ақырзаман бола ма, қайдағы арыстан бұл жерде” десіп, әр саққа жүгіріп, ақыры улап-шулап жүріп, біреу шоқпар алып, біреу сойыл алып, біреу дырау алып, қойшы әйтеуір, мұздай қаруланып, арыстан атқан тұсқа тартады. Расында батыр ағасы айтса айтқандай екен, анадай жерде теңкиіп, күнге жалы шағылысып, өлі арыстан жатыр. Баруға ешкім батпайды. Батыр ағасының өзі қаймығады. Қайтадан тіріліп кетіп, ат-матымен жұтып қойса қайтеді? Жеті басты жалмауыз, алты басты айдаһар болса, әлі тірі жатса, не істемек? Тағы да екі-үш рет оқ шығарып, арыстанның өлгеніне әбден көз жеткізген соң, батыр ағасы бастап, ат қойып аттандап шауып жетеді. Сөйтсе, батыр ағасының арыстан деп атып жүргені – жұртта қалып, әбден жаңбыр шайып, жел соғып, күн жеп қаңсып біткен киіз үйдің ескі шаңырағы екен ғой.
- Ой, Дәке-ай, қайдағы ертегіні, бала сенбес өтірікті айтатыныңыз не? – деп Сәлімрахман жақтырмай қалды.
Жұмат сылқ-сылқ күліп отыр. Дәрібай масаттанып:
- Батыр ағасы арыстан деп шаңырақ атса, енді төре інісі тапа-тал түсте торғай атыпты ғой, - деп қалжыңды ұшықтыра түсті.
- Мұның тағы бір ағасының қызығы бар. Оны артынан айтармын. Қанша тығыз, асығыс шаруаларың болса да мен енді сендерді жібермеймін. Кемпірім мен баламды қорқытқан, итімді жаралаған айыптарың бар, соны жуу үшін бір бағланның етін жеп кетесіңдер, - деп Дәрібай өзі билеп-төстеп барады.
Күн жарықта Зайсанның қаласына жету керектігін, уақыт аздығын Сәлімрахман қанша пысықтап айтқанымен, тоқтайтын түрі жоқ. Ал Жұмат ретін тауып, жалғыз қалып қойсам деп отырған. Үй иесінің өзі қолқалағанына іштей қуанды.
- Балам, - деп Дәрібай иек қағуы мұң екен, Алтай пышақ, қайрақ алып келді. Жұмсақ, ортасы шұқырая бастаған қайраққа жанып-жанып жібергенде, Дәрібай қолындағы пышақ лыпып шыға келді.
Бәрі есік алдына шыққан. Сәлімрахман:
- Дәке, мен сыдырып тастайын, - деді бағланды әкелгенде. Білегін сыбанып алған Дәрібай:
- Сен қонақсың. Олай ету жарамас. Мынау өздеріңе бұйырған мал екен. Кәні, Жұмат шырағым, ниет қыл, - деп алақанын жайды. Қапелімде, мұндай нәрсені күтпей қалған Жұмат тосылыңқырап тұрып:
- Сенде жазық жоқ, бізде азық жоқ, аллакпар, - деп бетін сипады.
Дәрібай сол қолымен бағланды топ еткізіп жығып, тізесімен басып тұрып, көз ілеспес жылдамдықпен оң қолындағы қылпылдап тұрған пышақпен тамағынан орып жібергенде, ыстық, буы бұрқыраған қан легенге сау ете қалды. Бағлан аяғын бір-ақ серпуге шамасы жетті де, сеспей қатты.
- Балам, - деді Дәрібай. Алтай жалма-жан бағланның бір сирағына жармасты, кішкентай бәкісі бар екен, теріні сыдырған болып отыр.
- Мүслима, - деді Дәрібай. Әйелі шелекпен су әкеп, бағланның шек-қарнын жуып-шая бастады.
Бұлардың қимылын, қас-қабақтан түсінісуін бағып, қарап тұрған Жұмат іштей әр түрлі ойға кетті. Неге жалғыз үй отыр? Өзгелер қазір жайлауда. Бұлардың бір сайдың ішінде бұғып қалуында не сыр бар? Әйелі қырыққа енді шыққан адам. Алтай өз перзенттері ме? Дәрібай айтты деген әңгімелердің кең тарауында себеп бар екен-ау. Шаңырақ атқан даланың Дон Кихоты болды ма, әлде қалжыңға айтылған қаңқу сөз бе? Көп лаң шығарып, бүлік салып, шекара асып кеткен жуан ауыл Дәрібайдың аталастары деп бірнеше рет естіген.
Қайтадан үйге кіріп, бағланның құйрық-бауыры мен қымыз ішіле бастағанда, Дәрібай көңілді отырды:
- Бәйбіше, - деді Мүслимаға бұрылып. – Сен дастарқаныңда кімдер отырғанын сеземісің? Әй, үндемесім-ай, сезбейсің ғой. Баяғы болысың мына Жұматтың қолына су құя алмайды. Бұл уком екен, бұрынғыша айтқанда, бірнеше болыстың үстінен қарайтын аға сұлтан, қазіргі Зайсан атырабында ұшқан құс, жүгірген аң, түшкірген адам осы қайныңның құзырында.
- О не дегеніңіз? Артық айтып отырсыз, - деп сөзге Сәлімрахман араласты. - Болыс деген жауыздар, қан сорғыштар. Большевиктер теңдік әперуші, кедей-кепшік сойылын соғушы.
Атасы келгеннен кейін үлкендердің сөзін бөлмей, тыныш, томпиып қана отырған Алтай жалт қарады:
- Аға, қанды қалай сорады? Неге қан сорады? Құсады ғой.
Баласына Дәрібай жауапты өзі берді.
- Құлыным, адам адамның қанын сормайды. Бұл ағаң қалжыңдап айтады. Болыстың да жақсы-жаманы бар. Жөн-жосықты білмесе, алды-артын аңғармаса, елді қайдан басқарсын. Параға семірген небір жемқор жалмауызды көрдік қой. Адал, ақ жүреміз, дүниені теріс тең ұстаймыз деген жол – хақтың жолы. Ал, бәйбіше, өзің қуырдақ туратқан мына Сәлімрахман екінші мықтың. Ұрлық-қарлықты тию, бандыны, қашқынды құрту, ел ішіндегі тәртіп – бәрі осыған бағынады.
Аузы ауыр, мінезі сабырлы екені бағана аңғарылған Мүслима осы тұста өзін-өзі ұстай алмады:
- Бетім-ай, мен мұндар қайдан білейін. Ауыл арасының көп қыдырмашыларының бірі шығар десем. Заманның өзгергені осы, төңкеріс дегенің осы болғаны ғой, әйтпесе бұлардай отызға жетпеген жап-жас жігіттер кеше бүйтіп ел басқарар ма еді? Ақсақалдар тұрғанда мұндайларға жол берер ме?
- Ал, үндемесім, енді айыбыңды тарт, - деді Дәрібай әйелін одан сайын қаузап.
- Не айыбым бар! Жазығым – танымағаным. Қайта ескі сарынды қозғап, түртпектеп отырған сіз айып тартыңыз, - деп ақсақалының көзіне күлімсіреп қараған Мүслиманың бетінің ұшына қызыл жүгірді. Ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық, жақсы жарастық, жылы шырай анық аңғарылып тұр.
- Олай болса, мен Сәлімрахманның батыр ағасы жайында тағы бір әңгіме айтып берейін, - деп Дәрібай тамағын кенеді. – Батыр ағасы жолаушы жүргенді ұнатады екен. Және жалғыз жүреді деп айттым ғой бағана. Жалғыз адам қанша берік болғанмен, жалығады, іші пысады. Сондықтан біреумен кездесіп қалса, шүйіркелесуге құмар. Әсіресе, Сәлімрахманның батыр ағасы айдалада жүргенде қара тартып, жолыққан адамнан “Не жаңалық бар?”, “Не әкеле жатырсың?”, “Қайда барасың?” деп сұрар еді. Бірде батыр ағасы арбалы қазаққа жолығады. Тоқтайды. Сұрайды: “Не әкеле жатырсың?”. Анау айтады: “Тұз әкеле жатырмын”. “Қайдан?” “Былтыр Көк өзеккке бір шелек тұз егіп едім, сол биыл өсіп, өніп көбейіп кетіпті, соны арбалап тасып жүрмін”. Батыр ағасы ойланып қалады. Жәрмеңкеге барып, әуре болып, әлекке түсіп, тұз тасып жүргенше мынаған ұқсап мен де тұзды неге егіп алмаймын? Түсі жылы адам екен, бір қоржын тұз берер. Содан батыр ағасытаңдап жүріп, түгін тартсаң майы шығатын тың жерді тауып, соқамен баппен жыртып, тұзды қолмен шашады. Бұны ешкімге айтпайды. Тұз жайқалып өсіп шыққан соң, ауыл аймағын қарқ қылып тастамақ. Ылғи барып, қашан қылтиып шығар екен деп қарап кетіп жүреді. Қанша барса, ешқандай белгі жоқ. Безерген топырақ. Содан қашанғы шыдасын, бір күні әйеліне ақырын сыбырлап “осылай да осылай, сен не ойлайсың?” – дегенді айтады. Әйел заты сұңғыла емес пе, ойбайлап қоя береді: “Тағы масқара болдың ғой, әбілет басып. Шаңырақ атып, арыстан аттым деп елді дүрліктіріп, мазаққа қалып едің. Мынауың не сұмдық енді. О заманда, бұ заман, мұсылманда, кәпірде тұз екті деген масқараны қайдан естідің? Өшір үніңді, тірі жан естімесін”, - деп зарлап қоя береді. Әйел тілін алатын Сәлімрахманның батыр ағасы ма, “Қатын, сен не білесің? Оттамай, тыныш жат”, - деп, ертеңіне құрдастарының біріне айтады. Анау да бір қу мүйіз екен: “Пәлі, сен қызық екенсің ғой. Еккенің дұрыс. Енді суғармайсың ба? Суғар. Сонда қаулап өсіп шығады?” – дейді. Содан Батыр ағасы әлгінің айтқанын істеп жүргенде, үстінен көп адам сау ете түседі. Бәрінің сұрағы бір: “Не істеп жүрсің?” Бәрі күліп қоя береді. Сонда Батыр ағасы санын бір-ақ соққан екен дейді. “Алдаған екен ғой антұрған”, - деп өзі қоса күледі. Сөйтіп мына Сәлімрахманның Батыр ағасының “Шаңырақ атқан” атағы қалып, “Тұзеккен” атағы тез жайылып кетіпті, - деп сөзін тамамдаған Дәрібай жас балаша сақылдап күліп жіберді.
Жұмат күлді. Мүслима күлді. Алтай күлді. Сәлімрахман қабағы қатуланып:
- Дәке, мұндай қисық-қыңыр, қаңқу сөз емес, мына қонағыңа, Жұматқа сарынды сөз, тағлымды әңгіме айтсаңшы. Менің Батыр ағамның “Тұзеккен” атағын елдің бәрі біледі. Одан да, Дәке, ақыры бүгін жібермейтін түрің бар, “Арқалық батыр” жырын айтып берші, - деді.
- Өйдәйт деген, ол сенің бала кезіңде жырланған дүние. Айтпағаныма қанша жыл өтті. Көп сөзі ұмытылған да шығар-ау.
- Несіне жасырасың? Шалдардың бәрі ескі қара сөзбен айтылатын әңгімені дастанға айналдырған Дәрібай ақын, “Арқалық батырды” шығарған Дәрібай ақын дейді. Мен аттарды қарап келейін, содан кейін жыр тыңдайық.
Сәлімрахманның біресе, “сіз”, біресе “сен” деп ұйтқытуы Жұматқа ұнаған жоқ. Дәрібай екеуінің арасында бітеу жара секілді бірдеңе барлығын ауылға бұрылғанда сезген. Бірақ екеуі де сырттай орағытып, сипай қамшылап, тура жолға түспей, төңіректеп кетіп отырғаны анық.
- Жырдағы көп оқиға Тарбағатайдың арғы бетінде болатын сияқты еді, - деп Жұмат сөз қыстырды. Қасы, көзі қиылып, анда-санда жымиып қойып, сөзді негізінен үндемей тыңдап отырған Жұматтың сыры ішінде екенін Дәрібай тез аңғарған болатын. Үлкен атыраптың жас бастығының сабырлы мінезі, ақылды жүзі ұнаған. Бағанағы әңгімелерге құмарта, зейінмен құлақ қойған жігіттің бет-құбылысы басқалардың аузынан бұл сарындарды бұрын естігендікті сездірген. “Арқалық батыр” жырына қатысты айтқан сөзі мынау. Зайсанға енді келіп жатқан азаматтың Тарбағатайдың бергі беті емес, арғы бетіндегі жер, су аттарын сөз қылуы қалай? Әлде сол жерлерде болды ма екен? Онда қалай барады? Әлде біреу айтты ма?
- Жұмат шырағым, оны сен қайдан білесің? – деді Дәрібай ойының аяғын ашып.
- Ол жырды екі-үш рет әркімнен естідім. Қағазға түсіріп алдым.
- Ә-ә, қағазға түсіріп қажеті не?
- Менің ептеп жазып-сызатын машығым бар. Көбінесе ел арасында айтылған, нақты болған оқиғаларға, ескі өлең-жырға, аталар сөзіне сүйенем. Соларды пайдалана отырып, қосып, өзгертіп, жаңартып, қазіргі заман шарттарына лайықтаймын. Біздің елде болған Айдарбек, Торсықбай қу дейтіндердің басынан өткен оқиғаларды, істерді қағазға түсірдім. Сізге қалай түсіндірсем екен, оқиғаны баяндап айтпайды, әркім өзі сөйлеп отырады. Орыстар мұны пьеса дейді.
Көңіл қойып тыңдап отырған Дәрібай:
- Е, шырағым-ау, оны орысшаламай-ақ, қазақша айтыс десеңші. Ондай нәрселерді көзім шалғаны бар. Осы біздің елдің жігіті, Көлбай деген, Уфада медреседе оқыған, бір болған жағдайды қара сөзбен айтыстырып жазып шығыпты. Ол кітабы менде бар. Қыстауда қалды.
Жұмат Дәрібайдың сауатты адам екенін енді біліп, әлгі қажетсіз ежіктегендігіне қысылып:
- Мәселен, жырды бір кісі айтып берсе, пьесаны көп кісі көрсетіп беруіне, әркім өз сөзін айта жүріп, мінезін, жүріс-тұрысын байқатуға болады, - деп тоқтадады.
Қасының арасы қосылыңқырап, ойланып қалған Дәрібай:
- Мынау қызық нәрсе екен. Тіпті ойға келмеген, - деді. – Алқа-қотан отырған бала-шаға, келін-кепшік, жігіт-желең, қатын-қалаш, шал-шауқан; аяқ астынан баста дулыға, денеде сауыт, қолда қалқан, алдаспан, қару-жарақ асынған екі батыр шыға келеді. Олар айтыса бастайды. Сөзден жеңілсе, қылыштаса жөнеледі. Біреуі жараланады. Біреуі өледі. Әлгі отырғандар қалай шулар еді, ә? Қос анары жас бураның өркешіндей болып Қыз Жібек апаңыз көрінді. Төлегенмен кездескенде, жас құлындай шыңғырсын. Пой-пой!
Дәрібайдың жүйрік қиялы шар-тарапты шарлап жөнелді. Өмірі көрмеген, тіпті естімеген нәрсесін көңілмен, ақындықпен тірілтіп алып кетуін қарашы.
Бағланның еті көп тостырған жоқ. Түгел асылыпты. Жұқа ғана ет наны жайылған. Сәлімрахман да, Жұмат та тартынбай алып отыр. Іштеріне ел қонғандай болды. Құрт қосқан сорпа ішілді. Алтай жағалай қолға су құйып болған соң, Дәрібай қонақтарға қолқа салды:
- Мен ауылдың алтыауызын айттым. Жұматтың лебізін тыңдайық. Баян жігіті өнерсіз болмас, сірә!
Жұмат тартынбады, Тарбағатайдың аршасынан шабылған, бабында тұрған домбыраны сұңқылдатып шертіп жөнелді. Бір-екі әннің әуенін тартқаннан кейін, аяқ астынан “Саржайлауға” түсіп кетті. Көңілі құлазымаса, не қатты қуанбаса оралмайтын әуез Қарқаралыда қызмет істеп жүрген кезінде Тәттімбеттің зиратына бірнеше рет барып еді. Жанбикеге үйленген жылдың жазында, қайын жұртында екі апта жатты. Ел жайлауға орныққан, қозы-лақ аяқтанған, көк өсіп жетілген, тамаша мезгіл еді. Күндіз әңгіме-дүкен, кешке ойын-сауық, алтыбақан. Бірінен-бірі өткен күйшілер, әншілер қалың қыстан қиналып шыққан, мал баққан жалпақ елдің көңілін көтеріп, жанын рахатқа бөлейді. Небір жезтаңдай, күміс көмей әңгімешілер бар. Ұзын бойлы, бітік көз, шонақ танау Керейбек қырықтан асып кетсе де, жас жігіттердің ортасында жүреді. Ақындық түгіл, өлеңшілігі де жоқ, тырс дегізіп домбыраға қол соқпайды, әу деп ән айтпайды, бірақ өткен-кеткен ескілік, шежіреге келгенде мұның алдына түсер жүйрік сирек. Көзбен көріп, қолмен ұстағандай, өзі басы-қасында бір жүргендей төндіріп, сендіріп айтады. Лақ еткізіп шашып жібермейді, тоқ еткізіп қойып қалмайды. Титтей, болымсыз жәйттен бастап алып, жорғалап жөнеледі. Әр жастағы ондаған адамдардың ата-тегі, сүйегі, түр-түсі, мінез қалыбын тегіс сипаттап шығады. Мылжыңдап, іш пыстырып жіберетін көпсөзділік жоқ, әрқайсысының ерекшелігін қысқа қайырады, көзге елестердей оқшау қырларын тауып береді, шек-қарнын ақтарады.
Сол Керейбек бастап, алғаш рет Тәттімбет зиратына жол тартқан. Едірей, Дастар таулары қаумалай қоршағаны мол шалғынды кең жазықтың бел ортасы дөңкілденіп біткен төбе екен. Сол жерде жалғыз күмбез оқшау қасқайып тұр. Тәттімбеттің атасы Мүшекеге арнап соғылған осы бейіттің тарихы, қай күйдің қандай жағдайда шыққаны, кенбайлығын ашып бергені үшін алған сыйлықтар, Петербор сапары – Керейбек мұның бәрін тарам-тарам, сала-сала хикая етіп баяндады. Қабырға қалыңдығы бір жарым құлаштай күмбезді ешкінің майы, жылқының қылын қосқан кесектен салғанын айта келіп, есіктен өзі бастап, еңкейіп кірген Керейбек “бісміллә” деп ернін жыбырлатып, болар-болмас томпиған қабірдің топырағын саусағымен бір шымшып: “Ұлы күйші атамыз Тәттекең осында жатыр”, - деп еді. Көз мөлшерімен күмбездің табан ауданы он бес шаршы құлаш деп шамалаған Жұмат қабырғалар жоғарылаған сайын бүріле түсетінін аңғарды. Түйенің өркешіне шығып, бойшаң жігіт қол көтерсе, күмбез төбесіне жетер ме екен, жетпес пе екен?
Бір сәт шаңыраққа көзі түскен Жұмат қасындағы кісілерді ұмытып анау бір жылғы жазда Тәттімбет зиратының басынан алған жүрекше тастың сақталып жүріп-жүріп, Зайсанға көшерде табылмай қалғанын есіне түсірді. Бұхар жырау зираты басынан алған тас бар. Жанбике жүрекше тасты жоғалтпаса керек-ті, әлде апасының көп түйіншегінің ішінде жүр ме екен?
- Өй саған не болды? Дәрібай Сәлімрахманға жалт қарады.
Алтай күліп жіберді:
- Күй тартқанға кісі жылай ма? Ұят-ай!
Көзіне іркілген жасты саусағымен сүрткен Сәлімрахман:
- Әй, Мәтаға, қайдағыны қозғадың ғой, - деді. – Ойпырмай, өлген-ақ шығармыз деп ойлап едім. – Бұл сізге, Дәке, түсініксіз әңгіме. Он алтыншы жылы майдан жұмысында қазақтың Әзиз деген жас баласы қыршын кетіп еді. Соны жерлейміз деп жүріп, әскер басшыларымен айқасып қалғанбыз. Сондағы түрмедегі тепкінің кеселі емес пе, бүйрегім езіліп кеткен-ақ шығар деп едім. Әлі ауырады. Адам ит жанды деген рас. Әсіресе ана латышты, Балтаның баласы деуші едік қой, сол байғұсты бұратаналарға қамқор болдың деп, барлық тісін қағып алды-ау. Сені де дарға асамыз деп алып кетіп, зәремізді ұшырып, түн ішінде сүйреп кіргізіп еді. Есіңді жия алмай үш күн жаттың ғой.
Достарыңызбен бөлісу: |