Ай қанатты арғымақ



бет10/19
Дата25.12.2016
өлшемі4,1 Mb.
#4410
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19

Қарай-қарай Жұматтың көзі талды.

- Жанбике, бері келші. Мына құмырсқаның илеуін көрші. Не деген тынымсыз еңбек.

- Түу, бала болып кеттің бе? Біресе аспанға қара – құсты көр. Құстың қанатынан ғажап нәрсе бар ма екен. Қалай талмайды, қалай шаршамайды деп көкке телміртіп қоясың. Енді жыбыр-жыбыр еткен құмырсқаның илеуіне телміруім қалып еді. Құмырсқа деген құмырсқа. Белі үзіліп, мойны қылқиып, қап-қара болып, Әкіш қайныма ұқсап жүрген шығар жыбырлап.

Мойнын төмен салып, илеуден көз алмай отырған Жұмат мынаны естігенде басын тік көтеріп алды. Күліп қоя берді.

- Мынауың қатып кетті ғой. Әкіш – құмырсқа. Қазақта молда жігіт, Сері жігіт, Момын жігіт деген қайындар болушы еді. Құмырсқа жігіт деген қайын енді сенде ғана бар.

- Ойбай, осы жерде қалсын. Ел-жұрттан ұят емес пе? Тәуір ат құрып қалды деймісің. Қарқаралының қызы құтырып, Қаржастың жігітіне мазақ ат қойыпты деп жүрсе. Уәде қыл, бұл сөз осы жерде қалсын. Құрып қалғыр қаңқу сөз аузыма қайдан түсті?

- Ауыз бастырық бермесең, өзім жаям көпке. Осындағы бақалшы бар емес пе? Әлгі кімді көрді, ол не деді, кім кіммен құда болғалы жатыр, қай үйдің ешкісі лақтады, кімнің үйінде шыны-аяқ сылдырлады, әйелі не деді, өзі не деді – осының бәрін күніне бір рет әдейілеп келіп айтып кететін қазан бас, мұрының қырына пышақ жанығандай төртпақ сары ше? Соның құлағына шалындырсам бітті ғой, - ертеңіне күллі ел естіп шыға келеді.



  • Өйтсең шай бермеймін.

  • Тағы не істейсің?

  • Қазір қалаға қайтып кетем.

  • Қой, айналайын, - Жұмат Жанбикенің шашының ұшынан ұстап өзіне қарай тартты. Шалқасынан құлап түскен Жанбике аяғымен шәйнекті төгіп алды.

  • Ойбүй.

  • Ештеңе етпес. Су оңай ғой.

  • Өткен-кеткен біреу көріп қалса, ұят болады.

  • Әдейі іздеп келмесе, мына сайдан, мына тастың түбінен, мына қайыңның көлеңкесінен кім көреді бізді.

  • Қой деймін, Жұмат. Үйге барамыз ғой.

  • Айналайын.

  • Қой деймін енді. Түу...

Ат көрпенің үстінде екеуі шалқасынан қатар жатыр. Тұңғиық аспанның көгілдір бояуы тыныштық, кеңдік, мәңгілік белгісіндей болып, шексіз әлемнің сырын шертеді. Жеңіл ақтүбіт бұлттар сезілер-сезілмес қозғалып, көңілге мұң оралтады.

- Солдатта жүргенде, - деді Жұмат етбетінен аударылып түсіп, - Балтықтың ауыр, қорғасын бұлттарына қарап тұрып туған елді, ата-мекенді, туыс-бауырды сағынып, буынымыз босаушы еді. Аспанға қараған адам ойсыз қалмайды. Күндіз – күн, бұлт, түнде – ай, жұлдыз ойға түрткі, қиялға қанат береді.

Қарашы, мына аспан әділетсіздік, зұлымдық, зорлық атаулыны түгел мансұқ етіп, тіршілік иесін махаббатқа, өсіп-өнуге, көбеюге, өмір жырын айтуға шақырып тұр емес пе?

Ал енді, қаһарына мініп, гүрзісін қолына алғанда аспаннан қорқынышты, үрейлі не бар. Сатырлаған найзағай, дүниенің астан-кестеңін шығаратын дауыл – бәрі аспанның құдіреті. Тұғырларды Аспантау, Бутау, Шымылдықтау қойған ата-бабамыз не деген тапқыр десеңші. Киелітас, Найзатас, Бұғылы, Аюалған, Сарқұлжа, Тұмсыққарағай – бәрі сөйлеп тұр.

Жанбике бір сөз қосты:

- Едірей деген де тау бар. Дәл бір едірейіп тұрған, ашуланған адам секілді.

- Е, тере берсең, қазақ жерінің атаулары таусылмайтын шежіре. Кәне, тұр. Қозғалайық, - деп Жұмат жинала бастады.

Жол сорабы қиындап сиыр соқпаққа айналды. Аттар аяғын санап басып, биікке қарай ақырын, еппен қозғалып келеді.

- Жануарларды қинамай түсейікші, - деді Жанбике.

- Шыдай тұр. Анау бұрылыстан кейін өзің де жаяулайсың.

- Сонша азаптанып таудың басына шықпай-ақ қойсақ қайтеді.

- Нысана “Шайтан көл” емес пе еді?

- Шайтандар ұстап алса қайтеміз?

- Тірі жанбыз ғой, бірдеңе етіп қарсыласып көрерміз. Тіпті қиналсақ, мылтыққа жармасамыз.

- Бала кезде Кішкі деген ақынды көріп едім, - деді Жанбике. – Көмейінен өлең – жыр сауылдап тұрған қасиетті адам болатын. “Ата мекеніміз Дегелең таудың бауырында, сендерге мен жиен болам. Алынбаған қырық серкешім бар. Соны айдап кетуге келдім, - дегенде, мен ойлайтынмын, “сонша ешкіні қайдан табамыз” деп. Апам марқұм “Әй, Кішкіл, алашағыңды, құдай бұйыртса, аласың. Мына балалардың есінде қалсын, Сұлушаш, - Алтайдың хиссасын жырлап берсеңші. Сенің маңдайың тершіп, дауысың анық шыққанша бағыланның еті былқып пісіп те қалады”, - дейтін. Кішкілдің күмбірлеген үні әлі құлағымда. Дауысы неше түрлі ырғақпен құбылып, біресе күлдіріп, біресе шошытып, жөнелетін жосылып. Өзі де сан-алуан күйге түсетін. Біресе көзі оттай жайнап, біресе қап-қара болып түнеріп кететін. Кішкіл далаға шығып кеткен кезде, домбырасын көруге ұмтылатынбыз. Мойнын бір бөлек, шанағын бір бөлек қоржынға салып алатын домбыра бізге қызық ойыншық сияқты әсер етуші еді.

- Әр нәрсенің басын шалып кеттім ғой, сол Кішкіл жырлайтын Сұлушаш – Алтай жырында “Шайтан көл” көп айтылатын.

Жанбикенің сөзін ықыласпен тыңдап келе жатқан Жұмат осы тұста сұрақ қойды:

- Сөйткен “Шайтан көлді” бір көрген жоқсың ба?

- Қайдан көрем. Үлкендер айтатын: “Шайтан көл” шайтанның мекені. Қару-сайманы бар еркектер болмаса, бала-шаға, қыз-қырқынды көрсе, бас салып ұстап, суға батырады екен. Содан ылғи ыңырсыған, тұншығып бара жатқан адамның жалынышты үні келеді. Жағасынан соққан жел аттылы кісіні құлатып кетеді”.

- Әне, шайтан!

- Ойбай! – Жанбике Жұмат көрсеткен жаққа қараса, қарағайдың арасынан салаң етіп қап-қара бірдеңе шыға келді. Бойы тоңазып қоя берді. Көз тоқтатып қарауға батылы жетпей, тізгінін тартып қалды.

- Әй, су жүрегім-ау, соны ажырата алмай тұрсың ба? Қаңғып жүрген бұралқы ит емес пе? Шақырайын ба?

- Құрысын, керек емес. – Жанбике үрейден әлі арылған жоқ.

- Кә-кә! Кә-кә!

Құйрығын бұлғаңдатып жетіп келген дүрегей алдыңғы сол жақ аяғынан ақсайды екен.

- Бұл неғып жүр тауда? Жемтікке үйренген сүмелек болды ғой.

Дүрегей Жұматтың айтқан сөзін толық ұққандай болып, оған келіспегенін білдіргендей, анадай жердегі жалпақ тастың үстіне барып шоқиып отырды. Көзінде мүләйім сәуле бар. Жанбикенің жаны ашып кетті:

- Мә! – Бір кесек етті лақтырып жіберді. – Жетіскеннен тентіреп жүрмеген шығар сорлы.

Екеуі де аттарынан түсіп, жоғары қарай жаяу көтеріле бастады. Сыптығырдай ұзын, садақтың жебесіндей болып көкке атылған қарағайлар да бірімен бірі жарысып сап түзеп биікке өрлеп келеді. Тасты жарып шыққан қарағайлар сәл жел соқса, “мына мені көрсеңші, қандаймын” дегендей болып, қылтанақ үкісін сабырмен изеп қояды. Анда-санда саздауыт, өзекте кездесіп қалатын қайың жапырақтары алтын теңгедей жарқырап, сылдырап, бір-біріне сыр айтып, қозы-лақша жамырап кетеді. Жуан, тастай берік дүм қарағай, оның бауырында сылаңдап өскен қызыл қайың ержігіт пен ерке қызды еске түсіреді. Бір сәтке өзімен-өзі болып, тұнжырап ойға кеткен Жұмат қиялын Жанбикенің дауысы бұзды.

- Мына сабалаққа ет берем деп пәлеге қалдым ғой. Шойнаңдап, қыр соңымыздан қалмай келеді. “Күшігім-күшігім дегенге, ит аузыңды жалайды” деген осы шығар.

- Е, нең шықты? Жүре берсін. Ес болады. Қазір шайтандарға қарсы үргізіп қоямыз, - деді Жұмат.

Таудың бедері оқыс өзгеріп кетті. Ғажап тастар дүниесі басталған секілді. Неше түрлі жан-жануарға ұқсайтын тастар ілгері басқан сайын көбейіп келеді.

- Тоқтайық, - деді Жұмат. – Бәтір-ау, мынау киіз үй ғой.

Тастан жасалған киіз үй.

- Кіретін тесігі бар екен, - деді Жанбике. – Байқа, ішінен бірдеңе шығып, шошып жүрме.

Жұмат кіндіктен келетін тепкішек тастан ырғып шықты да, тас үйге кіріп кетті. Дауысы көңілді шығады:

- Рахат осында екен ғой. Сап-салқын. Қабырғалары қара, сиырдың мүйізі секілді қабыршақтанып тұр. Е, бізден бұрын талайлар жайлаған жер екен. Пәлі, төбесінде тесік бар.

Жанбике де кірді.

- Тамақ пісіріп ішіпті. Мына шала мүжілген жілікті көр. Сабалақ ырыздығы осында жатыр екен. Кә-кә! Кә-кә! Мә!

Тас үйдің төбесіне шыққан Жұмат айқайлап жіберді.

- Теріс кетіппіз ғой. Ананы қара! Көл жарқырап жатыр. “Шайтан көл” деген анау болар. Дәл өзі. Тапқан деген осы. Жүр, бол. Кеттік солай.

Жұмат бейнебір көптен ынтығып, жолыға алмай жүрген қымбат адамына асыққандай, астындағы шұбар атты желе аяңдатып, Жанбикеге де қарамастан, суыт тарта жөнелді. Көлдің жағасына келген бойда, жүгіріп жартас басына шығып кеткен. Табанының астында аяққа құйған астай мөлдіреп көл жатыр. Аспанға қол созған қарағай мен белі майысып сызылған қайың осы байлықтың адал, мызғымас, сақ күзетшілері секілді. Анда-санда көлдің бүйірі солқ ете түседі. Демалғаны шығар. Аспанда қалықтап ұшқан құс, салбырап барып тоқтаған жартас – бәрі көлге бір шомылып шығуды аңсап тұрғандай көрінді Жұматқа.

Киімдерін тез-тез шешіп, тастың үстіне қалдырды да, биіктен ырғып, көлге күмп берді. Жанбике шырылдап қоя берді:

- Тастай суда нең бар? Тағы жөтеліп қаласың ғой. Батып кетпеші, байқашы. Астында аран тас болып, бір жеріңді жаралап алма. Сүңгіме деймін, сүңгіме. Шықшы енді. Жетер.

Жұмат күмп беріп сүңгіп, Жанбикенің зәресін ұшырып, талайға дейін жоғалып кетеді. Күтпеген жерден сопаң етіп шыға келеді.

- Ағысы тауды жығар Ертістің жағасында өскен, Балтық теңізінің сүйек-сүйегінің өтер мұзды айдынын көрегн тарланды қорқытамысың? Уәй, деген-ау. Мынаның атын “Шайтан көл” емес “Рахат көл” неге қоймаған? Суын қарашы, жібектей судырап тұр. Ал бойладым. – Жұмат тағы да жоқ болып кетті.

Жанбике аяғын көлдің суына малып, малта тасқа май жалатып отыр:

- Бір, екі, үш, төрт... Әттеген-ай.

Жұмат әлі малтып жүр:

- Сен де түссеңші.

- Малту білмеймін.

- Үйретем ғой.

- Осы қазір?

- Енді қашан? Қазір-ақ үйретейін.

Жанбике орнынан тұрды.

- Ұялам. Теріс қарашы.

Екеуімізден өзге тірі жан жоқ. Шешін.

- Сабалақ қарап жатыр.

- Сен оның атын Сабалақ қойып алдың. Қазақтың ханының аты ғой.

- Тек, мен қайдан білейін. Ендеше жолда кездесті ғой, Жолбасар қоя салам.

- Өзің біл.

Жанбике қалтарысқа кетіп қалды. Дауысы ғана естіледі.

- Сен көзіңді жұм. Мен суға кірейін. Жұм көзіңді.

- Ал жұмдым.

Жұмат көзін жұмған болып, кірпігін түсірді. Бірақ анық көріп тұр. Жанбикенің тарқатып жіберген ұзын, қолаң шашы кеудесін жауып кетіпті. Саны ағараңдайды. Жұмат көзін жұма қойды. Шолп еткен дыбыс естілді.

- Жұмат! Аш көзіңді!

- Аштым.

- Шынында Жанбике малту білмейді екен деп ойлайтын. Пәлі, мынаны қара, басын суға бір малып, бір шығарып әккі жүзгіштердей сермеп келеді.

- Білмейтінің қайда?

- Бұдан былай есіңде жүрсін. Еркекте екі қалта болса, әйелде қырық қалта. Бір жаман “Жылқылы бай болмасақ та, ешкілі байдың қызы едік” депті ғой. Сол айтпақшы, Ертісің мен Балтығыңды көрмесек те, жаз жайлауда Нұра бойын сайрандаған қазақтың қызымыз. Теңіз бен мұхитта шаруамыз жоқ, өзен-көлде қалқып жүретін шамамыз бар, - деп Жанбике сүңгіп кетті.

Жұмат:

- Әп, бәлем, сені ме? – деп қалды.



Жанбикенің жеткізетін түрі жоқ. Шортан балықша бұлт-бұлт етеді. Енді ұстадым дегенше, жалт береді. Жұмат екі қол, екі аяғын жайып жіберіп су үстінде шалқасынан жатыр.

- Бұлай жасауды мен білмеймін. Үйретемісің? – деді Жанбике таяп малтып келіп.

- Білесің. Алдап тұрсың.

Жанбике:


- Шын айтам, - дегенше болмады, Жұмат бас салды.

- Ә-ә, шын айтасың ба?

Екі жас су ішінде құшақтасып, құмарлары қанғанша сүйісіп, толқындай тулап, көп қызыққа батты.

- Қазір шайтандар шыға келіп, су түбіне тарта жөнелсе қайтер едің? – деді Жұмат.

- Қасымда өзің барда мен ештеңеден қорықпаймын. Сен теріс қара, әйтпесе көзіңді жұм, - деді Жанбике қатар жүзіп келе жатып, - мен судан шығайын. Тоңа бастадым.

- Жұмбасам қайтесің?

- Өкпелеймін.

- Өкпелей бер.

- Теріс қара дедім ғой.

Анадай жерде Сабалақ – Жолбасар қарап отыр.

Жанбике:

- Ұят-ай, мына Жолбасар бәрін көрді ғой. Ғайыптан бұрын тіл бітсе, әлгі әбестіктерді елге жаяр еді.

- Баламысың? Итке тіл біткені несі. Мен шәугімді әкелейін, шәй ішейік, - деді Жұмат.

Қарағай, арша, ақсөңкенің қу бұтақтары шытырлап жана бастады. Танауға түтін иісі келеді.

- Менің ойыма бірдеңе түсіп отыр, - деді Жұмат. – Ана делдиіп тұрған қалпақ секілді тасты көрдің бе? Соған қарашы. Не аңғардың?

- Осындай да жұмбақ болады. Диірмен тастарды бірінің үстіне бірін үйіп қойған. Әрине, сен табиғат жаратты дейсің. Ал мен құдай жаратты, әйтпесе баяғының дәулері ойнап отырып жасаған деймін. Сен енді анау тасты көрші. Аумаған кемпірдің өзі: қушиған жаны, үңірейген көзі, опырайған аузы, бүкшиген белі бәрі бар. Жел үрлеп, жаңбыр шайғаннан болды дегеніңе бала сенбесе, мен сенбеймін. Қажет десең, осы. Шайтан көлді де Қарқаралы тауының төбесін тесіп, су шығарып, жасап кеткен сол жарықтық дәулер, - деді Жанбике көзі жайнап, бетінің ұшына қызыл жүгіріп.

- Дәулер жасаған? – Жұмат дауысын шығарып қатты күліп жіберді. – Сонда сенің дәулерің инженер болды ғой.

Жанбике жалт қарады:

- Ынжыныр деген не?

- Ондай сөзді бұрын естімедің бе?

- Ынжыныр? Ынжыныр, ә? Білмеймін.

- Ендеше айтайын, - деді Жұмат. – Инженер деген кірпіш құйып, үй тұрғызып, қала салады. Өзенді бұрып, арықпен су ағызады; көпір салады. Өткел бермес тауды бұзып, жол салады. Бумен кеме жүргізіп, аспанға адамды құсша ұшырып қояды. Инженер деген осындай адам.

Жанбике күліп жіберді:

- Ендеше, менің құдай, дәу деп отырғаным сол айтқан ынжыныр болды ғой. Олар қайда тұрады? Орыс па, қазақ па?

- Рас, инженерлер – құдіретті адамдар. Орыста ондайлар көп, біздің қазақтан да бірен-саран инженер шыға бастады.

Жанбике көзі боталап, күйеуінің бетіне жылы шыраймен қарап қалып еді:

- Жұмат-ау, шот қағып, есеппен бас қатырғанша сен де неге ынжыныр болмайсың? Оқи ма оны? Әлде сондай болып туа ма? Бақсы, балгер, күйші, әнші секілді.

- Қолға жұғып қалар деймісің? Өзім де өмір бойы шот қақпаспын. Әрине, оқиды. Сабағы үлкен шаһарда. Тіпті алыс жерлерде. Мен соған кетсем, сен келгенше тосып отырамысың. Мәселен бес жыл, он жылға кетейін.

- Бес жыл? Он жыл? Сонша көп оқи ма? Қарқаралыда қалам ба? Жоқ, қалмаймын. Ала кет өзіңмен.

- Өзің ғой енді инженер бол деген.

- Керегі жоқ онда. Ешкім де болма, ынжыныры бар болсын. Өзің болшы, Жұматым болшы өле-өлгенше. Қасымда болшы, - деп Жанбике көзіне жас алды.

Жұмат сасып қалып:

- Өй, саған не болған? Қой әрі, мұнысы несі мені , біреу абақтыға әкетіп бара жатқандай. Пәлі, жылама деймін. Білемісің, “Шайтан көлдің” жағасында жылауға болмайды; тілек тілеу керек. Бұл жерде жылаған әйел ұл таппайды деген ырым бар, - деп асығыс сөйлей бастағанда, Жанбике көзінің жасын тия қойды.

- Е, бәсе, Шана әулетінің келіні жылауық болмаса керек-ті. Ұмытып кетіппіз ғой, суық ет қайда? Әкел турайын, - деп Жұмат бәкісін аша бастады.

Қара шәугім сақырлап қайнады. Жанбике күйеуіне күлімсірей қарайды:

- Мырза, ғапу етіңіз. Бұзау еміп қойыпты. Қара шәй ішесіз. Міне, құрт. Міне, ірімшік. Бауырсақ алыңыз.

- Ханша, мұныңыз қалай? Жар дегенде жалғыз күйеуіңіздің шәйін баптап бере алмасаңыз, несіне жер басып жүресіз?

- Көш жүре түзелмек, мырза. Үй болып, шаңырақ көтеріп, дастарқан жайғанымызға көп өткен жоқ. Алла бұйыртып, тәңір қосып, кемпір, шал болармыз. Сол күйді салатын ойынпаздар бар. Солар әне, “ақторысы”. Сен мені “ақторысы” дейсің, - Жанбике жаңа сөз үйренгеніне кішкентай баладай мәз болып, өзінен өзі күліп, көпке дейін қуанып отырды.

Жұмат ақырын ғана бас изеп тұрған. Қарағай қылқандарына көз тігіп, ойға батып бара жатты.

- Шіркін-ай, ә. Сол жігіттердің басын қосып, ойын қоярма еді? Бірақ оған театр қайда, пьеса қайда? Театрды бірдеңе етер едің, пьесаны айтсайшы. Ана жылы Уфада басылған Көлбайдың кітабынан өзге еш нәрсе жоқ.

- Тиәтір, пьеса деген не тағы. Ойын қойып, бала болып кеттің бе?

Әйелінің назар салып, зейін қоя бастағаны Жұматты қуантайын деді.

- Балалық емес, театр дегенің халықтың даналығын көрсететін өнер. Біле білген кісіге, түнді-түнге ұрып, батырлар жырын айтатын жыраулар, елдің айызын қандырып айтысқа түсетін ақындар, қияметтің қыл көпірінен жұртын аман өткізетін шешендер – баршасы қазақ даласының театрын жасаған адамдар. Саған түсіндіріп көрейін. “Қозы Көрпеш – Баян сұлудың” жырын білесің ғой. Қазақта оны бір жырау айтып береді. Солай емес пе? Киіз үйдің ішінде алқа-қотан отырып тыңдаймыз. Көз алдыңа елестетіп көр. Үлкен тас үйдің ішінде көп адам отыр деп есепте. Төргі жақ шымылдықпен бөлінген. Хош. Кенет шымылдық ашылды. Қабырғада таудың, сылдырап аққан бұлақтың, тігілген киіз үйдің, жайылған малдың суреті бар. Басында дулыға, үстінде сауыт, қолында найза – батыр шыға келді. Қозы деп сана. Екінші жақтан үкілі тақия, қынама бешпентті сұлу шықты бұралып. Баян! Кебеже қарын, адырақ көз, шал келеді әне. Қарабай осы. Әрқайсысы өзіне тән мінездерін көрсетіп, бір-бірімен сөйлесе бастайды. Жылайтын жерде жылайды, күлетін жерде күледі, өлең айтатын жерде өлең айтады. Адамдардың ауызша айтатын сөздерін түгел алғанда пьеса дейді.

Ал, тыңдаушысы, бар, көрушісі бар ойнаушылары бар – бәрін қосып айтқанда театр шығады, - деп тиянақтады Жұмат.

- Жақсы екен ғой, - деді Жанбике балаша қуанып. – Мынау ойынның, аты немене еді, тиәтір ме? Иә, тиәтір дедің бе? Тиәтіріңмен қазақтың барлық батырларын көрсетіп шығуға болады екен. Ендеше анау Шалдарбек, Борсықбай, Әлібектер бар ғой, кім бол десең, сол болады. Шіркін-ай, Қарқаралыда құрылса сондай нәрсе, халық қызықтап рахатқа батар еді.

- Жанбике, - деді Жұмат дауысы сәл қалтырап. – Бағана сен айтқан инженер болмай, сол театрды ұйымдастыратын, күллі ойынның тетігін қолында ұстайтын адам режиссер болсам қайтеді.

- Солай ма? Басқа қазақ ынжыныр бола жатар. Сен сол өзің айтқан болшы. Атына тілім де келмейді, - деп Жанбике Жұматты құшақтай алды.

- Бұйыртса көрерміз. Ал енді мен аттарға көз салып келейін, - деді Жұмат.

Жанбике қалған-құтқанды, сүйек-саяқты Сабалақ – Жолбасарға тастап, орнынан тұрды. Ойына бір еркелік түсті. Жарқырап “Шайтан көл” жатыр. Тастан тасқа секіріп, биікке өрлеп келеді. Іздегені осы. Мына жартастың астына кіріп кетсе, оңайлықпен табыла қоймас. Көп ұзаған жоқ, Жұматтың айғайлаған дауысы жете бастады:

- Жан-бике! Жан-бике!

“Айғайлай түс. Қаттырақ айғайла!”

- Ау, қайдасың сен, Жан-бике?!

“Оп-оңай айта қоярмын саған. Әйел керек қылсаң, ізде”. Жанбике өзі тығылып жатқан жартастың үстіне Жұматтың шыға келгенін сезді. Бағанағыдай емес, жүрегі кеудесіне сыймай дүрсілдеп қоя берді.

- Бұл қайда кетті екен? Суға түсем деп жүр ме? – Жұматтың жүгіре жөнелгені байқалды.

“Жаны ашиды екен ғой батырдың. Суға түсіп жүріп, көлге батып кетсем. Шайтандар тұншықтырып жіберсе, Жұмат сонда не істер еді? Аз күн жылар, жыламар ма екен? Жылайды әрине, не болыпты. Жарты жыл, бір жыл, содан кейін ұмытар? Еркектер тез ұмытады дейді ғой. Басқа біреуді алар, сөйтер де, оны да осы “Шайтан көлге” әкелер. Мен не деп кеттім?”

Жұматтың тағы жақындап келгенін сезді.

- Енді қайттім, ә! Жер жұтты ма. Аспанға ұшты ма? Масқара! Таста да жоқ, суда да жоқ. Әлде... Қой, мен де жын-шайтанға сене бастадым ба? Жан-бике! Тәңір-ау, бұл қайда жоғалды. Жан-бике!!!

“Ә, солай ма екен? Құдай жоқ, шайтан жоқ. Оның бәрі қожа-молдалардың ойдан шығарған қиялы. Дүниенің жаратушысы – табиғат дейтін едің, сасқанда аузыңа алдың ба тәңірді. Қинал, қинал, жігітім. Ылғи жанында жүргенде Жанбикені жанторсық, қосшы бала көріп алып едің. Енді менің айым бір өтсін”.

Жұмат аяғын жартастан төмен салбыратып жіберіп отырды.

“Мынаның мені іздейтін түрі жоқ. Әлгі бір-екі айғаймен біткені ме? Аяғын тістеп алайын ба?

Жанбикенің ойын сезе қойды ма, кім білсін. Жұмат тағы кетті.

- Жан-би-ке! Жан-би-ке! Жан-би... Жан!..

“Кешке дейін осы арадан шықпай қойса, не істер еді Жұмат. Қонбайды ғой иесіз тауға. Қарқаралыға қайтар әбден сілікпесі шығып. Ел-жұртқа не бетімен көрінеді. “Шайтан көлде” Жанбикеден айрылдым дей ме? Ой, сұмдық-ай! Қой, қайдағы пәлені бастамай, шығайын сыртқа. Тағы келе жатыр өзі. Жолбасарды ертіп алыпты”.

- Әй, Жолбасар, сен Жолбасар емес Сорбастар болдың ғой. Менің әйелім қайда? Тапсаңшы оны. Басыңнан қамшымен қаңқ еткізіп, бір соғып жүре берсе қайтер едің, қолынан ас берді ғой. Әй, Жолбасар, айтшы.

Жұматтың аяғы жартастан тағы салбырап көрінді. “Ақыры өзіңнен дәрмен кетіп, айлаң таусылған соң жаман итке жалындың ба? Әйелдің қулығы осал болмайды, жігітім. Мен енді сені қорыққан үстіне қорқытайын”.

Жанбике лып етіп, жартастан шыға бере:

- Аух, - деп Жұматтың бақайынан батырар-батырмас тістеп келіп алды.

- Ойбай!


- Әйелін іздеп жүрген батырдың сұрын қара. Серігі – ақсақ ит.

- Ә, сені ме? Адамның зәресін ұшырып, осынша ақ тер, көк терімді шығардың. Қолға түстің бе?

Жұмат жартастан секіріп түскен бойда Жанбикені жерге алып ұрды. Екеуі ұмар-жұмар алысып жатыр.

- Екінші рет осылай жасайсың ба?

- Жасамаймын, ағатай.

- Әбден зәрені ұшырдың.

- Дұрыстап іздесең табар едің. Табаныңның астындағыны көрмейсің.

- Ә, солай ма? – Екеуі тағы да ұмар-жұмар болып кетті.

- Тарттым тілімді. Айтқаныңа көніп, айдауыңда жүремін. Құлақ кесті күнің – мен. Бағындым. – Жанбикеге қисая кетті. – Мынаны қара.

Расында да Жұмат пен Жанбике биік өскен, жуан қарағай мен толықсып тұрған жас қайыңның арасында жатыр еді.

- Қарағайды ұнатпаймын, - деді Жанбике.

- Неге?


- Түсін бермейді. Қашан көрсең де, жап-жасыл болып сықияды да тұрады.

- Қарағайдың қасиеті сол өзгермес тұрақтылығында, мәңгілік беріктігінде емес пе?

- Берік болса қайтейін! Бола берсін. Жаным жақсы көретін ағаш – қайың. Көктемде солқылдаған бойжеткен, жазда – келісті келіншек, күзде – аялы алақанды әже. Уақытпен бірге өзгереді, бірге жайнап, бірге қартаяды. Жазғытұрым бүршік жарып келе жатқандығы қызыл қайың, күзгі жапырақ тастардағы алтынсары қайың. Қандай әдемі! Ал сенің қарағайың мұрты едірейген өрәдник секілді секиеді де тұрады, - деп Жанбике күйеуін сөзден жеңдім-ау деген кісіге ұқсап масаттанып күліп қойды.

- Мына, жаңа ғана өзің тығылған жартастың үстіндегі қарағайға көз салшы, - деді Жұмат.

- Кәдуілгі тыртиған тас тесіп шыққан көп қарағайдың бірі.

- Дұрыстап қара.



  • Қарадым. Түгі де жоқ әкетіп бара жатқан.

  • Тамырын көрдің бе?

  • Е, көрдім. Кенедей жабысып тұр. Айбақ-сайбақ.

  • Әне, қарағайдың кереметін өзің айттың. Ұшқан құстың қанаты талатын, жан-жануардың аяғы жетпес қиын-қыстау, қия жартас басында қарағай тұрар. Атқан оқ дарымас, қаққан темір батпас дүлей тастан қарағайдың қасиеті тамыры нәр тауып, сонда түйнек салып, тіршілік үшін күрес бастайды. Бір жыл, он жыл емес, мың жылдарға созылар ол шайқас. Мұндай ықылым замандарда буындар, толқындар түгіл, тұтас жұрт, қалың елдің өзі тарих бетінен өшеді. Өледі. Ал жалаңаш жартас кеудесінде мәңгілік жап-жасыл болып Қарқаралының қарағайы тұра берер. Дәнін төгер, көбейер. Сондықтан да ата-бабамыз өзіне-өзі сын айтқанда қарағай тамырлы қазақ деген ғой, - деп барып Жұмат басын көтерді. Жанбике үндемей қалды. Сәлден соң:

- Иә. Қарағай мың жасайды дейді ғой үлкендер. Бірақ “Қарға тамырлы қазақ” демеуші ме еді? – деп сұрады.

Жұмат жұлып алғандай жедел сөйлеп кетті:

- Пәлі деген. Ауызекі сөздің ағысы емес пе? Әйтпесе құстың жаманы – қарға. Сол жаман құстың тамыры халқымызға, оның азаматтарының бір-бірімен байланысына, қарым-қатынасына, туыстық сыйластығына, бөлінбестігіне теңеу бола алар ма? Әне, қарашы тағы. Балталап жатсаң үзілмейтін, дүлей боран, сабалаған жаңбырға мыңқ етпейтін, өртеп жібермесең қыңқ етпес, таспен тас болып бірігіп кеткен қарағайда, қарағай тамырлы қазақ атандырған бабаларың, - деген кезде Жұматтың өңі алабұртып, көздері жарқырап тұрған.

Жанбике қайың қабығын салалы сүйрік саусақтарымен сипап қояды.

- Ал, бәрібір, сен қалай мақтасаң да, мен қарағай болғым келмейді. Мен балтыры оқтаудай, құс кеуделі, қолаң шашы төгілген ақ қайыңмын. Теңбіл-теңбіл ноқаттар кеудешемдегі жез түймелерім емес пе? Топырақ, судан нәр жинап, ағызып берер шырынымды ішіп көрсеңші. Жел соққанда күміс жапырақтарым сылдырап, мынау көгілдір көктем, мерейлі махаббат жайлы күй шерткенде, жігіт-желең, қыз-келіншек менің саяма келіп сыр ашады. Тілдерінен бал еміп, мас болып тұрғанда, оларға мен сүйеу боламын. Жалпақ жазда бұтағымда мың сан бұлбұл сайрап, жердегі жұмақ менің саямда орнайды. Күз келгенде дүниенің алтын бояуы алдымен маған жағылар; ерке желдің ырқымен саудырап, төгіліп, жер-ананың бетін кестелеп, дөңгелек-дөңгелек жапырақтарым жатар көздің жауын алып. Содан келесі көктемді сағына аңсап, қайта гүлдеп, қайта жайнауды тілеп, белім талып, майысып, тосумен сарғайып тұрар ақ қайың деген мен боламын. Ел шетіне жау тиіп, аттандаған қиқу естілсе, дұшпанның омыртқасын үзіп, белін сындырар батырлардың қолында жүрер мейіздей қатқан қайың шоқпар мен болам. Кәне, қарағай, сен сөйлеші. Сен сөйлеші, қарағай, - деді Жанбике.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет