Айжарық Сәдібекұлы очерктерінің көркемдігі



Дата25.01.2017
өлшемі131,6 Kb.
#7879
ӘОЖ 070.23(1-21):070,43/44

З.Н.Ермағанбетова, А.Қ.Оразова, А.Абдуллаева

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қазақстан Республикасы, Қызылорда қ.

E-mail: zuhra_9195@mail.ru


Айжарық Сәдібекұлы очерктерінің көркемдігі

Мақалада белгілі публицист жазушы Айжарық Сәдібекұлының шығармашылық жолы сөз болады. Сыр өңірі журналистикасының дамуына үлес қосқан публицистің баспасөз бетінде жарық көрген материалдарының жанрлық, тақырыптық ерекшеліктері анықталады. А.Сәдібекұлының елдің қамын, болашақ жайын толғайтын публицистикалық туындыларының оқырман қауымның көп нәрсеге көзін ашып, көкірегін оятқаны жайында тұжырымдар жасалады. Жарты ғасырдан астам өмірін баспасөзге арнаған публицистің көркем очерктерінің мән-маңызы, идеясы ашылады. Шығармашылық жұмысына қанат бітірген «Сыр бойы» облыстық газетінің редакторы Ұзақ Бағаев екені айтылады. Қаламгер очерктерінің тілдік, стильдік ерекшелігі, көркемдік деңгейі нақты мысалдар келтіру арқылы сараланады. Мақалада автордың экология тақырыбында жазылған проблемалық очерктері талданады. Әсіресе, Арал тағдыры, Байқоңыр болашағы туралы еңбектеріндегі деректер мен фактілердің себеп-сыры ашылады. Суреткердің кейіпкер бейнесін сомдаудағы әдіс-тәсілдері мен табиғат көрінісін бейнелеудегі шеберлік қыры зерделенеді.



Түйін сөздер: публицист-жазушы, шығармашылық жолы, баспасөз материалдары, проблемалық очерктері, жанрлық ерекшеліктері, көркемдік деңгейі, кейіпкер бейнесі
З.Н.Ермаганбетова, А.К.Оразова, А.Абдуллаева

Поэтика очерков Айжарыка Садибекулы
В статье рассматривается творческий путь известного публициста, писатель Айжарыка Садибекулы. Выявляются жанровые, тематические особенности опубликованных материалов публициста, высшего вклад в развитие публицистики земли Сыра. Анализируются публицистическая литература, в которой А.Садибекулы размышляет о судьбе народа, его будущем, помогая читателю тем самым осознать процессы, происходящие в обществе. В статье раскрываются сущность, идея художественных очерков публициста, посвятившего более полувека своей жизни публицистике. Говорится о том, что начало его творческой биорафии тесно связано с именем главного редактора областной газеты «Сыр бойы» Узака Багаева. Языковые, стилистические особенности очерков, художественное мастерство писателя нализируются на конкретных примерах. В статье рассматриваются проблемные очерки автора на экологическую тематику. В частности, это очерки, посвященные судьбе Арала, будущему Байконура. Исследуются приемы описания автором образа персонажа, мастерство писателя в изображении природных явлений.

Ключевые слова: писатель-публицист, творческий путь, материалы периодической печати, проблемные очерки, жанровые особенности, художественный уровень, образ персонажа.
Z.N.Ermaganbetova, A.K.Orazova, A.Abdullaeva

Poetics essays Aizharyka Sadibekuly
The article discusses the career of the famous publicist, writer Ayzharyka Sadibekuly. Identified genre, theme features published materials publicist, higher contribution to the development of journalism land of cheese. Analyzes journalistic literature that A.Sadibekuly pondering the fate of the people and their future, helping the reader to thereby realize the processes taking place in society. The article reveals the essence of the idea of art essays publicist, who devoted more than half a century of his life journalism. Stating that the beginning of his creative biorafii closely associated with the name Chief Editor of "Syr Boyi" Uzakov Bagaeva. Linguistic, stylistic features essays, artistic skill of the writer naliziruyutsya specific examples. The article deals with the problem of the author essays on environmental issues. In particular, these essays devoted to the fate of the Aral Sea, the future Baikonur. We study the techniques the author's description of the character image, in the image of the writer's mastery of nature.
Keywords: writer and publicist, career, materials of the periodical press, problem descriptions, genre particular, artistic level, the image of the character.

Қазақ журналистикасының дамуына өз шығармаларымен айтарлықтай үлес қосып келе жатқан талантты публицистердің бірі – Айжарық Сәдібеков.

Қаламгердің шығармашылық жолына көз жүгіртсек студент кезінен қоғамдық ортаның назарына ерте іліккенін байқаймыз. Әдебиетке бүйрегі бұрып тұратын оның тырнақалды туындылары студент кезінде-ақ түрлі басылымдарда жарияланған. Институтқа түскен алғашқы жылдары Жүсіпбек Арыстановтың «Жалынды жүрек» атты повесін бір жексенбіде түнімен оқып тауысқан бозбала кітаптан алған әсерін суытпай, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетіне жазып жібереді. Аталмыш газет бетінде жарық көрген рецензия Айжарықтың алғашқы туындысы еді. Сол мақала әйгілі ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың осы повесть бойынша студенттер конференциясын ұйымдастыруына түрткі болса керек. Институт ректоры Әділ Ермеков пен Ә.Қоңыратбаев Алматыдан шығарма авторын шақырып, жиында А.Сәдібекұлы баяндама жасайды. Әсерлі кездесу жалынды жастың қызығушылығын оятады. Сөйтіп тұңғыш әңгімесі «Әлімнің әжесі» облыстық «Ленин жолы» газетінің «Әдебиет бетінде» жарық көреді [1].

Профессор, ф.ғ.д. Н.Омашев журналист туралы ойларын былайша өрбітеді: “...ең әуелі алдындағы ақ қағазға, қаламға адалдық керек: қарақан бастың қамынан гөрі ел мүддесі, халық тағдыры, отанның бүгіні мен келешегі қашанда бірінші орында тұруы – басты талап. Ондай журналистер қатары көптеп саналары да құпия емес. Ел-жұрттың жайын өткір, шыншылдықпен айта білу де жетімсіз, тәуелсіз мемлекетіміздің алғы күнге озған мүддесін әркім-әркім-ақ білетін шығар, дегенмен ол да журналистің қайығын жағаға жеткізе қояды деу ұшқарылық: білім, өмір тәжірибесі, ең бастысы дарын керек. Осының бәрі бір арнаға тоғысқанда ғана журналистің жазғаны жұрт назарына еріксіз шалынады, оқылады” [2, 143 б.]. Осы талап тұрғысынан қарастырсақ, А.Сәдібекұлының елдің қамын, болашағымыздың жайын толғайтын публицистикалық шығармалары оқырман қауымның көп нәрсеге көзін ашып, көкірегін оятты деуге болады. Бүкіл ғұмырын машақаты мол журналистік қызметке арнаған ол: «Жылдар бойы жазғандарымнан өзгелер тұрғай өзім де жаңылысып қалыппын” [3, 4 ],- деп жазады “Шұғыла шуағы” кітабының алғы сөзінде. Бұл мақаламызда жарты ғасырдан астам өмірін баспасөзге арнаған публицистің көркем очерктері туралы сөз қозғамақпыз.

Негізінде публицистің алғашқы очеркі Жалағаш аудандық “Жаңадария” газетінің редакциясында жүргенде жарық көреді. Газеттің тұтас бір бетін алып жатқан “Дүбірлі күндер тынысы” [4] атты очерк күріш орағы кезіндегі дән даласындағы тіршілік жайында жазылған болатын. Бұл очеркті редактор Қален Әбдешовтің кеңесімен облыстық “Ленин жолы” газетіне жібереді. Көп кешікпей газет бетінде “Дала тынысы” деген атпен жарық көреді. Айжарықтың жазу стилі, ұғынықты ой-пікірлері бас редактор Ұ.Бағаевқа қатты ұнаса керек. Алған әсері туралы Айжарыққа хат жазып жібереді. “Маған ұнады. Жақсы ойың бар екен. Сол ойды қағазға түсіруің де жатық, жайдары көрінді. Сенің пікір саптауыңа қарағанда жадағай, жылтыр сөздер аз ба деп қалдым. Жақсы нәрсенің бәрі қарапайымдылығында демей ме? Очеркіңнен осындай жылы леп еседі. Жалт беріп кетер алақол болмасаң бәрімізді де қуанта бермексің. Сонымен, Айжарық, өзіңді бұрын көрмесем де көргендей, сырлас достай көріп отырмын. Кездесуге ынтықтығым арта түскендей” [3, 89],- деп пікір білдіруінің өзі талантты алыстан жазбай танып, қаламының ұштала түсуіне тілектес, қамқор, қолынан келсе көмегін аямайтын асыл адамға ғана тән қасиет. Білдей бір газеттің редакторы Ұ.Бағаевтың бұл лебізі еңбек жолын енді бастаған жас жуналиске қанат бітіреді. Соның әсері болар, бірінен соң бірі газетке лайықталған көркем очерктер дүниеге келеді. Әсіресе туған жер, Арал тағдыры жайында жазған шығармаларының орны ерекше.

Сондай очерктің бірі «Туған топырақ тағдырында» Байқоңыр ғарыш айлағының салыну тарихы мен оның Сыр елі мен жеріне тигізген есепсіз зияны туралы сөз болады. Автор очеркті табиғатты суреттеуден бастайды. «Ол кезде жусанды жон ажарлы еді. Көктемде бұл даланы сарғалдақтар мен қызғалдақтар құлпыртатын. Жаз бойы Арқа беттен тынбай лекілдеп соғатын саумал самал Сыр бойын боз жусанның қымыз исімен желпіп тұрушы еді» деген сөйлемдерден туған жеріміздің тамаша табиғаты көз алдыңа келеді. Көзін ашқалы сор мен тұз басқан жерлерді көріп өскен жас ұрпақтың табиғатымыз осындай еді дегенге сенуі қиын. Амал қайсы?

Одан ары қарай публицист жеріміздің экологиялық апатқа ұшырау себептерін ашады. Көркем жазбасына дем беріп, демеу болатын іздену құжатнама дерегіне ден қойсақ, мынадай деректі цифрларды кездестіреміз: «1954 жылдың соңғы айында Кремльде біз білмейтін құпия құжат күшіне енді. Сол сәттен бастап Кремль бұл далаға айырықша көз тігетін болды. Ал 1955 жылдың 12 қаңтарында техник И.Н. Денежкин басқаратын құрылысшылар тобы Сырдарияны бойлай өтетін Мәскеу-Ташкент теміржолы бойындағы Төретам бекетінен елеусіз ғана түсіп қалды. Бұлар тегін келмеген-ді.

...Сол күннен бастап бұл далада бір құпия жұмыс басталып кетті. Олардың картасында «Қазақстанның оңтүстік-батыс бөлігі» деп аталған бұл жердің қақ жүрегінде алғашқы қазық қағылып та қалды»,- деп одан әрі құпия деректерді алдыңа жайып салады. 1987 жылға дейін, яғни 32 жыл бойына Қазалы мен Қармақшы аралығындағы 671624 гектар жерді әскери бөлімдер құпия иемденіп келген. Астрахан облысындағы Капустин-Яр қаласына орналасқан әскери бөлімнің Арал ауданының 330307 гектар жерін алып, осы қаладағы әскери ұшақ алаңдары мен бірнеше құпия жұмыс алаңдарын заңсыз салғандығын жеткізеді.

Осы орайда Сыр бойы сынды үлкен іргелі елде жерге жаны ашып, ара түскен азаматтардың табылмағаны ма?- деген заңды сауал туындайды. Бұл сұрақтың жауабын автор былай түсіндіреді. Әскери бөлімдер мен жерге талас ұзақ уақытқа созылып келген. Бірнеше текетірестен кейін ғана «құпия жұмыстан бос кезде» малшылардың малын жаюға рұқсат еткен. Уақыт өте келе осы өңірге дүрс-дүрс құлаған ракеталардың қай тұстан жіберілетіні құпия болмай қалған. Облыстық «Сыр бойы» газетінде көтерілген пікірлердің дүмпуімен ауыларалық ащы айғайлар саяси толқуларға ұласқан. Әскерилердің сорақылығы сол, сонау 1955 жылдан бері Сыр бойының елі мен жеріне тигізген зияны үшін өтемақы төлемей келген. Туған жердің перзенттері сияқты тағдырдың тәлкегіне тап болып, кім көрінгеннің қолжаулығына айналғанына халық, ел атынан нақты деректермен сөйлеп, билік басындағылардың назарын аударады.

Ақиқатына жүгінсек, қай кезде де, қай қоғамға тәуелді болса да, қиянат пен қасіретке жандары төзбей, елдің алдымен дабыл қағып, қалғып кеткен қалың жұрттың санасын сергітетін – журналистер қауымы. Кейде қиянат пен қияңқылыққа қарсы үн көтеріп, бәйгеге бас тігетін кездері де болады. Бүгінгі күні газет-журналдардың тарихи айдарына айналған «Арал тағдыры – адам тағдыры» алдымен журналистердің жан айқайынан туған болатын. Журналистер еңбегінің арқасында әлем жұртшылығы назарын Аралға аударғаны рас. Журналист А.Сәдібекұлы да Арал тағдыры туралы мәселе қозғаған алғашқылардың бірі болып саналады. Оның қаламынан туған бірнеше проблемалық очерктері мен мақалалары кезінде жергілікті, республикалық басылымдарда жарық көрді.

«Алапес Арал» шығармасында автор: «біздің бұл тұста ұрпағымыздың ұрпағына айтып кетер бір парызымыз бар. Аралды құртқан АҚШ пен Франция немесе Жапония мен Түркия емес. Суының мөлдіреген тазалығынан ашық аспан астында көкпеңбек болып жататын айдын шалқарды құртқан кешегі Кеңес империясы емес пе? Кеңес империясының «бейбіт мақсаттағы» сынауларды бастағаны қай заман? Сынау да сынау! Таусылмайтын сынаулар есімізден тандырған жоқ па?»,- деп Ресей саясатының келеңсіз қырларын сынға алады.

Мақаланы оқи отырып жаның түршігетін мысалдарға қанық боласың. Публицист Арал халқының алапес ауруына ұшырау себептерінің сырын ашады. «Возрождение» аралының 1933 жылдан бастап полигонға айналғанын айтады. Кеңестік империяның елімізге жасаған озбырлық саясатына қаны қайнап, қазақ жеріне деген жымысқы дұшпандықтың тым әріден келе жатқанынына жүрегі сыздап, жаны ауырады. Мысалы, «Біздің халқымыз кейде бұрынғы идеологиялық аярлықпен айтқанда «бейбітшілік жолындағы күрестің» эксперименттері мен сынақтары үшін жаратылғандай болып көрінеді. Ресейліктердің озбырлығынан ХVІІ ғасырдан бастап төгілген қанымыздың, қиналған жанымыздың есебі жоқ» деп күйінеді. Арал халқының алапес ауруына ұшырауына ресейліктердің химиялық-бактериологиялық қаруды «Возрождение» аралында жасап, сынап көріп, лабораториялық тәжірибе алаңына айналдыруы басты себеп екендігін дәлелдейді. Сөйтіп, оны анықтай түсу үшін АҚШ-тың «Дельфиннің жан дауысы» фильміндегі оқиға барысын мысалға келтіреді.

Фильмнің оқиғасы былай: АҚШ ғылыми тәжірибе жасау үшін мұхитқа суасты кемесін жібереді. Экипажға жүктелген тапсырма – құпия эксперимент жүргізу. Бірақ оны не үшін жасайтындықтарын кемедегілердің өздері білмейді, арттарынан бұйрық болмай Жерге оралуға еріктері жоқ. Жұп дельфин әлде бір жаманшылықты сезгендей кеменің ізінен қалмай дауыс салып жылаумен болады. Ақыры фильм қайғы-қасіретпен аяқталады. Экипаж мүшелері өздері жасаған тәжірибеден түгелімен алапеске ұшырайды. Тәжірибе сәтті аяқталғанына көздері жеткен Жердегілер оларға су астында қалуға бұйрық береді. Автор оқиғаны баяндау арқылы трагедиямен аяқталған тәжірибенің Аралдағы алапес ауруына ұшырағандарға да қатысы бар деген ойды аңғартады. Ащы шындық пен тура сөзді айту Айжарықтың көсемсөзділік шеберлігі дей отырып, экологиялық зардаптың халық болашағы, ел келешегі үшін қаншалықты апатты екендігін айғақтай түседі. Елдің ертеңіне алаңдаған публицистің бұл жанайқайы еді.

Публицистика теориясын зерттеуші Б.Б.Стрельцов «…Очеркист өзінің әлеуметтік ортасының негізгі типтік әлпетін көрсете алатын жеке адамды өмірдің өзінен іздейді» [5, 194 б.],- деп жазған болатын. Осы тұжырымдамаға сүйенсек, А.Сәдібекұлы очерктерінің кейіпкерлері өмірдің өзінен алынған. Еңбек адамының өршіл мінезіне тән іздену, үйрену, жаңалыққа ұмтылу, биік мақсат қою, мұратына жету тәрізді абзал қасиеттерді тап басып, түйіндей білуде очеркист шеберлігін байқаймыз. А.Сәдібекұлының «Алтын жұлдызды Алдакең» очеркі Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов туралы жазылған. Автор бұл туындыда А.Бисеновпен алғаш рет қалай танысқанын айтудан бастап, ардагердің кейінгі өмір жолдарына тоқталады. Исатай Әбдікәрімов, Жүсіпбек Елебеков сынды А.Бисеновпен тығыз қарым-қатынаста болған адамдар жайында сыр шертеді. Еңбек Ерінің адамдық қасиеттері, адамгершілігі жөнінде мөлтек сыр айтады. А.Бисеновтің ерлігі, еңбегі ғана емес, адамдық болмысы мен бітімі жайлы жазылған бұл очерк оқырманды жылы әсерге бөлейді.

“Шұғылалы шақтың шуағы” очеркі Социалистік Еңбек Ері, Батыр Ана Ұлбала Алтайбаева жайында. Автор Ұлбаланың еңбектегі жетістіктерімен бірге көрген қиыншылықтарын да баяндайды. Әке мен шешеден жетім қалған қаршадай қыз әжесінің қолында тәрбиеленеді. Жасынан қара жұмысқа жегіліп, ағасының арқасында атқа шабуды үйренген ол егістікке дән салып, гектар сайын 15 центнерден өнім алып жүреді. Кейіннен өзі қатарлы майдангер жігітке тұрмысқа шығып, онан он үш перзентті өмірге әкеледі. Қайсар ананың гектар сайын 107 центнерден өнім алған еңбектегі ерлігін әңгімелей отырып, оның балалары мен енесінің де жағдайын жасап үлгеретін қазақ әйеліне тән ғажайып қасиетін жас ұрпаққа үлгі етеді. Бірде осы үйде Бүкілодақтық теледидар орталығынан бір топ адам қонақ болып жатады. ... «Известия» газеті тілшісінің: «Сіздің өміріңізде кеудеңізді шаттыққа кенелткен қандай қуаныштарыңыз болды?» деген сұрағына Ұлбала: «Қуаныш барлық уақытта менің айналамда болды»[3,79] деп жауап береді.

Автор кейіпкердің бейнесін: “Сонау қырық бірінші жылдан осы өңірде күріш өсірумен күн өткізіп келе жатсадағы, не кереметінің барын кім білген, жылына бір келетін осы науқан жұрт таныған тәжірибелі кісінің де жүрегін май ішкендей кілкілдетіп, мазасын алады. Әр кездегі әдеті: анау көз алдында өрттей құлпырып, жарыла пісіп тұрған егінге ә деп орақ салар сәтте... Ұлекең перзентін күткен анадай бір ғажап күйге бой алдырады. Онысын өзі ғана іштей сезінер еді, ал басқалар болса одан маусым сайын рекордтық көрсеткіш күтіп дағдыланып алған” деген сөздермен аңғартады. Бұл да публицистің өзіне ғана тән әдіс.

Көркем очерктің басты мақсаты – адам образын жасау десек А.Сәдібекұлы оны жақсы меңгергендігі байқалады. Бұл үшін кейіпкерді тікелей таныстыру, мінездеу, оны іс үстінде көрсету, ол туралы қысқаша әңгімелеп беру, штрих, деталь, портрет жасау, оның өз сөзін келтіру немесе диалог арқылы бейнелеу әдістерін қолданады. Бір очерктің ішінде осы элементтердің бір-екеуін немесе бірнешеуін қатар пайдаланады. “Алтыннан да ардақты” атты очерк Еңбек Даңқы орденінің иегері, республикаға еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері Кенішбай Алщоразов туралы. Автордың кейіпкер бейнесін сомдаудағы тәсілін мына мысалдан аңғаруға болады. Мәселен, “Уақыт оздырмай Кенішбайдың өзімен де кездескенбіз. Күлімсіреген көзі мейірім шуағына тұнып тұрады екен. Осы нұр шуақ қой оны жер-ана бейнетімен етене табыстырған. Туған ел игілігі үшін маңдай терімен маржан дән өсірген ерлердің жан-жүрегінен тараған шұғыла шуағынан ыстық не бар. Қаршығадай тұлғасына қарап тұрып жаның исінеді, пейіліңе нұр құйылғандай бір-бір керімсал күй кернейді кеудеңді. Қол алыстық. Қасаң тартқан саусақтары қандай қатқыл еді. Иә, қара жер қыртысын осындай қарымды қолдар қопарса керек-ті”[3,107] деуінен мінезі жайдары өз ісіне шын берілген және өз ісінен ләззәт алатын қарапайым еңбек адамының жарқын бейнесін көруге болады.

А.Сәдібекұлы очерктерін оқи отырып, журналист-жазушының қашанда талап деңгейінен көрініп, шығармаларымен өмір шындығын көрсетіп, өз заманындағы еңбек адамдарының бейнесін дәл жеткізіп, суреттей білгенін көреміз.

Көркем шығарма болғандықтан очеркте де мүсінді бейне, дара образдар жасалуы шарт. Очерк кейіпкері – өмірде бар адам. Мәселе соның өнегелі қасиеттерін нанымды етіп, тұтас суреттеп сомдап беруде. Ол өзінің ісі арқылы көрінуі керек [6, 72]. Сондықтан бұл міндет үлкен шеберлікті қажет етеді. Мәселен, “Шұғылалы шақтың шуағы” очеркіндегі Батыр Ана, Социалистік Еңбек Ері – Ұлбала Алтайбаева, “Әлжан Жаппасбаевтың ерлігіндегі” соғыс кезінде көзсіз ерлік көрсеткен – Әлжан Жаппасбаев, “Махаббат тарихындағы” Ленин және Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, тракторшы қыз – Жадыра Таспанбетовалар Сыр бойында өмір сүрген есімдері елге әйгілі тұлғалар.

А.Сәдібекұлы – суреткер публицист. Ол нені жазуды, не үшін жазуды ғана емес, қалай жазуды біледі. Сондықтан оның туындылары көркем шығармадай жеңіл оқылады. Мәселен, “Дала тынысы” очеркінде еңбек төріндегі күрішшілер өмірін көрсететін мынадай суреттеу бар: “Құланиектенген таң сұлу бүгінгі сапарына бет алып келеді. Самсап тұрған техниканың қалың нөпіріне от берілді. Тыныштық құшағындағы дала тағы да таңмен таласа дүр сілкініп қоя берді. Жарыса құлшынған жас жігіттер темір тұлпардың сауырына қамшы басты. Шет-шегіне көз сүрініп жететін егінжай толқып тұр. Алыстан мың бұлқынып келіп жиекке соққан толқындай басын ілгері-кейін бұлғайды”. Немесе “Туған топырақ тағдыры” шығармасында Сыр өңірі табиғатын бейнелейтін мынадай сөздер бар: “Мамыр туды. Дала құлпырып сала берген – жусанды жонда қызғалдақтар мен сарғалдақтар тағы да қаптап кетті. Дарияның жойқын суы атырауына қарай жөңкіп ақты, көл біткен кемерінен асты, Сыр бойы құс базарына айналды”. Көз алдыңа керемет табиғат аясы, шалқып тасыған дария, су бетінде қиқулап ұшқан құстардың суреті келеді.

Сондай-ақ, «Алтыннан да ардақты» очеркінде: «Бұл сәт тыста ақ көбелек тәрізді ұлпа қар баяу тамылжып тұрған. Жердегі жұлдыздардың биік-биік бағаналар басынан жарқырап құйылған жұмсақ нұры түнгі ауыл үстінде тұнып қалыпты” немесе “Аспаннан ақ жауын себелеп, артынша ағыл-тегіл нұр нөсерін құйып өтті. Іле жылт еткен алғашқы шуақ қозы қарыны жұбанар жас көкке жан бітірді». «Топ-толық ай жерден жаңа ғана көтерілгендей тым жақын тұр. Сүттей жарық. Алыс-алыс қиырлардан жымыңдап жапырлаған жұлдыздар көзді қытықтайды” деген бейнелеулерде табиғат көрінісін сәтті бере алған. Алматыдағы әдеби ортамен байланысын үзбеген жазушы тамаша талантты тұлғалар Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Фариза Оңғарсыновалармен әдебиет төңірегінде әңгіме қозғап, әсерленуі көркем шығармалар жазуда ықпалын тигізгені анық. «Көктемін күткен ару», «Аққұмның ақ түндері», «Бал айы», «Ашық мұхитқа шыққан алып», «Жұмыр жерде біз бармыз», «Шұғыла шуағы» сынды кітаптардың авторы А.Сәдібекұлының жазушылық қыры өз алдына бөлек әңгіме.

Қорыта айтқанда, шындық пен деректі, парасат пен пайымды тең ұстауды мұрат тұтқан Айжарық Сәдібекұлы қазақ журналистикасының өрісін кеңейтуге үлес қосып келе жатқан публицист-жазушы.




Әдебиеттер
1. Сәдібекұлы А. Әлімнің әжесі // Ленин жолы. 1967,17 мамыр.

2. Омашев Н. Қазақ журналистикасы. –Алматы: Қазақ университеті, 2009

3. Сәдібекұлы А. Шұғыла шуағы . –Алматы: АRNA-B, 2011.

4. Сәдібекұлы А. Дүбірлі күндер тынысы // Жаңадария. 1967, 15 шілде.

5. Стрельцов Б. Основы публицистики. Жанры. – Минск, 1990. – С.230.

6. Ыдырысов Т. Шеберлік бастауы. –Алматы: Мектеп, 1984.


References

1. Sadibekuly A. Alimnin azhesi // Lenin zholy. 1967, 17 mamyr.



2. Omashev N. Qazaq zhurnalistikasy. -Almaty: Qazaq Universiteti, 2009
3. Sadіbekuly A. Shugyla shuagy. -Almaty: ARNA-B, 2011.
4. Sadіbekuly A. Dubіrlі kүnder tynysy // Zhanadariya. 1967 15 shіlde.
5. Strelcov B. Osnovy publicistiki. Zhanry. - Minsk, 1990. - s.230.
6. Ydyrysov T. Sheberlіk bastauy. -Almaty: Mektep, 1984.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет