Қайрғалиева гулфайруз батырлар институты және оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны



бет3/29
Дата05.02.2022
өлшемі0,51 Mb.
#2121
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29
Мәселенің зерттелу деңгейі. Батырлар институтының қалыптасуы және оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны мәселесі арнайы зерттеу нысаны ретінде зерделенбегенімен еліміздің саяси-әлеуметтік даму тарихын, жекелеген тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін саралауға арналған ізденістерде көрініс тапқан. Ол зерттеу жұмыстарын Батыс Еуропа және Ресей тарихшылары мен саяхатшыларының, ресейлік басқару жүйесі шенеуніктерінің еңбектері, XIX ғасырдың II жартысы мен XX ғасырдың басындағы қазақ ұлттық зиялыларының еңбектері, кеңес дәуірі кезеңіндегі зерттеулер және еліміз егемендігін алғаннан кейін жарияланған қазақстандық тарихшылар еңбектері деп бөліп қарастырған жөн. Батыстық тарихнамада түркі халықтарындағы «батыр» атауын славяндардан естіп, оның ержүрек адам ретіндегі сипаттамасын алғаш жазған XVI ғасырда Московия жеріне елшілікке келген австриялық дипломат барон Сигизмунд (Зигмунд) фон Герберштейн болатын [2].
XVIII-XIX ғасырлардағы Батыс Еуропалық және ресейлік зерттеушілердің қазақ даласына қатысты еңбектерінде қазақ батырлары, соның ішінде Бөкенбай, Тіленші, Жоламан батырлар туралы нақты мәліметтер кездеседі. XVIII ғасырдың 30-шы жылдарында Кіші жүз ханы Әбілқайыр ханның ордасында болған ағылшын суретшісі әрі саяхатшысы Джон Кэстльдің Әбілқайыр ханға қатысты жазбаларында Жәнібек батыр, Бөкенбай батыр, Баймұрат батыр, Бүберек батыр, Асан батыр, Ақмолай батырлар есімдері аталады. Автор өзі куә болған тарихи кезеңдегі қазақ қоғамының ерекшеліктерін жаза келе ханнан басқа старщындар, мырзалар, билер, батырлардың да жарлық беруге құқылы болғанын атап өтеді [3, С.110].
XVIII ғасырдың II жартысында жарық көрген П.И.Рычковтың «Орынбор губерниясының топографиясы», «Орынбор тарихы» атты еңбектерінде қазақ батырлары Арғын Жәнібек пен Тама Есет, олардың қазақ-орыс қатынастарындағы елшілік қызметтері [4], И.Г.Андреевтің жазбасында патша үкіметінің бекініс маңындағы халықтарды өз саясаттарын қолдауға пайдалану үшін кейбір батырларға 100 рубльге дейін ақшалай сыйақы беріп тұрғандығы анық көрініс тапқан [5].
Бөкенбай батыр жайында нақты деректер қалдырғандар қатарында Я.Гавердовский жазбасының маңызы зор [6]. Бөкенбай батырдың тарихтағы орнын анықтау турасында көптеген тарихшылар арасында жаңсақ пікірлердің ақ-қарасын анықтауда осы жазбаның алар орны ерекше болды.
Ал тарихшы Е.К.Мейендорф 1820 жылғы Бұхараға сапары нәтижесінде жазған «Орынбордан Бұхараға саяхат» атты еңбегінде: «Қырғыздар (қазақтар) рубасылары ақсақалдар, билер, батырлар, сұлтандар арқылы басқарылады. Батырлар деп батыл, әділ, алғыр адамдарды айтады, жорықтар кезінде олар керемет шабандоздар»,- деп батырларға өз анықтамасын береді [7]. Сонымен бірге Е.К.Мейендорфтың жинаған материалдары Жоламан Тіленшіұлы, Жәнібек тарханның немересі Мұса Дәуітбайұлы сияқты батырлар қолдаған Арынғазы сұлтанның қызметіне қатысы бар деректердің боуымен маңызды болып табылады.
Одан кейінгі Бөкенбай батыр мен оның әулеті жайында мол мағлұматтар А.И.Левшиннің «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей» [8] атты еңбегінде кездеседі. Атап айтқанда, Қазақстанның «Ресейге қосылуы» туралы жаза келе, А.Левшин өз еңбегінің «1730 жылдан бастап қазіргі кезге дейінгі Орта және Кіші қырғыз-қазақ ордаларына тарихи шолу» деп аталатын бесінші тарауында Бөкенбай батырға қатысты мәліметтер келтіреді.
Ал И.Ф.Бларамберг Жоламан Тіленшіұлының күресі жайында: «Елек өзені бойындағы шұрайлы жерлерге ие болған казактар өтемін қанмен берді. Қазақ батыр-тархандары бастаған көтерілісшілер бірнеше рет үлкен қол жинап, ата қоныс үшін соғысып қан төкті» [9], – деп жазады.
XIX ғасырдың II жартысында патша үкіметі өзінің отарлық саясатын Қазақстанда белсенді жүргізу үшін аймақты нақты зерттеудің қажеттілігін түсінді. Патша әкімшілігі енді өз шенеуніктері мен әскерилеріне арнайы тапсырмамен өлке тарихын жаздыра бастады. Л.Мейер, И.И.Крафт, В.Н.Витевский, М.А.Терентьев, А.И.Добросмыслов, А.Харузин, А.Алекторов және басқаларының зерттеулері осындай саясаттың негізінде жарыққа шықты [10]. Бұл еңбектерде батырлар институты, Бөкенбай батыр және оның әулеті туралы кейбір деректер, қазақ батырлары, олардың есімдері, қазақтардың дәстүрлі қоғамында белгілі дәрежеде үлкен орын алған барымта, оның реттелу мәселесіне қатысты мәліметтер кездеседі. Мысалы, А.Алекторовтың «Баранта» атты «Оренбургский листок» журналының 1890 жылғы 22-23 сандарындағы мақаласынан қазақтардағы барымтаның бұл күнде алғашқы мәнінен айырылып бара жатқандығын айта отырып, «енді біраз уақыттан соң ол өзінен-өзі жойылады», - деп ой қорытқанын көре аламыз [11,С.96].
Осы кезеңде қазақ тарихындағы батырлар немесе батырлық кезеңіне Шоқан Уәлиханов та назар аударды. Ол өзі өмір сүрген кезеңдегі қазақ қоғамы мен оның билеушілері жайында жазған еңбектерінде «батырлық» терминіне тоқталып «Батыр – ең маңызды және беделді тұлға, ол соғыста жолбарыстай айбарлы, арыстандай қайратты болуы тиіс. Ол - айтқан сөзі халыққа өтетін, елге ең сыйлы адам», - деп анықтады. «Абылай» атты мақаласында қазақ халқының Ресей мен Қытай секілді екі алып империяның арасындағы тәуелсіздікті сақтап қалу жолындағы қызметі мен ханның өмір сүрген уақытын «Абылай ғасыры қырғыздардың (қазақтардың) жауынгерлік (серілік) заманы болды», - деп қорытты [12, С.218]. Бұдан басқа ол XVIII ғасырдағы батырлар жайындағы ел арасында сақталған әңгімелерді де жинап, өз еңбектерінде қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресінде ерліктерімен танымал болған көптеген батырларды атайды.
Осынау ерекше құрылымның зерттелуіне алаш зиялылары да өз үлестерін қосты. Олардың қатарында XX ғасырда жазықсыз жапа шеккен алаш арыстарының бірі, көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері Х.Досмұхамедовтың батырлардың қазақ қоғамындағы, тарихындағы орнына қатысты мақалалары маңызды болып табылады. Оның «Қазақ батырлары. Исатай, Махамбет», «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат», «Махамбет батыр», «Исатай кім?», «Родословная Жалантус-батыра, (Ялантуш-бахадура), строителя медресе тилля-кары и шир-дор в городе Самарканде», «Жалаңтөс батыр» атты еңбектерінде қазақ батырларының қызметі сараланады. Х.Досмұхамедов «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат» атты көлемді еңбегінде көтерілістің басталуымен қатар XVIII ғасырдың 30-40-шы жылдарындағы саяси ахуал, Әбілқайыр хан және оны қолдаған қазақ батырлары жайында жаза келе, 1738 жылы Әбілқайырмен бірге ант беріп, әр рудан қол қойған 56 адамның санын келтіреді. Олардың қатарында Қошқарұлы Жәнібек пен Бөкенбай батырдың болғандығына назар аударады. Осы зерттеуде Х.Досмұхамедов Әбілқайырдың орыс патшасына ант беруін өзінше талдап, «елдің билері екіге бөлініп кетті, бір бөлегі арғын Жәнібек пен табын Бөкембай (Бөкенбай – Г.Қ.) болып соңына ерген елдерімен хан жағына шығып кетті»,- деп жазады [13, 29 б.]. Жәнібек пен Бөкенбайдың Әбілқайыр ханды қолдауын Х.Досмұхамедұлы Арғын және Табын руларының Орта жүз бен Кіші жүздегі аса мәртебелі болмаған жағдайынан деп есептейді. Сол тұстағы Арғынның да, Жетірудағы Табынның да саяси биліктегі орны мен жайылымдық жер мәселесіндегі дағдарыс олардың аталған мәселелерді оңтайлы шешіп алу үшін Әбілқайырды қолдап, хан жағына шығуына әсер етті деп тұжырымдайды. Мұндай тұжырымдарға кезіндегі кеңестік биліктің ықпал еткендігі бүгінде жасырын емес.
Х.Досмұхамедовтен кейін жарық көрген М.Тынышпаев, С.Асфендияров еңбектерінде де қазақ елін қорғаудағы батырлар ерліктері, олардың әлеуметтік құрылымдағы рөлі жаңа мәліметтермен толықты [14].
Зерттеу тақырыбына қатысты біраз мәселелер осы тұста А.П.Чулошников, А.Ф.Рязанов, В.П.Шахматов еңбектерінде де көтерілді [15]. Мәселен, А.Ф.Рязанов Сырым Датұлынан бастап Кенесарыға дейін ұлт-азаттық күрестің ешқашан үзілмегендігін көрсетіп, оған Тіленші, Жоламан батырлардың өзіндік үлес қосқандығын дәлелдесе, В.П.Шахматов Исатай-Махамбет бастаған көтеріліске Жоламанның қатысқандығын дәлелдейтін құжаттарды ғылыми айналымға қосты.
XX ғасырдың бірінші жартысында көрнекті тарихшылар М.П.Вяткин, Е.Бекмаханов өз еңбектерімен жекелеген қазақ батырларының басшылығымен болған көтерілістер зерттеу арқылы тұлғалар тарихын зерттеудің іргетасын қалыптастырды [16]. Алайда Е.Бекмахановтың К.Қасымов бастаған көтеріліс тарихына арналған «XIX ғасырдың 20-40-шы жылдарындағы Қазақстан» монографиясының кеңестік идеология тұрғысынан қатты сынға ұшырауынан кейін қазақ батырларының қоғамдық-саяси қызметіне таптық принциппен қарау күшейіп, зерттеу аумағынан ығыстырыла бастады. Ендігі жағдайда қазақ батырлары XVIII-XIX ғасырлардағы саяси, әлеуметтік- экономикалық мәселелер зерттелгенде ғана аталып, кейінгі қатарға жылжытылды.
XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары, Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына арналған Н.Г.Аполлова, В.Я.Басин, Б.С.Сүлейменов, А.Сабырханов, А.Нүсіпбеков, С.З.Зиманов, С.Е.Толыбеков, Р.Б.Сулейменов, В.А.Моисеев, Н.Е.Бекмаханова, Т.Шойынбаев зерттеулерінде ұлт-азаттық қозғалыс мәселесіне қатысты көптеген жаңа деректер ғылыми айналымға қосылды [17].
Зерттеу тақырыбының жаңа белесі тәуелсіздігімізге байланысты басталды. Осы кезеңде жазылған М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, Ж.Қ.Қасымбаев, З.А.Алдамжар, К.Л.Есмағамбетов, Ә.Мұқтар, Ж.О.Артықбаев, С.М.Мәшімбаев, М.Абдиров, Ұ.Ахметова, И.Кенжалиев, И.В.Ерофеева, А.Ахметтердің зерттеулерінде қазақ-орыс қатынастары мен Қазақстанның Ресей империясының құрамында болған тұсындағы әлеуметтік мәселелер, отарлық езгіге қарсы күрестегі батырлар, Әбілқайыр хан, Абылай хан, Әбілғазы және Қаратай сұлтандар тарихы ұлттық мүдде тұрғысынан зерделеніп, тың пікірлер тарихи оқулықтарға енді [18]. Мәселен, М.Қ.Қозыбаев Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстарға, олардың кезеңдеріне, К.Нұрпейіс тұлғалар тарихына, Ж.Қасымбаев Кіші жүздегі хандар әулетіне, З.Алдамжар тарихты зерттеу методологиясына ерекше назар аударды. Тарихшы К.Л.Есмағамбетов қазақ батырларының шетел зерттеушілерінің еңбектеріне енуі мәселесіне көңіл бөлді. Оның зерттеулерінде Бөкенбай, Жоламан, Исатай, Махамбет батырлар тарихына тың ұстанымдар ұсынылды. Ғалым Исатай-Махамбет батырлар бастаған көтеріліске қатысты «феодалдық көтеріліс», «бас көтерулер» деген пікірлерді сынға алды.
Қазақ тарихында батырлар институты мәселесі арнайы әр жылдары жарық көрген Е.Бекмахановтың [19], М.Бижановтың [20] мақалаларымен қатар кейінгі жылдары К.Есмағамбетовтың [21], Н.А.Абдуллаев пен Е.Сатыбалдының [22], М.Дауытбекованың [23] мақалаларында да көрініс тапты. Бұл мақалаларда батырлардың саяси, экономикалық функциялары, қоғамдағы рөліне қатысты мәселелер көтерілді. Е.Бекмаханов, М.Бижанов өз еңбектерінде таптық принциптерге негізделген кеңестік идеология тұрғысынан қазақ батырларының заманында ауқатты адамдар болуына байланысты оларды кедейлердің еңбегін пайдаланған, экономикалық мүмкіндіктерін өз пайдасына шешкен адамдар етіп сипаттады. Кейінгі жылдары жарық көрген мақалаларда батырларға рухани құндылықтар, ұлттық дамудың ерекшелігі, азаттық күресі тарихын жасаушылар деген баға беріледі.
Батырлар институтының дамуында өзіндік із қалдырған Бөкенбай батыр және оның әулеті тарихын зерттеу ісіне Т.З.Рысбеков, Ә.Қ.Мұқтар, З.Байдосов, Н.Ы.Жетпісбай өз зерттеулерімен үлес қосты [24]. Профессор Т.ЗРысбеков зерттеулерінде бұған дейін өзге ұлт-азаттық көтерілістер қатарынан өзіндік орнын алмай келген Жоламан Тіленшіұлының еліміздің отарлық езгіге қарсы күресіндегі рөлінің жоғары екендігі және Жоламан батыр Тіленшіұлының Арынғазы сұлтанның қозғалысымен тұстас келген күресі жайында «Жоламан Тіленшіұлы – XIX ғасырдағы патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы батыл қол бастаған қазақ халқының азаттық күресі тарихындағы тұғыры биік, ірі тұлға. Жоламан Тіленшіұлы сол тұста орыс отаршылдығына қарсы күрескен Исатай, Махамбет, Есет батырлармен, Кенесары, Қайыпқали сұлтандармен қарым-қатынаста болып, бір-біріне қолдау көрсетуі, қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалыстардың өзара сабақтастығымен тығыз байланыстылығын дәлелдейді»,- деген тұжырым жасады [25, 211 б.].
Қазақ батырларының халқымыздың азаттық жолындағы күресі, жекелеген ұлт-азаттық көтерілістер, жауынгерлік қасиет пен әскери-соғыс өнері мәселелері мен әлеуметтік құрылымдар кейінгі жылдардағы бірқатар зерттеу жұмыстарында көрініс тапты. А.Оразбаеваның [26], Ж.Жақсығалиевтің [27], Ж.Исмурзиннің [28], С.Құрманалиннің [29], Ж.Джампеисованың [30], Ө.И.Исеновтың [31] зерттеулерінде біз қарастырып отырған мәселе нақты болмағанымен жанама түрде қамтылып өтеді. Бұл еңбектерге ортақ пікірлер батырлардың қоғамда алған орнының жоғары болғандығы және Тәуке, Әбілқайыр, Абылай сынды қазақ хандарының өз заманында беделді батырлардың пікірімен санасып отырғандықтарын атап өту болып табылады. Сонымен қатар бұл жұмыстардың бірқатарында қазақтардағы әскери соғыс өнерінің қалыптасуы, қазақ руларының ұрандары, ру тулары мен таңбаларының ерлік рухты қалыптастырудағы маңызы жайы да көрініс табады.
Қазақ батырларының бейнесі әдеби туындыларда көрініс тапты. Ә.Кекілбайұлының «Үркер» тарихи романында Әбілқайыр ханмен қатар хан жанындағы ең беделді әрі ханға сенімді серік болған табын Бөкенбай батыр Қараұлының образы берілсе, І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында Кенесары батырмен бір мезгілде тағдырлары түйіскен Жоламан батырдың бейнесі қамтылған [32].
Дегенменде, тақырыптың зерттелу деңгейіне жасалған тарихнамалық шолу батырлар институтының, оның ішінде Бөкенбай батыр және әулеті тарихының әлі де арнаулы зерттеу нысанына айналмағанын байқатады. Нақты зерттеу жұмыстарының болмауы табын Бөкенбай Қараұлының қызметіне қатысты ақтаңдақтардың орын алуына алып келген. Сондықтан батырлар институтының дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны, қазақ билеушілерінің саяси қызметіндегі батырлардың ықпалы, билік пен мемлекеттілік мәселесіндегі батырлар қызметі, Бөкенбай батыр мен оның әулетінің тарихы әлі де терең зерттеуді талап ететін тақырыптар қатарынан саналады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет