Айша бибі күмбезі



Дата26.06.2018
өлшемі36 Kb.
#44783
Айша бибі күмбезі
Жамбыл облысында 1000-аса тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштері бар. Олардың арасында Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун, Тектұрмас т.б. секілді тарихи кесенелер күллі қазақ жұртына мәлім. Өткен заманда Төле би Әмір Темір жайлы былай депті. "Біз бүкіл ұрпағымызбен Әмір Темірге алғыс айтамыз. Ол біздің елге, даламызға жаңалық әкелді: Қожа Ахмет Яссауидің күмбезін салды. Мұндай ғажап күмбез бұрын-соңды жұртымызда бой көрсеткен емес. Әмір Темір елі даламызды шырт ұйқыдан оятып, екінші Мекке салды". Осындай теңеуді Тараз жерінде кесене туғызған тұлғаларға да арнап айтсақ артық емес. Өйткені олар белгілі бір адамды ұлықтап қана қоймай халықтың, елдің мәртебесін көтерді.

Айша бибі және Бабаджа хатунға арналған ескерткіштер Тараз қаласынан оңтүстікте 20 шақырымдай жердегі Айша бибі ауылында бой көтерген. Белгілі археолог Н.Бернштамның XX 30-40 ж.ж. зерттеулерінің негізінде бұл көне ғимараттар XI-XII ғ.ғ. салынған деп жазылған. Ескерткіш қазіргі кезеңде ғашықтық символы, киелі кесене, сәулет өнерінің інжу-маржаны ретінде бағаланады. Айша бибі күмбезі бізге жартылай бұзылған қалпында жеткен. Құрылыстың бастапқы жобасы мынадай: жалпы ауданы 7,23х 7,23м; диаметрі тұтас оюланған. Әшекейлі кабырғаларының қалыңдығы 80 см. Күмбездің ішкі беті кірпіштен, ал сыртқы беті күйдірілген құйма балшықтан қаланған. Кірпіш пен күйдірілген құйма тастардың арасын әк қосылған балшықпен жымдастырып, арша ағашымен ұстатқан. Бұл ағаштар қабырғаларды жер сілкінгенде құлатпай ұстап тұрған. Мұнда оюдың 20 түрі кездеседі. Халық аузында Айша бибі туралы аңыз сақталған. "Айша" сөзі араб тілінен аударғанда "өмірге құштар, іңкәр" деген мағынаны білдіреді. Ел аузындағы аңыз бойынша айдай ару Айша мен қолбасшы Мұхаммед (Қарахан) бір-біріне ғашық болып, сөз байласады. Әкесі Зеңгі баба Айшаның тілін алмай Таразға - ғашығы Қараханға аттанғаны үшін теріс батасын береді. Аса өзені жағасында шомылып жатқанда аруды жылан шағып өлтіреді.

Айша бибі ескерткішін Мұхаммед тұрғызды деп батыл айтуға негіз болатын бір жайт бар. Қазақстанның сәулетші зерттеушілері В. Қадырбаевтың, Н. Бәсеновтың және басқалардың мәліметтеріне қарағанда күмбездің маңдайшасына мазарды тұрғызған Мұхаммед хан деген сөздер мұндаға дейін сақталған екен. Айша бибі кесенесі ата-бабаларымыздың құрылыс сәулет, әшекей, математикалық есеп, материалтану т.б. салаларды жүздеген жылдар бұрын-ақ әлемдік деңгейде игергендігінің, сонымен бірге адамдар арасында ізгілік, имандылық, танымдық өрелерінің жоғары болғандығының белгісі болса керек. Біздің уақытымызға кесене бұзылған күйі жеткендігін айтып өттік.

Кесененің тек батыс қабырғасының біраз бөлігі мен сонымен жоспарлас екі қабырғаның аздаған қалдықтары сақталған болатын. Сондықтан ежелгі шеберлердің өнерін қайта тірілту, болашақ үшін қалпына келтіру көкейтесті мәселеге айналды. Кесененің шынайы бейнесін жасау ғалымдардан, сәулетшілерден үлкен білім мен кәсібилікті талап етті. Ұзақ пікірталастан соң кесенені бұзылған қалпында сақтамай, қайта қалпына келтіру керек деген шешім қабылданады. Бірақ, кесененің салынуы туралы жазба деректер жоқ болатын. Оның күмбезі қандай пішінде болғаны белгісіз еді. Көптеген зерттеушілердің еңбектерінде оның пішіні болжам түрінде айтылды.

Ғалымдар мен мамандар Қазақстан мен Өзбекстандағы тарихи жәдігерлер мен сәулет өнерінің туындыларын терең зерттей келе Айша бибі кесенесінің күмбезі конус тәрізді болған деген ортақ пікірге келді. Бұл сәулетші, қалпына келтіруші Ә.Итеновтің 1981 жылы ұсынған жобасы болатын. Оған дейінгі

1979, 1980 ж.ж. кесенені қайта қалпына келтіру жайлы жобалар



мамандар тарапынан мақұлданбады. Ә. Итеновтың жобасын 1981 ж. сәулет өнерінің докторы М.С.Булатов, сәулет өнері ғылыми зерттеу институтының сектор бастығы О. Х. Халпахчьян, тарих ғылымдарының докторы В.Л.Воронина, өнертану докторы Л.Маньковская бірауыздан қолдайды. 1981 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау ғылыми әдістемелік Кеңесінде Өзбекәлі Жәнібековтің жетекшілігімен жобалар сараланып қаралып, мамандар тарапынан соңғысы мақұлданады.

"Мәдени мұра" бағдарламасы аясында Айша бибі кесенесіне "Қазқайта жаңарту" ұжымының шеберлері қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Кесене күмбезін көтеру үшін ішкі бөліктегі кірпіштер алынып, қайта қаланды. Жаңа қабырғалардың үстінен конус тәрізді күмбез өрілді.
Каталог: userfiles -> file -> 05 09 2012


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет