Қалас жамалов философия


ІІІ тарау. АНТИКА ФИЛОСОФИЯСЫ



бет13/62
Дата03.10.2022
өлшемі417,48 Kb.
#151479
түріОқулық
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   62
Байланысты:
филос.учебн.
КИС 2-курс ОМ каз-конвертирован, Реферат на тему Разговорный стиль речи , Срсп9.Педзерттеу.М.Адилям
ІІІ тарау. АНТИКА ФИЛОСОФИЯСЫ
Антика философиясының мың жылға жуық тарихы бар. Ол ертедегі Грецияда б.д.д. VI ғасырда пайда болып, орта ғасыр заманына, яғни Рим империясы құлағанға дейін (б.д. V ғ.) өмір сүрді. Әлемнің рационалдық ұғымын бейнелеу, өзін-өзі көрсетудің рухани жаңа тәсілін қалыптастыру антика философиясында өзіндік ерекшелігі мен қатаң қисынды түрін тапты. Бұл философияның Кіші Азия қалаларында пайда болуы кездейсоқ емес. Тек осы жерде ежелгі Шығыс мәдениеті, білімі мен даналығы грек ойшылдарының дүниетанымдық көзқарастарына тікелей әсерін тигізді. Бұл әсерді ғылыми-практикалық білімдер жүйесінен (астрономия, геометрия, математика) көреміз. Оның өзіндік ерекшелігі космоцентристік, «ғарыш» пен «табиғатты» ой елегінен өткізуге бағытталғанында еді. Антика ойшылдарының шығармаларында адам санасы мен жаны табиғаттың бөлінбес бөлігі есебінде қарастырылып, үлкен маңыздылыққа ие болады, сол философияда ерекше орын алады.
Ежелгі грек философиясы дамуын төмендегі сатыларымен ерекшелеуге болады: 1) Ертедегі грек философиясының қалыптасуы (б.д.д.VІ-V ғ.ғ.), бұл дүниетанымдық көзқарастың негізінде ғарыш, табиғат мәселелері тұрды; 2) классикалық грек философиясы - Сократ, Платон, Аристотель ілімдері (б.д.д. V-ІV ғ.ғ.) мұнда басты назар адам мәселесіне, оның мәніне, таным мүмкіндіктеріне аударылды; 3) грек-рим немесе эллиндік саты (б.д.д.ІV ғ. аяғы мен б.з. V ғасыры аралығы), грек демократиялық қоғамының ыдырауы мен саяси, рухани өмір тіректерінің грек қалаларынан Рим империясының астанасына ауысуы.
Милет мектебі б.д.д. VI ғасырда Кіші Азия түбегінің батыс жиегінде, Милет қаласында Еуропа өркениетінің алғашқы ғылыми және философиялық орталығы есебінде пайда болды. Б.д.д. 625-545 жылдар аралығында өмір сүрген Фалес осы мектептін негізін қалады. Оның ойынша барлық құрлықтардың шығу тегі - су. Мұхиттар жерді қоршаған сақина сияқты, ал жер – суда қалқып жүрген ағаш тәрізді.
Онтология және гнесеология сұрақтарының ара жігін ашпаса да, дуниетанымдық философиялық көзқарасында Фалес монист (грек сөзі моно біреу). Ол бүкіл ғаламның негізі ретінде тек онтологияда (болмыс туралы ілім) ғана емес, гносеологияда да (таным туралы ілім) бір бастауды алды. Таным теориясына қойған негізгі талабы барлық білімдерді дара бастауға сезімдік, көріністерге таңу болды.
Фалес жанды тәннен бөлек қарастырып, оны материалдық деп есептеді. Оның ұғымы бойынша, барлық заттың жаны бар, мысалы: магниттің жаны бар, сондықтан темірді тартады. Мұндай көзқарас философияда гилозоизм (hyle - материя, zoe - өмір,тірі деген ұғымдағы грек сөзі), деп аталады. Демек, дүниедегі барлық заттардың ішкі қозғаушы күші - жаны болады.
Фалес б.д.д 585 жылы Фалес күннің тұтылатынын болжап айтты, ал философия тарихында «Бәрінің бастауы не?», «Әлем неден тұрады, оның алғашқы бастауы не?» деген сұрақты тұжырымдаған және осы сұрақ шешімі туралы пайымдауларын қалдырған ойшыл.
Плутарх берілген сұрақтарға Фалестің келесі жауаптарды айтқанын мәлімдейді:
- Бәрінен жасы үлкен кім? -Құдай, өйткені ол тумаған;
-Бәрінен де не үлкен? -Кеңістік, өйткені ол бүкіл дүниені қамтиды;
- Ең әсем не? - Дүние, өйткені әсемдіктің бәрі соның құрамында;
-Бәріне не ортақ? -Үміт. Қолында еш нәрсе жоқтардың да өмірден үміті бар т.б.
Милет мектебінің тағы бір мүшесі Анаксимандр (б.д.д.611-545 ж.ж.) ерекше философиялық тұжырымдама негізін қалаушы, ғаламның бастауы түсінігін архе (гр. сөзі arche – бастау) түсінігіне дейін ұлғайтушы. Алғашкы бастау – жалғыз, алғашқы, уақыттан тыс, демек шексіз, мәңгі өлмейтін барлық әлемдерді қамтитын субстанция – алейрон. Ол сапалық синаттамасы жоқ және мөлшері (саны) шексіз заттық бастама – барлық ғаламның негізі.
Алғашқы субстанция (апейрон) жерде бар әр түрлі заттарға (жер, су, ауа, от) ауыса алады. Әлемнің бізге қалай көрінетіні мен оның шын мәнінде қандай екені арасында айырмашылық бар, оны танып білу үшін бастапқыда сезімдік әлем зерттелуі керек. Сезімдік әлем тек нақты өмір сүретін объективті дүние көрінісі болады.
Анаксимандр гректердің күнделікті тұрмыстық өміріне күн сағатын кіргізеді, жер шарының Еуропа мен Азиялық бөлігі бейнеленген географиялық карта жасағаны туралы да мәлімет бар.
Милет мектебінің көрнекті мүшелерінің бірі Анаксимен (б.д.д. 560-480 ж. шамасы) барлық ғаламның бастауын – ауа, деп қарастырады. Ауа қоюлануы арқылы, алғашқыда суға, сосын одан әрі, қоюланып жерге және ең соңында тасқа айналады. Анаксимен ғаламдағы барлық көптүрлілікті ауаның қоюлану дәрежесімен түсіндіреді, отты шиеленісті жағдайы бәсеңдеген ауа ретінде болжайды...
Ауа шексіздік қасиетіне ие болған. Анаксимен ауаның қоюлануын салқындауымен, ал шиеленісті жағдайының бәсеңдеуін жылуының көтерілуімен байланыстырады. Жан мен дененің және барлық ғаламның бастау көзі бола отырып, тіпті ауа құдаймен қарым-қатынаста да бірінші. «Ауаны құдайлар жасаған жоқ, олардың өзі ауадан пайда болады, біздің жанымыз сияқты ауа бәрін қолдайды және барлығын басқарады» - деп пайымдайды.
Милет мектебі өкілдерінің көзқарастарын қортындыласақ, онда материалдық бастау негіз болаған әлемнің өмірге келуі, табиғаттан тыс күштердің араласуынсыз түсіндірілгенін көреміз. Антика заманының осы, алғашқы философиялық мектебі өмірге енді еніп келе жатқан эмпирикалық және теориялық білімдердің негізінде пайда болды. Мұнда ғаламның толық бейнесін беруге талпыныс жасалды, дегенмен оның көптеген бөліктері егжей-тегжейлі қарастырылмады. Осыдан Милет мектебі ойшылдарының материализмі қарапайым деңгейде қалды, қоршаған ортаны толассыз қозғалыста, өзгерістерде қарастырулары, алғашкы диалектикалық түсініктерге алып келді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет