Бенедикт Спиноза (1632-1677 ж.ж.) философиясы XVII ғасырдың маңызды ілімдерінің бірі. Негізгі еңбектері: «Ақыл-ойды жетілдіру жөніндегі трактат», «Этика», «Саяси трактат» т.б. Өзінің басты шығармасы – «Этикада» ол Декарттың дуализмін сынға алып, әлемнің материалдығы туралы монистік ілімді жарыққа шығарды. Спиноза ойына қарағанда, заттар табиғатында екі субстанцияның болуы мүмкін емес екенін, бір субстанция екіншісінің себебінің бола алмайтынын түсінеміз. Субстанция - Спиноза философиясының бастапқы түйінді ойы. Ол табиғаттың «өмір сүру қабілетінің абсолюттік шексіз» болатынын және өз болмысында сыртқы себептерді қажетсінбейтінінен субстанция сапасында қарастырады. Тек қана табиғат немесе субстанция қажетті түрде өмір сүреді, ол өзіне - өзінің себебі болады. Құдай деп атаған субстанциядан басқа, табиғаттан тыс, ешқандай бөлек себеп өмір сүрмейді. «Жасампаз, жаратушы табиғатты» Құдай деп атап, табиғат пен Құдайды теңестіріп, Құдай мен табиғатты бір-біріне сіңіріп, өзінің материалистік, атеистік көзқарастарын пантеизм (Құдай мен табиғатты теңестіруші ілім) түрінде көрсетеді. Оның пікірінше, табиғат дегеніміз себеп және салдар, мән мен өмір сүру, ол мәңгі және шексіз. Табиғат өзіне өзі себеп болатын субстанция, өз мәнінен туындайтын мәңгі болмыс деп анықталады. Мұнымен Спиноза, Табиғат уақытта мәңгі, кеңістікте шексіз деп табиғаттың «жаратылғандығы» және Құдайдың жасампаздығы туралы сұрақты шешеді. Табиғат - субстанция есебінде мәңгі, негізгі, бөлінбейтін қасиеттері - атрибуттарымен көрініс табады. Субстанция шексіз, сондықтан оның атрибуттары да сансыз көп. Бірақ, адам осы көптің ішінен екеуін: созылып жатқан ұзындықты және ойды таниды. Субстанцияны оның атрибуттарынан тыс елестету, ойлауға болмайды, ұзындық пен ой оның болмысының өзгеріссіз негізін құрайды, одан бөлінбейді, оның мәнінің көрінісі болады.
Спиноза субстанция атрибуттарын өзгермейтін мәңгі қасиеттер деп анықтайды.
Атрибуттарымен қоса, субстанция да шекті, әр кез қалыпты өзгерістерде болатын жеке заттарды ажырату керек. Жеке, шектеулі заттардың барлық жиынтығын Спиноза модус деп атайды. Егер субстанция өмірде өзге ештеңені қажетсінбей, өзімен-өзі дара өмір сүрсе, шексіз көп модустар басқаларға тәуелді, оның өмір сүруіне өзгелер себепші болады. Өзгеріссіз субстанция қозғалмайды, табиғат, субстанция тұтас тыныштықта өмір сүреді. Модустар әлемі шектеулі, өзгерістерге ұшырап, үздіксіз қозғалыста болады және ол қозғалыс өзінің негізі мен бастауын субстанциядан алады. Субстанция мәңгі және өзгермейді, сондықтан қозғалыс субстанциясының атрибуты болмайды. Мәңгі қозғалмайтындықтан уақытқа ешқандай қатысы жоқ, бастауы да, соңы да жоқ. Қозғалыс пен уақыт тек шектеулі модустарға, жеке заттарға тиесілі. Спинозаның ойынша қозғалыс, сонымен бірге, тыныштық - мәңгі шексіз модус есебінде, жылжымайтын субстанция мен өзгергіш дара заттар арасын байланыстырушы.
Субстанциялар мен жеке заттардың арасындағы байланыстың осындай түсінігі имманенттік (имманентті-заттың ішкі өзіндігіне теңдігі) және сыртқы себептіліктерді қарама-қарсы қоюдан өз көрінісін табады. «Имманенттік себептілік, дейді Спиноза, субстанция табиғатына тән, өйткені ол өзі-өзінің, және модустардың барлық жиынтығының себебі. Сыртқы себептілік жеке модустарға тән, өйткені ол (сыртқы себеп) оның (модус) мәнінің қажеттілігінен туындамайды, тек басқа шектеулі модустың себебімен анықталады».
Шектеулі модустардың (заттардың) өмір сүруі өзінің себебімен, яғни өндіруші, жасаушы субстанциямен анықталады. Спиноза әлемдегі қажеттіліктің абсолюттік үстемдігін қолдап, кез келген объективтік түрде кездесетін кездейсоқтықты теріске шығарады. Оның ойынша, адамдар бір нәрсенің пайда болуы мен өмір сүруінің себептерін білмей, оны кездейсоқ деп атайды. Субстанция (ішкі себеп тәрізді) барлық заттар қандай болса, олардың бүтіндей сол тәсілмен, сол тәртіппен жасалғандығынан енді басқаша бола алмайды, дейді.
Шектеулі заттар әлемінің дара субстанциядан айырмашылығы - оның себебі, мәні өзінде емес, басқа шектеулі заттарға тәуелді, сондықтан олардың әрқайсысы кездейсоқ бола алады. Осыдан Спиноза жеке заттарға қатысты абсолюттік қажеттілікті кездейсоқтықпен толықтарады.
Таным туралы ілімінде Спиноза рационализмді дамытады. Сезімдік танымды жеткіліксіз, бұлыңғыр, шынайылығы жоқ деп көрсетеді. Жеке заттардың қасиеттері туралы үстірт түсінік беруге қабілеттілік - сезімдік танымның басты белгісі. Демек, сезімдік таным - білімнің ең төменгі сатысы.
Спинозаның ойынша, ақиқат таным парасатқа негізделуі керек, өйткені парасаттағы идея байланысы, әлемдегі заттар байланысына және тәртібіне сәйкес келеді. Ақиқаттың белгісін ол саралық, анықтық, логикалық ойдың айқындығы деп есептейді. Парасат сезімдік тәжірибеге тәуелсіз, ол заттар туралы идеяларды құрастырады және өзі олардың ақиқаттығы мен жалғандығын анықтайды. Спиноза іліміне сәйкес, білімнің ең жоғарғы түрі - интуициямен ашылатын білім, яғни ақылдың тікелей пайымдауы. Адам сезімдік және ес танымынан тәуелсіз интуицияның көмегімен субстанция түсінігін ұғынады.
Тұтас алғанда, Спиноза барлық танымды сезімдік және парасаттық деп екі түрге бөліп, оларды қарама-қарсы қойды.