Пифагор мектебі. Ертедегі Грецияда Милет мектебінің соңынан, басқа да философиялық орталықтар пайда бола бастады. Соның ішінде, ең бір бетке ұстарлығы, маңыздысы - Пифагор (б.д.д. 580-500 ж.ж.) мектебі. Орталық математик, астроном Пифагормен қатар Филолай, дәрігер Алкмеон, т.б. философтарды біріктірді. Бұл философияның өз бойына барлық білім салаларын шоғырландырған және нақты ғылымдардың бөлектену үдерісінің енді басталған уақыты еді.
Пифагор ең алғаш философияны өз атымен атаған және мөлшерге, санға үлкен мән берген ойшыл. Ғылым саласы ретінде математиканың негізін қалаған оның философиялық көзқарасы, көп жағдайларда математикалық түсініктермен байланыстырылады. Ол «бәрі де сан болады», «барлық заттардың сандық мәні бар», деп әлем түсінігінің тек бір жағын ашты, яғни мөлшерлік, сандық өлшемділігін айтты. Пифагордың ойынша, сезімдік танымның объектілерінен гөрі, ой объектілері шын өмір сүреді, өйткені санның уақыттан тыс табиғаты бар, демек, мәңгі. Олар заттардың «табиғаты», нақты заттардан жоғары тұратын белгісіз шынайылық.
Осы аталған пікірлер, Пифагордың рационалистік діннің негізін қалаушы екенін көрсетеді, оның ойынша, сезім арқылы түсінуге болмайтын, парасат көмегімен ғана түсінуге болатын, мәңгі өмір сүретін әлем бар. Ол ғарышты, ондағы барлық заттарды санмен орнатылған тәртіп есебінде белгілеген бірінші адам. Бұл тәртіпке ақыл, оймен қол жеткізуге, ұғынуға, жете түсінуге, әлемді бүтіндей жаңаша көруге болады.
Әлемді тану үдерісі, Пифагордың ойынша, оларды басқаратын сандық мөлшерді тану. Бірлік сандар жүйесінің негізі, математикалық білім таза ой негізінен алынады. Ойды сезімнен жоғары қойған ойшыл, сезімдік әлемді математикалық идеалға еріксіз енгізді.
Ертедегі грек философтарының материализмі мен диалектикасы Гераклит (б.д.д.544-383ж.ж.) ілімдерінде өз жалғасын, дамуын тапты. Біздің уақытымызға бытыраңқы, үзінділер есебінде жеткен көзі тірісінде-ақ терең ойлы, түсінікке қиын, күрделі «Табиғат туралы» атты еңбегі авторға «қараңғы» деген лақап есімнің танылуына себепкер болды.
Гераклит барлық әлемнің негізі, алғашқы бастауы от деп есептеді. Оның ойынша, ғалам бүтін, бірегей, құрлықтарды ешкім жасамаған, барлық уақытта болған, бар және біресе жанып, біресе сөнетін мәңгі тірі от. Ғалам мәңгілік болмаса да, әлемдік құрылымның негізі ретіндегі от - мәңгі. Ғалам пайда болғанға дейін от бірнеше өзгерістерге ұшырайды, демек оттың өзгеруі, ауысуы болып тұрады. От суға айналады, ал су әлемдік құрылымның тұқымы, ұрығы болады. Су, жер мен ауаға айналады. Ең соңында, барлық стихиялардың, отқа кері айналу үдерісі жүзеге асады. Оның ойынша, от өзгерістерді реттеуші (қисын, парасат) «барлығын басқарушы найзағай». Ал ғарыш үйлесімді, үндестік жағдайында болады, өйткені «бәріне - біреу, және біреуге – бәрі».
Гераклитті шын мәнінде, толық негізде гносеологияның (таным туралы ілім) негізін қалаушы деп атауға болады. Ол бірінші болып сезімдік және рационалдық (ақыл-ой) танымдарының ара-жігін ашты. Таным сезімнен басталады, десек те олар адамның тек сырттай қабылдауға негізделген пікірін қалыптастырады. Сондықтан, сезімдік танымның нәтижелері адамның ақыл, ойымен қайта өңделуі керек. Бейне мен түсінік бірге қалыптасады. Бұл, Гераклиттің ойынша, сезімдік және ақыл-ой танымдарының бірлігін көрсетеді.
Егер Анаксимандр қарама-қарсылықтардың бар екені және олардың өзара күресін көрсетсе, Гераклит әлемде бірліктің болатынын, және оның қарама- қарсылықтардың бір біріне сай келуінің нәтижесі екендігін дәріптеді. «Бәрі бірлікте, және бәрі қарама қарсылықтардан тұрады». Логос (қисын, ойлау туралы ғылым) дегеніміз қарама-қарсылықтар бірлігінің іске асуы, оның нақты түрдегі көрінісі. Күрес (төңкеріс) заңды да қажетті, өйткені ол әлемді жасаудың, жаңартудың қайнар көзі болады. «Төңкеріс - бәрінің анасы, бәрінің әміршісі», ол қарама-қарсылықтардың бірігуімен, олардың үндестігінің орнауымен аяқталады.
Ертедегі Грецияда диалектикалық пікірлердің дамуы да Гераклиттің атымен байланысты. Оның кең танымал болған «бәрі ағымды және бәрі өзгереді», «бір өзенге екі рет тұсе алмайсыз»... т.б. пікірлері cтихиялық диалектика деген атауға ие болды. Мысалы, бір қарағанда өзен сол өзен болып көрінгенімен, оның суы өне бойы ағыста, жаңарып отырады. Екінші рет өзенге түскенде, алғашқы су орнын ауыстырып, ағып кеткен. Гераклиттің шәкірті Кратил: «Біз бір рет те өзенге түсе алмаймыз, өйткені біз суға еніп жатқанда, олар сол сәтте де ағып жатады, бірін - бірі ауыстырған жаңа су толқындары келеді, біз де сол сәтте өзгереміз», - дейді. Демек сезімдік, материалдық ғалам қалыпты қозғалыс пен өзгерісде болатын бүтін ретінде қарастырылады.
Гераклиттің саяси - қоғамдық пікірлері де көңіл аударарлық. Мысалы, ол «Халық заң үшін, қаланың қабырғасы үшін соғысқандай шайқасуы керек, ... ал қылмысты өрттен де тез сөндіру керек», - дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |