«алаш» баспасы



бет18/26
Дата19.12.2016
өлшемі5,84 Mb.
#4110
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   26

ОРТАҚШЫЛ МАРИЯ


(Неверевтен)
Топтан қомдығы шыққан нардай, тояттаған қыран төс, күйе қасы доғадай иілген әйел біздің арамызда болды. Оның шүйкедей байын текешік деп ат қойып кекедік. Бөрікпен ұрсаң бөрік астында бөденедей ұрланатын. Ашуынан құдай сақтасын. Мариямен ұрысқанда, үстелді ұстаның төсіндей тарсылдатады да:

- Өлтірермін, жаныңды шығарармын - деп келеді.

Ал, Мария қу қасақана ондайда ұлықсыта бастап, бейне қорыққан кісімсиді де:

- Пракопий, саған не болды? - дейді.

- Басыңды жұлып алармын! - қатын бұрынғыдан гөрі ардақтанқырап:

- Мен бүгін палау жасап едім, жейсіз бе? - дейді.

Табақты толтыра салып, үстіне май құйғанда палаудың беті жұлдыздай жалтырап, сый құдасын сыйлаған жанша, майысып, өтініп тұрады да:

- Алыңыз, Пракопий Метрич, сізге жазықты болып қалдым - дейді.

Қатынының майысқанына сүйсініп, тұмсығын көкке көтеріп, ханға сәлем бермейтін болып кетіп:

- Жегім келмейді, - дейді.

Мария тағы да, жалшы қатынша су әкеліп береді, темекі салған дорбасын іздейді. Ол үйдің ортасыңда тұрады, шабатасын шешеді. Байпағын пештің шұқырына тығады, түнде білегін жастап, шашын сипап, кұлағына мысықша қорылдай-ды...

Текешік шымшыса, қатыны күлімсірейді де:

- Саған не болды, Пракопий Метріш, қой, ауырып кетті.

- Бәле, ауырады... жаншып кетті... - тағы да шымшып - әрине, өз байың, басқа кісі емес.

Оның жүрегі орнықса, қатыны оған қарай бастап:

- Әй, сен омақ! Бір-екі қымтысам, сен мүлде жоқ боласың... Сен мені жансыз деп ойлайсың ба? Осындай қиқымбақайға шыдауға бола ма? - дейді.


2.
Бұрын ондай мінезді аз көрсетіп, үй ішіндегі көңілсіз істің бәрін өз мойынына арқалап жүруші еді. Балшебек келіп, әйелге теңдік деген соң-ақ, әйелдерге сөз сөйлеп, әйелдерге жел бере бастағанда, Мария да көзін ашып қарады. Бір шешен шығып, сөз сөйлейтін болды-ақ. Жүгіріп топқа барады. Бейне ұятты ұмытып кеткен секілді.

Кейде шешеннің қасына барып, жас қызша көзімен ойнайды:

- Жүріңіз, шешен жолдас, біздікіне барып шәй ішейік!

Байы да сол жерде еді. Өңі қашып кетті. Көзі қарауытқандай болып, танауы желбіреп кетті. Осы жерде қатынына жабысарма екен деп ойлайсың. Сөйтсе де шыдады. Сыналанып келіп:

- Жөнел үйге! - деді.

Ал, Мария қасақана ма... шешеннің орнына шығып бірге сөз сөйледі.

- Қара шекпен жолдастар!

Біздің ішегіміз қатып қалыпты. Байы да сол жерде күйіп кетті.

- Шешен жолдас, ана шайтанды шаужайлашы!

Үйге барған соң жұмырығын түйіп, қатынына ұшып барып:

- Жаныңды шығарармын! - дейді.

Мария мазақтап:

- Бұл бығылдап тұрған кім, Пракопий Метріш? Құбыжық, бірақ қорқынышты емес, - дейді.

- Енді жиынға барсаң дамбалынды сыпырып алармын!

- Қолың батпас!

Байы күйіп кетіп, ұрмақшы болып қару ізденсе, Мария оны қорқытып:

- Тиіп қара, ешкі басыңа бар ыдысты соғып талқандайын!..

Сол күннен барып, текешік күшін көрсетсе, Мария да қарсы күш көрсете бастады. Қатын пештің үстінде, текешік төсекте жатады да, текешік жуықтаспақ болады. Қатын бойын алып қашады.

- Жоқ, шырақ, енді бұрынғы халық болмайды. Еркектер, сіздердің бастарыңа өзгеріс болған...

- Кел бері!

- Бармаймын.

Текешік тыпырлап, тыпырлап ештеңе ете алмай, салқын көрпені жамылып жатады.

Бір күні іс соншалыққа жетті, күлкі: қатын бала табуды қойған! Екі бала тауып еді, өлген. Текешікке үшінші бала керек. Мария артықсынып, бойына теңгермейді.

- Мен бала табу сияқты ойыншықтан жалыққанмын.

- Не қылған ойыншық?

- Осы секілді... сен бір бала тауып көрдің бе?

- Қалай, мен қатын емеспін.

- Ие, мен де сиыр емеспін. Саған жылына бір бұзау таба алмаймын. Қашан, керек екен десем - табармын...

Текешік атып тұрды:

- Басыңды жұлып алармын!

Мария да ыққан жоқ:

- Мен бедеу болғанмын.

- Қалайша бедеу!

- Менің қаным кеуіп кеткен... Көп зорлық қыла берсең кетемін.

Байын түкпірге тықты.

Кейде байы ойнаған болады. Сандалып, онда-мұнда жүріп, сонан соң, қайда барарын білмейді. Пештің үстінде бойдақ кісіше жатады. Келістіріп ұрайын десе, кетіп қалады. Онымен тұрмай сотқа тартады. Балшебектер анық жазалайды. Олардың заңы сондай, қатындарды еркелетіп, бәріне ерік берді. Елден ұят: қайраты жоқ, қорқады - деп айтады. Екі рет балшыға бал аштырды. Бал түзелмейді. Үйіне союздың үйінен Мария газет, кітаптар әкеле бастады. Дастархандай қылып, үстелге жайып салып, бейне бала оқытатын әйелдерше қарап, еріні жыбырлап отырады. Естірте оқымайды. Әрине, текешік үндемейді.

- Жарайды, оқи бер, бірақ үйден шықпа.

Кейде қатынына қалжыңдап:

- Оқығышым-ау! Тілігірамның басын төмен қаратып ұстайсың ғой, — деп кояды.

Мария елең де қылған жоқ. Кітап пен газеттің ісі белгілі, адамға сіңіп, адамды өзгертіп, бұрынғы қалпына ұқсатпай жібереді. Мария да сол қалыпқа түсті. Терезеге қадалып қарайды.

- Менің ішім пысып, жалығып тұрмын, - дейді.

- Сенің не қылғың келеді?

- Бірдеме істегім келеді... Мұндағы емес, өзге бір алуан болғым келеді...

Текешік күйіп-күйіп, ақырында барылдайды:

- Ай, сайтанның сирағы, мен саған көрсетермін, сен әуейілене берме!..

Әйел шынында сөзуарлана бастады. Еркектің ісіне де араласты. Жиылыс болды-ақ, ол дайын. Еркектер ренжи бастады.

- Мария, сорпаңды бер!

Онда не бар, көзімен ғана қарайды. Әйел бөлімі дегенді шығарыпты. Мұндай сөзді естіген емеспіз. Қарасаң, ана жерде қатын, мына жерде қатынды көресің, неткен сайтан! Текешіктің үйіне курс ашты. Жиылып алып, шатырлай бастады. Кеңестің кемесері де бұл үйге келетін бола бастады. Ол біздің қыстақтың бастығы. Бұрын Васька деуші едік, ол балшебекке қосылған соң - Василий Иван ұлы атанды.

Енді текешік әбден жуасыды. Бір ауыз сез сөйлесе, оған қарап он дауыс:

— Ей, ей, ей, сөйлеме! - дейді.

Әрине, кемесар әйелдің қолын ұстап амандасады. Олардың жолы солай, енді.

- Пракопий Метіріш, әйелге ақыруға болмайды, төңкеріс...- дейді.

Ал, байы бейне есалаң кісіше құр мыңқылдайды. Жүрегінде, бұл төңкерісті талқан қылып жіберуге дайын, бірақ қорқады. Бәле шығуға мүмкін. Мария күннен-күнге асып барады. Мен біржолата балшебек партиясына шыққым келеді дейді. Текешік оны ұялтпақшы болады:

- Саған ұят емес пе? Не қылған сенің арың жоқ. Бәрібір, мына сықылды ісіңнің құдай жазасын бе-рер...- деген сықылды сөздер айтып көреді.

- Пішту-у! Құдай? Не қылған құдай? Мұны қайдан шығардың?

Дәл жынды кісідей болды. Кемесермен екеуі ұятты білмейді. Ол қатынга балшебектің кітәптарын тасиды. Басын айналдырады. Мария ырза болғандығынан өңі еніп, беті қызарады. Бір күні екеуі иықтарын түйістіріп, қатар отыр. Үйде кісі жоқ деп ойлайды. Текешік төсектің астында жасырынып жатыр. Қызғаншақтық жүрегін өртеп барады. Төсектің төменгі пердесін еденге шейін түсіріп, інінде тығылған тиінше жатты. Сонда кемесар айтады:

- Гришагина жолдас, сіздің еріңіз көзге де ілінбейді. Соныңмен қайтіп тұрғаныңызды ұқпаймын.

Мария күледі:

- Мен онымен жолықпағалы төрт ай болды, біздің сыртымыздағы жалғыз қабық...

Ол әйелдің қолынан тартып:

- Олай болуға мүмкін емес, мен бұған ешқандай нанбаймын.

Өзі әйелдің көзіне қадала қарап, жақындап, қысады. Жіңішке белден жоғарырақ құшақтап ұстап түрып:

- Мен сіздің халіңізді әбден түсінем! — дейді.

Текешік төсектің астында жатып естіп, естен адасқан адамдай болды. Балтаны алып, екеуін де қиратып тастағысы келсе де қорықты. Басын төсектің пердесінен шығарып қараса, аналар оған қарап күлісіп:

- Біз сенің перде астында отырғаныңды білеміз, - деді.
3.

Біз кеңес адамдарын реттемекші болдық. Қатындар бейне тойға барғандай қаптады. Біз сонда шуылдап кеңесіп жатқанда біреу Марияның атын атап айғайлап:

- Мария, Мария Гришагина! - деді.

Біздің біреуіміз әдейі қуланып:

— Сұраймыз... - дедік.

Бұл жай қалжың деп ойласып едік, іс шынға бет алды.

Қатындар дәл ұзақша еркектерді шұқи бастады. Тұл қатындар, солдаттардың қатындары бұлттай басты. Ал, біздің еркек табы ежелден қызметке әуес етпейтін. Әсіресе осы заманда, қолдарын көтере салды:

- Мария, ия, сол-ақ болсын. Мейлі күйіп кетсін! Марияның дауысын санай бастады - екі жүз онбес!..

Кемесер Иван ұлы Василий сөз сөйлеп құттықтады.

— Ал, Мария, сіз біздің кеңесшіл қара шекпен депутатының бірінші әйелі болдыңыз. Қызмет етіңіз. Мен сізді осы атаумен атап, Кеңес республикасы атынан құттықтаймын. Еңбекшілердің пайдасын көздейді деп сенемін...

Марияның көзі үлкейіп, беті қып-қызыл болып кетті. Күлімсіреді. Тұрды:

— Жолдастар, мен қызмет етемін. Қолымнан келмей қалса айыпқа бұйырмаңыздар, болысыңыздар!..

Сол уақытта текешіктің есі шықты. Әлде мен ұғына алмаған жері:

- Өзімді енді мазақ қылама жоқ, ардақтай ма — деп.

Үйіне келіп ойлады. Енді мұнымен қалай сөйлесемін, қызмет басындағы адам... Бізге де тамаша, бір алуан ойын секілді. Кешегі қатын дегенше болыстық кеңестің мүшесі:

Біздің ісімізді тексеріп шешеді. Біз өзара ұрыса бастап:

- Ақымақтар, қатынды осындай қызмет басына қоюға бола ма? — дестік.

Назаров отағасы Марияның шарай жүзіне:

- Әй, Мария, лайықсыз, кірмес қақпаға кірдің! - деді.

Ол басын шайқап:

- Мені жұрт сайлады, мен өзім кіргенім жоқ, - деді.
4
Кеңеске келіп, Марияның бетіне қарасақ, танырлық емес.

Алдына үстел қойыпты. Қара сауыт тұр. Қарындаш жатыр. Бірі қызыл, бірі көк. Қасында хатшы қағаз жазып отыр. Қатынның үні де өзгеріп кетіпті. Жазылған жазуды көзін қыдыртып оқиды.

- Бұл азық-түлік туралы ма, жолдас, Еремеев?

Қағазға қолын қойып, тағы да бейне ұлықтарша:

- Тізіміңіз сіздің даяр ма? Жылдам, бітіріңіз.

Көзімізге нанбаймыз... Мәссаған, Мария! Биттей қызарып шіміріксе екен-ау!

Біздің бәрімізді «жолдастар» дейді.

Бір күні Климов шалға да жұртпен бірдей:

- Сізге не керек, жолдас? - дейді.

Ол бұл сөзге шыдай алмады:

— Онан да шиқанымды бас! Мейлі сен болыстың мүшесі болсаң да, мен саған жолдас емеспін.

Сөйткенмен оны ұялта аласың ба, бірер айдан соң найзалы бөрік киді. Еркектің көйлегіне, бөрігіне жұлдыз қадады. Текешік қайғырып, қайғырып, ақыры одан талақ берсін. Айырылысуды сұрады:

- Мені мына секілді өмірден босат...Мен шыдай алмаймын. Басқа қолайлы әйел іздеймін - деді.

Мария қолын сілтеп:

- Мен қашан да ырзамын!

Бес айдай ол бізде қызмет етіп, бұл арада азырақ әңгіме туды. Казак-орыстар шабуыл жасады. Мария балшебектермен бірге арбаға кетті. Қайда екенін білмеймін. Басқа қыстақта көрген секілдімін. Әлде ол емес, басқа ұқсас әйел ме?.. Енді ондайлар көбейіп кетті ғой.



МЕН ӨМІРГЕ ЖЕРІКПІН


(Неверевтен)
Біздің қырдағы бір қыстаққа демалысқа тоқтаған кезіміз еді. Сабалақ жүнді үлкен иттің арқасынан сипап үйдің іргесінде отырдым. Иттің білтеленген жексұрын жүніне күннің жарық сәулесі түсіп, иттің үстіне қарай еңсемді беріп, еңкейіңкіреп отырғаным маған да жайлы, рақат болды.

Шатырдан сырғанаған су анда-санда тырс етіп тамып, қораның сыртында қатты жаңғырықтыра қаңқылдап қаздар жүр.

Құлын жіңішке даусымен сылдырата кісінеп, тауықтар тықылдайды.

Терезенің алдында күнге шағылысқан болат мойнын жарқыратып созып зеңбірек тұр.

Терлеген ат ерттелген күйінде шөп жеп жатыр. Мен апрельдің күн шуағына маңдайымды тосып, өрмекшінің торындай тоқылған жұқа бұлттың жыртығынан көрінген қаракөк аспанға қарап жаттым. Зеңбіректің дауысынан құлағыма ақау түскен жоқ еді.

Қаздардың қатты қаңқылдағаны, тауықтардың тықылдағаны, ақырын абайлап, анда-санда тырс етіп иығыма тамған тамшының дыбысы құлағыма нақ-нақ естіліп тұрды. Бұл менің соғыста кешірген жазғытұрымым. Әлде ақырғым осы бола ма?

Қарсы келе жатқан жас тілеулі жазғытұрымнын айғайын, сыбдырын тыңдағанда жүрек өрекпіп көтеріледі.

Менің үйімде қатыным, екі балам бар. Төменгі ретте кішкене үйім бар.

Кеш болса-ақ, бақшадағы дыбысқа құлақтарын тігіп, тыңдайды, әмісе күткендері мен.

Кім біледі, әлдеқашан бәрін де қабырға көміп тастады ма?

Аяғымның астында сарылдап аққан бұлаққа, зеңбіректің дөңгелегіне қонған торғайларға қарап отырғанымда, қаны қашып, жүдеген балам Сергей мен жасыл шашбауын алтындай сары шашына таққан үш жасар қызым Ниуска көз алдыма келгендей болды. Олар біріне-бірі жабысып, терезе алдында отыр. Терезенің алдынан шұбырған халықтың арасынан мені тауып алып, тіземе отырмақшы.

Бұлардың мұңлықсып, сүмірейген түрі менің жүрегіме әкелік қайғысын құяды.

Әлдеқашан үйімнен келген ескі хатты қалтамнан алдым. Қатыным мені жұбатып айтады:

- Мен жыламаймын, сен де бекін, - деп. Мен кетерде былай мына сөздерді айтып еді:



:- Өзің неге тіленіп барасың, әлде, тіршіліктен жалықтың ба?

Қатыным мені тіршілікті сүйетінімді ұқпай жүрер деп қорқып айттым:

- Ана-балаларым үшін маған бару керек, барамын, - дегенімде қатынымның бетіне жас сорғалап кетіп еді.

Ол жасының ішінде қайғы да, махаббат та, қасірет те бар еді.

Бірақ, менің буыным босаған жоқ.

Енді қатыным маған қайрат береді:

- Біз үшін қорықпа, мен шыдамдымын, бәрін де көтеремін, - деді.

Ендігі Сергейдін хаты.

Ол жазу жаза білмейді, бір таяқша, құйыршық, дөңгелек имарат, кішкене шапқан ағаш, жапырағы жоқ. Астына шешесі шешуін жазады.

- Қалай жорысаң да мейлің…

Мен Сергейдің жазуын танимын. Мен бұл жазуды алғашында майданға кірерде көргенімде, осы таяқша мен құйыршық ашық көзімен қарап, қайрат беріп еді.

Мен жолдастарым көрсе күлер деп, жапырақ қағазды тасалап сүйіп едім.

Мылтығымды шымшып айтты:

- Жүр әке!..

Мен әлі де солай ойлаймын.

Мен ішім пысқаннан, немесе қартайғаннан, не өмірден жалыққаннан өлімге қарсы бармаймын. Мен өмірге жерікпін. Мынау кең дүние, тып-тынық таң мен шапақ, аспанға құлашын жайып ұшқан тырналар, сай-саладан сылдырап аққан бұлақтардың бәрі көңілімді көтереді. Жүрегімді қуантады. Мен махаббатты көзіммен аспандағы бұлтты, жердегі бұталардың бәрін шұлғап құшамын. Сүйтсе де өлімге қарсы барамын… Берік басып, қобалжымай, ажалға қарай қарсы барамын. Ажал маған қарай ауыр зеңбіректің қара жерді қақ айыратын отымен ұшып, не жеке-жеке атылған бес атарлардың қарақас түтіндерінің арасын құшып келеді. Бораған қардын қатпарларының арасынан қараңғы түнді жамылған ажалдың көзін көре тұра, айнымай алдыма қарай жүремін. Менің өлімге қарай жүруімнің себебі - өмір сүргім келеді.

Бұл сезімді екінші алуан қалай қылып айтарымды білмеймін. Шыр айналып қарқылдап, күліп жүрген ажалдың суық қолы денеме тигенін сезбеймін.

Менде ешбір қорқыныш та, уайым да, босаңсу да болмайды. Әмісе, жарқыраған жасым, жоқ жас баламның қуаныш пен күлімсіреген көзі, өзімнің алыста қалған жас күнімдегі жаспен жойылып, мезгілсіз сөнген көзімдей болмаса игі еді – деген ой жаныма қатты батты.

Менің көзімнен қанша жастың аққанын, қанша жанның, кімнің қолы шашымнан жұлғанын есептей алмаймын. Менің есімде қалған жалғыз нәрсе, менің көзімде қуаныш жоқ еді. Көзім күле білмеуші еді. Жас балалардың көзіндей қуанышты от біткен емес.

Мен алғаш дүниеге келгенде, кең жарық үй бізден басқа «бақытты» жандардікі екен де, шешем екеуіміздің сыбағамызға сасық, суық еденнің асты тиді. Шешем елге кір жуады: мен көзімді ашып, көргенімді танырлық, есім кіргендегі есімде қалған нәрсе біздің еденнің астындағы үйімізге жіп керіп, жайып тастаған су көйлек, дамбалдар, күннін көзін анда-санда бір-ақ көреміз.

Ол сәуле де екі темір қақпақты терезеден әрең өтіп, оқта-текте ғана сығалайды. Әке дегенді білген емеспін.

Ол әлде еденде жататын етікші болды ма?

Әлде момын, құдайдан қорыққыш шіркеудің кешкі лампысын жағатын Қарыбай болды ма?

Әлде маскүнем, безеу бет төре ме?

Шешем ішуші еді. Біздің үңгірге түнде солдаттар, парақоттың жүкшілері, жыртық көйлекті жүк таситын бержебайлар, қашқындар, қалташылар келуші еді. Кейде шешемді жүгін тарта алмаған аттай сабайды. Кейде есі кеткенше ішкізіп, менен ұялмай төсекке жата кетіседі.

Біз «сорлы» болдық. Шешем маған солай деп ұққызды:

- Ваське екеуміз де «сорлымыз», өл, балам! – деп.

Бірақ мен өлмедім. Мен жұртты аралап жүрдім.

Мен махаббат, аялау, жылы шырай дегендерді көрген емеспін.

Мен дәл иттің күшігінше: біреу ұрса –жылаймын, маңдайымнан сипаса – күлімсіреймін. Мен ол кезде біздің неден сорлы екенімізді, басқалардың неліктен бақытты екендігін ұға алмай, әр уақытта мұңды көзіммен терең аспанға қараймын. Маған аспанда адамның өмірін реттеуші, марқаматты құдай отырады деп жұрт ұғындырған.

Оған тілек тілеу керек, ол көмек қылады – деп те. Біздің өмірімізді түзетуге кімде-кімнің болса да көмегі қатты керек болып, дұғалы көзіммен биік аспанға қарадым.

Құдайдан хабар болмады. Құдай менің жылаған көзімнің жасын көрмеді.

Мені өмірдің өзі оқытты. Ол менің алдыма шын хақиқатты ашып салған соң, мән-жайын анық ұғынып, құдайға дұға оқығанымды тоқтаттым. Шешем мен екеуміздің неліктен еденнің астында отырғанымызды, бізді тыққан басқа бір адамның еркі емес, біздің үстіміздегі оты жанған, лампысы маздаған, электрі жарқыраған, кең үйлерде отырғандар екенін мен анық білдім. Бұл бір таптың өмірі мен солардың пайдасына бола мыңдаған адамдар хайуан есебінде еденнің батпағына батып былғанады. Мен шешемнің бірде дүре жеп, біресе ардан кетіп, менің көзімше жолдастарымен төсекке жатқанының түпкі тағдыры неден екенін ұқтым. Анамның айық күнінде көзінен көрінген қатты қасірет пен әдемі аналық махаббаты мен күлімсірегенін көргенде, жүрегіме махаббат құйылып, шешеме қабырғам қайысып кетеді. Ол жас, сұлу әйел болғандығынан, кедейлік, теңдік жоқ, кемшілік оны көшеге шығарып, күңгірт шамшырақ түбіне апарып, ақырында жолдастарынан таяқ жеп… қайтқанда, неше рет өзін де, өмірін де, жастығын да қарғаушы еді.

Мен көп нәрсенің сырын білдім. Білгенімнің ең алды мыналар:

- Мынау сәнге, салтанатқа толған дүниеде мен де жүрмін, бірақ ешнәрсеге ие емеспін, жалшымын. Шатырдың астын мекендеген итпін. Мен жасымнан еңбек ете бастадым. Құдайдың құтты күні босанбай еңбек етсем де, мен кедеймін, мен дүниеге керексіз, шұқырға тастайтын ылас зат есебіндемін. Менің сүйенішім, сенімім нашар, егер қол-аяғымның бірінің буыны биттей босанса, не шіріген кеудем еңбекке жарамаса, жарамсыздығым үшін, қазір сыпырынды секілдендіріп үйден шығарып тастайды. Менің күш, қайратымның иесі болған байға менің қадірім адамның қадірі секілді емес, қызметке керек саймандарының қадірі секілді. Ауырып төсекте жатқан өзімді қорлап, мені де, басқаларды да иен көшеге шығарып тастайды.

Міне, менің Сережкемнің таяқшасы мен құйыршығына күлімсірей қараған махаббатым мені тайсалтпай, мылтықтың аузына қарсы жүгіртеді. Қорлық пен езілген анамды сүйген жүрегім, аяғым мен қолыма қайрат береді.

Сергей мен секілді иттің күшігі болып, қайратын, денсаулығын сатып, күн көретін адам болып қала ма деген ой зәремді ұшырады.

Жасыл шашбауын алтындай сары шашына тағып жүрген кішкене Ниускені ойлауға батылым бармайды, зәрем қалмайды. Менің күнәсіз, ашық жарқын әйел баламның шырайы бұзылып, қаны қашқан жұқа ернін тістеп, бетіме қарай алмай ұялып, жерге қарап, сандалақтап басып, кешке үйден шығып, күңгірт жанған шамшырақтың түбіне барып, еденнің астындағы үйге еріккен арамтамақ, арам көзді жастарды ертіп келе ме деген жалғыз ой жүрегімді жарып кете жаздайды.

Қарама-қарсы тұрған мылтықты көзім көрмей, зеңбіректің жарылғандағы дауысын құлағым есітпейді. Мен тістеп, етбетімнен жата қалып, жорғалап, тағы да атып тұрып ілгері ұмтыламын. Өлім де жоқ, мәңгі әлпештейтін жарық күн де жоқ. Ауыздықсыз аттай алып қашқан жас өмірдің күнінде жазғытұрымғы жаратылысын, қызықты әнін құлағым есітпей, анамның:

- Ұмтыл, балам, ұмтыл! – (деген) дауысын есітемін. Менің жалғыз ғана сезгенім:

- Менің өмір сүргім келеді. Ал, сондықтан жазғытұрымғы жарық күнді өзім үшін де, Сережкем мен Ниускам үшін де, тағы да көздерін жас жойып, жастай жарық күнді көре алмай қалған сорлылар үшін де атысып алғым келеді. Менің бір қолымды оқ үзді. Бұл ақырғы құрбаным емес. Мен не өліп, мына жерге кіремін, немесе дұшпанды жеңіп үйге барамын.

- Басқа жолым жоқ. Мен өмірге жерікпін.

Сережкем мен Ниускам да, басқа бізбен қатарлас жоғарғы үйдегілердің арам құдыққа тоғытқан жандары да қызықты өмір сүрсе екен деп тілеймін. Менің өмірді сүйгендігім, мені ажалға қарсы айдайды. Қызықты өмірге жетпекке осыдан оңай, осыдан жеңіл жол жоқ.

Менің сапарым алыс. Мынау кешкі шапақ, сұлу таң, мына сойқын далада сан кездесер, менің қайғым – жарық қайғы, адамға қайрат береді. Менің жолым осы.


ЭСКИМОС КИШ ДЕГЕН БАЛА

(Дж.Лондоннан)
БЕТАШАР
Бұл кітапшаны оқушы алаштың баласы, жалпы алаш баласына Эскимос деген елдің жайы мәлім емес шығар, қысқаша сезім бергенім артық болмас деп, мына төмендегі сөзді жаздым.

Бұрынғы заманда, елдің бәрі - күн жерді айналады, жер тап қозғалмай тұрады деп иланған. Күн айналмайды, жер - күнді айналады деген адамдарды неше алуан азаппен өлтірген замандар да өткен. Енді бүгінгі заманда — жердің екі түрлі жүрісі бар: бірі арбаның дөңгелегінше 24 сағаттың ішінде домалап, күнге бір мезгіл өзіміз тұрған бетін төсегенде — күндіз атанып, енді басқа жағын төсеп, бізге көлеңке беті болғанда —түн атанатын тәулік жүрісі. Екінші 365 күн 5 сағат пәлен минут, пәлен секундте күнді айналып — жыл тәулігін жасайтын жүріс, барлық елге ай мен күндей даусыз болды. Жер домалақ нәрсе. Жердің дәл жуан ортасы күннің дәл астына келеді. Ол жерде күн адамның тас төбесінде болып көрінеді. Ол жердің аты — экватор атанады. Сол экватордан жердің екі жақ тұмсығына қарай салқын тарта береді. Бұл екі тұмсықты полюс деп атап, бірін сол жақтағы, бірін оң жақтағы полюс дейді. Дәл экваторға, құрғақ жерден Африка деген жердің тұмсығы ғана ілініп, басқа жолының бәрі теңіздің үстімен кетеді. Бұл теңіздер қазандағы судай қайнап тұрады. Экваторларға жақын жерлерді — шамал тақта дейді. Яғни, ыстығы, суығы орташа дегені. Жердің екі тұмсығы — кәдуілгі қыс болады. Біз жердің түстік жағындамыз. Темірқазықтың астына қарай жүре берсек - суықтық аса бермек. Эскимос: бұрынғы заманда аңшылықпен барып қалған сары тұқымнан таралған ел; бүгін сол Темірқазықтың астында — әмісе қыс болып, қар басып жататын жерде. Үйі қардан болады, терезесі мұздан, дәулеті - аңдардың еті, қайғысы - қарны болып жүрген ел.

Тұрағұл.
1.КИШТІҢ ДОЛДАНҒАНЫ
Киш қуатты, дені сау, зейінді бала еді. Күнді 13 рет көрген. Бұл сөздің мағынасы: ол эскимос жүрген жерде жылында күн бір рет шығып, алты ай батпастан жерді айналып жүреді де, алты ай түн болып тұрады. Темірқазық, жердің сол жақ тұмсығы - деп жоғарыда жаздық қой; алты ай күн, алты ай түн болмағы, жердің тұмсығы болғандығынан жазды күні күн төбеге таман келіп жоғары көрініп, түн қысқарып қысқа айналған сайын аласа көрінетінін елдің бәрі байқайтын шығар. Бізге жаз шығып, күн жоғарылаған кезде, эскимостың күні шығады да, екінтідегі күннің тұрған шамасындай болып жерді алты ай айналып жүріп, бізге күн кысқарып аласарған кезінде, олардың күні батып, түн болады. Бірақ ол жердің түні біздің түндей қараңғы болмайды. Едәуір жарық болады. Күні шыққанда оларға да жылылық болып, жаздың нысаны болады.

Киштің әкесі «Бок» деген адам, аса батыр болған екен. Қала халқы аштан қырылар болған соң, өз жанын кұрбан етіп, не өліп, не алайын деп солтүстіктің үлкен аюымен алысты.

Аюдың кұшағында жәншіліп Бок өліпті, бірак Боктің пьпшағынан аю да өліп, етін ел жеп аштан қырылмай аман қалыпты. Бок сынды батырдың жалғыз баласы Киш, әкесі өлген жас бала, жесір шешесінің асырауында қалған. Адам баласы кандай ұмытшақ, эскимос те жұрты үшін жанын қиған Бокті, артында қалған жас бала, жесір катынды да ұмытты. Жас бала, нәзік әйел азып-тозып сол қаладағы ең нашар иглода (аңшы үйі) тұрды.

Бір күні түнде қаланың бастығы Клаш-Қуанның кең үйіне эскимостар кеңеске жиылғанда, Киш, жүрегінде оты бар ер екенін жұртқа сезгізіп, мұнан былай бала деуге болмайтынын көрсетті. Жігіт адамның кейпіне түсіп. түрегеліп, сөз сөйлеуге, жұрттың шуылдағы басылғанын тосып айтты:

- Иә, маған, менің үй-ішіме еттен үлес тиетіні рас, бірақ еттің бірсыпырасы ескі жаман ет, екінші көбі сүйек болады - деді.

Бұл сөзге аңшы біткеннің бурыл шашты кәрісі, жас қайраттысының бәрі шамданды. Жұмырықтай жас баланың бұларды сынап, үлкен-кішісіне қарамай жүздеріне айтқан сөгісі, Киш кұрбылы жас баладан көрмеген де, күтпеген де істері болып шықты.

Қабілетті қалпын өзгертпей Киш калған сөзін сөйледі:

- Мұны айтатын себебім, менің әкем Бок асқан аңшы екенін білемін. Бір басы, екі жақсы аңшыдан артық етті табады екен де, өз қолымен етті бөліп жұртқа үлестіргенде, ең нашар кемпір мен шалдың да сыбағасын беріп тұрады екен, - дегенде:

- Тоқтат! Тоқтат! - деп ақырысып, - шығар мына баланы, жатқызыңдар төсекке, үлкендердің сөзіне осындай бала кірісер ме? - деп шуласты.

Киш жас салмақты пішінмен шудың басылғанын тосып, тағы дау айтты:

— Үгүлік сенің қатының бар, ол үшін сен сөйлейсің; Массук сенің де қатының бар, шешең бар, ол үшін сен сөйлейсің; менің шешемнің менен басқа сөзін сөйлер адамы жоқ, ол үшін мен сөйлеймін. Менің айтатын сөзім мынау: менің әкем Бок аңшылыққа қатты қызу кірісіп, халық үшін құрбан болған, мен анық соның баласымын, Екиге оның қатыны, менің шешем. Қалада ет барда, жеткілікті сыбағалы етімізді аламыз. Мен Киш - Боктің баласымын! Мен сөзімді айттым...

Киш жұрттың ашуланып айтқан сөгісін таза тыңдап отырды.

Массук:

- Жұмырықтай бала да жиылыста сөйлейтін болған екен, - деп күбірледі. Үгүлік:

- Емшектегі жас бала да ерлерге жөн айтатын болды ма? - деп даурығып, - мен еркек, бала басы ет тілеп сөгіс айтатын болған екен! — деді.

Үлкендердің ашуы шетіне шықты:

- Үйге барып ұйықта, — деп әмір етіп және - жеткенсінгеніңді коймасаң — ет бермейміз, таяқ та жерсің, - деп қорқытты.

Киш үлкендердің жабыла сөгіп ұрысқанына ашуланып, көзі жарқырап, беті ду етіп қызарып, атып түрегеліп айтты:

— Менің сөзімді тыңдаңыздар! - деп айғайлап: - мен мұнан былай жиылыста сөз сөйлемеймін; өздерің келіп Киш, сен сөйлемесең болмайды, сөйле дегеңдеріңше. Менің әкем асқан аңшы, мен соның баласымын, мен де аңға барып ет табармын. Естеріңде болсын: менің табысым халыққа әділ бөлінеді. Міне, әлділер артық жеп ішін ауыртқандағыдай, жетім де, жесір де, нашар ауру да аштықта жыламас. Артық жегендігінен азап шегіп жүрген әлді адамдар ұялатын заман туар. Мен Кишпін, айтқаным осы! - деді.

Киш үйден шығып кеткенде, артындағы көптің мазақтап күліп сөккені естіліп тұрды. Киш тістеніп жан-жағына қарамай, тұра үйіне барды.

Ертеңінде теніздің жағасына қарай жүріп кетті. Өзінің садағын, оққа толтырған корамсағын, пышақ сыкылды өткір сүйегін, әкесінің ауыр қылышын арқалап бара жатқанын алыстан көргендер байқапты.

Бірсыпыра жандар күлісті, жұрт әр алуан түрге салып сөйлесті. Бұл сықылды оқиға болған емес, бұл кұрбылас бала аңға барған емес, бұл жәрдемсіз жалғыз кетті. Эскимостар бастарын шайқап жаманшылыққа жорысты. Әйелдер, Киштің шешесі Екигенің түріне қараса, суық, қайғылы түрде отыр.

Шешесін жұбатпаққа, кешікпей қайтып келер десті.

Аңшылар: мейлі барсын, кешікпей қайтып келеді, бұл өзіне сабақ болады, жұп-жуас болып, қайтып өлгенінше ерегеспестей болар,- деп балдарын ашты.

2. КИШТІҢ СЫРЫ
Бір-екі күн өткен соң, үшінші күн күшті боран болды.

Киш әлі қайтқан жоқ. Анасы Екиге шашын жұлып зарлап, катты күйгеннің белгісіне, ошағынан алып басына күл төкті. Әйелдер: баланы ашуландырып, мынаның ажалына ортақ болдыңдар - деп байларымен ұрыса бастады. Еркектер қатындарына сөз айта алмай, күн ашылысымен Киштің сүйегін іздемекке даярланысты.

Келесі күні таңертең Киш түк бейнет көрмеген кісі сықылды жай, қалаға өзі келді. Арқасында жаңа сойған аюдың үлкен кесек еті бар. Кейпінен ерліктің түрін көрсетіп, тиянақты жылы сөзбен сөйлеп:

- Шанаға ит жегіп менің ізіммен түске шейін жүрсеңіздер, мұздың үстінде көп ет жатыр, екі ержеткен күшігі мен бір аюдың анасы, барып алыңыздар,. деді.

Анасы Екиге есі шыққаңдай қуанып, айналып-толғанғанын үлкен жігітше қабыл алып:

- Жүр, Екиге, тамақ желік. Мен қатты шаршадым, сонан соң ұйықтаймын,- деді де, үйіне барып асын жеп тойған соң, жатып 20 сағат тұтасынан ұйықтады.

Мұның сөзіне жұрттың көбі нанбай, өзара дауласып жатты. Ол жердегі балалы аюды ауламақ аңшыға үлкен қатер, екінші көмегі жоқ жалғыз жас баланың, екі баласы мен бір ана аюды алдым дегені, ақылға сыймастай бір ерсі іс көрінді.

Аңшылардың ұйғарғаны: аюдың еті бұзылған жоқ шығар деп күңкілдесіп жөнелді. Ол жерде атқан аңның етін жылдам бұзып алмаса, аздан соң қатып, тас болып калады да, өткір пышаққа да кесілмейді. Екінші, 300 қадақ қатып қалған денесін шанаға салып әкелмек о да қиын.

Барып көрсе, босқа өлген аю емес, Киштің алған аюы екені рас, Киш ішін жарып боқты қарнын түсіріп, ескі аңшылардың ісін істеп кетіпті.

Сол күннен бастап Киштің сыры жұртқа жұмбақ болып, күннен күнге қиыңдап, әңгіме ұлғая берді.

Екінші жолы ержеткен үлкен жас аюды алды. Үшінші жолы кәрі еркек аюды ұрғашысымен бірге алды. Әмісе аңға кеткенде 3-4 күн жүріп қайтады, кейде мұзды теңіздің үстінде бір жұма жоғалып кеткені де болды. Жолдас болалық деген адамды алған емес, мұнысына да халық қатты қайран қалады.

- Мұнысы қалай?- деп бірінен бірі сұрасады. - Тым болмаса итті де ертпейді; иттің көмегі көп болар еді - деседі.

- Неге аюды ғана аулайсың? - деп бір күні Клаш-Куан сұрағанда, Киштің берген жауабы ұғымды болды:

- Аюдың еті көп екені жұрттың бәріне мәлім емес пе?

Қаланың халқы сиқырды әңгіме қыла бастады.

- Бұл сайтанның қуатымен пайдаланады, сондықтан мұның әмісе жолы болады - деп бірсыпыра халық иланды. - Сайтан болыспаса, бұл қайтіп істейді?- десті.

- Жоқ, бұған болысып жүрген сайтан сықылды жаман зат емес, жақсы зат шығар - деп бірсыпыралары жорыды. Жұрттың бәріне мәлім, әкесі аңшы батыр еді, әкесінің жаны келіп, баласына шыдамды, ерлікті, мергендікті үйретіп жүрген шығар дескендері де болды.

Қайтсе де Киштің жолы бола берді. Жөндеу аншылар оның атып тастаған аңын қалаға тасумен ғана тұрды. Олжаны әділ бөлді. Әкесінің жолынша, ең нашар адам кемпір-шалдың сыбағасы әділ тигенін катты қарастырды. Өз басына да олардан артық молды алмай, тек тамағына жеткеніне қанағат етті. Әділдігінің және аңнан жолы болып көпке олжа салғыштығының арқасында жұрт сүйіп ардақтай бастады. Бұрынғы Клаш-Куан жазым болса орнына бастық қып сайлармыз деген сөз де көптің аузына кіре бастады. Істеген жақсы істерін айтысып, жиылысқа келсе екен дегендер де көбейді. Бірақ Киш келмейді, бұлар шақыруға ұялып жүрісті. Киш бір күні: біздің игіло тар болып жүр, Екиге екеуімізге кең игло болса жарар еді деп, Клаш-Куан мен бірнеше аңшыларға айтты.

- Дұрыс, - деп эскимостер басын изеді.

- Менің қолым тимейді, мен аң аулағаннан босамаймын, менің табысымнан тамақтанып жүрген еркек, әйелдер маған игло жасап берсе әділ болмас па еді?- деді.

Айтқанындай кең игло жасап берісті, Клаш-Куанның үйінен де артық. Киш пен шешесі үйлеріне кірді, Екигенің байы өлген соң, алғашқы рахат дәурен көргенінің алды осы болды. Жалғыз үйі кең, тамағы тоқ, болғандық емес, Киш сынды ердің анасы болған соң, ел де ардақтай бастады. Эскимостың әйелдері кеңесіп, ақыл сұрап, өзара дауласса, еркектермен сөзталасса да, оның сөзін үлгі, өнеге ұстайтын болысты.

Киштің сырын біле алмай эскимостердің іші пысып, бір кұні Үгүлік Кишке, жұрттың көзінше: - сен сиқыр қыласың - деп айыптады.

Үгүлік ашулы дыбыспен:

- Сен жауыз затпен іс қыласың деп жұрт сені айыптады. Сенің әмсе жолың бола беретін себебі сол,- деді. Киш:

- Менің етім жаман ба, мен атқан аңның етін жеп ауырған адам бар ма? Менің сиқыршы екенімді қайдан білдің? Әйтпесе, кұр күншілік қыстағаннан айттың ба?- деді.

Үгүлік үндей алмай ұялып қалды. Ол кеткен соң әйелдер күлкі кылды. Бірнеше күн өткен соң, тағы да жұрт жиылып, сиқыр деген сөзді арлы-берлі айтысып, ақырында Киш аңға кеткенде артынан екі кісіге аңдуға тапсырды, сол екі адам Киштің амалын біліп келсін - десті.


3. КИШТІҢ АҢШЫЛЫҒЫ
Киш аңға шыққанда эскимостың аңшыларының арасындағы Бім мен Бауын деген екі пысық аңшыны: Кишке көрінбей жүріп, бар сырын біліп келмекке жасырын жіберді, екі күннен кейін екеуі қайтып келді, көздері жылтылдап, көргендерін айтуға асығып, тілдері қалтырап көргендерін көптің алдына салды. Клаш-Куанның үйіне жұртты тығыз жинап алғандағы Бімнің әңгімесі:

- Туысқанцар! Біз сіздердің әмірлеріңізше, Кишке көрінбей аңдыдық, жарты күн артынан ергенімізде Киш бір үлкен аюға кездесті, тым үлкен аю екен. Бауын:

- Рас, онан үлкен аю болмайды, — деді. Бімнің сөзін қуаттап, енді әңгімені өзі алып: - аюдың Кишпен ұрысқысы келген жоқ, бір жаққа бұрылып, акырын мұздың үстімен аяңдап жүре берді. Біз жағадағы жартастан қарап тұрдық. Аю тура бізге қарай жүрді, аюдың артынан зәредей қауіп қылмай Киш келеді. Ол қатты айғайлап, аюды мазақтап, қолын бұлғап даурықты. Сонда аю ашуланып, қарғымақ болып шоңқайып отыра келіп ақырды. Киш тура қасына келді. Бім:

- Рас, - деп Бауынның сөзін қостап, енді сөзді ол алып:

- Киш аюдың қасына келгенде, аю Кишке жүгіріп еді, Киш қаша жөнеліп, бір кішкене домалақ нәрсені қардың үстіне тастап кетті, аю тұра қалып әлгі ақты иіскеп, жұтып койды Киш қашып бара жатып кішкене ақты тастай берді, аю жұта берді.

Жұрттың ішінен нанбаған күңкіл даурығып көтеріле бастағаңда, Үгүлік:

- Тура мұның бәрі бос сөз,- деп салды. Бім:

- Біз осының бәрін шарай көзімізбен көрдік, - деді.

- Өз көзімізбен көргеніміз рас, — деп Бауын айтты да, әңгімені алып:

- Солайша Киш ақ домалақты тастап, аю жұтып отырып, ақырында аю шоңқайып отыра қалып, жанына батқандай бақырып, алдыңғы аяғын бұлғады. Киш алысқа қашып кетті, ақ домалақтың жанына батып ауыртқаны соншалық аю Киштің қайда кеткенін білмей қалды.

- Есепсіз жанына батқаны рас, - деп Бім сөзді алды: - өзін өзі тырналап, айнала жүгіріп, шабаланғыш күшіктей болды. Аюдың айғайынан, кимылынан, ойын емес, ауырып қиналғаңдығы екені айқын көрінді. Бұл сықылды істі көрген емен. Бауын:

- Рас, көрген емеспіз және аю жөнсіз үлкен,- деді. Үгүлік:

- Бұл сиқыр,- деді.

- Сиқыр ма, сиқыр емес пе, білмеймін, бірақ көргенімді айттым, бірсыпыра уақыт озған соң жағаға қарай, біресе отырып, біресе басын шайқап, ойбайлап аяңдап жүрді, аюдың артынан аяңдап Киш жүрді. Киштің артынан біз жүрдік. Ол күн өтті, тағы екі күн өткенде аю әбден әлсіреді, қиналған даусы өшкен жоқ.

Үгүлік:

- Бұл-сиқыр, анық сиқыр! - деді.



- Болса болар!

Бауыннан сөзді тағы да Бім алды:

- Аю бір олай, бір бұлай жүрді. Біресе өз ізін өзі басты, біресе үлкен дөңгелек жасады, ақырында, бастапқы Кишке кездескен жеріне келді. Ол уақытта аюдың діңкесі кұрып, аяңдарлық та әлі қалмады, дәл сол уақытта Киш келіп өлтірді.

- Сонан соң не болды?- деп Клаш-Куан сұрады.

- Сонан соң ол аюдың терісін сыпыра бастағанда, біз осы көргенімізді айтайық деп үйге қайттық.
4. КИШТІҢ АБҰЙЫРЫ
Сол күні, күнімен әйелдер аюдың етін тасумен, еркектер жиылыста болды.

Киш үйіне келген жерде, оған жиылысқа келсін деген жарлықты алып, шақырушы келді. Оған Киш айтты: мен қатты ашығып шаршап келдім, менің үйім кең, канша кісі болса да сияды, осында келсін - деді.

Эскимостың бұл сырды білгісі келгені соншалық: Клаш-Куан бас болып, жиылыстағы жанның бәрі ду түрегеліп, Киштің үйіне жөнелді.

Ол уақытта Киш тамақтанып отыр еді. Көпті құрметпен қарсы алып, дәрежесіне қарай отырғызды. Екиге біресе такаппарланып, біресе ызаланып отырды. Ал, Киш жай қалпында болды.

Клаш-Куан әуелі Бім мен Бауынның көргенін айтып, ақырында суық түрмен сұрады:

- Киш, біз сенің аң аулағандағы сырыңды білмекпіз, осы істеріңде сиқыр бар ма, жоқ па?

Киш бетіне қарап күлімсіреді.

- Жок. Клаш-Куан. Жас жігітке, балаға сиқыр қол емес және мен сиқырды білмеймін, мен аюды өлтіретін оңай амал таптым, онан басқасы жоқ. Бұл сиқыр емес - қырағылық.

- Әр адам істеуге бола ма?

- Болады.

Бірқатар уақыт жұрт үндесе алмай, біріне-бірі қарап отырып қапты. Киш тамағын ішіп отыр:

Клаш-Куан дірілдеген дыбыспен:

-Ал... сен... айтасың ба? Киш? - деді.

- Саған, иә, айтамын, - деп Киш сорып отырған майлы сүйегін тастап, түрекеліп: - тіпті оңай, қара,- деді.

Қолына жайынның жіңішке мұртын алып, саусағына орап жұртқа көрсетті. Сақинадай қолына оралып тұрған мұртты босатып еді, бірақ түзеліп кетті, сонан соң жайынның азырақ майын алды да айтты:

- Мына жайынның майын азырақ кесіп шұқырайтып, сақинадай ораған жайынның мұртын салып, сыртынан тағы да май орап, оның сыртынан қар жапсырып катырамын. Бұл домалақты аю жұтып койған соң. май еріп кетеді де, мұрт түзеліп кетіп инеше аюдың қарнына қадалып, дерт болып ауыртады. Қашан аю әлсіреген кезде, мен қылышпен өлтіремін. Бас-аяғы осы.

Үгүлік:

- О-о,- деді. Клаш-Куан:



-А... а...-деді.

Әрқайсысы өзінше таңырқаған даусын шығарды. Бәрі Киштің бағасын білді.

Киштің артында қалған даңқы осы. Темірқазықтың астындағы, теңіздің жағасындағы елден Киштің өткеніне көп-көп заман болды. Ол сиқыршы емес, қырағы, тапқыштығының арқасында бұрын ең жаман иглода болса да, бүгін көптің көсемі болыпты.

Жұрттың бірден бірге қалдырып келе жатқан хабарынша, өз басына жолды алмай, халқымен бірдей, қарны тойса қанағат қылып, елдің алдымен қайдағы жетім-жесір, кем-кетік, кемпір-шалдың қайғысын катты ойлағандығынан - қара басы қара жерге кіргенше бірде бір аштықтан жылаған емес.


АНТЕК ҚЫРАН

Прусұлы Болеслаптан

1. Диірмен

Антектің туған жері Висла жағасындағы кыстау. Орны жазаң, оңы мен солы екі жағы да ағашты тау, ағаштың іші шуылдаған құс: бұ жерге көбінесс келетін жандар: жүмыртқа, шекілдеуік аламыз - деген егіншінің балалары.

Екі жақтағы тау: күн батарда қаладан қараған адамға, дәл күннің батқан жерінен табыспаққа, біріне қарай бірі ұмтылып жүріп келе жатқан сықылды. Қыстаудан екі жақтағы тауға қарай екі ара жап-жасыл даланың ортасынан жіңішке өзені ағып жатады. Бұл жерге каланың малы жайылады да, түн болса-ақ шулап құлағыңды сарсытатын бақаны аулап, ұзын аяқ қарабай жүреді.

Қыстаудың күнбатыс жағында тоған, оның аржағы Висла, онан әрі созылған жалаңаш шағыл ақ тасты тау.

Ақсұр сабанмен шатырлаған үй басы әр алуан жемістерін еккен бақшасы бар, жемістердің жапырақтарының арасынан қарамаймен боялған мұржалары мен өрттен қорғаушылардың сатысы көрінеді.

Бұлардың өрттен сақтана бастағаны жаңада. Бұрын егіншілер өрт құралынан көрі қарабайдың ұясы өрттен катты сақтайды — деп иланушы еді. Жақын арада бір имараттың жанып кеткеніне қатты таңырқасып: - Міне тамаша! Қайтсе де жанды: жаңа сатысы да бар еді, ескі сатының сынғанына айып та тартып еді, - деп, өзара кеңесіп, талқыға салысты.

Осындай қалада Антек туған. Үлкен ағасынан қалған ескі бесікте екі жыл жатып, Розалия деген қарындасы туғанда оған бесікті босатып, үлкендерше ұзын тақтай орындыққа жатуға шыққан. Ол жылды қарындасын тербетумен өткізіп, келесі жылы көшеге шыға бастады. Әуелі суға жығылды, екінші, аты басып кете жаздаған бір көшір қамшымен салып кетті: үшінші, ит талап, екі жұма пештің үстінде жатты. Балапан күнінде-ақ басынан аз бейнет кешірген жоқ.

Бәрінің орайына, төрт жасқа келгенде әкесі жылтыраған мыс түймесімен шұға желенін сыйлады. Шешесі қарындасын уатып көтеріп жүруді міңдет қылып жүрді де, бес жасқа шыққанда, әкесі мал баққызды. Бірак Антек малшылыққа ықыласын салған жоқ. Бар ынтасы Висланың өзенінің аржағындағы тасты таудың үстіртінен көрінген үлкен қара үйдің үстіндегі, үлкен кірешше қанатының калбаңдап, әмісе айланып тұрғанына аударды.

Ол арада жайған малы егіндікке түсіп кетіп, егінжайды таптап жей берді. Мұны шешесі көріп қойып жағадан алып қысып шартылдатқанда дымы құрып кетті. Кекшлдік сүйегінен бітпеген байқұс барынша шыңғырып; жағасын босатып, шешесінен:

- Апатай-ау, анау өзеннің аржағындағы айланып тұрған не нәрсе?- деп сұрады. Анасы көзіне қолымен көлеңке түсіріп, баланың нұсқаған жағына қарап:

- Писланың аржағында ма? Ол айланып тұрған диірмен екенін көрмейсің бе? Сен алдымен алдындағы малыңды жақсы қара, әйтпесе, мен сені кышытқы шөппен соярмын,- деді.

- Ол диірмен! Диірмен деген не?- деп баласы сұрағанда:

- Әй, ақымақ! - деді де шешесі үйге қарай жүріп кетгі. Үйінде шаруасы көп, балаға диірменді айтып ұғындыруға мұршасы жоқ.

Диірмен баланың мазасын алды. Антектің ояуында көзінен кетпейді; ұйықтаса түсінен шықпайды. Білсем-аудың өксігені соншалық: бір күні Висладан жұртты өткізіп жатқан қайыққа түсіп, аржаққа шығып, тасқа өрмелеп, дәл «бұл жерге аяқ баспа» деп жазған жерге шықты.

Бұл жерде диірменді анықтап көрді. Диірмен көзіне шіркеудің коңырау қағатын жеріндей көрінді. Бірақ, дөрекілеу, екінші коңырау қағатын орындағы терезе отыртқан жерге, мұнда үлкен крешше қылып канат отырғызыпты.

Басында бүл не нәрсе, неге бола жасалғанын біле алмады. Артынан малшылар: канатына жел соғып дәл жапырақша айналдырады. Бидайдан ұн тартатын диірменші әмісе басында тұрады. Диірменші сондайлық қу, коймадан егеуқұйрықты да қуатын айланы біледі,- деп ұғындырды.

Бұл сабақты алған соң, бастапқы ізімен қайықшының еңбегін бірнеше жұмырықпен төлеп, шешесінен әлденеше шапалақ сый жеп, үйге келді. Сөйтсе де бір талай диірменнің жөнін біліп көңілі жұбанды. Антек, аштан-аш жатып түсінде диірменді, егеуқұйрықты куған айлашыл диірменшіні көрді.
2. ҮЙШІ АНТЕК
Осы болымсыз себеп баланың тағдырына байлаулы әсер етті. Сол күннен бұлай, таң атқаннан күн батқанша, қолына түскен ағаштан диірмен жасап, қалақша отырғызып әуре болатын болды. Бірнеше күн өткен соң ағашты кесіп алып, жонып өзінше диірмен жасап, дәл аржақтағы диірмендей болмаса да, желмен айланып тұрады.

Бұған қандай қуанды.

Он жасына жеткенше төрт пышақты тоздырып бірталай диірменше, қайықша, құдықша, сатыша, бар амалымен үйшелер жасады. Көзі түскен адам тоқтай қалып қарап, мына Антек не асқан ұста болар, немесе түкке жарамайтын арамтамақ болар,- десті шешесіне.

Сол кезде Бүйтек деген інісі туып, қарындасы ересек тартып, әкесі тоғайда жүріп ағаштың астында қалып өледі.

Қарындасы үй шаруасын істеп шешесіне қолғабыс қылады. Қыстыгүні үйді сыпырып, су әкеліп, ас пісіре білді. Жаз шықса, ағасына қосылып мал баққызды. Ағасы баяғы ынтасы кеткен ісіне алданып қарындасын сырттан қарап бақыламайды. Жылап айтқан сөз, соққан таяқ ештеңе қыла алмады. Бала қаншалық: қайтып қолыма алмаймын деп серт беріп, шешесіне қосылып зарлап жылағаннан соң да оның малы егінге түсе берді. Қарындасының қасында болғаны жақсы болды: ол баяғыдай таяқтарын жона береді, қарындасы малды көздейді.

Шешесінің ұлынан гөрі кызының жасы кіші болса да, ақылдырақ, егінші шаруасына қолайлы екеніне көзі жеткен соң, ескі дос Андрейге зарланып:

- Мен сорлы мына жарамсыз Антекті қайтермін, не үйдегі, не түздегі шаруаға жарамайды, бейне басын айналдырып алғандай қолындағы ағашын жонады да отырады. Не шаруалы емес, немесе қара қызметкер де бола алмай арамтамақ болатыны анық, - деді.

Андрей досы жасында суда салы салып тентіреп, дүниені көп көрген адам. Жесір әйелді жұбатып:

- Рас, ақылы жоқ, қайдан шаруаға би болсын, олай болған соң: әуелі мектепке беріп оқытып, сонан соң біреуге ноқта кесті қылуға беру керек. Кітап оқуды үйреніп, әртүрлі шеберлікпен танысады да, быратала адасып жолдан шығып кетпесе, итшілеп күнін көрер.

Оған әйелдің берген жауабы:

- Ой, дос, сіз калай айтасыз, шаруалы адамның баласы істі болып, біреудің ісін істегені ұят емес пе?

Андрей ағаш найын тартып, будақтап түтінді шығарып жіберіп:

- Ұят екені рас, онда қайтерсің!

Сонан соң Андрей ұзын орындыққа отырған Антекке қарап:

- Ал аманат айтшы: шаруалы боласың ба? Жоқ, іс істеуші шебер боласың ба? - деді.

- Мен ұн тартатын диірмен істеймін,- деді.

Мұның әмісе беретін жауабы осы. Үлкендер де осыдан басқа жауап ала алмай, бастарын шайқап, кейде ыза болып, шыбықпен дүрелеп те тастайды.
3. РОЗАЛИЯНЫҢ ӨЛІМІ
Антектің жасы онға келгенде сегіз жасар қарындасы Розалия қатты ауырды. Күн батқаннан жатып калып, келесі күні оянбады. Еті ыстық, көзі күңгірт, сандырақтап сөйлейді.

Шешесі басында қасақана жатыр деп ойласа да, денесіне сіркенің суын жағып, келесі күні жусан суын берді. Бірақ одан жазылмады. Сонан соң бар үйінің ішін ақтарып-төңкеріп жүріп алты тиын әрең тауып алып, қаладағы тамыршы құшынаш қатынды шақырып алды. Тамыршы қатын науқасты айландырып қарап, айланасындағы еденге түкіріп, кызды азырақ майлады да, онан да жазылмаған соң шешесіне:

- Біліс, пешіңді жақсылап қыздыр, кызың терлейді, дерті кетеді.

Бәйбіше пешін кыздырып, пештен отын шығарып ендігі әмірін күтті, Құшынаш:

- Жарайды, енді қызды қарағай тақтайға отырғызып, пешке кіргізсек, әзір жазылып науқасы қолмен алып тастағандай болады,- деді.

Розалиянық қашқанына қарамай, тақтайға жатқызып, ыстық пешке тықты.

Бұл сықылды емнен Розалия тез өлді. Ауылда бір адам қыздың неден өлгенін білген жоқ.

Ауылдағы адамның өлімі таңырқарлық жұмыс па, бұйрығы осылай шығар десті.

Үшінші күні, қызды жаңа табытқа салып қара креш шегелеп, қос өгіз жеккен арбаға салып қаладан шығарып, шіріп біткен креш пен ақ қайың ғана күзеткен (зиратқа) алып жүрді.

Екі кызметшіні жіппен көрге тастап жерлеп істі бітірді.

Жапырағы жамыраған қойдай шуылдаған тоғайлы тау, айналасындағы ағашымен баяғы қалпында қала берді.

Малшылар баяғы сыбызғыларын тартып ойнап, өмір ескі арнасымен ағып жүре беріп, қыстаудың жалғыз қызы ғана кеміді.

Бір жұмадай әңгіме етісті де, онан кейін ұмыт болды. Жас қабірге (көрге) жалғыз жел ғана соғып шуылдап, айналасындағы шегірткелер шырылдап жүрді.

Біраздан (соң) қар жауып бұларды да қуып жіберді.


4. МЕКТЕПТЕ ТАРТҚАН ҚАСІРЕТІ
Қыс түсе әлді адамдардың балалары мектепке бара бастады. Антек шешесіне қолғабыс қылмақ түгіл қолын байлады. Аңдрей досымен жесір катын ақылдасып Антекті мектепке жібересі болды.

- Мектепте маған диірмен салуды үйрете ме?- деп Антек шешесінен сұрады.

- Ай, шіркін-ай, жалғыз құмарың сол, о түгіл кенседе хат жазуды да үйретеді.

Тұл қатын кір шүберегіне 40 тиін түйіп алып бір қолына ұстап, екінші қолымен Антекті жетектеп қорғаныңқырап оқытушыға қарай жүрді.

Кіріп келсе, оқытушы тонын жамап отыр екен. Құлдай иіліп сәлем етіп ақшасын беріп:

- Оқытушы мырза, бас иіп марқаматыңыздан қатты өтінемін, мынау бір тағыны шәкірттеріңіздің есебіне алып, әр түрлі білім білгізіп, туған әкесінше сабап, жазасын тартқызып үйретсеңіз екен,- деді.

Ол мырзамыздың етегінің жыртықтарынан шөп шығып тұр. Антектің иегінен көтеріп, көзіне қадалып, алақанымен бетіне қағып:

- Сұлушам не білуші едің?-деді.

Қуанған қатын оқытушының сөзін қошаметтеп:

- Сұлу екені рас, сұлу, иә, рас, неменені біледі деп айтарымды білмеймін,- деді.

- Бұл қалай, өзіңіз анасы бола тұра, балаңыздың не оқып білгенін білмейсіз бе?- деді.

- Әй, мырза-ай, мен оқымаған әйелмін, менің ақылым жете ме. Мен білгенде, менің Антегім кой баға, отын жара, құдықтан су ала біледі. Онан басқасы жок шығар,- деді.

Осымен Антек мектепке түсті. Бірнеше күн өткен соң Антекті мектепке жіберді.

Мектеп көзіне аса кең сықылды көрініп, дәл қастілдегідей бірінің артынан бірі қаз-қатар тізілген орындықтарына таңырқады. Пеші жарылған, есігі жабылмайды, сонан болса керек, ішіне жел соғып тұр. Балалардың беті қызарып, қолдарын калталарына тығыпты. Оқытушының үстінде тоны, басында сенсең бөрік.

Антекті де әліппені білмейтін балалардың ішіне отырғызды да сабақ бастады. Шешесінің тапсыруы бойынша, Антек ішінен озып бәйге алуға серт етіп отыр.

Оқытушы тоңып мұздаған қолына борды алып сызылған қара тақтайға бір белгі салып:

- Қараңдар балалар, мына әріпті есіңе түсіру оңай, қолын бұлғап иіліп билеген кісіге ұқсайды да, айтылғанда «А» деп айтылады. Тыныш отырыңдар, ақымақтар! Айтыңдаршы: А-А-А - деді.

Сабағы кейінгі балалар А-А-А — деп шуылдады. Антектің даусы бәрін басып кетті. Бірақ оқытушы абайламағандай болды. Антек жүдеп қалды. Оқытушы тағы бір шимай салды.

- Мынау қарыпты еске алу тіпті оңай,- деді де - дөңгелекке, сақинаға ұқсайды. Сақинаны көріп пе едіңдер?- деп сұрады.

Бір бала тұрып:

- Бүйек көріпті, басқамыз көрмесек керек,- деді.

- Олай болса, кұлаққа сырға, сақина ана әріпке ұқсайды, мұның аты - Б, айтыңдаршы «бе-бе» - деді. Бәрі шу етіп бе-бе дескенде, Антек қолын қалқалап аузына ұстап, бақырғанда, бір жылға толған торпақтай мөңіреп еді, даусы өзгеше анық шықты. Мектеп (балалары) күліп жіберіп, оқытушыны ашуландырды.

- Бүл не?- деп Антекке ақырып, - а, сен мектепті бұзау қора кылатын мырза екемсің! Әкеліңдер мына жергс біз жылдам жылыталық...

Бала қалта қарап калды. Есін жиғанша, екі жолдасы мектептің ортасына әкеліп жатқызды. Не қылғалы жүргендерін, шып-шып етіп етіне шыбық тиіп ауыртып, мына сөзді:

- Мөңіреме, ант ұрған! Мөңіреме, ант ұрған! — деп айтқаңдарында ғана білді. Босатып жіберген соң Антек судан шыққан иттей сілкініп, орнына барып отырды. Оқытушы үшінші, төртінші әріптерді сызып, балаларға ән қостырып айтқызып болған соң қайтадан бір-бірлеп тексерді. Алдымен кезек Антекке келді.

Оқытушы:


- Мына әріпті қалай айтады?-деді. Бала: - А, - деді.

- Мына екіншіні? Антек үндемей қалды.

- Бұл әріптің аты - бе, айт ақымақ менің айтқанымды, бе...

Антек әлі де үндемей тұрып алды.

- Мөңіреуден тиылған мектепте мөңіреп мен ақымақ па?- деп мыңқылдады.

- А, сен ақымақ басыңмен жаман сөз сөйлейді екенсің, ұстаңдар, тағы да келістіріңкіреп жылыталық,- деді.

Жолдастары тағы да жатқызып салды. Оқытушы сыбағасын келістіріп алғашқыдай беріп жатып:

- Қарсы келесің бе?! Қияңқылық қыласың ба?!- дейді.

ІІІерік сағаттан соң үлкен балалардың сабағы басталып жас балалар оқытушының ас үйіне кетті. Бәйбішенің нұсқауы бойынша, бірі қартопия тазалап, бірі су әкеліп, бірі сиырға шөп әкеліп салып, осы ретті қызметпен түске жетті.

Антек үйге келгенде анасы сұрады.

- Е, оқыдың ба?

- Оқыдым.

- Сыбаға тиді ме?

- Не деп айтайын, екі рет.

- Сабақ үшін бе?

- Жоқ, бейне жылыту үшін секілді.

- Бұл әлі алды ғой, жүре сабағың үшін де жерсің.

Антек ойланып қалды.

- Жаман жұмыс,- деді де өзіне-өзі, -мейлі ұрса - ұрсын, аз да болса диірменнің жөнін үйретсе болады,- деді.

Күнде жас балалар, алғашқы алған үш-төрт әріпті оқыған соң, ас үйге барып оқытушының қатынының шаруасына болысады. Диірмен туралы бір ауыз сөз жоқ.

Бір күн «жылынған» күні күнмен бірге оқытушының да жүрегі ерігендей болып, жас балаларға жазудың әдісін түсіндірмек болып:

- Қараңдаршы, балалар! — деп тақтайға «үй» деген сөзді сызып, — жазу, қандайлық тамаша жұмыс. Мына кішкене екі әріп үйді көрсетеді. Көзіңнің қырын салсаң, үй, үй алдымен, терезесі, кәрнезі, пеші бәрін көресің.

Антек көзін уқалап, мойнын созып, үй деген жазуды шыр айнала қарап, үйді көре алмады. Аяғында қасындағы жолдасын шынтағымен түртіп:

- Анау айтқандай, үй, сенің көзіңе көріне ме?- деп сұрады.

- Түк те көргенім жоқ,-деді. Антек:

- Бұл өтірік екен ғой,- деді.

Окытушы Антектің соңғы сөзін естіп калып:

- Не қылған өтірік? Қандай өтірік?- деп ақырды. Антек жай қоңыр калыппен:

- Тақтайдағы да үй ме? Тақтайда аз ғана жұққан бор ғана бар, үйді көргеніміз жоқ,- деді. Оқытушы шап беріп құлағынан алды да, мектептің ортасына әкеліп:

- Соқ мынаған?- деп ақырып, тағы да дүреледі.

Антек қып-қызыл болып жылаған көзімен үйіне келіп, не отыра, не тұра алмай тұрған соң, шешесі:

- Тағы да берген бе, Антегім?- деп сұрады.

- Көрмей тұрсың ба, апатай-ау?- деп өксіді.

- Сабақ үшін бе?

- Жоқ, әншейін ашу. Сабақ қыздыру.

Шешесі қолын сілтей салды.

- Тұра тұр, шыда: сабағың үшін де жерсің, — деді. Сонымен, пештегі отын үстеп жатып, мұрнынан мігірлеп:

- Жстім мен жесірдің күні осы дағы. Ал 40 тиін орнына 50 тиін берген болсам, әлде бүйтіп босқа жылатпақ түгіл алақанына салар едің-ау! Ал енді ойын қылып, ермек үшін жылатады.

Бұл сөзді Антек естіп: ал ермек қылып жүргені мынау болса, шындағаны не болар екен?- деп ойлады.

Баланың бағына ма, сорына ма, әйтеуір қауыптанғаны болмай қалды.

Антекті мектепке бергеннен кейін екі ай өткен соң оқытушы жесір қатындікіне келіп әдетті қошеметті өткізіп:

- Бәйбіше, сіздің баламен қалай боламыз? Сіз баланы берген жерде 40 тиін бердіңіз, онан соң қайтып кейін көргенім жок. Бұлайша жүре беруге болмайды. Мейлі 40 тиін-ақ болса - болсын, бірақ ай сайын беріп тұруыңыз керек,-деді.

Қатында Антектің оқуына беріп тұрарлық ақшасы жоқ болған соң Антекті мектептен шығарып алды. Антектің мектептен оқығаны осымен тамамданды.
5. АНТЕК ҰСТА
- Ал енді шырағым, шаруашылыққа көңілің соға ма?- деп бір күні Андрей дос сұрады.

Антек:


- Тілеуіңізді берсін, мархамет қылып мені диірмен жасайтын жерге кіргізсейші,- деді. Шешесі мен Андрей дос екеуі де таңқалып иықтарын қомдасты.

Висланың аржағынан көрінген диірмен бейшара баланың миына соншалық берік бекіген, шығар емес. Күн артынан күн, ай артынан ай өте-өте, Антек он екіге келіп қалды, шаруаға қарасы баяғы қалыбы.

Әмісе ағаш жонып әр неменің суретін салып отырады. Пышағы тозып, шешесі пышаққа ақша бермей койғанда ғана көршілерге жалданып: бірінің түнде атын жайып, бірде жер жыртқан өгіздердің басын жетектеп, кейде тоғайдан бір тоқыма саңырауқұлақ әкеліп, аз тиынға уаққа сата салады.

Үйде шаруа тозып кетті. Еркексіз үй жансыз денемен бірдей емес пе?

Көбінесе қатықсыз көжені ұннан немесе қартапиядан істеп ішіп, кей- кейде тарыдан палау басып жейді де, етті үлкен мейрамдарда ғана көреді.

Кейде үйінде бұ да болмай қалады. Ондайда қазандыққа от жағып керегі жоқ болған соң, шешесі балалардың жыртылған киімдерін жамап отырады. Ондайда жас Бойтек жылап жатады. Ал, Антек кораға шығып, көпірдің, қайықтың, диірменнің суретін жонып отырады. Ақырында жетімдердің жанашыры Андрей екінші бір кыстаудағы бір отаудан Антекке орын тапты.

Бәрі бір жексембіде ұстаға қарай жүрді. Ұсталар кұрмет алып баланың қол қайратын сынады. Жасына қарай қайраты жарайды екен деп, алты жыл ақысыз іс үйретпек болып алды, бір жағынан қорқып, бір жағынан шешесі мен Андрейден айрылғанына қынжылып, оларды көзден тасалағанша көзімен шығарып салды. Антекті жат санайды, ұстаның таныспаған шәкірттерінің арасында жатқаны онан да ауыр болды. Олар Антектің тамағын ішіп қойып, ұйқы алдында, болашақ достықтың сілекейі деп Антекті желкелеп салысты.

Ертеңінде ерте тұрып ұстаның шәкірттерімен дүкен барып, от жағып, Антек көрікті басқанда, басқа шәкірттер ұстаға косылып «Ерте таңы қызара» деп басталатын өлеңді айтысып, әнді салғанда, қып-қызыл темірді соққанда Антек жыны түскен бақсыдай, көзін сүрткен бедеудей көтеріліп кетті.

Балға тарсылдал, темір шыңылдап, ән айналадағы агаштардан жаңғырып шығып, жарыса көтеріліп тұрғандары — баланың айызын қандырды. Әй, шіркін-ай, қандай келісті ұста, кім біледі. Онан да артық ірі жан болар ма еді, жақсылап мұны оқытса.

Антектің ұстасы төлеу тұғырдың өзі еді. Ісі орташа, балалардың басы-көзін қуықтай қылып ұрса да, істің басымен аз-маз ғана таныстырып, басқа ықыласын білгізбеуге салады. Әлде біреуі істік жөнін біліп алып, мөлшерлі күні өткен соң, бөлініп шығып, жарыса дүкен ашса қиын болар деп ойлады.

Антектің ұстасының екінші әдетін әлі айтпаппыз,

Қыстаудың бір шетінде, ұстаның дос қызықтасы, ауылшы бар еді, қызметтің жөнінен алақанына артық тиін түсе қалса, арақханаға қарай жүреді, дәл жолында ұстаның дүкені бар.

Мұндай іс жұмасында екі-үш рет болып қала береді.

Қолы майланған ауылшым арақханаға бара жатып жолшыбай дүкенге кездесіп қалып, есіктен қарап:

- Аман ба, ұста?-дейді.

Амандасып:

- Далада не оқия бар?- ұста сұрайды.

- Бөтен хабар жоқ. Сіздің дүкенде не жай бар?

- Қалыпша,- деп ұста жауап қайтарады.

- Бұ қалай? Үйден қалайша шықтың?

- Әншейін, мен мекемеде күні бойы тіліммен балға соғамын да, таңдайым кебеді. Аз да болса дымдайын деп едім. Өзің де шаңнан таза әуеге шықпайсың ба?

- Ие, мен де шығамын. Денсаулықтан қымбат нәрсе жоқ,- деп алжапқышын да шешпей арақханаға кетті.

Ұста шықты-ақ шәкірттер алаңсыз көріктің отын өшіреді. Әлде калай ауылшының тығыз жұмысы келіп қалмаса, қандайлық, асығыс іс болса да, жатып қалғанында достардың ісі жоқ. Арақханада отыра береді. Көбінесе түннің ортасында қайтысады да, әмісе ұстаның қолтығынан ауылшы сүйеп, ұста таңертеңгі ауыз ашар деп бір бөтелкенің мойнынан ұстай қайтады.

Ертеңінде ауылшы түк көрмегендей ерте тұрып, екінші қолайлы кезіне шейін ісін істей береді. Біздің ұста қолындағы бөтелкесін кептіргенше түбін қағады.

Антек көрік басқалы бір жарым жыл болды. Бір күні мынадай іс кезікті.

Ұста мен ауылшы төре арақханада отырғанда бір егінші атын тағалата дүкенге келді. Көре сала балалар:

- Ұста жоқ!-деп айғайлады.

Егінші ренжіп:

- Бірің де мына біздің жаман атты тағалай білмейсің бе?- деді.

- Қайдан білеміз!- деп жауап қайтарды.

- Мен тағалап берейін,- деп Антек сақ ете түсті.

Жолдастары мазақтай бастады.

- Өмірінде балғаны қолына алған емес, көрікті басып, көмір салғаннан басқа не қылып еді. Енді ат тағалап беремін (деп) шығарып отырған ісін қара!- десті.

Антек балғаны оп-оңай қатты ұстап, әлденеше тағаның шегесін де, тағаны да соқты.

Үлкен шәкірттердің аузы аңқайып таңданып тұрғанда ұста кіріп келді. Істің жайын да, Антек соққан тағаны да, шегені де көрсетті. Ұста өзінің көзіне нанбай, көзін сүртіп қарады.

- Әй залым, мұны қайдан үйрендің? Айтшы,- деп Антектен сұрады.

- Сіз дүкеннен шықтыңыз-ақ аналар алды-алдына безіп кетеді. Мен дүкенде қалып іс істеп, аз-маз темірді соға білдім,-деді.

Мына сөзді естіген соң, ұстаның есі шығып, Антекке жұмырық салуды да ұмытып, сасқанын көрсетпегелі, қатынымен ақылдаспақ болып қаша жөнелді.

Антекті дүкеннен қуып, ас үйі мен бақшадағы қызметке шығармаққа байланысты.

- Шырағым, сен тым зирек екенсің, үш жылда үйренсең жолың болсын дер едім. Сені шешең алты жылда үйрет деген еді ғой,- деді.

Антек тағы да жарты жылдай ұстада тұрды. Бақшаны қазды, бала тербетті, енді қайтып дүкеннің табалдырығынан аттаған жоқ. Ұста да, шәкірт балалар да қатты күзетті. Айтысқан сөз бұрынғы ғұрып жолынша, жас жігіт алты жылын өтемей еркімен кызмет ете алмайды. Өзінің өнеріне сеніп, басқаның көмегін тілемей бетімен кеткені онан да жаман болды.

Сөйтсе де Антек мына қалыпты жүріске шыдай алмады. Мұндағы істерім ағаш жарып, жер қазуға ғана болса, оны шешемнің жанында-ақ істегенім артық емес пе,- деп Антек ойлады.

Жұма, ай сайын жүрді де, ақырында ұстадан қашып, шешесіне келді.
6. БЕЛГІСІЗ ҚИЫРҒА
Басқаның әмірінде болып кешірген жыл босқа кетпеді. Бала ержетіп жігіт болып, үйде жатқаннан гөрі ел танып, басқа өнерге үйреніп, шеберліктің қуаты аспаптың тізгінін алып, билеп кетті.

Үй шаруасына да аз-аздап шешесіне қолқабысын тигізіп, көбінесе әртүрлі нәрсенің ағаштан суретін жасап отырады, пышақтан басқау қашау, ара, ыңғырулары бар. Оларын тым жақсы жүргізіп істеген нәрсесі әдемі болып, арақшы да сатып алатын болды.

Антектің істеген диірмені, үйшесі, әдемі қобдишасы, суреттері, шапқан, ойған түтіктері жан-жаққа тарай бастады. Көрген жанның бәрі түк үлгі көріп оқымаған баланың істеген ісіне қарап, туысына таңданып, ықыластанып сатып алысып, недәуір ақша төлегендері де болды. Бірақ істеген баланы бір де бірі сұрастырып біліп, қолынан тартып атсалысайық деген ой бірінің есіне түскен жоқ.

Сол кезде өзен тасып, бөгеуді бұзып, су жайылып қыстауға қаза келтірді. Талай жан шығынданды. Әсіресе Антектің шешесі сорлап, кайырымсыз жау - аштық үйін жайлады.

Амалы не? Қызмет таппай болмайды. Сорлы тұл бір жат үйге кірісіп, Бүйтекті біреудің мақташылығына берді. Бұл қалыпта іс оңалар емес.

Шаруа жөніне жат болып кеткен Антек, шешесіне жатып ішер болды. Андрей әйелдің қамалған күйін көріп, баланы қолға алды:

- Шырағым інім, сен ақымақ емессің, денің сау, қуатың бар, қандай ұсталықтың дүкеніне кірсең, орын табарлық жайың бар. Қалаға барсаң, әр немені үйреніп, мал тауып, шешеңді сүйрерсің. Мұнда жүріп шешеңнің аузындағы жалғыз жапырақ нанына ортақ болма, - деді.

Үйден кетем (деген ой) Антектің ойын жайлағанда жүзі жылан болып сұрланды-ау. Онан басқа лаждың жоғын ішінен ойлады да аз күндік аял сұрады.

Көзінің жасын көл қылып шешесі баланың жолға жүрер қамын істей бастады. Үйдегі жалғыз ескі тоқыманы барлық нанын, ірімшігін салып, дорбаға Антектің асбабы қашау, ара, балға, ыңғыру сықылды саймандарын салып берді.

Антек туған қалашығынан айрылысатын ақырғы түні, тақыр тақтай орындыққа жатып, ұйықтай алмады. Алыстағы иттің үргенін, пештің артындағы шырылдауықтың жіңішке даусын тыңдағанда, оның жіңішке даусын Розалияның далада қалған бейітінің айналасында шырылдаған шегірткенің әні болып құлағында зарлап, есіне қарындасы түсті.

Бұрыш жақтан шұғыл да суық қорқынышты дыбыс шықты. Бұл өксіп жылаған шешесі болып шықты. Есітпеймін деп көрпемен басын тұмшалап жатып қалды.

Ояна келсе, күн жоғары көтеріліп калыпты. Шешесі тұрып, дірілдеген қолымен бақырды асып жүр екен.

Сонан соң бәрі асқа отырысты.

Қартопия мен нанын қосып көжесін ішер-ішпесте, Андрей кіріп келіп, амандасып:

- Ал інім, енді жүр. «Кім жолға ниетті, оған уақыт жетті»,- деп, мақалдап кетті.

Антек қайыс белдікпен шекпенін буынып, сайман салған дорбасын бір иығына салып, екіншгі иығына тоқымасын асынды.

Әбден дайыңдалып алған соң, бала тізесінен отыра қалып, үйдің жер шетіне ернін тигізіп сүйді.

Өмірдегі екі ыстық жаны - анасы бір қолынан, інісі екінші қолынан ұстап, неке оқытардағы қалыңдықтай табалдырықтан аттатып шығарды. Ақырын жылысып өлкеден өтіп, тауға таман тырмыса бастады. Қыстау көзден таса түскенше бірге жүрісіп келеді. Арақханадан ғана үн шығып, тартқан домбыраның ғана дабыл даусы келіп тұрды, аздан соң ол үн де өшіп, бұлар тауға шықты. Даланың масатының түріндей түрлі шөбі жұпарлап, сыбдырлап, тоғайдың, бұтаның араларындағы кұстары сайрап, аяқтың астында жүз толғанып сарқырап ағып, болаттай жарқырап Висланың өзені жатыр.

- Інім, біз енді үйге қайтамыз, сен алдыңа қарай тура жүре бер де, жолыққан жаннан «қала қай жақта?» деп сұра. «Есіңде болсын: саған қыстау-ауыл емес, соқадан да балғаның қадірін білетін халқы қалың қала артық,- деп Андрей дос ақыл айтты.

Анасы айрылысар жерде жылап жіберді. Антек анасының аяғын құшып, сонан соң Андрейдің аяғын құшты да, інісін қатты қысып құшақтап болған соң, жолға түсіп жөнелді. Ол ұзамай жатып шешесі айғайлап:

- Антегім!

- Немене, апатай?

- Ал жат жерде басыңа киын болғандай болса, қайтып кел, қош қарағым, аман бол!

- Қалғандардың жолы болсын,- деді де, бала тағы жолына түсіп жүре бергенде, тағы анасының:

- Антегім! Антегім!- деген зарлы даусы жетті.

- Немене, апатай?

- Бізді ұмытып кетпе, балам! Қош, жолың болсын!

- Аман болыңдар!

Ақыры Антек таудан асып, көзден тасалағанда анасының зарлы даусы құлағын тағы да қапты.

Кешке жақын аспанға сұрғылт бұлт жабылып себелеп жаңбыр жауды. Бұлттың жұқалығынан батардағы күннің сәулесі жерге түсті. Сұрғылт даланың, суланған жолдың аржағында, алтынды мұнара - қаралы қорғанға жасырынғалы бара жатқандай көрінді. Жым-жырт әлсіз дала мен батпақты жолда қапшығы мен тоқымасын арқалап, акырын аяңдап, шекпенді шаршаған жаяу кетіп барады.

Кім біледі: еңбек қылып мал таппақшы, қыстауында жоқ өнерді қаладан көріп үйренбекші. Қыстаудың баласы, сіздерге кез келіп қалса, көмекші қолыңды соза гөр. Ол біздің еңбекшіл талапкер Антек, өз қыстауы тар келіп, туыста басына біткен өнерін шығара алмай, өнер мен малды қаладан іздеп барады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет