«алаш» баспасы



бет21/26
Дата19.12.2016
өлшемі5,84 Mb.
#4110
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26

Хайретдин БОЛҒАНБАЕВ



ЖЕР ЖАЛДАУ
Қазақ жеріне сеңдей ағып қара шекпен келе бастағалы халық дағдарып: "Қайтеміз, бұрынғыдай отыра береміз бе, жоқ 15-тен кестіріп алып ата-мекенімізге түпкілікті ие боламыз ба?"- деген ойға қалып еді. Бұл туралы басшы пікірде екіге айырылды. Бұл екі пікір енді қазаққа таныс, қайсысын таңдау еркі өзінде еді. Қала болушылар ер басына 15 десятинаны бұрынғыдан еркін, пайдалы деп алған жоқ, аз да болса ата-мекенін қимағандықтан алған секілді еді. Бұлар адасты ма, жоқ дұрысы осы ма, ол жағында әзір ешнәрсе айтпаймыз, не де болса қала болған ел болып қалды, қайырлы болсын.

Жер кестіріп алғандар маңайындағы оброшні статиа жерлері қазақ пайдасына кетеді дегендей қамығып, жығылған үстіне жұдырық болды, ізденсек қайтер екен деген күңкіл де жүр еді. Енді бүгін көріп отырмыз, 15 десятинаның аздығын білсе де, амалсыздан қала болғандар һәм соңынан оброшні статиадан айырылғандар, сөйтіп өрісі тарылғандар, бір күндік ақшаға қызығып жерлерін орысқа жалдай бастапты. Мұнысы хүкімет қазаққа 15 десятина көп екен, міне өздері артық жерін сатып жалдап жатыр деуіне дәлел үшін бе, жоқ, Құдай береке беріп жерлері өсіп кетті ме, өздері біледі.

Бұл келіспеген істен өзге қала болғандар қорқақсоқтансын деп басқармаға келген мына бір хатты басамыз.
* * *
Ақтөбе уезі бірінші Бөрте болысы үшінші ауыл отырықшы болғанына екі жыл болмай-ақ досылнай жерлерін жалдай бастады. Ауру қалса да әдет қалмайды деген ғой, бұрын көпшілікте жер жалдап жаман үйреніп қалған отағасылар бүгін жер тарылды екен, жұрттың тамақ асырап отырғаны жалғыз сол екен деп ескі мінездерін қалдыра алатын көрінбейді.

Былтыр осы ауылдан атқамінер отағасылары мен бірсыпыра ілкемді жастары мешіт салуға жаратам деп 300 десятина жерді бір орысқа арендаға берген еді. Бірақ онан бері бір заман өтті, не ақша, не мешіттің қайда жүргенін білген кісі жоқ.

Бұл былтырғы іс.

Енді, биыл тағы да әлгі отағасылар мен ілкемді мырзалар мешітті сылтау қылып жұрттың ырзалығынсыз 250 десятина жерді арендаға беріп отыр. Бұған ырза болмаған бірсыпыра адамдар бастапқы кезде олай қыламыз, былай қыламыз деп жүр еді, бір күні әлгі атқа мінерлер бір мал сойып етке тойғызған екен. Қарқындары сонымен басылыпты. Сорлы қазақ бір күн етке тойса, жүз жылғы пайдасын ұмытатын жазған ғой.

Бұл енді биылғы іс.

Міне, біздің ауылдың отағасылары мен ілкемді ел бастайтын жастарының қимылдары!

Дүниежүзінде тамақ асырап күн көру үшін жалғыз-ақ қарап отырған ұлтарақтай жерлерін сатып, еліне мешіт салып бергелі жүрген ілкемді мырзаларға да бәрекелді, бір тойғанына алданып, қолындағы жерінен айырылып қарап отырған елге де бәрекелді!

Бүгін мешіт салам деп ұлтарақтай жерін сатып бітіріп алып, ертең бала-шағасын асырау үшін елдің еркегі маңайындағы қарашекпеннің малын бағып, көшесін сыпыруға кеткенде ол мешітке кім кіріп құлшылық қылмақшы. Мұндай бір күннің келуіне шек қылуға жарамайды: бұл күн жердің арқасында аз-маз астық шашып, сонымен тамақ асырап отырған онан басқа ешбір нәсіпті білмеген бір жұрттың қолындағы жері бітсе әлгідей болмай не болмақшы? Осы күні орысқа жалдап тоздырып алған жерді соңынан өңдеп іске жарату екі бастан біздің қазақтың қолынан келмейді.

Онысы әлі тұра тұрсын, мына биыл сатқан жердің бір шеті ауылдың іргесіне тиіп жүр. Жұрттың осы күні аз да болса қара-құрасы бар. Бүгінге шейін сол аз малдарын осы сатқан жерлеріне жайып отыратын еді. Енді мұнан соң қозы-лағына шейін арқандап отырып бақпаса, қалай бағады?

Күн сайын орыстың егініне малын түсіріп штраф төлеп отырғанын көрерміз әлі. Міне осы күнгі алған ақшаның қызығын сонда көрер жұрт.

Бұл ілкемді мырзалар жұрттың әлі қандай жерін сатып қызмет көрсеткенше оларға маңайындағы қарашекпендерден өнеге алып, жерлерін өздері пайдалануға үйрету керек еді. Қара шекпен жерін жалдамақ түгіл басқадан жалданып салатын жер табылғанда, өзі де екпейді. Олар бүгінгіден артық ертеңгіні, ілгергіні көп ойлайды.

Бейшара қазақ, өзді-өзін қыспаққа салып кең жеріңді тартып алған соң, сол қыспақтың әдісін де үйрену керек еді. Сен ондай әдістің мыңнан бірін білмейсің. Жалғыз-ақ қарап отырғаның сол бір алақандай жерің. Сауда қылуды білмейсің: ауылыңдағы дүкен иә орыс, иә ноғайдікі; өнер білмейсің, үйіңді салып жатқан ылғи ноғай. Ең ақыры киіміңді өзің тігуге үйренбей ноғай тігушіге ақша беріп отырсың. Қысқасы, не керек болса, өзіңде бірі жоқ. Бәрі басқанікі. Ең аяғы моншаға шейін.
ӘДЕБИ БОРЫШЫМЫЗ
Бүгін ардақты Г.Н. Потаниннің 80 жылдық тойы - өмірі бойынша ілімге қылған қызметінің қуанышы. Потаниннің 80 жылдық өмірінде қылған істерінің ішінде біздің қазақ үшін де қымбат істері бар еді. Оның өмірінің біраз жылы біздің әдебиет үшін сарп етілген еді. Сондықтан біз Потаниннің мұндай ұлы қуанышынан шетке қала алмаймыз һәм қалмасқа тиіспіз. Бүгін Потанинді құрмет қылып, есімін жаңғырықтырған көптің ішінде біз де өзіміздің даусымызды шығарып, көңіліміздегі міндеткерлігімізді білдіру борыш. Бұл - әдеби борышымыз. Бүгін ардақты қарт өзінің ғұмырында ғылым жолында қылған еңбектерінің жемісін көріп шаттанады. Сонда біраз ғұмырын, күшін сарп етіп, әдебиетіне қызмет көрсеткен бір қазақ жұртының анық үнін естісе, енбектерінің босқа кетпегенін көріп көңілі тасыр. Өзінің сүйген жұртын қазақ халқында қадірмендік белгісінен көріп кеудесі көтерілер.

Біздің қазақ мәдениет жолында кейін қалған. Оны ілгері бастыру үшін көп күш керек. Бұл — ғылым күші. Біздің қазақ надандық қараңғылығында тұр. Оған нұр керек. Бұл — ғылым нұры. Ардақты Потанин сол бізді ілгері бастыру жолында күшін қосқан, үстіміздегі надандықтың қараңғылығына қарсы кеудесіндегі ғылым нұрын аямаған. Сондықтан біз оны құрмет етеміз.

Біздің қазақ мәдениет жөнінде жас. Мәдениет төріне шыққан басқа жұрттарға қарағанда көп төмен. Соның үшін біз осы уақытта ол жұрттардың әлдеқашан артында қалдырылған сабақтарын оқимыз. Біздің бүгінгі сабағымыз - мәдениеттің алғыбасы, ережесі. Сол себепті бұл уақыт - біздің ең қиын дәуіріміз. Тіліміз ашылмаған ауыр уақытымыз. Мектепке жаңа кіріп оқып жүрген баланың сабағын кім айтып берсе, сол оған - ұстаз. Оның ұстаздығы сабағының сорлылығында емес, қиындығында. Біз де бұл күнде сол бала сияқтымыз. Бізге сабағымызды кім айтып берсе, сол —ұстаз.

Г.Н.Потанин де біздің алдымызда сондай. Сондықтан біз оған борыштымыз. Адамзат - жақсылықтың құлы. Потанин бізге көрсеткен қызметі арқасында әдебиет, тарихымызда бір орын алады. Бірақ оның қызметтеріне баға қою, өлшеу тәрізді. Біз мұнда Потаниннің біз туралы көрсеткен қызметтерін көз алдымызға келтіріп отырмыз. Оған сол көзбен қарап, жүрегіміз жылып отыр. Ал енді өзінің қара басы туралы. Оның тіршілігі, қайраты ілімге епті біздің жастарға үлгі боларлық. Ол ұлық мақсаты үшін бүкіл ғұмырын, күшін сарп етті. Жасының ұлғаюына да болмай бел асып, су кешіп жолынан қалмады. Оған жер үсті тарихтың тілсіз айғағы болды. Ол оның тілін білді. Біздің талапты жастар көз алдыңда Потанинді көру керек.

Қуаныш құтты болсын, баба! Бастаған ісіңді қостаушылар түгесілмесін!
ӘДЕБИЕТ КЕШІ
11 апрель күні Орынборда шаһар театрында он проценті жаралы ғаскерлерге берілу шартымен Орынбордағы оқушыларға жәрдем жамиғаты пайдасына әдебиет кеші жасалды. Кешті жасаушылар - мұндағы ноғай, қазақ жастары.

Кеште халық тіпті көп болды. Билет ертеден сатылып бітіп, орын жетпегендіктен бірталай адамдар қайтып кетіпті. Орынбордағы өз мұсылмандарынан басқа маңайдағы елдерден де әдейі келушілер аз болған жоқ. Оренбург театры ғұмырында көрмеген күндік тартқан бәйбішелер мен тымақты отағасыларға да ең қадірлі ложаларынан орын берді.

Кешкі сағат 9 шамаларында басталып, бірінші пердеде ноғай шәкірттері Тоқаевтың "Туған тіл", Сығай Римовтың "Сызыла" деген өлеңдерін хормен жырлады. Оның артынан екі кісі мандалина һәм скрипкамен башқұртша "Сахмар" күйін тартты. Бұлардан соң қолына сырлы домбырасын ұстап алаңға ардақты "Арғын" (А. Б.) ақын шықты. Халық "Арғын" ақынды көргеннен-ақ қол шапалақтап қарсы алды. "Арғын" ақын түрегеліп тұрып домбыраға қосылып "Соқыр қыз" деген әнге салды. Халық бұл әнді теп-тегіс ұйып ықыласпен тыңдады. Бұрын олай-бұлай шала білетін адамдардың аузынан естіп, кемсініп жүрген бірсыпыра адамдарға шын ықыласпен қол шапалақтап "бис!" қышқырып қайта шақырып алды. Тек артқы жақтағыларға домбыраның даусы талып жетіп ашық естілді. Онан соң екі кісі шығып қарама-қарсы Тоқаевтың "Үйлену түгілі сөйлену" деген өлеңін айтты. Оның артынан Хасейнедегі қазақ шәкірттерінен он шақтысы қосылып "Ақау Семей" һәм "Құбақан"" әндерін салып, А. Б.-ның "Қазақ қалпы" деген, Ғ. Қарашевтың «Бар еді қазағымның оңған күні» деген өлеңдерін айтты. Бұлардың ішінде бір-екі балашид қылғаннан артық ашық дауыстарымен театрды жаңғырықтырып жіберді. Алдында жүрексініп жүрсе де алаңға шыққан соң аруақ көтергендей ашылып кетті.

Бұлардың артынан 12 жасар бала "Бұланы" шығып ... ноғайша "Жимхе" һәм "Бала мишкин" күйлерін ойнаған соң, Махдум әпенді Ғ. Тоқаевтың "Тіленші" деген өлеңін декламировать етті.

Сонымен бірінші перде бітіп антрактыдан кейін "Діншілік ғалым" деген пьеса ойналды. Мұны ойнаушылар ғұлама жақсы шығарды. Әсіресе Ғали ролін ойнаған Ғ.Мусин әпенді келістірді.

Бұл біткен соң антракт артынан үшінші перде басталды. Қолды музыка оркестр "Ғабдулрахман" һәм “Екі бесте арасы" деген ноғай күйлерін ойнады. Оның артынан Кашаф һәм Ғабдолла әпенділер "Ашқазар" әніне салып, "Қаратау" деген өлең айтты. Оның артынан Қайғы Ибраһим әпенді шығып "Ақ Бегет"деген башқұртша ертегі айтты. Қажы Ибраһим әпендінің сөйлеуі бек кейеті болса да тым ұзынырақ болып халықты жалықтырды.

Онан соң тағы да "Арғын" ақын шығып "Қамшат Түрік" әнін салды.

"Арғын" артынан қазақ ханымдарынан Ғайнижамал Дулатова һәм Жаңыл ханым Қайырбаевалар шығып "Елім-ай", "Кәндірғазы" әндеріне салып өлең айтты. Бұларды қол шапалақтап қарсы алды. Өлеңді ерен ықыласымен тыңдап соңынан "бис!" қышқырып, қайта шығарды. Бұл ханымдар екеуі де қазақша үстеріне айнала етегіне алтын оқалау салған бешпент, бастарына оқалы тақия киіп шықты. Ханымдар бұрын мұндай топ алдыңда алаңға шықпауларына қарамай, көңілдегідей шығара алды.

Мұнан бұрынғы әдебиет пен сауық кештерінде мұсылман әйелдері шығып, үзілмей күйлерін өз ауыздарынан естіргені жоқ еді. Бұл жақтан бәйгені осы жолы біздің ханымдар алды.

Ханымдардан кейін "Бұланы" әпенді қоңырауларымен бір-екі ноғайша күйлер ойнады және бір-екі башқұрт шығып біреуі сыбызғы тартты, біреуі оған қосылып өлең айтты.

Сонымен перде түсіп антрактыдан кейін 4-ші перде басталды.

Уақыт тар қалғандықтан бұл қысқартылды. "Бұланды” әпенділер мандалина һәм гитарада ноғайша күйлер ойнаған соң тағы да Ғайнижамал һәм Жаңыл ханымдар шығып "Ақау лашын'" әнін салып М.Дулатовтың "Айрылу"деген өлеңін айтты.

Бұл жолы да халық ықыласымен тыңдап, соңынан "бис!" қышқырса да уақыт тарлықтан ханымдар қайта шықпады.

Онан соң тағы да баяғы башқұрттар сыбызғы ойнап, кеш аяқталды.

Ғұмұма қарағанда кеш көңілдегіден кем шыққан жоқ. Ноғайшасы болсын, қазақшасы болсын жақсы шықты. Әсіресе, кешке рух беруші әлгі ханымдар болды. Сондықтан оларға жақсы ойнаушылармен кұтты болсын айтып, рахмет айтамыз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет