«алаш» баспасы



бет19/26
Дата19.12.2016
өлшемі5,84 Mb.
#4110
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   26

ШЫҒАРЫП САЛ

Біздің алаштың баласы жалпы бағаламайтын қысқаша - Антек баланың әңгімесі бітті. Бұл әңгімеде не сыр бар? Пайдасы не?- деген сұрауға қысқаша жауап беріп өтсек артық болмас.

Адам баласы жеке туыспен де, тағылыммен де болмайды. Екеуі бірыңғай келсе жақсы болады.

Антек өзгеше туған жан, өз жолына салып, жақсы оқытушыға кездессе - адам баласының шеберлік жолына тар сарайын кеңітіп кетерлік адам. Міне, көрдіңіз, қолайсыз жерге кездесіп, жарымес атанып, арамтамақ болып, шешесінс масыл болғанын.

Мұндайға мысал адамдар толып жатыр. Жиып жазса, бір үлкен кітап болар еді.

Балаң оқуға жарарлық болғанда, оқып жүргенде абайлап қараңыз. Дүниедегі адам ұлына пайдалы сан-салалы өнердің қайсысына икемді екен. Ыңғайын біліп сол ынталы жолына салсаңыз, сонда жақсы адам болады.

Даниал ЫСҚАҚОВ
ҚОРҒАНСЫЗДАР

ӘУЕЗ ҰЛЫНЫҢ «БӘЙБІШЕ –ТОҚАЛЫНА» ТЕКСЕРУ


І.
Ежелден сын — әдебиеттің айырылмайтын серігі болатын. Әдебиеттің етек алып күшеюіне, түр тауып, түзу бағыт тұтынуына сынның келтірерлік пайдасы, ететін еңбегі зор екенін қай халықтың әдебиет тарихын алып қарасақ та ашық көре аламыз. Егер топас мысал келтірсек көркем әдебиет пен сынның ортасындағы байланысты жолсыз жермен келе жатқан ауыр жүкті арбалымен, оның жанындағы салт аттының серіктігімен салыстыруға болады.

Әдебиет - барша өзінің тарауларымен ауыр жүкті арбалы сықылды.

Оның алдында сулы, таулы, тоғайлы, кедір-бұдыр, ой-шұңқырлы жерлер жатыр. Даңғырайған тарау-тарау жолдар да ұшырасып ерсілі-қарсылы кесіп те өтіп жатыр. Бірақ бұл жолдардың қайсысы түзу, қайсысы бет алды қаңғытып жіберетіні белгісіз.

Жолаушылыққа жаңа шыққан жас әдебиет шұбырып жатқан көп жолды көріп, қайсысына түсерін білмей аңырмақ. Ақыры, қалайда бір орыннан қозғалмай болмайтыңдықтан «тәуекел» деп ой жотамен, не белгісіз ішкі сезіміне билетіп, көп жолдың бір тарауына түсіп сапар шекпек.

Осындай бір басының не болары белгісіз, алыс жолаушылыққа шыққан арбалының салт атты, сабау қамшылы, ықшамды бір жолдасқа мұқтаж екендігінде дау бар ма?

Міне, осы жолдастың міндетін әдебиет сыны атқарады. Бұл - сынның әдебиетке жол көрсетіп, жөн сілтеп, ақылшы болып отыруы жөніндегі міндеті болса, сынның енді екінші бір зор міндеті бар. Ол міндет, бізше, әдебиет азығын қауымға сіңіру болмақ.

Әдебиет - затында жеңіл тамақ емес. Мейлінше асқазан таңдайтын зат. Жалпылама жұрт бойына сіңіріп, тамақтана алмайды. Сондықтан бұл жөнінде де әдебиетке, түзу әдебиет пен оны пайдаланушыларға да, көлденеңнен көмекші керек. Бізше ол көмекті де әдебиет сыны атқаруы тиіс. Бұның істейтін қызметі - өзінің мақсатына қарай бірден ешкімнің асқазанына түсіп, еш уақыт ас болмайтын, не бір жола асқазанды бұзатын әдебиеттерді тексеріп, «мына кәпірге жоламаңдар!» - деп қауымға үн беру болмақ. Екінші, асқазаны нашар қауымға тамақ болатын жақсы заттарды теріп алып, оларды оңай сіңірту үшін қауымға турамшылап, жайы келсе шайнап та беру болмақ. Үшіншіден, асқазаны күштілерді дәмдіден дәмдіге айдап, дәндіден дәндіге әуестендіріп, қандай ауыр тамақпен болса да пайдалана аларлық дәрежеге жеткізуге тырысып, шама келгенше семірту, салмақтандыру, асқазанын күшейту жөнінде қызмет ету болмақ. Ол үшін сын қауымға «мынау тәтті, мынау дәмді, мынау маңызды» деп тағы жол сілтеп отыру қажет.

Әдеттен тысқарырақ, жолмен қолдап, әдебиет сынының қауымға, әдебиетке істейтін қызметін түсіндірмек болғанда, оның негізгі міндеттері осы жоғарғы айтылған болуы керек деп білеміз.

Осы сықылды міндеттер жүктелетін әдебиет сынына біздің қазақ әде-биеті қандай орын беруі жөн? — дерек оған жауап: «Ең құрметті қонақсың»,-деу.

Жә, енді қазақтың осы күнгі әдебиет сыны жоғарғы айтылған міндеттерін атқарып отыр ма? Тиісті міндеттерін атқармақ түгіл, ол міндеттерін сыншының ілуде біреуі-ақ өзіне борыш деп санайды. Өзгелерінікі тек далбасалық. Олардың бұл күнге дейін істеп жүрген қызметтерін басқа бермесін. Бір тұрған қырыпсал, жойыпсал. Екі езуінен көбігін шашып, көкірегін керген ызасын улы сия, ащы тілмен орынды болсын, орынсыз болсын төгеді де салады. Мұндай сыннан асқазаны нашар қауымға қандай келіп-кетер пайданың барлығын біз біле алмадық, әлде қазақтың әдебиеті, оны пайдаланушы халқы көлденеңнен ешбір көмекші керек етпейтіндей дәрежеде ме? Сондықтан оларға түзу мағынада сынның керегі жоқ деп біле ме?

Біз қазақтың әдебиеті де, халқы да ондай күйге жеткен жоқ деп ойлаймыз.

Қазақ әдебиеті - жас әдебиет, тап басып түзу бағыт тұта алмаған әдебиет, белгілі бір қалыпқа түсіп орнықпаған әдебиет, керек десе біздің әдебиет өзінің міндеті не екенін толық түсініп жетпеген әдебиет.

Ал енді қазақтың халқын алсақ, ол не күйде? Ол әдебиетті былай қойып, басқа да толып жатқан нәрселерден шетте қалып отыр. Тіршілік ағымы өз жөнінде, қазақ, өз жөнінде болып кетеді. Қазақ әдебиеті қазақ халқы үшін: керек болса, ол керектің исі қазақтың мұрнына да барған жоқ. Әдебиетпен пайдаланып, керекке жаратып, әсерленіп, отырған жалпы қазақ бар ма? Ең болмаса оның, ортасынан шыққан белгілі қауым, басқаша айтқанда белгілі әлеуметшілдік бар ма? Ондай да жоқ. Бірен-саран қалалы жерде болса, ол жалпы қазақтың қауымы болып танылмайды. Егер далалы жерде оларды біз әдебиет қазынасына түскен асылдармен толық, түсініп, түгел пайдалана аларлық дәрежеге жетпейді деп ойымызға да келтіре алмаймыз. Бұл бетте оларға түсіндіруші, ұқтырушы керек етуінде тағы дау жоқ.

Міне, біздің әдебиетіміздің пайдаланушы қауымымыздың бар хал жайы осы жоғарғы айтылғандай болса, әдебиет сынының екі тарау міндеттеріне де кең өріс, ауыр жүктің барлығы білінеді, олардың қазақ баспа сөзінде өзіне бір жеке көп болып жарыққа шығуының керек екендігі де сезіледі. Енді сол әдебиет сындарының атқаратын жоғарыда айтылған қызметтерінің негізгі түрлеріне біраз көз жіберсек сынның әдебиетке ата шабарман болғандай жайы бар екенін байқаймыз. Біздіңше, шынында солай. Затында, сынның кесіп тастайтын қатал биі болу да, күлін аспанға ұшыратын құйын болуы да, не бас иіп, құлдық ұрып тұратын қошаметшіл құл болуы да мейлінше жараспайтыны анық.

Мұндай түрдегі сын – міндетін білмейтін шатасқан сын, қазіргі қазақ қауымына қара тиынға керегі жоқ сын. Сын қайырымсыз қатал би болып та, қол қусырған құл болып та тіршілік ете алмайды. Сын ондай төреліктен де, төрелікті іздеушіліктен де безіп, әдебиет майданында өзіне ғана һас жоғарғы айтылғандай, сыпайы, жемісті орнын ғана алуы тиіс. Мойнындағы міндетін, алдына қоятын мақсатын еш уақыт ұмытпауы керек.

Ондай борышьн білген сыннан қазақ қауымына, қала берсе қазақ әдебиеті түзу бағыт тұтынуына зор пайда бар екеніне біз әбден сенеміз.

Қолға алған Мұхтар Әуез ұлының «Бәйбіше — тоқал» атты пьесасының қайғылы халін тексермес бұрын жоғарғы айтылғандай өзімізге бір бағыт тұтып алуды қажет деп таптық.

Бұл әсерді тексерудегі мақсатымыз — сынның алғашқы жолын, яғни арбалыға басшылық қылу міндетін атқармақ емес, сынның қара жұмысын, яғни асқазанға жеңілдету үшін біраз турамшылап, жаншып беру қызметін орындамақ.


ІІ
Жайылып жатқан кең даланы қара тұман қаптаған, жыбырлаған неше түсті бақа-шаян, құрт-құмырсқа, қоңыз-жылан басқан. Кең қоныс, жалпақ өріс қомағай көзге тар көрініп, бір-бірімен тістесіп, бірін-бірі су түбіне батырмақ, бірін-бірі шағып әлсіретпек, қанын сорып жемек, туған туысқандарының өлігінен аттап дәулет, мақтан таппақ. Алдап, екіжүзділеніп, бір-біріне тор тоқып, тұзақ құрмақ. Әлсіз, айласыздың сан-дырақтап келіп тұзағына түскенін, құрбанының денесі қалтырап, көзі аларып, есі шығып, ебі қашқанын көріп тамашаламақ. Айласына сүйініп, жан-тәнімен рахаттанбақ. Әлсізді әлді қолшоқпар қылып, өтімдісін жауына қырғи қылып салмақ. Уытын жайған қаскүнемдік, достық, бауырмалдық сезімдерінің үнін өшірген. Әділет, ерлік махаббат дегеннің жарығын сөндірген. Осы кеңіп, етек алған мен-мендік емген сүт, ішкен аспен қан тамырға таралып, сөнбейтін күндестік сепкен.

Бірінің тамағынан бірі алып, бірінің етегінен бірі ұстап үзілмейтін бір шынжыр жасаған. Сол шынжыр бірінің аяқ-қолында, бірінің мойнында жазылмастай болып шырмалған. Онан босанарға шама жоқ, босануға мүмкін емес.

Қазақтың даласы осындай күйге батқан. Тұқым қуалаған араздық, алтыбақан ала ауыздық, қазақ жерінен сергір күннің жарық сәулесі көрінбейді. Үлкен кіші, бай, кедей, жуан, жуас бәрі бірдей белшесінен батқан, бәрі соның шірік бұзылған, иістенген ауасын иіскеп, бойларына сіңірген, керек десе ол халдерін өздері сезінбейді де.

Неше тұрлі жан шошырлық, дене жиіркенерлік, намыстанып арланарлық жауыздықтар істеп жатқан дала құрбандарының көкірек кернеген шерін, көзден аққан қанды жасын жарыққа шығартпай, ішқысты қылып бүркеп отыр. Адам үнін естіртпейді, көлденең көзге көрсетпейді. Сырт қарағанға қазақ кең шалғынды, сарқырап аққан өзенге бай, сұлу қызықты табиғатпен қол ұстасып, құшақтасып тамаша бір қызықты өмір сүріп жатқан сияқты. Зорлық қылар жау жоқ, қорлық көрер момын жоқ, жалаңаш жоқ, менікі-сенікі жоқ, төгіліп қымыз, асылып ет, даланы тыныштық, тоқтың басқан сықылды. Бұның бәрі ең жақсы болған күнде тек сырт көрініс қана. Кез келген ауылдың тілеген үйін алып, түндік жапсарын түріп біраз сыйпаласақ, тәтті қиял, жақсы суреттердің көлеңкесі сағым сықылды бір минутта жоқ болады.

Қызылды-жасылды әшекейлі алты қанат ақ үйді аласыз ба, далба-далба болып сұрқы қашып тұрған түтін сіңген қара лашықты аласыз ба? Бәрінен де зарланған, күңіренген, уһілеген дауыс естірсіз, бәрінен де төгілген ыстық жас, тұнжыраған көз, қайғы басқан қатқан қабақ көресіз.

Абыр-сабыр бір бірімен сөйлеседі, түстерін бұзып, тістерін қайрап ызаланады. Біресе пішіндерінде дүниеге әсерсіздік, жансыздық сезіліп, біресе қорыққандық, сасқандық, жасқаншақтық, қорғалақтық көрінеді.

Бұл суретті көрген адамның жүрегі езіліп, елжірейді, адамшылығы оянып жігерленеді, айыз алады. Еріксіз «кім жазалы?» - деп өзіне сұрау қояды. Бірақ ол адам бұл сұрауына ешкімнен жауал ала алмайды. Қазақ жайлаған жердің қай бұрышынан барып сұраса да түзу жауап берер кісі таппайды.

Төгілген жастың, қатқан қабақтың, бұзылған пішіннің мәнісін ешкімнен сұрамай-ақ білгісі келген адам қырға барып, мал малданып, жан жалданып (егер мүмкін болатын болса) ешкімге қақтықпай, ешкімге соқтықпай қалың қазақтың ішінде отырып біраз тіршілік етсін.

Сонда мүмкін әр нәрселердің суреттері анық болып көз алдына келе бастар, көп нәрсенің мәнісін ұға бастар.

Қазақтың сар даласын осындай түнерген қара бұлт басқан, халқы бір уды жеп уланған, бір зілді иісті иіскеп мас болған сықылды. Ол у, ол иіс не? Ол - құрт аурудай денені ездіріп, көзді шелге толтырып, адамшылықтан шығарып келе жатқан қазақтың ұлт жолдасы, ұлт мұрасы, әуейі санаған, тұқым қуған сасық партиясы.

Қазақтың бар әлеуметшілдігі, қуаныш-қайғысы, сүюі, жек көруі, тілегі, достығы, қастығы, бар тіршілігі сонда. Бәрі соның пішініне қарай белгі-ленеді. Бұл дертпен бай-кедей, жақсы-жаман, жуан-жіңішке түп-түгел бәрі бірдей ауырады, бәрі сол дертпен сандырақтайды. Өзгені былай қойып бұл ауруды еңкейген кемпір-шал мен еңбектеген балаға дейін жұқтырған, зілді аурудың шалығы бұларға да тиген.

Партияның емшек сүтімен жетілген жас балалар болашақта ұшы-қиыры жоқ көп тізбектің бір буыны болып қатарға қосылмақ. Болашақта ат жалын тартып мінісімен-ақ дос-жарын жарға итеріп, біреудің қолымен от көсеп, біреудікіне көз сүзіп, ол үшін алдап арбап, әлі жетсе зорлық, қиянат істеп, туған туысқаңдарымен тышқақ лақ үшін, бір түп көде үшін итше алыспақ.

Міне, осы ауданы кең, өрісі тарылмаған зілді ауыр, жасырын бітеу жараның аузы жарылып сыртқа шыққан шірігін, ап-айқын болып көзге түскен жауыздығын біз Мұхтар Әуез ұлының «Бәйбіше - тоқалында» көре-міз,

Түрлі ұсақ қулық, жіңішке айла, екіжүзділік, опасыздық, қиянатшылдықтардың жасырын ішке тыққан айзалардың бақталас, бәсекелердің түрлі тарау байланыстарын ашық түрде кестелей шешуден һәм тілмен айтылған әсерлі суреттерден көреміз. Қолға алған мәселесін жете тексеріп, түзу ұғынып, жарыққа салғанын байқаймыз.

Бұл жерде «Бәйбіше-тоқал» пьесасының мазмұнын айту керек болар еді, бірақ оның бізге қажеті жоқ. Себебі: қазақтың қай қаласында болса да бұл қайғылы хал сахнада әлденеше рет қойылып ойналған, матбұғат жүзінде сын-сымақта жазылған; қалайда қазақтың хат танитын азаматтарын әңгіменің өзінің сонар мазмұнымен таныс болуға керек. Сондықтан ол үшін көп уақыт өткізіп, көлемді орын алғызбай «Бәйбіше - тоқалдың» адамдарын тексеруге, қазақ тіршілігіндегі олардың орнын белгілеуге, қай ағаштың бұтағы, қай жемістің жапырағы екенін ажыратуға кіріселік.

Қайғылы хал - жазушының ұсынуы бойынша «Бәйбіше-тоқал» атанады. Бірақ біз ол атқа қанағаттанбаймыз. Біздің тексергелі отырған әсеріміздегі қайғылы хал — жалғыз «Бәйбіше-тоқалдан» ғана шығып отырған жоқ. Оның негізінде одан да зорырырақ мәселелер жатыр. Ол мәселенің не екенін жоғарыда қысқаша айтып өттік. Кейін де айтамыз. Ал қазір айтқалы отырғанымыз: «Мұхтар Әуезұлы өзін қайғылы халына тап басып ат қоя алмаған. Бірақ, оның, орнына қайғылы халындағы суреттеп, басын ашып отырған мәселелері, атымен ғана байланысты болған мәселеден гөрі күштірек тереңірек, негіздірек демек».

Қазақ тіршілігінде «бәйбіше — тоқалдық» деген нәрсенің зор орын алатыны рас. Үй-іші, қала берсе туған-туысқан ортасындағы талас-тартысты асқындап шиеленісіп кетіп отыруына оның зор себебі тиеді. Қазақ тірішлігіндегі толып жатқан жауыздықтардың негізгі себептермен байланыссыз жеке «бәйбіше — тоқалдықтың» өзінен ғана туып отыратын кесірле алған күнде де осал қайғылы шықпайды, бұның бәріне біздің сеніміміз күшті, бірақ ондай қайғылы халі қандай әсерлі болса да қазақ тіршілігіндегі, толып жатқан жауыздықтардың қышулы түйінін шешіп, ауданын терең түрде суреттей алады деп еш уақыт айта алмаймыз. Қалайда «бәйбіше-тоқалдықпен» қазақ өмірдегі жауыздықтардың түпкі себептерін түсіндіріп болмайды. Ол тек жуан түбірден жараған бір жіңішке бұтақ қана. Сондықтан егер Мұхтар Әуезұлының «Бәйбіше-тоқал» атанатын қайғылы халы жалғыз атымен ғана байланысты болып, соның ғана себептерін негіз қылып, қайғылы халін суреттеген болса, біз оны қандай жақсы жазылған болса да, қандай әсерлі болса да «Бәйбіше-тоқалдың» дәл осы күнгі түріне еш уақыт теңемес едік. Күшті, терең екен деп еш уақыт айтпас едік.

Қазір біз оны айта аламыз, себебі Мұхтардың әсерінде қазақтың тіршілігі мейлінше терең, ауданды түрде суреттеген.

Бұл айтылғанның құрғақ мақтау емес екенін көрсету үшін енді қайғылы халдағы геройлардың (қаһармандардың) сыр, сыпатын ұғынып көрелік.

«Бәйбіше — тоқал» қайғылы халінде үлкен орын алатын ұлы типтердің де айрықша көзге түсетіндері Бейсенбі мен Әбділда ақсақал.

Бұл екі адам қайғылы халдің өсіп-өнуіне, шиеленісіп күшеюіне әмән түрткі болып, бөгетсіз, қатысып отыратын адамдар. Сондықтан бұлардың маңызын, басқа геройлармен байланысын, ол байланыстардың негізгі себептерін ажыратуымыз керек.

Шынында, еншісі бөлек ені басқа, өз еркі өзіндегі Есендіктің ішкі өміріне, қала берсе үй-іші, қатын-қалаш, бала-шаға арасындағы жұмыстарына келіп сұғылып отыратын осы Бейсембі мен Әбділда кім?

Бұлар жоғарыда айтылған қазақтың кең даласында тор тоқып, тұзақ құрып жүрген құзғындар.

Есендік — семіз ат, қомды түйе, құйрықты қой, тіске жұмсақ милы палау. Екі құзғын бір жемге таласушы. Міне қайғылы халдың шиеленісіп, түйінделе беруінің негізгі себептерін осы құзғындардың ортасындағы тар-тыстан іздеу керек.

Әрине, қайғылы хал ылғи осы адамдардың итермелеуіненң ылғи солар-дың таласынан туып отырды деп біз айта алмаймыз, оған «пьесадағы шындық тура келмейді. Біз тек оларды қайғылы халдың тиімді-тиімді жерлеріне қатысып, сол жерлерде көрнекті себепшісі болып отыратын ұлы типтер деп танимыз.

Шынында, ойлап қараңыз. Егер Бейсембі бір жақтан қорқытып, бір жақтан ақыл айтқан болып, тіршілікке жататын түсінікті ұғымды түрлі себептермен еріксіз әкеліп, Есендікті бала-шағасы, қатынымен қосыл елдің партиясына сұқпаса, соның жолына мал шығаруға еріксіз әкеліп көндірмесе, оның үстіне ардақты қызы Дәмешті әкеліп құрбан қылғыздыртпаса, онан кейін Есендік пен балаларының ортасындағы жанжалда әке мен баланың ортасындағы тұтастықты, жақындықты тапқанның орнына есептеп, салмақтап, «мынау пайдалы болар», деп күшті әке, тоқал жағын ұстап, бәйбіше балаларын жер қылып, сыртқа теппесінші, 2-ші пердедегі айырықша жылдамдықпен бара жатқан үй ішіндегі бүлініс, жарылыс дәл жазушының бізге ұсынып отырғанындай болып күшейіп, етек алып кетпес еді.

Ал, енді Әбділданың қатысына келсек.

Егер Әбділда өлген бәйбішенің үйіне құран оқимын деп келген жерден-ақ қанаты қайырылып, қаралы болып отырған балаларға: «жауың анау» деп тоқалды көрсетіп, жетімсіреген жүректеріне суық сөз салмаса; онсыз да үй-ішінің күндестік таласы әсер етіп жетілгең алдыңғы күніміз әлде қандай болады деп қорғансыздық сезіп отырған жарым көңіл балалардың жетімдікті онан ары да күштірек сезінуіне себепші болмаса; туған-туысқаннан тебіліп, сыртқа шығарылғалы отырған бәйбіше балаларына сүйеніп, сүйкенерлік асқар тауымсып, мал-жанын аямайтын жақын туысқанымсыз қызыл тілмен бел бермесе (кім біледі қорлық көрсе де шыдап, әкесімен табысып кетерме еді); артынан қолға қондырып алып қызу Төлешті партия мақсатына пайдаланбаса; ол үшін апарып әкесімен шабыстырмаса, әрине 3-ші, 4-ші перделердегі біз көрген ауыр қайғылы халдерге ешбір орын болмас еді.

Міне, осының бәрі Бейсембі мен Әбділда сықылды сабаздардың «Бәйбіше - тоқал» пьесасында қандай орын алатынын көрсететін, біздің жоғарыда болар қайғылы халдің өсуіне негізгі себепші, ұлы типтер дегенімізді әбден шындыққа шығаратын зор дәлелдер болып табылады.

Жә, енді бұл Әбділда, Бейсембайлардың пьесадағы қатыстары, маңыздары осы айтылғандай күшті болса, бұлардың шын тіршіліктегі орындары қандай? Шынында бұлар қазақ өмірінде кез келетін адамдар ма? Әсіресе, олардың Есендік сықылды адамдарды билеуі, бағындыруы дәл «Бәйбіше - тоқалда» көрсетілгендей күшті ме? Бұлардың себебі не? Енді осы сұрауларға келелік:

Бізше бұлар кез келетін, қазақ ішінде бар адамдар. Құр барды былай қойып, бұлар екінің бірінде кез келетін адамдар, тіпті, Бейсембі, Әбділдасы жоқ болыс, ояз, әзірі киіз туырлықты қазақ жоқ десек өтірікші болмаймыз. Бұлар сондай ауданданып, тамырланып алған жалпыға қас адамдар. Бұлардың қазақ өміріндегі орны, Есендіктерді билеудегі күші туралы айтуға да ауыз бармайды. Бұларсыз қазақ денесіне қан тарамайды, қырдағы қазақ тіршілігінің бұлар кіндігі, жүрегі, тамыры. Қырдың бар тіршілігі осылармен байланысты. Бұларсыз қыр жансыз, сезімсіз, ойсыз өлік болып қалатын сықылды. Бұларсыз Есендіктер астындағы атына, қойнындағы қатындарына ие бола алмай, қор болып қалатын сықылды.

Бейсембі, Әбділдалардың маңызы, күштері осындай.

Енді, бұлардың себебі не? Соған келсек бұл қиын сұрау. Оңға, теріске жаңылуымыз мүмкін. Бірақ өзіміздің түсінуімізше «мынадан» деп жауап беріп көрелік.

Бірінші себеп - қорғансыздық.

Мәнісі мынау:

Қазақтың көшпелі даладағы тіршілігінде адамның адамшылығы, мал-мүлкі қорғаулы ма? Қорлық көрсең, зорлық көрсең, оңай есеге қолың жетіп, тентекті тиғызып, кегіңді ала аласың ба? Қалың қазақтың ішінде отырып ешкімге қақтықпай, ешкімге соқтықпай, біреуге жалынып-жалпаймай, біреуге арқа сүйеп, біреумен одақтаспай өзіңмен өзің болыл мал малданып, жан жанданып тыныш тіршілік ете аласың ба?

Жоқ, жоқ. Ондай тіршілік мүмкін емес. Күні ертең сенің малыңды, не қыз, не қатыныңды тартып, не басқа адамшылығыңа тиетін зорлықтар істемесіне ешкім кепіл емес.

Сондықтан сен қалың қазақтың ішінде отырып, иесіз далада жалғыз келе жатқан адамдай өзіңді өзің қорғансыз сезінесің. Қорғансыздықты сезудің себебі толық. Артыңнан ертең елің болмаса, не сүйенер, сүйкелер сенімді одағың болмаса, не мықты қорғаның болмаса, сен бір күнде есен-сау тіршілік ете алмайсың. Қазір-ақ быт-шыт қылып талап алады. Талап алмаса ұрлап алады, ұрлап алмаса қорқытып алады. Әйтеуір, сені жем қылады. Амалсыз тұс-тұстан анталаған құзғындардың құрбаны боласың.

Қалалы жерді алсаң, онда саған тектен тек біреу келіп соқтыға ма. Жоқ. Ал соқтықсын. Соқтықса сенің малыңды да, басыңды да, ар-намысыңды да қорғайтын орын дайын. Ол орын арқылы зорлықшыл тентекке қазір ауыздық салғыздырта аласың.

Ол үшін ас беріп, тон жиюдің керегі жоқ. Біреудің басы байлы құлы болудың тағы керегі жоқ. Ешкімге ат беріп, ас беріп, жалынып-жалпаймай-ақ қоясың.

Қырда бұл мүмкін бе? Мүмкін емес. Айнала туған туысқанның ортасында отырып сен қорғансызсың. Өкімет атынан жәрдем берер күш жоқ, болса құлақ естіп, көз көрмейтін жерде. Сен амалсыздан барып елдің қауымына бас ұрасың. Ол қауым кім? Ол қауым - Бейсембі, Әбділдалар.

Бұларда әділет, шындық бар ма? Орталарында бір ауыздылық бар ма?

Тайыңды жоқтаймын деп ат шығарасың, қорлығыңды шағамын деп онан әрі қорлық, көресің. Қорған іздеймін, деп біреудің құлы боласың.

Бұны істемеуге тағы шамаң жоқ. Әділетсіз көрген зорлық, қорлық, кемшілік еріксіз кек алуды керек етеді. Не бас қорғау сықылды таза хайуани сезім билеп, суға батып бара жатқан адамша тал қарматады. Сөйтіп Бейсембі, Әбділдалардың құрулы торына түсіреді. Міне, қырдағы қорғансыз тіршіліктің бір қарал өткендегі «сұлу» суреттері.

Жә! Енді осы сықылды өзін қорғансыз сезетін, осындай қорған керек қылатын адамдардың саны көп пе, аз ба? Оған жауап: сақараның сар даласын жайлаған қазақтың бәрі сондай қорғансыз: байы да, кедейі жуаны да, жіңішкесі де - сондай. Бәрі де қорған іздейді, серік, одақ керек қылады.

Басқаны былай қойып, сасқан-пысқанға қорғанымсып жүретін сембілердің өздері де сондай қорғансыз, олар да сүйенуші, сүйкенуші күштер керек етеді.

Міне, осы айтылған айнала қорғансыздықтан, біреуді біреу арқа тұтпай тіршілік етіп болмаушылықтан барып қазақтың топ жиып, одақ іздеуі басталады, етінен өтіп, сүйегіне жеткен қазақтың қара партиясы жанданады. Талас-тартыс тамырланады.

Бұл талас, тартыстарда, әр айласы мол, ебі көптер, ар, ұят, дегеннен безгендер, «өз аямаған», кісі бетін шиедей қылады дейтіндер ел алдына түспек. Ақылы шалымды тілі өткірлері топ-басы болмақ. Бұларды епсіз, айласыз, мұндар паналамақ. Бара-бара бұл топбасылардың өз арасында бәсеке туып, өз ара талас-тартыс басталмақ. Сонан барып негізіңде қорғансыздықтан туған тірлік таласы, бақ күндестік, менендік тартысына айналмақ. Бұл талас-тартыстар бір-бірімен шатасып қайсысы қаскүндестік, қайсысы басқорғау таласы екенін айырып болмайтындай дәрежеге жетіп бір жолата шиеленісіп кеткен. Қазақ даласын жайлаған жауыздардың осы нәрседен туып отыр. «Бәйбіше - тоқалдан» шығатын кесірлер де осының бір тарауы ғана.

Енді, оқушылар сіздердің былай деп сұрау қоюларыңыз мүмкін. «Қырдағы қазақтың ортасында қорғансыз-ақ, жай, тыныш тіршілік етіп болмайтындай соншама олар маскүнем, жауыз халық па?

Біз қазақтың сүйегіне біткен зорлықшылдық, қиянатшылдық бар деп айта алмаймыз. Қайта қазақ ең бауырмал момын, ақ көңіл, кеңбейіл, мырза халық саналады. Мүмкін шынында солай шығар. Бірақ олардың ортасына түскен адам өзін-өзі аш қасқырлардың ортасында қамалған адамдай сезетіні анық, жан ұшырып қорған іздейтіні тағы рас. Ал, енді бұның себебі не?- десеңіз, оның себебі қазақтың кең қолтық тұрмысында болса керек.

Қазақ көшпелі, мал өсіруші халық. Қалған шаруасы еңбекті аз керек ететін шаруа болғандықтан арзан тамаққа үйреніп, бір жола соған салынып кеткен халық. Алдындағы малына ылғи тамағы тойып отырмайды, не тойымсыздық қылады, әйтеуір ашыққан күні қазақтың екі-ақ таңдауы бар. Бірі - еңбексіз мал табу; ол үшін жат, жақын деп қарап тұрмай біреуді жем қылу. Екінші: ауыр еңбекпен тамағын тойдыру. Үшіншісі: орындауға көбінесе жоғарғы айтылған шаруа түрінде еңбегін жұмсар өріс таба алмайды, не еңбексіздікке, арзандыққа салынып кеткен адамның тіпті еңбекке мойны жар бермейді.

Сондықтан жүздің тоқсан бесі алғашқы жолды қолданады. Ол тайғақ жол. Оған түсіп алғаннан кейін сырғанап, алып жүре береді.

Сондықтан сүйегінде қандай қаскүнемдік зорлықшылдық жоқ болса да тамақ керек болған күні жатса-тұрса ойлайтыны көзге шыққан сүйелдей алдында тұрған ағайынның аз ғана малы болады. Ақыры екі көзі қанға толып, жатпай-тұрмай соны жем қылудың шарасына кіріседі.

Міне, қазақтың сүйегінде жоқ қаскүнемдік хиянатшылдық осы арадан басталады, осы арадан өрбіді емес пе? Бұның арты не туғызып отыр? Ел жайылып жатқан миллиондаған қазақтың 95 процентіне біреудің қызылына көз сүзген көген көз қылып, не еңбексізге үйренген арам тамақ, не адам-шылықтан, ар-ұяттан айырылған зорлықшыл, не тойымсыз қаскүнем қылып отыр.

Бұл көген көз, арам тамақ. Қаскүнемдік өзін-өзі сынаудан, қай жерде әділет, түзушілік бітіп, қай жерден жауыздық басталатынын ажыратудан біржола айырылған.

Осындай бұзылған, шіріген, тағыланған қауымның ортасында тіршілік етпек адам, қайтып өзін-өзі қорғансыз сезбеске керек? Қайтып осы пәледен аман болу үшін мүмкін болған жалғыз шарамен қолданып, дос жиып топ көбейтіп партияға белшесінен батпасқа керек. Сөйтіп жүріп Бейсембі, Әбділдалардың қайтып қармағына ілінбеске керек?

Оқушы жолдастар! Сіздер айтарсыздар: «судан қашып, отқа түскен тәуірірек қызықты бас қорғау екен» деп. Рас, қызықты бас қорғау. Бірақ қайғылы қызық, дертті қызық. Кірпік айқастырмай түзетуді, жатпай-тұрмай ұзақ уақыт дауалауды керек ететін қазақ.

Енді қолға алған «Бәйбіше - тоқалымызға» келсек біз онда не көреміз? Осы айтылған даланың қорғансыздық әуесінде тіршілік еткен адамдарды көреміз; ол адамдардың қорғансыздықтан туатын заңдардың бәріне де баса айтып, соның айдауымен іс қылып, тіршілік ететінін көреміз; адамдары өскен ортасының шын баласы екенін, қазақтың көл қорғансыздарының уәкілі екенін ақыры, таза қазақша сөйлеп, таза қазақша ой ойлайтынын көреміз.

Қайғылы халдың туып-өсіп, ер жетуі қазақ тұрмысының шындығымен (действительность) байланысты екенін көреміз.

Сондықтан Мұхтар Әуез ұлының бұл әсерін алдымен шын қазақ тіршілі-гінен алынған, идеясы мен қазақ өмірнің ең бір қараңғы, жіңішке, терең жағын суреттемек болған әсер — деп білеміз.

Егер, «Бәйбіше — тоқалдың» идеясы, әсердің түрі осы айтылғандай деп танысақ, тексерушінің ендігі міндеті жазушының ол мақсатын қандай дәре-жеде орындай алғанын пьесасының көріністерін, байланыстарын сол мақ-сатына үйлестіре алған, үйлестіре алмағанын қарастыру болмақ. Енді соны орындауға көшеміз (Мақаланың аяғы жоғалып кеткен).

ҮЛКЕН БАҚШАШЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

(А.П.Чеховтан)
№ ...граптың бақшасынан гүл сатылып жатыр еді. Алушылар: мен, менің көрші байым және бір ағашпен сауда етуші жас көпес, үшеуміз едік. Біздің сатып алған гүлдерімізді қызметшілер далаға шығарып, реттеп арбаға салып жатқан кезде, біз бақшаның аузында әңгіме айтысып отырдық. Апрельдің жылы ертесінде, бақшадағы құстардың сайрағанын естіп, еркінге шығарылған гүлдердің күн нұрымен күлімдеп еркелегенін көріп тамашалап отыру өзгеше бір рахат болып сезілді.

Гүлдерді қалай алып, қалай салу жұмысын басқарып жүрген бақшашының өзі: Мекеил Қарлыш деген өң желеткелі, қырма сақалды, толық бетті, құрметті ақсақал еді. Ол біздің сөйлескен сөзімізге ынтасымен құлақ салып: «жаңа бір жат хабар айтпас па екен» деген кісіше жанымызға келіп үндемей күтіп тұрды. Маңайдағы жұрт бұл бақшашыны ақылды, қайырымды деп танып өте құрмет ететін. Өзінің әкесі швед, шешесі орыс, туғанда орыс шіркеуінде шоқынған болса да, жұрт оны неміс шығар дейтін еді. Мекеил Қарлыш орысша да, немісше де, шветше де тіл білетін, бұл тілдерде көп кітаптар да оқитын. Жаңа шыққан кітаптардан «мынаны оқыңыз» деп кітап беріп, Ибсен сықылды білімді кісілер туралы сөз қозғап, әңгіме айтысудан артық оның рақатын табатын нәрсесі жоқ еді. Кемшіліксіз адам болмайды. Мекеил Қарлыштың да өзінше кемшіліктері болатын. Бірақ ол кемшіліктері соншама айыпты кемшіліктер емес еді. Мысал: сөйлегенде қарсы айтқанды көтере алмайтыны сықылды, біраз такаппарлық, паңдықтың барлығы сықылды, не кіші бақшашы жоқ болса да, өзін-өзі үлкен бақшашымын — деп айтатыны сықылды.

Мекеил Қарлыш сөзге ұста, әңгіме айтқыш адам. Әңгіме айтқанда тыңдаушының жыртақтап күлмей, алаң болмай, ықылас салып тыңдауын ұнататын.

Бір уақыт менің жанымда отырған көршім, бөшкемен су тасып қасымыздан өтіп бара жатқан сыған түстес бір қара жігітті көрсетіп:

- Мына жігітті танып қойыңыздар, мейлінше оңбаған адам, - деді. - Осы өткен жұмада таланды жасағаны үшін қапада соты болып, сот: «дені сау емес, жынды» деп ағартып жіберіп отыр. Түріне қараңызышы, қай жері жынды! Ап-аман, сап-сау, су тасып, қызмет істеп жүргені анау. Осы кейінгі уақытта сот: «есі дұрыс емес» дегенді біржола әуезе қылып алыпты. Толып жатқан соғылғандарды ағартып жіберетін болды. Бұл көрінеу залал, жаманшылыққа шылбыр бергенмен бірдей - мұның арты жақсылыққа соқпайды. Халық біржола бұзылып барады. Жаманшылыққа тыю салынбағанын көріп, жұрт адалдық дегеннің өзін ұмытып та бара жатқан сықылды. Ойлап қарасаңыз, біздің заманымыз туралы Шекспирдің сөзімен: «Бұзылған біздің жауыз шақ, езгіліктен кешу сұратады»,- деуге тура келеді,- деді.

Бұл сөзді естіп отырған жанымдағы көпесім:

- Рас айтасыз, бәрі рас, нанбасаңдар мұжықтан сұраңдар. Сот жауыздарды ағарта берген сайын, күннен күнге кісі өлтіру, өртеу, талау деген сабап көбейіп барады,- деп қостай кетті.

Бағанадан бері үндемей тұрған Мекеил Қарлыш бір уақыт бізге бұрылып жалт қарады да: - Мырзалар! Мен жұрттың не дейтінін білмеймін, бірақ өзім соттың кісі ағартқан биліктерін зор қуанышпен қарсы аламын,- деді.

- Соттың: «Мынау айыпты емес» деген сөзінен құлық бұзылады екен деп еш уақыт ойламаймын да, еш уақыт қорықпаймын да. Жұрт бір ауыздан:«Ойбай, би қате басты, арамды ақтап жіберді» деп шуылдап тұрса да, мен айылымды да жимаймын, тек оған қайта шаттанамын.

Мырзалар! Шынында да ойлап қараңыздар, егер билер жансыз нәрсенің айғайына сенбей адамға сенсе, сөзіне, оның адамгершілігіне сенсе, бұл сенімнің өзі тіршіліктің әрбір ұсақ мақсаттарынан гөрі тереңірек, бұлдырақ болып табылмай ма?- деді.

Бақшашының бұл сөзі маған әсерлі көрінген соң: Мынау бір жақсы пікір екен,- дедім. Мекеил Қарлыш жұлып алғандай: Бірақ, бұл жаңа пікір емес. Бұл туралы мен бір кезде бір жақсы әңгімеде естігенім бар, сүйкімді жақсы әңгіме еді,- деп бақшашы жымиып күлді де:

- Ол әңгімені маған кәрі әжем швед тілінде айтып еді, орысша бірақ пәлендей сұлу болып шықпайды,- деп қосып қойды.

Ерігіп бос отырғанда жақсы әңгіме естіп қалу деген зор олжа емес пе? Бәріміз де Мекеил Қарлышқа жабыса түстік. Орыстың топа тілімен болса да әңгімесін айтып беруін үлкен өтініш еттік. Біздің бұл сұрауымызды Мекеил Қарлыш қатты ұнатқандай болды. Разы болған пішінмен темекісінің күлін қағып тастап, арба жанында әбігер болып жүрген қызметшілерге ашулы қабақпен бір қарап алып, асықпай сөзін бастады.

- Бір заманда, бір кішкене қалаға жасы бірқатарға келген бір бойдақ адам келіп тұрыпты. Аты Тұмсан ба еді, Белсем бе еді, мен білмеймін, ұмытып та қалыппын. Бірақ әңгіме оның аты-жөнінде емес. Ол адамның өзі дәрігер болыпты. Мінезі жуас, шет кісілермен көп қатынаспайтын, жұмысынсыз ешкімдікіне бармайтын, сабылып қонаққа жүрмейтін кісі екен. Қалада қанша заман тұрса да жұртпен жақыншылығы: бас изесіп, сәлем беріскеннен ары бармапты. Тұрмысында салтанат жоқ, жүріс-тұрысында жеңілтектік жоқ, ылғи ой басқан адам сияқты қабағы түюлі, мінезі салмақты болыпты. Мұндай болуының себебін жұрт ғалымдығынан көреді. Ол кездегі ғалым адамдар жай адамша тіршілік етпесе керек қой. Біздің дәрігер де сондай адам болады. Керексіз сөз сөйлеп уақытты босқа өткізу дегенді білмепті.

Қала халқы бұл адамның сырын білген соң оның көп мазасын алмауға тырысады. «Құдай бізге бір жақсы дәрігер жіберді» деп қала халқы зор қуаныш етеді, мұндай ғалым адамның қаласында тұрғанын үлкен мақтан көреді. Бұл айтылғандармен дәрігердің бар сипаты түгенделмесе керек. Оны тағы да «бүкіл дүниені жақсы көреді»,- деуге керек екен. Бұл адамның жүрегі періштенің жүрегіндей тамаша таза болды. Қала халқын өзінің туысқанындай жақсы көріп, жанын аямай олар үшін қызмет етеді. Өзі құрт ауруы болып ылғи жөтеліп жүретін болса да, біреудің шақырғанынан тартынбай, ыстық, суық деп қарап тұрмай, аштық, шөлдеу дегенді ұмытып, тыным ала алмай ентігіп болса да жәрдемга барады екен. Оның ең бір қызық жері: емдеген адамы жазатайым өле қалса, туысқанынан ары күйініп, жылап, сүйегін қабырға дейін шығарып салады екен де, емдегені үшін ешкімнен, ешуақыт ақы алмайды екен.

Кешікпей бұл дәрігер қала халқына ең мұқтаж адамның бірі болады. Бұрын бұл адамсыз қалай тіршілік еткендеріне қала халқы ғажаптанарлық болған. Сондықтан олардың құрметтеп, рақымет айтуында шек болмаған. Үлкен-кіші, жақсы-жаман, қайырымды-қаскүнем, адал-арам, бір сөзбен айтқанда, қаланың бар халқы дәрігерді әулиедей көріп басына көтерген, кәдірін жақсы білген.

Қалада, қаланың маңайында оған қастық қылмақ түгіл, ондайды ойына келтірерлік жан болмаған. «Маған қиянат етер кісі болар-ау!»- деп өзі де ойламай, үйінен шықса есік-терезесін ашық тастап, жұмысына жүре береді екен. Сонда да оның ешкім ешнәрсесіне тимейді. Дәрігерлік жұмысымен талай рет түн ішінде тау-тасты, тоғайлы жерлермен жүретін болса да, ешнәрседен қорықпай, ешнәрседен қауіптенбей, жападан-жалғыз өзі жүре береді.

Бір күні науқас қарап, түн ішінде үйіне қайтып келе жатса, тоғай ішінен ұрылар кездеседі. Бірақ өлтірмек, таламақ болған жерінен дәрігерді тани кетіп ұрылар катты ұялып, сасып қалады. Не дерін білмеген соң бастарындағы бөріктерін жұлып алып, бәрі де тағзыммен:

- Тақсыр дәрігер! Қарныңыз ашқан шығар, тамақ жемейсіз бе?- депті.

- Рақымет сіздерге, еш нәрсе де жегім келмейді,- десе, ұрылар үстіне шапан жауып, қалаға дейін шығарып салады. Дәрігер сықылды ізгі адамның кезіне келіп, аз да болса жақсылығын өтегендеріне өзді-өзі мәз болысып қалады. Марқұм әжем айтушы еді: ол адамды, сырын білетін қала кісілерін былай қойып, қаланың жануарларына дейін құрметтейтін еді. Ат, сиыр, иттер де көрген жерде тани кетіп, өздерінің қуанғандықтарын білдіруші еді,- деп.

Міне, осы сықылды әулиелігімен өзін-өзі әлденеше түсті қауіп-қатерлерден қорғай білген. Жындыларды да өзіне тілектес етіп алған кереметті адам, бір күні таңертең, бас сүйегі жарылып, тұла бойын қан басып, бір шұңқыр апанның ішінде өліп жатқан күйінде табылады.

Ашық, сұрғылт жүзінде, тек бір нәрсеге таң қалғандық қана белгісі қалыпты.

«Сорлы дәрігер, өлтірушіні көрген жерде үрейі қашып қорықпай, тек таңырқаған пішін ғана көрсеткен екен ғой»,- деп Мекеил Қарлыш ауыр күрсініп қойды да, біраз үндемей тұрып әңгімесін қайта бастады.

- Бұл өлімді көргенде қала халқының қалай қайғырғанын өздеріңіз де көз алдыңызға келтіре аласыздар. Көрген көзіне сенбей, не дерін білмей, «қандай ғана адамның қолы батып бұл адамды өлтіре алды екен?»- деп таң-тамашаға қалысқан.

Көп ойлап тұрмай тезінен тергеу жасалады. Тергеуші билер, сүйегін қараған дәрігерлер әрі тексереді, бері тексереді, ақыры бір ауыздан: «Өліктің әрбір белгілеріне қарағанда бір адам өлтіргенге ұқсайды. Бірақ біздің ардақты дәрігерімізді қолы батып өлтірерлік бұл маңда кісі табылу мүмкін емес болғандықтан, өлтірген дерлік белгілердің бәрін тек оқысынан құралған себептер деп білу керек. Дәу де болса дәрігердің өзі қараңғыда келе жатып, байқамай апанға құлап, мерт болған шығар»,- деп жорысқан. Бұл жорысты қала халқы да дұрыс табады, дәрігерді құрметтеп тұрып көмеді. Бұдан кейін: «Дәрігерді әлдебіреу өлтірмеді ме екен?»- деген сөз ешкімнің аузынан шықпайды. Ондай жұмысты істерлік бұзықтығы, жауыздығы асқан адам болады деуге ешкімнің аузы да бармайды, ондай ой ешкімнің басына да келмейді.

«Жауыздықтың да шегі бар ғой! Рас емес пе?»- деп бақшашы бізге бір қарап қойды да, әңгімесін тағы аяқтата берді.

- Сонымен дәрігер өлді, көмілді. Мұнан кейін бірнеше заман өтті. Күндердің күнінде, кезіне келіп, дәрігердің өлтірушісі табылады. Ертеден бұзықтығымен аты шыққан, әлденеше рет сотты болған, сол қалада бір адам болады екен. Сол адам бір күні өлген дәрігердің темекі сауыты мен сағатын ішкілікке сатып жатқан жерінен көзге түсіп ұсталады. Жиылған жұрт дереу қағу жасайды. Әлгі адам сасып-пұсып, әлде не үйлесімсіз сөздер айтып, жөнді жауап бере алмайды. Қолма-қол үйіне барып тінту жасаса, бір жеңі қанға боялған дәрігердің көйлегі және сағатының бауы табылады. Мұнан артық қандай айғақ керек? Жалма-жан жауыз адам ұсталады, абақтыға апарып жабылады. Халықтың ызаланып, қаһарлануында шек жоқ. Сонда да іштерінен: - Қой, бұл мүмкін емес, сенуге болмайды. Қате болып жүрмесін, байқау керек. Айғақ кейде қате де болады ғой!- десіп жүреді. Біраздан соң әлгі адамның соты болады. Айыпталушы сот алдында өлердей танып, күнәсін мойнына алмайды. Бірақ оның қанша керегі бар? Айғақтың бәрі қолма-қол емес пе? Тағы қандай шүбә болуға мүмкін? Жоқ, сонда да билер ақылынан шатасқан кісідей, ешнәрсеге де тоқтағысы келмей, бір айғақты жүз тексеріп, бір күәні жүз сұрап, біресе қызарып, біресе сұрланып, таңертең бастаған сотты кешке дейін созады. Ақыры төбе би айыпталушыға қарап:

- Айыпталушы! Сені сот пәлендей дәрігерді өлтіруші деп тауып, өлім жазасын бұйыруға үкім қылды, — дей беріп мүдіріп қалып, аяғын айтуға аузы бармай сұп-сұры болып өңі қашып, қиналған дауыс бір мезгіл:

— Халық! Бұл мүмкін емес. Жоқ, жоқ... менің билігім түзу болмаса, құдайдың өзі жазамды берсін, болмаса, біздің ардақты дәрігерімізді батылы барып өлтірер кісі табылады дегенді ойыма да келтіре алмаймын, айтуға аузым да бармайды, ондай дәрежеге жетіп адам адамшылықтан шығуға мүмкін емес. Мен осыған сенемін, сендер не дейсіңдер - дегенде, жанында отырған кеңесшіл билер:

- Рас, рас, ондай адам болуға мүмкін емес,- деп қостай кетеді. Бір жағынан үй толы жиылган жұрт бір дауыспен:

- Иә, иә, ондай адам болмайды, жоқ... болмайды, босатыңдар! — деп шу ете түседі. Сөйтіп, дәрігерді өлтірген адам осы билікпен босанып кетіпті. «Билер билікті әділ айтпайды», деп айыптап, өсек қылған бір жан болмапты. Әжем айтатын: «Міне, осыдан кейін сол қаладан кісі өліпті деген хабар көпке дейін естілмеді»,-деп. Мырза, тіпті осы айтылған биліктің арты қала халқына залал келтірген болсын, сонда да, өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, осындай адамның адамгершілігіне сенушіліктің арты неғып жақсы жеміс, жақсы әсер қалдырмасқа керек? Сенушілік деген - жансыз, өлік нәрсе емес қой, біздің жүрегімізде бауырмалдық, қайырымдылық сезімін оятып, қандай адамды болса да жақсы көруге, оның адамшылығын құрметтей білуге тәрбиелесе керек қой! Адамның қандайын болса да сүйе білу, адамгершілігін бағалай білу неге оңай олжа болсын»,- деп Мекеил Қарлыш сөзін бітірді.

Менің жанымда отырған көршім бірдеңе деп қарсы айтқысы келгендей болып еді, үлкен бақшашы: «Мен карсы айтқанды көтере алмаймын» - дегенді қолымен сипаттады да, нығызданған пішінмен гүл артып жатқан қызметкерлердің жанына барып, өзінің жұмысына кірісті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет