Біздің Арқа қазақтарының Бұқара, Ташкент, Самарқанд шаһарларын білмейтіні аз шығар. Осы шаһарлар маңайындағы өлкенің барлығын "Түркстан өлкесі" дейді. Бұл өлкеде қырық рудан жиналған түрлі халық бар: көбі сарт пен қырғыз-қазақ. Одан кейін өзбек, орыс, еврей, армян, тағы басқалар.
Түркстан өлкесі бұрынырақ заманда мазары дін ғылымымен Русиядағы түрік балаларының атағын шығарған бір өлке еді. Бертінірек келген соң мұнда ғылым деп жалғыз дін ғылым ғана танылғандықтан һәмхалыққа да тұрмыс, кітап, мәдениет пікірі кіре бастағаннан кейін шеттен ағылып келушілер тоқталып, Түркстан бұрынғы айбарынан айырылыңқырап, біраз ұйқыға кеткен еді. Міне, сол ұйқысымен Түркстан 5-6 жылғы қозғалыс дәуірін өткізді. Сарт қорқорын тартып, қобызын шалып жат дүниеден хабарсыз жүргенде, құдайым мына өзгеріс таңына келтірді. Бірақ не істемек, халықты қалай басқармақ керек? Заман өзгеріс үстіңде. Ат көп, кісі аз: шама үлкен, шапан зор. Кешегі үміт айтып оқуға берген текешіктер бүгін халықты қырық руға бөліп, байлар мен ғұламалар партиясын ашты. Жат дүние, шариғат тұрмысқа жаңаспайтын істер хақында түрлі дәуітнама таратып, жұрттың шырқын бұзды. Қысқасы: осы күнде Түркстанда екі түрлі партия адамдарының істері үкім сүреді. Бірі - байлар, ғұламалар партиясы, көпшілік осының қолында: екінші, түркішілер - "Шора-и-ислам" партиясы. Бұлар азшылық бүктемеде келеді. Ташкенттің городской думасына мұсылмандардан кірген 74 гластныйлардың 63-і ғұламалардан болды. "Миға көнген дене азбас, милыға ерген ел азбас" дейді. Қоныстас отырып сарттан тәлім алған Түркстан қазақтары да сарт ишандарының етегіне намаз оқып келеді.
Үкілер күндіз соқыр, түнде көргіш,
Ишекең сыр мінезін білмей ергіш.
Жол таппай қараңғыда басшысына
Дін қуып, жарықта да жөн сілтегіш-
деп "Маса" айтқандай, намаз оқытқан ишанды жұрт саясат, тұрмыс ісінде имам қылмақ болып жүр. Ташкентте болып өткен қырғыз-қазақ съезінің һәмОрынборда болған жалпы қазақ съезінің қаулысына риза болмаған қазақтардан Ташкент шаһарында бір партия шығып "Тәрбие әл-Ислам'" деген бір ұйым — жәмиат ашты. Басында Сералы Лапин мен Садық қожа тұрады.
Бұлар халық арасына ардақты Бөкейхановты жамандап қағаз таратты. "Тәрбие әл-Исламның" тұтынған жолы: жалпы қазақ съезіндегі билік ісіне наразылығын білдірумен, "бұл күні мырза Бөкейханов болып ислам дінін былай қойып қазақ халқын орыс жолына түсірейін деп жүр" деген қара халық арасына пікір тарату. Адасып жүрген халқын, тұрмыс-тіршілігін діни-шариғат жолымен басқару. Ой ғып ұлт намысына берілмеген халық, қайдан білсін, ауырып осылардың соңынан жүр. "Тәрбие әл-Исламның" 15-ші сентәбірде Ташкент шаһарында бір съезі болмақ. Съезге әр ұлыстан бірер өкіл шақырылды. Бұл съезге басқа уездің қалай қарары мағұлым емес. Ташкент уезіне қараған ұлыстардан өкілдер болар.
Ойға, тұрмысқа қарап іске берілмеген, құр шариғат десе тұра қалатын қара халыққа сөз жоқ, ал шариғатты жамылып келін болып жүрген Сералы Лапиннің пікірі біраздан соң білінер. Неше жылдан бері аңсап сағынған ерік қолға тигенде де естиярлық көрсете алмай, партия шығарғандағымыз — ұлт, дін, тұрмыс, саясат істерінде бала екенімізді көрсетеді. Жұрттың "дін" десе тұра қалатыны жақсы-ақ, бірақ діндегі қаяусыздықты кісіде де бар деп түсінеді. Қызметіне қарап кісісін алу бізде әлі жоқ. Түркістан-Ташкент ғұламалары думаға сайланып алған соң халық арасына жасырып агита туралы шығарып, төте оқуға қарасты. Ташкентте 18-ші ағүсте босқын қырғыздардың аяныш халдерін ескеріп мұсылман солдаттар тарапынан жасалған демонстрацияны (қыр көрсетуді) таратып жібермек болып солдаттар шығартты. Санаққа қарсы халық арасына кісі шығарып қағаздар таратты. 8-ші сентәбірде ашылған Түркстан Федерациясы хұқындағы Ташкенттегі съезге қатысып халықты құтыртып, өкіл жіберткізбей, 15-ші сентәбірде нағыз мұсылмандардың съезі (деп) айтып өздері бір съезд ашпақ. Ташкенттегі "Тәрбие әл-Ислам" тарапынан ашылатын қазақ съезі де осылармен бірге болмақ.
Тарих жолына қарағанда оқығаннан басшы болса халық арасына ғылым, бірлік, ынтымақ таралуды көтпек керек еді, халықты түрлі партияға бөлгеннен басқа Түркстан маңайындағы ғұламалар тарапынан ашылған тәртіпті бір медресе, не бір мектеп жоқ.
Енді әр істі өзінің кісісінен күтуге бізге бұл бір үлгі де!
МҰҒАЛІМ ҺӘМ ШӘКІРТТЕР ЕСКЕРСІН
Қай жұрттың болса да өнер-білімсіз тарқы ете алмайтыны белгілі. Мұны айтып тұрудың да қажеті жоқ. Һәм тарқынын бірінші басқышын һәр жұрттың өз тілінде оқитын бастаушы мектептері екені де даусыз хақиқат.
Орынборда биыл өткен жалпықазақ съезі осыны ескеріп, бастаушы мектептер ана тілінде оқытылсын және де "Қазақ" емлесі қолданылсын деп қаулы шығарды. Бұл бізге міндет. Өйткені мұғалім оқыту жолына жүйрік болып, қолданған кітаптары балалардың ана тілінде, өз емлесінде болса, оқыту ісі жылдам ілгері баспақ. Сондықтан халқын ойлаған һәрбір мұғалім, шәкірт осы бастан-ақ түгел ескеруі керек. Әсіресе, бір күнде оқып жүрген шәкірттер "Қазақ" емлесімен танысып, оқыту жолдарын үйретуге ыждаһаттанулары тиіс.
Неге десеңіз біз - оқу, оқыту өнерлерінен кенжелеп кеш қалып, өзімізден жеткілікті мұғалімдеріміз жоқ болған жарлы халықтың біріміз. Соның үшін де бізге ең алда бастауыш мектептерді тарқы еттіріп өзімізден жетерлік, балаларға жақсы тағылым берерлік мұғалімдер шығару һәмшығу керек. Онсыз халықтың тарқы өсіп, ағаруының болмайтынына көзіміз жетеді. һәм жақын арада бүтін «Дала уәлаяты» мен «Түркстан уәлаятына» земстуо берілейін деп тұр. Земстуо берілген соң, ашылысымен қолына алатын істерінің бірі - оқу, оқыту жағымен мектеп ашу болады. Сол уақыт бізге жеткілікті. Сол тағылымынан хабары болған қазақ емлесіне жетік мұғалімдер керек.
Ендігі уақытта жоқ мұғалімді һәммұғалімдік ғылымын үйретуші болмаған мынадай бір заманда ол күнде қайдан таппақ боламыз. Мұны мұғалім мен шәкірттеріміз ескерулері жөн болар еді. Бұл күнде Түркстанның әрбір шаһарында оқып жатқан шәкірттеріміз бар. Бұлар бұл күнге шейін сол тағылым ретінде ықыластарын бермей дін оқуларымен келеді. Бұлардың бұлай оқуларынан халқы, кейінгі інілері заманаша көп пайда ала алмайды. Сондықтан Түркістан өлкесіндегі шаһарларда оқып жатқан шәкірттер мен ел ішіндегі мұғалімдерге мұғалімдік ғылымымен таныстыратын аз уақыттық бір "мұғалімдер курсы" керек-ақ. «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмайды» дейді. Егер талабы бар мұғалім, мұғалімдікке шаһәдатнама алып, ұлтына қызмет тілеушілер болса, Ташкентте “Бірлік туы” газетінің басқармасында тұрған азаматтарымызға білдірсе, бұлар бір жол көрсетер еді. Мүмкін болса Ташкентте курс ашып, өздері қызметімізде де болар еді деп ойлаймыз.
Қысқасы: бұл мәселе - Түркістан ұлысындағы шәкірттер мен ел арасының ескерерлік бір мәселесі.