Қай халықтың болмасын белгілі бір тарихи кезеңде өнері мен әдебиеті, яғни бүкіл мәдени болмысы өзгеше бір биікке көтеріліп, кейінгі өрлеу мен дамуға кең жол ашары сөзсіз. Ендеше біздің қазақ халқының тарихында да сондай кезеңдердің бар екендігі шындық. Қазақ халқының руханияттық дамуында осындай толағай өзгерістер мен ерекше серпілістердің көзге айрықша шалынар сәті — ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы.
Қос ғасырдың тоғысар тұсында «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп» екі жаққа үңілген ұлы Абай, халықты өркениеттің өріне алып шығар амалды тапты. Ол ғылым мен білім, өнер үйрену жолы еді. Замананың тұрпатын, ұлт тұрмысының кемшілікті тұстарын Абайдай көре білген, ұлы ақындай таныған жан кемде-кем. Абай жасампаздығының мәңгілігі мен өнерінің өрістілігі осында жатса керек. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы Абай феномені – қазақ ұлтының өркениеттік болмысындағы орны айтып болмас ұлы құбылыс!
Алаш зиялылары танымындағы Абай
Әрине, Абай ұлылығын, шығармашылық тұлға ретіндегі болмысын тап басып тануға біраз уақыт қажет болды. Ал абайтануды алғаш жүзеге асырғандар – ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары. Олар өздері міндет етіп алған ұлт үшін атқарылар ұланғайыр істердің бастау көзі ұлы Абайды тану мен танытуда деп біліп, ең алдымен, сол ұлы ұстаздың ұлылық қасиетін ардақтауға ұмтылды. Абайды өздері ғана қадір тұтып қоймай, оның ұлт абызы ретіндегі кемеңгерлік тұлғасын өздері айтпақшы «жұртқа», яғни көпке танытуды мақсат тұтты.
Қазақ зиялылары ә, дегенде-ақ, Абай туралы туралы келелі ойларын сол кездегі түрлі басылымдарда жариялай бастады. Оның ішіндегі елді елең еткізер, оқушылары тұшынып оқыр, рухани азығы молы да, кеңге қанат жайғаны да, әрине, «Қазақ» газеті болды. «Қазақ» халыққа қызмет көрсетуге жарарлық, халықтың көкейкесті ой-арманын көрсете алатын материалдарды ғана жариялап, озық үлгідегі дүниелерге ғана орын берді. Және әрбір жарияланымдағы ұлттық сипаттың айқындылығына көңіл бөлді. Соның бірі қазақ зиялыларының әдебиетке, әдеби тұлғларға қатысты пікірлері. Ал, енді газеттегі әдебиетке қатысты мақалалардың негізгі авторлары А.Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов екендігі тағы шындық.
Алаш ардақтаған басылым өзінің алғашқы сандарының бірінде «Қазақ тарихы» деген мақала жариялап, онда мынадай ой айтылды: «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ, осы ғасырдың ғылыми жарығында қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің әдет-ғұрыпқа сай «қазақ мәдениетін» құрып, бір жағынан «қазақ әдебиетін» тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы» [1]. Бұдан біз газеттің негізгі мақсаттарының бірі қазақ әдебиетін өркендету болған айқын аңғарамыз.
Қазақ әдебиетінің сол дәуірдегі шығармашылық мәселелерін мүмкін қадарынша сарапқа салып, жұрттың эстетикалық талап-талғамын қалыптастыруға алғаш қадам жасаған» Айқап» журналы болса, оның артынша «Қазақ» бұл істі жандандыра түсіп, оны биік деңгейге көтере алды.
Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақ» әдебиетіміздің озық үлгілерін насихаттауда ерекше қызмет атқарды. Кемел ой мен келісті сыр тоғысқан, сұлу сезім мен мұңлы шер шарпысқан көрікті де көркем жырдың шебері Абай шығармаларына айырықша назар аударуы осының бір айғағы. Әрине, газеттегі қайбір мәселе болмасын іргелі ойға қозғау салушы – бас жазушы Ахмет Байтұрсынов екендігі белгілі. Соның ең үлкен мысалы Абай сияқты ұлы тұлғаны кеңінен насихаттап, оның шығармашылығына айрықша назар аударып, терең талдау жасап, әділ бағасын беруге көшбасшы болуы.
Қазақ сөз өнерінің «патшасы» Абай арқылы қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні жайлы сөз қозғап, өлең сөздің қадір-қасиеті жайлы толғаулы ой қозғаған алғашқы мақала Ахмет Байтұрсынов қаламынан шықты. Абай туралы “Қазақ” газетінің 1913 жылғы 39-41– сандарында газет редакторы Ахмет Байтұрсыновтың “А. Б.” деп қол қойған “Қазақтың бас ақыны” атты көлемді мақаласы жарияланды. Мұнда қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев туралы алғаш тереңнен тартып ой айтылған. Абай өлеңінің асыл қасиетін терең түсінген, өлең өнерінің озығы екеніне көз жеткізген А.Байтұрсынов: “Одан асқан бұрынғы-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ” деген тың да түйінді тұжырым жасайды.
Жалпы Ахмет Байтұрсыновтың өзі басқарып отырған газетінің бетінде жарияланған өлеңдерден Абай үлгісін көргісі келетіні, ақындардан сол деңгейдегі талап-талпынысты танығысы, оларды сол бағытта баптап, тәрбиелеуді мақсат тұтатыны анық сезіледі.
Ахметтің Абай шығармаларын өте жоғары қоятыны әуелден-ақ, әр кезде, әр жағдайда жарияланып жүрген түрлі мақала, жазба-ларынан белгі беріп қалатын. Ал мына мақала сол бір Абай жайлы толғамды ойларының түгел күйде жарыққа шығып, оның өз талап-тілегінің негізсіз еместігін дәлелдей алғанының нақты көрінісі еді.
Автор өз мақаласында бүгінгі зерттеушілеріміз көтеріп жүрген көптеген өзекті мәселелерді тілге тиек еткен. Ол Абай шығармаларының тілінің ауырлығы, мазмұнының қабылдауға қиын екендігін айтар ойға азық етіп, оны шеберлік қыры ретінде көрсете алған. “1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олардың сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойлап дағдыланған адамдар болмаса, біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас», — деген жолдар жоғарыдағы сөзімізге нақты дәлел бола алады.
Автор мақаласында өзі пір тұтып, талантын, дарындылық қасиетін ерекше бағалаған Абай ақынды сол заманның ақындарынан даралап көрсетеді, оның артық екенін дәлелдейді. Жалпы Ахмет Байтұрсынов қалың жұртқа Абайды таныстыру мақсатында оның шығармаларын газет бетіне жиі жариялап тұрған. Ол “Қазақ” газетін екінші Абай мектебіне айналдырды. Ахмет айналасындағы алаш зиялылары өздерінің шығармалары арқылы Абай дәстүрін әрі қарай жалғастырды.
Абайды әр қырынан ашуға тырысқан мағыналы мақалада мынадай жолдар бар: «Орыс ақындарымен танысып, өлең орны қайда екенін білгеннен кейін, Абай өлеңге басқа көзбен қарап, басқа құрмет-ықыласпен күтіп алып, төр түгіл тақтан орын берген. Бірақ басқа сөзден өлеңнің таққа мінгендей артықшылығы қандай, оны да көрсетіп, айтып қойған. Айтушы мен тыңдаушының көбі надан болғандықтан, өлең болып айтылып, тыңдалып жүргендердің көбі өлең емес екендігі, өлең жазушылар болса да, келістіріп жазушылары ішінде бірен-саран таңдама екендігі, жұрт мағыналы, терең сөзден гөрі мағына жоқ, маңыз жоқ, желдей гулеп, құлаққа дыбысы тиіп өте шығатын жеңіл сөздерді таңдауға құмар екендігі Абайдың өлең жайынан жазған сөздерінде көрсетілген» [2]. Мұндағы Ахметтің айтпағы — Абай ақынның сыншылық көзқарасының өткірлігі мен нағыз ақынға қажетті де керекті шеберлікті толық игерген жасампаздық тұлға екендігі.
Замана ауыртпалығын, елдің басына түскен зорлық-зомбылықты терең сезініп, жүрегімен түсініп, жырлай білген Абайды «Қазақ» газетінің авторлары пір тұтқан, ұлы ұстаз тұтқан.
Ахмет Байтұрсынов аталмыш мақаласында Абай өлеңдерін қабылдау қиынға соғатындығын айта келіп, «…Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас, бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағандығынан болатын кемшілік» [2], — деп бір түйіп алады. Сөйтіп, Абай сөзін ұғынудың қиындығы Абай поэзиясының жадағай жылтыр сөзден құралмай, ойлы, мағынасы тереңде жатқан сөз жүйесі болғандықтан деп біледі. Одан әрі осының бір мысалына Абайдың «Көк тұман алдыңдағы келер заман», — деп басталатын өлеңін алады.
Көк тұман алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат та, сурет те жоқ, көзім талған, -
Деп басталатын өлеңді «оқушылар түсінбесе, ол Абайдың үздік ілгері кетіп, оқушылары шаңына ере алмағанын көрсетеді», — дейді автор. Яғни, Ахмет пайымдауынша оқырманның Абай сөздерін түсінбеуінің басты себебі, ақынның өз заманындағы талғам-танымнан озық кетіп, сол тұстағы оқырман деңгейінен ой асырып тұр-ғандығынан.
Асыл сөздің әрі мен нәрін тап басып танитын сөз өнерінің білгірі: «Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен оқшау, олар сөзінен үздік, артық. Ол оқшаулық, артықтық басқа ақындардан Абай сөзінде ғана емес, өзінде де болған” [2], — дейді. Сөйтіп Ахмет Абайдың өскен ортасына, тәлім-тәрбиесіне, өмір жолына көз жіберіп, осылардан қалыптасар адамдық болмысына ой тастап, одан туындаған пікірлерін ортаға салады.
Жалпы, Абайды күллі қазақ даласына, ел-жұртқа таныстыруда, оның шығармаларын жариялап, өнегелі де ғибратты сөздерін қазақ оқырмандарына жеткізуде «Қазақ» газетінің және оны шығарушылардың еңбегі орасан зор.
1903 жылы Абай сөздерімен алғаш танысқан Ахмет қызыға да тұщына оқи келе, құдіретті сөз иесінің кемеңгерлік болмысын байқап, байыптап, сөз асылының қыр-сырына әбден қаныққан соң, Абай өлеңдері тебіренткен тұнық сезім мен тың ойларын оқырманмен бөлісуді қалайды. Абайдың әрқайсысы дәуір жүгін арқалаған сөз құдіретінің құпиясына үңіліп, Абай әлемінің әсемдік сырын ашуға ұмтылады.
«Әрбір сөзі оқырманға сын» Абай ақындығының өзгелерден оқ бойы озықтығы оның өмірден түйгені мол көрегендігімен қатар, терең білімпаздығынан деп таныған Ахмет, Абай білімінің құнары европалық ғылым-білімде деп есептейді. Абай білімінің негізі жайлы жаза келе: «Михайэлис пен Гроссқа кез болмаса, сол күйімен бәлки кетер еді, қандай асыл, қандай мағыналы, қандай терең сөздер жерге көмілер еді. Абай сөздері дүниеде қалғаны қазаққа зор бақ» [2], — деген ой түйеді.
Сонымен бірге Ахмет осы мақаласында ақын шеберлігінің сыры неде деген сұраққа жауап іздестіреді. «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, дәмді, орынды болуына сыншылық керек, мағыналы, маңызды, болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған». Міне, Ахмет тапқан Абай шеберлігінің сыры осыларда жатыр. Жалпы ақынға, өнерпазға тән қасиеттің бәрі бойына жинақталған Абай ақындығының табысы да, табиғи ерекшелігі де әлгі Ахаң айтқан үш нәрседен қуат алады, «сондықтан да өлеңі қай тарапынан болса да толық».
Ахмет мақаласында Абай шығармашылық тұлға ретінде толық болмысымен көрінді. Ол Абай поэзиясының төл ерекшеліктерін нақты мысалдар, өлеңдерінде өрілген көркемдік белгілер арқылы ашып көрсете алды. Сондықтан да бұл мақала қазақ көркемсөз танымының алғашқы ірі қадамы болып саналады. Өйткені қазақ сөз өнерінде жеке ақын шығармашылығына эстетикалық талдау жасап, биік көркемдік талғамнан өткізу – онша жиі кездесе бермеген құбылыс. Қазақ әдебиетіндегі осынау сүрлеуді алғаш А. Байтұрсынов салып, әдеби шығарманы көркемдік-эстетикалық тұрғыдан тануға жол ашқаны қазақ әдебиеттану ілімінің қалыптасуына айрықша ықпал еткендігін жоққа шығара алмаймыз.
Әрине, Ахметке дейін де баспасөз бетінде, кейбір жинақтарда Абай туралы пікірлер жарияланып тұрды. Абай ақындығына баспа-сөзде [«Дала уалаяты»,1889, I. 48] алғаш баға берген Мәшһүр Жүсіп Көпеев. 1909 жылы Абайдың Петербургта шыққан өлеңдер жинағына Кәкітай Ысқақов «Абай (Ибрахим) Құнанбай ұлының өмірі» атты алғы сөз жазды. Кәкітай мұнда Абайдың ата-бабасы, өскен ортасы туралы алғаш рет толымды мәлімет береді. Және әкесі Құнанбай данышпандығы туралы қысқаша айтып өтеді. Оның Абайды тану үшін ақынның өскен ортасын білудің мәні зор екенін жақсы сезінгендігі көрінеді.
Кәкітай сонымен бірге өз мақаласында Абайдың ұлылыққа тән өзгеше мінезін, ақындық лабораториясын танытуға айрықша көңіл бөледі. Бұл туралы Ол: «Абай өзі өлеңінің өнер екенін біліп жаза бастаған соң бұрынғы надандықпен өлеңді өнер орнына жұмсамағандарды» қатты сынға алғанын ашық айтады. Әсіресе, оның өзіндік әдеби мектеп қалыптастырғанын баса көрсетеді. Бұл туралы Кәкітай былай деп жазады: «Абай жазған өлеңдерінен басқа, әншейін отырғанда көбінесе өзінің қызықты көріп, көңілі рахат болатұғыны: сөзі ұғар бала-шағасы уа ғайри жаңа талап, байыпты жас жігіттер ортасында өзге ел сөзі, шаруа сөзі сөйленбей, өзінің білгенін сезгенін айтып, адамның адамшылығы қандай мінезбен түзеледі, қандай қылықпен бұзылады, ғылымды қалай іздеуге болады, өмірді қалай кешірсе жөн болады, бұрын қандай ғалымдар өткен, олардың артықша айтқан сөздері қандай, әйтеуір нетүрлі нәсихатын болсын жастарға ғибрат болып, адамшылығы түзелер деген сөзді айтып отырудан қанша уақыт болса да еш жалықпай, ынталы көңілмен бек рахаттанып айтып, ұқтырып отырушы еді». Бұл Абай ортасының өзіндік сырын ашқан шындық сөз. Кәкітай сонымен бірге Абай ақындығы тәлім алған бастау бұлақтарға да жөн сілтеп, ол оқыған орыс-батыс ақындарының, орыс-батыс ғалымдарының атын атап, түсін түстеп те кетеді. Бұл дерегі мол тарихи мәні зор нақты мәліметтер болып табылады. Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов: «Абайды танудың басы төңкерістен бұрын басталғанын және оны бірінші бастаған Кәкітай болғанын көреміз» [3,81],- деп Кәкітай еңбегін қатты бағалайды. Шындығында, осы «Алғы сөз» Абайды қазақ оқырмандарына алғаш кеңінен таныстырған сөз еді.
Ал орыс оқырмандарына Абай есімі бұдан сәл ертерек танылды. Абай өмірі мен творчествосының білгірі Қайым Мұхамедханов: «Абайдың көзі тірісінде, оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам – Әлихан Бөкейханов» екенін айтады. «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты көп томдық кітаптың 1903 жылы «Киргизский край» деген 18-томы жарық көрді. Оның авторларының бірі Әлихан Бөкейханов «Абайға ерекше тоқтап, қазақ жазба әдебиетінің көшбасшысы» атаған», — дейді.
1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде, 1907 жылы басылып шыққан «Записки Семипалатинского Подотдела, Западно-Сибирского отдела Императорского Русского географического Общества» деп аталатын кітапта Абай өмірбаяны басылып шыққан, авторы Ә. Бөкейханов.
Абай туралы және бір мақала 1908 жылы татар тіліндегі “Уақыт” газетінің 393-шы санында жарияланды. Мақала авторы Міржақып Дулатов болатын.
Жоғарыдағы мақалалардың қай-қайсысы да өз кезегінде Абай ақындығын тануда біршама қызмет атқарғаны талассыз. Солай дей тұрғанмен де, бұл мақалаларда тарихи өмірбаяндық сипаттың бел алып жатқандығын байқау қиын емес. Оларда Абай ақындығының ерекшелігі, оның қазақ поэзиясын дамытудағы атқарар қызметі там-тұмдап сөз болғанмен де терең зерттеліп, кеңінен толғап пікір айтылған жоқ. Ендеше, шынайы әдеби талдаудан өтіп, зерделі ой, зейінді талғаммен Абай ақындығына ғылыми тұрғыдағы алғашқы әділ баға А. Байтұрсынов мақаласында берілді.
«Қазақ» газетінде жарияланған Абай туралы дерегі бар мақала авторларының бірі – Нәзипа Құлжанова. Ол 1887 жылы Торғайда дүниеге келген. Педагог, мәдени қайраткер, журналист, аудармашы болған. Нәзипа Қостанай қаласындағы орыс-қазақ әйелдер гимназиясын бітірген. Ол «Қазақ» газетіне оқу-ағарту, мәдениет мәселесі туралы мақалалар жазып, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің бағдарламасы туралы пікірлерін жариялап, белсенді арласып жүрген. «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 101-санында «Нәзипа» деп қол қойып, «Бір керек жұмыс» деген мақаласын жариялаған. Мақалада қазақ жерінде әдебиет кештер және басқа да түрлі ойындар өткізу турасы сөз болады. 13 ақпанда Семей жерінде өткен әдебиет кеші және сол кештің рухани тірегіне айналған Абай туралы ой қозғалады.
Мақаладан біз автордың көксегені халқының рухани баюы, білімді ел қатарына қосылуы екенін байқаймыз. «Басқа жоғары мәдениетті елдерге еліктеп біз де мәдени-әдеби кеш, жиындарды жиі ұйымдастырып тұрсақ деген ниет» деген жолдар осының айғағы. Мақаланың өн бойынан сол кезеңдегі өнер-білімге жақын, жалпы, қолына қалам ұстаған кез-келген азаматтың цензурадан көздерін аша алмай, айтарын айта алмай қиналғанын байқаймыз. Нәзипа Құлжанова оқырмандарға «сендер тек сол жоспарыма қосылыңдар, бірігіп жұмыс істесек алға басамыз» деген ой тастайды. Газет Абай тұлғасына қатысы бар біраз мақалалар жариялаған. Солардың бірі — газеттің 1915 жылғы №10-санында «Қыр баласы» деп қол қойылған «Жаңа кітаптар» атты мақала. Мақаланың авторы – Әлихан Бөкейханов. Мұнда ол соңғы шыққан кітаптармен таныстырады. Таныстырып қана қоймай, олардың мазмұнын түсіндіреді, кітаптың авторы туралы бірер деректер беріп кетеді. Кітаптың жазылу жайы туралы да құнды ойлар айтады.
«Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского Русского географического Общества. Выпуск VIII,1942 г. Цена 1 руб.», — деп басталатын мақалада автор бұл кітаптың ұлы Абайдың ұстазы — Евгений Петрович Михаэлиске арналып жазылғандығы туралы айтады. «Бұл кітапта, – дейді Әлихан Бөкейханұлы, — Абай Михаэлиске айтқан көп сөзі болуға лайық. Михаэлис тәржіма хәлін жазған Г.Б. «Қырда жоғалатын қазақ алтыны Абайды тапқан Михаэлис». Шыныменен, егер Михаэлиспен Абай өмірде кедеспесе Абай өз бойындағы бүкіл қабілет-дарынын аша алар ма еді. Оны осындай дәредеге жеткізіп отырған, нағыз «Абай» қылған – Шығыс және Батыс мәдениетін, әдебиетін, ғылымын жете танып-білуі. Ал оны осы жолға түсірген – Михаэлис».
Михаэлистің хаттары мен әртүрлі тақырыптарда жазылған мақалалары топтастырылып берілген бұл кітаптың қазақ жұртына берері мол екендігіне Әлихан Бөкейханұлы баса назар аударады. Ол мақалалардың барлығында қазақ жері, суы, жануары, Тарбағатай, Алтай тауларының табиғи ерекшеліктері туралы жазылғандығы, бұл деректердің келешек ұрпаққа да қалатын мол әрі құнды дүниелер екендігін көрсетеді.
Уай, қаным, сен денеде аз күн қонақ,
Заман жоқ көп тұруға, өмір шолақ.
Жас мезгіл екі айналмас, мойынын бұрмас,
Жұмыс ет, оқтай зырлап, қардай борап, -
Деген өлең жолдарымен аяқталған бұл мақалада өмірдің өткінші екенін, «аз ғұмырыңда оқу оқып, білім біл, еңбектен» деген ой меңзелген. Сол арқылы өсіп келе жатқан жастарды еңбексүйгіштікке, ғылым-білім жолына түсуге үгіттеу мақсаты білінеді. Жалпы, Әлихан Бөкейханұлының газет бетінде шыққан мақалалары немесе жасаған баяндамалары мен жазған дүниелерінің мазмұнына үңілсек, басым көпшілігі танымдық тұрғыда жазылған.
Абай творчествосын тану мен танытуда өзіндік орны бар мақаланың бірі – Міржақыптың «Абай» атты мақаласы. Ұлы Абайдың қайтыс болуына 10 жыл толғанына орай жазылған бұл мақаланың мынадай басты құндылықтары бар. Бірінші – Абай ақындығын, Абай мұрасын, Абайдың ұлылығын ұғынудың алғашқы соқпағын салушылардың еңбегін көрсетіп, зерттеушілер есімін нақты атаумен бағалы. Қашанда әділдік жақтаушысы, өзгенің еңбегін бағалауда тура жолдан таймайтын Міржақып осы мақаласында Абайды алғаш елге танытушы Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов екендігін айтып, оларды тұңғыш Абайтанушылар ретінде бағалайды. Абай шығармашылығы туралы түйіндеулерінде әдебиеттің халық өміріндегі орны жайында айтқан Ахметтің қадау-қадау пікірлерін дамыта отырып, «Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып, жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны әдебиет. Жансыз тән жасамақ емес», — деп түйеді. Сондықтан да ол Абайды қазақ әдебиетінің асқар шыңына балап, Абайдың ұмытылуы — қазақ әдебиетінің ұмытылуы, жоғалуы деп санайды. Абайдың қазақ әдебиетінің алтын діңгегі екендігін, одан көз жазып қалу болашақ ұрпақ алдында кешірілмес күнә екендігін ескертеді. Ақын Міржақып Абай ақындығын терең түсініп, «Әдебиетіміздің негізін қалаған бірінші кірпіш — Абай сөзі, Абай ойы боларға керек. Абайға шейін қазақ қолға алып, оқырлық шын мәніндегі қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. …Бәлки мұнан кейін, Абайдан үздік ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жұлдыз – Абай», — деп, Абай ақындығының әділ бағасын береді.
Автор осы мақалада Абай есімін ұмытпау тұрғысында істеліп жатқан шараларды қуана қарсы алып, сол жолда ізденіп жүргендердің ісін құптайды. Семейдегі Абай кешін өткізген оқыған қазақ жастарының ісінен игіліктің бастамасын көреді. Сөйтіп, Абайды болашақта жан-жақты таныр, Абайды жаттап өсер күннің туарына сенім білдіреді.
Адалжанды, халқының аяулы перзенті сол күндерде бүгінгінің жайын сезгендей, өз рухының халқымен бірге екендігін де ескерте кетеді: «ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер». Міржақып атап өткен еске түсіру кеші Абай шығармаларын насихаттаудағы игілікті шаралардың бірі еді. Бұл туралы «Қазақ» газетінде «Тілші» деп қол қойған автордың мақаласы жарияланды. Онда «Бұл жағрафия жұмхриатының көші халықты сүйіндіріп, көңілін ашты: «Бізде де Абайдай данышпан адам туады екен-ау, атағы қазақ түгіл орысқа да шығып, өзі өлсе де терең ойларын, қымбат сөздерін, түрленген күйлерін жұртына мирас қылып, артына қалдырғандай» деп жұрт шаттанды», — деп жазды. «Абай туралы» баяндаманы «Нәзипа ханум (Құлжанов жамиһаты) орысша оқығанын» да көрсете кетеді.
Жалпы алғанда, XX ғасырдың басында ең көп таралыммен тараған газеттің бетіндегі озық ойлы қазақ зиялыларының Абай жайлы айтылған келелі ой-тұжырымдары ұлтының ұлы рухани ұстаз туралы зерттеудің қалыптасуына жаңа жол ашты. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтану дәуірі солардан бастау алады. Ол кейін кең арнаға, ұлы ағысқа айналды.
Бүгінде абайтануда тың белестерге көтерілдік десек, ол ең алдымен осы ғылымның бастауында тұрған ұлылар еңбегінің нәтижесі. Соның жемісі. Мұны еш ұмытуға болмайды. Ал, абайтанудағы қазақ зиялыларының «Оқшау сөздері» ХХ ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап назардан тыс қалып келген тарихтан белгілі. Оны енді-енді байыптай бастадық. Ештен кеш жақсы демей ме?!. Сең қозғалды. Ары қарай іс жүреріне еш күмән жоқ. Ұлылардың ұлылығын тануға кең жол ашылғай.
Достарыңызбен бөлісу: |