Алаштан басталатын шежіре



Дата24.03.2022
өлшемі21,7 Kb.
#136630
Байланысты:
шежире


Алаштан басталатын шежіре
Асан қайғы мен Жәнібек хан арасындағы осы оқиға Алтын Орда мемлекетіндегі күрделі өзгерістерге себеп болды. Асан Қайғы соңына ерген халық Жәнібек ханнан бөлініп шығып, өз алдына ел болудың қамын жасады. Әлі күнге қазақ тарихынан орын ала алмай келе жатқан Алаш мемлекеті осы кезеңде дүниеге келді. Жәнібек ханнан бөлінген халықты тек Асан Қайғы бастап әкеткен жоқ. Оның қасында Алаша атанған тұлға болды. Олар соңына ерген халықты ұйыстырып, Алаш атты мемлекетті дүниеге келтірді. Бұл оқиға қазақ халқының Алаша ханнан басталатын шежіресінде толық көрініс тапты. Бұл оқиға 1350 жылдар шамасында болған еді. Жәнібек хан мен Асан Қайғы арасындағы қарама-қайшылық мемлекетті екіге бөлді. Асан Қайғы Жәнібек ханнан өзі кеткен жоқ, оның соңынан жүздік құрылымға кіретін түркі тайпалары бірге кетті. Бірақ бұл оқиға Алтын Орда тарихына қатысты бірде-бір жазба деректерде кездеспейді. Соған қарағанда, Алтын Ордағы ішкі қайшылықтар сырт көздердің назарынан тыс қалғанға ұқсайды. Мүмкін олар Сарайдағы бұл қайшылықтың ішкі сырын түсінбеген болуы да ықтимал. Оның есесіне бұл оқиғалар түркі халықтары арасына тараған аңыздарда, шежірелерде, сол кезеңде өмір сүрген жыраулар поэзиясында толық көрініс тапқан. Алаш пен Алаша ханға, Айса ұлы Әметке қатысты аңыздар, ол аңыздарда аттары аталатын тұлғалардың қазақ шежірелеріндегі тұлғалармен бір болып келуі осы кезеңде Алаш пен Алаша ханның жалпы қазақтың алғаш тарих сахнасына шыққанын көрсетеді. Және олардың барлығы бұл оқиғалардың Алтын Орда кезеңінде болғандығын меңзейді. Бұл Евразия түркілері тарихындағы діни-идеологиялық үдерістер ықпалымен болған топтасудың Жошы ұлысы құрылғаннан кейінгі екінші кезеңі еді. Ендігі кезекте осы Алаш мемлекетінің тарихына қатысты деректерге талдау жасап, ол мемлекеттің құрамында қайсы ру, тайпалар болды? Олардың жетекшілері кім еді?- деген сұрақтарға жауап беретін боламыз.
Алаш мемлекетінің тарих сахнасында болғандығы, мемлекетте болуға тиіс бүкіл құрылымдық жүйенің Алаш мемлекетінде де толық қалыптасқандығы қазақ шежірелерінде толық көрініс тапқан.
Қазақ шежірелерінің алғашқы нұсқасы Өзбек жүргізген саяси-құрылымдық реформаға сай қалыптасқандығын, рулық, тайпалық жүйенің қалыптасу принциптерін талдағанда толық айтып өткен болатынбыз. Сол жүйе Жәнібек ханның жүргізген саяси-идеологиялық бағыты мен мемлекетті басқару жүйесінде жүргізген реформасы Өзбек хан құрған мемлекеттің басқару жүйесін күйретті. Өзбек хан құрған мемлекеттік жүйе осы Алаш мемлекетінде қайтадан толығымен қалпына келтірілді. Шежіреде осы процесс толығымен көрініс тапқан. Ерекшелігі шежіре басында Өзбек хан орнына Алаша хан тұрғанын көреміз. Бұл қазақ халқының тарихындағы тағы бір саты осы Алаш пен Алаша ханмен байланысты екендігін көрсетеді.
Алаштан кейінгі қазақ шежірелерінің пайда болуы Әбілхайыр хан атымен байланысты. Әбілхайырдың таққа отыруы қандай оқиғалармен байланысы болғаны тарихтан белгілі. Осы тарихи оқиға қазақ шежірелерінде былайша кескінделеді: Нұх пайғамбардан Алашқа дейін он Ата, Алаштан Жайылхан, Жайылханнан Қазақ, Қазақтан Жұман, Жұманнан Әбілхайыр.[11] Ал, Әбілхайырдан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс болып, қазақтың үш жүзі тарайды. Енді осы шежірені тарқатып, талдар болсақ, онда осы тізбекте аты аталған тұлғалар артында нақты тарихта өмір сүрген кісілер тұрғанын көруге болады. Бірақ әзірге біз олардың анық қайсысының кім екенін ашып айтып бере алмаймыз. Алайда, сол кезеңге қатысты тарихи деректерді саралар болсақ, онда сол аты аталған кісілер ішінен кімнің кім анықтау мүмкіндігі бар. Бұл шежіренің бұдан алдыңғы кезеңдерде жазылған шежірелерден басты ерекшелігі – мұнда Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан кейінгі этникалық үдерістердің нақты көрсетілуі. Мысалы, Алаштан басталатын шежіреде «Алаштан Жайылхан, Сейілхан» - деп бөлінеді. Жоғарыда көрсеткеніміздей Әбілхайырдан басталатын шежіреде Алаштан тарайтын Сейілхан аты аталмайды. Демек, бұл шежіре осыған дейін бірге болған түркімендердің Әбілхайырды хан көтеріп, қайта топтасқанда түркімендердің бөлініп кеткендігін көрсетіп тұр. Ал, Жайылханның баласы Қазақ, Қазақтан Жұман. Осы Қазақ құрамында әлі этникалық жіктелуге түспеген қазақ, өзбек, ноғай, қарақалпақ халықтары бар. Бұл жердегі Қазақ демектің мәнісі Жәнібек ханның діни-иделогиялық саясатына қарсы шығып, Йасауи жолын берік ұстанған халық ретінде өзінің діни-рухани, мәдени еркіндігін сақтап қалған халықты көрсетуінде болып отыр. Шежіре тізбегіндегі Жұманның Жұмадық хан екендігі айтпаса да түсінікті.
Бұл шежіредегі қазіргі қазақ шежірелерінен ерекшелігі - бүгінгі қазақ халқы құрамында кездеспейтін ру, тайпалардың жүздер құрамында болуы. Қазіргі Ұлы жүз құрамында жоқ «мың», «жүз», «қырық» рулары мен қарақалпақ халқы жеке тайпа ретінде осы жүздің құрамында жүр. «Мың», «жүз», «қырық» руларының башқұрт халқы құрамында бар екендігін Кузеев жазған болатын. [Кузеев Р., 1957. сс. 48-57.] Ал, Оңтүстіктегі «мың», «жүз», «қырық» руларының өзбек халқының құрамына сіңіп кеткенін көреміз. Қоқан хандығының негізін қалағандардың бірі Нарбота бидің осы «мың» руынан екендігін тарихи деректер растайды. [Бабаджанов Б., 2010 с. 113.]Ал, қарақалпақтардың Тұрсын Мұхаммед ханның заманында Түркістанда бүлік шығарып, қазақ халқы құрамынан қуылғаны, одан басқа этникалық бірлікке айналғаны тарихтан белгілі. [Абусейтова М., 1998. с. 212.] Мұндай саяси, этникалық үдерістер астарында діни, рухани үдерістер жатқанын әлі күнге тарихшылар есепке ала бермейді. Сол себепті, біз ендігі кезекте діни-рухани үдерістердің Өзбек ұлысы тағдырына қаншалықты ықпал еткеніне тоқталып көрелік.
Ол мемлекет туралы ортағасырлық тарихшы Махмуд ибн Уали былай деп жазды: «Жәнібек хан өлген 758/1356-57 жылдан 835/1428-29 жылға дейінгі аралықта Дешті Қыпшақтағы патшалық тағына ақылды, әрі табанды басшы табылмады. Соның себебінен мемлекеттегі дін мен мемлекет ісі қожырады. Халық басын біріктіріп тұрған арқау үзілді, бірлік кетті. Бұл елдің халқының осыншалық қиналғанын көрген Ұлы Жаратушы елдің болашағын жарық қылатын, дін мен мемлекет ісін қалпына келтіретін жаңа жұлдызды көкжиекке шығарды. Ол Әбілхайыр хан еді. Дүние қайта жарыққа толды. Бүлінген дүние қайтадан қалпына келді. Қоғамның барлық мүшесінің мүддесі қайтадан қалыпқа түсірілді. Қоғам қайта гүлдене бастады. Әйгілі Ахметтің жолының заңдары мен Мұхаммедтің діні қайта гүлдеді.» [МИКХ, 1969. с. 346] Осы бір кішкене үзіндінің өзі ислам дінінің, оның ішінде Йасауи жолының Алтын Орда мемлекетінде қандай роль атқарғандығын, Әбілхайырдың сол жолды қайтадан қалпына келтіргендігін көрсетіп тұрған жоқ па? Демек, бұл Жошы ұлысындағы халықтардың басын біріктірген негізгі арқау Йасауи жолы болғандығын, рухани фактордың шешуші мәнге ие болғандығын көрсетеді. Ендігі кезекте сол Әбілхайырды таққа отырғызып хан көтерген кімдер еді, соған тоқталайық. Мас‘уд ибн ‘Усман Кухстанидің «Тарих-и Абу-л Хайр-хан-и» атты еңбегінде мынадай кісілердің аттары аталады: «Барлық әскербасылар, даңқты Пайғамбар әулетінің өкілдері, «Та» және «Йа-Син» (сопылар) өкілдері болды. Олардың ішіндегі ең даңқтылары Құл Мұхаммед сейіт және Қара сейіт(Алла олардың қабірін жарық етсін.) және Бұзұнжар би қият, Уаққас би маңғыт, Шайх софы оғлан, Сатұғ би, Сүйініш би, Қара Кедей дүрмен, Ақ Софы найман, Шайх Софы найман, ... Жүсіп Қожа өкіреш найман, Қажы Мырза шат, Бахты Қожа ұйғыр, Орыс қоңырат тағы басқа ұлы адамдар қуатты әміршінің сарайына келіп, оның жеңімпаз әскерлері мен қызметшілерінің қатарынан орын алды» [МИКХ, 1969. сс. 141-144]. Бұл дерек сол кездегі Қыпшақ даласын мекендеген түркілер құрамындағы рулар мен тайпалардың басындағы басшылардың барлығы дерлік дін өкілдері екенін көрсетіп тұр. Демек, ол кезеңде ру, тайпа басында алдымен рухани басшы болғандығын нақтылай түседі. Бұл жерде «сопы» мен «қожа» атауларының дінге қатысы барлығына күмән жоқ. Ал «би» сөзінің түпкі мағнасына күмән келтірушілер табылуы мүмкін. Бірақ «би» - деп орта ғасырларда діни, рухани басшыны атағанын және ол қазақ даласындағы діннің өмір сүру формасы болған Йасауи жолымен тікелей байланысты екендігін қазақтың көнеден қалған аталы сөздері дәлелдейді. Мысалы:
Батыр деген барақ ит, Екінің бірі табады. Би деген ақ шариғат, Ілуден біреу табады [Сейфуллин С., 2003. 378-380 бб.]

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет