Алғашқы әскери дайындық сабағы
Оқытушы-ұйымдастырушының ең бірінші міндеті – оқушыларды Отанды қорғауға, ал ұлдарды тікелей ҚР ҚК-де қызмет етуге психологиялық, денелік, адамгершілік жағынан дайындау болып табылады және бұл жердегі шешуші рөлді АӘД оқыту үдерісі алмақ. Қазіргі оқу талаптарына сәйкес оқытушы – ұйымдастырушының бойында сөйлеу мәдениеті, басқару стилі, интелектуал, ұйымдастырушы, менеджер, координаттар, тәрбиеші, жаңашыл, стратег, бақылаушы, зерттеуші, дипломат секілді қасиеттер болуы керек.
АӘД бойынша оқу үдерісін ұйымдастырудың негізгі түрі – сабақ. Ол оқытудың жалпы дидактикасы мен әдістемелерінің қағидаларына жауап бере отырып, АӘД бағдарламасына сәйкес жүргізілуі керек.
Оқытушы-ұйымдастырушы өз жұмысында қолданатын сабақтың келесі негізгі түрлері белгілі.
Жаңа тақырыпты, ақпаратты мәлімдеу сабақтары. Дәріс, әңгімелесу, сұхбат түріндегі бұл сабақтарда теориялық білім беріліп, тұжырымдар мен жалпылау жұмыстары іске асырылады. Әдетте сабақтың мұндай түрлері бағдарлама бөлімдері және тақырыптарымен алғаш танысуда қолданылады. Оқытушы-ұйымдастырушы сабақ барысында оқытудың техникалық көрнекі құралдарын кеңінен қолданады.
Оқытушы-ұйымдастырушының жаңа материалды игеру үшін керекті оқу материалын, игерілген білімді қайталауы, керекті түсіндіруімен өзіндік дайындық үшін тапсырмалар беруі, сабақтың құрылымдық құрамы болып табылады.
Білімді және біліктілікті бекіту сабақтары ағымдық оқу материалын қайталау, тұтас тақырып бағдарламасының бөлімін қайталау түрінде өткізіледі. Сабақтың мұндай түрлерінде саптық дайындық, атыс қаруын игеру, азаматтық қорғанысы бойынша дағды мен біліктілікті нығайта түсу іске асырылады. Әдетте бұл сабақтар, автоматтар мен құрылғылар санына қарай оқу бөлімшелерінде жүргізіледі. Сабақ уақыты жақындағанда оқытушы-ұйымдастырушы өзінің көмекшілерін, яғни командирлерін алдын-ала даярлайды. Себебі бұл сабақ түрлері оқытушы-ұйымдастырушының тиянақты дайындығын талап етеді.
Оқушылардың білім және дағдыларын тексеру сабақтары әдетте оқу жылының соңында өткізіледі. Бұл сабақтарда оқушылардың теориялық білімдері мен іс жүзіндегі дағдылары тексеріледі. Олардың теориялық білімдері оқытушы-ұйымдастырушының құрастырған билеттерімен, тест сұрақтарымен, ал тәжірибелік дағдылары мен біліктіліктері атыс қаруын бұзып жинау, азаматтық қорғаныс құрылғыларымен әрекет ету және дәрігерлік дайындық бойынша тексеріледі. Әдетте қорытынды тексеру мектеп директоры мен әскери коммиссариат өкілінің қатысуымен өткізіледі.
Құрама (аралас) сабақтар. Оқытушы-ұйымдастырушы оқу-үйрету жұмыстарында бірнеше дидактикалық міндеттерді біріктіретін құрама сабақтарды, кеңінен қолданады. Алдымен сыныпты ұйымдастырады (сыныпты сапқа тұрғызып, оқушылардың сыртқы келбеттерін тексереді), содан кейін сабақты дәстүрлі үлгі бойынша (білім деңгейін тексеру мақсатында сұрақтар қою, жаңа материалды мазмұндау, өзіндік дайындыққа тапсырма беру) өткізеді.
Егер жаңа білімді қалыптастыру, бұрынғы игерілген тақырыпты дамыту және тексерумен біріктіріп, жұмыс нәтижесін және үлгерімді күнделікті бағалайтын болсақ, құрама сабақтың құрылымын бұрынғыдан да әсерлі етуге болады.
Соңғы кездері проблемалық оқыту әдістері кеңінен қолданылуда. Яғни, оқушылардың алдына танымдық нақты міндеттер жүктеліп сұрақтар қойылады да, оқушылар оқытушының көмегімен немесе өздігімен сол сұрақтарды шешудің шығармашылық жолын іздейді.
АӘД бойынша сабақты ұйымдастыру ерекшеліктеріне қысқаша тоқталып кетсек. Олардың ішіндегі ең бастысы – әрбір жекелеген сабақтың оқушыны тәртіпке, білімділікке, өз Отанын қорғауға дайын болуға тәрбиелейтін міндеттерге бағынуы.
Оқушылардың жоғары деңгейдегі ұйымшылдығы мен тәртіптері ерекше маңызға ие.
Сабақты ұйымдасқан түрде өткізу үшін және оқушылардың тәжірибелік дағдыларды жақсы меңгеруі үшін, сынып үш бөлімшеге бөлінеді. Мектеп директорының бұйрығымен үздік әрі белсенді ұлдардың арасынан взвод және бөлімше командирлері тағайындалады. Қыздардан құрылған бөлімшеге командир болып ең үздік қызбала тағайындалады.
АӘД бойынша сабақ взвод командирінің оқушыларды екі қатарлық сапқа орналастырып, оқытушы-ұйымдастырушыға сабаққа дайындық туралы баяндауымен басталады.
Оқушылар сапқа тұрғанда саптағы өз орындарын біліп, командирдің белгілеріне, пәрмендеріне назар салып, оларды дәл және жылдам орындаулары керек.
Оқытушы-ұйымдастырушы сапта тұрған оқушыларды жылдам тексеріп шығып, қажет деп тапса тиісті ескертулер мен бұйрықтар беруі керек.
Сабақ негізінде сыныпта әрдайым тәртіп пен ұйымшылдық сақталуы керек. Оқытушы-ұйымдастырушы оқушыға назар бөліп сөйлегенде, ол оқушы орынан жылдам тұрып «Тік тұру» саптық қалпын ұстап, өз аты-жөнін айтуы қажет.
Егер оқытушы-ұйымдастырушы оқушыға тегін айтып қараса, оқушы «Мен» деп жауап береді. Отыруға рұқсат алған соң оқушы саптық тұрысты қабылдап «Құп болады» деп жылдам отырады. Оқушы оқытушы-ұйымдастырушыға бір нәрсе айту керек болғанда қолын көтереді. Рұқсат алған соң «Тік тұру» қалпын ұстап, тегін айтып өз сұрағын қояды.
Оқытушы-ұйымдастырушы сабақта оқушыларға «сіз» деп сөйлейді. Оқытушы-ұйымдастырушының оқушыларға сабақ кезінде қоятын ұйымдастыру талаптарын өзге де мұғалімдер сақтаулары керек. Ал дене тәрбиесі мұғалімдері өз сабақтарында оқушыларға саптық жарғыларды орындау дағдыларын қалыптастыруы керек.
Оқушылар өз Отанының болашақ қорғаушылар болып табылатындықтан, оқытушы-ұйымдастырушының оқу пәнін білуі, сабаққа деген көзқарасы, сыртқы келбеті секілді жекелеген қасиеттері, оқу үдерісін ұйымдастыруда маңызды рөл ойнайды. Сондықтан қосалқы офицерлік құрамдағы оқытушы-ұйымдастырушыларға офицерлік үлгідегі киіммен жүруге рұқсат беріледі. Офицерлік киімдегі оқытушы-ұйымдастырушы әскери жарғылар талаптарының қалай орындалатынын дұрыс көрсетеді. Әсіресе саптық дайындықта.
Оқушылардың да АӘД сабағына біркелкі киім үлгісімен келгендері дұрыс. Сонда сабақ әскери тұрғыдан жақсы деңгейде ұйымдастырылып, жоғары сынып оқушыларында ұйымшылдық пен тәртіптілікті қалыптастыруға оң ықпал етеді.
АӘД сабағын тек әскери бөлмеде ғана емес, сонымен бірге атыс қаруын зерттейтін атыс тирінде, саптық тәсілдерді қайталайтын саптық алаңда, азаматтық қорғаныс бөлмелерінде де өткізу қажет. Сондай-ақ оқушыларды сарбаздардың әскери өмірімен таныстыру мақсатында, әскери бөлімге экскурсиялар ұйымдастырылады. Аталған сабақ түрлерін ұйымдастыру мен өткізу, оқытушы-ұйымдастырушыдан аса тыңғылықты дайындықты талап етеді.
Ұл балаларды іс жүзінде әскери өмірге дайындауда оқушылардың далалық оқу-жиын сабағының әсері мол. Бұл сабақтар әскери бөлімдерде немесе әскери комиссариат бекітген мектепте өткізіледі. Ұл балалардың далалық оқу-жиындары мен оқу-үйрену үдерістері әскери жарғылардың талаптарына сәйкес, әскери өмірге жақындастырылып ұйымдастырылады.
ҮЛГІ
Бекітемін мектеп директоры
_____________
«____» ___________ 20__
Алғашқы әскер дайындығы бойынша 10- сынып оқушыларымен сабақ өткізудің жоспар – конспектісі
Тақырыбы: Саптық адым. Бір орындағы және қозғалыстағы бұрылыстар
Мақсаты:
а) оқыту: Оқушылардың бір орындағы және қозғалыстағы бұрылыстарды орындаудағы іскерліктерін шындау.
б) тәрбиелік: Оқушыларда ұқыптылықты, ептілікті және төзімділікке қалыптастыру
Оқу сұрақтары:
а) Саптық адыммен қозғалыс;
б) Бір орындағы және қозғалыстағы бұрылыстар.
Уақыты: 90 мин
Өткізілетін орны: Саптық алаң
Басқару түрі және оқу құралдар: ҚР ҚК Саптық жарғысы, АӘД оқулығы
Әдісі: Жаттығу, көрсету
Сабақтың материалдық жабдықталуы: Аспалы айна, Аспалы макетке салынған сурет.
Сабақ мазмұны және оқу уақытының есебі
а) кіріспе бөлім (10 мин)
сапқа тұрғызу, взвод командирінің мәлімдемесі, сыртқы киім үлгілерін тексеру және т.б, үй тапсырмасын тексеру.
б) негізгі бөлім (70 мин)
Алғы сөз: төменде берілген сабақ тақырыбын және мақсатын хабарлау. Оқу сұрақтарын мазмұндау.
|
Уақыт
(мин)
|
Оқу сұрақтарының қысқаша мазмұны
|
Саптық адыммен қозғалыс
|
35 мин
|
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштер Саптық Жарғысына сәйкес, саптық адыммен қозғалу тәсілдерінің таза орындалуына қол жеткізу.
|
Бір орнындағы және қозға-лыстағы бұрылыстар.
|
35 мин
|
«Оң-ҒА», «Сол-ҒА», «Артқа - БҰРЫЛ» пәрмені бойынша бұрылыстарды бір орында және қозғалыстағы орындалуын оқушылардың қалай меңгергендігін тексеру. Содан соң іс жүзінде бір орындағы және қозғалыстағы бұрылыстар қайталанады.
|
Мазмұндалған материалды бекіту. Оқушылардың өздік жұмысы (4- мин)
в) қорытынды бөлім (6 мин) (сабақты талдау, үздік жауаптар-ды бөліп көрсету және бағалау, негізгі қателіктер, үйге тапсырма).
Оқытушы-ұйымдастыршы қолы
Құрастырылған уақыты
Достарыңызбен бөлісу: |