Мегзеу, яки синекдоха (грек. synekdoche – арақатынасын ашу). Зат пен құбылыстың іргелес, шектес келіп, бір атауға ортақтасып ауысуы жағынан синекдоха метонимияға бір табан жақын тұрады. Мұндағы басты белгі бүтіннің орнына бөлшек, көпшенің орнына жекеше, жалпының орнына жалқы немесе керісінше түрде алмасып айтылады.
А. Байтұрсынұлы: “Мегзеумен айтылған сөз жай айтылған сөзден жайнақы, ширақ келеді”, - дейді. Сондықтан болса керек, мегзеу ақындар сөзінде көп ұшырайды.
Х. Ерғалиевтың:
Яки жетпіс, яки жүз,
Яки өтті сексен жыл –
Бәрібір сол Бетпақ түз,
Бәрібір сол сексеуіл.
Мейлі көктем, мейлі күз,
Оны қайтсін Бетпақ шөл?
Бәрібір сол сұрғылт түз,
Бәрібір сол тентек жел.
Қаптап тұрған синекдоха және әрқайсысы өз орнында ойнап кеткен. Мегзеу тәсілімен аз сөйлеп, көп аңғарту деген осы болады.
Жалпы, ауыспалы мағынада қолданылған сөздерде астарлы мән, тартымды образ жатады. Синекдоха тәсілі сөздердің мағыналық жағынан түрленіп өзгеруіне үлкен ықпал етеді. Мысалы: Топта отырғандардың көбі қатқан тондар, жалба жеңдер, арық пішіндер (Б. Майлин). - Әй, сақал! Бұл арадан Плюшкинге қалай баруға болады? (Гоголь)
Сол сияқты, мегзеу қазақтың мақал-мәтелдерінде де көптеп кездеседі. Мысалы: Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге жайылады. Әуелгі байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық.
Г. Н. Поспелов: “Синекдоха – метониямияның бір түрі”, - дейді. Бұны жоққа шығару да, келісу де қиын. Қалай дегенде де синекдоханың шығарманы көркемдеуде маңызы зор.
Жыртар едім жағаңды,
Жаңылтар едім тобаңды.
(Қашаған)
Бүтіннің бөлшегі ретінде қолданылатын сөздер бірнеше контексте жұмсала келіп, ақырында полисимияға (көп мағыналыққа) айналатындары болады. Мәселен, “тұяқ” деген сөзден синекдоха тәсілімен ауысып қолдану арқылы мынадай мағыналар пайда болған:
1. Ұсақ мал, қой, ешкі; 2. Малдың жалпы есебі, саны; 3. Жалпы мал, түлік; 4. Ұрпақ, тұқым, бала. Бұл қатарды көз, үкі, қол т.б. сөздермен жалғастыруға болады.
Синекдоха көркем шығармада тартымды сөз түрінде қолданылып, көркем образ жасауға негіз болады, бейнелі экспрессивті – эмоциялық мән тудырады. Мегзеумен сөйлеу үлгісі қазақ тіліне жат емес. “Абайлардай ақын қазақтан туа бермейді ғой” деп айту қазақ тіліне жанасымды екенін А. Байтұрсынұлы да атап кетеді.
Мегзеу жайлы зерттеулерді А. Байтұрсынұлы, З. Қабдолов, Ә. Болғанбаев пен Ғ. Қалиев, З. Ахметов, Қ. Жұмалиев кітаптарынан байқауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |