97
ашық, шаңқай түс. Алыста, көгілдір белестердің үстінде тек буалдыр сағым
ойнайды. Сағым-сынды ағып келе жатқан арқарлар. Оларға енді-енді жетеміз деп
ауыздарын ырсита ашып, секіре самғаған кілең қара қылшық арлан қасқырлар.
Тарланкөк әне-міне дегенше қасқырлар тобына жетіп қалды. Әбілқайыр енді
олармен жанаса шауып келеді. Есіл-дерттері алдарындағы арқарлар боп, әбден
көздері қанталап қызып алған қасқырлар, ық жақтарымен жанаса жүз қадамдай
жерде шауып келе жатқан салт аттыны аңғарар емес. Тек ат дүбірі құлағына анық
жеткенде ғана соңғы көкжал Әбілқайыр жаққа жалт бұрылды. Бірақ дәл осы сәтте
ат үстінен тартып қалған хан жебесінің болат ұшы дәл жүрек тұсынан кеп
қадалды. Қасқыр қыңсылай барып, сылқ етіп бір бүйіріне қарай құлай кетті.
Әбілқайыр оған бұрылып та қараған жоқ, енді екінші қасқырдың тұсына жете
беріп, оны да омақата құлатты. Осылай заматта үш қасқырды сұлатты. Алдында
әлі
де
екі-үш
көкжал
бар.
Бірақ
ханның
қорамсағында
жал-
ғыз жебе қалды. Ол енді соңғы арқарға таяу келе жатқан, биіктігі тайыншадай,
көкжал арланды түсірмек болды. Бойы бусанып, қызып алған Тарланкөк ой-
қастай таяй бергенде, үзеңгісіне шіреніп, ерінен көтеріле түсіп, кейін қарай сәл
қисая, «иә, сәт!» деп қайың садағын тартып қалды. Өкпе тұсынан жарым қарыс
кірген жебе өз қайратын көрсетті, қасқыр ышқынып бір секірді де, домалап-
домалап барып сұлап түсті. Алдыңғысының қалай құлағанын көрген соңғы екеуі
ық жақтарында кенет пайда болған қауіпті салт аттыны аңғарып, жалт бұрылып
желге қарай салды. Әбілқайыр оларға бұрылған жоқ, шаңырақ мүйіз ар-
қарлардың ең болмаса біреуін алып қалайын деп,ат қарқынын бәсеңдетпей
садағын иығына іліп жіберіп, беліндегі жарты құлаш көк құрыш алдаспанын суы-
рып алды. Бірақ дәл осы кезде жануарлар жұбын жазбаған қалпында жардай
болып тұтасып тұрған қамысты жапыра қиратып арасына кіріп жоқ болды. Хан
қамысты жанай шауып, Тарланкөгін әзер дегенде барып тоқтатты. Бірақ дәл осы
сәтте Тарланкөк үрейлене шыңғырып жіберіп, көкке шапшиды. Атының үстінен
жерге құлай жаздап, жалына жабыса қалған Әбілқайырдың көргені қарсы
алдында, он бес қадамдай жерде, қан-жоса етіп күл-талқанын шығарған бұғының
етінің жанында өзіне қарай шөге түсіп жатқан есік пен төрдей тарғыл жүнді
жолбарыс болды. Көзі тасырайып, мұрты жыбырлап, шабар алдындағы әдетіне
салып, ұзын құйрығымен жерді бұлаңдата ұрады. Тарланкөк арындап кеп,
алдыңғы аяғын жерге тигізе бергенде, жолбарыс та атылды. Әбілқайырдың бар
қолынан келгені жалаңаш алдаспанымен басын қорғай берді. Бірақ аппақ үлпе
бауырын жаза атылған жолбарыс Әбілқайырға қанжар тістерін сала алмады, кенет
гүрс етіп жерге құлады. Көзін ашып алған ханның көргені, бағанағы көкжал
қасқырдың өкпесіне өзі қадаған жақ оғындай алып жолбарыстың дәл жүрек
тұсынан кірген садақ жебесі болды. Жолбарыстың құр дір-дір етіп қозғала алмай
жатқанына қарағанда жебе ар жағынан бір-ақ шыққан тәрізді. Бұны садақ оғының
бер жағында шошайған екі қарыстай сабы көрсетіп тұр. Алып жолбарысты жалғыз
оқпен жайрату үшін алып күш керек. Бұл кімнің қолынан келеді?
Әбілқайыр енді садақ атылған жаққа қарады. Жақында «осы Сейхун бойында
Саян батыр бастаған бір топ аламан жігіттер пайда бопты, істейтіндері
бекзадалардың малын талау, әсіресе, Көк Ордаға өшігулі деп естіген. Әбілқайыр
жиде қойнауынан шыққан көк сауытты, мұздай боп қару-жарақ асынған жүзге
тарта кілең жас жігіттерді көрді. Алдарында үш күреңнің біреуіне мінген батыр
Саян, жанында екінші күреңге мінген өзінің туған қызы Гүлбаһрам-Патшайым...