Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
101
— Ал, сол Жошының атының тұяғы тиген жерге мен де тегіс билік жүргіздім.
Жошы әкесі Шыңғыстың арқасында жетіп еді ғой ол билікке. Дәшті Қыпшақты
дүрілдетіп қайтадан ел қатарына қосқанда мен тек күшіме, өз ақылыма ғана
сүйенгем...
— Иә, алдияр, қияға тек қыран бүркіт қана жете алады, — деді әккі әскербасы,
мұндай сәтте хан иесінің мақтан сүйетінін есіне алып.
— Бірақ қыранға да серік керек, — деді Әбілқайыр.— Жошы бабамыз жанына
кімді ертерін білген... — Сол себептен де жеңілмей келген... Ал мен... — хан
айтайын деген сөзін бүгіп қалды, —
соның арқасы болуы керек, қарамағымдағы
елімнің тең жартысынан айрылдым...
Әбілқайыр ашуға булығып, демігіп, сөйлей алмай қалды. Бахтияр сұлтанда да
үн жоқ, орданың ішінде шыбынның ызыңы естілердей ауыр тыныштық орнады.
Ақыры үнсіздікті Әбілқайырдың өзі бұзды.
— Ханның әмірінен бас тартып, Моғолстанға қашқан қарашылардың жазасы
қандай болмақ?
— Өлім... — деді Бахтияр даусын қатты шығаруға қорыққандай күбір етіп.
Сол-ақ екен. Ордада тұрған жұрт бірауыздан ду ете түсті.
— Өлім, алдияр.
— Өлімнен басқа кесім болмауға тиіс.
— Өлім.
Айтарын айтып қалғанмен, бәрі де өз сөздерінен өздері қорыққандай жамырай
барып қалт тынды.
— Үкімдеріңе разымын, игі жақсылар — деді Әбілқайыр зорлана жымиып. —
Оны орындау өздеріңе жүктеледі. Қолда бар әскер түгел ертең таңнан қалмай осы
Орданың түбінен табылсын. Жаудың қорғанын қырып, қалғанын құлақ кесті құл
етіп өз деңгейіме бас ұрғызбасам, Әбілқайыр атым құрысын!
Қанша ашуланса да, дауыс көтермейтін
Әбілқайырдың мұншама ерен
сөйлеуінің себебі ызадан екенін жұрт бірден ұқты. Қарсыласып ешкім тіл қатпады.
Бұйрықты беру оңай да, оның орындалуы қиын. Мұны Әбілқайыр жақсы
білетін. Әсіресе бұ жолы. Сөйтсе де тәуекел деп ойлаған. Егер қарауында қалған
елдің бас көтерер, қару ұстар ер-азаматтары түбімен қопарыла аттанса, әлі
орналасып болмаған Керей мен Жәнібек көшін талқан етіп шауып,
ел-жұртын
шулатып, алдына сап малша айдап қайту оған мүмкін-ақ көрінген.
Бектер мен батырлар, «игі жақсылар» Ордадан шығысымен-ақ әрқайсысы өз
қарауындағы руларына шапқан. Елдің елеңдеп отырған уағы, бір күннің ішінде
әскер жиып алу әбден мүмкін іс еді. Басқаны былай қойғанда,
хан Ордасының
төңірегінде отырған, Әбілқайырға әбден берілген, сенімді деген сарбаздың өзі
қаншама.
Бас әскербасы Бахтияр хабаршы, шапқыншыларды аттандырып болысымен,
осы өз қарауындағы сарбаздарды жорыққа қамдауға кіріспек болды.
— Үргеніштен қайтқалы жамбастарың сарғайып аз жатқан жоқсыңдар, — деді
ол Ордаға өңшең «жақсылардың» тегіннен-тегін жиналмағанын аңдап,
әлдебір
сұмдықты күтіп топ-топ боп, үдірейісіп тұрған сарбаздарға келген бойда. —
Қылыштарың да қынабында жатып қалып, тот басуға айналған шығар. Құдай
тілеулеріңді берді. Олжаға да қарық боларсыңдар.