Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
171
қалаларының қақпасының алдында отырып алып, тек жат адамды жуытпай құр
сырттай қыр көрсетіп абалауға ғана жарады.
Мұндай жағдай қазақ, моғол, Жағатай хандары мен Әбілқайыр ұрпағына қарсы
Ақсақ Темір әмірлеріне жаман тиген жоқ, Көк Ордаға бағынатын қалаларды жеке-
жеке жаулап, біртіндеп талан-тараж етіп ала бастады.
Әбілқайырдың кезіндегі
айбарлы Ордадан «әне-міне» дегенше құр бөлшектенген уәлиеттер ғана қалды.
Бұл Ақсақ Темірден кейін, қайта лаулап көтерілген Өзбек хандығының тағы да бір
құлдырап құлауы еді.
Жәнібек бас жауы Әбілқайыр ордасын жеңгеннен кейін көңілі азырақ сая
тапты. Сөйткенше қыс та түсті. Қалың қол қасына ұстайтын ол кезде хан қоры
бәлендей бай емес, сыпайлардың өзіне ас керек болса, аттарына шөп керек. Қазақ
ол уақытта шөп шауып, қыстық қорын дайындап көрмеген. Дайындағанмен де
соншама бықыған малды қамтамасыз ету тіпті мүмкін емес. Жаз болса бір сәрі,
сыпай аттары да жайылымда болады. Осындай жағдаймен хан жылда, қыс бола
бас әскерін елді-еліне тарататын.
Биыл да сөйтті. Және осы жылы Дәшті Қыпшақ хан Ордасын Сығанаққа
көшірді. Тек осы Сығанақты қорғауға бес мың атты әскер алып қалды да, өзге
сыпайларын ауылдарына қайтарды. «Қару-жарақтарың, жауға мінер аттарың ер-
тұрмандарымен дайын тұрсын, керек болып қалсаңдар жаршы хабар береді» деді.
Биыл жылдағысындай «жаз шыға бәлен жерге жиналыңдар» демеді. Жәнібектің
ондағы ойы, бір жағынан әрқайсы өз бетіне қамалға айналған Түркістан уәлиетінің
қалаларын бұрынғыдай жүз мыңдаған қол жинамай-ақ, қарамағындағы бар
күшпен аламын деген үміті болса, екінші жағынан бұл қалалардың хакім,
ақсақалдарымен тіл тауып, бейбіт келісімге келіп, соғыс ашпай-ақ өзіме
бағындырармын деген сенімі бар еді.
Жәнібек осы ойын орындауға кірісті. Өзінің қоқан-лоқы күшін
көрсете
отырып, Түркістан уәлиетінің Сығанақ пен Созақтан бөтен қалаларына «қан
төгіспей бағыныңдар» деп үшінші рет хат жазып, уәкілдер жіберді. Бұ жолы
Жәнібек, сөзінің салмағы болатынына шек келтірмеген. Сөйтсе Яссы, Сайрам,
Сауран, Отырар, Ақруқ, Үзгент секілді мықты бекініске айналған шаһарлардың
оңай қолға түсе қоймайтынын да түсінетін. Әсіресе Яссы, Сауран қалаларын
басқарып отырған Мұхамед-Мазит-тархан, Құлмұхамед-тархан секілді Әбілқайыр
кезінде де биліктерін ешкімге ойыншық ете қоймаған хакімдері бар және
қорғайтын әскері бар қалалардың тағдырын оңай шеше алмайтыны оған хақ еді.
Жәнібек бұл мединелермен жеке алыспай тағы да өзіне серік іздеуге кірісті. Оған
енді бұрынғы Абақ хан, Ахмет хан, Аббас, Мұса, Жаңбыршы бектерден күштірек
серік керек болды. Мұндай адам Исан-Бұғы өлгеннен кейін, Моғолстан тағына
отырған Жұныс хан еді.
Ежелден
қазақ рулары жағатай, моғол хандарымен достасып келген.
Моғолстанда бір тірегім болса, мұртымды балта кеспейді деп ойлады Жәнібек.
Оның үстіне Жұныс хан Мауреннахрдағы Ақсақ Темір әмірлерімен байланысты.
Самарқант әміршісі әбусейіттің баласы Омар шайқы бұның қызын алып отыр.
Түбі Түркістан уәлиетін қан төгіп жаулап алатындай күн туса Самар-
қант, Бұқар күштерінің сырт қалғаны жөн. Қашан да болса топтанған қасыңнан,
жекеленген жауыңды жеңу оңай. Ал қазір сондай әдіске жол бар. Әбілқайыр
дүние салғаннан бері, Темірлан тағына қарайтын уәлиеттер жеке-жеке бөлініп
кеткен. «Ортақ өгізден оңаша бұзау» деп қарайтын сұлтандарға, әмірлерге жалғыз