Киіз үй сүйегі
Киіз үйдің негізгі қаңқасын (кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық) сүйегі деп те атайды. Киіз үйдің сүйегі жасалатын «үй ағашты» алты ай немесе бір жыл бұрын дайындайды. Қабығы аршылмай бабымен кептірілген үй ағаштарын морға төсеп, балқытқаннан кейін тезге салып, ысқаурынмен қысып түзетеді немесе керекті қалыпқа келтіріп иеді. Иілген киіз үй ағаштарын арнаулы үлгідегі ырғаққа салып қатырады. Ырғақтан шығарылған ағаштарды жоңғымен қабығын аршып, жонып, қырнауышпен қырнайды, уықтың бүгілі мен керегенің бас жағына сай-сай етіп сызық салады. Бұдан кейін кереге желісіне көк өткізілген жерге белгі – дембі салып, үскімен тесіп, қайыспен көктейді, яғни түйенің иленбеген мойын терісінен жіңішке етіп тілген таспаны өткізіп түйіндейді.
1.Шаңырақ;
2 Киіз үй құрылысы:
2. Уық; 3. Кереге; 4. Сықырлауық
Кереге киіз үйдің негізгі қаңқасын құрайды. Керегенің әр ағашын желі, ал керегелік желінің ең ұзынын – ерісі, қысқалауын – балашық, ең қысқасын сағанақ деп атайды. Бір керегеде 14 ерісі, 9 балашық, 9 сағанақ болады. Керегенің көктеліп біткен әр бөлігін қанат деп атайды. Қанат саны үй көлеміне қарай көбейе береді. Кереге желісінің айқасып көктелген, уық байлайтын жері керегенің басы деп аталады.
Керегенің желілері:
Сағанақ;
Балашық;
Еріс.
Киіз үйдің үлкен-кішілігі осы кереге басының санына байланысты. Кереге жасалу технологиясына қарай желкөз, торкөз кереге болып бөлінеді. Желкөз керегенің көзі үлкен, арасында бір желі көктелмей азат қалдырылады. Мұндай кереге жазылғыш келеді. Торкөз керегенің көзі тар, жұдырық симайтындай болады. Кереге желісін көктегенде азат қалдырмайды. Мұндай кереге аса көп жазылмайды, тұтынуға төзімді.
Уық – кереге басы мен шаңырақты ұстастыратын ағаш. Ол сәмбі талдан жасалады. Уықтың кереге басына байланатын жағы жалпақтау, имектеу болып келеді, мұны уықтың иіні дейді. Уықтың жоғарғы түзу жағын қары, шаңырақ көзіне сұғынатын төрт қырлы ұшын қаламы дейді. Уықтың кереге басына байланатын жағын тесіп, бау өткізеді, оны уық бау (балақ бау) деп атайды.
1. Доғалай 2. Иық 3. Қары 4. Қаламы 5. Уық бау
Шаңырақ – киіз үйдің еңсесін құрап, тұтастырып тұратын күмбез. Шаңырақтың шеңбері – 3-5 м шамасында. Оны көбінесе тораңғыдан, сом қайыңнан иіп қиюластырады, қоспаларын жалтырауық металмен құрсаулайды. Шаңырақтың дөңгелек шеңберін тоғын дейді. Оған уық сұғынатын төрт қырлы көз – қаламдықтар теседі. Шаңырақ тоғынының үстінен түндікті көтеріп тұруы үшін күлдіреуішті қолданады. Ол арқылы үйге жарық түседі, түтін шығады.
Шаңырақ құрылысы:
1-тоғын;
2-күлдіреуіш;
3-беріктік;
4-шаңырақтың көзі.
Ғ. Сланов, «Замана» атты кітабында: «Шаңырақ - киіз үйдің ең жоғарғы бөлігі. Оның пішіні күмбез тәріздес, шаңырақ уықтардың ұштарын біріктіріп ұстап тұрады. Киіз үйдің үстіндегі дөңгелек шеңбер осылай аталатыны белгілі. «Ортада темір пеш, тұрбасы шаңырақтан асып шығып жатыр», – делінеді.
Шаңырақтың ортасындағы күлдіреуіштің төрт ұшы әлемнің төрт жағын көрсетіп тұрады. Ертедегі көшпенділер шаңырақ ортасына жұлдыздардың орналасуына қарап, бір жайылымнан екінші жайылымға көшу уақытын анықтап отырған екен.
Достарыңызбен бөлісу: |