Үлкен отау. Кіші отау. Үлкен отау, кіші отау атауларының мағынасы ұқсас, олар тек қана отау иесінің тайпалық, рулық қарым-қатынастағы орнына байланысты беріледі. Егер ауыл ақсақалы інісі мен баласына үй тігіп беріп, бөлек шығарса, бірақ әлі еншісі бөлінбесе, онда олар іні үйін Үлкен отау, баласының үйін Кіші отау деп атар еді.
Төр үй. Ауыз үй. Жағдайы жеткен кісілер екі немесе үш үйді жалғастыра тіккен. Ол үйлер төр үйлер мен ауыз үй атағын алатын болған.
Қонақ үй. Ас үй. Қонақ көп түсетін үйлер қонақтарына беретін жеке ас үй, қонақтарын дем алдыратын жеке қонақ үй тіккен. Атақты кісілердің бірнеше қонақ үйлері болған.
Ақ үй. Киіз үйге танылған осындай аттар көбінесе киіз үйдің киізінің түсіне байланысты айтылады.
Алты қанат ақ үй туралы толық мәлімет бере кету мақсатында ақ үй туралы анықтаманы Ө. Жәнібеков еңбегінен келтірелік...
Ақ үй. Молшылық пен сәттіліктің белгісі болып есептелген, «қазақтың киіз үйі» деген жалпылама атауды жеке иемденген, таңғыштармен, арқан-жіптермен байланыстырылатын қаңқасы (сүйегі) құрастырылып-ажыратылатын киіз жабынды баспана үлгісі. Биіктігі 135-140 см 15 басты (17-18 бас болып та жасалады) 6 қанат керегеден (жайылған кереге ұзындығы 290-300 см), күмбезін құрайтын ұзындығы 240-250 см, 80-90 уықтан, диаметрі 180-190 см шаңырақтан, босаға, маңдайша, табалдырыққа бекітілген ағаш есіктен (сықырлауық) құрастырылады. Төрт туырлықпен, екі үзікпен, түндікпен Қазақстанның кейбір аймақтарында туырлық жерге жеткізілмей ұсталады да, оған іргелік киіз жалғасады, жабылады.
Достарыңызбен бөлісу: |