Шайла. Шатпа. Күрке. Қос. Ақтағыр. Көшпелі қазақтар уақытша баспана жасау үшін, кез келген нәрселерді қалқитып бекітіп алып, үстін киізбен жаба салатын болған. Сондай күркені, қосты жергілікті жерлерде біреулер шайла, шатпа деп атаса, біреулер ақтағыр деп ат тағып жатады. Күркені малды өргізіп жайып, жайылым ыңғайына бейімделіп мал бағатындар көбірек пайдаланған. Үлкен үйлер қасында кереге сыртынан ши ұсталған, «иткірмес» етіп жасап, тағам сақтайтын күркелер тұрады.
Жұрт ауыстырар мезгіл жеткенде киіз үй қас пен көздің арасында жиналып, үйдің сүйегі мен туырлықтары түйеге артылады. Киіз үйдің үлкендігі, әрине, оның иесінің дәулетіне байланысты, байлардың кейбірінің үйінің есік пен төрге дейін жиырма қадамдай ауқымды болатыны бар. Көбіне мұндай үйлерге ақ туырлық жабылып, Шығыс үрдісімен оюланған үзік, басқұрлармен әшекейленеді, ішіне кілем тұтылып, түрлі қару-жарақтар мен күнделікті тіршілікке қажетті заттар керегеге ілінеді. Қазақтар қарапайым жұрттан бөлектеп, «ақсүйектер» деп атайтын сұлтандар мен билердің үйлері көз тойғысыз көрікті болып келеді. Оның үстіне әр әйеліне бір-бірден осындай сәнді үй тігетіндері жиі кездеседі. Ал басқа жұрттың үйлері сыртқы түрі жағынан дәулеттілердің мекеніне ұқсағанмен, түйе жүнінің түсіндей сұрғылт сары, көбіне сіңген ыстан қара қошқыл түске енген туырлық жабылып, әшекей оюсыз-ақ тігіле салады. Сұлтанның үйінің сүйегі де ауыр, туырлықтары да ауқымды болғандықтан, оны көшіру үшін бірнеше түйе керек болады. Кедей-кепшіктің бар жүгі бір түйден де артылмайды. Ал өз басына киіз үй тігуге шамасы келмейтіндер шаңыраққа шаншылған уықтарды бір ғана туырлықпен жаба салған «жолым үй» деп аталатын қараша баспанада тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |