Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өз кезеңінде шипагерлігімен елге танылған, медицина тақырыбына арнап кітап жазған қазақ емшісі.
Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1388-1478) – қазақтың әйгілі шипагер-емшісі, елдің әлеуметтік-саяси өмірінің тарихшысы.Өтейбойдақтың өмір дерегі, туған, өлген жылдары негізінен «Шипагерлік баян» кітабындағы мәліметтер бойынша белгілі. Автор «Шипагерлік баян» кітабын Жәнібек ханның тапсыруы бойынша 70 жасында жаза бастағаны туралы, содан Жәнібек хан дүние салған 1473 жылы кітапты 85 жасында жазып бітіргені жөнінде дерек қалдырған.
Сондай-ақ, Өтейбойдақтың 90 жасқа жақындап дүние салғаны жөнінде де дерек бар. Демек, Тілеуқабылұлы Өтейбойдақты 1388 жылы дүниеге келіп, 1478 жылы дүние салды деп жобалауға болады. Өтейбойдақ «Шипагерлік баян» кітабында өзі туралы былай дейді:
«Өтейбойдақ Тілеуқабылдың ұлымын. Ата-тегім – Ұлы жүз Зарман, Зарман ішінде Албан. Мекенім – Жетісу. Ауылымда құрбы-құрдас, таныс-білістерім аз емес. Жанымда Жиренше шешен, Жәнібек ханның қарашасымын. Жылым – иіртек, сексен беске келдім. Бойым ұзын, қара торы, қоңқақ мұрынды, кең иықты, қап сақалды, ұзын қасты, кем сөзді жанмын».
Емшілік, шипагерлік қасиет Өтейбойдаққа ата-тегінен жұғысты болған. Ата-баба әулетінің жинақтаған мол тәжірибесін бойына дарыта білген Өтейбойдақ бұл салаға бар ғұмырын арнап, халық медицинасын ғылыми жүйеге келтірген. Сөйтіп, шипагерліктің өз заманындағы биік деңгейіне көтеріле білген. Бұл жолда ол әл-Фараби сияқты атақ-даңқ, дүние-мүлік, бас құрап, үйлі-баранды болу дегендей, пендеге тән қасиеттердің бәрін тәрк етіп, бүкіл өмірін шипагерліктің қыр-сырын игеруге сарп еткен.