МұхамеджанҚарабаев ХХ ғасырдың басында Қазақстан жерінде басқа көрші елдегідей медицина нақты орныға бастады. Жергілікті халық балаларын орысша мектептерге беріп, сауаттарын аштырды. Жоғары оқу орындарына оқуға жіберіп, біраз білімді азаматтар елге қызмет ете бастады. Олардың арасында медицина мамандығын игергендері де болды.
1877 жылы халықтан жинаған ақшамен 1877-1891 жылдары 8 қазақтың баласы Қазан университетін бітірді. Соның тек біреуі Мұхамеджан Қарабаев медициналық факультетті бітіріп, елге дәрігер болып оралды. Қолда бар құжаттарға зер салсақ, алғашқы жоғары білімді қазақ дәрігері сол Мұхамеджан Қарабаев екен. Оның, қарапайым қазақ ауылының бақташысының біртума жан екендігін көрнекті педагог, ағартушы Ы.Алтынсарин байқаған және Троицк гимназиясына оқуға түсуге көмектескен. Жас Мұхамеджан Қарабаев 1881 жылы кәмелеттік аттестат алған кезде Торғай облысында 105 мың шаршы шақырым аумақта орташа есеппен бір дәрігер, бір фельдшер және бір кіндік шешеге 82 мыңнан астам адамнан келді. М.Қарабаев туған халқының қайғы-қасіретін, мұң-мұқтажын жастайынан біліп өсті. Аш-жалаңаш жүріп, білім алуды, еліне қызмет етуді аңсады. Асыл арманы орындалып, Қазандағы императорлық университеттің медицина факультетіне түсіп, оны 1887 жылы бітірген. Ол 1888 жылы маусымда уез дәрігерінің қызметіне тағайындалып, үнемі сапарда жүріп, шұғыл хирургиялық операциялар жасап, екіқабат әйелдерді босандырды, шешек, бөртпе сүзек, тырысқақ және қышыма қотырмен күресті. Қазақтың алғашқы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің емдеуші дәрігері болды деген де мәліметтер бар. Ол қазақ даласында бірінші рет Ырғызда жаңа аурухана салу жөнінде ұсыныс жасап, байтақ даладағы алғашқы аурухананы сонда ашып, он жылдан астам сол ауруханада қызмет еткен. Бірақ, сол кездегі күн сайынғы ерлікке толы еңбек оған жеткіліксіз көрінді. 1892-1893 жылдары М.Қарабаев бүкіл Қазақстанды дүрліктірген тырысқақ (холера) індетін жоюға ерен еңбек сіңірген дәрігерлердің алғы қатарында болды. Статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстанда 20722 адам қатерлі тырысқақ індетпен ауырып, оның 13197-сі көз жұмды. 1897 жылы Ырғыз өңірін ашаршылық жайлап, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі мен денсаулықтарын нашарлатты, ел арасында жұқпалы дерттер көбейді. 1898 жылы М.Қарабаев Ташкентке немесе Түркістанға уездік дәрігер етіп жіберуді өтініп билік иелеріне өтініш жазды. Көп ұзамай Ташкенттен оның Перовскіге (қазіргі Қызылордаға) баруы туралы ұсыныс түсті. Бірақ, 1907 жылы Қазақстанда жаппай сүзек індеті бас көтеріп, оны Ырғыз уездіне жергілікті тұрғындарға медициналық көмек беруге жолдады.
ХІХ ғасырдағы дәрігерлердің басты міндеттерінің бірі кең таралатын эпидемиялармен күрес-тін. Сөз болып отырған жүзжылдықтағы қауіпті індеттердің бірі тырысқақ ауруы еді. Қолда бар ресми мәліметтерге қарағанда тырысқақтың қазақ даласына таралуы алғаш 1829-1830 жылдары тіркелген. Хиуадан келген індет Орталық Азияға Парсыдан енген болатын. Нәтижесінде індет шарпыған қазақтардың тұтас ауылдары қынадай қырылады. Араға уақыт салып 1848-1849 жылдары елдің оңтүстік аудандарында тырысқақ қайта өріс алады. Жұқпалы ауру 1871 жылы да бой көрсеткен.1891-1892 жылдары Қазақстанда тырысқақтың кезекті таралымы тіркелген. Сол ауру эпидемиясы біздің елмен қатар жатқан Ресейде де бірнеше рет тіркелген.
1911 жылы елу үштегі дәрігер Мұхамеджан Қарабаев өз еркімен қауіпті оба ауруымен күресу үшін Якутияға жол тартады. Ол бес жыл Орта Колым және Якутиядағы Верхоянск және Среднеколымск округтарында инфекциялық аурулар тараған колонияларда және жергілікті тұрғындарға арналған емханада жұмыс істеді. Тіпті, лепрозориядағы науқастарға 1912-1913 жылдары ем жүргізді. Сөйтіп, дәрігерлік өмірінің 5 жылын Верхоянск пен Колымада өткізіп, жергілікті халықтың ризашылығын алып, 1916 жылдың жазында қызметін тапсырып, Якутиядан кетті. 1916-1917 жылдары Петроградта Қызыл крест ұйымында жұмыста болды. Одан кейін 1918 жылы елге оралғанда дәрігерлерден тарығып отырған денсаулық сақтау бөліміне келіп, бар күш-қуатын аямай халыққа қызмет етуге дайын екендігін білдірді. Ырғыз, Шалқар, Ақтөбе жерінде неше түрлі жұқпалы ауруларға қарсы ем-дом жасап, елдің денсаулығын сақтауға барынша атсалысты. Дәрігер тапшылығынан ол барлық сырқаттарды аралап, қажетті емін жасап, профилактикалық шараларды ескертіп отырды.
1919-1921 жылдары Қостанай аймағына сүзек, безгек, оба, шешек сияқты індет көп таралған кезеңде, медициналық көмек ұйымдастырып, ел-жұртты індеттен қорғауға көп үлес қосты. М.Қарабаев уезд халқының санитарлық мәдениетін көтеруге, оларға тазалық пен гигиенаның қарапайым шарттарын үйретуге ерекше көңіл бөледі. 1921 жылғы тырысқақ індеті елімізде аштықпен тұспа-тұс келді, өліктер (кейде бір түнде 60 адамға дейін өлді) қала көшелерінде ашық-шашық жатты. Мұхамеджан Қарабаев өзінің ұлғайған жасына қарамастан демалыссыз тынбай жұмыс істеп, алыс ауылдардағы адамдарды ажалдан құтқару үшін атқа салт мініп аралады. Қостанай уезінің Семиозер және Боровской ауруханаларын басқарған ауыр жылдарда тек медициналық аспаптар ғана емес, кей кезде тіпті сабын да жетіспеді (e-history.kz. №1 (21) қаңтар-наурыз 2020).
Ол 1927 жылы денсаулығы сыр бергесін, өмірінің мәніне айналған жұмысын тоқтатады. Оған денсаулық саласындағы зор еңбегі үшін дербес зейнетақы тағайындалды. Бірақ, адамдардың есінде өзі туралы жақсы естелік пен алғыстарын қалдырып, ешбір байлық жинамастан қарт дәрігер 1928 жылы өмірден озды. Ол өзінің 40 жылдық дәрігерлік еңбегімен еліміздің денсаулық сақтау ісін ұйымдастыруға, дамытуға елеулі еңбек сіңірді.
Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде (22.01.2020) Есенгелді Сүйіновтың Мұхамеджан Қарабаев туралы көлемді мақаласы жарияланды. Онда «Қарабаев туған халқының қайғы-қасіретін, мұң-мұқтажын жастайынан біліп өсті. Ол аш, жалаңаш жүріп, білім алуды, еліне қызмет етуді аңсады. Асыл арманы орындалып, Қазандағы императорлық университеттің медицина факультетіне түсті. Бар ынтасын салып оқыды. Оған қатысты деректерді ақтарып отырып, таңданарлық жайларға куә боласың. Ол ел ішіндегі сүзек, оба сияқты жұқпалы ауруларды жаяулап жүріп емдеген, тіпті алғашқы жылы жалақы ала алмай, адамдарды тегін қараған. Профессор Ишанбай Қарақұловтың айтуына қарағанда, 1895 жылы қазақ даласында бірінші рет Ырғызда жаңа аурухана салу жөнінде ұсыныс жасап, оны жүзеге асыруға ұйытқы болған. Бір шеті Якутия, Орта Колымаға дейін барып, Санкт-Петербург қаласында, жоғарыда айтылған Ырғыз, Шалқар, Ақтөбе, Түркістан жерінде неше түрлі жұқпалы ауруларға қарсы ем-дом жасап, елдің денсаулығын сақтауға барынша атсалысады», – деп мақала авторы дәрігердің еңбегіне зор баға береді.