ХалелДосмұхамедов Халел Досмұхамедов 1883 жылдың 24 сәуірінде Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Тайсойған құмында дүниеге келген. Ол – көп қырлы дарын иесі, аса ірі саяси тұлға. Қоғам қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, шебер аудармашы. Негізгі мамандығы – дәрігер. Мектепті жақсы бітірген Халел 1894 жылы Теке қаласындағы Орал әскери-реалдық училищесінің даярлық сыныбына қабылданып, оны үздік бітіреді. Келесі жылы Санкт-Петербургтағы императорлық әскери-медицина академиясына қабылданады. Оны 1909 жылы алтын медальмен үздік бітіріп, дәрігерлік атақ алып Пермь губерниясында қызметін бастайды. Кейін №2 Түркістан, №2 Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігерлік қызмет атқарады. 1913 жылы Орал облысының вице-губернаторы берген №6618 куәлікпен әскери борышын өтеуден босап, Орал облысы Темір уезіне бөлімшелік дәрігер болып орналасады. 1912-1913 және 1915 жылдары таралған оба індетіне қарсы күрес ісіне белсене қатысып, «Темір дәрі хақында», «Сары кезік-сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» атты мақалалар жариялайды. Бұл еңбектері үшін Императорлық қола медальмен марапатталады. Кейін бұл еңбектерін толықтырып «Как бороться с чумой среди киргизского народа» атты ғылыми кітап етіп шығарады.
1920-1921 жылдары Ташкенттегі физикалық әдіспен емдеу институтының ординаторы; Қазақ педагогикалық институтында мектеп дәрігері, Орта Азия (Түркістан) университеті медицина факультетінің хирургиялық емханасында ординатор, 1922-1924 жылдары Түркістан Денсаулық сақтау халық комиссариаты коллегиясының мүшесі және емдеу санитарлық бөлімінің меңгерушісі болды. 1923 жылы Орта Азия мемлекеттік баспа коллегиясының, кейін Қазақ мемлекеттік баспасы шығармашылық бөлімінің мүшесі, 1925 жылдан шығармашылық бөлімнің меңгерушісі, 1926 жылы Қазақ мемлекеттік баспасы басқармасының мүшесі және меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. 1927 жылы Қазақ пединститутының доценті болып бекітілді. Қазақ мемлекеттік университетінің ұйымдастыру жөніндегі комиссиясының төрағасы болып сайланды. 1928 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің әкімшілік-шаруашылық бөлімін басқарды. 1929 жылы осы университеттің профессоры болып бекітілді. Ол қазақ дәрігерлерінің арасында тұңғыш осындай ғылыми атаққа іліккен азамат. 1930 жылы ҚазПИ ректорының көмекшісі болып бекітіледі. Алайда, келесі 1931 жылы Совет өкіметі ұйымдастырған қуғын-сүргін саясаты кезінде тұтқындалып, 1932 жылы 20 сәуірде ОГПУ үштігінің шешімімен Ресейдің Воронеж қаласына 5 жылға жер аударылды. Онда жүріп Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды емдеу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары болып қызмет етті. 1938 жылы 26 шілдеде жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып, 1939 жылы 24 сәуірде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. Жалындап тұрған шағында нақақтан-нақақ уақытынан бұрын өмірі қиылды.