ТерлікбаевӘйкен Ахатұлы Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығы болса, 100 жыл бұрын (1920-1984) фтизиатр-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылыми қызметкері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері Терлікбаев Әйкен Ахатұлы дүниеге келген екен. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында туған. Әйкен Ахатұлы мектепті 1937 жылдың дүрбелең шағында бітіреді. Сол жылы Алматыдағы медицина институтына оқуға түсіп, студент атанады. Төрт жылдан кейін соғыс өрті бұрқ ете қалғанда бесінші курсты сырттан тездетіп бітіріп, ол өз еркімен қан майданға аттанады. Бастапқыда кіші дәрігер қызмет атқарып, кейінен Сталинград, Дон және Украина майдандарында санитарлық қызметтерді басқарды.
Ол тарихта ерекше қалған Сталинград түбіндегі, Орлов-Курск доғасындағы шайқастарға қатысқан. Әйкен Ахатұлы 1943 жылы Днепр түбінде ауыр жарақат алады. Сегіз ай бойы ол әскери госпитальдарда ем алады, алайда денсаулығын толықтай қалпына келтіре алмағандықтан елге оралады. Дәрігерлік және жауынгерлік міндетін абыроймен атқарған Әйкен Ахатұлы “Қаһарман Сталинград қорғанысына қатысқаны үшін” медалімен марапатталады. Майданнан оралған жаралы жауынгер өз мамандығымен іске кіріседі. Ауыл-ауылдарды аралып ауырғандардың барлығына қол ұшын беріп көмекке ұмтылады. Сол уақытта ол бір өзі әрі хирург, әрі терапевт, одан қалса санитар да бола білді. Кейіннен Әйкен Ахатұлы Аягөз аудандық ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалады. Ал 1947 жылы осында медицина бірлестігін құрып, оған басшылық жасайды. Соғыстан кейінгі жылдары осы өңірдегі ауылды жерлерде медициналық пункттердің ашылуына себепкер болып, ұйымдастырушылық қабілетімен танылады. Ал 1950 жылы Талдықорған облыстық денсаулық сақтау бөлімін басқаруға жіберіледі. Кейіннен Әйкен Терлікбаев Алматыдағы Каменское плато санаторийін басқарады, аз уақыт ішінде бұл мекеме 300 орындық кең профильді емдеу орнына айналды. Медицина саласында талмай еңбек ете жүріп, Әйкен Терлікбаев ғылыммен айналысып 1962 жылы Ленин сыйлығының лауреаты академик Лев Богуштың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын қорғайды, алты жылдан соң докторлық дисертациясы да қорғалады. 1963-1982 жылдары Қазақ туберкулез ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалады. 1983-1984 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтының профессоры атанады [1].
Негізгі ғылыми еңбектері туберкулез клиникасы мен эпидемиологиясына арналған. Қазақстанда туберкулезден арылу тарихымен шұғылданып, өкпе туберкулезін хирургиялық жолмен емдеу, басқа өкпе ауруларынан ажырату әдістерін ұсынып, өкпенің зақымданған бөліктерін алып тастау салдарынан пайда болатын асқынулар мен қайталауларға сипаттама берді.
Сондай-ақ облыс орталықтарында өкпе ауруларын емдейтін диспансерлердің ашылуына, оларға қажетті білікті мамандар даярлау ісіне де мұрындық болды. Қажырлы еңбегі лайықты бағаланып 1971 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Докторлық диссертациясын сәтімен қорғап шығып, профессор атанды. Ал 1974 жылы оған “Ғылымға еңбегі сіңген қайраткер” атағы берілді. Кейін “Халықтар достығы” орденімен марапатталады.
Әйкен Терлікбаев артында өлмес, өшпес ізі қалды. Әйкен Ахатұлы негізгі қызметінен тыс сол шақта республикалық фтизиаторлар қоғамының төрағасы болды. Оның сыртында бұрынғы одақ бойынша фтизиаторларды аттестациялау комиссиясының төрағалық міндетін де атқарды. Өкпе аурулары жөніндегі одақтық салалық басылымның редакция алқасына кірді. Әйкен Ахатұлының жетекшілігімен медицина ғылымының 13 докторы, 80 кандидаты дайындалды. Ол 2 монография, 122 ғылыми мақалалардың авторы. 1990 жылы Алматыда белгілі ғалым-дәрігердің 70 жылдық мерейтойына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.