Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшадан тұрады.
Негізгі бөлім
Зерттеу жұмысының бірінші бөлімі “Жылқы атауларының тарихи-ономосиологиялық және сөзжасамдық негіздері” деп аталады.
1.1 Төрт түлік малға қатысты деректердің зерттелу жайы. Қазақтардың дәстүрлі идеологиялық таным-түсінігінде төрт түлік маңызды орын алады. Төрт түлікке қатысты тілдік деректердің қайнар көзі – салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың зерттелуі өз бастауын ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың басында жазылған этнографиялық зерттеулерден алады. Көшпенділерде төрт түлік шаруашылық қатынастарымен қоса, мәдениет үрдісінде де алдыңғы орынға шығып, сол кезеңдегі адамдардың наным-сенімдерінде культтік мәнге ие болумен қатар, олардың идеологиялық танымында да бекемденген еді. Х.Арғынбаев, Ә.Төлеубаев, А.Тоқтабаев т.б. этнограф-ғалымдар төрт түлікке қатысты сүбелі еңбектер жазған. Төрт түлік атауларының тілдік тұрғыдан зерттелуіне келсек, алғашқы деректер А.М.Щербак, Э.В.Севортян, Г.Н.Потанин, А.И.Левшин, Н.И.Ильминский, В.В.Радлов, А.И.Добромыслов, А.Е.Алекторов еңбектерінде кездеседі. Төрт түлік атаулары бүгінде түрлі зерттеу нысанына айналып отыр. Мәселен, төрт түлік атаулары, түр-түсі т.б. төрт түлікке қатысты атаулар, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер этнолингвистикалық тұрғыдан академик Ә.Қайдаров, Р.Сыздықованың еңбектерінде жан-жақты зерттелген. Төрт түлікке байланысты табу мен эвфемизмдер Ә.Ахметовтың зерттеулерінде талданған. Ә.Жақыповтың зерттеу жұмысына түйе малы арқау болса, Б.Тлепиннің жұмысына қой-ешкі атаулары нысан етіп алынған. С.Сәтенованың еңбектерінде төрт түлік атауларына қатысты фразеологизмдерге талдау жасалады. Т.Линко, Е.Керимбаев, У.Ержанова, А.Әлімхан т.б. зерттеушілердің еңбектерінде төрт түлік атауларына қатысты лексика тарихи-ономосиологиялық тұрғыдан зерделенеді. Қазақтың алғашқы зиялылары Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің, Ә.Бөкейхановтың, С.Сейфуллиннің, С.Аспендияровтың ғылыми-зерттеу еңбектерінде жылқыға қатысты этнографиялық лексика орын алады. С.Қасимановтың, Б.Хинаятұлының еңбектерінде жылқыға қатысты деректер кездеседі. Жылқыға байланысты арнайы жазылған жұмыс ретінде Н.Айтбаеваның “Қазақ тіліндегі жылқыға қатысты атаулардың лексика-семантикалық және дүниетанымдық сипаты” және Ж.Байтелиеваның “Қазақ тіліндегі жылқы малына қатысты фразеологиялық тіркестердің этномәдени уәждемесі” зерттеулерін атауға болады. М.Бейсенованың, Ұ.Қайырбаеваның, Қ.Шотаның, Р.Панзарбекованың жұмыстарында өзге түліктермен қатар жылқыға қатысты тілдік бірліктерге талдау жасалған. А.Жылқыбаеваның жұмысында жылқыдан алынатын тағам атаулары талданады.
Достарыңызбен бөлісу: |